Монография оқытушы-ұстаздарға, студенттер, магистранттар, докторанттар мен ғылыми зерттеушілерге, тәрбиешілерге, спорт жаттықтырушыларына және жалпы ұлттық халық ойындары мен спорты туралы білгісі келетін көпшілікке арналған


Қазақтың ұлттық халық ойындарының этнопедагогикадағы орны



бет14/151
Дата22.09.2022
өлшемі481,97 Kb.
#150391
түріМонография
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   151
Байланысты:
treatise125445 (5)
Лекция 3 КО 7.02.2022г Үшбұрыштар, ОФД №2, МУ к лаб., тапсырма, График учебного процесса бакалавриат, Ер есімі ел есінде, Кешенді емтихан БАҒДАРЛАМАСЫ 5В072700 ж. каз 1, docsity-syrany-fiziko-himiyaly-k-rsetkishi, ЛЕКЦИЯ 2 ӨСІМ ШАР, ТЕСТ Өсімдік шаруашылығы-1, тест шпаргалка казак новый, tazhiribelik sabaktard or ndau ushin adistemelik nuskaul k, 1-3 aptaga arnalgan taps rmalar (pdf.io) (1), Пластилин Классика 8цв. стек (Луч) в Екатеринбурге, цена 49 руб пластилин 6-12 цветов – купить в интернет-магазине с доставко
Қазақтың ұлттық халық ойындарының этнопедагогикадағы орны

Қазақстан тәуелсіздік алып, оны дүниежүзілік қоғамдастық танып, Егеменді ел болды. Осындай күрделі кезеңді бастан кешіріп отырған мемлекетке алдына қойған үлкен мақсаттарды шешу үшін адамзат мәдениеті мен тәрбие жүйесіндегі озық үлгілерді және өз елімізде тарихи қалыптасқан тәрбие жолдарын ұтымды пайдалану және осы тұрғыдан келгенде еліміздегі білім беру, тәрбие жүйесін тарихи даму жағынан және өзіндік ерекшелігі жағынан зерттеу қажеттілігі туындауда.
Қазақ жерінде дамыған педагогикалық, оның ішінде этнопедагогикалық үрдістер жүйеленіп, анықталып, Кеңес Одағы кезінде болған кемшіліктерді ашып көрсету, болашақта педагогикалық жұмыстардың нәтижелі болуының кепілі.
Педагогикалық тәрбие, білім қоғамдағы тарихи өзгерістер кезінде пайда болып, одан кейін өзгеріп отыратын басқа құбылыстармен (саясат, экономика т.б.) салыстырғанда өзінің тұрақтылығымен ерекшеленеді.
Адамдардың ақыл-парасаттарының жетілуіне оқу-ағарту білім алудың маңыздылығын көрсетіп, педагогика ілімінің қажеттілігін нұсқаған философ, ғалымдардың бірі әл-Фараби болды. Ол оқу-тәрбие, білім ұғымдарын азаматтық ғылымға жатқызды. Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде оқу, тәрбие, білім ілімінің негізін салатынын көрсетті. Білімнің мазмұн-мағынасын анықтау және оған талдау жасау жөніндегі Фараби ілімі орта ғасырдағы ғылыми ой-пікірдің ең маңызды жетістіктерінің бірі болды. Сөйтіп, ол білім салаларының дамуында және оларды жүйелеуде елеулі роль атқарды [6]. Интернет ресурстан.
Педагогика саласы білім мен тәрбие жұмыстарын тікелей жүзеге атқарушы орын деп саналғанымен, педагогика қоғамның барлық салаларымен өте тығыз байланысты, бір сөзбен айтқанда, бәрі бір-бірімен байланысқан дүние.
Қазақтың «Қолға таяқ ұстатқандай» деген cөзі – педагогиканың негізгі бір қағидасы бола алады, себебі білім мен тәрбие әр адам, әр бала жүрегіне анық қонғанда ғана адам өмір бойы осы жүрекке қонған рух күшімен өмір сүреді.
Тарихи кезеңдерде жинақталған салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ырымдар, тұрмыс-тіршілік және шаруашылықта қажетті болып жинақталған, іріктеп алынған тәжірибелердің барлығы, болашаққа, келесі ұрпаққа педагогикалық жолдармен (әдістемелермен), оның ішінде, айтумен, көрсетумен, үйретумен беріліп келеді. Осы жұмыстар нәтижесінде адам менталитеті қалыптасып, рухани дәрежесі өседі.
Менталитеттің қалыптасуымен тікелей өріліп, бірге болатын жүріс- тұрыс, ойлау, сезіну сияқты әлеуметтік нормалардың жетілуі, тұрақтылығы педагогикалық әсер етудің дағды сатысына көтерілуімен айқындалады. Менталитет адамдар қарым-қатынастарында көрініс тауып, күнделікті өмірінің ағымына, бағытына әсер етеді.
Менталитет келе-келе қоғамдағы адамдар арасындағы қарым- қатынастарды заңмен реттеуге негіз болады. Әр адам өзі жинақтаған дүниетаным бойынша өмір сүргісі келуі адамның жеке тұлға екендігінің және өзіндік менталитеттің қалыптасуының басты көрінісі. Адамдар істерінің заңға «томпақтығы» шығып жататындығы осыдан болады. Қарапайым тілмен айтқанда адамның ойы мен бойының әртүрлі болуы әр адамның қайталанбас жеке тұлға екендігінің белгісі.
Менталитет – әр адамның ішкі рухани болмысында қалыптасатын жеке консервативті дүние, ой ұқсастығы, үндестігі қажеттілік болған кезде адамдардың бірігуіне, жалпы ұлттық серпіліске, қозғалысқа дейін ұласуына себепші болады. Осы жағдайларда адамдар көзқарастарының бір-біріне жақындауы, тартылуы, бір-бірін іздеуі пайда болады.
Көнеден қалыптасқан көшпелі күн көріс, шаруашылық жүргізу негізін салған еркіндік, бостандық, тәуелсіздік рухы ел арасында өзіндік ерекше «Далалық демократия» қалыптастырды. Осы демократиялық принциптер адамдар өмірінің барлық кезеңдерінде көрініс тапты, соның ішінде ұлттық ойындар ережесінде де сақталды.
Ғасырлар бойы осындай өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасқан ортаға күштеп саяси әлеуметтік өзгерістерді енгізуге тырысқан Кеңестік тәртіптер мен педагогикалық прициптердің қазақ халқы арасында көпке дейін түсіністік таппауы, сіңіп кете алмауы, қазақ ұлтында қалыптасқан менталитеттің күштілігін көрсетеді.
Ұлттық тәрбие саласындағы этнопедагогиканың бастаулары, тіректері болатын негізгі бағыттар біздің ойымызша төмендегі жағдайлар болуға тиіс, оларға:
– Өнеге (отбасынан бастау алып, өскен орта ерекшелігі әсері);
– Салт-дәстүр;
– Жинақталған білім;
– Қалыптасқан тәртіп;
– Адамдар рухының деңгейі әрбір тарихи кезеңдерде әртүрлі дәрежеде болуы байқалады.
Осындай кезеңдерде ел арасындағы ғұламалар, ағартушылар, хандар, билер ел тағдырын шешуде басты роль атқарып, педагогикалық тәрбие жолдарына әсер етіп отырған.
Жоғарыда көрсетілген педагогикалық бастаулар, тіректердің бәрін әр тарихи заман ерекшелігін ескере отырып зерттеп, сараптап, есептеуге, қорытынды жасауға болатын жағдайлар, яғни бағалап, мөлшерін анықтауға болады. Осылардың бәрі педагогика объектісі болып саналады.
Педагогика өз мүмкіндігін пайдаланып қаншалықты көлемде адам санасына осы тәрбие бағыттарын қалыптастыра алуын адамның күнделікті әрекеті нәтижесінен көруге болады, яғни ол басқарылатын процесс болып табылады.
Педагогикалық әсер ету жолдарын, әдістемелерін адамдар арасына енгізу алдымен әр этностың өмір сүру ортасын, ерекшелігін ескеруді қажет етеді.
Осы қажетті жұмысты іске асыру, жаңаша педагогикалық методологияны қалыптастыру, оны меңгерту жолдарын анықтаудан басталады. Барлық оқу орындарындағы ұстаздар мен мұғалімдердің (барлық сала мамандарының) біліктілігінің негізгі көрсеткіші, осы методологияларды меңгеру деңгейі болып табылуға тиіс деп ойлаймын. Ал өз мамандықтары бойынша қажетті деңгейдегі білімі болуы ол басқа көрсеткіш талабы болып табылады.
Педагогикалық тәрбие берілетін, ауысатын жұмыс. Тәрбиенің әлсіз және мықты болуы, орынды және орынсыз болуы, мезгілінде болуы педагогикалық жұмыстың негізгі қағидаларын сақтап жұмыс істеу нәтежесіне байланысты. Осы қағидалар ұлттық ойындарды үйрету, жаттықтыру кезінде де бұлжымас тәртіпке айналуы қажет.
Қазіргі педагогика саласындағы тәрбие мен білім нәтижесі өз жұмысында этнопедагогиканың жинақтаған мол тәжірибесін синтездік тұрғыдан қолдануы тиімді болатындығын уақыт дәлелдеуде және осылай жасау педагогикалық қағидалар мен әдістемелерді өзара салыстыру мүмкіндігін тудырады.
Этностық ерекшелікті ескермей жасалынған қандай да болмасын реформалар (рухани, экономикалық, білім, денсаулық т.б.) қоғамды дағдарысқа әкелетін бірден бір тура жол екендігін тарих дәлелдеді.
Қоғам өмірінің қай саласы болмасын, жұмыс ретін уақыт аясында, мүмкіндік шеңберінде, орындалу ретін басшылыққа ала отырып қалыптастыру, барлық жұмыстардың ішіндегі маңыздысы болып табылады.
Қазір ғылымда философиялық ойлар өмірдегі барлық дамудың негізін қалаушы, жолын көрсетуші деген көзқарас қалыптасқан. Бұған тіпті ешкімнің таласы жоқ сияқты болып көрінеді. Осылай бола тұрса да философия ғылымының пайда болуының алғышартын жасаған педагогика деген ойды ұсынғым келеді.
Осы ойдың дұрыс немесе бұрыс екендігін ажырату, қазіргі қездегі сан салалы ғылымдар түрлерінің түпкі негізін қалаушы не болды? деген сұраққа жауап береді. Барлық ғылымдар саласы өз жұмыстарына педагогикалық тәрбиелік көзқараспен қарауға негіз болады деп ойлаймын.
Педагогика деген ұғым термині өмірге философиядан кейін келді деп тұжырымдайды қазіргі зерттеушілер. Тіпті педагогика философиядан ғылым ретінде кейіннен бөлініп шыққандығын біле тұра, педагогика философиядан өмірге бұрын келді деген көзқарасымды төмендегідей тұжырымдармен дәлелдегім келеді.
Оған алдымен, адамдардың ерте кездегі өз күнкөрісі үшін жинақтаған тәжірибесін ұрпағына беру, үйрету, тәрбиелеу жолдарын алу керек. Ұрпақ осы тәрбие арқылы ұғуды, талдауды үйренді, сонымен қазіргі сөзбен айтқанда педагогикалық жұмыс жасалып әсер етілді, яғни тәрбиеленді. Осы кезеңде әлі философия өмірге келген жоқ. Философия, жоғарыда айтылған педагогикалық жұмыстардың әсерінен адамдар өмірге бейімделіп, құралдар дамып жетілгеннен кейін, адамдардың жаңа формациялық сатыға көтерілуіне себепші болып өмірге келді деген көзқарасты ұсынамын. Осы кезеңде адамдардың ой-санасы белгілі бір сатыға көтерілуі пайда болып, оны философиялық ой- пікірлер деп ат қойып қабылдадық.
Білім мен денсаулық сақтау жалпыхалықтық мәселе, басқа бірде бір сала жалпыхалықтық болып саналмайды. Сондықтан білім мен денсаулық сақтау саласына «Жалпыхалықтық» деген статусты заңмен бекіту қажет деп білемін.
Қоғамдағы барлық келеңсіз жағдайларды түзетуге шамасы келетін басты күш ол дұрыс ойластырып шешілген педагогикалық принциптер мен методологиялар. Бірақ қазіргі замандағы саясат пен мемлекеттік басқару жүйесіне берілген орынсыз үлкен билік, адамдардың педагогикалық принциптерді сақтап өмір сүрулеріне кедергі келтіруші күшке айналуда. Ғасырлар бойы педагогиканың жинақтаған мол мүмкіндіктерін пайдалану, қазіргі уақытта қоғам өмірін жақсарта алатын негізгі құрал екендігін түсінген мемлекет болашағы жарқын болады деп санаймын. Себебі тарихтың барлық кезеңдерінде тәрбиенің мықтылығы шешуші роль атқарғандығын көруге болады.
Қазақтың педагогикалық ой-пікірлерінің өте көнеден бастау алатындығын біз көре отырып, ғылыми педагогикалық ойлардың жазбаша көрініс табу кезеңін ХІХ ғасырдан бастау алады деп негіздеуге болады. Осы кезеңдегі Шоқан, Абай, МәшҺүр-Жүсіп Көпеев т.б. салған жолды ХХ ғасырда А. Байтұрсынов, Ы. Алтынсарин, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, С. Аспандияров, Х. Досмұхамедов, С. Әлжанов, Б. Қожахметов, Т. Тәжібаев т.б. қазақ педагогикасының қалыптасуына елеулі үлес қосты.
Осы жерде Түркістан ұйымын басқарған Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхановтардың 1917 жылдың өзінде алғашқы Түркістан Құрылтайында – «Құрылтай бағдарламасындағы өзге мәселелер арасында қазақтарды орыстардан бөле отырып, өздеріне тиесілі ұлттық басқару ұйымдарын құру және жетекшілік жұмыстары үшін әкім мен басшыларды сайлау, осы ұлт өкілдерінен сот ұйымдарын құру қажеттігі, сондай-ақ ағарту іс-шараларының кең көлемде қолға алынуы жағдайындағы баптарды да ескерткім келеді» деп қазақ халқының арасында ағарту ісін жүргізудің маңыздылығын көрсетеді және оған Түркістан ұйымының ынталы екендігін баса айтады [114, Б.18].
Бірақ осы маңызды шараларды іске асыруға большевиктік биліктің кедергі болғаны тарихтан белгілі.
Тарауды қорытындылай келе педагогика саласының қазақ жерінде дамуы тарихи қалыптасқан білім және тәрбие жүйесіне пайдалы әсерімен оған жаппай сауат ашу, дене тәрбиелерінің жаңа түрлерінің енуі сияқты жағымды жақтарымен қоса, ұлттық мәдени-тәрбие ерекшеліктерін сақтау, оны жетілдіру жағынан ХХ ғасырда көп кемшіліктерге жол бергендіктерін де көруге болады.
Қазақ халқының ұлттық ойындарының бір ерекшелігі олардың мазмұнында әлеуметтік-педагогикалық мақсаттың айқын көрінуі болып табылады.
Халқымыздың жасаған ұлттық ойындарының әлеуметтік-педагогикалық негіздерін, зерттеп пікір айту, оны тәрбие құралы ретінде ұтымды пайдалану қазіргі уақыт талабына сәйкес келеді.
Қазақ халқының этнопедагогикасының қалыптасуына негіз болған халықтың рухани-тәрбие көсемдері Асанқайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау, Тәуке, Әйтеке, Қазыбек, Төле билердің педагогикалық көзқарастары оның ішінде дене тәрбиесіне байланысты еңбектері әлі зерттелінген жоқ.
Ал этнопедагогикалық ойдың дамуына үлкен үлестерін қосқан әл-Фараби, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, С. Торайғыров, Ы. Алтынсарин, Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедов, т.б. еңбектері қазіргі педагогика саласында кеңінен танымал, осы адамдардың еңбектеріндегі дене тәрбиесіне байланысты құнды деректерді жарыққа шығарып оқу-жаттығу сабақтарында ұтымды пайдалану қажет.
Этнопедагогиканың қарастыратын негізгі бір саласы ұлттық мәдениет болып табылады, осының ішінде маңызды бір саласы дене тәрбиесіне арналған ұлттық ойындар мен ұлттық спорт болып саналады.
Этнос – (халық, тайпа, жұрт, ұлт) жалпыға ортақ, сыртқы кескін-кейпі ғана емес, едәуір тұрақтанған ерекше мәдениеті (тілін қоса) мінез-құлқы бар, сол сияқты өзінің бірыңғай екенін және басқа этникалық топтардан бөлектігін түсінетін сана-сезімі бар, оның бұл қасиеті өз атымен (этноним) бекітілген адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты бір тұтастығы. Сондай-ақ территориясы да бірыңғай болуы тиіс.
Этнопедагогиканың мақсаты халықтық салт-дәстүрді, өнерді, тілін, дінін қадірлейтін, отанын, елін, жерін сүйетін жан-жақты жетілген патриот азамат тәрбиелеу. Жалпы педагогиканың негіздерін оқытып үйрету, меңгерту үшін, алдымен этнопедагогиканың теориялық-әдістемелік негіздерін оқытып меңгерту қажет. Оған этнос туралы ұғым, дамып қалыптасуы, этномәдениеттің ерекшелігі, оның әлемдік мәдениеттермен байланысы сияқты негізгі тараулар енеді. Этностың ерекшелігін этнопедагогикамен қатар этнология, этнопсихология, этнолингвистика, философия, мәдениеттану сияқты ғылымдар зерттейді.
Бүгінгі күні қалыптасқан педагогикалық ғылымның негізі ретінде халықтық педагогика мен этнопедагогика алынады. «Халықтық педагогика өз бағыттары мен зерттеулерін этностық (ұлттық, рулық) айырмашылықтарға бөлмей қарастыратын болғандықтан, халықтық аталады. Қазақ этнопедагогикасының ұрпақ тәрбиелеуде жинақтаған санғасырлық мол тәжірибесі бар. Жалпы қазақ этнопедагогикасының ұрпақ тәрбиелеудегі қағидасы «Сегіз қырлы бір сырлы» ұрпақ тәрбиелеу деген мақсат аясында болды. Осы мақсатты іске асыру үшін барлық көшпелі қазақ халқының шаруашылықты жүргізу, елін жерін қорғау, ата тегін жадында сақтау, ата салт- дәстүрін бұзбау сияқты істері жұмылдырылды» деп тұжырымдайды белгілі ғалым педагогика ғылымдарының докторы, профессор С. Қалиев [79,Б. 78-83].
Бірақ ұлттық этнопедагогикалық тәрбие түрлері тарих таразысында талай рет еріксіз сырттан күштеп енгізілген өзгерістерге түсіп, өзінің ұрпақ тәрбиелеудегі орнын жоғалтып отырды. Оған мысал ретінде Кеңес Одағы кезіндегі бүкіл одақ көлемінде орындауға міндетті болған мектептердегі педагогикалық бағдарламалар түрлерін алуға болады. Бұл бағдарламаларда әр ұлттың этникалық ерекшеліктері, өскен ортасы ескерілмей, барлығына ортақ дене тәрбиесі жоспары белгіленді.
Этнопедагогикада өз орны және ерекшелігі бар жас ұрпақтың денесін шынықтыру, денсаулығын сақтау, отанын қорғауға тәрбиелеу жұмыстарында ұлттық ойын түрлерін қолдану кеңінен пайдаланылды. Қазақ халқы бала тәрбиесін бала туа салысымен қолға алып, оған үлкен мән беріп отырғандығын көруге болады. Оған мысал ретінде қазіргі таңда бала тәрбиесін ана құрсағында жатқанда бастау керектігін дәлелдейтін зерттеулер бар.
Этнопедагогика білімі болашақ маманды тәрбие жүйесіндегі этникалық өзгешеліктер мен ұлттық даралық жайлы біліммен қаруландырады, көпғасырлық тәрбие әрекеті нәтижесінде жинақталған педагогикалық байлықты практикада қолдана алу дағдысын игеруді көздейді, оны болашақ мамандық иелеріне міндетті түрде білулері қажет.
Қазіргі заман этнопедагогикасының бастау кезеңін зерттеушілер ХIХ ғасырдың екінші жартысынан, ағартушы-демократ зиялылардың еңбектерімен байланыстыра отырып қарастырып, сол ғасырдың аяғына дейін қазақ этнопедагогикасы мен этнопсихологиясының дербес ғылым дәрежесіне көтеріле алмағандығын атап өтеді.
ХІХ ғасырда қазақ халқы Ресей самодержавиясы қоластында болды. Сол кезде туған халқының болашағын ойлаған ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1871 жылы 31 августа Н.И. Ильминскийге жазған хатында қазақ арасына орыс алфавитін енгізу жөнінде пікірін білдіре келіп «Орыс әрпімен жазылған кітаптар қазақ арасына, тап біз ойлағандай жеңіл және тез сіңе қоймайды. Кітаптарды қазақтың өз тілінде, олардың өзіне таныс әріппен шығара білу керек» деп ойын ашық білдіреді. Бірақ Ы. Алтынсариннің бұл ұсынысын Н.И. Ильминский де, сол кездегі оқу министрі Толстов та қабылдамады. Өйткені патшалық Ресейдің түпкі мақсаты басқа еді, оны Н.И. Ильминскийдің сөзінен анық аңғаруға болады ол: «Обрусение инородцев и совершенное слияние их с русскими по вере и языку – вот конечная цель, к которой должна стремиться система инородческого образования в крае» деп ашығын айтады [22, Б. 278-279].
Қазіргі ХХІ ғасырда дене тәрбиесі мен спорттың қоғам дамуында елеулі орын алатындығын және осы сала бойынша ЖОО мамандар даярланып білім берілетіндігін ескере келіп, ЖОО-да оқытылатын «Дене тәрбиесі және спорт педагогикасы» пәніне қосымша дене тәрбиесі және спорттың этнопедагогикасы туралы пәнді енгізу, қазіргі күн талабына сәйкес деп санаймын. Себебі барлық педагогикалық ғылым өз бастауларын этнопедагогикадан алатындығы белгілі, сондықтан этностық ерекшелігі айқындалған дене тәрбиесі, ұлттық ойындар, жаттығулар туралы білім беру дене тәрбиесі және спорт педагогикасын толық және жүйелі болуына негіз болады. Қазақ халқының ғылым, білімге ұмтылып оқулары керектігін айтып, мектеп аштырып ағарту жұмыстарының жүруіне үнемі қамқоршы болып отырған Абай Құнанбаев ойындар туралы жазып, ел арасында жарыстар ұйымдастырып, өзі балуан баптап тікелей қамқоршылық көрсеткен.
Мысалы, Абай жиырма алтыншы қара сөзінде «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін содан артық қуаныш бар ма екен? Әй жоқ шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреудің ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық жер болып қалады екен.
Жүйрік ат – кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те кейде оның қолында, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнерімен жасаған жоқ. Бір озған бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен?
Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседан ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тыянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің» деп жазады [1].
Белгілі жазушы, ақын Аян Нысаналин Абайды ағартушы ақын ғана емес «қазіргі тілмен айтқанда саңлақ спортшы» деп атайды. Оған себеп Абайдың дойбыны керемет жақсы ойнағандығын алға тартады және дойбыдан жарыстар өткізіп жеңгендермен қатар жеңілгендерге де жүлде беріп отырғандығын көрсетеді [22,-Б.4].
Абай ел арасындағы жарыстар кезінде адамдардың қандай күйге түсіп, жарыстарға қалай баға беретіндіктерін айна қатесіз көрсетеді. Ол адамдарды болып жатқан жарыстарға өте байыппен, сабырлықпен қарауға шақырады, адамдардың жарысты жақсы түсініп, ләззат алуы дұрыс болатындығы, орынсыз айғай мен реніш, күйінішке бармауға тәрбиелегісі келеді.
Олимпиадалық ойындар хартиясында және барлық үлкенді-кішілі жарыс пен ойындар кезінде тәртіп пен мәдениеттің басты болуы жағына үлкен көңіл бөлінген. Қандай да болмасын өткізілетін жарыстардың тәрбиелік, эстетикалық, көрнекілік жағына баса назар аудару арқылы спорттық жарыстарға адамдардың көптеп барып, дем алып, рахаттануын, дене тәрбиесі және спортқа қызығушылығын арттыруды қамтамасыз ету басты мақсат болып саналады.
Осы ағартушылардың ішінде біздің зерттеу тақырыбымызға жақын дене тәрбиесі туралы үлкен еңбек жазған Мағжан Жұмабаевты жеке атауға болады.
М. Жұмабаевтың 1922 жылы Орынборда, 1923 жылы Ташкентте шыққан «Педагогика» (Баланы тәрбие қылу құралы) атты еңбегінде «Жалпы педагогика» тарауының тәрбие бөлімінде «тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, Һәм құлық тәрбиесі» деп бөледі. Осы тәрбиелер толық түгел берілсе адам дұрыс қалыптасатынын көрсетеді. Біз педагогика салаларының осылай жинақталған түрінде бөлінуін қазақ тәрбиесіне сай деп санаймыз. Осы еңбектегі «Дене тәрбиесі» бөлімінде «Жаңа туған бала бір кесек ет деуге болады. Оның жан тұрмысы әлі білінбейді. Сондықтан ата-ана жас баланы тәрбие қылғанда күшінің көбін баланың дене тәрбиесіне жұмсауға міндетті. Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене – жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ. Дене – жанның құралы. Құралы мықты болса иесі де мықты. «Сау жан, сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі шын, дұрыс мәтел деп жазып дене тәрбиесінің маңызын айқын көрсетеді.
М. Жұмабаев осы кітабында баланың дене тәрбиесімен шұғылдану кезінде баланың салмағына көңіл бөлу керектігін, баланың денесінің жылылығына, дем алуына, жаңа туған баланың дем алу жиілігі 40-45 рет болатындығына, тамыр соғуына, жаңа туған баланың тамыр соғуы 150 ретке дейін болатындығына, бала бөлмесіне тоқтала келіп, ол «қазақтың өзіне үй бітіп, баласының бөлмесі қалып па? Шынында қазақта үй дерлік үй барма? Жоқ. Қазақтың қысқы үйінің көбі жермен жексен болып жатқан шымнан жасалған бір қуыс. Терезе дегенің тышқанның көзіндей тесік. Есіктен, тесіктен, астыңнан, үстіңнен аңырап тұрған бір суық. Жер еденсіз. Босағада қатар қатар мал төлі. Иіс, қоңыс, түтін» деп жазып сол кездегі қазақ баласының өмірге келгендегі жағдайын бар шындықпен жазады. Осындай тұрмыстың ауыр жағдайында дүниеге келген қазақ баласының көпшілігі ерте жастан ауырып, шетінеп кетіп отырғандығы ащы шындық.
М. Жұмабаев баланың жақсы өсуі үшін тамақтың орны ерекше екендігін, ана сүтінің орны, бала өскен сайын берілетін тағамның өзгеріп отыруы қажеттігін көрсетеді. Баланың дұрыс өсуіне бала киімінің де әсері бар екендігін көрсете келе, бала киімі жылы және жеңіл болуы, бала киімін үлкен кісілер киімімен бірге жууға болмайтындығын көрсетеді. Ары қарай бала бесігі туралы айта келіп бесіктің пайдасы мен зияны туралы орынды айта келіп, бесікке бөленген баланы тербетудің зияны туралы орынды айтады. Бала ұйқысы туралы айта келіп, баланы тыныш жерде, тым жарық жерден аулақ және баланы белгілі бір тұрақты жерде ұйықтату тиімді екендігін көрсетеді. Баланы күн сайын серуендетуге шығаруға басты көңіл бөледі.
М. Жұмабаев адам жаны туралы, оның бар екендігі туралы, бірақ оны осы уақытқа дейін ешкімнің көрмегендігі туралы айта келіп, жан туралы үш пікір бар екендігін айтады. Жан деген ойлау, сезу һәм басқа барлық жан көрністерінің жалпы аты дейді. Баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін, жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ, оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді деп түйіндейді.
М. Жұмабаевтың қазіргі дене тәрбиесінде басты көрсеткіштердің бірі болып табылатын күш, қайрат туралы айқандары осы кезге дейін өзінің маңыздылығын жойған жоқ дей келе, тіпті осы кездегі дене тәрбиесінде дене күшін ұғыну, оны арттыру жолдарындағы қолданылып жүрген теориялық және тәжірибелік нұсқаулардың дұрыс немесе бұрыс екендігін саралап көрсетуге негіз салады, мысалы оның «Қайрат ұғымы» туралы тарауында «Біз ақыл көріністері арқылы сыртқы заттар туралы, яғни олардың өзі, ісі һәм күші туралы біле аламыз. Ішкі сезімдер арқылы жанымызда түрлі күйдің болғанын білеміз һәм ол күйді жағымды, не жағымсыз деп бағалаймыз.
Ал енді жанымызда тағы бір күш, тағы бір көрініс бар. Жан бір нәрсе істеуге, болдыруға ұмтылады. Және бұл ұмтылу соқыр ұмтылу емес, аңды ұмтылу. Міне осы бір мақсұтқа жету үшін жанның аңды ұмтылуы қайрат деп аталады. Әрине жан құр ұмтылып қана қоймайды, сол ұмтылғанды болдыру үшін денені іске қосады. Жанның қайрат күші арқылы істелетін ісі ерікті іс деп аталады. Ал енді, адамның қайрат қатыспай, еріксіз істейтін істері де болады. Мысалы адам ұйқыдан оянғанда керіліп созылады, көзге бір затты жақындатсаң кірпік жабылады, тоңсаң дірілдейсің, бала ешкім үйретпей емшек емеді, қыс жақындағанда құс жылы жаққа ұшып кетеді.
Қайрат түрлері. Қайрат төмендегі түрлерге, дұрысырақ айтқанда басқыштарға бөлінеді: тартылу, ұмтылу, һәм тілеу. Қайрат қалай жасалады? Қайрат төмендегі басқыштардан өтіп барып іске асады. Тілектің іске асуына мотив себепкер болады. Қайрат адам өмірінде өте үлкен орын алады. Шындығында, адам қайрат жұмсамай абай бола алмайды. Өмірде адам басына қиын қыстау болғанда қажытпай алып шығатын сол қайрат», – деп Мағжан Жұмабаев айта келе сол қайратты тәрбиеші балада өркендету үшін қызмет қылуға міндетті деп айта келіп қайратты өркендету жолдарын көрсетеді.
«Тәрбиеші баланы денесін дұрыс билеп, дұрыс қозғауға үйретсін. Дене мүшелері қайраттың тез қозғалуын, тез орындайтын қаруы болуы тиісті. Бала әсіресе тілегіне қожа болмайды, не тілесе соны жүзеге шығарғысы келеді. тәрбиеші баланы осындай қиянқылықтан сақтауға міндетті.
Әдет. Әрбір іс дене ісі болсын, жан ісі болсын алғашқы істегенде бірталай қиындықпен істеледі. Белгілі шарттар болғанда белгілі бір түрде іс істеу әдет деп аталады. Әдет арқылы адам белгілі ғана істерді істеп, тақақтап, ұшына шығады, анық орындайды, әрбір істің басын шата бермейді» деп жазып, қазіргі кездегі дене тәрбиесінде қолданылатын қағидалар мен әдістемелерден алшақ кетпейді, тіпті кей жағдайларда дұрыс жол сілтейді, оған мысал ретінде оның «...баланың барлық жан әсері бір-біріне берік байланған болады, бірімен бірі бірге жүреді. Мысалы, баланың денесі мен жаны, ақылы мен сезімі, сезімі мен қайраты бәрі бірге іс қылады, бұлар бір бірімен күресе білмейді. Бала бір нәрсеге ұмтылса, сол нәрсеге баланың денесі, жаны, сезімі, ақылы, қайраты бәрі бірге жұмсалады. Бала кезде алған әсердің өмір бойы естен шықпаудың әсері сол. Балалықта ылғи жағымды әсер алынса, адам өмір бойы шат көңілді болмақ, ал жағымсыз әсер алса, қорлық, жоқшылық көрсе, адам өмір бойы қасіретке бейім болмақ» деп қазіргі педагогикада көп ескеріле бермейтін пайдалы кеңестер береді [107, Б.23-39].
М. Жұмабаевтың «Педагогика» атты еңбегіндегі дене тәрбиесіне байланысты жазылған тараудың құндылығы, оның қазақ балаларының өмірімен, оларды қоршаған ортамен дене тәрбиесін бірге қарастыруы және балаға дене тәрбиесін берудегі пайдалы кеңестерді сол кездегі қазақ баласының басындағы болып жатқан жағдайлармен тығыз байланыстырып, анық көрсеткендігі болып табылады.
Қазіргі Қазақстандағы дене тәрбиесі және спортқа баулу сол Кеңес Одағы кезіндегі 250 млн халық санына арналып жасалынған жүйе екендігін ескерсек, қазіргі Қазақстанның 18 млн халқына негізделген жаңа принципке көшу қажеттігі туындап отыр.
Қазіргі дене тәрбиесі педагогикасында М. Жұмабаевтың еңбектерінің маңыздылығы жоғары екендігін көреміз.
ХХ ғасырдың 20-жылдарының өзінде дене тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу керектігін айтып, гигиеналық талаптарды орындаудың нақты жолдарын көрсетіп жазған қоғам қайраткері Міржақып Дулатов болды. Ол өз еңбектерінде ұлттық ойындардың бірнеше түрлерін көрсетіп, денсаулыққа байланысты «Құлағың аман болады», «Мұрның аман болады», «Тыныстың амандығы үшін», «Көзің аман болады», «Саламаттық сақтау үшін», «Дененің саулығын сақтау үшін» деп аталатын өте қажетті тәрбиелік мәні жоғары еңбектер жазып педагогикалық салаға үлкен үлес қосты. Ол сол кездің өзінде халыққа қажетті салауаттық өмір салтын енгізудің маңыздығын біліп, «саулық сақтау ғылымы» керектігін көрсетті [111, Б.201-211].
Біз қарастырып отырған дене тәрбиесі және спорт саласы, оның ішінде ұлттық ойындар мен спортта негізгі ұғым болып саналатын адам денесі, жаны, рухы, демі, күші сияқты атаулар маңызды орын алады. Осы салалар бойынша үлкен ой білдіріп әзірге ешкім шеше алмаған, артына сұрақтар қалдырған адамға Мәшһүр-Жүсіп Көпеевті жатқызуға болады. Ол кісінің қазіргі ғылым салалары енді-енді ғана мойындап келе жатқан рух, жан, нәпсі, дем туралы жазғандары әлі жұмбақ күйінде қалып келеді. Қазіргі педагогика мен психология салалары ол кісінің жан, рух туралы айтқандарын әлі ғылыми жолмен зерттеп, өмірге пайдалану жағын қолға алған жоқ.
Адам денесіне күш-қуаттың қайдан келетіндігі, ондағы тамақтың орны, ас қорегінің күші туралы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай дейді «Адамның денесінде ішкен-жеген қоректің ғайыптылығынан, барып тұрған тазасынан жиылып, бір араға топталып, жүректе бір рух жасалады. Мұның атын: «Рух хайуаны. Сондай болатұндығы үшін қазақ жұрты айтады бір тамақ ішерде: «Жүрек жалғайық, жан шақырайық» – дейді. Бұл сөздердің мәнісі – тамақ күшінен жиылып болатұғын нәрсе екен. Құдайдан келген басқа, бұл басқа. Құдайдан келген жан «Құл рұһпен мірір биома отитыммен алғылым Алла қылар» жанған шам сықылды үйді жарық қылғаннан басқа үй жылытуға, тамақ пісіруге күші болмайды. Хош, онан соң қаннан туған есепті болып бауырда бір рух жасалады. Оның атын «Рух шауханы» – дейді.
Он екі ағзаға азық қорек жіберіп, денені түзетіп, ұстап күшейте беруге жаһат қылып тұрады. Бұл екеуінің бірі нысан мішәбесінде адамшылықтан шығарып, жын-шайтан қылатұғын жұмыстарды жұмыстауға тырысады. Құдайдан келген рух періште мішәбесінде ғылым ұмғарып, мұның жарығымен көрініп танылады. ...Өзіңді көтеріп жүрген де, бәрін қылғызып тұрған да – жалғыз ақ дем. Сол бір дем тоқтаса тырқыйып өлесің де қаласың» деп адам өміріндегі жан, рух, демнің қалай пайда болып олардың әртүрлі, тек өздеріне сай ерекше қызметтері бар екендіктері туралы көрсете келіп, қазіргі қалыптасқан көзқарастардан басқа тың ой айтады [104, Б. 263-266].
Ол кісінің денесінің көптеген жылдар бойы молада топыраққа көмілмей, ашық ауада бұзылмай сақталуының өзі бұл жерде үлкен жұмбақтың бар екендігінің дәлелі. Қазірге білім-ғылымның осындай құбылыстарды шешуге шамасы келмей келеді, ал осындай тылсым күрделі жағдайды қолдана білген жер бетіндегі санаулы адамдардың арасында қазақ адамының болуы әрине үлкен құбылыс болып саналады. Бұл жұмбақтардың болашақта шешім табуы, адамдардың өмір туралы түсініктеріне басқаша әсер етіп, адам санасына үлкен өзгерістер әкелетіндігі сөзсіз.
Дене тәрбиесіне оның ішінде ұлттық дене тәрбиесі арқылы болашақ отан қорғаушы әскерлер дайындауға үлкен педагогикалық мән берген Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы болып табылады. Ол кісінің 18 мамыр 1943 жылы Қазақ ССР-ы Халық Комиссарлары Советінің председателі Оңдасыновқа жазған хатында былай деп көрсетеді «100-ден астам ұрыстарға қатысып әрі басшылық етіп бақылағандықтан, мен сәтсіздіктің жанға батар ауыр қайғысы мен жеңістің қуанышын, жеке өзімнің және біздің солдаттардың жауынгерлік ерлігінің қуаныш сезімін басымнан өткердім».
1942 жылдың февралында-ақ «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлар» жалпы тақырыпта жеке басымнан өткен ауыртпалық пен қиыншылықтардың, басқаларға жүргізген бақылауларымның қару түрі бойынша, ұрыс жүргізу тактикаларын меңгере келе осынау маңызды жұмыстардың басы педагогикалық үйретулер екендігін жеткіземін», дей келе ерлік дегеніміз не? деген сұраққа, – «Бұл адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің желісі десе, Батылдық – қимыл әрекет есебін тәуекелге үйлестіре алушылық. Тәуекелді есеп ақтайды. Есепсіз тәуекел тұл» деп жауап бере келіп, адамның барлық іс-әрекетінің басында тәрбие, үйрету тұрғандығын анық көрсетеді [30, Б.11-21].
Этнопедагогикалық білім арқылы әр этностың ұлттық даму ерекшелігін ескеретін тәрбие түрлерін беруге болады, оларға – салт-дәстүрлер, тіл, ұлттық сана, ұлттық мәдениет түрлері енеді.
Қазақстан Республикасының этномәдени білім беру тұжырымдамасында «Өз мәдениеті арқылы өзге мәдениеттерге бағыт ұстанған адам жан-жақты мәдениетті тұлға деп ұғынылады. Жан-жақты мәдениетті тұлға – бедерлі тарихи сана иесі. Нақ осы тарихи сана этникалық та, жалпымемлекеттік те сананың негізі болып табылады. Ұлттық мәдениетті, этностың мыңдаған жылдарында қалыптасқан аңыздарды, нышандарды, бейнелерді, ұғымдарды тек халық тарихын білу арқылы ғана тануға болады» делінген [86].
Қазақстан тәуелсіздік алып, дүниежүзілік қоғамдастық таныған мемлекет болды. Осындай күрделі кезеңді бастан кешіріп отырған мемлекетіміз алдына қойған үлкен мақсаттарды шешу үшін өз халқымызда тарихи қалыптасқан тәрбие жолдарын ұтымды пайдалану қажеттілігі туындап отырғандығын көруге болады.
Қазақ жерінде дене тәрбиесіне байланысты педагогикалық, оның ішінде этнопедагогикалық ғылым жүйеленіп, анықталып, сараланбағандығын айта келіп, Кеңес Одағы кезінде педагогикалық салада болған жетістіктер мен кемшіліктерді ашып көрсету, болашақта атқарылатын жұмыстардың нәтижелі болуына жол ашады. Олай дейтініміз тек қана педагогикалық тәрбие, білім ғана қоғамда болатын саяси-экономикалық өзгерістер кезінде өзінің тұрақтылығымен ерекшеленеді.
Педагогикалық ой мен тәрбиенің тұрақтылығы ғана ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алатын мүмкіндігі бар. Осы жағдайды есептеген сырттан келген жаулаушылар алдымен елдегі тарихи қалыптасқан тәрбие, білім негізін жоюды қолға алып, тілді, салт-дәстүрді әлсіреткендіктерін көруге болады.
Соның тікелей көрінісі ретінде ХХ ғасырда қазақ жазуын күштеп екі рет өзгерту, қолдан ашаршылық ұйымдастыру, елдегі білімді адамдарды репрессияға ұшырату сияқты амалдар қазақ ұлтының тарихи қалыптасқан этнопедагогикалық тәжірибесін әлсіретті, байланысын үзді.
Этнопедагогиканың мақсаты халықтық салт-дәстүрді, өнерді, тілін, дінін қадірлейтін отанын, елін, жерін сүйетін жан-жақты жетілген патриот азамат тәрбиелеу. Жалпы педагогиканың негіздерін оқытып үйрету, меңгерту үшін алдымен этнопедагогиканың теориялық-әдістемелік негіздерін оқытып меңгерту қажет етеді. Оған этнос туралы ұғым, дамып қалыптасуы, этномәдениеттің ерекшелігі, оның әлемдік мәдениеттермен байланысы сияқты негізгі тараулар енеді. Этностың ерекшелігін этнопедагогикамен қатар этнология, этнопсихология, этнолингвистика, философия, мәдениеттану сияқты ғылымдар зерттейді.
Ұлттық тәрбие саласындағы этнопедагогиканың бастаулары, тіректері болатын жағдайлар:
– Өнеге, отбасынан бастау алып, өскен орта ерекшелігі әсері;
– Салт-дәстүр;
– Жинақталған білім;
– Қалыптасқан тәртіп;

  • Адамдар рухының деңгейі болып табылады.

Мен сіздерге тәжірибемнен өткен ойындар ішінен екі ойын түріне тоқталып өткім келеді. Бірі – асық ойыны, екіншісі – бестас ойыны. Асық ойынында балаға педагогикалық жолмен үйретуге болатын 33 қимыл- қозғалыс, ойлау, есептеу түрлері бар. Ал әсіресе қыз балалар ойнайтын «Бестас» ойыны ептілік, дәлдік, алу, қосу амалдарды үйретулерімен қоса, көз жанарын сақтауға, жетілдіруге таптырмайтын құрал екендігі белгілі. 2004 жылы 21 мың студенті бар Кореядағы Чунг-Анг университетінде қазақтың ұлттық ойындары туралы дәріс оқығанымда қыздар бестас ойнауды үйренсе, ұлдар асықты меңгерді. Менің корей студенттерінен бір байқағаным, олардың пайдалы нәрсені бірден байқағыштығы таң қалдырды. Олар «Бестас» ойынының көз жанарын жаттықтыруға пайдалы екендігін бірден сезді, жастардың басым көпшілігі көзәйнек киетіндіктерін байқадым.
Осы ғасырлар бойы жинақталған мол халықтық дене тәрбиесі тәжірибесі Қазақстан егеменді ел болғанға дейінгі уақытта жүйелі түрде зерттеліп, этнопедагогиканың маңызды бір саласы ретінде танылмады, дене тәрбиесіне байланысты жинақталған тәжірибелер мектепке дейінгі мекемелерде, орта мектеп, орта және жоғары оқу орындарында негізгі пәндердің бірі ретінде қарастырылмады.
Қазақ халқының этнопедагогикасының қалыптасуына негіз болған халықтың рухани-тәрбие көсемдері – Асанқайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау, Тәуке, Әйтеке, Қазыбек, Төле билердің педагогикалық көзқарастары әлі зерттеушілерін күтуде.
Ал этнопедагогикалық ойдың дамуына үлкен үлестерін қосқан әл-Фараби, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, С. Торайғыров, Ы. Алтынсарин, Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Досмұхамедов, МәшҺүр-Жүсіп Көпеев т.б. еңбектері таза қазақ көзқарасымен қалыптасқан этнопедагогика саласы болып табылады.
Қазақтың ұлттық этнопедагогикалық тәрбиесі тарих таразысында талай рет еріксіз сырттан күштеп енгізілген өзгерістерге түсіп, өзінің ұрпақ тәрбиелеудегі ерекше орнын жоғалтып, әлсіретіп алып отырды. Оған мысал ретінде Кеңес Одағы кезінде орындауға міндетті болған мектептердегі педагогикалық бағдарламалар түрлерін алуға болады. Бұл бағдарламаларда әр ұлттың этникалық ерекшеліктері, өскен ортасы ескерілмей, барлығына бірдей дене тәрбиесі жоспары міндеттелінді.
Ғасырлар бойы өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасқан ортаға күштеп саяси әлеуметтік өзгерістерді енгізуге тырысқан Кеңестік тәртіптер мен педагогикалық прициптердің қазақ халқы арасында көпке дейін түсіністік таппауы, сіңіп кете алмауы, қазақ ұлтында тарихи қалыптасқан рухтың күштілігін көрсетеді. Педагогикалық әсер ету жолдарын, әдістемелерін адамдар арасына енгізу, алдымен әр этностың өмір сүру ерекшелігін ескеруді қажет етеді.
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсрепов Мұхтар Шахановқа төмендегідей сұрақ қойған екен.
– Түркі қағанаты VI-VIII ғасырда не себепті ыдырады? – деген сауал қояды.
– Жаудың күші басым түсті, жер көлемі үлкен, елдің ауызбірлігі кем болды деп дәлелдер айтқанда.
– «Негізінен дұрыс. Алайда ең бастысы, Түрік қағанаты қарсы келген жауға әскерін қарсы қоя білгенімен, мәдениетін қарсы қоя алмады», – деген екен [157, Б.264-265].
Осы мысалдан адамдардың мәдени-рухани мықтылығы негізгі күш болып саналатындығы және оны педагогикалық тәрбие қалыптастыратындығын атап өту қажет.
Қазіргі ЖОО-да оқылатын дене тәрбиесі педагогикасы және психологиясы пәндерінде дене тәрбиесінің этнопедагогикасы туралы дерек жоқтың қасы. Осындай кемшіліктер салдарынан педагогикалық тәрбие жолдары біздерде болмағандай саналып отыр, мен бұл жерде дене тәрбиесі педагогикасын мысалға алып отырмын. Осындай олқылық жағдайлардан барып біздің ой-санамызға сырттан еркін әсер ету мүмкіндіктері пайда болады. Көптеген этнопедагогикалық салаларда біз әлсіздік танытып, өзімізде бар жетістіктерді көрсете алмай келеміз. Сол кемшіліктеріміздің бірі этнопедагогикадағы дене тәрбиесі және спорт саласы болып отыр.
Қазіргі уақытта дене тәрбиесі мен спорттың қоғам дамуында елеулі орын алатындығын және осы сала бойынша мамандар даярланып білім берілетіндігін ескере келіп, ЖОО оқытылатын «Дене тәрбиесі және спорт педагогикасы» пәніне қосымша «Дене тәрбиесі және спорттың этнопедагогикасы» атты пәнді енгізу қазіргі Егемен Қазақстан жағдайында үлкен қажеттік болып отырғандығын көруге болады.
Оған себеп этностық ерекшелігі айқындалған дене тәрбиесі, ұлттық ойындар, жаттығулар туралы білім беру дене тәрбиесі және спорт педагогикасын толық және жүйелі оқытуға негіз болады.
Этнопедагогикадағы ұлттық ойындардың орнын талқылай келе төмендегідей қорытынды шығаруға болады. Қазақ халқында бала тәрбиесіне баланың дүние есігін аша салысымен зор көңіл бөлінетіндігін атап айтуға болады. Осы тәрбие істерінде дене тәрбиесі бала денсаулығын шынықтыруда, жетілдіруде маңызды орын алған. Баланың ана тілінде ойлап және сөйлеп жетілуіне, бала жанының ұлттық ерекшелікті сақтап өсуіне ықпалы жағынан ұлттық ойындар таптырмас тәрбие құралы ретінде орны өте бағалы.
Ұлттық ойындардың көпшілігі адамның дене қозғалыстарын дамытуға және дене-күш қабілеттерін күшейтуге бағытталған. Осындай пайдалы жақтары ескеріліп, ойындар дене тәрбиесіндегі қолданылатын негізгі құрал болып саналады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   151




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет