ДОС ТАҢДАУ ТУРАЛЫ
Ей, перзентім, білгенің жақсы, адам тірі кезінде доссыз болмайды.
Адамның доссыз болғанынан туысқансыз болғаны жақсы. Бір данышпаннан дос жақсы ма, туыс жақсы ма деп сұрағанда, дос жақсы деп жауап берген екен. Сондықтан достарыңның ісі туралы ойлағын, оларға сый-сыяпат жіберіп, қолыңнан келген жақсылығыңды істе. Өйткені әрбір кісі достарын есіне алмаса, достары да оны есінен шығарады. Ақырында ол адам доссыз қалады. Әр уақта дос-жаранды болуға әдеттен. Өйткені кімнің досы көп болса, оның айыбы ашылмайды, бір-бірімен сыйласуы күшейеді. Бірақ жаңа досты таптым деп, ескі достан айрылма. Ескі достан жүз үйіруші болма. Достарың әрдайым көп бола бергені жақсы. Жақсы дос - ол да бір үлкен дәулет. Көп адамдар туралы ойласақ, олар сеніменен достасқысы келеді, бірақ достың ішінде жартылай достары да болады. Ондайлармен жақсы қарым-қатынаста бол. Жақсы-жаман мәселелерде ақылдасып, қол үзбегенің жақсы. Олар сенен көп жақсылық көрсе, кейін бірте-бірте нағыз дос болып кетуі ықтимал.
Ескендір Зұлқарнайыннан: «Арзымайтын дүниемен бұл сипатты үлкен мемлекетті қалай қол астыңа бағындырдың?»- деп сұрағанда, Ескендір: «Жұмсақ мәміле, жылы сөз, ілтипатпен дұшпандарды қол астыма бағындырдым, өзара келісумен достарымды жолға салдым. Сондықтан да көп мемлекетке ие болдым», - деп жауап беріпті.
Білгенің жақсы, достарыңның достары да досың болады. Мүмкін оның сол адамға достығы сенің достығыңнан артықтау болған шығар. Егер досың сенің дұшпаныңды жақсы көрсе, ондай достан абай бол, егер сенің досыңа басқа бір досың дұшпан болса, одан да абайла. Досың сені себепсіз кінәласа, оның достығынан дәмеленбе, дүниеде одан айыпты, одан жаман адам болмайды.
Білгенің жөн, дүниеде айыпсыз адам болмайды. Алайда өзің шапағатты, әрі сақ пейілді бол. Мұндай адамдардың айыбы аз болады. Сыйлай білмейтін, қадіріңе жетпейтін жандармен достаспа. Ондайлардың қасиеті болмайды. Олар тек нан досы қатарында деп есепте де, жан досыңның қатарына қоспағын. Нан достары ар-намыс достарынан болмайды. Жақсы мен жаман адамды білгін, екеуіне де достығыңды аяма, жақсыға жан-діліңмен, жаманға тіліңмен достық жаса, нәтижеде екеуі де саған достықпен қарайды. Әрбір адамның ісі тек қана достарына түспейді, уақыты келгенде зәрулікпен жамандарға да түседі. Сондықтан жоғарыда айтылған екі бағыттағы адамдардың достығын дамыта бергенің жақсы.
Ақылсыз адамдармен дос болудан сақтан. Өйткені ақымақ дос ақылды дұшпаннан жаман. Ақылсыз достың істеген ісін ақылды дұшпан істей алмайды. Жоғары дәрежелі, адамгершілігі күшті, білімді, опалы кісілермен достассаң, сен өзіңнің адамгершілік шапағатың, іліміңмен жұртқа атағың жайылады.
Адамгершілігі аз, мейір, шапағаты кем, ілімсіз адамдармен бірге болма. Бұл сияқты адамдармен жолдас болғаннан болмаған жақсы. Достарыңның қызметін босқа өткізбе. Босқа өткізгендеріңді жұртқа жарияламаудың қамына кіріс.
Адамдарды екі топқа бөледі: бірі достық ақысын босқа кетіретіндер, екіншісі жақсылықты жақсы дей білушілер.
Дос болуға лайықты адамды екі қасиетімен білуге болады. Біріншісі — дәулетті кезінде малын аямайды, ал кедей кезінде одан сырт айналмайды, екіншісі — досы дүниеден өтсе, оның перзентгері мен ағайын-туыстарын шақырып, қолынан келген жақсылығын істеп, досының қабіріне барып зиярат қылып, дұға оқып еске алады.
Ә ң г і м е. Есіткенім бар, Сократ хакімді өлтіру үшін алып бара жатқан кезде көпшілік оған қарап: «Бұл — мәжуси», — депті. Сонда Сократ: «Мұндай сөзді айтудан тілдеріңді тартыңдар, мен мәжуси болған емеспін»,—депті.
Оны өлтіру үшін алып бара жатқанда шәкірттері жанында бірге еді. Бұлар көзіне жас алып: «Ей, хакім, енді өлімге бел байладыңыз, сізді қайсы жерге қоямыз»,— деді. «Қайсы жерді көңілдерің ұнатса сол жерге қойындар, денем қай жерге көмілсе, сүйегім де сол жерде болады, тек мені естеріңе сақтасаңдар болады», — деген екен.
Ей, перзентім, сенің адамдармен достық қатынасың орташа болсын. Достарым көп деп әркімге үміт түймесін қадауға әдеттенбе. Ілгергі мен соңғыға қара, достарыңның көзқарасынан хабарсыз болма.
Егер сенің мың досың болса да, сыртынан қарағанда соның бәріне сенен достығы мықты адам болмасын. Достықты молшылықта, сырласуға тұз-дәмдестік пен қиыншылықта, пайда мен зиянда сынап көр. Досың сенің жауыңмен жау болмаса, оны дос демегін, жай бір танысым дей сал. Досыңа дос кезінде бір нәрсе де үйретпе. Өйткені уақыты келіп досың саған дұшпан бола қалса, үйреткенің өзіңе зиян болар, өкінішке тап боласың. Кедей болсаң, дәулеттімен дос болма. Өйткені кедеймен ешкім де дос болғысы келмейді. Шын мәнінде малды адамдар кедейді жаман көреді. Сондықтан да өзіңе лайықты досты ізде.
Егер сен дәулетті болсаң, кедейді дос қылсаң орынды. Жалпы халықтың достығына көңілің таза, ақ болсын. Сол сияқты барлық істеріңде де туралықты, әділдікті басшылыққа алғын. Егер досыңның көңілі ешқандай себепсіз сенен қалса, оның көңілін аулауға, бетін өзіңе қайтаруға әрекет етпе. Дәмеленгіш, кекшіл достан аулақ бол. Оның достығы нағыз достық емес, уақытша пайдалану ғана. Біреудің табысын көре алмайтын бақылдармен достаспа. Кекшіл, қызғаншақ, іші тар, сараң адамдар достыққа лайықты деуге болмайды. Бақылдың малы таусылғанда кекшілдің кегі кетпейді. Олар сенімен кінәласып, араздасып ажырайды.
(Кайкаус. Қабуснама / Өзбек тілінен аударған – Т.Айнабеков. – Алматы: Жазушы, 2005. – 160 бет)
Достарыңызбен бөлісу: |