Тақырып: ХҮІІІ ғасырдағы Ресейдегі ағарту, мектеп және педагогика.
Дәрістің мазмұны: Халықтық педагогика құралдары.
Білім беру және тәрбиелеу теориясы мен тәжірибесі.
Тұңғыш мемлекеттік тәрбие-білім мекемелері.
XVIII ғасырда Ресей экономикалық дамуда елеулі табыстарға ие болды. Өнеркәсіпте әсіресе металлургия өндірісі дамыды. Әйткенмен батыс Европа елдерінен әлде болса артта болды. Елдің экономикасын және отан қорғау қабілетін күшейту мақсатымен дворян үкіметі бірнеше шараларды жүзеге асырды. Солардың ішінде мәдениет және ағарту саласындағы реформалар да болды.
Мектептің және педагогиканың дамуында ағарту ісі жөніндегі реформалардың мәні өте зор болды (ескі славян алфавитінің орнына жеңілдетілген алфавиттің енгізілуі, мезгілді баспасөздің («Ведомости» газеті), ғылыми әдебиеттің пайда болуы, басқа тілден ғылыми еңбектердің аударылуы, ғылымдар академиясының құрылуы).
Ресей мәдениетінің дамуында алғашқы (діни емес) мемлекеттік мектептердің ашылуының мәні өте зор еді. Алғашқы жаңа типті оқу орны 1701 жылы I Петр Москвада ашқан математика және навигация ғылымдарының мектебі болды. Бұл Европадағы өмірге қажетті білім беретін алғашқы реалдың училище еді. Мемлекет қаржысына ашылған алғашқы бүл мектеп XVIII ғасырдың бірінші жартысында жыл сайын 200-ге тарта бала оқытты. Кейбір жылдарда баланың саны 500-ге жетті.
Бұл мектепте математика (арифметика, алгебра, геометрия, тригонометрия), астрономия, географиялық мәліметтер және арнаулы ғылымдар (геодезия, теңізде жүзу және т. б.) оқытылды. Кең профильді арнаулы білім беретін бұл мектеп әр мамандықтан кадрлар даярлады.
Бұл мектепте «төменгі сословиенің» (қала халқының және солдаттың) балалары да оқыды.
Мектептің негізгі мұғалімі Леонтий Филиппович Магницкий (1669—1739) болды. Ол білімді математик және шебер педагог еді. Мектеп жұмысына Л. Ф. Магницкий көп үлес қосты. Математика және навигация ғылымдарының мектебі үшін бірнеше оқу құралдары даярланды, солардың ішінде Л. Ф. Магницкийдің арифметикасы (1703) үлкен роль атқарды.
Бұл мектептің теңіз мамандарын даярлайтын кластары 1715 жылы Петербург қаласына көшіріліп, соның негізінде теңіз академиясы ашылды.
Математика және навигация ғылымдарының мектебін бітіргендер өнеркәсіптің әр салаларына қызметке жіберілді. Олардың ішінде шет аймақтағы мектептерге мұғалімдік қызметке жіберілгендері де болды.
Петр Петербург, Москва және басқа ірі қалаларда артиллерия мектептерін, порттық қалаларда — навигация мектептерін, Москвада хирургиялық, инженерлік мектептер ұйымдастырды.
1721 жылы Оралда алғашқы тау-кен мектебі ашылды, кейін Оралдағы ірі заводтардың жанынан арифметикалық мектептер, кейбір заводтар жанынан тау-кен мектептері ашылды. Бұл мектептер жалпы дәрежелі білім берумен қатар, оқушыларға белгілі мамандықтан арнаулы даярлық берді.
XVIII ғасырдың бас кезінде жалпы дәрежелі білім беретін мемлекеттік мектептер ашу ісі қолға алынды. 1718 жылы 42 есеп мектептері ашылды. Бұл мектептерде оқу, жазуға үйретумен қатар, арифметика оқытылды, алгебра, геометрия және тригонометриядан алғашқы мәліметтер берілді. Бұл мектептерге де крепостный шаруадан басқа сословиенің балалары оқуға алынды. Діни мектептерде де өзгерістер болды, архиерей мектептері мен діни семинарияда едәуір жалпы дәрежелі білім берілетін болды. I Петрдің оқу-ағарту жөніндегі жаңалықтары үстем тап өкілдеріне арналса да, жалпы оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен әсер етті.
1725 жылы Петербургте ғылымдар Академиясы құрылды. Оның уставы I Петрдің тұсында жарияланды. Батыс Европа елдерінен ғалымдар шақырылып, керекті жабдықтар сатып алынды. I Петрдің жобасы бойынша академия жанынан университет, гимназия ашылды. Академияның жұмысына М.В.Ломоносов белсене араласты.
№ 13 дәріс