Орфография және пунктуация мәселелері



бет6/8
Дата08.06.2018
өлшемі0,6 Mb.
#41648
1   2   3   4   5   6   7   8

Еңбектері.


Жұбанов тіл білімі мәселелерімен 1920 жылдан бастап шұғылдана бастады. Ол қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Сондай-ақ, оның «Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары» (1-том), «Фонетика» (орыс тілінде), «Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе», «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар», «Буын жігін қалай табуға болады», «Қазақ тілінде біріккен сөздің жазылуы», «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан», т.б. іргелі ғылыми жұмыстары қазақ тіл білімін қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. 20 ғасырдың 20-30-жылдарында Жұбанов қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде саяси-әлеуметтік, халықтық мәні зор проблемалардың бірі – жазу, емле, термин мәселелерімен де шұғылданды. 1929 жылы Қызылордада өткізілген тұңғыш ғылыми-терминологиялық конференцияда Жұбанов қазақ тілінің емлесі жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасады. 1935 жылы қазақ әліпбиі мен емлесін жақсартудың жобасын ұсынды. Онда халықаралық және орыс тілінен енген терминдерді орысша жазылуына жақындатып таңбалау, кейбір қосар дыбыстарды жалаң әріппен беру, біріккен сөзді қосып жазу туралы пікір айтты. Жұбанов 1933 жылдан саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін Қазақстанның Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының төрағасы болды. Бұл салада ол термин жасау ісіне мамандарды жұмылдырып, олардың дайындаған материалдарын ғылыми тұрғыдан реттеп, жұртшылық талқысына салып, тәжірибеге енгізуді қадағалады. Жұбанов – 1935 жылы Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің съезіне Мемлекеттік терминкомның атынан ұсынылған жобаның негізгі авторы. Ол ұсынған принциптер қазақ терминологиясын жасаудың үлгісі ретінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. 1936 жылы ғалымның “Қазақ сөйлем мүшелерінің орны тарихынан» деген кітабы баспадан шықты. Бұл кітабында ол қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің тарихын басқа түркі тілдерінен бөліп қарамай, өзі еркін игерген түркі халықтары тілдерін бір-бірімен байланыстыра зерттеп, тарихи салыстырмалы әдісті шебер қолданды. Бұл еңбегімен Жұбанов қазақстандық түркітану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты. «Ауыл мұғалімі» (қазіргі «Қазақстан мектебі») журналында мұғалімдерге арнап қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы, кітапты қалай пайдалану, оқулықтағы материалдарды оқушыларға қалай нәтижелі игерту мәселелерін көтеріп отырды. Осы журналда «Жаңа грамматиканың жақсылықтары», «Шылаулар», «Қос сөздер», «Біріккен сөздер», «Әдіс, бағдарлама мәселелері», т.б. мақалаларын жариялады. Жұбанов қазақ әдеби тілі мен музыкалық өнері туралы да келелі пікірлер айтты. Ол өзінің «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» («Әдебиет майданы», 1934, №11 – 12) атты аяқталмай қалған әдеби-публицистикалық еңбегінде Абайдың қазақ әдеби тілін дамытудағы, әлеуметтік ой-санадағы орнын, ақындық шеберлігін, композиторлығы мен өлең құрылысына енгізген жаңалығын тұңғыш көрсетіп, әділ бағалады. «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен» (1936) деген зерттеуінде «ән», «би», «бақсы», «жыр», «домбыра», «күй», «қобыз», «сыбызғы», «толғау» сөздерінің этимологиясын ашу арқылы қазақ музыка мәдениетінің тарихы ертеден басталатынын көрсетті. Жұбанов тек ғылыммен ғана шұғылданып қоймай, Қазақстанның Оқу-ағарту халық комиссариаты жанындағы әдістеме, бағдарлама, оқулықтар секторының меңгерушісі міндетін атқара жүріп, бар ынта-жігерін аз уақыттың ішінде қазақ мектептерін ғылыми негізде жазылған оқулықтармен қамтамасыз етуге жұмсады. Мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарында, семинарларында дәріс оқып, ақыл-кеңес беріп отырды. Ол қазақ тіл білімі мамандарын баулып, тәрбиелеуде де мол еңбек сіңірді. Республикадағы көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ә.Шәріпов, Т.Қордабаев, т.б. өздерін Жұбановтың шәкіртіміз деп санады. Жұбанов республикамыздың саяси-әлеуметтік өміріне де белсене қатысты. 1935 жылғы Қазақстанның мәдениет қызметкерлері съезін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1935 жылдан Қазақстан КСР ОАК-нің мүшесі болды. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1957 жылы 3 қазанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының шешімімен ақталды. Ақтөбе мемлекеттік университетіне, осы қаладағы бір көшеге Жұбанов есімі берілген.
3. Елдес Омаров және жазу ережелері жайлы еңбектері.

Омарұлы Елдес – Алаш қозғалысына қатысушылардың бірі, қоғам қайраткері, педагог, публицист. Ол 1892 жылы бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезінде туған. 1907 жылы Қостанай қаласындағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесін, Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. Алашорда үкіметін құруға белсене араласты. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облысы азаматтық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бірінші және екінші жалпықазақ сиездеріне қатысты. Қостанай уезінде Алашорда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті халықтың Алаш автономиясын қолдауға шақырды. 1922-26 жылдары Қазақ халық ағарту комиссариатының академиялық орталығында, Қырғыз (қазақ) халыққа білім беру институтында қызмет істеді. Қазақ тілінде физика, геометрия оқулықтарын жазып, математикалық терминдерді қалыптастыруға зор үлес қосты. 1926-29 жылдары Ташкент педагогикалық институтында, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультетінде оқытушы болып жұмыс істеді. 1934-35 ж. Қазақ мемлекеттік медицина институтында қазақ тілінен сабақ берді, институт студенттеріне арнап қазақ тілі оқулығын жазды. 1935-37 жылдары ҚазМУ-да қазақ тілі кафедрасының доценті болып қызмет істеді.



Е.Омарұлының қаламынан «Қазақша жазу тақырыбы және жазу ережелері» (А.Байтұрсынұлымен бірге), «Жазудың жаңа ережелері», «Қазақша әліпби мен латынша әліпби», «Қазақ тілінің дыбыстары», «Қазақша дыбыстардың жігі» т.б. еңбектері туған.

Елдес Омарұлының тілге қатысты еңбектері, негізінен алғанда, жазу ережелері, терминология, оқулық жазу салаларымен сабақтасады. Елдестің тілші-ғалым ретіндегі қабілет-қарымы 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде айрықша байқалды. Мұнда ол А.Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлұлылармен бірге жазу ережелері және қазақша пән сөздер (терминдер) тақырыбында негізгі баяндамаларын жасады. Елдес Омарұлының осы Білімпаздар сиезіндегі жазу ережелеріне, терминологияға байланысты баяндамаларында оның терең білімді тілтанушы екендігі, қабілетті ғалымдығы айрықша байқалды. Ол ұсынған тілдік қағидаттар өзінің өміршеңдігімен, өзектілігімен, терең талдауға құрылған тұжырымдар болуымен ерекшеленеді. 



Жазу ережелері. Жазу ережелерін тілдің сөз жүйесіне кетіріп түзеуге де болады, дыбыс жүйесінше де түзеуге болады, Иауропа халықтарының көбінде жазу сөз жүйесінше түзелген; біз білетін орыс халқының жазуы да сөз жүйесінше. Біздің жазуымыз бұл уақытқа шейін дыбыс жүйесінше болып келді.

Жазу сөз жүйесінше болса, туынды сөздер түбірінше жазылады, көмескі дыбыстар сөздің екпінін сол дыбысқа кетіріп өзгерткенде естілетін түрінде жазылады, мәселен орысша «просьба», «ног», «вода» деп жазылатұн сөздер «прозьба», «нок», «вада» болып оқылады, бұл сөздердің жазылуы естілуінен басқаша болатұны – орысша жазудың сөз жүйесінше болғанынан: «просьба»-ның «просить»-ке, «ног»-дің «нога»-ға, «вода»-ның «воды»-ға ұқсап жазылуы үшін. Орысша жазу, олай болмай, дыбыс жүйесінше болса, қиын болар еді: орысша сөздер өзгергенде түбірімен қопарылып өзгереді; орысша жазу дыбыс жүйесінше болса, бір түбірден шыққан сөздердің әр қайсысын өз алдына, біріне бірін ұсатпай, естілуінше жазу керек болар еді. Түбірі бір сөздердің сүгіреттері біріне бірі ұқсамай жазылатын болса,- оны жазуда олай жазылғанды оқуда қиын болады. Жазу дыбыс жүйесінше болса,- әр сөз өзінің естілуінше жазылады. Біздің жазуымыз дыбыс жүйесінше. Бірақ қазақша жазу олай дыбыс жүйесінше болғаннан қиындамайды, қайта оңайланады. Қазақша сөздер өзгергенде түбірімен қопарылып өзгермейді, бір түбірге түрлі жалғау, жұрнақтар жалғанып өзгереді, -сондықтан біздің дыбыс жүйесіне келтіріп жазған сөздеріміз түбірлерінен басқаша болып шықпайды. Қазақша сөздердің дыбыс жүйесінше жазылғанда, түбіріне аз-мұз ұқсамай жазылатындары – тек «қ» мен «к» ге тынатынын түбірлерден туған сөздер: ондай түбірлерге дауысты дыбысбен басталатын жалғау жұрнақтар қосылса, «қ» өзгеріп «г» болады. Біздай сөздерді де естілуінше дыбыс жүйесінше келтіріп жазамыз. «оқ», «жек», «қазақ» түбірлерден болған «оғы», «жегемін», «қазағы»-лар, дыбыс жүйесінше осы осы жазылған түбірінде жазылады; бұларды сөз жүйесінше жазсақ «оқы», «жекемін», «қазақы» болып жазылар еді де, басқаша оқылып, басқа мағынада айтылатұн сөздер мен қатысып кетер еді. 

Қазақша жазу жеңіл болу үшін де, дұрыс болу үшін де,- дыбыс жүйесінше болуы керек. Сондықтан біз жазу ережелерін тексеріп түзегенде, оның дыбыс жүйесінше болуын ескеруіміз керек.

Қазақша жазу ережелері тақырыбты бұл уақытқа шейін ұсынылған түрлі жобалар бар. Біз олардың әр қайсысын з алдына тексеріп шешуіміз керек; ол жобаларды тексергенде, біздің ұстаған негізгі жолымыз дыбыс жүйесі болуға тиіс.

1 - «х», «ш», «ф», «һ» әріптері қазақ әліпбиінен шығарылсын –деген жоба бар. Бұл жобаны ұсынушылардың айтатұны: «әріп» азайса жазу жеңілденеді,- жана бұл төрт дыбыс төртеуі де қазақ тілінде жоқ; «ш» мен «ф» дыбыстары («ш» ның «ч» дан басқалығы) мүлде жоқ; бірен-сараң «ау-хау», «ахау», «ах», «үух» сықылды одағайларда болмаса, «х» мен «һ» да кездесе бермейді. Білім кеңесі бұл төрт әріпті қазақша әліпбиге кіргізгенде,- «һә» «харф» «шарт» сықылды жат сөздер үшін кіргізген. Білім кеңесінің онысы қата. Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де, ішінде жат дыбысы бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат таныйтұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай ойда жоқ керемет себептер болып бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе,- қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды. Дұрысында қазақ тіліне сіңіп кеткен жат сөздердің ішіндегі жат дыбыстарын бұара өзінше бұзып дыбыс жүйесіне келтіріп алған,- оны бұзбай айтатын тек оқығандар ғана. «харф» деуге бұқараның тілі келмейді, бұқара оны кей жерде «әріп» дейді, кей жерлерде «қарып» дейді. «һә» деген сөзді бұқара тіпті айтпайды. Дұрысында, сөзді орысша тізу үшін ғана болмаса,- «һә» нің қазақ тіліне түк керегі жоқ. «Ахау», «халалай», «аһ», «үуһ» сықылды бір-екі сөздер болғаны үшін әліпбиге «х» мен «һ» ні кіргізу дыбыс жүйесі жағынан керек болғанмен, жеңілдік жағынан үлкен шатақ болады. Қазақта «ә», «мә» деген одағайлар да бар, «іңһі» - деген де одағай бар, аттың жүрісін бәсеңдету үшін айтылатын ықылық бар, ондай бірен-саран сөздерде ғана кездесетүн дыбыстардың бәріне де әріп керек десек,- әріптің саны 24 емес 240 болып кетуі мүмкін. Қазақ тілінде «ш» мен «ч» нің айырмасы жоқ; басқа түріктерлің «ш» ны да «ч» ны да қазақ «ш» қылып айтады. (көбіне «ш» ны «с» қылып, «ч» ны «ш» қылып айтады). 
Өзімізде «ш» мен «ч» нің айырмасы болмаған соң оның екеуін бірдей әліпбиге кіргізудің керегі жоқ, - оны жеңілдік те көтермейді, дыбыс жүйесі де көтермейді. Басқа түріктерден алыстап кетпеуі үшін «ш»дің орнына «ч» алған қолайлы. – Сөйтіп, бұл төрт әріп – «х», «ш», «ф», «һ» қазақша әліпбиден шығарылу керек деген жоба қисынды, бұл төрт әріп бізде болмасқа керек.

2 - Сүйеу таяқ («а») жойылсын деген жоба бар. Сүйеу таяқ өз алдына бір дыбыс белгісі, оны әліпбиден шығаруға болмайды деушілер де бар. Жұбанұлы Құдайберген,- сөздің басында айтылатұн «аа», «ы», «ұ»- лардың алдына көмескі естілетін дауыссыз дыбыс бар,- деп, оған «әмзе» деп ат қойып отыр; сөздің басында келетін «о» ның алдында естілетін дыбыс онан басқа,- кәдімгі жарты дауысты «у» - деп, «от», «өгіз», «орақ» сықылды сөздерді «уот», «уөгіз», «уорақ», деп жазу керек – дейді, сөз басындағы әріптің алдына жартыдауысты «й» болады – деп, «екеу», «ел» сықылды сөздер «йекеу», «йел» болып жазылсын дейді. Дыбыс жүйесінше Құдайбергендікі дұрыс та болар (шынында сөздің басындағы «о», «е» лердің алдындағы дыбыс «у» мен «й» емес) бірақ сөздің басында айтылатұн дауысты дыбысбен сөз ортасындағы дауысты дыбыстың айырмасы аз; ондай айырмалардың бәрін де таңбалай береміз десек әрпіміздің саны 240 тан да асып кетуі мүмкін,- ол жазуға үлкен қиындық болады. «Ол» дың «о» сы мен «жол» дағы «о» ның басқалығы болса,- болар болмас қана,- оны да, бір аса сергек құлақ болмаса, айыру қыйын. Сөз басындағы «аа» мен сөздің ортасындағы «а» ның айырмасы да сондай-қа, ондай айырмаларды таңбалаудың қыйсыны жоқ. Сондықтан сүйеу таяқты жоғалту керек. 

3 - «ы» тақырыпты бітеу буын ережесі бұзылсын, «ы» бар жерінде қалмай жазылатын болсын деген жоба бар. «ы» ны сөз басындағы дауысты дыбыстардың алдындағы көмескі дыбыстардай көріп, менсінбейтүндер де бар. Дұрысында «ы» көмескі дыбыс емес, «о», «у», «е», «а» лар сықылды дауысты дыбыс, қазақ тілінде «ы» дан жиі айтылатын дыбыс жоқ. «ы» ның бітеу буында жазылмай қалғандай түк жазығы жоқ. «ы» ны бітеу буында да қалдырмай жазатұн болғанда, оны жазбай үйренгендерге қиын болатұны ырас, бірақ жеңілдік үшін бар дыбысты (көмескі емес анық естілетін дауысты дыбысты) жазбаудың түк қыйсыны жоқ. Ондай жеңілдікке қызығатұн болсақ, бітеу буында басқа дауысты дыбыстарды да жазбауымыз керек.
Қазақ тілінде «сарқ», «қорқ», «жұлқ», «үст», «жорт» сықылды көп сөздер бар, бұлардың дауыссыз дыбыстары (екеуі) арасына дауысты дыбыс салмай жалғанған. «ы»-ны бітеу буында жазбаған соң бір буынды «сарқ»-ты («сарқады»-ның түбірін) – екі буынды «сарық»-қа («қойдың сарығына») ұқсатып жазамыз; «қорқ» бен («қорқады»-ның түбірі). «Қорық» («қоры»-дан болған туынды сөз), «жұлқ» бен (жолқады-ның түбірі) «жұлық» («мәстің жұлығы»), «үст» бен (нәрсенің үсті) «үсіт» («үсітеді»-нің түбірі) «жорт» бен («жортады» ның түбірі) «жорыт» («жорытады» ның түбірі) бірінен бірінің естілуі де мәнісі де басқаша бола тұрып, бітеу буын ережесі болған соң жазылуы бірдей болып жүр. Бұл үлкен кемшілік. Мұнан құтылу үшін бітеу буын ережесін бұзып «ы» ны бітеу буында да, ашық буында да қалдырмай жазып отыру керек.

4 - «қ» мен «к» бір дыбыс, «ғ» мен «г» бір дыбыс, «қ» мен «к»-нің орнына бір әріп, болса жарайды, -«к» мен «г», «қ» бен «ғ» ның жұмсақ түрі- «қ» бен «ғ» ды дәйекшісіз, «к» бен «г» ні сөздің алдына дәйекші қойып жазатұн болсақ, әріптің саны кеміп жазу жеңілденеді деушілер бар. Дыбыс жүйесі жағынан тексергенде, -«к» мен «г», «қ» мен «ғ» нің жіңішке түрі деуге болмайды. Қазақ тілінде «қ» мен «ғ» нің жіңішке түрі де жоқ, «к» мен «г» нің жуан түрі де жоқ. Орыс түрінде «к» мен «г» нің екі түрі де бар: «Кот», «Дуга» лардағы «к» мен «г» жуан да, «Кит», «Дуги» лердегі «к» мен «г» жіңішке айтылады; «ғ»-нің жіңішке түрі араптың жұмсақ «ғ»-ні «к» пен «г»-ні жоғалтып олардың орнына сөз алдына дәйекші қойып «қ» бен «ғ» жазу жеңілдік жағынан да қолайлы болмайды: «қаныкей», қайткенде «қызметкер», «бірақ» сықылды үндестік заңына келмейтін көп сөздер бар; оларды «қаны-қей», «қайт-қенде», «қыз-меткер», «бір-ақ» деп сызықшамен бөліп бір бөлегіне дәйекші қойып, екінші бөлегін дәйекшісіз жазып жатқаннан да, осы күнгідей қосып жазған көп жеңіл. Бұл төрт дыбыстың таңбаларын өзгертпей бұрынғыша төртеуіне төрт әріп арнағанымыз дұрыс.

5- Біздің «ұу», «ыу», «ій» болып бір дауысты бен бір дауыссыз дыбыстың тізілгенінен болған сөз буынын орыстың ұзын «у»-і мен ұзын «и» -не ұқсатып екі дыбысты бір әріппен жазуды қолайлаушылар бар. Бірсыпыра азаматтарымыздың бұл үшін ұсынып жүрген жобасы: «у» мен «и» дауысты дыбыстардан соң жарты дауысты делінсін де, дауыссыз дыбыстардан соң дауысты делініп, орыстың дауысты «у» мен «и»-інше оқылсын – деген жоба. Бұл жобаны ұсынушылар оның дыбыс жүйесінше қыйсынсыз екені мен таласбайды, тек: солай болса жазу жеңілденеді дейді. Дұрысында бұл жоба жеңілдік жағынан да қыйсынды бола қоймайды. 

Ол жобаны қабыл алсақ: «сұу», «тіиіу» сықылды сөздерді «су», «тиу» деп жазуымыз керек де, «сүуат», «тіиіуі» деген сөздерді я естілуінше осы қалыпты жазбақшымыз, я болмаса жеңіл жазылсын деп, «суат», «тиуі» деп жазбақшымыз; «сұуат», «тіиіуі» деп жазсақ, сөз өзінің түбірінен басқаша болып жазылады, сөздің түбірінде жоқ дыбыстардың сөз өзгергенде қайдан келгенін балаларға түсіндіру керек болады. Оны оқушыға түсіндіре қою да оңай жұмыс емес, жана туынды сөзді түбірінен басқаша қылып жазуда оңай болмайды: «сөз» деген сөзге дәйекшімен жазып үйреніп кеттік, «сөзден» деген сөзді жазғанда да көбіне қаталасып алдына дәйекші қойып алып, «д» дан соң «е» бар екенін білген соң барып түзетеміз. «Суат», «тиу» деп жазсақ, сөздің ішінде ап анық естіліп тұрған «сүуат» -дағы «ү» мен «тіиіуі»-дегі екі «і»- ні неге жазылмайтынын түсіндіріп бермей, бұл сөздердің сүгіреті осылай болады дегенге оқушы қанағаттанбайтұн болады. Бұл жобаны қуаттаушылар дәлелге латын жазуын ұстап, баяғыда латынша сондай реже болған дейді. Латын әріпіне қызыққан мен жазу ережесін ойламай үлгіге алу орынсыз. «Латын» әлібпиінде даусты «ы» мен «ғ» ға арналған әріптері жоқ, тілінде сұуат», «тіиуі» сықылды сөздердің де болмауы мүмкін, сондықтан латынның «и» мен «у» тақырыпты ережесі бізге үлгі бола алмайды. 

Жаңа «сұуат», «тіиіуі» лерді «суат», «тиуі» деп жазатын болған соң дыбыстары дәл солардай болып тізілген «жұуан», «іиіні» сықылды сөздерді де жеңілдетіп «жуан», «иіні» деп жазуымыз керек. «Сұуат» бен «тіиіуі» лерді түбіріне ұқсатамыз деп «суат», «тіиуі» дейді екенбіз, «жұуан» мен «іиіні» нің түк жазығы жоқ қой. «Тиуі» ні «ти-у-і» деп буындап үш буынды сөздей алғанмен (дұрысында мұндағы «у»-ды өз алдына бір буын деуіміз латыннан қызығыпалған ережеге де көнбей шығады: «у»-дың алдындағы дыбыс дауысты ұзын «и» болған соң «у» жарты дауысты болуға тиіс), «ійіні»-ні «біні» деп жазған соң оны «ій-ні» деп қана буындайтын боламыз. Қазақша «ійін» деп те айтады «ійн» деп те айтады, «ійін» деп жаза алмай тек «ійін» деп қана жазатын болған соң «ійін» деген сөз қағаз бетіне түспейтүн бір түрлі ерсі сөз болып қалады. Я болмаса ондай сөздерді жазу үшін тағы да бір өзгеше ережелеріміз болуы керек. Ереже көбейген соң, әсіресе тілдің заңына сай келмейтүн ережелер көбейген соң, жазу қиындай бермек. 

Түбінде баланы әмрикеше оқытатын боламыз, мұнан соң сөзді буындаудың керегі болмайды деушілер бар. Олай болғанда да буыннан құтылу мүмкін емес. Қазақтың әндетіп айтатұн өлеңдері болды; өлеңнің ұйқасуы буынмен болады; өлең болып тізілген сөздердің буыны тиісті санынан артық иә кем болса, өлең болмай шығады.





Қаршыға сөзін есітіп
Жібек енді түйінді
Асыл киім киінді.

деген өлеңнің «Асыл киім киінді» деген жолындағы буындардың саны жеті; «кіиім»-ді «киім» деп жазып, «киім» деп буындаймыз десек сөзді үзіп буындайтұн боламыз. Оны қазақ тілінің өздіксіздік қасиеті көтермейді. Өлеңді әнге салып айтқанда «кіиім» анықталып «кіиім», «кіиінді», «кі-иін-ді» болып буындалады. Сондықтан «кіиім»-ді «ким» деп жазған соң, -оны буындағанда «и» екі бөлініп кетеді деген тағы бір шатақ ережеміз болу керек. Шатақ көбейген сайын жазу қиындай береді. «ұу» мен «іу»-дің естіліуі бірдей, сондықтан мұның екеуін де бірдей қылып «ұу»- деп жазған жеңіл болады деушілер бар (Манай ұлы Нұғман, Бегалы ұлы Ғали), «қарыу», «келіу», «ійіу» -лерді де «бұу» «жұуларға» ұсатып «қарұу», «келүу», «ійүу» -деп жазсақ жазудың жеңілденетүні ырас. Олай болғанда «қарыуы», «келіуі», «ійіуі»-лерді «қарұуы», «клүуі», «ійүуі» деп жазуымыз керек. «і» мен «ү» көбіне көмескіленіп бірдей болып есептеледі, көмескі естілген жерде олардың бірінің орнына бірін жазғаннан зор кемшілік болмас деп жоруға болады. Бірақ «і» мен «ү» бітеу буында көмескі болғанмен ашық буында бірінен бірі айырылып шығады. «келіуі» деген сөздегі «л» нен соңғы дауысты дыбыс «ү» емес «і» екні ап-анық, сондықтан оны «келүуі» деп жазу қата болады.

Дұрысында жат елдің жазуын еліктеушілерге болмаса, жасынан бастап оқығанда қазақ тілінде оқып жазып үйренген кісіге «оу» дан «ыу» ды айырып жазудың да «ій»ді «й» демей дұрысынша жазудың да еш қыйындығы болмасқа тиіс.

6- «б», «д», «ғ», «г» дыбыстары, артында дауысты дыбыс болмаса, тұйықталып «п», «т», «қ», «к» болып айтылады – тұйық буынның соңғы дыбысы еш уақытта да «б», «д», «ғ», «г» болмайды, «п», «т», «қ», «к» болады. Тұйық буын ашылып бұл дыбыстарға дауысты дыбыс жалғанса: «п», «қ», «к» дыбыстары өзгеріп «б», «ғ», «г» болады, -бірақ «т» өзгеріп «д» болмайды, сол «т» күйінде қалады. «Қазақ», «қалмақ», «төк» деген сөздерді өзгертіп «қазағы», «қалмағы», «төгеді» деп, «қ», «к», терге дауысты дыбыс жалғасақ: «қ» өзгеріп «ғ» болады, «к» өзгеріп «г» болады. Бұларды дыбыс жүйесіне келтіріп естілуінше жазамыз.

Мұнымыз дыбыстың асылын зерттегеніміз; бірақ бұлай жазу дыбыс жүйесінше де жеңілдік жағынан да қолайсыз.

«Тап» тағы «п» ның асылы «б» деп, оны «б» мен жазған соң, «ток»-тегі «к»-ні де «г» қылып «тог» деп жазуымыз керек еді. «қ», «к» мен «п»-нің ережесі біріне бірі үйлеспейді: «қ», «к»-нің ережесі дыбыс жүйесінше де, «п»-нің ережесі асылын зерттеумен болған; «қ», «к»-нің ережесі жеңіл де, «п»-нің ережесі қыйын, «п» ережесін асылын зерттеу жағынан тексергенде де дұрыс болып шықпайды. «жерп», «серп», «өрп» сықылды, «п»-сы артынан дауысты дыбыс жалғағанда да өзгермей, «п» болып қала беретін сөздер бар: олар «желпемін» (желбемін емес), «серпеді», «өрпі» болып өзгереді. «П»-ның ережесінше «желп», «серп»-терді «п»-мен жазамыз да, «қап», «топ»-тарға «б» жазамыз, «п»-мен «б»-ның асылын айырамыз. Бұл дұрыс емес, тұйық буынның соңындағы «қ», «к», «п»-лар екі дауысты дыбыстың ортасына түскенде ғана «ғ», «г», «б» болып өзгереді, олардың алдындағы дыбыс дауыссыз болса, артынан дауысты дыбыс жалғағанмен өзгермейді. «Қорқ», «үрк»-тердегі «қ», «к»-нің алдындағы дыбыстары дауысты емес, сондықтан олардың артына дауысты дыбыс салып, «қорқамын», «үркеді» дегенде де «қ» мен «к» өзгермейді. «П»-ның өзгеріп «б» болуы дәл «қ» мен «к»-нің «ғ», «г» болуы сықылды. Сондықтан бұлардың ережелерінде де басқалық болмауы тиіс; «П»-ні де дыбыс жүйесінше жазуымыз керек.

7- «Тіл құрал»-да қазақ тіліндегі дыбыстар: 1-дауысты, 2-жарты дауысты, 3-дауыссыз – болып үш тапқа бөлінгенде дауыссыз дыбыстар: қатаң, ұяң болып тағы екіге бөлінген; ұяң дыбыстар ымыралы, ымырасыз болып жана екі бөлінген. Қазақша дыбыстарды бұлай жіктеудің қолайсыз жері бар: «р» мен «л» ымыралы дыбыстардың ережесіне келмейді. Сөздің соңғы дыбысы «з» мен «ж» болғанда, «л» мен басталатын жалғау жұрнақтар «д» болып өзгереді де, «м» мен басталатұн жалғау жұрнақтар «б» болып өзгереді: «тұз» – «тұздық», «тұзды», «тұздар»; «Аз», «азбын», «азбыз», «қаз», «қазба», «қазбақ» болады. Сөздің аяғы «р» болғанда жұрнақ, жалғаулардың басындағы «л», «м»-дар сол күйінде («д», «б» болады) қалады: «қар», «қарлы», «қарлар»; «жүр», «жүрмін», «жүрміз», «жүрмек» болады. Сөздің аяғы «л» болғанда да «м»-мен басталатын жалғау, жұрнақтардың «м»-ы «б» болып өзгермейді: «ұл», «ұлмын», «ұлмыз»; «кел», «келме», «келмек» болады; «Л»-мен басталатын жалғау, жұрнақтардың «л»-і «д» өзгереді: «қол» – «қолдар», «қолда», «қолдық» болады. Ымыралы атанған төрт дыбыстың қасиеттері үш түрлі болады. Дыбысты тап-тапқа бөліп жіктегенде, әр таптың ортақ ережесі болу керек, әр таптағы дыбыстардың ортақ қасиеттері болу керек.

Дыбыстардың мектеп үшін керек қасиеттері сөздің аяғындағы дыбыстың жұрнақ, жалғау, демеу, жалғаулықтарға тигізетүн салдары болуға тиіс.

Қазақша дабыстарды бұл жағынан тексергенде, бұлай жіктеген қолайлы болады: 


I. дауысты: а, о, ұ, ы, е;
II. жарты дауысты: у, и, р; 
III. дауыссыз: 

1. қатаң: б, п, т, ч, д, с, ғ, қ, к, г;

2. ұяң: м, н, ң;

3. ымыралы: ж, з; 

4. ымырасыз: л.

Қазақша дыбыстарды бұлай жіктесек: демеу, жалғау, жұрнақ жалғаулықтар тақырыпты ережелеріміз тұрлаулы болады. «Л»-ді жеке қалдыру ерсі десек: оны ымыралы дыбыстарға қосып, «мін», «міз», «ма», «мақ», «мен» сықылды жалғау жұрнақ, жалғаулықтар сөз аяғы «л» болғанда «бын», «біз», «ба», «бақ», «бен» болып өзгермейді, «м»-мен басталған күйінде қалады деген ескерту керек болды. «Л»-ды жарты дауысты дыбыстарға да қосуға болады: Өйткенде «л» қосарланып шықпау үшін, сөз аяғы «л» болғанда «л» мен басталатын жалғау, жұрнақтардың «л»-ы «д» болып өзгереді деп ескертуіміз керек.

8- Қазақ тілінде артықша ымыра бар: Қазақ тілін басқа түркі тілімен салыстырып тексерсек: Қазақ тілі жат тілдердің ықпалынан аман сақталып, еркінше өсіп алға кеткенін көреміз. Басқа түріктерде дыбыс қазақша дыбыстарға ұқсаб, тап-тапқа бөлінбеген. Мәселен: Ноғайларда жалғау жұрнақтар түбір сөздің аяғындағы дыбыс бен қазақ тіліндегідей, ымыраласпайды. Ноғайша: «Арба» – «арбаның», «арбаны», «арбалы», «арбалар» болып өзгереді. Аяғындағы дыбысы қатаң «ат» да солар «атының, «атны», «атлы», «атлар» болып өзгереді. Қазақ тілінде жалғау жұрнақтар түгіл, демеу, жалғаулық сықылды бүтін сөздер де алдындағы сөздердің соңғы дыбысы мен ымыраласып, өзгеріп отырады. Тіліміздің бұл қасиетін ескерусіз қалдыруға болмайды. Қазақша дыбыстарды тілдің осы қасиетіне келтіріп, тап-тапқа бөлген соң, жазу әр таптың өзіне меншікті қасиетін бұлжытпай көрсетіп отыратұн болуға керек. «М» мен басталатын жалғау жұрнақтар ымыралы дыбыспен тынатұн сөзге жалғанғанда «б» мен басталып жалғанады: «Мін», «мз», «ма», «мақ» тар «бін», «біз», «ба», «бақ» болып өзгереді. Бұлар сөздің аяғы қатаң дыбыс болғанда басындағы «м» «б» болып өзгермейді, «п» болып өзгереді деп оларды дыбыс жүйесіне келтіріп, бұрынғыдай «б»-мен жазбай естілуінше «п»-мен жазу керек. 
9- демеу, жалғаулықтар: жұрнақ жалғаулардай мағынасыз болғанымен олардай алдындағы сөзбен бір болып тұрады.

«Атда» жал бар, өгізде мүйіз бар» дегенде «ат» пен «өгіз»-ге жалғанған «да» - жалғау: «атда», «өгіз де» деген сөздердің екпіндері «д»-дан соңғы «а» мен «е»-де», - «өгізде» деген екі сөз болса: «г»-ден соңғы «ы»-да да екпін болар еді.»Ат да көлік, өгіз де көлік» дегенде «ат да» да екі сөз, «өгізде» де екі сөз болады: «ат»-тың екпіні басындағы «а»-да да, «өгіз»-дің екпіні «г» мен «з»-дің арасындағы «ы»-да. Сондықтан демеу жалғаулықтарды алдындағы сөзбен қосып жазуға болмайды. Арасына сызықша қойып жазудың да керегі жоқ. Бірақ кейбір демеулер түбір сөзбен жалғаудың арасына кіріп кетеді; онда да түбір екпіні өзгермей бөлек сөз болып тұра береді. Ондайда түбір тұқыл сөзді бөлек жазып, жалғауды демеуге қосып жазған дұрыс болады «жақсы мысын», «жақсы ақ мысын» деп жазу керек.

10- қазақ тілінде «дікі», «кер», «қор» сықылды үндестік заңына келмейтүн жұрнақтар бар; олар түбірімен бір сөз болып жалғанады. «Дікі», «кер»-лер жуан сөзге жалғанғанда да, жіңішке болып жалғанады; Оны қосып жазғанда, сөздің ішінде жұмсақ «е» мен «к» болған соң, ережемізше түбірді де жұмсақ қылып оқуымыз керек болады.

Жазудың тұрлаусыздығын жою үшін үндестік заңына келмейтін жұрнақтар «к», «г», «е» дыбыстары жоқ жұмсақ сөздерге жалғанғанда сөздің алдына дәйекші қойып отыруымыз керек; сонда ондай жұрнақпен қосылып жазылған түбірді алдында дәйекші болғанда (иә өзінің ішінде «е», «к», «г» болғанда) жұмсақ қылып оқимыз да, - түбірдің ішінде «е», «к», «г»-лерде жоқ, алдында дәйекші де жоқ болса, -жуан қылып оқитұн боламыз; «тор» – жуан сөз, «төр» – жіңішке сөз; бұларға «дікі» деген жұрнақтарды қосып жазғанда, бұрын екеуінде бірдей қылып «тордікі» деп жазатұн едік, - оның түбірі жуан «тор»-ма, иә жіңішке «төр» ме – оны жазудан айыруға болмайтұн; енді түбірдің дәйекшісін қалдырмай жазатын болсақ; ол екі сөздің екеуін екі түрлі қылып, жуанын дәйекшісін «тордікі» деп, жіңішкесін «төрдікі» деп дәйекшімен жазатұн боламыз. Үндестік заңына келмейтүн жұрнақтардың ішінде «паз», «уар» сықылды жұрнақтар бар: бұлардың дыбыстары «дікі», «кер», «қор» сықылды бір түрде ғана айтылатұн дыбыстар емес («к», «е» тек жіңішке түрде ғана айтылады да, «қ» жуан түрде ғана айтылады), - жуан да, жіңішке де айтылуы мүмкен («п», «а», «з», «у», «р» сықылды «паз» бен «уар»-дағы дыбыстар жуан да, жіңішке де айтылады); Мұндай жұрнақтармен жалғанған сөздердің де дәйекшісін қалдырмай жазу керек. «Атпаз», «аспаз» сықылды сөздердің түбірі де жуан, сондықтан бұларды дәйекшісіз жазамыз; «Білімпаз», «сөзуар» сықылды сөздердің түбірлері жіңішке, - оларды дәйекшімен жазамыз; бұлардың («білімпаз»-дардың) жұрнағы жұмсақ түбірге қосылған соң (сөз алдында дәйекші тұрған соң) жұмсақ оқылуға тиіс деп жоруға мүмкен; бірақ қазақ тілінде сөздің соңғы дыбысы еш уақытта да жұмсақ «ә» болмайды, - иә «е» болады, иә қатты «а» болады, сондықтан «білімпаз», «сөзуар»-лардың алдында дәйекші болғанмен соңғы буындарындағы «а»-ларын жұмсақ қылып оқуға болмайды, бұлардың алдында дәйекші болғанмен ол дәйекшінің әсері түбірден асып ішінде «а»-сы бар жұрнаққа тимейді, сондықтан «сөзуар», «білімпаз»-дардың түбірін жұмсақ оқып, «уар», «паз»-дардан қатты қылып оқитұн боламыз.

11- өткен жылы білім кеңесі: етістіктің екінші жақ жіктеуі «сың» болмай «сын» болсын деп еді («оқисын», «жазасын»). Мұның дұрысы «сың» болуға тиіс: қазақтың көбі «сың» дейді; жана: «сың»-ның «сыңыз» дейтұн сыпайы түрі бар («оқисыңыз», «жазасыңыз»). Сондықтан етістіктің екінші жақ жіктеуі «сын» емес «сың» деп білуіміз керек.

Орысша жазу ережесі сөз жүйесінше; орысша сөздің түбірі өзгеріп отыратын болған соң; орысша туынды сөз бен түбір сөздің сүгіреті бірдей де, айтылуы (естілуі) басқаша болады; сондықтан орысша жазу дыбыс жүйесінше дұрыс болмай шығады. Бутобскийдің: жазу дыбыс жүйесінше дұрыс болуы мүмкен емес деп отырғаны сонан, - орысша жазудың сөз жүйесінше болып, сөздері түбірімен қопарылып өзгеретін болғаннан. Бірақ Бутобскийдің айтқанына еріп, қазақша жазудың да дұрыс болуы мүмкін емес деп – білудің жөні жоқ. Қазақша сөздің түбірі өзгермейді, - туынды сөздің түбірі жеке түбірмен бірдей болып айтылады. Сондықтан қазақша дыбыс жүйесінше жазылған сөз – сөз жүйесінше де дұрыс болып шығады. Жазудың сөз жүйесінше болуының артық жері: оқи, жаза білетін кісі, жазылған сөзді ежелеп оқымайды, бүтін сүгіретін бірден көріп танып оқиды; жазушы туынды сөзді жазғанда, - оның түбірінің сүгіретін есінде тұтып, туынды сөзді түбіріне ұсатып жазады; туынды сөздің айтылуы түбірден басқаша болып, жазу ережесі дыбыс жүйесінше болған күнде де, - жазушы көбіне қаталасып, туынды сөзді түбірге қойады: мәселен: біз «түн» деген сөзді алдына дәйекші қойып жазып үйренгенбіз, «түндік» деген сөздің жұрнағында жіңішке «к» болған соң оған дәйекшінің керегі жоқ, - сүйтсе де, «түндік»-ті бастап жазғанда, оны түбіріне ұсатып, қатасып алдына дәйекші қойып қоямыз. Осындай қата болмау үшін орысша жазу ережесі сөз жүйесінше болған. Бірақ жазудың бұлай сөз жүйесінше болуының қолайсыз жағы да аз емес. 

Бутобский: Бұқара тілді бұзып барады, орысша әдебиет тілі, жазудың сөз жүйесінше болғаны себепті ғана, бұзылмай аман сақталып келеді – дейді. Бутобскийдің мұнысы қате. Тілдің тетігі сол тілмен сөйлейтін елде - бұқарада. Елдің тілі, сырттан бір төтенше себеп болмаса, еркімен өзгеріп, өркендей беруге тиіс. Мәселен қазақ тілі солай өзгеріп, дыбыстары тап-тапқа бөлініп, бірінен-бірінің жігі ашылып шыққан,- қазақ тілінің олай өркендеуіне сырттан бөгеу болған жоқ,- тілдің бұл өзгерісіне себеп болған: сол тілмен сөйлеген ел, сол елдің тұрмысы. Ноғай тілі олай өзгерген жоқ, ноғай тілінің дыбыстары бірінен бірінің жігі ашылмаған,- оның себебі, әдебиет; Бутобскийше айтқанда,- жазудың арқасында ноғай тілі қазақ тіліндей, бұзылмай аман қалған – деуге болды. Дұрысында қазақ тілі бұзылған жоқ,- еркімен өзгеріп өңделіп шыққан: ноғай тілі олай еркімен өзгере алмай, жазу-әдебиетпен шегеленіп қалған. Жазудың, әдебиеттің қызметі: тілдің өзгерісіне әсер беру емес, сол өзгерістен қалмай еріп отыру,- болған өзгерісті қаттап таңбалап отыру. Тілдің ескі түрін ұстап алып, сонан айырылмай, жаңадан болған өзгерісті тілдің бұзылғаны деп түсініп, қабыл алмай отырған жазу елдің тіліне салған бұғау есебінде болады. Орыстың жазуы, дұрысында Бутобский айтқан қалыпты тілді өзгерістен аман алып қалып отырған жоқ, бұқараның тіліне бұғау болып отырған жоқ,- тілдің өзгерісіне еріп, болған өзгерістерді хатқа түсіріп таңбалап келеді. Орысша «я, ю» деген әріптер әуелде «иа», «иу» болып әрқайсысы екі дыбыстың тізбегі болып оқылатын; жүре келе орыстың тілі (дыбыс жүйесі) өзгеріп; бұлардың әрқайсысы бір дыбыс болып, «ә», «ү» болып айтылатын болды. Орысша жазу, Бутобский айтқанша, тілді өзгертпей аман сақтайтын болса орысша, «Пять», «няня» сықылды сөздер «я»-ның әуелдегі мәнісінше: «пиәт», «ниәниә» болып оқылуға тиіс еді; жазу тілдің өзгерісінен қалыспай еріп отырғаны себепті бұл сөздер осы күнге айтылуынша, «я»-сы «ә»-ге ұқсап оқылады. Орысша «Сон», «Весь» деген сөздер бұрын «сънъ», «вьсь» деп жазылады екен,- айтылуы «сын», «біс» (орысша «В» дыбысы «Б» мен көрсетілген) болған екен; Жүре келе орыстың тілі өзгеріп бұл сөздер осы күнгісіндей «Сон», «Весь» болып айтылатын болған; жазу ол өзгерісті хатқа түсіріп өзгерген сөздерді өзгерген күйінде жазатын болған. Жазу, әдебиет өз міндетін дұрыс атқаратын болса, - осылай тілдің өзгерісінен қалыспай еріп отыруға тиіс; жазу халықтың аузында болған өзгерісті Бутобскийше, тілдің бұзылғаны – деп қабыл алмай отыратын болса, - ондай жазудың пайдасынан зияны артық болады; - ол болмаған күнде, әдебиет тілін бұқараның тілінен басқаша қылып, екеуінің арасын алыстатып жібереді. 

Бұрын ескі түрік тілінде «ы»-ның орнына көбінесе «ұ» дыбысы айтылатұн болған. Бірақ жүре келе қазақ тілі басқа түрік тілінен жігі ашылып, «ұ» дыбыс бар сөздердің көбі «ы»-мен айтылатұн болған. Бұл қазақ тілінің өз еркімен болған өзгерісі; ол өзгеріске қарсы болып, ескішілдік қылудың жөні жоқ, болған өзгерісті сөзсіз қабыл алып қаттап отыру керек. Қазақ тілінде «ұ» өзгеріп «ы» болып бара жатқандығы себепті, - «ы» мен «ұ»-ның көмескі естілген жерінде өзгерісінің жөніне дәл келеді.



2-інші жақтық жіктеу «сын» иә «сың» екенін, жалпы бұқараның айтуына қарай, шешу керек. Тілдің заңын ашу үшін, оның түрлі мәнісін білу үшін; бұқараның аузындағы сөз түрлерін тексеру керек. «Тілдің заңы мынадай, бұқараның сөзі дұрыс емес, сөздің түрін тілдің заңына келтіріп түзейміз» деу қата. Олай болған күнде: бұқараның тіліне қарсы заң дегеніміз – тілдің заңы емес, тек оймен жорыб шығарған заң болады. Тілдің заңының тетігі – жалпы бұқараның аузындағы тіл, оны елемей ойдан шығарған заң - заң емес, жазуды ондай заңға сүйеудің жөні жоқ. Екінші жақтық жіктеу «сың» болса тілдің заңына келмейді – деу қата; «сың»-ға қарсы заң – жорамал заң. «Мын» мен «сын»-ның түбірлері «мен» мен «сен» деу де қата. «Мен жазамын», «сен жазасың (сын)» дейміз; «мын» мен «сын»-ның мәнісі «мен», «сен»-мен бір болса, – оны екі айтпас едік. «Жазамын»- ның «мын»-ы «мен» деген мағынада болуы мүмкен де емес: «жазамын» екі сөзден құралған, «жаза», «мен» десек, «мен» бастауыш, «жаза» баяндауыш болуға тиіс; Қазақ тілінде еш уақытта да бастауыш баяндауыштан соң айтылмайды, қазақша сөйлемнің баяндауышы ең соңында болады; «мын»-ның, бастауыш бола тұрып, баяндауыштың артынан айтылуы мүмкен емес. Жорамал заңды дәлел қылып «сың»-ды жоғалтып жіберуіміз зорлық. Елдің көбі «сын» демейді «сың» дейді. 2-інші жақтық жіктеу «сын» болмай «сың» болуы керек. Бұқараның ауызында «сың»-ның сыпайы түрі «сыңыз» бар; «сіз жазасыңыз» дейді. «сыңыз»-дың орнына «сіз» деп те айтады; бірақ жалпы жұрттың ауызындағы «сыңызды» тілдің заңына қарсы деп, жоғалтып жіберуге болмайды. Тілдің заңын ойдан шығарып, бұқараның ауызындағы сөз түрлерін сұрыптай бастасақ: тіл өзіне басқа, тілдің заңы дегеніміз тілге түк қатысы жоқ өз алдына бірдеме болып шығады. Түбінде жорамал заң үстем болып шықса, елдің тілі бұзылады; Олай болмай, тіл аман сақталып қалса, тілдің заңы деп әуреленіп жүйелеп жүргеніміз – заң емес ертегі болып қалады.
Қазақша сөздің түбірі өзгермейді, сондықтан біздің дыбыс жүйесінше жазғанымыз сөз жүйесінше де дұрыс болып шығады – дедік. Бірақ бұл заңға (сөздің түбірі өзгермейді – деген заңға) келмейтұн бірен-саран сөздер бар; ол: «қ», «к», «п» дыбыстарымен тынатұн сөздер; ондай сөздерге дауысты дыбыстан басталатұн жалғау жұрнақтар қосылғанда сөз аяғындағы «қ», «к», «п» өзгеріп «ғ», «г», «б» болады. Біздің жазуымыздың негізі дыбыс жүйесі; «қ», «к»-ның жазылуы дыбыс жүйесінше. «П»-ның қасиеті «қ», «к»-мен бірдей, сондықтан оның жазылуы да «қ» мен «к»-нікі сықылды болу керек. Бұған көнбей, Қалел айтқанша, сөз аяғында тұйықталып келген «б»-да «п» болып естілмейді, көмескіленіп «п»-дан көрі «б»-ға жақын болып естіледі – деп білсек, сөз аяғындағы «б» мен «п»-ның жазылуы «тіл құралша» болсын жүйесінше жазбай болмайды. «Б»-мен басталатұн жалғау, жұрнақтар қатаң дыбысқа «п»-мен басталып жалғанады, - оны естілуінше жазуымыз керек. Мисал: «біз азбыз», «біз ашпыз», «қазба», «аспа». Жалғау, жұрнақтардың жазылуын дыбыс жүйесіне келтірмей, «п» орнына «б» жазуымыз: қатаң дыбыстардың дербес қасиетін елемегендік болады, оның жөні жоқ.
Маннан мен Міржақып арабтың төрт әрпінен айырылмаймыз - деуі қисынсыз, ол төрт әріп әліпбиден шығарылмаса, тіл бұзылады. Ол төрт әріп тұрғанда, қазақтың өз сөзі болып кеткен «Асан», «Үсен», «Зәуре», «Әкім», «Бақыр» сықылды сөздерді Манан мен Міржақыб: «Хасен», «Хұсейн», «Зухра», «Хакім», «Фақыр» деп жазатұн болады; Сонан соң тіл бұзылмай қойылмайды. 
«Сұу», «жызылу», «бій», «қый» сықылды сөздердің аяғындағы дыбыстары орыстың дауысты ұзын «у» мен «и»-не ұқсап естілетұны рас. Бірақ бұл сөздерге дауысты дыбыспен басталатұн жалғау, жұрнақтар жалғасақ: бітеу буындағы дауысты «ұ», «ы»-лар ашық буынға келіп дауыссыз «у», «и»-лардан айырылып шығады: «сұуат», «жазыуы», «бійіміз», «қыйады»-деген сөздер де дауысты «ұ» мен «ы»-да, олардан соңғы дауыссыз «у» мен «и»-да анық естіледі. Орыстың дауысты «у» мен «и»-не ұқсап естілетұн қазақша дыбыстардың бәрі де осылай, - сөзге жалғау, жұрнақтар жалғағанда ішіндегі дауысты дыбысы мен дауыссыз «у», «и»-лері бірінен бірі айырылып шығады, - тұйық буында көмескіленіп естілетұн дауысты «ұ» мен «ы» буын ашылғанда анық естіледі. «Құйын», «күйеді» сықылды сөздердегі «ұ» қандай анық естілсе, «қиын», «кійеді» сықылды сөздердегі «і»-да сондай анық естіледі; «күйеді» де «ұ» жоқ деп дауласу қандай қыйсынсыз болса, «кійеді» де («к» -ден соң) «і» жоқ деп дауласу да сондай қыйсынсыз. «Кійеді» де «і» бар екені рас болса, - оның түдбірі «кій»-де де «і бар екені рас. «Кіи»-дің «і»-сі мен «и»-нің тізбегі орысша дауысты «И»-ге ұсаб естіледі, сондықтан оны екі дыбыс емес, бір дыбыс – деп білу керек – деп дауласу: Орысшаға еліктеу болады. Қазақ тілінде 24 дыбыс бар; оның бесеуі – дауысты, бұл дауысты дыбыстар арасына дауыссыз дабас салмай, біріне бірі жалғана алмайды. Бұлардан басқа 19 дауыссыз дыбыс (мұның ішінде «у» мен «и» де бар) бірі мен бірі, әсіресе дауысты дыбыстармен жалғана алады: «и» да, «у» да дауысты дыбыстардың қандайымен да жалғана алады, - алдынан да, артынан да жалғана алады («қой», «тай», «тау», «егеу», «қоян», «тауық»). «іи» де орысша «И» деп, «іу» мен «ұу»-ді орысша «у»- десек: басқа дауыстылардың бәріне де жалғана алатұн «у» мен «и» дыбыстары дауысты «ы» мен «и» де, «ы» мен «у» да, «ұ» мен «у» да қатарынан бір жерге сыйыса алмайды, бұлардың бірі мен бірінің жалғануы мүмкен емес – деген, ақылға да, тілдің заңына да келмейтұн өз алдына бір ережеміз болуы керек. Мұқтар мен Телжанның ұсынысын қабыл алыб, қазақ тілінде дауысты «и» мен «у» бар – десек: әлгіндей жалған ережеден құтыла алмаймыз. Оқушы бастаб әріптермен танысқан соң, түрлі әріпті бірімен бірін тізіп үйренеді; тізілген әріптерді қоысп оқып үйренеді; өзі қосып оқи алмағанын оқушыдан сұрайды, осылай өз бетімен әріп тізіп оқыған оқушы, аса кшше болмаса, - түрлі әріптерді тізе келе, мәселен «ы»-ға «и»-ді жалғап тізуі мүмкін, - зейінді оқушы «ы» мен «и» -дің тізбегі қалай оқылатұнын оқытушыдан сұрамай, өзі-ақ оқып кетеді, - бірен саран оқи алмайтұны болса, амалсыз оқытушыдан сұрайды. Сонда оқытушы балаға не деп жауап бермек? Оқытушының жауабы тек мынадай қана болуға тиіс: «бұл дыбыстар басқа дыбыстардан өзгеше,; басқа дыбстар бірімен бірі жалғана береді; бірақ бұл дыбыстар олай біріне бірі жалғана алмайды» деп қана түсіндіруі керек. Оқытушының балаға онан басқа айтар дәлелі болмайды; ол айтқан дәлелі тілдің заңына келмейтұн жалған ереже болады. Оның жалған екені көп ұзамай-ақ, оқушы сөз жүйесін оқи бастағанда-ақ, - анықталып шығады: оқушы сөз жүйесінен етістіктің жіктеулері мен танысады,-дауысты дыбыстармен тынатұн етістік түбірімен «ймын», «йысын», «йды» деген жіктеулер жалғанатұнын біледі, - «қара» + «йды» = «қарайды», «күре» + «йді» = күрейді болатұынын біледі, «оқы» + «йды» = «оқыйды» болатұнын да, «ы» мен «й»-дің біріне бірі жалғана алмайды деген ереженің өтірік екенін біледі. Бес күнге бармайтұн өтірікті балаға ереже есебінде үйретудің түк жөні жоқ. Қазақ тілінде дауысты «у» мен «и» бар – десек, оны өтірік ережесіз түсіндіру мүмкін болмайтұны жоғарыда айтылады. Баланы өтірік ережемен оқыту үшін ол өтірік ереженің өтірігі ашылмайтұн болуы керек; дауысты «у» мен «и»-дің өтірігін ашпау үшін сөз жүйесінің заңдарын бұзып, «ы»-ны дауысты дыбыс табынан шығару керек: дауысты дыбысқа «йді» болып жалғанатын жіктеу «ыға» екінші түрлі болып жалғанады, - «ы»-ның өзі жоғалып кетеді де жіктеу дауысты «й» мен басталып жалғанады –деген тағы бір жалған ереже керек. Жалған ережеге көнбейтін дұрыс ережелер толып жатыр; жалған ереженің өтірігін ашу үшін ол дұрыс ережелердің бәрін де осылай бұзып, тағы да толып жатқан жалған ережелер шығару керек болады, -жана басталып түзеліп келе жатқан «тіл құралдың» заң ережелерін қопарып бұзу керек болады. Тілдің заңына келтіріп шығарған ережелердің орнына жалған ережелер кіргізіп, былықтыру керек болады, сол былықтардан құрастырып жаңадан дыбыс жүйесі, сөз жүйесі шығару керек болады, «ыу» мен «ұу»-ды дауысты «у» деп білудің қыйсыны да осындай; ол үшін тағы да толып жатқан өтірік ережелер керек болады, «сауық», «жауын» деген сөздердегі «а» мен «у», «егеуім»-дегі «е» мен «у» қандай анық болса, «сұуық», «жұуын»-дардағы «ұ» мен «у» да, «егеуім» деген сөздегі «і» мен «у» да сондай анық. «Жұуын» да «ұ» мен «у» қатар тұрғаны рас болса, оның түбірі «жұу»-да да қатарынан «ұ» мен «у» бар екені рас; «егіуім» де бар «і» мен «у»-дың тізбегі «егіу»-де де бар. «Ы» тақырыпты бітеу буын ережесі жойылған соң, «у» мен «и»-дің жазылуы дыбыс жүйесінше де, сөз жүйесінше де дұрыс болып шығады: «жазыу» мен «жазыуы» біріне бірінің сүгереті ұқсас («жазылыуы» сөз жүйесінше) болады; «жазыу»-дағы «ы»-ны қалдырмай жазатұн болған соң, -оның жазылыуы дыбыс жүйесінше де дұрыс болады, дыбыс жүйесі мен сөз жүйесінің екеуіне де дәл келетұн жазудан жеңіл жазу болмайды.

Мұқтар «сұу»-ды «су» деп, «сұуат»-ты «суат» деп жазатұн болса, олай жазу («у»-ды дауысты ұзын «у» деп білген күнде) сөз жүйесінше дұрыс, «сұуат»-дың сүгіреті «сұу»-ға ұсап түседі; бірақ «суат» деп жазу дыбыс жүйесінше дұрыс болмайды: «сұуат»-тың ап анық естіліп тұрған «ұ»-сын жоғалтып жіберуді дыбыс жүйесі көтермейді. 

Телжан «и» мен «у» дауысты дыбыстар табына кіргізгенмен еш кемшілік болмайды деді. Жалғау, жұрнақтарды түбір сөзге Телжанша жалғап тексерсек: қазақша дыбысты тап-тапқа бөліп жіктеу мүмкін болмайды. Ұяң дыбыстардың ілік жалғауы «ның» болады («нанның», «шаңның»), дауысты дыбыстардың ілік жалғауы да «ның», «баланың», «кісінің» дыбысты Телжанша тексерсек, ұяң дыбыстарды да дауысты деп білуіміз керек. «Сын», «сіз» сықылды жіктеулер, «шы», «шыл» сықылды жұрнақтар, дауысты дыбысқа да барлық дауыссыз дыбыстарға да тек бір түрде ғана жалғанады («баласын», «баласыз», «жылқышы», «қарашыл», «азсын», «азсыз», «малшы», «қазақшыл»). Телжан мұндай жұрнақтарды дәлел қылып, дауыссыз қатаң дыбыстардың дауысты дыбыстарға қосылмайтұн жерлері де бар, сондықтан қатаң дыбыстарды дауысты дыбыс табына кіргізгеннен де артық кемшілік болмайды –деуі мүмкін. Түрлі ұғымдарды тап-тапқа бөліп жіктегенде, Телжанша жіктейтін болсақ: ешбір ұғымда да тұрлаулы қылып жіктеу мүмкін болмас еді, - ешбір пәнде де жүйе болмас еді. Дұрысында адам баласының ақылы түрлі ұғымдарды Телжанша жіктеуді көтермейді, - оны тап-тапқа бөліп жіктегенде, әр тапты біріне бірі қатыспайтұн қылып жіктейді. Қазақша 24 дыбысты бізде солай қылып жіктеп отырамыз: бірінен бірінің еш басқалығы жоқ дыбыстарды өз алдына бір тапқа кіргізіп жіктеп отырмыз. «ң», «н», «м»- үшеуін бір тапқа кіргізіп жіктеп отырмыз: бұл үшеуінің дауысты дыбыстармен ортақ қасиеті де толып жатыр («баланың», «нанның»; «баламен», «нанмен», «балада», «нанда»), бұлардың жарты дауысты дыбыстармен ортақ қасиеттері де көп («нанды», «сұуды»; «нансыз», «сұусыз»); бұл үш дыбыстың басқа дыбыстардың қайсысымен де ортақ қасиеттері жоқ емес; бірақ бұл үш дыбыс дауысты дыбыстардан да басқаша («баланы», «нанды», «баладан», «наннан»), жарты дауысты дыбыстардан да айырылып шығады («сұулар», «нандар»); ымыралы, қатаң дыбыстардан да осындай басқалығы бар. Бірақ бұл үш дыбыстың өзара бірінен бірінің басқалығы жоқ; біз осындай, өзара бірінен бірінің басқалығы жоқ дыбыстарды жиып өз алдына бір тап қылып жіктеп отырмыз. «Р», «у», «и» - үшеуінің бір бірінен еш басқалалығы жоқ, сондықтан бұл үшеуін бір тап деп отырмыз, түрлі ұғымды тап тапқа бөліп жіктеудің осындай мәнісі болады. Оны Телжан білу керек еді, сүт еметұн жануарларды Телжанша жіктеп: «бұзау торпақ, ұрғашы сиыр, бұқа – бәрі де сиыр; бірақ өгізді сиырдың табына кіргізуге болмайды, өгіздің атқа ұқсас жері көп, сондықтан өгізді – жылқы деп білу керек: өгіздің жылқыға ұсамаған жері де бар, бірақ жылқыға ұсаған жері де бар, - өгізді жылқы дегеннен артық кемшілік болмайды» - деу қанша қисынды болса, «у» мен «и»-ді дауысты деудің қисыны да сондай.

Бақылау сұрақтары:

1. А.Байтұрсынов жазуы және емле ережелерінің тарихы туралы не білесіңдер?

2. Қ.Жұбанов қазақ жазуы жайлы еңбектеріне тоөталыңыз.

3. Елдес Омаровтың қазақ жазуына қосқан үлесі қандай?

4. Е.Омаровтың қазақ емлесі жайлы жазған еңбектері.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.  Н.Әміржанова латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясы (1929-40жж.). канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2010ж.

№5 дәріс. Қазақ тіліндегі фонетикалық құбылыстар.

Дыбысты зерттейтін бейтілдік ғылыми пәндермен салыстырғанда фонетика дыбыстық құбылыстарды тілдік қарым-қатынас үшін қажетті сөздер мен сөйлемдердің материалдық тұрпатын жасаушы тілдік жүйенің элементі ретінде қарастырады. Тілдің дыбыстық жағы мұндай қызметтен ажырап қалса, түсініксіз болады. Тіпті сөз ағымындағы жекелеген дыбыстардың өзі тілдің мазмұндық бірліктерімен байланыста, яғни фонеманың өкілі (варианты, аллофоны) ретінде ажыратылады. Мысалы, майсөк сөзі мәйсөк түрінде берілгенмен, алғашқы буындағы фонема а болады, себебі қазақ тілінде май деген түбір бар да, мәй деген түбір жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет