Орфография және пунктуация мәселелері


Емлені ескеруіміз керек. "Ана тілі" газеті. 14-Ақпан, 2013 ж



бет5/8
Дата08.06.2018
өлшемі0,6 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Емлені ескеруіміз керек. "Ана тілі" газеті. 14-Ақпан, 2013 ж.  


Сейдін БИЗАҚОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Латын мен кириллицаның бір үлгідегі жазу жүйесі екені, бір-бірінен алшақ кете қоймайтыны, олардың араб жазуымен салыстырғанда анағұрлым қолайлы екені, ортақ жақтарының басым екені белгілі. Араб жазуынан, иероглиф жазуынан, басқа да таңбалы жазудан латынға, кириллицаға көшу қиынырақ шығар. Ал латыннан кириллицаға көшу қиындық келтірмейтінін 1940 жылғы тәжірибе көрсеткен еді. Қазіргі таңда латынға оралу үлкен қиындыққа неліктен кезігіп отыр дегенде, оның бірден-бір себебі біздіңше әріп санын күрт азайтуға барып тіреледі. Олай болмағанда 2025 жылға дейін созбай, 2-3 жылда-ақ латынға өтуге болар еді. Қазіргі 42 әріптің едеуір бөлігі төл сөзімізге кіріп кеткен кірме таңбалар болғандықтан, мұндай әріптерді әліпбиден алып тастап, әріп санын 26-дан асырмай, соған лайық емле-ереже жасау қажет деген, біздіңше, біржақты айтылған пікір. «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру қазіргі қолданып отырған кириллица әліпбиімізді қырнау, өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асуы керек» деп мәселені дұрыс қоя білген, кейбір қаламгерлер: «Әліпбиімізді латынға көшіру мәселесі түбегейлі шешілген күнде, сөз жоқ, кірме сөздердің орфограммасы бүгінгі қалпында қалмайды, қазақыланады. Жаңа әліпбидің негізгі мақсаты – тілімізге тән емес артық дыбыстардан құтылып, әріптер санын мейлінше азайту болмақ» деп ой түйеді.

Қай тілді алсақ та әуел баста дыбыс саны анағұрлым шектеулі болған. Кейіннен тіл-тілдің дамып, жетілу барысында оның дыбыстық жүйесі де көбіне-көп басқа тілдің әсерінен болса да, өзгеріске ұшырап, молығып, түрлене түскен. Халықтың қоғамдық-әлеуметтік дамуына, тілі мен мәдениетінің өркендеуіне байланысты оның дыбыстық жазуы да өзгеріп, жетіліп отырады. Бірінші Петр патшаның тұсынан бастап зиялы қауымның түгелдей шетел тілінде, әсіресе француз, неміс тілдерінде сөйлеу дағдысы орыс тілінде де өзіндік із қалдырған, соның арқасында орыс әліпбиінің бірнеше әріппен молыққаны айтылып жүр. Әліпбиіміздегі әріптің үштен біріне дейін қысқартып тастау жетпіс жыл бойы кириллица әліпбиі негізінде емле-ережесін ұштай отырып жетілдірудегі жетістіктеріміз бен оң өзгерісті зая кетіріп, әдеби тілімізге қыруар қиянат жасап, оны кері кетіру болып шығар еді. Мұның өзі орфографияға, демек, оқу-ағарту саласына қисапсыз қиындық келтірер еді. «Соның салдарынан тілімізді үйренуге икемделе бастаған қандастарымыз бен ұлты бөлек отандастарымызды шошытып алмаймыз ба? деген сұрақтар қалайда маза бермейді» дейді қайсыбір тіл жанашырлары. Қала балаларын айтпағанның өзінде, алыстағы қазақ ауылындағылар да еуропа, тауар, зауыт секілді емлесі өзгерген сөздерді жазғыза да, айтқыза алмай, мұғалімдер қиындық көруде. Әріп санын күрт азайту мен бір дыбысты қос таңбамен белгілеудің кесірінен латынға тез арада көшкен өзбек, түркімен, әзірбайжандар жаңа әліпбиін қайта-қайта түзеп әлекке түсіп жатқаны айтылып жүр.

Бүгінгі әліпби мен емле-ережесі «орыс тілінің игі ықпалы» деген желеумен жылдар бойғы «орыстандыру саясатының» кесірінен мүлдем бөлек жүйеге жататын тілдің көшірмесі ғана деген тұжырымның жөнсіздігі күмән келтірмейді. Тілдердің бір-біріне тигізетін әсерінен ешқандай да зиян жоқ. Ешбір тіл томаға-тұйық қалпында, бөгде тілдің әсеріне ұшырамай, өздігінен дамып, жетіле алмайды. Бір тілдің бір тілді үстемелеп, байытып, түрлендіріп отыруы – барлық тілге тән ортақ заңдылық. Ғалым Е.Н.Шипова «Словарь тюркизмов в русском языке» атты 1976 жылғы еңбегінде орыс тіліне енген екі мыңдай түркі сөзін келтірсе, қазіргі зерттеушілер олардың саны 5-6 мыңдай деп жүр. Октябрь революциясынан кейінгі тұста баспасөздің дамып, жаппай сауаттылыққа қол жетіп, тіліміздің кемелдене түсуіне орыс тілінің айрықша ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Мұның қазақ тілінің үндесімінің жетіле түсуіне де әсері болғаны анық.


«Бізде анау әріп артық, мынау таңбаның керегі жоқ» деген сөз орынсыз. Бұл тек саясат­қа сайғандық қана. 42 таңбалы әліпбиіміздің шыңдалғандығы сонша, мұнымен қай ел, қай жұрттың да дыбысталуы небір күрделі сөздерін бұлжытпай бейнелей алады» деген Сабыржан Шүкірұлы: «Біз тіліміздің бай дыбысын жоғалтпауымыз, кемітпеуіміз керек. Барыңды бұтарлап тастап, өз тілінің қандай әуезді үнін мыңқылдатып қойған­дағы табарың не?! Тіл тағдырын технократ­тық тұрғыдан да, саясатқа салынушылықпен де, дүрмекке ерген желбуаз қиялдармен де шешуге болмайды» деп тұжырымдайды («Ана тілі», 01.04.1999). Жаңа әліпбиді әріп санын күрт азайтумен қабылдаса, көпшіліктің латын әрпіне көшудің өзіне үрпиісе қарары сөзсіз. Оның үстіне тілі сынып, жаттығып қалған жастарымызға в, ф, х, ц, т.б. он төрт дыбысты бұрмалап айтыңдар десек, тілімізді құбыжық етіп көрсететін жасанды шара болып шықпай ма, әр дыбысына бір-бірден әрпі бар, тіліміздегі бар сөзді түгелімен, соның ішінде шеттен енген сөздерді де анық, дұрыс таңбалап беруге қолайлы қазіргі әліпбиімізді нағыз жетілген, оңтайлы алфавит деушілер де бар. Қазақ тілінде «в» дыбысы жоқ деп, Еуропа, бәгөн, тауар деп жазып жүрміз. Ал мамандар өз бастауын латын тілінен алатын химия, биология, зоология, физика, математика, медицина, т.б. ғылым саласына қатысты терминдердің в, х, ф әріптерінен басталатыны қаншама дей отырып, олардың бәрін өзгертіп жазу сауаттылықты кері кетіретінін айтып жүр. Шынтуайттап келгенде, жоғарыда аталған дыбыстардың басым көпшілігінің қазақ тіліне де тән екені, ол дыбыстарды таңбалайтын әріптің керек екені даусыз. Ал «в» қазақ тіліндегі жиі айтылатын дыбыстың қатарына жатады. Сатып алды, сұрап едім, көп өнім, барып еді, оқып отыр (айтылуы сатывалды, сұравем, көвөнім, барыведі, оқывотыр) тәрізді тіркестерді айтпағанның өзінде көбірек, кібіртектеп, абайла, көбіне, тебінгі, әбігер, кебір, кебу, хабар, шыбын, абыр-сабыр, кәсіпорын, себеп, ыбырсу, шіби, ебелек, обыр, обал, өбу, нобайла сөз тұлғаларының айтылуы көвірек, ківіртіктеп, авайла, көвнесе, тевінгі, әвігер, кевір, кеву, хавар, шывын, авыр-савыр, кәсіворын, севеп, ывырсу, шіви, евелек, овыр, овал, өву, новайла екенін ескермейтін болдық. Бұл сөздерді в-мен дыбыстау жеңілірек болғандықтан, солай жазып-таңбалау қалыптасып кетер ме еді?! Ал орыс тілінен ауысқан Европа, завод, авария, кавалер, адвокат, вокзал, вахта, еврей сөздеріндегі в әрпін жат дыбысқа жатқызып, Еуропа, зауыт, ауария, кауалер, адуакат, уакзал, уахта, еурей деп жазудың сауаттылықты кері кетіретіні анық. Барша түркі тілдерінде х әрпі жиі қолданылады. Біздің де сөздің табиғи айтылу қалпын бұрмаламай, туыс тілдерден алшақтатпай ахмақ, рахмет, хазірет, хауіп, махрұм, хайрам, сахара, рахат, ахихат, ахпарат, хақы, хұқық, архар, жемхор, бұхара деп х әрпімен жазғанымыз тиімді болмақ.

Қазақ әліпбиіндегі әріп санын күрт кеміту орфографияға қыруар қиындық келтірмек. Әріп санын азайтпау сауаттылық дәрежесін арттыра түсуді жеңілдетпек әрі сөздің тұлғалық даралығын сақтау үшін де қолайлы дейтін авторлардың дәлелі көкейге қонымдырақ. Мысалы, х әрпін қолдану ар­қасында хал-қал, хат-қат, халық-қалық, хас-қас, халайық-қалайық, хан-қан, ханым-қаным, хатым-қатым, хина-қина, хор-қор, хорда- қорда, хош-қош секілді көптеген сөз тұлғалық дербестігін сақтаған. Тіпті 40 әріпке қосымша құйрықты җ (дж) әрпін таңбаласақ, Джордж-Җорж, Джон-Җон, джунгли-җунгли деп жазу мүмкін болар еді. Қайсыбір қаламгер қазіргі қазақ әліпбиіндегі в, е, э, ы, х, һ, ц, ч, щ, ю, я әріптерін өз тіліміздегі сәйкес келетін дыбыстармен ауыстырып жазуымыз керек. Өйткені орыс тілін оқымаған қарттарымыз пәбіріике (фабрика), пұузыйа (фузия), бәгөн (вагон), барбарыйзым (варваризм), тұурызым (туризм), күйнө (кино), мәнтөр (мантер), бүйне (вино) деп айтқан. Сонда ғана тілдік заңымыз бұзылмай, өз қалыбын сақтайды дегенді тілге тиек ететінін қайтерсіз («Ана тілі», 9.07.2009).

Профессор Қ.Жұбанов ұсынған ф, х, ч, э, ц, я, ю әріптерінің термин сөздерді жазуда да, төл сөздеріміздің тұлғалық даралығын сақтап жазуда да игі әсері болғаны анық. Несібеміз кемімей, есеміз кетпесін десек, тіл саясатын кемелдендірейік. Қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы қыруар әріпті төртін өгейсітіп, жат дыбыстарға жатқызып, әліпби құрамынан шығарып тастау, соның ішінде в, х, ф, ч, э, ю, я деген дыбыс та, әріп те жоқ деп, оларды бүтіндей орыс тіліне теліп, шетқақпайлау шындыққа жанаспайтын, жартыкеш, жан-жақты дәлелденбеген, емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдыратын шешім демеске лаж жоқ. Ондай жағдайда орыс тілі арқылы енген халықаралық сөздердің орфографиясын тиянақтау мүмкін болмай қалар еді. Әбден қалыптасып, сіңісті боп кеткен неше жүздеген сөзді өзгертіп жазатындай еш ділгірлік жоқ. Аталған дыбыстарды кірме емес, байырғы түркілерде бұрыннан бар дыбыстар дегенді де дәлелдеушілер бар. Қайсыбір авторлардың кирилл әліпбиі негізінде «қазақ тілінің өзіндік сөйлеу мақамын қалыптастырып, орнықтыруға, жазу мәдениетін жетілдіріп, дамытуға ықпал еткен жағдайларды» қаперге алмай, қазақ алфавитінде мұншама әріпті жат дыбысқа жатқызып, ойланбастан бір-ақ қырқып тастауға тырысқанына қарсы уәж айта отырып, зертеушілер бұл дыбыстардың тым әріден арна тартатынын, «орыс сөздерінің ықпалы емес, қазіргідей ашық, айқын, нақ сөйлеуге жеткізген, ұлттық тарихи даму жолында пайдаланған барша жазу тәжірибесі мен өзінің үнінің табиғи жетілу нәтижесі деп білген жөн.Үніміз өзгерген жоқ, тіліміз ұзарып не қысқарып кеткен жоқ. Сол баяғы қазақ дыбысы, қазақ үні, қазақ сөзі қалпында» екенін еске алып, ой қорытады («Ана тілі», 30.05.2002).

Тағы бір айта кететін жайт, әріп санын күрт қысқартуды жақтаушылар көлем жағынан да үнем жасалатын ю, я, ц, ч, щ дыбыстарын айтпағанның өзінде ң, ш, ғ, тағы басқа әріптерді де екі таңбамен таңбалауды жақтайды. Мұның тиімсіз екенін орыс ғалымдары І Петр заманынан бері айтып келген. Бір дыбыстың бірнеше қосарлы таңбамен белгілеу – сөздің жазылуы тілдің қазіргі күйіне сәйкес келмейтін, сөз үйреншікті боп кеткен дағды бойынша жазылатын орфографияның тарихи-дәстүрлік принципін ұстанған тілдердің емлесіне тән ерекшелік. Сауаттылықты қиындататын бір дыбысты бірнеше таңбамен берудің еш қажеттігі жоқ. Латын әрпімен мүмкін болмайтын кирилл әліпбиіндегі кейбір әріпті қосар әріп, диакриптикалық таңбамен бермей, сол күйінде қалдырған немесе қосымша таңба ойластырған ұтымды болмақ. Кирилл әліпбиінің бір артықшылығы таңба үстінен ешқандай да ноқат қойылмайды. Ноқат пен дәйекше дыбысты анықтайтын таңба табылмаған жағдайда амалсыздан қойылады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары «ұлы», «улы» секілді сөздерді ажыратып жазуды жеңілдету мақсатымен «у» таңбасын «ұ» деп өзгерткені мұның бір айғағындай.



Сөздің үндестігіне сәйкестендіріп, жаңа қазақ жазуына емле-ережені қоса қамтитын түбегейлі реформа керек дегенде де қарсы айтар уәжіміз бар. Өйткені өткендегі қазақ сөзінің үндесімі мен қазіргі үндесімінің арасында елеулі өзгешелік бар. Бұл – тіліміздің дыбыстық құрылымының күрделеніп, жетіле түсу барысында сөздің әуезділігі мен естілім жағымдылығын арттырған құптарлық өзгеріс. Тілдің даму диалектісі мен жазудың сөйлеу тіліне тигізетін әсерін ескеріп, мәселені «қазақ тілінің үндесін бұзбайтын» деп емес, қазақ тіліндегі сөздің әуезділігін сақтап, оған нұқсан келтірмеу тұрғысынан қарастырғанымыз анағұрлым нәтижелі болмақ. Сөздерді үндесімге бағындырып жазу керек дегенді алға тартып, жазылуы қалыптасып кеткен құю, сою, күю, сүю, үю, ию, ою секілді сөздерді төрт-бес әріппен таңбаласақ, сауаттылықты кері кетірмейміз бе? У фонемасы өзге дауыссыздардың алдынан ұ дыбысын қосып айтумен ерекшеленетіндіктен, алу, бару, келу сияқты сөздерді алұу, барұу, келүу түрінде қосарлы әріппен жазу қазақ сөзінің дұрыс айтылу нормасын сақтауға көмектеседі деген пікірдің қисынсыздығы ойға оралады. Жазылу емлесі сөздің айтылу транскрипциясына жақындатылған байи (байый), кейи (кейій), көбейе (көбэйе), есейе (есэйе), еңкейе (еңкэйе), көркейе (көркэйе), күшейе (күшэйе) тәрізді сөздердің орфографиясы баи, кеи, көбее, есее, еңкее, көркее, күшее түрінде қалыптасуы да мүмкін еді. Орыс тілінде осыған ұқсас сөз тұлғаларын «более», «менее» деп жазып жүр емес пе. Сөз құрамында басы артық дыбысты үстемелеп жазу тіліміздің орфографиялық нормасы үшін де, орфоэпия заңдылығының қалыптасуы үшін де қолайлы емес. Өйткені басы артық әріппен тілдің табиғи әуезділігінің берекетін кетіруіміз мүмкін. Жазуда бірізділік сақтамай, ала-құлалыққа жол беріп, жоқ жерден мәселе тудырудың тіліміздің дыбыстық құрылымының даму, тиянақталу үрдісіне тежеу жасайтыны белгілі. Бұл айтылғанның дәлелі ретінде ы, і қысаң дауыстыларына қатысты емле қатесінен көз сүрінетінін айтсақ та жеткілікті.
Сый, тый сөздерінде ғана жазылып келген орфограмма барлық и таңбаланатын тұстарда жазылсын дегенмен де келісу қиын. Қосарлы -ый, -ій әріптерінің орнына жалаң и дауыстысын жазуға көшу академик І.Кеңесбаевтың зор беделінің арқасында ғана жүзеге асқан еді. Кезінде іске асуы армандай қиын көрінген емледегі осындай оңтайлы түзету тіліміздің дыбыстық құрылымының ішкі мүмкіндігінің көзін ашып, тиімді түрде пайдалану арқылы орфографияны жетілдірудің сәтті қадамы, дер кезінде енгізілген түзету болғанын уақыт, тәжірибе дәлелдеп отыр. Қазіргі ұрпақтың бұрындары жыйнал, тақыйя, сыйрақ, тійме, кійме, ақыйқат қағыйда, быйылғы, табыйғи, саясый, тійімді, яғный, ылғый деп жазылып жүрген сөздерді жинал, тақия, сирақ, тиме, киме, ақиқат, қағида, биылғы, табиғи, саяси, тиімді, яғни, ылғи деп жаңа жазылуына сәйкестендіріп, естілуін құлаққа жағымдырақ етіп айтуды үйреншікті дағдыға айналдырды. Енді мұндай сөздерді ертеректегі емлесімен жазайық деп айта қалса, оны жұртшылық қолдай қоймас еді. М.Балақаев та өз еңбектерінде қосарлы ый, ій әріптерін жалаң и әрпімен таңбалау «жазуды жеңілдетіп, оның мәдениетін жақсартқанын» атап өткен еді.

Жаңа әліпби қабылдаған кезде негізінен үндестік заңына басымдық беру керек. Қазіргі тілімізде өз әсерін жоғалтып алған ерін үндестігін қалпына келтіру жағын да латынға көшер тұста ескеру керек деген ұстанымның да тілді алға оздырмайтыны белгілі. Өткен дәуірдегі орфоэпиялық өлшемнің бәрі бірдей тілде тұрақтап қала бермесі анық. Ал қайсыбір дыбыс алмасуын тудыратын фонетикалық заңдылықтың мүлдем солғындап, жоғалуға бағыт алуы мүмкін. Әуел баста барша түркі тіліне ортақ болған сингармонизмнің әсері әр тілде әрқалай. Кейбірінде өз әсерін толықтай сақтаса, екіншісінде оның әсері солғындау немесе шамалы ғана. Тағы бір тілдерге сингармонизм тән емес. Мұны олар тілдің дыбыстық құрылымының күрделеніп, жетілуімен түсіндіреді. Қазақ тілінде де сингармонизм елеулі өзгеріске ұшырады. Түркітанушылар өткен ғасырдың 50-ші жылдарында-ақ ерін үндестігінің қазақ тілінде жойылып бара жатқанын мойындаса, қазіргі жазу нормасының бұл бағытты тереңдете, айқындата түскені анық. Көмір, күрек, үлкен, отын, осы, көзі, бөрік, өркен, көген, құлпы, көрік, өлең сөздерін ерін үндестігімен айт деп талап қою қазірдің өзінде қиын. Сондықтан қазіргі адамдардың сөйлеу тілінде ерін үндестігімен айтылған сөз нұсқасы қолданылмаса, қайсыбір авторлардың оны «Тіліміздің орфоэпиялық нормасын бұзатын өрескел қателер» деп бағалауы қазақ тілінің қазіргі даму бағыты тұрғысынан дәлелді бола қоймайды. Аға ғалымдарымыздың ерін үндестігінің қазақ тілі үшін айтарлықтай мәні жоқ, ескіріп қалған заң екенін ерте кезден-ақ ескергені – тілдің табиғатына тереңірек үңіліп, алға басушылық пен ауытқушылықты зерделей білгені, көңіл көзін әрірек жүгірткен ғылыми көрегендігі деп білеміз. Өйткені кейінгілер үлесіне ізгі ізденістер қалдырған аға буын ғалымдарымыздың күмән келтіруге болмайтын дұрыс тұжырымына ден қойғанымыз жөн. Ерін үндестігіне қайта оралу тілдің қадір-қасиетін арттыру былай тұрсын, оның тартымдылығы мен әуезділігін төмендетіп, дамып жетілуіне тежеу жасап, кедергі келтірер еді. Тілдің әсем әуез ырғағына сәйкес табиғи дұрыс дыбысталу заңдылығына нұқсан келтірмеу арқылы ғана оның сәні мен мәнін сақтай аламыз деп жүрміз емес пе?! Езу үндестігі қазіргі тіліміздегі басты фонетикалық заңдылық болғанымен, аралас буынды сөздердің қатары елеулі түрде көбейді. Сөйтіп, мұнда да тілдің дыбыстық құрылымының күрделене түскені байқалады. Аралас буынмен айтылатын бидай, ғазиз, ғибрат, жиһаз, инабат, ылғи, жина, қағида, ғибрат, мұғалім, ғанибет, пида, пиала сияқты сөздердің естілімі әуезді де әсем ырғақты. Әсіресе саудагер, жемқор, қаланікі, айлакер, қайраткер, адамгершілік секілді қосымша жалғанған аралас буынды туынды сөздер көбірек. Қазіргі ұрпақ XVIII ғасырдағы сөйлеу дағдысымен арбамынан, атпынан, атамдықы деп емес, арбамен, атпен, атамдікі деп дыбыстайды.

Әлемдегі ең таңбасы аз жазу, оның бетін ары қылсын, сөздің әуезділігі мен жағымды естілімін нашарлатып, тілімізді кері кетіреді демеске лаж жоқ. Ең өкініштісі сөздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, оның графикалық бет-пішімін тым ауырлатып жіберу ата-бабамыздың аманаттаған асыл қазынамыз ана тіліміздің әріқарай дами, кемелдене, көркейе түсуіне қойылған үлкен тосқауыл болар еді. Емле-ережесін жетілдіріп, оны кем-кетіктен арылту мақсатындағы бірлі-жарым түзетулердің дұрыс-бұрысы туралы пікір алысқанда, ана тілінің мәртебесін өсіру, өрісін ұзарту, ауқымын арттыра беру жолын есте тұтпақпыз.

Қорыта айтқанда, түркі тілдеріне ортақ латын жазуына көшкенде бейқамдыққа салынбай, қалыптасып кеткен емлені өзгертіп алып, соңыра сынға ұшырап жүрмес үшін жаңа әліпбиге үлкен байыптылықпен, сарабдалдықпен барлық түйткілді мәселені әбден ойластырып, тіліміздің ғасыр бойы қалыптасқан нормасын бұзбай, сөзді дұрыс, сауатты жазуға нұқсан келтірмей, емледегі қайшылыққа жол бермей, тыңғылықты даярлықпен көшуді мақсат тұтқанымыз жөн. Екі әріпті ь мен ъ таңбаларын есептемегенде 40 әріпті құрайтын жаңа әліпби мына төмендегідей болса деген тілегіміз бар.





Бақылау сұрақтары:

1.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. А, 1971 –170 б. 43-бет

2. Мамырбекова Г. XVIII-XIX ғғ. араб жазулы қазақ жазбаларының графикалық-орфографиялық ерекшеліктері: фил. ғыл. канд. автореф. Алматы, 2006. –130 б.

3. Ильминский Н.И. Из переписи по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языкам Казань, ТИп Имп. Ун-та, 1883 –47 с.

4. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. Алматы, 1982. –220 б.

5. Алтынсарин И. Начальное руководство к обучению киргизов к русскому языку. Оренберг, 1979. 32 б.

6. Әміржанова Н. Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясы. канд. дисс. Алматы, 2010.

7. Байділдаұлы Ә. Жаңа әліппе туралы. Қызылорда, 1928. –166 бет. – 11

8. Әміржанова Н. Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясы. канд. дисс. Алматы, 2010.

9. Қазақ тілінің емле ережелері // Төте оқу. – 1938ж. –26 апрель (№10-11) // Ауыл мұғалімі. – 1938. – 9 наурыз. – 48 б. (№6)

10. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми зерттеу материалдары. Алматы, 2007. – 194 б.

4 дәріс. Қазақ орфографиясының тарихына қысқаша шолу. 1935-1938 жж. Жазу ережелеріне қатысты айтылған пікірлер, қаулылар жайында қысқаша мәлімет. Әліпби құрамындағы өзгерістер.

А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Е.Омарұлы т.б. жазу ережесі туралы пікірлері.

1. А.Байтұрсынов жазуы және емле ережелерінің тарихы.

2. Қ.Жұбановтың жазу ережелеріне қатысты айтылған пікірлері мен еңбектері.

3. Елдес Омаров және жазу ережелері жайлы еңбектері.



1. А.Байтұрсынов жазуы және емле ережелерінің тарихы.

Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады. Дала уалаяты газетінің 1896-жылғы 27-санында Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық идеясын қолдаған сауатты азамат А.Құрмамбаевтың “Қазақ тілі турасынан” деген мақаласы жарияланды. Мұнда автор қазақтың жазба тілі ноғай (татар) сөздерімен “шұбарланып барады” деп қауіп айтады. Бұл қазақ тілінің сөздік қазынасы жайындағы алғаш көтерілген мәселе болса, әрі қарай ұлттық (“қазаққа керек”) жазу-графика, орфография, пунктуация мәселелері де әңгіме бола бастайды. “Дала уалаяты газетінің” (әрі қарай ДУГ) 1896 жылғы 31-32 – сандарында жарияланған ағартушы Д.Сұлтанғазиннің “Қазақ тілінше жазу туралы” деген көлемді мақаласында қазақ тіліне шеттен келген сөздер жайында айта келіп, «көп заманнан бері қазақ тілінде жүріп, бұзылған себебінен (автор бұл кезде «бұзылған» деп фонетикалық тұрпаты қазақ тіліне икемделіп өзгерген құбылысты айтып отыр) араб, парсы сөздерін қазақтың сөйлеуі бойынша жазу жарайды» - деп орфографияға қатысты ең алғашқы пікірлердің бірін айтады. Бұл принципті қазақ емлесі күні бүгінге дейін танып келеді. Ал орыс тілінен еніп жатқан сөздерге келгенде, Д.Сұлтанғазин өзгеше принципті ұсынады. Алдымен, ол қазақ тіліне араб, парсы сөздерін көптеп қабылдай бергенді қостамайды да, орыс тілінен сөз алуға назар аудару керек дейді. Олардың емлесі жайында да пікір айтады. Орыс сөздерін екі топқа бөледі, ертеде еніп, қазақша тұлғаланып кеткендерді сол қалпында жазу дұрыс дейді. Ал жазу арқылы келген сөздерді араб жазуының мүмкіндігінше орысша тұлғасын сақтап жазуды қостайды: «орыстардың өз сөйлегендеріне ұқсастырып жазуға тырысу керек». Сондықтан жандарал, жанарал деп жүрген сөздерді генерал деп жазу керек дейді. Газет осы тәртіпті ұстанған. Біздің бүгінгі емлемізде талас тудырып келе жатқан мәселенің бірі жазба арқылы келген орыс сөздерінің орысша орфограммасын сақтап жазу немесе қазақша «сындырып» айтылуынша жазу дилеммасы басын ХІХ ғасырдан алады екен. Біз қазір «Сұлтанғазинше» жазып жүрген сияқтымыз.

Араб графикасын реформалау идеясы ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында әлеумет назарына ұсынылса да, оның жүзеге асырылуы ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылының үлесіне тигені белгілі. Бұл идеяны дұрыс түсініп, нақты іске кіріскен ұлы ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды.

Қазақ жазбаларының орфографиясы мен жазба мәдениеті туралы әлеуметтік үн де ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылы барысында ашығырақ шықты, мақалалар жарияланды, қазіргі тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен орындары көрсетілді. Жоғарыда айтылды, араб жазуымен берілген мәтіндерде ешқандай тыныс белгілері болмады. ДУГ-тің өзі бастапқы нөмірлерінде тыныс белгілерінсіз шығып тұрыпты. Кейін өзі танытып түсіндірген тыныс белгілерін пайдаланды. Бірақ не газет редакциясы, не жеке авторлар бұл тыныс белгілерінің қазақша толық (түгел) атауларын (терминдерін) бере алмады. Тыныс белгілері дегенді тыныстар деп атады және тыныс белгілерін қою емес, тыныстарды жүргізу деді. Ал жеке бірқатарының атауларын: нүктені, тыныс үтірді, жарты тыныс, нүктелі үтірді, тыныстың төрт бөлгенінің бірі, сұрау белгісін, сұралған жауаптың аяғына қойылады деп, леп белгісін ашуланып не қорқып, яки таңданып айтқан сөздің аяғына қойылды деп, осы үлгіде әрі қарай тырнақшаның, қос нүктенің, көп нүктенің, дефистің, сызықшаның терминдік атаулары емес, түсіндірмелері ғана көрсетілген. Тыныс белгілерінің осы күнгі терминдерін алғаш ұсынған А.Байтұрсынов болатын. Біршама әлеуметтік үні болған бұл газеттің (ДУГ-тің) қазақтың жазба тілі, алфавиті, пән сөздері (терминология саласы), емле, оқу құралдары туралы мәселелелерді көтеріп отырған дәстүрлерін (қарекетін) кейін ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Қазақстан» газеттері, «Шора» журналы жалғастырды. Бұлардағы ғылыми негізі бар, жүйелі түрде ұсынылған пікірлер негізінен Ахмет Байтұрсынов, М.Дулатов,М.Сералиндердің жазғандарында көрінді.

А.Байтұрсынов 1895-1909 жылдары ауыл мектептерінде бала оқытып жүрген кездерінде оны араб әліпбиінің қазақ сөздерін дұрыс жазуға келгенде үйлесімсіздігін, онда қазақ тілі үшін қажетсіз, яғни қазақ сөздерінде келмейтін дыбыстардың әріптері бар, бірақ қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне қажет ерекше дыбыс таңбаларының жоқ екендігі, олардың қажеттігі ойландырады. Ойлана жүріп қолданыстағы араб графикасын қазақ тілінің фонетикалық қалыбына салып, реформалайды. Қазақ тілі үшін қажеті жоқ артық таңбаларды ығыстырады, олар жуан дауыссыз деп аталатын араб тіліне тән дыбыс таңбалары болатын, кейбір таңбалардың жуан-жіңішкелік оппозиттерін білдіретін тәсілді ұсынады, ол үшін дәйекші деген белгіні ойлап табады. Байтұрсынов бұл проектісін «Жазу тәртібі» деген көлемді мақала етіп «Айқап» журналының 1912 жылғы 4-5 сандарында жариялайды. Қазақ тілінің әліпбиін түзу үшін алдымен оның фонетикалық жүйесін талдап береді. А.Байтұрсынов мұрасын тарихи-лингвистикалық зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, оның бұл жұмысы – нағыз ғылыми, ғылыми аргументтері күшті, тіпті бүгінгі күннің талабын да өтейтін еңбек болып табылады.

А.Байтұрсынов бұл ізденістерінде қазақ тілінің фонологиялық табиғи белгісі – сингармония заңдылықтарына сүйенеді. Бүгінгі фонетист ғалымдар А.Байтұрсынов дыбыстар жүйесін сингармофонемалар ретінде дұрыс таныды дейді. Сондай-ақ қазақ алфавитін түзуде (жасауда) болсын, грамматикалық (морфологиялық) категорияларын зерделеуде болсын, А.Байтұрсынов тіл біліміндегі парадигмалық жүйені ұстады. Парадигматилық жүйе дегеніміз – тіл бірліктерінің (дыбыстардың, морфологиялық көрсеткіштердің, емлелік тәртіптердің т.б.) екі түрлі типін бір-бірінің қарсысына қойып жүйелеу. Сондықтан қазақ әліпбиін түзуде дыбыстардың дауысты-дауыссыз, жуан-жіңішке, қатаң-ұяң сияқты оппозиттерін негізге алған. Бұл бүгінгі ғылым биігінен (жетістіктерінен) қарағанда өте дәлелді, дұрыс ұстаным болып саналады. Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынов тәртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. 1912 жылғы «Айқаптың» 9,10,11-сандарында «Шахзаман мырзаға» деген көлемді мақала жариялап, өзі көп ізденіп, іс жүзінде, мектепте балалардың сауатын ашу процесінде тәжірибеден өткізіп түзген алфавитін нағыз ғылыми-теориялық негізде дәлелдейді.

Араб жазуы (әріп таңбалары) – Құран қолданған әліпби, сондықтан оған өзгерістер енгізуге, қысқартуға, өзге таңбаларды қосуға болмайды деген діндар догматиктердің қарсы пікірлері де (мақалалары да) болғанына қарамастан, ауыл мұғалімдері, озат ойлы, білімді адамдар тарапынан Байтұрсынұлы әліпбиі батыл қолдау табады.

А. Байтұрсынов оқыту ісінде ең басты құрал – оқулық екенін айтып, ал оқулық бойынша балалар сауаттарын қиналмай тез ашуы үшін жазу тәртібі болу керек дейді.

Ахмет Байтұрсынов енгізген «Жазу тәртібі» термині «Қазақ жазба дүниесіне қажет алфавит» деген ұғымды береді, яғни қазақ тілінің табиғи фонетикалық құрылымына сәйкес тілде бар дыбыстардың жеке таңбасы (әрпі) болуы, сондай-ақ жазуда қазақ тілінің үндестік заңдарының сақталуы қажет екендігін ескертті. Бұл пікір-ұсынысқа қарсы шыққандар да болды, олар «түркі тілдеріне ортақ» бұрынғы жазу (емлеге қатысты) үлгісін сақтауды ұсынды. Демек, А. Байтұрсынов және бірқатар зиялылар қолданып келе жатқан араб әліпбиіне қазақ жазбалары үшін өзгеріс енгізу, яғни реформалау принципін ұсынды. Ол: «бір жөнменен жазылатұғын жазу жоқ», жазғанымыздың қате, дұрыстығын айтарлық емле жоқ, оның жоқтығы қазақ тіліндегі дыбыстарға ашып-арнаған әріптер жоқ» - деп жазғанда, қазақтарға қажет тек алфавит мәселесі ғана емес, соған тікелей қатысты емле мәселесін де көтерді, оның әлі күнге жоқтығын айтты.

Бұл пікірсайысты «Айқап» журналынан «Қазақ» газеті іліп әкетті. А. Байтұрсынов қазақ жазуы үшін жасаған әліпби жобасын қостай отырып, Міржақып Дулатов (Азамат Алашұлы деген лақап атпен) жаңа әліпбиге ф мен х таңбаларын енгізуді ұсынады. Бұл да тұңғыш пікілердің бірі болды. Қазақ жазуының орфографиясы ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларында тұңғыш рет сөз болды. Оның қажеттігі мен рөлі ғана дәлелденіп қойған жоқ, алғашқы ережелері іспеттес тәртіп жүйесін ұсынды. Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының емлесі туралы ой-пікірлерін өзі редакторы болған «Қазақ» газетінің беттерінде әрі қарай жалғастырып, пікірсайысқа жол берді. Емле мәселесіне келгенде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері қарама-қарсы екі түрлі бағытта болды. «Айқап» бұрынғы дәстүрлі әліпби жүйесі мен емлені қолдаса, «Қазақ», әрине, А. Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен жаңа емле принциптерін жақтады.

Сөйтіп, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ мәдениеті, жазба тілі үшін графика (әліпби) мәселесі мен қазақ жазуы емлесі жайындағы әңгіме баспасөз беттеріндегі пікірталастар түрінде әлеуметтік үнге ие болды. Бұл – қазақ рухани-мәдени дүниесінің едәуір көтерілгенін, ұлттық проблемаларға бара алатын зиялы топтың, мәдени күштің жетіле бастағанын танытты. Қазақ жазбасы сан ғасыр бойы қолданылып келген, ХХ ғасырдың басында реформаланып, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықталған, кезінде үлкен ғалымдар (Поливанов, Яковлев т. б.) «Байтұрсынов жазуы» деп, ал А. Байтұрсыновтың өзі «Қазақ жазуы» деп, кейінгі зерттеушілер «Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы» деп аталған араб таңбалы жазуды ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап латынға ауыстыру науқаны басталды. Бұл қарекет, әрине, жеке-дара қазақ мәдениетінде емес, түріктер мен әзірбайжандарда басталып, Ресей қол астындағы түркі халықтарының (татар, қазақ, өзбек, қырғыз, ноғай т. т.) барлығының саяси-мәдени өмірінде белсенді түрде орын алғаны белгілі. Бұл құбылыстың алдыңғы кезеңдердегі алфавит, соған сәйкес жазу тәртібі – орфография мәселелерінің қойылуынан өзгешелігі сол – бұл кезеңде (1924-1929 жылдары) графика мен орфография үлкен саяси-әлеуметтік үн алды. Конференция, жиындар өткізілді. Бұл проблемаларға арналған ғылыми-практикалық негіздерге сүйенген баяндамалар жасалып, үлкен пікірталастар орын алды, қазақ ағартушылары мен ғалымдары арабшылар – латыншылар болып айқын екі жікті құрады. А.Байтұрсынов, М.Дулатовтар бастаған «арабшылар» (реформаланған араб жазуын ұсынушылар) азшылық болды. Сол кезеңнің саясатына қарай өзге түркі халықтары өкілдерінің көпшілігі латын жазуын жақтап, Кеңес Одағына қараған түркі халықтары үшін латын жазуына көшу ұйғарылды.

Жазудың бұрынғысы реформаланған немесе жаңасы қабылданған кезінде оған қоса көтерілетін үлкен мәселе – сол жазуға сай келетін, яғни сол графикасымен сауатты жазуды жүзеге асыратын орфография мен пунктуация мәселелері қоса көтерілетіні белгілі, бұл әрекет әр кезеңде әр түрлі қарқында болып келді. Латын жазуын қабылдау туралы ұйымдастырылған жиын-конференциялар мен баспасөз беттерінде емле мәселелерімен қатар пунктуация жайы да кеңірек айтылды]. Жазба мәтіндерде тыныс белгілерінің ережелерін түзу (жасау) және оны пайдалану проблемасы қазақ мәтіндерінде ХІХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында көтеріліп, ХХ ғасырдың басында дұрыс, сауатты жазу үшін пунктуация өте қажетті проблема екендігі орнықты. Араб таңбалы жазуда тыныс белгілерінің жоқ болғандығы, бас әріп таңбасының жоқтығы мәтінді дұрыс жазуға, түсініп оқуға кедергі келтіретіндігі сөз болды. Әсіресе «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттері жарық көре бастағанда, тыныс белгілерін қолдану әрекеті басталды. «Синтаксистік тұтастық» (период) деп аталатын мәтін сегменттерін (бөліктерін) айырып азат жолдан (абзацтан, жаңа жолдан) бастап жазу да осы кезде көрінді.

А. Байтұрсыновтың оқулықтары мен еңбектерінде, ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» газеттерінде кеңінен орын алды. Араб жазуымен ұсынылған мәтінде орын алмаған (және орын алуы мүмкін де емес) мәселе – бас әріптің қолданылуы болып қала берді, сондай-ақ дефис пен сызықшаның қолданысы, оқшау сөздердің сөйлемдегі өзге сөздерден тыныс белгілерімен, көбінесе үтірмен бөлектетіліп көрсетілуі сияқты пунктуацияның жеке тұстары да әлі айқындалып, тұрақталмағандығы көрінді. Сөйтіп, нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Оның қолданылу тәртібі – орфографиясы 1929 жылы жеке талқыланып (Қызылордада өткен конференцияда), осы кезден бастап іс жүзінде қолға алынды: мектептер мен баспасөз және баспа орындары енді латынша жазуға көшті.

Орыс жазуына (кириллцаға) көшу процесі негізінен латынға көшкендегідей бүкілодақтық үлкен жиын-конференцияларсыз, ғылыми негізді пікірталастарсыз, көп дайындықсыз өтті, КСРО-ны мекендеген түркі халықтарының жазуы латыннан кириллицаға көшсін деген үкімет қаулысы алынды да, 1940 жылы күзде қауырт жаңа әліпбиді қолдануға жарлық шықты. Әрине, оған көшудің алдында да кейбір жиын-жиналыстар мен баспасөзде жаңа жазуға қатысты пікір айтылып жатты. Ол пікірлер негізінен жаңа жазудың емлесі жайында болды, өйткені графика түрін таңдау ғалымдар мен ағартушылардың (тіпті халықтың) құзырында болмай қалды: оны Ресейлік(империялық) мүдде мен коммунистік идеология өздері шешті, қабылдатты. Он-он бес жыл бұрынғы латынға көшу қарекетінен бұл іс-әрекеттің айырмасы – тоқпақ күштірек соғылды, ғылым мен ағарту мүдделеріне жол бермеді, оның үстіне ұлттық мүдде үшін жандарын сала күресетін, өздеріне замандас орыс және өзге ұлт білімпаздарымен сауатты түрде айтыса алатын А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Т.Шонанов, Қ.Кеменгеров, С.Омаров, Н.Төреқұлов, Б.Сүлеев сияқты ғалымдар «халық жауы» болып атылып-айдалып кеткен-ді.

Кириллицамен жазудағы бұл қиындықтар тек 1957 жылы (әрине, ұзақ пікірсайыстардан кейін) ғана біршама жинақталып, түзетулер енгізіліп қазақ тілінің орфографиялық ережелерінің жаңа редакциясы қабылданды. Бұл ережелер кодексі де, алдыңғылар сияқты ресми түрде қабылданды, яғни Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы Указымен 1957 ж. 5-маусымда бекітілді, одан кейін де бұл ережелерге түзетулер мен толықтырулар енгізілген, жаңа редакциясы да 1983 ж. 25-августа Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президумының Указымен бекітілді. Күні бүгінге дейін емле ережелерінің бұл соңғы редакциясы азын-аулақ түзетулермен қолданылып келеді. Осы ережелердің негізінде Қазақ тілінің үлкенді-кішілі бірнеше орфографиялық сөздіктері жарық көрді.

2. Қ.Жұбановтың жазу ережелеріне қатысты айтылған пікірлері мен еңбектері.

Жұбанов Құдайберген Қуанұлы (19.12.1899, Ақтөбе облысы, Темір ауданы – 25.2. 1938) – тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры (1932), түркітанушы, педагог.

Алғашқыда Оспан ишанның мешітінен дәріс алып, араб тілін үйренеді. 1918 жылы Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. Темір-Орқаш болысының әуелі хатшысы, кейін төрағасы болады. 1920 жылы Орынбор қаласындағы «Хусайния» медресесін бітіреді. Араб, парсы, орыс, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін меңгереді. 1920 жылы «Ай» атты журнал ұйымдастырып, оның бетінде М.Горькийдің «Сұңқар туралы жыр», «Дауылпаз туралы жыр», «Хан мен ұлы», т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялаған. Ақындық, жазушылық өнерімен де танылып, өлең, пьеса, т.б. жазған. Мысалы, «Мақпал – Сегіз» дастанының желісі бойынша Жұбанов Тілепбергеновпен бірігіп жазған пьесасы Ақтөбедегі кеңес-партия мектебінің, педагог техникум оқушыларының қатысуымен сахнаға шығарылып, қала жұртшылығына көрсетіледі. «Ай» деген өлеңі жоғарыда аталған журналдың беташары ретінде жарияланды. Көпшілік көкейіне тез қонатын сықақ, фельетондары сахнада, сауық кештерінде айтылып жүрсе, кейбіреулері «Еңбекші қазақта» жарияланған. 1925 жылы Жұбановтың режиссерлігімен Ақтөбе қаласында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылады.

Қ.Жұбанов 1920-22 жылдары ауылда мұғалім, 1922-24 жылдары Темір уездік оқу-ағарту бөлімінде, 1924-29 жылдары Ақтөбе губерния оқу-ағарту бөлімінде басшы қызметтер атқарды, сонымен бір мезгілде Ақтөбедегі педагог техникумда сабақ берді. Қызметтен қолы бос уақытта өз бетімен білімін толықтырған. Түркі тілдес республикалардың жаңа әліпбиге көшуіне арналып, 1925 жылы Мәскеуде өткізілген кеңеске қатысып, онда сөз сөйледі. Жаңа әліпбиді енгізу мәселелерімен айналысқан Әзірбайжан ғалымы Ағамалы оғлымен жиі хат жазысып тұрды. 1927 жылдан бастап Жұбанов Санкт-Петербургтегі орыс ғалымдарымен байланыс жасады. Түркі тілдерін зерттеуші академик А.Н. Самойлович, шығыстанушы В.В. Бартольд, тілші ғалым А.В. Щерба, т.б. еңбектерін алдырып оқыды. 1928 жылы Санкт-Петербургтегі Шығыс тілдері институтының (Шығыстану институты) толық курсын бітіріп, 1929 жылы осы институттың академигі Самойлович басқаратын «түркітану семинарийіне» оқуға түсті, 1930 жылы КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспиранты болды. Н.Я. Марр, И.И. Мещанинов, А.В. Богородицкий, т.б. белгілі тілші ғалымдардан дәріс алды. 1932-37 жылдары ҚазПИ-де (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) профессор, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды.

«Қазақ КСР тарихында» («Социализм дәуірі» деген кітапта) республикамыздағы 30-жылдардағы ғылым мен ағарту жұмыстарының жайы жөнінде кең мағлұмат берілген. Кітаптың осы бөлімінен мынандай бір жолдарды оқимыз: «Екінші бесжылдықтың тұсында Қазақтың Абай атындағы педагогтік институты ірі оқу орнына, маңызды мәдени ошаққа айналды... Қазақ әдебиеті мен тіл білімінің, Қазақ КСР тарихының көкейкесті мәселелері осында зерттелетін-ді. Институттың профессоры Қ. Қ. Жұбанов қазақ тілінің ерекшелігіне лайықталған жаңа қазақ жазуы мен емлесін түзіп, қалыптастыруда елеулі еңбек етті. Қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын жазу, оның грамматикасы мен тарихын зерттеу Қ. Қ. Жұбанов қаламының үлесіне тиген-ді».

Мұсылманшылықты қазақ арасына уағыздаушылардың күйі тым тәуір болатын. Сол кезде халық арасында молда, мұғалім аталған дін үйретушілер белгілі бір мерзім ішінде ауылдан ауылға көшіп жүріп, балаларға құран үйрететін. Баланы оқытқаны үшін еңбекақыны ата-анасы төлейтін.

Құдайбергенді жалпы білім беретін мектепке оқуға берер қарсаңында, әкесі Қуан балаларды оқыту ісін ұйымдастыруға белсене араласқан. Шағын ауылдың беделді деген азаматтарының бірі есебінде, ол өз қалтасынан қаржы шығарып мектеп ашып, оған молда-мұғалімді де өзі тапқан. Бұл мектепте молданың балаға құран үйретудің орнына, арабшаны жаңғыртып, орыс жазуының принципіне бейімделген, жалпы білім алуға лайықталған, әліпбиді оқытып жүргенін шәкірттердің ата-аналары біліп қалып, балаларын мектепке жібермей қояды, мектепте бала шәкірт Құдайберген ғана қалады. Бірақ Қуан алған бетінен қайтқан жоқ. Ағайын-туған ауылдастарының жазғырғанына қарамастан өзінің қыздарына дейін осы мектепке оқуға беріп, мұғалімге еңбекақыны төлеуді өз міндетіне алған. Сол сәттегі Құдайбергеннің ұстазы Абдолла Беркінов деген кісі болатын. Кейін бұл кісі Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі атағына ие болып, дербес пенсияға шығып, бертінде ғана дүние салды.

Қ. Жұбанов 1914 жылы Орынбордағы Хұсайния медресесіне оқуға барып түседі. Осында жүріп ол жалпы білім беретін пәндерді тереңірек үйреніп, орыс тілін жетік меңгере бастады және Шамғали Харесұлы Сарыбаев, Н.Манаев, Е.Жәрменов сынды абзал жолдастар тапты. Шамғали Сарыбаев кейін қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық курсын жазған әдістеме ғалым атағына ие болды. Н.Манаев, Е.Жәрменов болса, халық ағарту саласында жемісті еңбек еткен белгілі қайраткерлер дәрежесіне көтерілді.

Қ. Жұбановтың осы бастапқы білімі оның кейін тіл маманы болуына, тамаша лингвист аталуына ықпал етті деуімізге негіз бар. Ол сол бір жылдарда түркі тілдерімен түбегейлі айналыса жүріп, сонымен қатар өзге араб, парсы, орыс тілдерін де игерді. Өз қаламының құдіретін ерте байқатқан алғашқы өлеңдері мен фельетон, мақалалары Қазан төңкерісінен бұрынғы басылымдарда Құдайберген «шекті», «Қараша бала» деген лақап атпен жариялаған болатын.

1928 жылдың көктемінде республиканың сол кездегі астанасы Қызылордаға Халық ағарту комиссариатының нұсқаушылық қызметіне шақыртылады да, 1929 жылдың қаңтарында Петербордағы шығыс тілдері институтының түркологиялық семинарына жіберіледі. Сол жерде бір жыл оқығаннан кейін ол КСРО Ғылым академиясының Яфет институтына аспирантураға ауысады.

Оқумен қабат Қ. Жұбанов өз бетімен ғылыммен шұғылданады: жалпы тіл білімі, түркология салаларымен айналысады. Латын әліпбиіне көшу жөніндегі барлық жұмыстарға белсене араласады. 1929 жылы ғылыми емле мәселесіне арналған мәслихатта ұзақ сөз сөйлеп, қазақ емлесінің негізгі принциптері қандай болмақ деген жайдан әңгіме қозғайды.

Түсініксіз, қисынсыз ойлар туып кетпесі үшін осы жерде мына мәселенің басын аша кеткен жөн. Осы Қызылорда мәслихатына қатысқандар түркі тілдердің емле ережелері «морфологиялық» және «фонетикалық» принципке негізделу керек дегенді ұсынды. Бұл келісімдердің морфологиялық, фонетикалық деп атап отырғаны – бұл принциптер жөніндегі біздің қазіргі түсінігімізден мүлдем басқашалау еді. дегенді айтты.

Құдайберген Жұбанов бұл ұсынысқа қарсы шығып, өз жобасын ұсынды, өзі ұсынған принципті ол фонетикалық принцип деп атады. Бұл терминге Құдайберген жүктеген мағына біздің қазіргі емлеміздің принципімен, соның мазмұнымен толық сәйкес келеді десек болады.

Өз принципін фонетикалық деп атағанымен, бұл кісі ұстанған бағыт сөз ішіндегі дыбыстарды қалай естіп, қалай айтсақ, солай жазайық дегендік емес еді. Оның фонетикалық деп отырғаны сөзге жалғанатын қосымшалардың сингармонизм заңына бағынып құбылуын жазуда да сол күйінде сақтау болатын. Бұл жөніндегі пікірін ол кісі былай деп тұжырымдаған-ды: «Бір сөздің жазылу нұсқасында әрізділік болмасы үшін, морфологиялық принципке үнемі бас шұлғи берудің қажеті бола қоймас, сәл бір құбылуларын былай қойғанда, біздің тілімізде түбір аса үлкен құбылысқа түсе бермейді. Түбірден гөрі өзгеріске көбірек ұшырайтын қосымшалар. Сондықтан Чобан-заде айтқан сөздің түбірін сақтап жазу принципінен көз жазып қалмайық деген күдігінен келетін бәлендей қауіп жоқ. Өйткені түбір әлбетте этимологиялық дүниелік те, қосымша фонетикалық құбылмалы дүниелік».

1930 жылы Алматыда өткен Қазақстанның бірінші Өлкетану съезінде «Мағынасыз сөздердің мағынасы» деген тақырыпта баяндама жасады. Мұның өзі оның түркі текті тілдерді зерттеудегі ізденістерінің жан-жақты екенін аңғартқан еңбек болды. Мал шаруашылығына байланысты қолданылатын қазақ сөздерін өзге тілдердің дерегімен салыстыра отырып, бұл салада қолданылып жүрген сөздердің көпшілігінің құрамы күрделі екендігін, оларды құрайтын элементтердің әу баста дербес ұғымды білдірген сөздер болғандығын айқындап берді. Әсіресе автордың асыл тұқымды еркек малдың атын білдіретін сөздердің төркініне қатысты айтқан пікірлері аса көңіл аударарлық.

Мәселен, қошқар (М.Қашқариде ) және айғыр (Орхон азбасында, көнеұйғыр жазбасында, хакас тілінде adsьr//asqьr, кот тілінде asqar, сақа тілінде atь:r, шуваш тілінде айaр. Әуелде бұлар екі сөзден тұрған: қошқар қо+қар, айғыр ай+ғыр.

Мұндағы қош қой малына байланысты одағай сөз ретінде қазір де айтылады. Ол қошақан деген сөздің құрамында да бар. Қойдың қозысын білдіретін қозы дегендегі қоз да осы сөз. Бұл жердегі а редукцияға ұшырап ы дыбысына айналған да, қатаң ш ұяң з дауыссызымен алмасқан. Бұл ыңғайда қош, қозы дегендерді түрікпен тіліндегі қой мағынасындағы қош сөзімен салыстыруға болады – дейді Қ. Жұбанов.

Ал айғыр сөзінің бірінші бөлігі ай дегенге келетін болсақ, мұны Жұбанов ат сөзінің бір нұсқасы деп біледі. Қазақтағы ат қыпшақ фонетикасының заңымен жасалған сөз, өзге түркі тілдерде ай бұдан басқашарақ фонетикалық үлгіде орныққан. Мәселен, орхон, көне ұйғыр, тува тілінде оның ад, аз деген де нұсқалары бар, хақас тілінде ат және тағысын-тағыша.

Осы екі сөздің екеуінің соңғы бөлігіндегі қар (қошқар), ғыр (айғыр) дегендерді ғалым бір элементтің әр түрлі фонетикалық нұсқалары деп есептейді. Шуваш тілінде жуан айтылатын ар сөзі (еркек) – қазақ тіліндегі ер сөзімен бір сөз. Сонымен, – дейді зерттеуші, – қазақша қошқар деген мен айғыр дегендегі соңғы элементті малдың еркегін білдіретін сөз деп білсек, қошқарыңыз «еркек қой» болады да айғырыңыз «еркек жылқы (ат)» болады.

Әрмен қарай өк (сиыр малын айдағанда айтылатын сөз), моһ (жылқыны суарғанда, шақырғанда айтылатын сөз), көс-көс немесе кәуіс-кәуіс (түйені шақырғанда айтылады) секілді одағайларға этимологиялық талдау жасап, тарихи тұрғыдан алғанда мұндағы өк дегеннің өгіз-өкір дегендермен, маһ дегеннің екінші әуендегі қытай сөзі маа (жылқы) дегенмен, ал көс-көс дегеннің түрікпен тіліндегі көшек (бота, тайлақ) сөзімен өзектес сөздер екенін айтады. Сөйтіп, бұл сияқты одағайлардың әуелде сол малдың өзінің атын білдіретін зат есімдер болғанын айтады.

Бір әттеңі – бұл баяндама баспа жүзінде жария етілмеген күйінде қалды. Осы баяндамасының тағдыры жөнінде автор былай деп жазған еді: «Съездің қаулысы бойынша жариялауға тиісті болған бұл баяндама мен бастыруға берген жерде Қазақстанды зерттеу Қоғамының қағаздарының арасында жоғалып кетті. Бұл баяндаманы съездің алдында КСРО Ғылым академиясының Яфет институтында оқыған болатынмын. Н. Я.Маррдың оған жазбаша түрде берген пікірі менің Ғылым академиясының кадр комитетіндегі жеке ісімнің арасында тігулі тұр».

Тағы бір әттеңі: бұл мақала кезінде бір рет жоғалып кеткен соң, кейін қайта жазылыпты. Алайда заман ағымына орай қайтадан жоғалады да оны автор қайта жазып шығуға мәжбүр болады. Қ. Жұбановтың көзі тірі кезінде ғалымның әр дәуірде әр тақырыпқа жазған еңбектері «Қазақ тілі бойынша зерттеулер» деген атпен жеке серия болып жариялана бастаған болатын. Автордың ойы бойынша онда ол кісінің он еңбегі қамтылмақшы екен. Солардың ол кезде екеуі ғана жарыққа шығып үлгеріп, қалғандары жариялауға жетпей ізім-қайым жоқ болған. Республика баспа орындарының архивінен Қ. Жұбановтың осы еңбектерін із салып іздестіргенімізбен еш жерден таба алмадық. Сонымен, ғалымның құнды-құнды еңбектерінен қазір көз жазып қалып отырған жайымыз бар. Автордың өзі қайта жазып шыққан «Мал шаруашылығы одағайлары» дейтін баяндама да сол еңбектердің ішінде болатын.

Сондықтан қалған деректер мен автордың өзі келтірген дәлелдерге қарап отырып, ол кісінің лингвистикалық білімінің қаншалық терең болғанын, әр алған тақырыбын, жиған мәліметін ғылыми-теориялық тұрғыдан қалай қорытып, мазмұнын байытып, түйіндегенін көз алдыңызға айқын елестетесіз. Қ. Жұбановтың лингвистикалық мұраларын жиып, зерттеу жөніндегі Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институты жанынан құрған комиссияның қорында осы аталған еңбектерге сәйкес келетін біраз қолжазба материал бар көрінеді. Бұл жұмыстардың әлі жан-жақты талқылынбағандығына байланысты басын ашып анықтап айта қою әзір ертерек секілді.

Кейбір мағлұматтар бойынша жоғарыдағы сериядан тыс 1937 жылы Қ.Жұбановтың: «Ғылыми грамматика материалдары» (І том, Фонетика), «Тағы да де етістігі хақында» деген еңбектері жарық көруге тиіс еді. Әзір бұл еңбектердің қандай күйге душар болғаны анықтала қойған жоқ.

Ол кісінің «Из истории порядка слов в казахском предложении» (1936), «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах», «Күй» деп аталатын сериясы, түрлі мәслихаттар мен съездерде сөйлеген сөздері, «Буын жігін қалай табуға болады», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайында», шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер секілді қыруар зерттеулері арқылы мамандар арасында зор бедел, құрметке ие болғаны талассыз. Оның зерттеулеріне тән бір қасиет – салыстырмалы-тарихи деректердің мол болуы. Әрине, өз заманына тән Н. Я.Маррдың ілімінің жетегіне еріп кейде мүлт басқан жерлері де жоқ емес.

Көмекші етістіктер мен етістіктің күрделі зерттеуге арналған еңбектерінен автордың ана тілінің лексикалық, грамматикалық заңдылықтарын егжей-тегжейлі білетіндігі айқын елес береді. Қазақ лингвистикасы топырағында бірінші болып отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктеріне ғылыми талдау жасаған адам – осы Қ. Жұбанов. Нақтылы да айқын деректерге сүйене отырып, аталған көмекші етістіктердің грамматикалық қызметін, олардың негізгі етістерге жапсарлас тәуелділігін ашып берген осы кісінің зерттеуі болатын. Жіктік жалғауы жалғанатын грамматикалық тұлға осы көмекші етістіктер болғандықтан лексикалық мағынаға ие негізгі етістіктердің өзі де бір жағынан оларға тәуелді сияқты боп көрінетіні бекер емес. Оның үстіне бұл көмекші етістіктердің сөйлемде дербес тұрып та предикаттық қызметте жұмсалатын кезі бар. Мысалы: отыр+мын, жүр+мін, тұр+мын, жатыр+сың т.б.

Профессор Қ. Жұбанов өзінің қазақ әліпбиі (алфавит), емлесі және өзге де қолданбалы салаларына арналған еңбектерінде сол кездегі фонологиялық ілімнің қағидаларына сүйенді.

Грамматика оқулығынан тыс Қ. Жұбанов 1936 жылы орта мектептің 5-7 кластарының қазақ тілі оқу бағдарламасын түзді. Бұл бағдарлама қазақ тілі пәнін ғылыми зерттеудің объектісіне айналдыруды көздеген алғаш жарық көрген құжаттардың бірі болды. Мұнда ғалымның құрмалас сөйлемнің синтаксисі жөніндегі көзқарасы мейлінше толық баяндалған болатын. Республикадағы ағарту ісі қайраткерлерінің аға өкілдерінің бірі А. Сытдықов бұл бағдарлама туралы былай деп жазған еді: «Жаңа бағдарлама қазақ тілінің өсу, кемелдену жайын ескеріп жасалған тың еңбек болды... Мұнда емлеміздің жаңа жазуымызға лайықталған нұсқасын жасау, қоғамдық-саяси терминдер мен жер-су аттарын жаңаша жазу мәселелері толық қамтылған».

Қазақ тілі жөніндегі ғылымның көсегесін көгертіп жүрген кезінде бірер жерде аяғының кібіртіктеп кеткен ыңғайы да байқалған кездері бар. Мәселен, әбден ет-еке боп елдің құлағына сіңіп кеткен терминдерді құбылтып басқаша қолдануын жөн дей алмаймыз; жұрнақ дегенді үстеу деп, жалғаулықты – жалғауыш дегеннен ештеме ұтып тұрмағанымыз кәдіксіз.

Қ. Жұбановтың мақалалар сериясының енді бір тобының қазақ тілінің емле, терминология, методика сияқты практикалық мәселелеріне арналғаны мәлім. Ол кісі – республикадағы тілдік құрылыс мәселесіне өте белсене араласқан адам. 30-жылдардағы қазақ емлесінің жайын әңгіме қылатын бір архив дерегінде былай делінген: Бөгде тілден енген сөздер мен терминологияның емлесінде күні қазірге дейін созылып келе жатқан ала-құлалықтар бұл мәселені мықтап қолға алу туралы Ағарту халық комиссариатына қозғау салғаны сөзсіз. Айталық, «коммунист немесе комиссарша» деген секілді сөздерді бес-алты үлгіде жазып келгеніміз белгілі. Мұны қалай да жөндеуіміз керек. Емле жобасын жасау, терминология ережелерін түзу жұмысы Қ. Жұбановқа тапсырылған болатын. Ол өз жобасын алдымен Өлкелік комитеттің үгіт-насихат бөлімінде талқылауға ұсынып, содан кейін оны Алматыдағы мәдениет қызметкерлерінің кең талқысына салды. Талқылау төрт күні ҚазПИ-де өтті. Талқылау өте қызу өтті, оған жергілікті халық өкілдері де, сондай-ақ студенттер де қатынасты.

Бұл құжатта әрмен қарай Қ.Жұбановтың еткен еңбегінің ғылыми дәлелді екені, оның қисынсыз еместігі, ғалымның бұрыннан белгілі ізбен кетпегені айтылады. Өзінің ғылыми тұжырымдарының бәрін автор мұнда қазақ тілінің табиғатынан шығарып барып, оның фонемалық құрамын ескере отырып айтқан. Жобаның авторы ретінде Қ.Жұбанов қазақ тіліне шет тілден енген мұндай сөздерді бағзы қалпынан өзгертпей жазуды ұсынды. Бірақ бұлай жазу ол кездегі қазақ қауымы үшін аса қиындық келтіретін болғандықтан жоба қабылданбай қалды. Өйткені ол жылдарда мұны түсінерліктей теориялық дайындығы бар мұғалімдер, сондай-ақ өзге кадрлар республикамызда тым аз еді. Сондықтан жобаны, шет сөздерді жазу туралы ондағы ұсынылған ережелерді уақытша тоқтата тұруға тура келді.

Қ. Жұбановтың бұл жобасын белгілі түрколог С.Е.Малов өте жоғары бағалады. Қазақстандағы мәдени құрылыс жұмысына арналған 1935 жылғы мәслихатта: «Профессор Қ. Жұбановтың жобасы әрі ғылыми, әрі ол принциптік жағынан маңызды» – деп атады.

Қ.Жұбанов ол жылдарда Республика үкіметі жанындағы терминология мен емлені үйлестіру орталығын ұйымдастырушылардың бірі болатын. Мәдени құрылыс жөніндегі съезд қарсаңында Қ.Жұбановтың басшылығымен Мемлекеттік терминкомның бюллетенінің төрт нөмірі басылып шықты. Бюллетень емле жобасы мен көп ғылым саласы бойынша қазақша терминдердің үлгісін жариялады. Қ.Жұбановтың өзі Бюллетень бетінде емле мен терминология мәселелерін сөз еткен бірнеше мақала жариялады. Олардың бәрінде терминдердің ерекшелігі, емле мәселелерін сөз етті. Бұл мақалалар мұғалімдер үшін әлі күнге маңызын жойған жоқ.

Қ.Жұбанов емле ережелерін жүйелеу жағына қатты көңіл аударды. Емлені мектеп оқушыларын сауатты жазуға баулу мен республикадағы ересектерге хат білдіріп, қара танытуға қажетті құрал деп есептеді.

Төңкеріске дейін берік дәстүрі болып көрмеген қазақ тілінің емлесі арқаны, негізінен фонетикалық принципке сүйеді. Ал морфологиялық принцип болса, ол да осы принципке қарайластырыла жүргізілді. Әрине, өзге белгілі ғалымдар сияқты Қ. Жұбанов та фонетикалық принциптің сөздің сыртқы пішініне сүйеніп жүргізілетін, ал морфологиялық принциптің түбір сөзді сақтауға байланысты болатынын жақсы түсінді. Өз зерттеулерінде осы екі принципті бір-біріне орайластыра, жабыстыра отырып пайдаланды.

1938 жылы қазақ емлесінің кей мәселелері ішінара жүйеге түсірілгені мәлім. Қазақ әліпбиінде бұрын жоқ ф, х дауыссыздарының да енгізілгені осы кез болатын. Бұл латынға негізделген жазу емлемізді орыс емлесіне қарай бейімдей түсуге көмектесті. Асылында, ф, х әріптерін ендіру жөніндегі идея да Қ. Жұбановтікі болатын, бірақ бір мәнәйі себептермен оны тоқтата тұруға тура келген-ді. Олай дейтініміз, Мемлекеттік терминология комиссиясының Ағарту халық комиссариаты жанындағы Бағдарлама-методика секторымен 1934 жылдың 27 қарашасында бірігіп өткізілген бір мәжілісінің бағдарламасында Қ. Жұбанов өзінің термин жасау мен оны бекітуге арнаған баяндамасында емле жобасын ұсынып, онда халықаралық терминдерді дұрыс жазу үшін қазақ әліпбиіне ф, х дыбыстарының таңбасын ендірудің қажет екендігін айтты деп көрсетілген. Бірақ мәжіліс: «Өкілетті орындармен келісіп алғанға шейін ф, х әріптерін қазақ жазуына ендіруді әзірге тоқтата тұру керек. Оған дейін бұл мәселе төңірегінде кең көлемді айтыс ұйымдастыру керек» – деп қаулы алып, ұсынысты қабылдамай қойды.

У, и дыбыстарының жазылуын оңайлату жөніндегі ұсыныс та Қ. Жұбановтікі еді. Бұлардың әрқайсысы қосар әріппен белгіленіп келген болатын. Бұл идеяның тек 1957 жылы ғана жүзеге асқанын бәріміз жақсы білеміз.

Тіл құбылыстарын зерттеуге жаңа тұрғыдан келуі жағынан болсын, филология саласындағы мамандарды әзірлеуге белсенді араласуы жағынан болсын Қ. Жұбановты қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі деп қарауға әбден болады.

Осы бір ғана мақалада Қ. Жұбановтың тіл білімі саласындағы ойға түйген нәрселерінің, идеяларының қаншалықты жүзеге асқанын анықтап шығу, әрине, мүмкін емес. Қ. Жұбановтың тіліміздің грамматикасы, фонологиясы, лексикологиясы және қолданбалы мәселелері хақындағы айтқандары, тұжырым-толғамдары, қағидалары біздің дәуіріміздің зерттеушілерінің еңбектерінде жүзеге асып жатыр, солардың ғылыми жұмыстарында әр түрлі дәрежеде көрініс тауып жатыр десек, артық айтқан болмаймыз. Қ.Жұбанов идеялары мен айтқандарының біздің қазіргі ғылымымызда қаншалықты жүзеге асқанын анықтау – арнаулы зерттеулердің тақырыбы болуға әбден лайық.

20-30 жылдардағы қазақ тіл білімінің проблемалары жөніндегі барлық істің басы-қасында жүретін. Қазақ тіл білімінің практикалық мәселелері болсын, теориялық мәселелері болсын бұлардың дамуына бұл кісінің игі ықпалы мейлінше зор болды. Тіл жөніндегі айтыс-тартыстардың бәрінде де, түптеп келгенде, осы кісінің пікірі өтетін. Ешкіммен қатты сөзге бармай-ақ білімінің арқасында үнемі жеңіп шығатын. Ауызша сөйлегенде де, жазып сөйлесе де ойларын қысқа тұжыратын. Ойының дәлелділігінен болуы керек бұл кісімен сөз жарыстырған қарсыластары тез келісетін. Осы секілді қасиеттері мен зор білімдарлығы ол кісіні қазақ зиялылары арасында зор ізет-ілтипатқа ие етті.

Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған профессор Ғ.Мұсабаев былай деп айтып отырады: «Студент боп оқып жүрген кезімде, лекциядан босаған сәттерде Ағарту комиссариатына баратынмын, маған жетекші Қ.Жұбанов әр барған сайын топ-топ ғылыми кітап дайындап қойып, оқып шық, таныс дейтін. Оларды белгілі бір уақыт ішінде оқып шығуға тиіс болатынмын. Солармен әбден танысып болғаннан кейін, әлгі кісі не біліп, не қойғанымды тексеріп, менен бейне бір емтихан алып отырған адамша сұрақтар қоятын, әрмен қарай өзі түсіндіріп, өзі айтып кететін. Соның арқасында мен Пешковскийдің, Обнорскийдің, Бодуэн де Куртэнэ, Радлов, Мелиоранский, Казамбек еңбектерімен сол кезде-ақ таныс болдым».

Профессор Қ. Жұбановты қазақ зиялылары, ағарту саласының қызметкерлері өте жақсы білетін. И. И. Мещанинов, А. Н. Самойлович, В. В. Бартольд, С. Е. Малов, К. К. Юдахин, А. К. Боровков сынды ірі орыс оқымыстылары Қ. Жұбановты білікті ғалым, лингвист ретінде ерте танып бағалады.

1935 жылы Қазақстан мәдени құрылысшылары съезінің ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, осындай ірі форумды өткізуге тікелей араласқан да осы кісі. Осыған іле-шала Кеңестердің бүкілресейлік XVI съезіне делегат болып, онда Татарстан мәдениеті жайлы патриоттық сарында сөз сөйлеген де осы кісі. Қ. Жұбанов Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Оның есімін біз қазақ лингвистикасының негізін салушылардың бірі ретінде бұл күнде ерекше құрметпен еске аламыз.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет