Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет26/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   36

Даму кезеңі (1950 жылдар соғысынан кейін). Қазіргі заманғы корей әдебиеті тарихында 50 жылдары күрт өзгерістер орын алады. Корей тарихында соңғы онжылдық маңызды оқи­ғаларға толы болады. Корей халқы жүргізген үш жылдық соғыс шығармалардың мазмұны мен құрылымына айтарлықтай өзгерістер әкеледі. Соғыстан кейінгі қоғам, елді қалпына келтіру, жақынын жоғалтып жаны ауырған адам тағдыры бейнеленген шығармалар жарыққа шыға бастайды.

Соғыстан кейін пайда болған кез келген жаңа әдеби ағым адамгершілік құндылықтарды насихаттап, патриоттық тақырыптар дами түседі. Батыстың экзистенциалистік әдебиетіне еліктей отырып корей жазушылары ауқымды мәселелерді шешуге тырысып, адамгершілік, адам болмысының мәні жайлы өзекті ой қозғайды. Осылайша, 50 жылдардағы әдебиет оқиға­ның құрастыры­луы, ой жеткізу тәсілдерінің сұрыпталуы жағынан дәйектемесі ауқымды болады. 50 жылдардағы әдебиет өзіндік әлемдік көрініске ие болды.

Соғыстан кейінгі «Чжонху-Мунхак» корей әдебиетінде екі бағыт қалыптас­ты: соғыс және соғыстан кейінгі Корея тарихы бейнеленген әдебиет және дәстүрлі әдеби бағыт. Бұдан басқа публицистика мен «Сунсу-Мунхак» (таза әдебиет) жаңа серпінге ие болады.

Соғыстан кейінгі уақытта Кореяда қоғамдық тәртіпсіздік белең алады. Осыған байла­нысты әдебиетшілер бір жерден екінші жерге көшіп жүреді, жазушылардың жоғалып кету жағдайлары жиі кездеседі. Жазушылардың оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударуы әдеби орта мен корей тілінің өзгеруіне алып келеді. Тілдің тұтастығы туралы мәселе сол күйі шешілмей қалады. Осы кезде пайда болған өлеңдерде автордың соғыс жылдары басынан өткізген оқиғалары көрініс табады. Соғысқа қатысқан ақындар Ю Чи Хван, Чжо Чжи Хун, Ку Санг, Пак Ин, Пак Ду Чжин және т.б. өлеңдерінде қайтыс болғандар мен жараланғандардың қайғылы тағдыры мен халықтың өкініші көрініс тапқан. Сондықтан 50 жылдардың басына қарай поэзияда патриотизм тақырыбы басты орынға шығады. Ю Чи Хванның «Жаяу әскермен бірге» Чжо Чжи Хунның «Табувонға барар жолда», Ку Сангтың «Жау қабірінің алдында тұрып» атты өлеңдері осы тақырыпта жазылған.

50 жылдарда орын алған шым-шытырық оқиғалар Корея ақын-жазушыларының жолын екі­ге бөлді. Әдебиеттің сол жақ қанататындағы ақындар Сол Чжонг Сик және И Ён Ак солтүстікке, ал Пак Нам Су И Ин Сок, Ян Мён Мун оңтүстікке өтеді.

ХХ ғ. 50 жылдарында өмір сүрген ақындардың көп бөлігі қазіргі корей поэзиясы тарихында лайықты орынға ие бола алмады. Дегенмен 30 жылдары қалыптасқан модернизм 50-ші жылдары одан әрі тереңдей түскені байқалып, қоғамдағы орын алған оқиғалар ақын-жазушылар шығармаларында көрініс табады. Осы уақытта жарыққа шыққан шығармалардың басым көпшілігінде соғыс, оның шығу себептері мен соғыс зардаптары, адамдардың қайғы-қасіреті туралы айтылады. Соғыс туралы сюжеттер тылдағы өмір, соғыс кезіндегі әйелдер мен балалар тағдыры және жауынгерлер туралы айтылған оқиғаларға негізделіп жазылған.

Аталған кезеңдегі прозаны екі бағытқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – 25 маусымдағы әскери қозғалыс кезеңін суреттейтін «Чжесон Мунхак» әскери әдебиеті, екіншісі – майдангер-жазушылардың соғыстан кейінгі «Чжэнху Мунх» әдебиеті. Олар өз шығармаларын тылдағы еңбекші­лерге арнап жазып, өз сөздері арқылы жауынгерлерге рух беріп отырған. Сонымен қатар тылдағы өмір жайлы әдебиеттер де жарық көре бастайды. Жауынгер-жазушылар өз шығармаларында жаяу әскер, теңіз флоты мен ұшқыштар туралы айтқан.

Соғыстан кейінгі кезеңде де корей әдебиетінде соғыс тақырыбы жиі айтылатын. Хван Сун Вонаның «Тырналар», «Каин әулеті»; И Пом Сонның «Тырналар ауылының адамдары», Ким Донг Ридің «Жауынгердің оралуы» және «Хыннамнан келген Чхольсу» атты шығарма­ларында соғыс жайлы жазылған. Соғыстан кейін жазушылар адам мен қоғамға, шынайы өмірге жаңа көзқараспен қарай бастайды. Олардың шығармаларында соғыс зардабы, соғыс­тан кейінгі қоғам өмірі мен бірлігі кеткен халықтың қайғы-қасіреті туралы айтылады. Мысал ретінде Ким Донг Лидің «Миль Да Вонның заманы», Ан Су Гиль Саның «Үшінші адам», Сон Чанг Саб Хенің «Қанды жол», «Қалдық адам»; Чжанг Енг Хактың «Иоаннаның жинағы», Ха Гын Чанның «Екі ұрпақтың азабы» атты шығармаларын ерекше атап өтсек болады.



Ан Су Гиль өзінің шығармашылығын «Қызыл Крест емханасының дирек­то­ры» және «Қызыл орамал» деп аталатын қысқа екі оқиғаны жарыққа шығару­дан бастайды. Кореяның азат­тық алуынан кейін оңтүстікке көшіп келіп, «Үшін­ші адам» атты еңбегінде соғыс ке­зіндегі қала өмірін суреттейді. Шығармада соғыстан кейінгі елде орын алған әлеуметтік бей-берекетсіздік пен қоғамдық тәртіпсіздіктен туындаған түрлі қыншылықтар көрсетілген.

Ха Гын Чан өз шығармашылығын 1950 ж. бастап, «соғыстан кейінгі ақындар легіне» жататынына қарамастан өз замандастарынан мазмұны мен стилі жағынан ерекше­леніп, халық арасында жоғары бағаланған. Оның «Екі ұрпақтың азабы» атты романында екі тарихи кезең қамтылған: біріншісі – 1950 ж. 25 маусымындағы Азамат соғысы, екіншісі – Екінші дүние­жү­зілік соғыс. Шығарманың бас кейіпкерлері Пак Ман До ұлымен бірге соғыс зарда­бын тартқан адамдардың арасында өмір сүреді. Ол жапон басқыншылығы кезінде бір қолы­нан айырылса, ұлы Чин Су 1950 жылғы соғыста бір аяғынан айырылады. Романда тек бір отбасының қасіреті емес, бүкіл халықтың тағдыры, қоғамда орын алған әлеуметтік қайшы­лық­тар туралы жазылады.

Сон Чанг Соб өз шығармашылығын ХХ ғ. 50 ж. бастап, өмірдің келеңсіз тұстарын бейнелеген көптеген тамаша қысқа оқиғаларды жарыққа шығару арқылы ел арасында таны­мал болады. Оның 1958 ж. жарыққа шыққан «Қалдық адам» шығармасында соғыстан кейінгі қоғамнан алашақтаған белгілі бір адамдардың тобы бейнеленеді. Сон Чанг Соб өзінің «Демалыс күні», «Жауынды күн» және т.б. шығармаларында адам мен оның психологиясын шебер көрсете білген. Ол 50-ші жылдары қоғамда орын алған оқиғаларды баяндап, ерекше тұлғаның бейнесін жасайды. Шетелдік ағымдар корей әдебиетіне өте баяу енеді. АҚШ-тың соғысқа қатысуы арқылы енген АҚШ әдебиеті мен мәдениеті 50-ші жылдардағы корей прозасында маңызды орынға ие болады. Сонымен қатар осы кезеңдегі әдебиетке батыс әдебиеті, оның ішінде экзистенциализм мен психологизм өз әсерін тигізеді.

Осы кезеңдегі әдебиетте адам санасының бұзылуы, жаппай тәртіпсіздікте өмір сүрудің мәнсіздігі, босқа өткен уақытқа өкініш көрсетіледі. Адам болмысы, оның мәні әдебиетте үлкен маңыздылыққа айналады. Аталмыш тақырыптар Пак Енг Дюнаның «Енчо аралының жағалауындағы су», Сонг Бенг Судың «Жеке бекініс», «Кішкентай Ким», «Сенім», Хонг Санг Вонның «Д-дейдегі казарма» атты шығармасында сөз болады. Сонымен қатар Ким Сонг Ханның «Пабидо», О Санг Вонның «Қастандық», Сон Хваның «Террорист», «Ұшқын», Со Ги Вонның «Контурлы географиялық карта», Пак Кенг Лидің «Сенім­сіздік мерзімі», «№ 213 пәтер», И Хо Чольдің «Жарылыс» атты шығарма­ларында жеке тұлға мен қоғамның арасындағы қайшылықтар, тағдыр тәлкегіне түскен адамдардың өмірі, адам мен оның әрекеттері туралы айтылады.



Жаңару кезеңі (1960 жылдардан қазіргі уақытқа дейін). Бұл кезеңде бүгінгі таңдағы қазіргі корей әдебиеті қалыптаса бастады. 1960 жылдың 19 сәуіріндегі демократиялық және либералдық бағыттағы төңкеріс 60 жылдардағы корей қоғамының тарихи дамуында маңыз­ды оқиға болады. 1960 жылғы 16 мамыр­дағы көтеріліс секілді бұл төңкеріс те сәтсіз болға­ны­мен, қоғамның әрі қарай дами түсуіне ықпал етеді. Әдеби шығармаларда әлеуметтік теңсіздік туралы сыни ескертпелер көбейіп, әдебиет реалистік-сыни көзқараста дамиды.

60 жылдары 25 маусымдағы соғыстың ұзақ уақытқа созылған зардапта­рына қарамастан халықтың алаңдаушылығы басыла бастаған. 19 сәуірдегі студенттер қозғалысы мен 16 мамырдағы әскери төңкеріс қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандырып, экономиканы қайта жандандырып, демократиялық қоғам құратын уақыт жеткенін көрсетеді. И Сынг Манның диктаторлық саяси жүйесі жойылады. 60 жылдардағы корей поэзиясында «еркіндік», «тең­дік» сөздері жаңа мәнге ие болады. Поэзияның мазмұны мен мәніне қатысты түрлі көзқарас­тар мен бағыттар пайда болады. Бірінші бағыт нақты мәселелерге назар аударса, екіншісі өмір тәжірибесін қарастырып, адамның ішкі қайшылық­тарын бейнеледі, үшінші бағыт модернизм, поэтикалық тілдің қалыптасуын қолдап түрлі бағытта қарқынды дамиды.

Поэтикалық әдебиетте шындықты тарихи және сыни тұрғыда қабылдау мәселесі көтеріледі. Бұған Сәуір төңкерісі тікелей әсер еткенімен, көптеген ақындардың туындыла­рында 50 жылдарда орын алған қоғамдық қайшылықтар өткір сынға алынады. Бұған Пак Бонг Удың «Майдан шебі», Ким Су Енгтің «Бірде патша сарайына шығып», «Корея тарихы, «Шөп» өлеңдері мысал болады.

Корей поэзиясының тарихында кездесетін ағымдардан «минчжунси» жаңа дәстүрі бөлініп шықты. Бұл дәстүрді жақтаушы ақындарға Чжонг Хан Мо, Чжо Бенг, Ким Нам Чжо, Пак Чжэ Сам, Пак, Ким Квант Соби, Хванг Донг По және т.б. жатқызуға болады. 60 жылдар­дағы корей поэзиясында корей өлеңдерін дамытудың жаңа жолдарын табуға тырысқан жазушылар корей халқының дәстүрлі әрі ұлттық сипаттарын қарастыра бастайды.



Ким Чжи Ханың 1970 ж. жарыққа шыққан «Сасанге», «Бес сатқын» атты поэма­ла­ры үлкен жетістікке ие болып, ақынның ең үздік шығармала­рының біріне айналады. Бұл жазалу топтары мен сыбайлас басшыларды әшкерелейтін сатира ақынның түрмеге қамалуына әкеліп соқтырады. Шынайы өмірдің келеңсіз тұстары оның «Сары жер» атты бірінші жинағында шебер көрсетіледі. 1970-ші жылдары зиялылардың көпшілігі әскери диктатураға қарсы күреске шығады. Осы күрестің алдыңғы шебінде Ким Чжи Ха тұрады.

Хван Чжи У 1980 жылдардағы атақты ақындардың бірі болады. Оның «Құстар да бұл дүниеден өтеді» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1983 ж. әдеби журналда жарияланады. Хван Чжи У Кореяның қайғылы тарихына үн қосады. Оның поэзиясында өзі өмір сүрген дәуірдің мәдени және тарихи тұстары көрініс табады.

И Сонг Бок өзінің «Жатқан тас түсіңе енгенде» атты өлеңдер жинағының бірінші то­мын жарыққа шығару арқылы корей әдеби қоғамын таңқалдырады. Бұл халықты оятуға ұмтыл­ған ақынның шындық іздеудегі үлкен жеңісі еді. И Сонг Бок өзінің ұлы сатирасында сол замандағы жемқорлық пен алаяқтық, халықтың қасіретін жаңа үлгіде белгісіз тәсіл­дермен өте шебер көрсете білген.

50 жылдарға тән прозалық шығармалардың аумағын кеңейте түскен Че Ин Хунның «Алаң» атты автор шығармасында сұрапыл соғыс шындығы, отарлау соғысынан бастап Корея соғысының ақырына дейінгі кезең суреттелген. Че Ин Хунның арман мен қиялға толы шығармалары жалпы алғанда адамның жан дүниесін жан-жақты сипаттайды. Автордың сюрреалистік әдістері шындық өмірді көрсетуде жоғары бағаланады. Жазушының «Алаң», «Жазушы Ку Боның бір күні», «Боран», «Генерал-губернатордың хабары» сынды еңбек­терінде Корея тарихындағы маңызды оқиғалар төңірегінде сыр шертеді.

1960 ж. жарық көрген «Алаң» атты шығармасында автор шындықты фантастикалық тұрғыдан қарастырады. Шығарманың бас кейіпкері философия факультетінің студенті И Менг Чжун мына әлемге және онда өмір сүріп жатқан адамдарға скептикалық және анали­ти­ка­лық тұрғыда қарауға тырысады. Ол Сеулдегі жемқорлық пен шексіз арсыздықты көріп қиналады, өмірден түңіледі. Кейін ол әкесі сияқты Солтүстікке кетеді. Оның сорына қарай қатал коммунистік жүйедегі Солтүстікте де осындай жағдайлар орын алған еді. Корей соғы­сында компартия қатарында жүріп И Мент Чжун тұтқынға түсіп, түрмеге қамалады. Әскери келісімнен кейін ол Индияға кетпекші болады, бірақ жолда суға секіріп өледі. Бұл шығар­ма­да ұлттық бөлінудің негізгі мәселелері сөз болады. Жазушының «Құпия бөлме» атты шығар­масында қоғамдағы саяси қысым жағдайында қалыптасатын бостандық сезімі бейнеленген. Бұл мәселе 70-80 ж. корей тілінде жарық көрген шығармалардың негізгі тақырыбына айналады.

60 жылдары өзіндік құрылымы бар көптеген прозалық шығармалар пайда болады. И Хо Чхольдің «Ескінің қалдығы» шығармасында Че Ин Хун туралы айтылса, жазушы Ким Сынг Октының «Сеул, 1964 жылдың қысы» және «Еркектерге сапар» атты шығармаларында адам өзін жалғыздықта сезінетін қаланың қиын өмірі көрсетілген. И Чжоль Чжун өзінің «Еститін қабырға», «Жұлдыздарды көрсетемін», «Батқан кеме» сынды шығармаларында адамға қор­лық көрсету мен басқыншылықты өткір сынға алады.

70 жылдары корей тарихында «прогресс пен даму кезеңі» деп аталады. Елде соғыстың зардаптары жойылып, индустрия дами түседі, Корея дамушы елдердің қатарына кіреді. Халықтың өмір сүру деңгейі жақсарып, еңбекшілер ауылдан қалаға қарай көшіп, ірі кәсіпо­рын­дарында қызмет ете бастайды. Мұндай қоғамдық өзгерістер прозалық шығармалардың мазмұны мен құрылымына әсер етпей қоймады.

Жазушы Син Ки Сук өзінің «Чжаракол элегиясы», «Амтхэ аралы» атты шығармала­рын­да ауыл адамдарының урбанизацияға деген қарсылығын көрсе­теді. Ким Чун «Самчжит­коль» шығармасында ауыл адамдарының шынайы өмірін суреттеп, Чон Сынг Се өзінің «Накволь аралы», «Корольдің жаңа сарайы» және т.б. шығармаларында балықшылар ауылының өмірін бейнелейді. Прозалық шығармаларда индустриаландыру кезеңінің басталуы мен оның жағымсыз жақтары көрініс табады. Хванг Сок Енгоның «Сампо жолы», «Жат ел», Чжо Сенің «Ергежейлінің жоғарыға лақтырылған кішкентай добы» және т.б. шығармаларында аталмыш мәселелер сөз болады.



Хванг Сок Енгтің «Шетелдік жер» атты шығармасында жұмысшының өмірі шынайы суреттелген. Хванг Сок Енг өз кейіпкерін сомдай отырып, жұмысшылар мен құрылысшы­лар­дың күресі мен сәтсіздігі, индустриаландыру кезеңіндегі корей қоғамының тұрақсыздығын айқын көрсетеді. Оның «Сампоға барар жол» және 1974-1984 ж. аралығында «Хангук Ильбо» газетінде жарияланған «Чан Гиль Сан» тарихи романы корей әдебиетіндегі үздік шығар­­ма­­лардың қатарына жатады.

70 жылдары корей халқының өмірі саяси және экономикалық қайшы­лықтарға толы болады. Елде орын алған мұндай жағдайлар корей әдебиетіне де айтарлықтай ықпал етеді. Мысал ретінде И Чонг Чжунның «Ауруханадан шығу», «Науқас және ақымақ», «Хабарсыз кеткендер», Че Ин Хоның «Науқас-оқушы», Мун Сун Тхэнің «Көзге жасалған операция», Хен Ги Енгтің «Суни ағай», Им Чольдің «Тура сызық және уланған газ» атты шығармаларын атап өтсек болады. 70 жылдары жарық көрген үздік шығармаларға Пак Кенг Ри, Хванг Сок Енг, Ким Чжу Енг сынды жазушылардың романдарын жатқызуға болады. Олар үзіліп қалған қоғамдық дәстүр тарихын жандандыруды ойлайды. Олардың романдарында ұлы тұлғаның өмір жолы арқылы Корея елінің тарихи деректері мен халықтың тағдыры асқан шеберлікпен суреттелген. Осы кезде пайда болған Хванг Соктың «Ауа райы» және «Түйенің көзі», Пак Енг Хванның «Жырақтағы Сангба өзені» сияқты романдарында демократия мен бостандық, еркіндік пен тәуелсіздік мәселелері де қарастырылады. Че Ни Хоның «Жұлдызды қала», «Ақымақтардың шеруі», О Чженг Хидің «Арманшыл құс», Че Иль Намның «Екінші күйеу бала», «Дионистің сатқындығы», Че Санг Гюдің «Күту залы», Канг Енг Чжунның «Қаш­қындар» атты шығармаларында жеке тұлғаның тағдыры тарихи және әлеуметтік жағдайларға тікелей байланысты екені айтылады.

80 жылдары жазылған И Мун Елдің «Атаусыз арал», «Біз бақытты болмайынша», «Жастық шақтың бейнесі», «Ол туған жерге орала алмайды» атты шығармаларында өнер, дін, идеологиялар арасындағы күрес туралы айтылады. Осы кезде И Инг Сонг («Таңсық мезгіл», «Тынысын тоқтатып»), Че Су Чоль («Жоқтың қарнында»), Со Чжонг Инг («Ай сарай») сынды жазушылар өз еңбектерінде жаңа әдеби тәсілдерді зерттеуге талпынады.

70-80 жылдары жазылған шығармаларда индустрияландыру мен саяси төңкерістар, жұмысшылар мен басшылардың арасындағы қақтығыстар, елдің екіге бөлінуі, өз құқықтары үшін күрескен студент жастардың толқулары сияқты мәселелер көтерілген болатын. Ал 90-шы жылдарға қарай халықтың сана-сезімі өзгеріп, енді қоғамдық мәселелерден гөрі күнде­лік­ті тұрмыс-тіршілік туралы мәселелер алға шығады. Осы уақыттағы көптеген жазушылар өз шығармаларында өмірдің мәні не, халықтың арманы қандай және осы арман-мақсаттарды жүзеге асыруға бөгет болатын не нәрсе деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.

Қазіргі корей әдебиетінің даму тарихы түрлі қиыншылықтар мен ауыр кезеңдерді бастан өткергеніне қарамастан даму жолында. Проза, поэзия мен драматургия саласында көптеген тамаша туындылар пайда болып, әдебиет жарқын есімдермен толыға түсуде.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Корей әдебиетіндегі жаңдану кезеңінің тарихтағы орны.

  2. Қалыптасу кезеңі қамтыған өзгерістерге тоқталыңыз.

  3. 1945-1950 жылдар аралығындағы корей әдебиеті көтерген тақырыбы.

  4. Модернисттік ағымның корей әдебиетіндегі бөлінуі, жазушылардың ұстанымдары.

  5. Корей поэзиясының жаңашылдығы.



Жапония әдебиеті
Жапонияның Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы жапон капита­лизмінің дамуын тез­детті. Мұндай өзгеріс экономиканың жартылай феодалды сипатын өзгертпестен, тек ірі қала­лардағы өндірістің дами түсуіне ықпал етеді. Қалаларда да феодализмнің айқын элементтері байқалатын. Елде орын алған мұндай жағдайлардың әсерінен жапон капитализміне қарсы ішкі қайшылықтар пайда болады. 1918 ж. Күріш бүліктері, Сібірдегі орыс төңкерісшіле­рін басуға жіберілген әскердің сәтсіздікке ұшырауы, күн сайын күшейіп бара жатқан қытай мен корей халқының жапон империализміне қарсы көтерілістері, Жапон-америка қатынаста­рын­дағы салқындық, 1920 ж. экономикалық дағдарыстар жалпы жапон империализмінің тоқыра­уы­на әкеліп соғады. Жапон империализмі жалпы тоқыраудан шығу мақсатында өзінің агрес­сив­ті соғысын бастайды. Соғыс қозғалыстары Маньчжур жерінде басталып, Қытайға қарсы ба­ғыт­тал­ған қанды соғысқа айналады, нәтижесінде Тынық мұхиты аймағын­дағы үлкен соғыс басталады. Соғыс пен елдегі тоқыраудың зардаптары бірінші кезекте жапон еңбекшілері мен шаруаларына әсер етеді. Жұмыссыздық мен кедейлікке ұшыраған адамдар биліктің жауыз­дықпен басып-жаншуына қарамастан көтеріліске шығудан басқа амалдары қалмай, халық бірте-бірте топтала бастайды.

Жапон капитализмінің жылдам қарқынмен дамуы елдің халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік берді. Осы уақытқа дейін басқа капиталистік елдерден артта қалған Жапония әлем­дегі алып державалардың қатарына қосылады. Осылайша Жапония Еуропаның алдыңғы қатарлы елдері жүріп өткен мәдени дамуды бастан кешіріп, мәдениеті мен идеологиясы жағынан басқа елдермен қатар дамиды. Бұған байланыс құралдарының дамуы, Жапонияның Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы мен капитализмнің күшеюі айтарлықтай әсер етеді.

Жапония соғыс жылдарыннан кейінгі әлем әдебиетіндегі түрлі ағымдар мен бағыттарды жылдам игере бастайды. Бұл бағыттар ұлттық негізде түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, сол кездегі әдебиеттің сипатын анықтады. Осы уақытта жаңа шетелдік әдеби бағыттарға көп мән беріліп, ұлттық дәстүрлер зерттелмей қалады. Мысал ретінде Китахаре Хакусюдің жапон халық әндеріне деген пікірін айтсақ болады. Мұндай ұмтылысты сол жылдары жарық көрген жапон мәдениеті тарихы бойынша жазылған зерттеулерден де көруге болады. Ұлттық әде­биет­тің дәстүрлері таңсық нәрсе секілді қабылданып, басты назар шетел әдеби бағыттарын игеруге жұмсалады. Мұндай құбылыстар қазіргі замандағы жапон әдебиетінің күрделі жақта­рын сипаттайды.

1917 ж. орыс төңкерісшілерінің жеңіске жетуі бүкіл әлем бойынша революциялық қоз­ға­лыс­тың өрши түсуіне ықпал етеді. Жапонияда күріш бүліктері орын алып, 1922 ж. Жапо­ния­дағы коммунистік партия құрылады. Осы кезде Осуги Сакаэ мен Като Кадзуо ел ара­сында түрлі насихаттар жүргізеді; 1919 ж. «Варэра» («Біз»), «Кайдзо» («Қайта құру»), «Кай­хо» («азат ету») сияқты журналдар пайда болады; Миядзима Сукэо мен Миядзи Кароку өз­де­рінің «Жұмысшылардың әдебиеті» («Родося бунгаку») атты мақаласын жариялайды.

1924 ж. 24 қазанда «Бунгэй сэсэн» журналы шыға бастағанда Екомицу Риити, Кавабата Ясунари, Накагава Еити, Катаока Тэппэй, Дзюития Есабуро, Кисидиа Кунио, Сасаки Мосаку сынды он төрт жазушы «Бунгэй дзидай» («Әдеби дәуір») журналын жарыққа шығарады. Аталмыш жазушылар жапон қоғамында орын алған ішкі қайшылықтардың ушыға түсуіне байланысты өздеріне төнген қауіпті «сезім үрейі» ретінде қабылдап, түрлі тәжірибелер жасау арқылы елдегі дағдарысты терең жеткізу үшін жаңа тәсілдер іздей бастайды. «Өздері туралы» повесть арқылы «сол дәуірдегі қауіп-қатерді» жеткізе алмайтындығын түсінген жазушылар сол кезде кең тараған дадаизм мен сюрреализм бағыттарындағы түрлі тәсілдерді қолданады.

Жоғарыда аталған жазушылардың шығармашылығына тән метафора мен экспрессияға қарап олардың шығармаларын «неосенсуализм мектебінің әдебие­ті» («синканкаку-ха-но бун­гаку») деп атауға болады.

Неосенсуалистер үшін «мезгіл үрейі» мен «адамзат баласының өлімі» қашып құтыла алмайтын тағдырдың ауыр сынағы болады. Олар шынайы өмірге енжар қарап, жаңа көркем тәсілдерді ойлап табуға бар күштерін жұмсайды. Осындай ізденіс үстінде Катаока Тэппэй мен Фудзисава Такэо пролетарлық әдебиетке жақындай түссе, «Бунгэй дзидай» журна­лын­дағы басқа жазушылар «Жаңа өнер мектебіне» қарай ығысады. «Неосенсуализм мектебі» үш-төрт жылдан кейін өмір сүруін тоқтатады, ал «Бунгэй дзидай» журналы 1927 ж. жабылады.

Екомицу Риити (1898-1947) - неосенсуализм бағытындағы теоретик әрі көрнекті жазу­шы. Ол 1923 ж. бастап «Бунгэй дзидай» журналының қызметіне белсенді араласады. Осы жылдың мамыр айында жарық көрген «Күн жарығы» («Нитирин») атты повесі әдебиетші­лердің назарына ілінеді. Бұл шығармада оқиға ежелгі жапон патшалықтары Ямато, Нукоку мен Умиде орын алады. Повестің бас кейіпкері сұлулығы өзі күйеуге шыққан бірнеше еркектің өлімі мен елінің құлдырауына әкеліп соққан билікқұмар, кекшіл әйел Химико күн жарығы секілді бүкіл жер бетінде үстемдік орнатқысы келеді. Осы мақсатына жету үшін қанды соғыстар жүргізеді. Бұл шығарма тарихи повеске қарағанда автордың қиялынан туын­даған «эмакимоноға» (эмакимоно – түрлі суреттерден тұратын көлденең бағытта жиналатын шиыр­шық) жақын келеді. Одан Екомицудың жазушы ақиқат шындықты елемей, өзінің ішкі ойы­на сүйенуі керек деген көзқарасын байқауға болады.

Осы уақытта жазылған оның барлық әңгімелері неосенсуализм мектебіне жақын. Оның «Бас пен қарын» («Атама нарабини хара»), «Наполеон және қына» («Напорэон то тамуси»), «Шы­дамды қатар» («Сидзака-на рарэцу»), «Көк­тем арбада келе жатыр» («Хару ва бася-ни ноттэ») атты әңгімелерін мысалға келтірсе болады. 1928 жылы Екомицу романының бірінші бөлімі жарыққа шығып, 1932 ж. «Шанхай» атауымен романның толық нұсқасы жария­ла­нады. Романда жазушының өзі куәгер болған Шанхайдағы шетелдік­терге қарсы қозғалыс сурет­телген. Бұл шығарманы неосенсуализм бағытының ең үлкен жетістігі деп атасақ бо­лады.

Жазушы өзінің «Машина» («Кикай», 1930) атты повесінде адамның жандүниесін ойша суреттеуге тырысады. Шығарма фабрика жұмыскерінің монологы түрінде жазылған. Жазу­шы бұл туындыда да рухани дағдарысқа ұшыраған қазіргі интеллигенция өкілдерінің психо­логиясын ашуға ұмтылады. Осы мәселе жазушының «Қабір» («Синъэн, 1930), «Жарқыл» («Ханабана», 1931), «Елтаңба» («Монсе», 1934), «Сағат» («Токэй», 1934) атты повестерінде де қарастырылады. «Елтаңба» шығармасында автор жалпы адамзаттық мәселелерді қозғап, шығармашылық ізденісін кеңейте түседі. 1935 ж. Екомицу өзінің «Таза романның теориясы» («Дзюнсуй сесэцу-рон») атты еңбегін жариялайды. Осы кезде жазушының шығармашылығы ел арасында танымал болып, тіпті «Роман құдайы» деген атаққа ие болады. 1935 ж. Екомицу «Отбасы кеңесі» атты повесін жарыққа шығарып, бір жылдан соң Еуропаға саяхатқа аттанады.

Кавабата Ясунари (1899-1972) неосенсуализм мектебінің көрнекті өкілі болғанымен, оның шығармашылығы Екомицу Риитидің шығармашылығына мүлдем қайшы келеді. Ол өзінің шығармашылық қызметін «Синсите» қозғалысына қатысудан бастап, осы басылым­ның екінші санында «Соғыста құрбан болғандарды еске алу суреті» («Секонсай иккэй») атты әңгімесін жарыққа шығарады. «Бунгэй дзтдай» журналы құрылғаннан кейін Екомицумен бірге неосенсуализм мектебіне қосылады.

Ясунари жастайынан ата-анасынан айрылады. Оның сол кезде басынан өткерген жағ­дай­лары жазушының шығармашылығында көрініс табады. Ол бүкіл әлемнен оқшауланып, дүние­лік әуре-сарсаңнан өзін аулақ ұстайды. Жазушының 1925 ж. «Бунгэй дзтдай» журна­лын­да жарыққа шыққан «Идзудағы биші қыз» («Идзу-но одорико») атты повесі халық ара­сында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Шығармада оқиға автор жақсы көрген Идзу провинциясында орын алады. Онда жас студенттің кезбе актерлердің қатарындағы биші қызбен кездейсоқ кездесуі асқан шеберлікпен баяндалады. Кавабата өз шығармашылығының бастапқы кезеңінде «көлемі алақандай әңгімелер» («сехэн сесэцу») деп аталып кеткен қысқа әңгімелер жазумен айналысқан. Оның алғашқы еңбегі де «Сезімдер көрінісі» («Кандзе сосе­ку», 1926) атты әңгімелер жинағы болған. «Асакусадағы көңілді қыздар» («Асакуса кодан») атты повесінде автор қарапайым халықтың арасында тұратын гейшалар мен бишілердің өмірін бейнелейді. Ол 1933 ж. жарыққа шыққан «Аңдар мен құстар» («Киндзю») атты туындысында жасанды әсемдіктің әлемін қайта жаңғыртуға тырысады. Бұл повесте автордың сезімді шынайы жеткізу арқылы ерекшеленген өзінің бұрынғы шығармашылық тәсілінен бас тартқанын және оның бүкіл адамзатқа деген жек көрушілік сезімін байқауға болады.



Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет