Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет29/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   36

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. XX ғасыр ақыны Ли–Чачаудың ой–тұжырымының нәтижесі жайлы айтыңыз.

  2. Қытай әдебиетіндегі повесттің қалыптасуы, оның негізін қалаған жазушы.

  3. 1970 жылы Қытайда белең алған үдеріс?

  4. Постмодернизмнің өзіндік ерекшелігін көрсетіңіз.

  5. Қытай сыншыларының бірі Ло Ганның ұстанған идеясы?

  6. Ма Юань шығармашылығына тән өзіндік ерекшелік?

  7. 1990 ж. пайда болған жазушылардың қызығушылықтарын оятқан бағытты сипаттаңыз.



Иран әдебиеті
ХХ ғасырда Иранда пайда болған әдеби журналдар елдің әдеби өміріне біршама өзге­ріс­тер әкеледі. Егер бұрын-соңды иран ақындары ірі қоғам қайраткерлер айналасында жина­ла­тын болса, енді олар әдеби журналдар арқылы біріге бастайды. Осындай әдеби журналдарда поэзия, проза, Иран және шетел әдебиеті туралы жаңалықтар да жарияланып отырады.

1910 ж. қараша айы мен 1922 ж. сәуір айына дейін «Бахар» журналы елге қызмет етеді. Оның редакторы Иранның атақты мәдени қайрат­кері Мирза Йусеф-хан Аштияни болған. «Бахар» журналында әдеби материал­дармен қатар ғылыми, саяси, тарихи және әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарияланып отырғанына қарамастан, бұл басылымды Ирандағы алғашқы әдеби журнал деп айтуға болады.

Тегеранда 1920 ж. пайда болған «Анджомане адабийе Иран» атты әдеби қоғам мен журналдың бірлестігінде Бахар, Хабиб Йагмаи, Саид Нафиси мен Рашид Йасеми үлкен орын алады. Ұйым мүшелері маңызды әдеби ескерткіштер мен атақты ақындардың өлеңдер жина­ғын жарыққа шығару үшін көп еңбек етеді. Олар Низами шығармаларының жеті томдық жинағы мен адиб әл-Мамалектің, Каем-Макам Фараханидің дуанын, Баба Тахир мен Обейда Заканидің шығармалар жинағын, Насрабадидің антологиясы мен басқа да құнды кітаптарды жарыққа шығарады.

30-шы жылдары аталған әдеби қоғам әлсірей бастап, өз жұмысын шектеуге мәжбүр болады. Бұл қоғамның негізін қалаған Уахид Дастагарди үлкен күш жұмсап, «Армаган» әдеби журналын құру арқылы әдебиеттің дамуына зор үлесін қосады. 1920 ж. жарық көре бастаған бұл журналда парсы әдебиетінің классикалық туындылары мен қазіргі таңның атақты авторларының шығармалары, сонымен қатар тіл білімі мен мәдениет саласындағы зерттеу жұмыстары, атақты Батыс және Кеңес шығыстанушыларының мақалалары жариял­анатын. Журналда көбіне ғылымдағы және қоғамдық өмірдегі өзекті мәселелер қозғалатын.

Парсы көркем прозасының дамуындағы біршама өзгерістер роман, повесть, новелла сынды жаңа жанр түрлерінің дамуына ықпал етті. Ирандағы алғашқы нағыз әлеуметтік роман ретінде 1921 ж. жарық көрген «Техране махуф» («Қорқынышты Тегеран») атты шы­ғар­маны ерекше атап өтуге болады. Оның авторы Мортаза Мошфек Каземи (1889-1978) кәсіби елші болатын. Ол қызмет бабымен жиі шетелдіктермен қарым-қатынас жасап, Еуропа елдеріне сапар шегіп, батыстық роман үлгілерімен де танысады.

Мошфек Каземидің «Голе пажморде» («Солған гүл») романы мен «Розегар уә анди­шеха» («Өткен туралы ойлар») атты шығармасында жазушының жеке өмірінен естеліктер келтіріліп, ХХ ғ. бірінші жартысындағы Иранда орын алған жағдайлар баяндалады.

«Қорқынышты Тегеран» романының жарыққа шығуы парсы прозасындағы естен кетпес оқиға болды. Бұл шығарма жаңа типтегі алғашқы роман болды және онда алғаш рет Иран қоға­мына тән құбылыстар шебер суреттеледі. Роман халық арасында кең тарап, үлкен жетіс­тікке ие болады.

Аталмыш шығармада бір-біріне өлердей ғашық болған екі жастың қайғылы тағдыры баяндалады. Махиннің әкесі қызының кедей отбасынан шыққан Фаррохқа тұрмысқа шы­ғуы­на тыйым салады. Ол қоғамда беделге ие болып, мәжіліс депутаты болу үшін қызын ақсүйек отбасынан шыққан бай адамға қоспақшы болады. Екі жас өз бақыты мен махаббаты үшін күресіп, талай қиындықтарды да бастан кешіреді. Соңында Фаррох тұтқындалып, Махин қа­за табады. Ал Фаррохтың әкесі ұлының қайғысын көтере алмай көз жұмады.

Фаррох пен Махиннің бұл оқиғасы Каджар әулетінің билігі тұсында басталып, кейін Пехлеуи әулеті деп аталған Реза-Ханның әскери төңкерісі кезінде (1921 ж. 21 ақпаны) өз жал­ға­сын табады. Романда Иран қоға­мында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен шаруа­ларды мәжбүрлеу арқылы сайланған мәжіліс депутаттары, қызмет өкілеттілігін жеке мақсаттары үшін қолданатын министрлер мен моллаларға дейін өткір сынға алынады. Жал­пы айтқанда, бұл шығармада «қорқынышты» Тегеранның барлық жағым­сыз жағы шебер сурет­телген. «Қорқынышты Тегеран» романының авторы өз шығармасында қоғамды адам­гер­шілік құндылықтармен өмір сүретін еңбекші­лер және әдепсіз жексұрындардан тұратын басқарушылар деп екі тапқа бөледі.

Мошфек Каземи Еуропа әдебиетімен жақсы таныс болып, тіпті француз романдарын түпнұсқада оқыса да, Батыс үлгісінің ықпалына ұшырамастан, ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, жаңа парсы әлеуметтік романын дүниеге әкеледі. Шығарманың тілі ауыз екі тілге өте жақын. Романда халықтың күнделікті тұрмысы мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі сипатталып, табиғат көрініс­тері әсем бейнеленеді.

ХІХ ғ. жазылған парсы тіліндегі «үлкен көлемді» прозалық шығар­маларда басты кейіп­кер ретінде тарихи тұлғалар алынатын болса, «Қорқы­нышты Тегеран» деп аталатын атал­мыш романда алғаш рет көркем образдар басты назарға алынған. Бұл шығарманың тағы бір ерекшелігі, онда автор оқиға­ларды құр баяндаудан гөрі суреттеуді жиі қолданып, кейіпкер­лер­дің сыртқы бейнесі мен жандүниесін шебер сипаттайды.

20-30 ж. Иранда «Қорқынышты Тегеран» атты шығармадан кейін Мохаммад Хеджази, Саид Нафиси, Аббас Халил сынды авторлардың еңбектері пайда бола бастайды.



Мохаммад Хеджази (1900-1973) министрлікте бірнеше қызметтер атқарып, «Иране эмруз» («Қазіргі таңдағы Иран») атты журналды шығарған. Өзінің саяси және тілшілік қыз­ме­тімен қатар 20-шы жылдардан бастап роман­дар жаза бастайды. Оның махаббат тақыры­бына арналған романдары Иранда кең тарап, үлкен жетістікке ие болады.

Хеджазидің «Хома» атты алғашқы романы 1927 ж. Тегеранда жарыққа шығып, кейін бірнеше рет қайта басылады. 1929 ж. «Паричехр», кейін «Зиба» атты романдары да басылып шығады. Әйел есімдерімен аталған бұл романдарда Иран қоғамында пайда болған әйелер тобына сипаттама беріледі. Бұл шығармада Мошфек Каземидің «Қорқынышты Тегеран» атты романын­дағыдай жалпы қоғамдық-әлеуметтік мәселелер көтерілмейді. Осы уақытта Иран жазушылары екі топқа бөлінеді. Бір тобы Мұхаммад Хеджази секілді махаббат тақыры­бын­дағы романдар жазуды таңдаса, енді бір тобы батыл жазылған шынайы әлеуметтік романдардың авторы болады.



Саид Нафиси (1896-1966) - жан-жақты білімді, талантты әдебиетші, Тегеран универси­те­тінің профессоры, шетелдік университеттердің құрметті докторы, Иран тіл және әдебиет Академиясының мүшесі, филолог, әдебиетші, ақын, прозаик және қоғам қайраткері. Оның «Фарангис» атты шығармасы парсы прозасындағы сентиментальды бағытта жазылған алғаш­қы романдардың бірі болып табылады. Бұл шығарма «Эттелаат» («Хабаршы») газетінде жарияланып, кейін кітап болып жарыққа шығады. Роман сюжеті мен құрылымы жағынан Гетенің «Жас Вертердің қасіреті» атты шығармасына жақын келеді.

Фарангиске ғашық болған жас Вертер ауруға шалдығып, емделу үшін елден кетеді де, ғашығына махаббат хатын жолдап тұрады. Ол өмірдің мәні алға қойған мақсаттарды орын­дап, жетістікке қол жеткізу деп ойлайды. Бірақ өмірдің ауыр сынағын бастан кешіріп, үлкен қасіртке душар болған жігіт өзінің ғашығы Фарангиске арналған 60-шы хатында өмірмен қош айтысады. Ал 61-ші хатында өзін өзімшіл санап, отыз жыл бойы ұйықтап келгенін түсініп, болашаққа сеніммен қарайтынын айтады. Бұл романда тығырыққа тірелген жас жігіттің қайғы-қасіреті қоғамда орын алған жағдайларға байланысты екені де көрсетілген.



Мохаммад Багер-мирза Хосроудың (1850-1920) «Шамс пен Тогра» атты үш томдық тарихи романы 1910 ж. жарыққа шығады. Күрделі құрылған бұл шығармада оқиға Иран­дағы моңғол үстемдігі кезінде орын алған. Беделді араб отбасынан шыққан Шамс моңғол ақсүйегінің қызына ғашық болады. Бұл екі жастың қосылуы мүмкін емес болатын. Сондық­тан да ғашықтар үлкен қиыншылықтар мен қайғы-қасіреттерге душар болады. Хосроуидің бұл шығармасы Низамидің «Хосроу мен Шырын», «Ләйлә мен Мәжнүн» атты біртуар туындыларына жақын келеді.

«Шамс пен Тогра» атты романда ХХ ғ. орын алған өзекті мәселелер сөз болады. Оқиға жағымсыз әлеуметтік жағдайларда өрбиді. Автор жаулаушылардың қатігездігі мен жауызды­ғын, елдегі ұрлық-қарлық пен өмір сүрудің ауыр жағдайы туралы айтады. Романда өткен оқи­ға­ларды суреттеу арқылы қазіргі замандағы өзекті мәселер айқын көрсетілген.

Тарихи романның дамуына Абдолхұсейн Сан'ати-заде Керманидің (1895-1973) қосқан үлесі ұшан теңіз. Оның шығармаларынан «Дамгостаран йа әнтекамхане Маздак» («Маздак үшін кек алушылар»), «Сийахпушан йа дастане Абу Муслиме» («Абу Муслим жайлы хи­кая»), «Ростам дар карне бистодоввом» («ХХІІ ғасырдағы Рустам») және т.б. белгілі. Тарихи романдарға Шейх Муса Натаридің «Эшк-о салтанат йа фотохате Куруше кабир» («Махаббат және билік немесе Ұлы Кирдің жеңісі»), Мырза Хасан-хан Бадидің «Дастане бастан йа саргозаште Куруш» («Көне заман туралы хикая немесе Кирдің оқиғасы») атты еңбектерін де жатқызуға болады. Аталмыш тарихи романдарға махаббат оқиғасы мен патриотизм, яғни елінің тәуелсіздігі үшін күресу, ежелгі Иранды мадақтау тән. Бұл шығармалар арқылы қазіргі таңда билік басында отырғандарға өсиет айтылады.

Тегеранда Реза-Шахтың билігі тұсында Рокн-заде Адамияттың «Далиране Тангестани» («Тангестан батырлары») атты тарихи романы жарыққа шығады. Бұл шығарма 1931 ж. «Кушеш» («Тырысу») газетінде жарыққа шығып, 1934 ж. аранайы кітап болып басылып шы­ға­ды. Роман оңтүстік Ирандағы Тангестан аймағына ағылшындардың басып кіруіне қарсы халық наразылығына байланысты 1916-1922 ж. оқиғаға арналған.

Адмияттың «Тангестан батырлары», Мырза Хейдар Али Кемалдың (1930) «Лазика» сияқты романдары көркемдік құндылықтарымен ерекшеленбеді. Онда кейіпкерлерге психо­ло­гиялық сипаттамалар берілмейді және шиеліністердің шешімдері көрсетілмей, тек жеке­леген оқиғалар ғана баяндалады.

Осылай қысқа уақыттың арасында (20-30 ж.) парсы прозасында жаңа типте жазыл­ған сентиментальды бағыттағы әлеуметтік, тарихи және махаббат тақырыбындағы романдар пайда болады. Иран жазушылары батысеуропалық әдебиетшілердің тәжірибесіне сүйене отырып, өз шығармаларына ұлттық реңк беретін парсы әдеби дәстүрлерін де пайдаланған. Дегенмен аталмыш романдардың авторлары кәсіби жазушы болмаған.

Қазіргі таңдағы парсы көркем прозасы дами отырып, жаңа жанр түрлері арқылы байи түседі. Парсы әдебиетінде пайда болған жаңа повесть романдардағы тақырыптарды қайтала­мастан қоғам өмірінің басқа да тұстарын қамтыған болатын.

Үлкен қаланың қызметкерінің бейнесі алғаш рет Мохаммад Мас'уд Дехаттың (1905-1947) повестерінде пайда болады. Бұл жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жоқтың қасы. Ол «Марде әмзур» («Қазіргі таңдағы адам») газетін шығарған. 1947 ж. жазушы белгісіз жандардың қолынан қасақана қаза табады. Дехаттың повестері үлкен жетіс­тікке жетіп, Тегеран газеттерінде жоғары бағаланған. «Тафрихате шаб» («Түнгі са­уық»), «Дар талаше мааш» («Қорек іздеу»), «Ашрафе махлукат» («Ең тамаша жараты­лыс»), «Гольхайе ке дар джаханнам мируйада» («Тозақта өсетін гүл») сынды шығармалары оқыр­ман­дардың қызығушылығын оятып, үлкен сұранысқа ие болған.

Оның «Қорек іздеу» (1933) және «Түнгі сауық» (1934) атты шығарма­ларында оқиға айла­кер, қу саудагер Помидорин мен шенеунік Покердің, ақсүйек Скелет пен философтың атынан баяндалады.

Шығарманың құрылымына келер болсақ, онда тұтастық жоқ. Әрбір повесть бір-бірімен сюжеті бойынша емес, тек кейіпкердің есімі арқылы байланыс тапқан жекелеген әңгімелер­ден тұрады. Шығарманың бірінші бөлімінде Скелет үйленбекші болады, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, оның отбасы бейшара халге түседі. Енді үйленбек түгіл өзін асырауға әлі келмеген жас жігіт өзін-өзі өлтіруге бел буады. Оқиға қайғылы аяқталып, бас кейіпкер у ішіп қаза табады. «Түнгі сауық» повесінің бас кейіпкері осы дүниедегі барлық нәрсе ұсқынсыз және барлық адам өзімшіл деген ой түйеді. Өткен уақыт та, қазіргі кезде сәтсіздікке толы. Әлеуметтік кедергілер мен өмірдің ауыр сынақтарынан ешқашан қашып құтылуға болмайды. Философ барлық нәрсеге кедейлік емес, бақытты өмір сүре алмаған адамның өзі кінәлі екенін айтады.



Ахмад Ходададенің «Рузе сийахе каргар» («Еңбеккердің қараңғы өмірі») атты повесі көр­кемдік жағынан Мұхаммад Мас'удтың шығармаларына қарсы қойылады. Оның бұл шығармасы 1926 ж. Иранның солтүстік-батысындағы Керманшах қаласында жарыққа шы­ға­ды. Кеңестік атақты ирантанушы В.Г.Тардов­тың орыс тіліндегі аудармасы 1930 және 1935 жылдары жарияла­нады.

Повесте Иранның ауылдық өмірі, нақтырақ айтсақ, күрт шаруа Бахтияр­дың тағдыры туралы айтылады. Сол кезде шаруа тақырыбында жазу парсы прозасы үшін ерекше құбылыс бо­лады. 20 ж. тек қала өмірін сипаттай­тын әдебиет үшін артта қалған ауыл өмірі мен шаруа­лар туралы жазуға тыйым салынған еді.

Аталмыш шығармада ойдан шығарылған оқиғалар мен ешқандай әсірелеу кездеспейді, он­да ғасырдың басындағы Иранның жекелеген аймақтары мен ауылдық өмірі шынайы сурет­телген. Бұл шығармада Ахмад Ходададе өзі жақсы білетін Керманшах ауылын жан-жақты суреттеуге тырысады. «Рузе сийахе каргар» повесі жазушының жалғыз туындысы болғаны­мен, халық арасында кең таралып, авторға үлкен табыс әкеледі.

Парсы көркем прозасының өтпелі даму кезеңінің өзінде әңгімелер жазыла бастаға­нымен, олар көбіне дәстүрлі әдебиетпен тығыз байланысты болады. 20-30 ж. Иранда ұлттық сипаттағы новеллалар пайда болған кезде тың өзгерістер орын алады. Жас жазушы-новел­лис­тердің шығармалары Иранның баспасөз беттерніде жарияланып, жеке басылым болып шығып жатты. Сол кездегі көрнекті жазушы-новеллистер ретінде Мұхаммад Али Жәмәл-заде мен Садек Хедаятты ерекше атап өтсек болады. Олардың шығармашылығы көркемдік жағы­нан да, идеологиясы жағынан да ерекшеленіп, парсы прозасының дамуына өзіндік үлесін қосқан.



Сеид Мохаммад Али Жәмәл-заде (1892-1997) өз дәуірінде көпті көрген жазушы. Ол Исфаһанда дүниеге келіп, жастайынан білім алу үшін Бейрутке кетеді. Орта білім алғаннан кейін Парижде, Лозаннада болып, Дижонда заң факультетін бітіреді. Жас жазушы уақытша Иранға келіп, кейін Берлинге кетіп, ирандықтардың неміс ұлтшылдар тобына қосылады. 1916 ж. бастап «Каве» журналында қызмет етеді. Ол бірнеше жыл «Эльмо хонар» («Ғылым мен Өнер») журналын шығарады. 30-шы ж. басында Женеваға кетіп, сол жерде Халықаралық еңбек ұйымында басшылық қызмет атқарады.

Жәмәл-заденің дүниетанымы мен ұстанымы оның шығармашылығына да өз әсерін тигізбей қоймады. Ол еуропалық авторлардың шығармашылығын жоғары бағалай отырып, әдебиетті Иранның қоғамдық өмірі мен мәдениетінің дамуына ықпал етуші құрал ретінде қарастырады. Ол парсы көркем прозасын төмен дәрежеде және оның тілі кедей деп санап, ұлттық әдебиетке жаңа еуропалық жанрларды енгізу арқылы көркем шығарма тілін байытуға шақырады.

Жәмәл-заденің «Дустийе хале херсе» («Аю тәтейдің махаббаты») атты әңгімелер жина­ғы­нан жазушының нақты саяси ұстанымын байқауға болады. Оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Керманшахта орын алады. Ондағы әңгімелерде орыстарға деген жек­көру­ші­лік байқалады. Кеңес үкіметіне деген мұндай көзқарасты жазушының басқа да шығарма­ла­ры­нан байқауға болады. Оның 1953 ж. Женевада жазылып, Тегерандағы «Сохан» журна­лын­да жарық көрген «Атеш зире хакестар» («Күл астындағы от») атты повесінде Кеңес үкіметі­нің Иранға әскери қатер төндіретіні айтылған.

Қазіргі прозаның дамуына этнограф, фольклортанушы, зерттеуші және аудармашы Садек Хедаяттың (1903-1951) қосқан үлесі ұшан теңіз. Оның әкесі Тегеран әскери учили­ще­сін­де ұстаздық еткен Реза Хедаят әдебиетті сүйіп оқитын. Оның жақын-алыс туыстары да бі­лім­ді, поэзияны бағалайтын жандар болған. Осындай жағдайда өскен Садек Хедаят әде­биет­ке үлкен қызығушылық танытады. Ол Тегерандағы ескі аудандарды аралап, халық жыр­лары мен дастандарын тыңдап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бақы­лау­ды ұна­та­тын. Осының нәтижесінде автор өзінің «Нейрангестан» («Ғажайып әлем») атты шығарма­сын­да ирандықтардың наным-сенімдері мен әдет-ғұрпын жан-жақты қарастырып, ескі ырым­дар мен наным-сенімдерді өткір сынға алады. Бастапқыда бұл кітапқа тыйым салынғанымен, кейін жарыққа шығады.

Хедаят Иранның халық поэзиясы туралы кітап, төрт ертегі, Исфаһан туралы жаз­ба­­лар мен парсы әдебиеті туралы бірнеше мақалалар жазған. Ол поэзияға асқан қызығу­шы­лық таны­тып, Омар Хайямды жоғары бағалаған. 1923 ж. Хедаят толық орта білімін аяқтамай жа­тып, Хайям шығарма­ларының жинағын жасады. Бұл жинақ үлкен жетістікке ие болып, халық арасында жоғары бағаланып, Иран әдебиетінде Хайямның шығармашылығы туралы жазыл­ған маңызды еңбек болды.

Хедаят 1925 жылы Тегерандағы Сен-Луи француз мектебін үздік бітіріп, Бельгиядағы жоғары инженерлер училищесіне, кейін архитектура мамандығы бойынша Парижге оқуға жіберіледі. Жас жігіт өзінің шәкірт ақысын кітаптарға жұмсап, романдар, әңгімелер, әдебиет пен мәдениет тарихы бойынша кітаптарды оқып уақытын өткізеді, көп жазады.

1930 ж. Хедаят жоғары білімін аяқтамастан Иранға қайта оралады. Ол басшылық қыз­ме­­тін атқара жүріп, өзінің сүйікті ісімен айналысуға да уақыт табады. Оның алғашқы әңгіме­ле­рі мен повестері, парсы тілі, әдебиеті мен мәдениеті туралы мақалалары жарық көре бас­тай­ды. Жазушының шығармашылық өмірін екі кезеңге (1926-1941 және 1942-1950 ж.) бөліп қарастыруға болады. Оның алғашқы шығармаларының бірі 1926 ж. жазылған «Марг» («Өлім») атты әңгімесінде өмір мен өлімнің қатар жүретіні, өлім болмаса, өмір де болмайты­ны айтылады. Мұнда өлімнің барлығына ортақ, бай не кедей деп таңдамайтыны хақында өрбітеді.

Жазушының шығармашылығына батысеуропалық декаденттік әдебиеті айтарлықтай әсер етеді. Бұл жазушының Парижде жазылып, 1930 жылы Тегеранда басылып шыққан «Зен­де бе гур» («Тірідей көмілген») атты әңгіме­сінде көрініс тапқан. Бұл шығарманың кейіпкері өмірдің ауыр сынақта­рынан өтіп, зұлымдықты жеңуге күші жетпей, өзі тірідей көміледі.

Үш жылдан кейін жазушының «Сайе роушан» («Түнек жарығы») жинағына енген «Ару­сак поште парде» («Көрмедегі манекен») атты шығармасы жарық көреді. Садек Хедаяттың шығармашылық өмірінің бірінше кезеңіне «Үлкен новелла» деп аталып кеткен «Буфе кур» («Соқыр үкі») атты повесін жатқызуға болады. Көптеген батысеуропалық және ирандық әдебиетшілер бұл шығарманы жазушының ең үздік туындысы деп есептейді. Онда 30 жылдары Иран қоғамында орын алған жағдайлар шынайы суреттелген. Шығармада бір тілім нан үшін еңбек ететін қарт та, ұрылар да, жезөкшелік те, нашақорлық та кездеседі.

Парсы әдебиетіне тән поэтикалық салыстырулар, символика мен астарлап айту жиі кез­де­сетін бұл шығармада бір жағынан адамгершілік құндылықтар, екінші жағынан екіжүзділік, пайдакүнемдік, тойымсыздық туралы айталды. Хедаят өзінің «Соқыр үкі», «Тірідей көміл­ген» атты әңгімелерімен қатар реалистік бағыттағы шығармалар да жазған. Ол өз шығарма­ла­рында Ирандағы феодалдық тұрмыстың қорқынышқа толы тұстарын әшкерелеп («Мохал­лел», 1932), адамдардың ашкөздігі туралы айтып («Мордехари» - «Құзғын», 1930), түрлі қыл­мыстар мен екіжүзділікті өткір сынға алады («Талабе аморзеш» - «Тәубе», 1932).

ХХ ғ. 30 жылдары парсы көркем прозасының роман, повесть, әңгіме сынды жанрлардың жаңа түрлері қалыптасса, 40 жылдары иран әдебиетінде жаңа құбылыстар орын алады.

Екінші дүниежүзілік соғысы Иранға да өз әсерін тигізіп, елдің саяси жағ­дайына біршама өзгерістер әкеледі. Реза-шахтың фашизмді жақтаған саясаты халықтың наразылығын туды­рып, 1941 жылы ирандық диктатор билік басынан кетуге мәжбүр болады. Саяси тұтқындарға амнистия жарияланып, қоғам қайраткерлері, көрнекті ақын-жазушылар, журналистер түрме­ден боса­тылып, елдеріне қайта оралады, елде сөз бостандығы орнайды. Осы кезде көптеген саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар пайда болып, мезгілдік басылым­дардың (газет, журнал, арнайы әдеби басылымдар) саны да арта түседі. Бұрын-соңды демократиялық бағыт­та жазатын жазушылардың шығармаларын жарыққа шығарудан қорқатын баспалар ендігі жерде оларды өздері іздей бастады.

40 жылдар парсы әдебиеті үшін ерекше кезең болып, проза үлкен екпін­ділікпен дами бас­тады, түрлі тыйымдар мен қуғын-сүргіндерден, қудалаудан шаршаған жазушылардың шы­ғар­маларында 1941 жылдан бастап әлеуметтік-саяси мәселелер басым орынға ие болады.

Парсы тіліндегі әдебиетің дамуына сол кезде Хедаят зор үлес қосады. Оның шығарма­шы­лығының екінші кезеңінде (1942-1950) жазылған туынды­ларда лирика мен романтикалық көңіл-күй басым. Ол сонымен қатар қоғамның дамуына кедергі келтіретін зұлымдық пен жауыздыққа қарсы күресу үшін сатираны да шебер пайдаланады. Жазушының «Казийейе харе дадджал» («Дәжәлдің есегі», 1944) атты әңгімесінде өз мүддесі үшін Отанын сатқан­дар­ды келемеж етеді. Ал америкалық отыршылдарға қарсы жазылған «Тупе мар­варид» («Гауһар пушка», 1947) атты памфлетінде ескі ғажайып пушканың тылсым күші туралы айтылады.

1943 ж. Хедаят өзінің «Абе зендеги» («Жанды су») атты аллегориялық әңгімесін жаза­ды. Үш ағайынды жігіт бақыт іздеп жолға шығады. Хасани мен Хосейни айлакерлік, қулық­пен Алтын Елі мен Ай Жарығы Елін басып алады. Бұл «жаңа тәртіп» орнатқан фашизмнің ны­ша­ны болса керек. Ал ағайындардың ең кішісі, өз халқын сүйетін, әділ әрі шыншыл Ахма­дак Мәңгі Көктем еліне жетіп, ол жерден жанды су алып келіп, соқыр, ұйқыда жатқан халық­ты оятып, оларға өмір сыйлайды. Алтын елі мен Ай Жарығы елінің халқы өздерінің жуыз басшыларына қарсы шығып, үлкен жеңіске жетеді.

«Абе зендеги» туындысы «Тупе марварид» сияқты формасы жағынан романтикалық әңгіме болғанымен, асылында реалистік бағытта жазылған шығарма болып табылады. Басқа да Иран жазушыларының (мысалы, Садек Чабак) осыған ұқсас шығармаларына қарап қазіргі парсы прозасында романтизм жеке ағын немес бағыт ретінде қалыптасқанын айтамыз.

Хедаят өз шығармашылығының бірінші кезеңінде жекелеген мәселе­лер­ге көңіл бөлсе, ал екінші кезеңінде өзекті әлеуметтік-саяси сюжеттер басым­ды­лыққа ие болады. Жазушы­ның «Фарда» («Ертең» 1947) атты туындысында ирандық баспахана қызметкерінің қиыншы­лық­тары мен қайғы-қасіретке толы тағдыры баяндалады. Парсы прозасындағы алғашқы жұмысшы образы Мехди Загидің бейнесі толық ашылмағанымен, сол кезде ирандық жұмыс­шылардың өмірі туралы жазу үлкен батылдықты қажет ететін.

Жазушыға үлкен жетістік әкелген «Қажы-аға» атты ең үздік шығармасы 1945 ж. жарық көріп, бірнеше рет басылып шығады. Онда пайдақұмар саудагер де, мансапқұмар жағым­паз­дар да, клерикалдар мен фашистер де кездескенімен, шығарманың бас кейіпкері жоғарыда атал­ған кейіпкерлермен жүйелі байланысқа түскен екіжүзді, сараң, жауыз, кертартпа Қажы-аға болып табылады. Ол саяси қулық-сұмдық жасап, үлкен пайда табады. «Тақуа» мұсылман­ның өмірлік мақсаты – үлкен пайда тауып, елдегі демократиялық қозғалыстардың дамуына қа­лай болса да кедергі жасау.

Жазушының бұл шығармасы билік басындағылардың тарапынан үлкен сынға ұшырап, көр­кемдік құндылығы өте төмен туынды деп қарастырылса, Иранның әдеби сыншылары КСРО-да орыс және басқа да тілдерде бірнеше рет басылып шыққан бұл повесті өте жоғары баға­лады.

Көрнекті батыл жазушы Хедаят 1951 ж. өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айты­сады. Оның шығармашылығы тек парсы көркем прозасының қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар оның әлемге танылуына да айтарлықтай ықпал етеді. Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесі­нің алтын медалімен марапатталған Иран прозаик-жазушысы Бозорг Алауи Садек Хедаятты «жаңа парсы прозасының негізін қалаған қазіргі таңдағы ұлы жазушы» деп жоғары бағала­ған. Француз шығыстанушысы Ж. Лазер мен әдебиетші Роже Леско да С.Хедаяттың парсы әде­биетінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтеді.

Кейінгі көрнекті жазушылардың қатарында Бозорг Алауи (1914-1997) саналады. Ол өзінің шығармашылық жолын журналистік қызметінен бастап, 1929-1930 ж. «Шарқ» («Шы­ғыс») және «Донйа» журналдарына өзінің әдебиет саласында жазылған «Гете және Иран», «Өнер мен материализм» сынды мақалаларын, сонымен қатар парсы тіліндегі әдеби аудар­ма­ларын (Рабиндрант Тагордың «Отбасы және Әлем» романы, Шиллердің «Орлеандық бикеш» драмасы, С.Цвейгтің «Ақ гүлдер» әңгімесі) жариялап отырған.

Бозорг Алауидің «Див-див» атты алғашқы әңгімесі 1931 ж. Тегеранда басылып шыққан «Аниран» («Иран емес») жинағына енеді. Ал оның «Шаба­дан» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1934 ж. жарыққа шығады. Ондағы кейбір сюжеттер жазушы Берлинде болған кезде жа­зы­луы да мүмкін. Жас жазушы дәл осы жерде доктор Эранимен кездесіп, Еуропаның ал­дыңғы қатарлы жазушыларының шығармаларымен танысады. Жазушының өмірін зерттеу­мен айналысқан Абдулла Дастегейб: «Алауидің алғашқы шығармала­рынан Достоевский, А.Шниц­лер мен Фрейдтің, неміс романтиктері мен экпрессионистерінің ықпалын байқауға болады», - деген.

Жазушының «Шабадан» атты шығармасында оқиға Берлинде орын алады. Эмигрант орыс қызы Катюша студент Ф-ке ғашық болады. Оның әкесі қоғамда беделді, бай адам бола­тын. Ф. Катюшаны сүймеді, оның адалдығына да сенбейді, бірақ қызды ұнатады. Катюша өзін асырай алатын, бақытты өмір сыйлайтын қалыңдық іздейді. Бір күні Ф. әкесінің шабада­нына байланысты Катюшаның қалыңдығын көріп қалады. Студент Ф. қызға былай деп хат жазады: «Қымбатты Катюша, сен менің әкеммен таныстыруды өтінген едің ғой, міне, ол сенің алдыңда отыр... Қалыңдығың туралы менің пікірімді де білгің келген. Міне, сені бақытты ететін нағыз керек адам осы».

«Шабадан» жинағына енген әңгімелердің бірінде қызғаныштың салдары­нан адам өлімі болса («Тарихчейй отаке ман» - «Бөлмем туралы шағын әңгі­ме»), ал екінші бірінде психи­калық ауытқулармен байланысты таңқаларлық қарым-қатынастың куәгері боламыз. Онда махаббатқа бөленуді армандаған қыздың музыкант ғашығы тек қыздың өлеңдерін ғана сүйеді. Ал қыз ән айту қабілетінен айырылғаннан кейін екі ғашық ажырасады («Арусе хезар дамад» - «Мыңдаған жігіттің қалыңдығы»). Жазушының «Сарбазе сорби» («Қалайыдан жа­сал­ған солдат») атты әңгімесінде нәзік жандылардың өміріне түрлі қиыншы­лықтар әкелетін еркектер туралы айтылады.

Реза-шахтың кезінде қамауға алынған жазушылардың арасында болған Бозорг Алауи түрмеден босатылғаннан кейін өзінің «Уаракпарехейе зендан» («Түрмедегі жазбалар», 1942) және «Панжахо се» («Ел үш», 1943) атты шығар­ма­ларын жарыққа шығарады. Бес қысқа әңгімеден тұратын бірінші жинағында Реза-шахтың билігі тұсындағы түрменің қорқынышты жағдайы суреттеледі. Екінші шығармада 20 жыл бойы халықты үрейде ұстап келген Реза-шахтың диктатурасы мен режимі туралы айтылады. Диктаторлық жүйенің ащы шын­дық­тары сипатталған жазушының бұл екі кітабы да көпшілік үшін күтпеген жағдай болады.

40 жылдардағы көркем прозада орын алған өзгерістер жаңа буын жазушы­лары шебер пайдалана алған жаңа көркем тәсілдермен тығыз байланысты болады. Жазушылар өз шығар­ма­ларында символика мен салыстыру әдісін шебер пайдаланады.

50 жылдары сатиралық прозада кең тарған памфлет формасында жазылған Хатиби мен Нафисидің шығармаларын ерекше атап өтсек болады. Саид Нафисидің «Нимераха бехешт» («Жұмаққа барар жолда») атты романы 1952 ж.жарық көреді. Буржуазиялық қоғамды әшке­ре­леген мұндай өткір сатира парсы прозасында алғаш пайда болады. Әдебиеттегі жарқын құбылыс болған Саид Нафисидің саяси романы қазіргі парсы прозасындағы жаңа жанрдың бастамасы болған.

Парвиз Хатиби өзінің «Шахре Херт» («Жүйесіз қала», 1954) атты шығар­ма­сында Иран хал­қы­ның ұлттық құндылықтар мәселесін көтереді. Онда жазушы бас-көзсіз Еуропаға табы­нып, өздерінің туған қалаларын тек ата-бабалары өмір сүретін лашықтай көретін адамдарды әшкерелеп, сол кезде қоғамда орын алған түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларды шебер көрсете білген.

40-50 жылдары әдебиетте жаңа тәсілдер іздестірген Иран жазушыларының арасынан Ибраһим Голестанды (1922) ерекше атап өтсек болады. Жазушы өзінің «Азар – махе ахере паиз» («Азар – күздің соңғы айы», 1949) атты алғашқы әңгімелер жинағында У.Фолкнердің көркемдік тәсілдерін қолданып, уақытқа қатысты баяндаудың неоклассикалық бағытын ұстанады. Оның кейіпкерлері белігілі бір тарихи кезеңде емес, ойдан шығарылған уақыт ара­лығында өмір сүреді. «Азар – күздің соңғы айы» атты әңгімеде оқиға бас кейіпкердің атынан баяндалады. Ол өзінің досы Ахмад туралы ойға батып, өзінің естеліктері арқылы досының өмірін, оның отбасын әңгіме етеді. Кейіпкер өзінің ұзақ толғанысынан кейін саяси өмірге араласпай, тыныш өмір сүруге бел буады. Ибраһим Голестанның «Мийане дируз фарда» («Өт­кен мен бүгіннің арасында») атты әңгімесінің бас кейіпкерлері түрмеге түскен Насер мен Рамазан да саяси белсенділікке толы өткен өмірлері туралы ұзақ ойланғаннан соң «Мен бұл іске араласпағанда ғой!» деген өкініштерін білдіреді.

Осы кезде көптеген жазушылардың шығармаларында рухани дағдарыстар, өлім, мәнсіз өмір туралы жазылатын. Нейр Мұхаммадтың «Даре басте» («Жабық есік»), Ахмад Махмұд­тың «Бихудеги» («Бос әурешілдік»), Амир Голардың «Бадбахти» («Бақытсыздық) атты шығарма­ларында пессимистік көңіл-күй сезіледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет