XVII ғасырдың басында ұлыстық жүйенің орнына жүздік ұйым орнықты. Қазақ жері үш шаруашылық аумақтық-бірлестік - жүздер арасында бөлінді. Жүздер басында билер, ең қуатты да саны басым тайпа басшылары тұрды. Билер төрелігі олардың тек жеке беделіне байланысты жүзеге асырылды, хан қандай да бір биді ұсынуға ықпал ете алмады.
Мемлекетті басқарудан жартылай шеттетілген сұлтандар өздерінің барлық артықшылықтарын сақтап қалды. Билер оларды соттай алмады және әскерден басқа барлық міндеткерліктен босатты. Сұлтандар XVIII ғасырдың басына қарай әр жүз құрамындағы ықпалды басшыларға айналды. Қазақтың барлық үш жүзінде билердің орнына ел басқаруға Шыңғысхан ұрпақтары келе бастады.
XVII ғасырда Түркістан қаласы Қазақ хандығының тұрақты ордасына айналды. Есім ханның заңдары елдің тұтастығы мен қорғанысын нығайтуға ықпал етті.
Тарихшы Махмұд ибн Уәлидің айтуынша, Есім хан 1628 жылы дүниеден өтіп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қасында жерленген.
Батыр, ұзын бойлы, қарулы адам болғандықтан, халық оны «Еңсегей бойлы ер Есім» атаған. Деректердің айтуынша, ол «тәкаппарлық пен атаққұмарлықтан азат», ақжарқын, қарапайым адам еді. Тіпті Тұрсынмен күрестің қиын кезеңінде де, тарихшы Әбілғазы жазғандай, «бұрынғыдай қарапайым, қонақжай және кішіпейіл болған».
Есім хан халық жадында үлкен із қалдырды. XIX ғасыр деректері жазғандай, қазақтар Есім ханға «осы күнге дейін ерекше құрмет көрсетеді».
§ 47. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес.
Жәңгір хан (1629-1652 жылдар)
Жоңғарлар. Қазақ билеушілері алғаш рет қалмақтармен (ойраттар) XVI ғасырдың бірінші жартысында соғысты. Бұл күрес XVIII ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Тарихи деректерде жоңғарлар әкелген қайғылы жағдайлар, қазақ билеушілерінің оларға қарсы шайқастары туралы айтылған.
Қазақ мемлекетіне екі ғасыр бойы тыныштық бермеген бұл жау кімдер еді? Қалмақ - батыс монғолдардың түрікше атауы. XIV ғасырдың басында монғолдардың батыс тайпалары ойрат одағын құрған еді. Ойрат одағы XVII ғасырдың басында құлады. Оның бір бөлігі Солтүстік Қазақстан арқылы төменгі Еділ бойына көшіп кетті, сол жерде Қалмақ хандығының негізін салды. Қалып қойған ойрат тайпалары 1635 жылы Жоңғар хандығын құрды. Ойраттар Қазақ мемлекетіне ғана емес, Қытай мен Ресейдің шегаралық аудандарына да қауіп төндірді.
Жоңғар хандығы құрылған уақыттан бастап қазақтардың ойраттармен күресі ұзақ мерзімге ұласты. Жоңғарлар Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы қолөнері дамыған, құнарлы жайылымдары жеткілікті, егіншілік аймақтарды басып алуға ұмтылды.
Жәңгір ханның ойраттармен күресі. Есімнің ұлы Жәңгір ханның билік құрған кезеңі (1629- 1652 жылдар) жоңғарларға қарсы күреспен өтті. Жеке ерлігі мен әскери жеңістері үшін қазақтар оны «Салқам Жәңгір» деп атады. Қазақ ханы қалмақтармен күресте Қашғария моғолдарынан қолдау тапты, қырғыздармен одақ құрды.
Осы кезеңнен мағлұмат беретін деректер қазақтар мен ойраттар арасында бірнеше ірі шайқастардың болғандығын атап өтеді. Соның бірі 1643 жылғы шайқас. Сол жылы ерте көктемге қарай жоңғардың қалың қолы Қазақ хандығының аумағына басып кірді. Жылдың осы мезгілін ойраттар кездейсоқ таңдаған жоқ.
Жоңғарлар көшпелілер ретінде бұл кезеңнің ерекшелігін білді. Көктем шыға төл алу басталады, бие құлындап, қой қоздайды да, көшпелілердің жас төлмен көші-қонға мүмкіндіктері болмай қыстау маңында қалады. Ал қыстаулар мал өрісі кең болуы үшін бір-бірінен шалғайда орналасты. Мұндай жағдайда дүшпанға қарсылық көрсету үшін әскерді тез жинау мүмкін емес еді.
Достарыңызбен бөлісу: |