Әдеби KZ
Меңтай қайырылып оның қасына келді. Зайкүл жалма-жан сумкасын ашып,
диірменшідей бұрқыратып, бетіне ұн жаға бастады. Мен жүкті алып, дәлізге
шығып, босағада қыздарды тосып тұрдым.
– Меңтай, осы сен неге боянбайсың? – деген Зайкүлдің үні естілді.
Меңтай сәл бөгеліп (тегі ол әдеті бойынша ақырын бір жымиып алған болуы
тиіс) барып жауап қатты.
– Мен табиғатпен таласуды жөнсіздік деп білемін.
– Ол не деген сөзің?
– Адамға табиғат берген бояудың өзі жетіп жатыр. Оның үстіне бетіңе
баттастырып бірдеңе жағу... – Меңтай үні үзіліп қалды. Мен есікке қарай
құлағымды тоса түстім, оның сөзінің аяғын естуге құмарттым. - Не десем екен
саған? Иә, табиғат берген бояудың үстіне баттастырып бірдеңе жағу
Рафаэльдің немесе Репиннің ғажап картиналарын жаңа бояу сүйкеп
жақсартамын деп әуре болумен пара-пар. Мен сондықтан боянбаймын,
Зайкүл.
Мен бұл сөзді өзім айтқандай қуандым. Меңтай жауабының тапқырлығына
да, оның өзге қыздар сияқты ешқашан боянбайтындығына да сүйсіндім. «Сол
керек саған, Зайкүл», дедім ішімнен. Бірақ бұған Зайкүл қысылмады.
– Қойшы, сен де қайдағыны соғады екенсің, - деді Зайкүл өз-өзінен
сықылықтай күліп. -
Бояуға не жетсін, шіркін! Ерінді қып-қызыл, қасты қап-қара етіп боянып шыға
келгеніңде жігіттердің жаны жәннәмға кетпей ме? Сенін бетің ақ қой, опа
жақпасаң да болар. Бірақ ерін мен екі беттің ұшын қызартуың керек. Сонда
сен үріп ауызға салғандай болар едің.
253
Достарыңызбен бөлісу: |