Әдеби KZ
– «Былайсоп-мылайсобыңның» не екенін білмеймін, қалқам, – деді ана қызы
орнына отырған соң. – Соғыс кезінде соқаға жеккен сиырды «соп!» дейтінбіз.
Менің білетінім осы ғана. Ендігі білетінім – ертең ел-жұртты жинап, той жаса,
балам.
– Иә, жасаймыз, – деп Майра күлімдеп кетті.
– Ертең ана ақ бұзауына айырбастап колхоздан бір семіз қой ал. Жиырма
жылдан бері осы колхоздың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеміз ғой.
Соғысқа кеткенше әкең де табан аудармай жұмыс істеген. Берер бір малын.
– Береді, апа, береді, – деп Майра алақанын шапалақтап.
– Берсе, солай ет, ботам, – деп ана орнынан көтерілді. Ол тегенені, Майра
мен Меңтай ыдыс-аяқты жинап алып, ауыз үйге әкетті.
Төргі бөлмеде оңаша қалған мен өз-өзімнен отырып тағы да тебірендім. Ері
соғыста өлген, жалғыз қызын медеу етіп, күнделікті еңбегімен күн көріп
отырған жесір әйелдің мынадай мырзалығына және таң қалдым. Алты
аласы, бес бересісі жоқ біреуге той жасап, жалғыз бұзауын сойып бермек.
Неткен дарқандық десеңші бұл! Бүгін біреуге той жасап, ертең өздері аш
отыруға бейіл ғой бұл ел. Жоқ, Меңтай екеуміз бұзауды сойдыртпаспыз. Ал
алда-жалда айтқанымызға көнбесе, екі есе ғып өтерміз бұл жақсылықты.
Жалғыз Майраның ғана емес, үшеуміздің бірдей ортақ анамыз етіп алармыз
бұл кісіні!
Мен осыны ойлап отырғанда төргі үйге Майра кірді.
– Біз Меңтай екеуміз де күнде беседкаға жатушы едік, – деді ол
орындықтағы шамды алып, биік үстелдің үстіне апара жатып. – Үй ыстық.
Сізге төсекті қайда салайық?
407
Достарыңызбен бөлісу: |