Әдеби KZ
Жиналыстарда мінбеден сөз сөйлейтін шешендей, екі қолын партаның екі
жақ ернеуіне тіреп алыпты. – Жолдастар, мені дұрыс түсінулеріңізді
сұраймын. Мен басқа мәселеге байланыссыз, тек қарындаш тұрғысында ғана
айттым.
Бұған қыздар тегіс ду күлді. Оның алғашқы сөзін естімеген сияқтанып,
күлместен, жымимастан қалған Меңтай да бұл жолы мырс етіп, езу тартты.
– Әй, Қанипа, сенің тілің-ай, осы, – деп қойды ақырын ғана. Меңтайдың
үнінен маған қыз жүрегінде кінәлау емес, құрбысына деген сонша бір нәзік
мейірбандық жатқаны аңғарылды.
Арада жексенбі өткен келесі бір дүйсенбіде Меңтай аудиторияға көк свитер
киіп келді.
Оны есіктен көре сала Зайкүл:
– Әу, Меңтай, жаңа свитер сатып алғаннан саумысың өзің? – деп жүгіріп
жанына жетіп барды. Меңтай сызыла аяндап партаға жеткенше ұршықша
иірілген Зайкүл оның алдына бір шығып, артына бір шығып қарап үлгірді де,
«жарасымды екен» деп өз бағасын айтты.
Содан кейін әлденеге мұңайғандай боп, сәл күрсініп алды.
– Жұртқа осындай жақсы нәрселер кездесе кетеді.
Меңтай парта жанына жеткеннен кейін аудиторияға ертерек келіп отырған
бәрімізбен бас изеп амандасты да, күле түсіп, үйіріліп қасынан кетпей жүрген
Зайкүлге бұрылды.
– Бұл менің бұрынғы свитерім ғой, Зайкүл-ау, – деді.
– Қойшы, – деді Зайкүл оған сенбей. – Анадағы ағай сия төгіп тастаған свитер
ме?
|