Әдеби KZ
– Иә, сол свитер. Сонда ағайдың қолы сия сауытты қағып кеткені жақсы
болды, – деді
Меңтай маған балаша еркелей бір қарап қойып. – Ағайға рақмет, әйтпесе
мен жалқау мұны қай уақытта бояп аларымды кім білсін. – Осылай деп ол
менің үстіне сия төккеніме шын қуанғандай күй танытты.
– Осындай әп-әдемі ғып өзін боядың ба, ей, Меңтай?,– деп Зайкүл көк
свитерге қайтадан үңілді. – Қой, өзің емес шығарсың.
Меңтай тағы күлді.
– Өзім, – деді тағы да Меңтай басын изеп. – Бұл свитерді тоқыған да өзім.
– Не дейді, қашан тоқып жүрсің?
– Биыл, жазғы каникул кезінде.
– Жіпті кім иіріп берді саған?
– Өзім, - деді тағы да Меңтай басын изеп.
– Былай, битіп пе? – деді Зайкүл сол қолын жоғары көтеріп, шынашағына іліп
алған шүйкенің шумақтаулы жүнін сұқ саусағы мен бармақ арасында қыса
ұстап тұрып, оң қолымен төмендегі көзге көрінбейтін ұршықтың сабын
ширатып кеп қалғандай белгі жасап. Қыздар ду күліп жіберді.
– Иә, –деп Меңтай да еріксіз күлді. - Оған несіне таңданасың, ұршық біздің
бабаларымыздан келе жатқан жүн иіру фабрикасы емес пе?
– Алла-ай, ішің неғып жарылып кетпеген, – деп Зайкүл Меңтайды аяғандай
боп басын шайқады. – Осыдан кейін сен де жалқаумын дейсің-ау өзіңді.
Мына мені айтсаңшы ештеңе істей алмайтын.
|