Әдеби KZ
– Келемін.
Кешке лекциядан қайтқан маған Меңтай берген әдіріс қағазы молда жазып
берген бойтұмардан кем көрінбеді. Жоғалтып алған жоқпын ба деп
сасқалақтап, үйге жеткенше гимнастеркамның омырау қалтасын әлденеше
рет сипалағаным бар. Үйге келе сала бітірген бірінші жұмысым Меңтай
берген қағазды тезірек ашу болды. Онда қыздың жаңа өз аузынан айтқан
әдірісі ғана барын білсем де, соны оқып шыққанша тағатым қалмады.
Меңтай әдірісті былай деп ұзын етіп бір-ақ жолға жазыпты:
«Виноградов көшесі, 62 үй, 62 бөлме, Меңтай»
Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының
арқандай шұбатылған ұзын жолдарына ұқсас бұл сөздер маған бүтін бір
поэмадан кем әсер еткен жоқ. «Бұл қыз мені неге шақырды? Әлде мені
жақсы көре ме екен? Үндемей жүріп ол да мені ішінен ұната ма екен, сүйе ме
екен? Әрине, солай болуға тиіс. Сүймесе мені оңаша бөлмеге шақырар ма
еді? Жалынғандай боп, қайта-қайта өтініп, өз қолымен әдірісін жазып берер
ме еді? Әттең, шіркін, Меңтайдай әсем, ақылды қыз мені сүйіп, мәңгілік
жарым болса – өмірде ешбір арманым болмас еді!»
Осылай ойлап, төсекте шалқамнан жатқан менің есіме бала күнімде естіген
бір шумақ халық өлеңі түсті.
Мінгенім дәйім менің сарым болса!
Қолымда жетелеген нарым болса!
Армансыз бұл дүниеден өтер едім:
Күлім көз, оймақ ауыз жарым болса!
|