Әдеби KZ
– Дегенмен өзі ақылды, сөзге де, ойға да ұста, шешен қыз екен.
– Ақын болсам деп арман етуші еді.
– Ә, бәсе.
Меңтай Сәлиманы осыдан артық талқыға салмады. Ал бір-ақ ауыз сөзбен
баға берді.
– Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзу өмірде көп кездескенімен,
махаббаттан бас тарту сирек болады деуші еді. Бірақ бәрі жағдайға
байланысты ғой.
Осылай деп, өзіне тән ұстамдылықпен, ақырын ғана басын шайқады да
қойды.
– Ағай, сіз отыра тұрыңызшы, - деді ол содан соң орнынан көтеріліп. – Мен
мына көрші қыздардың плиткасы босады ма екен, біліпкелейін.
Маған да керегі осы еді. Меңтай шығысымен орнымнан атып тұрып,
шинелімнің қалтасындағы бағанағы өлеңді алдым да, қай жерге тастап
кетсем екен деп, жан-жағыма қарадым. Осы кезде Меңтайдың қайтып келе
жатқан тықыры естілді де, мен буыным қалтырап, қолым дірілдеп, үстел
үстінде жатқан «Одиссея» кітабының ішіне тыға салдым.
– Плиткалары бос емес екен, - деді Меңтай дағдарып. – Мен тағы да бір шай
қайната қойсам ба деп едім.
– Жоқ, Меңтай, рахмет. Мен кетейін, кеш боп қалды ғой, – деп жалма-жан
киіміме қарай ұмтылдым. Енді кішкене бөгелсем, Меңтай «Одиссея»
арасындағы қағазды көріп қойып, масқарам шығатын сияқтанды.
– Ағай, келгеніңізге көп рахмет, – деді Меңтай. – Ертең жексенбі ғой,
уақытыңыз болса тағы да келіңіз. Келесіз бе?
|