Александр Онуфриевич Ковалевский (1840-1901) қандауыршаның
ұрығының дамуын мұқият зерттей отырып оның омыртқасыз жануарлар мен омыртқалы
жануарларды бір-бірімен байланыстыратын зоологиялық жаңа түрі екенін анықтады. Сонымен
қатар, ол омыртқалы жануарлардың ұрықтарының даму кезеңдеріндегі байқалатын анатомиялық
құрылысымен ұқсас екендігіне зор мән берді. Өйткені, қандауыршаның құрылысында хордалы
жаруарларға тән белгілер өмір бойы сақталатындығы да анықталды.
Қан айналым жүйесі. Ланцетниктің қан айналым жүйесі тұйық, жүрегі болмайды. Қан
айналым шеңбері –біреу. Қаны түссіз. Қан тамырлар жүйесі негізгі екі: арқа және құрсақ
қантамырларынан құралады. Қанның тамырлар бойымен қозғалуы, құрсақ қолқасы мен қан
әкелуші тамырлардың пульсациясы негізінде жүзеге асырылады. Жүректің қызметін құрсақ қолқа
қан тамыры атқарады. Құрсақ қолқасы желбезек саңылауларының тұсында вена қаны бар әкелуші
желбезек артерияларына тармақталады. Желбезек перделерінде газ алмасу нәтижесінде суда
еріген оттегіне қаныққан артерия қаны әкетуші желбезек артериялары арқылы жұп арқа қолқа
түбіріне қосылады. Олар жұтқыншақтың соңғы бөлімінің тұсында қосылып, сыңар арқа қолқасын
түзеді. Арқа қолқасының түбірінен ланцетниктің бас бөлімін артерия қанымен қамтамасыз ететін
ұйқы артериялары тарайды. Арқа қолқасы хорданың астыңғы жағынан артқы бөліміне дейін
созылады. Арқа қолқасынан бүкіл ішкі мүшелерге қан тамырлары кетеді.
Денесінің алдыңғы бөлімінен шығатын вена қаны жұп алдыңғы кардинальды веналарға,
денесінің артқы бөлімінен жұп артқы кардинальды веналарға жиналады. Жұп алдыңғы және жұп
артқы кардинальды веналар қосылып, екі кең, жұқа қабырғалы Кьюве өзегін құрайды. Кьюве
өзегінен қан вена синусына құйылады. Құрсақ қолқасы осы вена синусынан басталады. Ішкі
мүшелерден жиналған вена қаны –ішек асты венасымен бауыр өскініне келеді. Онда капилляр
торын құрап, бауыр вена қақпасын түзеді. Одан бауыр венасы арқылы веналық синусқа құйылады.
Артерия қаны –оттегіне қаныққан қан. Вена қаны –көмірқышқыл газына қаныққан қан.
Артериялық қан тамырлар –жүректен шыққан қанды бүкіл денеге тарататын тамырлар, ал веналық
қан тамырлар –денеден келген қанды жүрекке әкелетін қан тамырлары.