XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында келімсектердің
орналастырылуы
Патша үкіметі қазақ даласын толық иелену мақсатымен 1822 жылы «Сібір
қырғыздары туралы» Устав жариялап елдегі хандық билікті жойған болатын.
Дала өлкесінің әкімшілік басқару тәртібін өзгертіп патша үкіметі сегіз сыртқы
округ құрды. Осы округтердің бірі Қарқаралы өлкесінде құрылды.
Жаңа әкімшілік құрамын сайлау жүйесі енгізілді. Округтер болыстар
мен ауылдарға бөлінді. Әр округте он бестен жиырмаға дейін болыс бар.
Әр болыста оннан он екіге дейін ауылдар, әр ауылда елуден жетпіске дейін
үй болды. Қарқаралы округінде 1839 жылы 17 болыс, 1851 жылы 18 болыс,
1908 жылы 22 болыс болған. Әр болыстағы үйлер саны 22-25 мыңға дейін
жеткен. Округ құру кезінде қазақтардың қысқы қоныстары, рулық және
аймақтық бөліністер еске алынды.
Округтер Омбы облысының басқармасына бағынды. Округтік приказдар
ұйымдастырылды. Одан председатель аға сұлтан мен орынбасар сайланып
қойылатын екі заседатель мен екі мүше кірді. Сібір қазақтарына басшылық
жасау үшін шекаралық басқарма құрылды. 1868 жылы 21 қазанда Орынбор
және Батыс Сібір генерал-губернаторларының далалық облыстарын
басқару туралы уақытша ереже бекітілді. Қазақстан аймағы үш генерал
губернаторлыққа бөлінді. Олардың біріншісінде – Түркістан, Жетісу,
Сырдария облыстары, екіншісінде – Орынбор, Орал, Торғай облыстары,
үшіншісінде – Батыс Сібір, Ақмола, Семей облыстары болды. Бұдан кейін
уездер құрылды. Қарқаралы округі уезд болып аталды.
Ал ХІХ ғасырдың соңындағы осы өңірдегі рулардың құрамы жөнінде
Коншиннің «Памятная книжка Семипалатинской области» атты еңбегінің
«Расписание судебно-мировых участков в Семипалатинской области»
бөлімінде Қарқаралы уезі бойынша учаскелерге бөлінуін баяндайды:
1-й участок. г. Каркаралинск со станциею Каркаралинской. Волости.
Аксаринская, Беркаринская, Нуринская, Балхашская, Акчатавская,
Токраунская, Кызылтавская, Моинтинская и Чуйская.
2-й участок. Кентская, Темирчинская, Катан-булакская, Чубартавская,
Дагандельская, Дегеленская, Абралинская, Бюрлинская, Акботинская,
Эдрейская, Сартовская и Кувская.
Осы аталмыш еңбектің қырғыз болыстары бөлімінде аталған
болыстықтарға қосымша Сарыбұлақ болысы қосылып барлығы 22 болыс
аталады (66).
Қарқаралы қаласының басында осы уақытта 1225 ер адам, 1052 әйел адам
тұрғыны да аталады.
1867-1868 жылдарды қазақ жерлері мемлекеттік меншік болып жарияланды.
1901 жылы Патша өкіметі сол қазыналық жерлерді жеке меншіктерге бөліп
95
беру туралы заң шығарды. Сонымен қатар 1904 жылы 6 маусымда «Село
шонжарлары мен жер иеленуші мещандардың өз ықтиярымен қоныс аударуы
туралы» жаңа заң қабылдады. Сөйтіп, Қарқаралы аймағына ішкі Ресейден
қоныс аударушылар қатары өсе бастады.
Ресей тарапынан жүргізілген жаппай қоныстандыру саясаты жер-жердегі
байырғы тұрғындардың басына ауыртпалық әкелді. Олар туып-өскен ата-
мекендерінен ығыстырылып, шұрайсыз жерлерге күшпен қоныстандыра
бастады. Осы жайлардың куәгері болған Нарманбет ақын:
Аждаһаның аузында
Айрылып қалдық қоныстан.
Бекіліп мизам шықпай тұр
Әлі бізге орыстан
Қазақтың жолы қарайып,
Әділеттік азайды -
Би, старшын, болыстан,
Малды кісі би болып,
Милы кісі іи болып
Белгілі жақсы жүн болып,
Жанның бәрі тең болып,
Көнбейміз деп тырысқан...
Бұл өлең 1903 жылы жазылған (67). Ғасыр басындағы шындық осындай
болған. Іле Ресейден қоныс аударған қара шекпенділерге әр өңірлерден
шұрайлы жерлер берілді. Олар Қарқаралы тау аңғарларындағы өзен-көлдердің
салалары мен сағаларын егіншілік кәсіпке пайдаланды.
Қарқаралы өңірінде жер шаруашылығын игерушілердің бірі жүз басы
Карбышев еді. Ол агроном мамандығын өздігінен үйренгендіктен егін
шаруашылығын игеру мүмкіндігін іс жүзінде көрсете білді. 1825 жылы 16
десятина жерге егілген күздік қара бидайдан және 40 десятинаға егілген
сұлыдан жақсы өнім алды. 1827 жылы егіс көлемі ұлғайтылды. Осы кезде
Ертіс бойынан ондаған казактардың отбасылары қоныстануға Қарқаралыға
келді. Он жеті адам суық түскенше 14 десятина жер жыртып, күздік қара
бидай екті. 1828 жылы поселкеде екі су диірмен, бір жел диірмен салынды.
Карбышев қазақтардың егіншілік кәсіпті үйренуіне көмек жасады. 1826 жылы
Қу болысының қазағы Кәрішал Тұрсынов қызыл бидайдан тәп-тәуір өнім
жинады. Осындай жағдай қазақтар арасында жылдан жылға көбейе түсті.
Қазақтар егістігінің көпшілігі Талды, Жарлы, Тоқырауын өзендерінің
жағалауларында орналасты. Дегенмен де, құнарлы егістік жерлер казактардың,
қоныстанған бай-кулактардың қолында болды. Олар кедей қазақтардың тегін
жұмыс күштерін пайдаланды.
Уезде 2573 шаруашылықтың егістік учаскелері болды. 1901 жылы
96
казактардың әрбір жан басына 3 қадақтан, қазақтардың жан басына екі қадақ
көлемінде тұқым себіліп отырған. 1905 жылы – 600 десятина, 1916 жылы –
2000 десятина жер пайдаланылған.
ХХ ғасырдың басында Қарқаралыда әр ұлттың өкілдері тұрды. Казактар
қалада, қазақ кедейлері шетте киіз үйлерінде отырып, жылдың жартысын
өткізетін болған. Татар мен қазақ саудагерлер қаланың татар кварталында
тұрды.
Ботақара-Нұра өңірінің өткен 1880-1900 жж. аралығындағы тарихында
мыңызды орын алатын басты тақырып – переселендер көші-қоны, жер
мәселесі, төңкеріс, отаршылдық саясат тұсындағы қазақ халқының тіршілігі,
тұрмысы. Сондықтан орыс мұжықтарының қоныс аудару тарихы бұл
кітапқа тікелей қатысы бар мәселе. Өңірдің осы кезеңдегі тарихы қоныстану
тарихымен тығыз байланысы – тарихи жер атауларының өзгеруі, орыстың
жаңа селениелерінің пайда болуымен, қазақтың ауыр тұрмысы, қазақ
жұмысшыларының әлеуметтік тобының қалыптасуна қатысты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындығы қазақ малының едәуір бөлігінің
жұттан қырылып қалуы тек табиғат апатынан ғана емес, оның негізгі себебі
– малдың еркін жайылып, қысқа қоң жинай алмауында, ал қатты қыс бұрын
да болып тұрған. Еркін жайылмаған малдың күйі де кете береді. Күйі кеткен
малдың қаһарлы қыстан аман шықпайтыны белгілі. Осыдан келіп қазақ
даласының едәуір бөлігі қаңырап бос қалды десе де болады. Ал отарлаушы
өкімет үшін бұл жағдай қазақтың жерін болашақта келетін қоныстанушыларға
босатып алуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, мыңғыртып мал өсірген қазақтың
шаруашылығына бұл қатты әсер етті.
Бұл тарихи ахуал XVIII ғасырда Бұқар жырау толғауларында айтылған.
Күн батыстан бір дұшпан,
Ақырда шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Бастығының аты поп.
Күн шығысқа қарайды,
Шашын алмай тарайды.
Құдайды білер діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ.
Осы сынды бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір
Жаяулап келер жұртыңа.
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жемірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
97
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы жаппай қоныс аудару
саясаты ХІХ ғасырдың бас кезінен-ақ отаршыл әкімішілік өкілдерінің
санасына орнықты. 1830 жылдары патшалы Ресейдің мемлекеттік мүлік
уәзірлігінің басшысы Киселев деген бұл жайында жоба дайындауды қолға
алған. Оның мақсаты аз көлемдегі шаруаларды қоныс аудару арқылы отарлау
саясатын іске асыру болатын. Орысты жер аудару арқылы қазақ жерін отарлау
патша билігінің саясатына қызмет етті. Орыс мұжығының шығысқа қоныс
аударуы кең сипат алуы 1896-1916 жылдар аралығы. Переселен саясаты
арқылы патшалық Ресей басып алған жерлерін заңдастырып, мәңгі-бақи
бекітіп алуды көздеді. Сол үшін Ресей империясы қазақ даласына орыс-
казактардың станицаларын салғызып, крестьяндарға жер кесіп, селение
қоныстарын ұйымдастырды. Батыс Сібір генерал-губернаторы 1875 жылы,
«қазақ жұртшылығы даланы көшіп-қонып жүргенінше орыстан алшақ болып,
санақ үшін бар да, бодан ретіне жоқ» болып қала береді деп жазған.
Сол ХІХ ғасырдың орта шенінде Ресейдің ішкі саясаты да күрделенді.
1861 жылғы реформадан кейін басыбайлы құл болған орыс мұжығы
деревнясында еркіндік ала бастағаннан кейін, кейбір крестьяндар Сібірге
бет алып, бейберекет түрде қоныс аударуға кірісті, бұл үрдіс мемлекеттің
жоспарлы түрде қоныс аудару шараларының алдында жүрді. Жоспарлы түрде
Қоныс аудару ісін мемлекет тек 1885 жылы ғана қолға алып, алғашында
әкімшілік тұрғысынан, ал 1889 жылдан бастап заң жағынан да араласып, іске
асыра бастады. Жаппай қоныс аудару ісі жүзеге Столыпин реформаларының
нәтижесінде іске асырылды. Көші-қон қозғалысының осы кездегі шырқау шегі
қонысқа қолайлы заң актілерінің қабылдау, өкімет тарапынан үгіт-насихаттың
күшеюі, Столыпинның реформалары берген қолдауымен тығыз байланысты
болды. Бұрын қазақтың шұрайлы жерлері, құнарлы мал жайылымдары
негізінен тұрақты қыстау мен қонысына айналып, белгілі бір қазақ руларының
меншігі болса, енді сол меншіктен айырылатын болды.
1885-1905 жылдар аралығында – 1 млн 520 мың келімсектер келді.
Мигранттардың қоныстану түрі Қазақстанда 1900 жылға қарай белгілі бір
қалыпқа ие болды. Семей, Ақмола облысы жерінде көпшілік жағдайда бұлар
құнарлы өзендердің бойын мекендей бастады. Оған аталмыш ауданның Нұра,
Көкпекті, Теректі өзендерінің бойын атауымызға болады. 1906-1910 жылдар
аралығында 2,5 млн жанға жеткен. 1905 Ақмола облысы бойынша жылы өз
бетінше қоныс аударғанның саны олардың жалпы санының 54,7%-ы, Семей
облысында – 61,5%-ы, Торғай облысында – 88,6%-ы болды.
П. Столыпиннің аграрлық саясатының мәні үш заң актісінде көрсетілді.
Сенаттың қарауына берілетін 1906 жылғы 9 қарашадағы «Шаруалардың жер
иеленуіне және жер пайдалануына қатысты қолданылып жүрген заңның
кейбір қаулыларын толықтыру туралы» жарлық, ол ІІІ Мемлекеттік Думада
98
1910 жылғы 14 маусымдағы «Шаруалардың жер иеленуі жайлы кейбір
қаулыларды өзгертулер мен толықтырулар туралы» заң етіп толықтырылды
және қайта өңделді. 1911 жылғы 29 мамырда «Жерге орналастыру туралы»
заң қабылданды. Аграрлық реформа бойынша шараларды жүргізу Сенат
Жарлықты қабылдағаннан кейін 1906 жылы басталды.
1893-1916 жылдар аралығында орыстың шығысқа қарай қоныс аударуы
өте кең сипат алып, жалпы 5 млн астам адамды қамтыды. Сол 5 млн халықтың
3,5 млн адамы 1906-1914 жылдар аралығында келіп қоныстанғандар. Қазақ
жеріне нан іздеп келгендері барлығы 1,5 млн келімсек. Оның 1 млн адамы
қазаққа 1906-1914 жылдары келді. 1906-1911 жылдар аралығында мұжықтың
қазақ жеріне қоныс аудару ауқымы аса жоғарылады. 1903 жылғы мұрағат
құжатында «Ақмола казактары мен селениелер туралы» мәліметінде Ақмола
уезінде бір қала Ақмола, жанындағы казактардың станциясымен, тоғыз
крестьян болысы, онда 47 қоныстандырылған селение, 9 қоныстандырылмаған
жер телімі және бұлардан бөлек «Ботақара» мекенінде өз алдына жеке селение
«Санниково» бар деп көрсетілген. Қазақ болыстары барлығы – 26, онда 201
ауыл және 31590 шаңырақ тіркелген.
Бес жылдың ішінде жаңадан 2 қоныстанушылар болысы, 23 селение
ашылды. Қазақ болыстары 19-дан 26-ға ғана өскен, шаңырақ саны азаймаса,
көбеймеген. Егер орыс селениелерінің саны 23-ке дейін өсуі жаңадан келген
қоныстанушылардың есебінен болса, қазақ болыстарының сан жағынан емес,
керісінше – тар болыстың шеңберінде еркін малын жая алмай, жер үшін туып
жатқан қып-қызыл даудан мезі болып, өз ішінен булығып, бүлініп, бірінен-
бірі бөлініп кетуге тырысудан туған құбылыс болды.
Жерді бөлуге талпынып, губернаторға шағымданған арыздар мұрағат
құжаттарында 1887-1893 жылдары жаппай етек алды. Қоныстанушылар бір
жағынан ағылып келіп қазақтың ен даласын еркін жайлап жатса, жер иесі
болған қазақ баласы «шектеп қойған шеңберден» шыға алмай, өз ішіндегі
туындаған қиыншылықтардан басын көтере алмай қалды.
1904-1905 жылдары мұжықтың көші-қон толқыны бәсеңсіді. Бұған сол
кездегі екі ірі саяси оқиға әсер еткені белгілі. Бірінші ахуал сәтсіз аяқталған
1905 жылғы төңкеріске қатысты болса, екіншісі – орыс шаруаларының бұрынғы
мекендері – Орал тауынан берірек орналасқан күншығыс бетіндегі жер бос
қалып тартымды бола қалуы. Бірақ 1910 жылы жер үшін бәсеке күшейгені
әсіресе қатты сезілді. 1911-1912 жылдары Ресейде егін бітік шыққандықтан
бір үзіліс байқалды.
1905 жылдан кейін Сарыарқаға ағылған қарашекпенділердің көші-қон
отарлауы күшейе түсті. Бұл жерлерге «за Ишим», на «свободные» земли деп,
қазақтан тартып алынған жерлерді келіп жатқан қара мұжықтарға үлестіріліп,
патша өкіметінің қолдауымен жіберілген келімсектер Киев, Чернигов және
99
тағы басқа ішкі губернияларынан ағыла бастады. Келе сала қазақ жерлерінің
атын өз ыңғайын бұрмалап, қазақша атауларды орысша сөйлетіп, өздерінің
келген жерлерінің атын елді мекенге беріп өзгерте бастады. Міржақып Дулатов
«Қазақ жерлері» атты өлеңінде:
Мың жеті жүз отыз бір сәнасында,
Біз кірдік Руссияның фанасына.
Өнерсіз бостығымыз көрінген соң,
Қызықбас кім қазақтың баласына?
Жылында мың сегіз жүз алпыс сегіз
Қазыналық, деді, жердің һәммәсін да.
Тарылып жылдан жылға жер-суымыз
Мұжықтың кетті бәрі қаласына.
Қадірдан халық билеген ақсақалдар,
Бұл іске пайым назар саласың ба?
Темірді қызуында соқпай қалып,
Нәсіліңнің көз жасына қаласың ба?
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,
Мұжыққа, қош аман боп, барасың да.
Қасиетті бабамыздың зияраты,
Қалдың ғой көшесінің арасында.
Моншаға зияраттың тасын алып,
Ағашын отқа мұжық жағасың да.
Таба алмай бір барғанда еш белгісін,
Көзден жас көлдей болып ағасың да.
Шалқар көл, аққан бұлақ, жайлы қоныс
Орман-тоғай кетті ғой ағашың да.
Ойласам мұның бәрін қиялы боп,
Қападан ішім оттай жанасың да.
Әуелде жерімізбен кіріп едік,
Тұрмақта ғаділдіктің саясында.
Айрылсаң қалған жерден осы күнгі
Топыраққа малды қазақ бағасың да.
Адасты ақылынан қара халық
Білгіштер өзің айлә табасың да.
Қазағым, жерің қайда ата мекен,
Қазақ қазақ болғалы мекен еткен.
Қазірде бәріңізді қуып шығып,
Орныңа қала салып хахол жеткен.
Шығарған жер өлшеуге землемерлері
Қала үшін кеткен бізден жақсы жерлер.
Тәтті су, тұщы судың бәрі сонда,
100
Табатын бұған айла қайда ерлер?
Зеңгір тау, аққан бұлақ шалқар көлдер,
Кетті ғой бетегелі биік белдер.
Қысқарып жер кеткен соң өрісіміз,
Қалды ғой жатақ болып қайран елдер.
Ащы су бізге қалды шөл далалар
Жақсы жер қалдырмады егін салар.
Қалайша тау мен тасқа баға алады
Қоралы қой, қосты жылқы байларда бар.
Мінікей келді мұжық көшкен бұлттай
Қазақтың қояр емес жерін құртпай.
Келді де егін салып байып кетті,
Жалқау ма бұлар тәңірі-ай біздің жұрттай.
Көрдің ғой бұл уақытта тарылғанын,
Алынбас илтипатқа жалынғаның.
Он бестен кісі басы ондық
Жер берсе сонда қазақ нешік хәлің?
Еуропа жағында саны аз ұлт-ұлыстардың жерін тартып алуды көздеген
Ресей, олардың бір бөлігін еріксіз түрде Қазақстанға жер аудартты. Сондай
халық өкілдерінің бірі қазіргі Латвия мен Эстония арасында бөлінген лифляндия
жерінен әкелінген балтық ұлт өкілдері латыштар мен эстондықтар болды.
Оларды бағындырдық деген мағына беру мақсатында қоныстандырылған елді
мекен атын Покорные деп атады. Келген жерін білдіру үшін Лифлянд болысы
деп атады. Баймырза жеріне Покорное селосын 1906-1907 жылдары салған.
Арықтыкөл деген жерге Молодецкое, ал Жауыр тауының етегіне Самарканд
селоларын 1907 жылы салған. Нұра өзені бойындағы Текеқараөзек жеріне
Ростовка селосын 1908 жылы салған. 1909 жылы Ошағанды елді мекенінде
Андрониковский селосын сала бастады.
1905 жылығы төңкеріс ұйымдастыруда Ресейдің барлық село жерлерінде
шаруалардың бой көтерулері өтті. 1907 жылы Ақмола, Семей, Жетісу
облыстарында кәдімгі төтенше әскери жағдай жария етілді. Жандармдық
бақылау күшейтілді. 1904-1905 жылдары орыс-жапон соғысы, абырой
болғанда, да көші-қон ісіне үлкен кедергі болды. Бірақ жапонмен соғыс
нәтижесі келімсектің көпшілігі шығысқа қарай бет алуына әсерін тигізді. Бұл
уақытта орын алған, аз айтылатын, қазақ қозғалысының басты екі себебінің
бірі – ата қонысын тастатып, переселендерді итермелеп шығарғy болды.
Патша шенеунігі Санников: «...Бөлінген жер телімдеріне алғашқы
қоныстануы 1901 жыл, оның жер көлемі 28515 ондық, ыңғайлы жер аумағы
15749 десятин деп аталған. Телімге қоныстана бастауы 1902 жылға сәйкес
келеді. Бұл жерге 410 ер адам қоныс аударып келген. 1901 жылдың тамыз-
қараша айларында жазылған «Жан басына шаққан бос жер үлестері бар
101
селение мен қоныстандыру телімдердің тізімі» атты құжатта 1901 жылы жазда
Ақмола ояздығында жаңадан ашылып, дайындалып қойған учаскелер жөнінде
мынадай мәлімет бар: Ботақара телімінде – 1043 жанға; Петров телімінде –
411 жанға; Шолақ Қарасу жанында – 580 жанға; Талды кең сайының жанында
– 100 жанға; Қарақұдықта – 548 жанға, және т.б. Барлығы Ақмола ояздығында
бір жылғы жазда 17 жаңа бөлінген жері телімдерінде 5148 жанға жер үлесі
дайындалып қойған.
Селоның жаппай қоныстана бастауы Ресейдің ішкі аудандардарға
келімсектерді жаппай қоныс аудару саясатына қатысты болды.
1901 жылы белгілі статист Ф. Щербина Нұра өзеннің орта сағасын
зерттеген соң, осы жерлерге келімсектердің Санников поселкесін салуға
түсініктеме берген. Поселкеге 28515 шабындықты жайылымды жерлер
бөлінген. Елді мекеннің жаңа келімсектермен қоныстана бастауы жер
жыртуға қатысты ыңғайлы жердің көлеміне байланысты реттеліп отырған.
Сол кезеңнің тәртібі бойынша әрбір отбасына 15 ондықтан бөлінетін болған.
Жерді алғашқы кезеңді белгілі бір тәртіпсіз талдау қағазын тастап бөлетін
болған. Кейінен жер бөлуді ауыл басшысы староста қолына алған. Орыс
және украин шаруалары алғашқы мезгілде палаткаларда, жер кепелерде өмір
сүрді. 1902 жылы Санников селосының халқы мыңға тарта болды. Санников
Ақмола облысының Ақмола уезінің құрамына енді.
Осы уақытта Қарқаралы ояздығына қараған Алтынсу өзені Ақмолаға
біршама қашық орналасқан еді. Ботақара елді мекеніне переселен мұжықтар
генерал-губернатор Санниковтың атын беруі, оның өздеріне деген оң қабақ
танытып, көңіл аудара ма деген ниеті болатын еді. Жердің аты Ботақара
болатын. Алғашқы келімсектер ішіндегілер өздерін малорос, великорос деп
атады. Бұның тарихи мағынасы орыстың үлкен, иә кіші жерінен келгенін
білдіретін. Ұлты жағынан белорус, украин өкілдері болатын.
Ботақара-Нұра өңірінің жер-су аты Шолақ Қарасу, Керней Қарасу
дегендей көбінесе қарасу атымен аталатыны белгілі. Осы Қарасу өзендерінің
бойына қоныстана бастады. Қарасудың бойы толған кішігірім орман, жан-
жағы желден ықтасын қырат болғандықтан бұл жерге «қара шекпенділерге»
бірден көңілдеріне ұнаған болатын. Ауылдың оңтүстік-шығыс жағында
Керней тауы биіктігі – 748,8 м және Оспан тауы биіктігі – 717, 2 м орналасқан.
Алғаш қоныстанушылар осы екі қыратқа қарай орналасқанмен ауыз су тапшы
болғандықтан төменірек Қарасуды бойлай қоныстанды.
1906 жылы топограф Дубейский қоныстанушыларды орналастыру
мақсатымен Керней және Қоңыр жер телімдерін жоспарға түсірді. Керней
телімі жер тілімі бойынша Керней-Қарасу бойында жалпы көлемі 14 922
десятин, жер жыртуға 4 366 десятин жер белгіленді. Жер жырту тілімі
Семізбұғы жолының сол жақ қапталында Қызылтас бұлағына қарсы
орналасты. Бұлақ басында жергілікті ұста мекен етті. Сондықтан бұл мекенді
102
келімсектер «Казачье», яғни «қазақтың» деп атап кетті. Кішігірім орман
шетінде Ордабай қыстағына келімсектер Марко, Гуглино отбасыларымен
қоныстанды. Керней Қарасудағы село ертеректе Павлодар ояздығы, Ақкелін
болыстығына қарады. Бұл мекенге арнайы әкімшілік болып құрылғаны 1908
жылдың 20 қарашасы болды.
1902 жылы жер өлшеушілер Шолаққарасу және Көкпекті өзендерінің
бойын зерттеп, алғаш 15 құдықтың орны қазылып су көзінің тұщы екені
анықталған соң бұл жерде Миньковка селосы пайда болды. Шаруаларға 9 231
десятин жер телімі бөлінді. Мұнан соң 1909 жылы Ақмола облыстық жер
бөлімі Шолаққарасу өзені бойында жеке өзіндік қоныстанушылар телімін
бекітті. Бұл жер теліміне 1906 жылдан бастап Могилев губерниясы, Гомельден
бірнеше отбасы көшіп келді. Дон бойынан қоныс аударған шаруалар өздері
көшіп келген жер аты Миньковка атымен осы жерді атауды ұйғарды.
«Біз – Мұрат руымыз. Мұрат руы Нұра мен Есен өзенінің ортасын мекен
еткен. Қыстауы Шолақ қарасудың бойында. Жайлауға Шөптікөл, Шөгембай,
Нияз мекендеріне қоныс Астахов, Токаревка елді мекендері арқылы көшіп
отырған. Бұл көште Тасшоқыдан – Өскебай, Бақтыбай тоғамына (Петровка)
– Қазақбай, Көкпектіден – Есімбай, Естілеу, Орысбай отбасыларымен және
бұл көшке Түйтебай, Қарақаман қосылды. Ауылдың алғашқы мұғалімі
және молласы Төлеубай ауыл балаларын құран сүрелерін оқуға үйретті.
Ауыл балалары арасында Сапуан, Айсабек, Қасым өздерінің оқуға деген
ыждағаттылығымен көзге түсетін.
Ауыл арасында Шолаққарасу басында алғаш орыс келімсектері
қоныстанғанда жергілікті халық арасында біршама қорқыныш тудыратын
кейіпте болды. Себебі көпшілігінің сақалы өскен, бастары тақырбас
оларды ұлттарына қарамай жаппай «орыс» деп атады. Жергілікті жердің
мейірбандылығын көрген келімсекттер арасынан «тамыр» да пайда бола
бастады. Бұл ауылда Полтавадан қоныс аударған келімсектер басым болды.
Ұжымдастыру кезінде Жаңаарқадан бірнеше отбасы келіп қоныстанды. Олар
Шабден Қалиев, Аман Айнабеков, Мақаш Қошақаев, Аман Сарсекеев, т. б.
бірнеше отбасы осы жерге тұрақтаған болатын дейді Сеилбек ақсақал.
87
Зеленая Балка селосының нақты құрылуы жөнінде «Ақмола облыстық
хабаршысы» газетінің 1911 жылғы №52 санында көрсетілген: «Ақмола
облыстық басқармасының қаулысы бойынша 1911 жылдың 10 қараша айында
Қызыл-Құдық телімінде селолық қоғамдық басқарма құрылысын, әкімшілік
тарапынан Больше-Михайлов болыстығына қарайтын және бұл мекен Зеленая
Балка деп аталсын» деп жазылған.
1913 жылы 22 келімсек отбасыларға тағы да Дон, Чернигов, Екатирослав
губернияларынан 50 отбасы толықты. Алғашқы кезеңде келімсектер мен
жергілікті тұрғындар арасында біршама келіспеушіліктер де болып тұрды.
87
ҚОМА қ 1487 тіз 1 іс 152, п 33-35.
103
Дегенмен дәстүрлі қоғамның ақсақалдар билігінің мектебін көрген жергілікті
қариялар Жылқойшы, Мейрман, Рыспай, Тұрғымбек, Таласпай, және т. б ел
арасын бітімге келтіріп шаруашылық ұйымдастыру жағы ойластырылды.
Қазақ қоғамына жат «тамыр» ұғымы пайда болды. Себебі еріксіз төрт түлік
малдың азығына бидай тағы басқа заттар айырбасқа жүре бастады.
1903 жылдың көктемінде су қоймасының маңында жер өлшеушілер
мен топографтардың партиясы Қайыңдыкөл көлінің оң жағалауында болып
қайтты. Егіншілік пен қоныстандыру жөніндегі бас басқарма Ресейден қоныс
аударушыларды орналастыру арқылы бұл жерде егіншілердің елді мекенін
құру шешімін қабылдайды. Сөйтіп Озерное селосы пайда болды. Шаруаларға
10 900 ондық жер, оның ішінде 6 825 ондық егін салуға жарамды жер берілді.
Ақырында үлестік жер 17678 ондықға дейін өсті. Үлес нормасы отбасындағы
әрбір ер адам үшін 15 ондықты құрады.
Болашақ елді мекеннің орнын таңдау кезінде Қайыңдыкөл маңызды
рөл атқарды (орыс тілінде оны Кендікөл, Қандыкөл деп те атайды). Көлдің
жағасында биіктігі 2 м дейін жететін қамыс өседі. Көлдің суы ащы болғанымен,
мал ішуге жарамды болып шықты. Көлде табан балықтар бар. Бірақ көлдің
тереңдігі 1, 3 м ғана болғандықтан, қыста балықтар жаппай қырылып қалатын.
Көлге жақын жердегі тау бөктерлері қара топыраққа өте бай, жері құнарлы.
1903 жылы қоныс аударушыларды Қайыңдыкөлге орналастыру туралы
шешім шыққанымен, оны гидротехникалық жағынан зерттеу тек қана
1910 жылдың маусым айында ғана жүзеге асырылды. Осы айдың 16-20
аралығында Семей қоныс аудару басқармасының гидротехниктері А.Ключков
пен П.Маленкин осы аймақтың сумен қамтамасыз етілуі мәселесімен
айналысты. Құдық қазу жұмыстарын Ф.Чернов бастаған Қарқаралыдан
келген жұмысшылар атқарды. Құдық саны барлығы бесеу ғана болды. Су
шығу көрсеткіші аз болғандықтан, отбасылардың біразын жақын хуторларға
көшіру шешімі қабылданды. Бұл хаттамаға гидротехниктерден басқа, Озерный
елді мекенінің өкілдері Фащенко мен Кузьмин да қол қойды. Хаттамаға
Семей облысы, Павлодар ояздығы, Озерный старостасының мөрі қойылып,
расталды. Дәл осы уақытта елді мекен басқарусыз қалды. Себебі, бұрынғы
староста В.Кошлаков отбасымен Белағаш маңындағы Хорошевское селосына
көшіп кетеді. Ал жаңа староста тағайындалмайды.
Шешенқара тауы маңында орналасқан Пролетарское селосының негізін
Ресейдің орталық бөлігінен бос жатқан жерлерден үлес алып, тұрақтап
қалмақшы болып келген шаруалар құрды. Бұл өткен ғасырдың алғашқы он
жылдығында болған. Шешенқара шоқыларының бөктерінде орналасқан
ауылдың алғашқы үйлерін салған қоныстанушылар қазір өмірден озды.
Олардың іздері тек қана облыстық мұрағаттың оқу залындағы құжаттарда
ғана қалған. Осы құжаттардан тарих беттерінде сақталып қалған фактілер
келтіріледі.
104
1907 жылдың жаз мезгілі Омбының географы және өлкетанушысы
А.Седельников Ботақарадан Қарқаралыға апаратын Ақмола жолы бойымен
жүріп отырып, Нұра бойын жағалап, арбасын жиі тоқтатып, топырақ
үлгілерін алып, шөптерді мұқият қарауда. Өлкетанушының қойын дәптерінде
Шешенқара қоныс аудару телімі бойынша мәліметтер көбейді. Жер телімін
таулы аймақ деп есептеуге болады. Топырақ құрамынан да, өсімдік құрамынан
да жер қыртысы бедерінің күрделі екендігін байқауға болады. Сортаң жерлер
көп кездеседі. Қара топырақты, қызғылт түсті, құмға айналған балшықтар, ауыр
балшықтар да кездеседі. Жуантөбе және Шешенқара тауларының солтүстік
бөктерлерінің етегіндегі және солтүстік жазықтағы топырақ құнарлы болып
табылады. Бұл жердің өсімдіктерін көбіне ақ үлпілдек селеу құрайды. Бұндай
селеу қалың өскен жерлер көптеп кездеседі. Олар Нұра өзені алқабында да,
топырағы аз, сортаң жерлерде де кездеседі. Бұл жерлерде өсімдіктердің қалың
өсуі жер асты сулары бар деген ой тастайды.
Нұра өзені алқабын Алтынсу алқабынан аласа таулар ғана бөліп тұр.
Олардың бөктерлері тақыр, желге мүжілген тастар басып жатыр. Алтынсу
өзені жағалауы көгалды-шалғынды болып келген. Шөп қалың өскен. Өзен
иірімдерін қалың қамыс қоршаған. Малшы қазақтар шөпті осы Алтынсу
өзенінің алқабынан шапқан. А.Седельников Шешенқара тауының басына
көтеріліп, таудың солтүстік-батыс бауырында итмұрын, қараған, тобылғы
қалың өскен бірнеше терең сайды байқаған. Бұта арасына шыққан бүлдірген
бар. Солт.-шығыс бөктер тік және тастақ болып келген. Бұл жерде күңгірт-
жасыл кристалл тақтатастар көрініп жатты.
«Жер телімі маңындағы Нұра өзені алқабының еш құндылығы жоқ,
өзеннің жағалауы тік жартасты, көгалды жерлері жоқ. Тек қана Шешенқара
тауының етегіндегі шабындық жерлер ғана жарамды, құнды болып табылады»
- деп жазды А.Седельников. Жер телімінің солтүстік бөлігі Нұра өзенінің оң
жағалауында орналасқан жер Қарасу өзені алқабынан Үлкенбүркітті тауына
дейінгі алқапты алып жатты. Бұл жерде қазақтың егістігі де кездеседі.
Қазақтың егетіні тары, бидай, сұлы болған. Екі-үш жыл қатарынан өнім алған
соң егістік жерлерді бес-сегіз жылға «демалуға» қалдырып отырған. Бұл
уақыт аралығында бұл жерлерді селеу басып, қайтадан егістік жерге айналып
отырған.
Қазіргі Пролетарское селосы орналасқан жер туралы А.Седельниковтың
жазбаларында: «Жолдың бойында ескі обалар мен қазақ қорымдары көрінеді,
аспанда қызғыш айналып ұшып жүр. Осы жерде жолымызды екі кәрі қасқыр
кесіп өтті. Сірә, адам баласы бұл жерде жыртқыштарға қатер төндірмеген
болар. Бұл жерлерде көптеп кездесетін суырдың індерінің қасында інге су
ағызатын ор қазылған екен. Оны суырды жаңбыр кезінде інінен шығару үшін
қазақ қазды ма, әлде қуаңшылық кезінде суырлар өздерін сумен қамтамасыз
ету үшін осылай жасады ма анықтай алмадым» - деп жазады.
105
Шешенқара жерінде болған А.Седельников екі түрлі әсер алды. Егістік,
шабындыққа арналған жерлер жеткілікті. 1907 жылдың көктемінде жаңбыр
жиі жауғандықтан өнім де көп алынады деп күтілген болатын. Сонымен
қатар А.Седельниковты топырақтың тез құнарсыздануы алаңдатқан еді. Бұл
болашақта өнімді аз алуға және шаруаларды басқа жерге қоныс аударуға
әкеліп соғатындығын білді.
А.Седельниковтан басқа Шешенқара маңындағы жерлерді зерттеген
Ақмола-Семей мемлекеттік мүлік бөлімі көші-қон басқарамасының жер
өлшеушілері болды. 1906 жылы олар осы аудандардағы егістікке жарамды
жерлерді қарап, Шешенқара айналасында қоныстану, егіншілік телім бөлу
жоспары жасалды. Шаруалардың жерлерінің аумағының жыл өткен сайын
өзгеріп отырғанын байқауға болады. Бұл Қарқаралы уезінде жаңа телімдерін
бөлумен байланысты болған.
1907 жылы топограф Кунцевич: Шешенқара жер теліміне барлығы 7622,5
ондық берілді, оның ішінде 3 600 ондық егістікке жарамсыз деп жер қорына
қатысты баға берген. Бұдан басқа 96 ондық шабындық жер бар. Нұра өзенінің
сол жағалауында ораналасқан Пролетарское селосына 2 227 ондық берілді,
оның 703 ондығы егістікке жарамды жер деп шешілді. Сортаң жерлер 65
ондық. Кейбір үзік мәлімет бойынша Шешенқара теліміндегі алғашқы үйлер
1908-1909 жылдары пайда болған. Келімсекетр Херсон мен Тавриядан келген.
Қарағанды облысы мұрағатында революцияға дейінгі кезеңдегі көптеген
қоныс аудару телімдерінің жоспары сақталған. «Бұл жерде қоныстандыру
үшін белгіленген Пушкинский телімінің да кескіндемесі бар. Ол Қорғанкөл
көлінің оңтүстік жағалауын алып жатыр. Көлдің солтүстік жағалауында
Никитин телімі орналасқан». Қазақтардың арасында бұл жерлер Борсықты
немесе Борсықтысай деп аталған. Борсықтар бұл жерде бұрыннан бері кең
таралған. Мекен төбе етігінде Мақашев қыстауына көршілес орналасады деп
шешілді.
Шығысында «Пушкин» жер бөлігі Крылов жерімен шектесіп жатты.
Крылов телімінің аумағы Өткелсаз өзенінің жоғарғы жағында орналасып,
Тоғам сайы мен Аманбай төбешігін алып жатты. Болашақ елді мекен құрылысы
Өткелсаз өзенінің оң жағалауында Құрама деп аталатын қазақ қыстауына
қарама-қарсы орналасады деп белгіленді. Жоспарда қыстаудың тоғыз саман
үй құрылысынан тұрғандығын көрсетілген. Пушкинский және Крыловский
елді мекендерінің арасында Молсынбай қыстауы болған.
Осы телімдердің орнын таңдауды 1914 жылы Семей қоныс аудару ауданы
жұмысшысы Охримюк жүзеге асырса, бұл жерлерді топограф М.Тихонов
түсірген. «Пушкин» жер қорына 8209 ондық жер енгізілді. Олардың ішінде
3543 ондық егістік жерге жарамады деп есептелді. 14 ондықтан 244 ер адамды
қамтамасыз ету қарастырылды. Жер үлесін бөлгенде әйел адамдар есептелген
жоқ. Осылайша, жобашылардың ойластыруы бойынша бұл жерге 50-70
106
отбасын орналастыру ойластырылды.
Топограф М. Тихоновтың жоспарында Қорғанкөл де көрсетілді. Көлдің
ортасында бірнеше қазақ молалары болған арал белгіленген. Қорғанкөлдің
батыс жағында Сырлыкөл деп аталатын кіші өзен белгіленген. Жоспарланған
үш телімнің ішінде тек «Пушкинский» телімі қоныстандырылды.
«Крыловский» және «Никитинский» телімдерінде революцияға дейінгі
кезеңде үй салу қарастырылған болуы мүмкін.
«Пушкин» телімі аумағы жағынан көрші телімдерден үлкен болды.
Осылайша, «Никитин» телімінен 6767 ондық жер бөлінді, оның 2857 ондығы
егістікке жарамды. «Никитинде» 195 үлес, ал «Пушкин» 244 үлеске бөлінді.
Пушкинский елді мекені Жарлыөзек-сайында орналасты.
Қоныс аударушыға жер телімін кесу барысында қазақты шырылдатып
тұрып қалай жер тартып алғанын «Дошай және Хансүйегі қоныс аудару
телімін құру жөнінде» атты 1907 жылдың 12 сәуір күні жазылған келесі құжат
дәлелдейді. Дерек хаттамада былай баяндалады: тыңдалды – Ақмола ояздығы,
Спасск ұлысының тұрғындары Тұяқ Өмірзақ пен Бөкентай Қойжұрақовтың
70 шаңырақ иесінің атынан Ақмола уақытша комиссиясының 1905 жылғы 12
тамызда қабылдаған тұғырнамасына наразылық білдіріп, жасаған арызының
мазмұны мынадай:
1) Дошай және Хансүйегі қоныс аудару телімін құру барысында
қазақтардан, ғасырлар бойы өмір сүріп отырған жерлерін, егістігі мен
шабындығын тартып алған. Бұл жер иесі 16 емес, 70 шаңырақ иесі, өйткені
жер теліміне бөлінген жерлердің ішіне олардың барлығының жері кіріп
кеткен. Ал жер иелеріне қалғаны - тек үйдің қабырғасы мен одан біршене
жердегі учаскенің шекарасындағы жер ғана; 2) Комиссия 16 қыстақты жойып,
оның иелеріне, құнарсыз, тиімсіз жерлерді бөлуді бұйырған. Ал мұны іске
асырушы қызметкер қазақтарды «мүлде жерсіз қалдырам» деп қорқытумен
оларды келісуге мәжбүр еткен; 3) Дошай және Хансүйегі қоныс аудару
теліміне бөлінген жерде аса құрмет тұтып, әруағына сиынатын бабаларының
(Дошай және Хансүйегі) молалары қалған. Қазақтардың бұл арызын комиссия
талқылап, әр түрлі сылтаулармен істі қарауды аяқсыз қалдырсын деген шешім
қабылдаған.
Екінші құжаттың («Ақмола ояздығы, Ерейментау болысының Қаратас
өзені бойындағы Шолақ қайың, Күлден қарасу, Өлеңті мекендерінде қоныс
аудару участоктерін құру туралы» 22 сәуір 1903 жыл) 3-4 беттерінде Захаров
телімінің 1901 жылы 11 қырқүйекте Тілен жартас мекенінде құрылғаны
жөнінде айта келіп, «аталған участоктер қазақтардың тамаша көш жолдары
өтетін жерде құрылған. Ол жолдар крестьяндардың да еркін өтуіне қызмет
етеді» дейді.
1906-1911 жылдар аралығында сырттан келу көш ауқымы ең жоғарғы
деңгейге жетті. Осы уақытта отаршыл билік орындары үлкен құнарлы
107
алқаптарды орыс-казак пен қоныстанушы крестьяндардың үлесіне өткізіп
қойып қарап отырады. Сол заманның көрінісін Мәшһүр Жүсіп «қазақтың
жері қала салуына берілді; онан соң бастықтардың уазафасы деп ағашты,
шабындық жерді алды, «ушаске войсковой» деп ат қойып бір нәрсені себеп
қылып ала берді» - деп, өзінің жарыққа шығарған кітабында жазды.
Қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғаған Ә.Бөкейханов былай деп
жазды: «Қазақтар қазіргі уақытта қоныс аудару учаскелерін кесіп беру кезінде
болып жатқанды ессіздік деп санайды... жұмыс жүргізушілер учаскелерде
мал шаруашылығы үшін ең бағалы алаптарды: шабындықтарды, қысқы
жайылымдарды, егістіктерді, жақсы суаттарды телімдерге мәжелеп алып...
қазақтарға тау-тасты, сортаңтарды, батпақтарды, сусыз даланы қалдырады».
Шаруаларды шөлейт және сортаңды далаларға қоныстандыру фактілерін
салыстырып, Ә.Бөкейханов «жерсіз аш халыққа сусыз қазақ даласын ұсынатын
өкіметтің қоныс аудару саясатының санаулы күндері қалды», – деген пікір
айтты.
1912 жылы Ақмола облысының солтүстік аудандарындағы елу бес
мың келушінің қоныс аударған кезіндегі жас мөлшері сұрау салу негізінде
анықталған. Бұл жерге келгендердің он алты пайызы – сегіз жаста, он сегіз
пайызы – сегізден он сегізге дейінгі жаста, отыз төрт пайызы – төрттен жетіге
дейінгі, он алты пайызы – 3 жаста және он алты пайызы – үшке дейінгі жаста
болған. Колонистердің сексен пайыздан астамы қоныс аударған кездегі жас
мөлшері он сегізге де толмаған. Келуші переселендер құрамында сегіз жасқа
дейінгі балалар үлесі көп болған. Саны жағынан олар үштен екісін құрады.
Жер шолушы скауттар қоныс аудару процесінде маңызды роль атқарды.
Олар Қазақстанға қоныс аударған барлық мигранттардың он сегіз пайызын
құрады. Көшу толқынның өршуіне жер барлаушылардың өзіндік үлесі болды.
1908 жылы бұл үрдістің шырқауына жетіп күрт өсті. Қоныс аударуға ниет
білдірушілер санының өсе түсуіне байланысты олар жер шолушылардан
көмек сұрауға мәжбүр болды.
1913 жылы Санников деп аталған Ботақара болысы Миньков, Переяслав,
Сенокосное, Ново-Песчаников мекендерінде халықтың саны 4663-ке жеткен,
отбасының саны 686 болған. Шаруашылық жағдайында Санников орман
қоғамы орман шаруашылығы бойынша бірнеше алқапта ағаштар отырғызады.
Алғашқы ағаштар 1911 жылы отырғызылды. Ал 1916 жылы селода пошта
байланысы мен касса ашылған.
Кейінгі жылдарда қай селение, поселоктерге қанша келімсектердің
келіп қоныстанғанын төмендегі құжаттардан көруге болады. Елді мекен
атауларының жаппай өзгертілуі туралы айтар болсақ, Қоныстанушылар алғаш
келіп қоныстана бастағанда участоктер жергілікті жердің атымен аталған.
Кейін жиналыс ашып, келімсектер өз атауларын қойып, өзгертіп отырған.
Сонымен Ботақарының Санников деп аталған кезеңі де тарихта болды.
108
Ботақара елді мекені маңы Ақмола ояздығының 5-ші телімі есебінде болды.
Санақ құжаттары бойынша сол 1911 жылы Санников селосы деп аталған
Ботақарада бар болғаны 1971 тұрғын, 294 үй, 440 шаруашылық үйлері, 300
құдық, қоғамдық ғимарат, мектеп, аурухана, 10 жел диірмені, шаруалардың
152 жер машиналары, 459 соқасы болған.
Достарыңызбен бөлісу: |