Әдеби KZ
кілт тоқтай қалды. Оның көзі кілең тоқпақ жал, құшақ құйрық желаяқ тұлпар
мінген, үсті-бастары күн сәулесі шағылысқан көк темір сауыт, қолдарына сойыл,
шоқпар ұстаған Қасым сұлтанның жанында тұрған Дәшті Қыпшақтың атақты
батырларына ауды. Атына қарай ұмтылғанда, солардың ішінен кенет қолындағы
қозыбас қара шойын шоқпарын ыңғайлай түсіп, оқыс қимылдаған Бөрібай
батырды көзі шалып қалды. Оның ызғарлы түрі енді аяғыңды атыңа қарай аттасаң,
мына шоқпар көк желкеңнен тиеді дегенді сездірді. Өзге батырлардың да аяйтын
түрі жоқ. Көп қорқытады, терең батырады, қанша алып күшті, жау жүрек
болғанмен Бұрындық Қасым сұлтанның қасында тұрған кілең ұзын мұрт, түксиген
қабақ батырларға жалғыз өзі қарсы шығуға бата алмады.
— Гүлбаһрам-Патшайым жесірді аттан түсіріп, алып келіңдер, — деді Қасым
сұлтан, жанында тұрған батырларға қарап. Бұл тұрғандардың ең кішісі Оңай батыр
атынан секіріп түсіп, Гүлбаһрам-Патшайымның қасына барды. Ұзын шашының
ұшын ат омыраулығынан шешіп алды да, қайғыдан талықсып отырған жесірді
көтеріп жерге түсірді, Қолындағы қыл шылбырды наркескенімен кесіп жіберіп,
аузындағы орамалын жұлып тастады. Гүлбаһрам-Патшайым солқылдап жылап қоя
берді.
— Жылама, ару, — деді Оңай батыр сыбырлай зекіп, — жауың көзінше өзіңді
жасытпа.
Гүлбаһрам-Патшайымды бір қолымен, екінші қолымен дар қасында тұрған
Аянды жетектеп Оңай батыр Қасым сұлтанның қасына алып келді.
— Бұйрығыңыз орындалды, Қасым сұлтан, — деді ол.
— Осы екі байғұстың жау қастығынан аман болуы, өзіңе тапсырылады, Оңай
батыр, — деді Қасым сұлтан.
— Құп, — деп Оңай батыр басын иді.
Дәл осы кезде Темір би де атын тебініп қап Қасымның қарсы алдына келді.
Қарлыққан кәрі даусыменен ызадан тұтыға:
316
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |