Сайбекова назира усенқызы грамматологиялық парадигма: А. Байтұрсынұлы және қазақ жазу



Pdf көрінісі
бет45/61
Дата13.12.2023
өлшемі3,17 Mb.
#196730
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   61
Байланысты:
Диссертация Сайбекова НУ

2.6
 
А. Байтұрсынұлы әліпбиі мен латын әліпбиінің жіктелімі 
 
Академик тарихшы Манаш Қозыбаев: «Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ 
ғасырдың феномені. Оның есімі, осы дүбірлі ғасырдың түбірлі, түбегейлі 
құбылыстарымен тағдырлас. Сондықтан Байтұрсынұлытану шын мәнінде 
ғасыр тану десе болады. ...Ахметтануды дамыту барлық гуманитарлық 
ғылымдардың ортақ парызы» деген екен. 
А. Байтұрсынұлы реформалаған қазақ әліпбиінің ережелері мен 
принциптері алғаш рет 1924 жылғы 12-18 маусымында Орынборда өткен 
қазақ, қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде қабылданды. 
Бұл съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Әзиз 
Байсейітов, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұловтар делегат болып қатысты. 
Қазақстаннан съезд президиумына А.Байтұрсынов сайланды, сондай-ақ ол 
съезде жұмыс істеген бірнеше қомиссияның құрамына енді. 
Съезд түркі халықтарының бұрыннан қолданып отырған алфавиттерін 
тастап, латынға көшу жөніндегі пікір таласында екі топ бөлініп шықты. Бірі – 
бұрыннан пайдаланып келген әрі нақтылы ұлт тіліне лайықталып, 
реформаланған, ресми қабылданған араб не орыс графикасын (мысалы, сол 
кезде чуваштар қолданып отырған) латыншаға ауыстырудың ешқандай не 
саяси-идеологиялық, не экономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту 
ісінде де лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын жазуының 
бір-бірінен артық-кемдігі шамалы, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан 
ғасырлық жазба дүниеден, жазба дәстүрден қол үзу қаупін тудырады дегенді 
айтты. Екінші тобы – араб жазуы түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне сай 
келмейді, латын алфавиті түркі тілдерін европа мәдениетіне жақындастыра 
түседі дегенді дәлел етті. Алғашқы пікірдегілердің бірі – А.Байтұрсынов 
болды. Бұл жерде А.Байтұрсыновтың концепциясынан ұлтшылдық, 
пантюркистік немесе советке қарсылық іздеу мүлде қисынсыз: араб жазуы 
арқылы ислам дінін уағыздауды ол көздеген жоқ, өйткені ол дін қамқоршысы 
емес, оның үстіне А.Байтұрсынов реформалаған қазақ жазуы қаракетті құран 
жазуынан мүлде алшақ екені айдан анық, пантюркистік пиғылда болды деу 
де орынсыз, керісінше, А.Байтұрсынов қазақ ұлтының, қазақ тілінің 
дербестігін (қазақтардың «іргелі жұрт» екендігін) қатты қолдаған адам, 
үшіншіден, бұл жердегі ғалым әрекетінен антисоветизм іздеу де нанымсыз, 
себебі жазу таңбасының түрі идеологияның мазмұны мен бағытын өзгерте 
алмайтындығын А.Байтұрсынов та, өзгелер де, қазіргі біз де жақсы білеміз. 
Бірдей графика халықтар мәдениетін жақындастыратындығы сөзсіз, бірақ 
латынға көшкен түркі халықтары ол күнде отандас орыс халқының емес, 
капиталистік қоғамда өмір кешіп отырған европа жұрттарының мәдениетіне 
жақындай түскен болар еді. Демек, ғалымның араб жазуын жақтаудағы 
мақсаты – осы съездегі және 1924 жылғы қазақ білімпаздарының тұңғыш 
съезіндегі сөзіне қарағанда, 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған, 
қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде 
қабылданған алфавиттің қазақ жазуы мұқтаждығын толық өтеп 


111 
отырғандығы, оның дыбыс әдісімен оқыту ісінде айтарлықтай қолайлы 
болып шыққандығы, полиграфиялық мүмкіншіліктер тұрғысынан да 
бұрынғы алфавитті сақтау пайдалырақ екендігі. А.Байтұрсынов бұл съезде 
айтқан пікірін одан кейін де, 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) 
мәселесіне арналған конференцияда («Әліпби айтысында») қайталап, 
дәлелдей түседі [60, 27-28]. 
А. Байтұрсынұлы Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 
1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін 
және құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама 
жасады. Бұл әліпби ұлттық жазуымыздың қалыптасуындағы ірі мәдени 
жетістік болып табылады. 
А.Байтұрсынұлы баяндамасында латын әрпін алуға байланысты 
келесідей тұжырымдар келтіреді: «Мен мәселенің ілім мен іс жүзіндегі
жағын алып сөйлемекшімін. Ең әуелі аңғартып өтетін бір нәрсе сол – латын 
әрпін алу деген –тіршілік мұқтаж қылғаннан, ділгерлік қосып туғызып 
отырған мәселе емес. Ділгерлік қыспақ түгіл, еш уақытта әншейін керек 
қылған нәрсеміз емес. 
Керек 
қылмағанымыз–қажетімізге 
жарататын 
басқалардікінен 
анағұрлым артық әрпіміз болғандықтан. 
Әліп-би деген асылына адам арқылы жетпейтін нәрсе емес. Әліп-биде 
бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін адам білместей 
айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс [1,400]. 
Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың 
жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, 
оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер 
құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы 
[1,400]. 
Қазақ алдақашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр 
дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға 
тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, 
ағылшындікінен оңай, оңтайлы. Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб 
әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жасалған хат 
мәдениеті бар (хат мәдениеті деп әріпке қатысы бар нәрсенің бәрі айтылады, 
мәселен: сауаттылық, оның жүзіндегі дағдылы өнер-білім, ілім, емле үйрету 
әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған 
барша сөздер, тағысын тағы сондайлар). 
Хат мәдениеті бар халыққа бір әріпті тастап, екінші әріпті ала қою 
оңай жұмыс емес. Бірте-бірте барып алып кетуге бірталай уақыт керек, 
бірталай артық тұрған қаржы керек. Бірталай артық тұрған адамның күші, ісі 
керек. Әуелі, ондай қаржы, күш пен іс екі әріппен бірдей қатар оқыту, сауат 
ашу істеріне керек. Екінші баспа дүкендерінде қатар дүкен құрылмақ, қатар 
жұмыс жүрілмек, басылып шығып жатқан нәрселердің бәрі де екі әріппен 
бірдей басылып шығып тұрмақ. Мұның аты екі шығын болмақ, екі жұмыс 


112 
болмақ. Артық қаржы, артық күш бұған керек»,-деген өз пікірімен 
құрылтайға қатысушылармен бөліседі [1,400-401]. 
А. Байтұрсынұлының 1927 жылы жақтаған баяндамасында латын 
жазуы мен төте жазудың ерекше сипаттарын келесідей анықтаған жөн деп 
айтады [1,402]: 
1.
тіл дыбысына жеткілікті –жеткіліксіздігі қанша? 
2.
қайсысымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады? 
3.қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл? 
4.
қайсысы баспаға қолайлы (баспаға сыйымды болуы, жұмыстың өнімді 
болуы)? 
5.
үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы? 
6.
көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық? 
Тіл дыбысының жеткілікті болу жағынан араб әрпі артық, себебі латын 
әрпінің он бес әрпін ғана алған және қалған жеті әрпін өзгертіп қосқан. Жазу 
тұрғысынан қарастырғанда, латын жүйелі әріппен жазғанда қол қимылдау 
бағдары сағат тілінің жүретін бағдарына қарсы келіп отырады және жазу 
жолы да солдан оңға қарай жүреді. Араб әрпімен жазғанда қол қимылдау 
бағдары сағат тілінің бағдарымен бірыңғай келіп отырады және жазу оңнан 
солға қарай жүреді. Сонымен қатар, латын әрпін оңға қарай жазғанда қол 
қардың жайылатын жағына қарай жылжиды, жылжыған сайын қиындайды. 
Ал, араб әрпінде оңнан солға қарай жазғанда қол қардың жиылатын жағына 
қарай жылжиды, жылжыған сайын жеңілденеді. Қол тыныққан есепті болып, 
талмайды. Үйретуге жеңілдік жағынан да араб әрпі латын әрпінен анағұрлым 
артық екендігін айтады. 
А.Байтұрсынұлы араб әрпі мен латын әрпінің қолайлылығын салыстыра 
келіп, келесідей тұжырымдар береді: 
1)
араб әрпі латын әрпінен жазуға, оқуға оңай. араб әрпімен басылған сөз 
бен жазылған сөздің арасында айырым аз болады; 
2)
латын әрпі екі түрлі сызық, тік сызық, сопақ шеңбер сызық. латын 
жүйелі әріптердің бәрі осы екі түрлі сызықтың түрліше үйлесіп құралуынан 
шыққан. үстіне қоятын қосымша белгілері де аз; 
3)
латын жүйелі әріппен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің 
жүретін бағдарына қарсы келіп отырады. сол ыңғайына қарай жазу жолы да 
солдан оңға қарай жүреді; 
4)
баспа ісі жағынан араб әрпінің ескісі латын әрпінен төмен, жаңасы 
артық 
5)
сауат ашу жүзінде араб әрпінің қолайлығы латын әрпінен артық; 
6)
араб әрпі сызығы түрлі болғандықтан, көзге көркем шырайлы көрінеді; 
7)
латын әрпі ұлылы кішілі қосар таңбалы болады. баспа әрпі мен жазба 
әрпі біріне бірі ұқсамайтын түрде болады; 
8)
латын әрпі өзгеріссіз алынбайды. латын әрпінің аз дегенде 25-30% 
өзгеріске ұшырайды; 
9)
латын әрпінің пішіндеме сызықтары көзге көсе көрінеді. 


113 
Оқу жағынан алғанда қандай әріппен басылған я жазылған сөз болса да 
сүгірет секілді. Неғұрлым сөз сүгіреті көзге елеулірек болса, соғұрлым 
жылдам танылып, шапшаң оқылмақшы. Орыс, татар мектептерінен оқып 
шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «Әр 
жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, 
тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша 
оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза 
алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып 
дағдыланбағандық» деп жазды. 
А. Байтұрсынұлы араб әрпі мен латын әрпін салыстыра келіп, сөздің тез 
танылу жағынан араб әрпі латын әрпінен артық деген байламға келеді. Латын 
әрпі ұлылы-кішілі қосар таңбалы болады. Баспа әрпі мен жазба әрпі біріне – 
бірі ұқсамайтын түрде болады. Бір сөзде екі түрлі сүгірет болғандықтан, 
біреуін танудың орнына, екі-екіден тану керек болады. Әріптің екі баспа 
түрін, екі жазба түрін, сөздің екі баспа сүгіретін, екі жазба сүгіретін тану 
қажет болады. Бір жұмыстың орнына көп жұмыс істеу қажет болады. 
А. Байтұрсынұлы латын тілінде басты орын алатын нәрсе баспа әрпінің 
даралығы. Бірақ оның бұл қасиетінің өмірі аз дейді, себебі сөзді әрпімен оқу 
жоғалып, сөздің тұтас сүгіретін оқу күшейе беретіндіктен, даралықтың 
пайдасы кеми береді. Сөз сүгіретін тез танытуға араб әрпі артық болатын 
себебінің бірі осы деген тоқтамға келеді. Құрылтай соңында жалпы 
қорытынды жасайды. 
1)
Араб әрпі латын әрпінен жазуға, оқуға оңай. Онысын сауатты 
адамдардың күндегі ісінің жүзінде көп пайдалы болып шығады; 
2)
Сауат ашу жүзінде араб әрпінің қолайлығы латын әрпінен артық; 
3)
Баспа ісі жағынан араб әрпінің ескісі латын әрпінен төмен, 
жаңасы артық; 
4)
Машиналарға орнатуға араб әрпінің жаңасы латындікінен 
анағұрлым артық, ескісі де орнатуға келетінін іс көрсетіп отыр; 
5)
Араб әліпбиінің әрпі қазақ тілінің дыбыстарына толық жеткілікті, 
қандай емле жасауына да келеді. Қазақ емлесі нағыз оңай, бұқараға қолайлы 
емле [1,410]. 
Әліпби түзеу, емле түзеу жағынан соңғы кезде істелген жұмыстардың 
жемісті болғандығын, бұл жағынан қазақ халқы Еуропа, Америка халқы 
жазуынан да көшбастап тұрғандығын айта кетеді. 
Бакуде өткен құрылтайда А.Байтұрсынұлы пән сөздері туралы да сөз 
қозғайды: онда пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ халқы басқалардан 
бөлек жол тұтынды, басқа түріктер әдебиет тілі араб, парсы тілдерімен 
шұбарланса көркем болады дегендіктен, екінші, өз тілдерінен пән сөзіне 
лайық сөздер іздеуге ерініп, дайын пән сөздерді ала бергендіктен, түпкі ана 
тілі мен әдебиет тілі бөлектеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып, жойып жіберу 
даражаға жеткен. 
Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. 
Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың қат білетін, білмейтін – қайсысына болса да 


114 
түсінікті болуын көздеді. Тіл арасына жік түсіп айырылмас үшін, жат 
сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды. Сол жол басқа 
түріктер қолдануына да теріс болмас делінді [1, 413]. 
М.Дулатұлы өз сөзінде А. Байтұрсынұлы жетілдірген араб 
графикасының артықшылығын атап көрсетеді: «Араб әрпінің өзгеріп 
отырғаны ырас. Бірақ қалай өзгертілген, әңгіме сонда болу керек қой. Араб 
әріптерінің 14-і ғана бұрынғыша болса, өзге ойдан шыққандары жұртқа жат 
болуы керек еді ғой. Ойдан шығарылған әріптерді жұртқа үйретіп, оқытып 
жату керек еді ғой. Ондай нәрсе болды ма? Болған жоқ, ендеше «бұл 
өзгертушілердің шеберлігі деп біліңдер». А. Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ 
тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалғандығын басты 
негізге алады. 
Когнитивті лингвистиканың негізгі ұғымдары: ойлау, білім, когниция, 
дүниені тілдік көру, менталдылық, концепт т.б. екендігін ескерсек, әріп 
халықтың танымымен тікелей байланысты. Адамның санасында күнделікті 
көріп, күнделікті жазып отырған жазу туралы ақпарат қалыптасады. Бұдан 
әріпте когнитологиялық аспект бар екендігін байқауға болады. 
Жазуға күнделікті қарау және күнделікті өмірде күніге қолдану, сол 
жазумен жазылған ақпараттарды оқу адамның ойына, сезіміне және 
көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді. Көне түркі таңбалары мен
жазудың символдық мәні бар. Әр таңбада мән бар, ұлттық таңбалық 
ерекшелік бар. Әріп беріп тұрған мәдениет, дүниетаным, ақпарат адамның 
санасында қалып қояды. 
Таңба – мағынаның (ұғымның) ең негізгі, ең тұрақты, ең әмбебап 
көрінісі десек, дыбыс –адамның дыбыстау мүшелері арқылы дыбысталатын 
таңбаның тұрақты айтылуы. Дыбыстың тұрақтылығы адамның дыбыстау 
мүшелерінің анатомиялық құрылысына, дыбыстау мүшелерінің анатомиялық 
құрылысына, дыбыстау аппаратына байланысты, сондықтан кез келген 
дыбысты айтқанда белгілі бір шектен аспаймыз. Дыбыстардың бір-біріне 
жақын һәм өзгергіш болуы да осыған байланысты. Сондықтан, тек дыбысқа, 
яғни фонологиялық сипатқа ғана айрықша мән берудің бұрыстығы осыдан 
байқалады. 
Этимологиялық талдау арқылы әуелгі тілді қалпына келтіру – 
адамзаттың ежелгі арманы. Философия ғылымында «әуелгі затты не идеяны» 
анықтау тәрізді, «әуелгі тіл» туралы Демокрит мынадай пікір айтқан екен: 
«...заттарға есім тағу алғашқы қауым кезінде пайда болды. Атау үшін 
«символдар» қолданылды, бірақ адам баласы жер бетінде шашырап 
жүргендіктен, әр түрлі тілдер қалыптасады». 
Символ интуитивті және бейсаналық түрде қосыла алатын белгісіз, 
иррационалдық болмыс элементі ретінде анықталады. М.Мамардашвили мен 
А.Пятигорский заманауи мәдениет сана символдарын тіл белгілеріне 
айналдырады, солай ете отырып, тіпті өзін жоя отырып, символизмді 
мәдениет негізі ретінде жояды деп атап өтеді [114]. 


115 
Символдар тіл бірліктерінде көрініс таба отырып, тілдік дыбыстарды 
бейнелеуге тікелей қатысады. А. Байтұрсынұлының еңбегінде символдар 
қазақтың төл дыбыстарын араб әрпімен таңбалау арқылы көрініс табады. 
Келесі кестеде А. Байтұрсынұлының дыбыстарды араб әрпімен таңбалауы 
берілген. Оның негізіне 1912 жылы жарияланған «Айқап» журналының № 4-
5 санында қазақ тілінде 24 дыбыс, оның ішінде 5 дауысты, 17 дауыссыз, 2 
жарты дауысты бар деп берілген жіктелім қолданылды. Жазу экономиясына 
жету үшін «ﺀ» дәйекші белгісін қолданады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   61




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет