442
Құрғақ тұқым сепкеннен, қолайлы жағдайларда 5-10 күннен кейін
тұқым жарнақты жапырақ түріндегі көктері пайда болады. Бірінші нағыз
жапыраққа дейінгі оның ұзақтығы 10-15 күн. Сонан кейін 5-8 күн
өткесін екінші нағыз жапырақтары пайда бола бастайды.
Қарбыздың көктері шыққаннан 5-6 нағыз жапырақтары
қалыптасқанға дейінгі кезеңі баяу өтеді, себебі бұл кезде өсімдіктің
тамыр жүйесі қарқынды түзіледі. Сонан кейін барып жерүсті массасы
қарқынды өсіп жетіле бастайды, 12-15 нағыз жапырақ пайда болған
кезде, оның генеративтік мүшелері – аталық гүлдері, ал көктеуден 1-1,5
ай өткен соң аналық гүлдері түзіліп, гүлдей бастайды. Гүлдері таңертең
ерте ашылады.
Қарбыз өсімдігінің жақсы тозаңдануы таңертең, тынық желсіз
жылы күнде өтеді. Бірінші түзілген түйіндер, әдетте толық жетілмей,
көбіне түсіп қалады. Келесілері өнімдірек болып келеді. Өнім мөлшері
мен сапасын арттыруда қолдан ұрықтандырудың маңызы зор. Ол үшін
егіске жақын жерге омарта орналастырады.
Бір өсімдікте жемістің мөлшері мен пісу мерзіміне қарай орта
есеппен 1-ден 5 жеміске дейін пісіп жетіледі. Ерте пісетін сорттар
мөлшері шамалы болып келетін көп жеміс берсе, кеш пісетіндер – аз
жеміс береді, бірақ олардың көлемі өте ірі қалыптасады.
Қарбыз жемістерінің өсуі күндіз түні жалғаса береді. Өте
қарқынды өсуі- пісу кезеңі басталар алдында байқалады.
Қарбыз басқа бақша дақылдары сияқты, төмен температураға
сезімтал. Бақша дақылдардың ең жылу сүйгіші қарбыз, ал суыққа
төзімдісі асқабақ. Температура 13°C дейін төмендегенде өсімдіктің өсіп-
жетілуі баяулайды, ал 10°C-тан төменде – тіптен тоқтап қалады.
Жиі және ұзақ салқындық қарбыздың дамуына кері әсері әсер
етеді, әсіресе көктеу, гүлдену және жеміс түзілу кезеңдерінде.
Қарбыздың барлық кезеңдеріндегі өсіп-жетілуіне оңтайлы
температура – 25-30°C
Қарбыз - өте жарық сүйгіш дақыл. Ылғалды жақсы
қажетсінгенімен құрғақшылыққа да салыстырмалы төзімді болып келеді.
Негізінде бақша дақылдары ылғалдың көптігін, ылғалдың жетіспеуіне
қарағанда нашар көтереді. Дақыл механикалық құрамы жеңіл, қоректік
заттарға бай топырақта, яғни құм және құмдауыт топырақтарда жақсы
өседі.
Бақша дақылдарының ішінде топырақтың тұздануына өте төзімді
қарбыз, сонан соң қауын мен асқабақ болып есептеледі. Тұздану типі
бойынша бақша дақылдары хлорлыға қарағанда күкірт қышқылды
тұздануға өте төзімді.
Елімізде өсіруге рұқсат етілген сорттары: асханалық –
Мелитопольский 142, Мраморный, Стокса 647, 649, Междуреченский,
Княжин, Синчевский, Огонек, Роза юга востока, Астраханский,
Красносемянник, Гранит, Каргалинец, Медок Семипалатинский,
Семипалатинский, Трофи, Ярило; малазықтық – Дисхим.