1. Қарым-қатынастардың жаңа типінің қалыптасуы. Жеткіншектің жаңа құқықтарға ие бол мақ тілегі ең алдымен ересектермен қарым-қатынастың бүкіл саласын қамтиды.Жеткіншек бұрын ынталана орындайтын талаптарға қарсыласа бастайды; өзінің дербестігін тежегенге және жалпы алғанда “кішкентай бала секілді” қамқорлық жасап, бағып-қаққанға, бақылағанға, тіл алуды талап етіп, жазалағанға, оның мүдделерімен, көзқарастарымен, пікірімен санаспағанға, т.б. ренжіп, қарсылық көрсетеді. Жеткіншекте өзінің қадір-қасиетін анық сезіну шығады, ол өзін кемсітуге, дербестікке деген құқысын айыруға болмайтын адаммын деп ұғынады. Ересектермен қарым-қатынастың балалық кезде болған ( баланың ересектермен қатынасындағы тең құқысыздық жағдайын бейнелейтін ) типі жеткіншек үшін енді қолайсыз, оның өзінің ересектік дәрежесі туралы түсінігіне сәйкес келмейтін болады. Жеткіншек ересектердің құқыларын шектейді де, өз құқыларын ұлғайтады, өзінің жеке басы мен адамдық қадір-қасиетін құрметтейді, сенім білдіріп, дербестік берілуін, яғни ересектермен айқын тнң құқылықты талап етеді. Жеткіншектің қарсылығы мен бағынбауының әр түрлі формалары – ересектермен қарым-қатынастардың бұрынғы типін жаңа, ересектердің қарым-қатынастарына тән типіне өзгерту амалы. Жеткіншектің ересектік сезімінің және төңірегіндегілердің оны мойындауын қажетсінуінің пайда болуы ересек пен жеткіншектің бір-бірімен қарым-қатынастарындағы құқыларының мүлдем жаңа мәселесін туғызады.