Тірек ұғымдар: жас ерекшеліктерін еске алу, индивидуалдылық.
Жоспар
1. Әртүрлі жас кезеңдерінде тұлғаны дамыту мен тәрбиелеудің өзара байланысы.
2. Педагог пен оқушылардың өзара әрекетіне сипаттама және оны дамыту жолдары.
3. Түрлі жас кезеңдеріндегі оқушылардың өзара әрекетінің ерекшеліктері.
1. Жас - жекелік дамудың уақыттық сипаттамасы. Кезеңдік жастық ерекшеліктерді бөлуге негізделген. Жастық ерекшеліктер деп өмірдің белгілі бір кезеңіне сәйкестей анатомиялық-физиологиялық және психикалық сапаларды атайды.
Педагогикалық жастық кезеңдерінің негізіне оқу-тәрбие мекемелерінің типтері және әр түрлі жастық кезеңдегі балаларды тәрбиелеудің міндеттері алынған:
1. Нәрестелік шақ (өмірдің 1-ші жыл).
2. Мектепке дейінгінің алдындағы шақ (1 жастан 3 жасқа дейін).
3. Мектепке дейінгі шақ (3 жастан 6 жасқа дейін).
4. Кіші мектеп жасы (6-10 жас - балалық шақ).
5. Орта мектеп жасы (11-16 жеткіншектік шақ).
6. Жоғары мектеп жасы (17-18 - жасөспірімдік шақ).
Балалардың жас ерекшеліктерін еске алу - оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі принциптердің бірі. Оқыту мен тәрбие беру ісінде осы принципті мұғалім әр уақытта басшылыққа алады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай мектептің ішкі тәртіп ережелері, сабақ және тәрбие жұмыстарының кестелері, оқу жоспарлары мен бағдарламалары және тәрбие жұмысының бағдарламасы жасалынады. Осылардың негізінде мектептегі оқу және тәрбие жұмыстарының мазмұны, формалары мен әдістері оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай іс жүзінде асырылады.
Баланың мектепте оқуды бастауы оның бүкіл өміріне түбегейлі сапалы өзгеріс енгізеді. Бастауыш мектеп жасындағы балалармен тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін олардың мынадай ерекшеліктерін еске алған жөн: сөз бен істің сәйкесті болуын талап етеді; жөнсіз кінәлаудан жеркену сезімі туады; үлкен адамдардың жіберген қателігін тез байқайды; арманшыл, қиялшыл болады; ұйымшыл келеді; сенімді серік іздейді; өз мүмкіндіктерін, күшін асыра бағалайды; түрлі спорт ойындарына өте ықыласты болады т.б.
Жеткіншек шақта баланың ағзасының және тұлғасының дамуында тез сандық өзгерістер және сапалық қайта құрулар болып жатады. Ересектер бұл кезеңді «өтпелі», «қиын» тіпті кейде «дағдарыстық» деп атаудың өзі де кездейсоқтық емес.
Бұл балалармен жұмыс істегенде мынадай ерекшеліктерді есепке алу керек: ағза мүшелерінің тез жетіле бастауы; үлкендермен қарым-қатынас; мүмкіншіліктерін ескермей, ойланбай асығыс шешім қабылдау; қоғамға пайдалы істерге ықыласты; ұжымшыл, жолдастық, достық сезім нығаюда; кітап оқуға, кинофильмдерді көруге ынталы, спортты ұнатады т.б.
Жасөспірімдік жас - бұл дүниеге көзқарас, сенім, мінез және өмірлік өзін өзі анықтайтын кезең. Бұл жастағы балалар өмір жолына көз жібереді, өздерінің келешек мамандығын саналы түрде таңдап алуға тырысады. Олардың мамандыққа ықыласының бірте-бірте қалыптасуы түрлі іс-әрекеттеріне жауапкершілігін арттырады.
2. Адамның сапалық сипаттамасын беру мақсатында индивид, тұлға, индивидуалдық сияқты ұғымдар қолданылады. Адам адамзат тегінің жекелеген өкілі ретінде индивид түрінде қарастырылады. Бүкіл адамзат тегіне тән жалпы белгілермен қатар, оның өзгелерден ерекшеленетін өз қасиеттері бар. Бұл табиғи - бойы, көзінің түсі, дене құрылысы және әлеуметтік дамуының интеллектуалдық деңгейі, психологиялық қатпары, рухани мәдениетінің әр түрлі деңгейі сияқты ерекшеліктері болып табылады. Индивидуалдық ұғымы индивид түсінігімен тығыз байланысты. Оны индивидпен байланыстыратыны - олардың негізі биологиялық, табиғи екендігі болып табылады. Индивидуалдық күрделірек және жан-жақты болады. Индивидуалдық ең алдымен адамның табиғи және психикалық қасиеттерінен, нақтылап айтқанда, оның жадынан, темпераментінен, мінез-құлқынан, эмоционалдығынан көрінеді. Индивидуалдық белгілер адамның саналы әрекеттерінен де, оның пікірінен, қылығынан, мәдени қажеттіліктерінен де байқалады. Бір әлеуметтік топтың өкілдері арасында айырмашылық аз болғанымен, индивидуалдық үшін өзгеше нәрселер тән болады.
Адамның әлеуметтік қасиетінің келесі бір жоғары деңгейдегі сипаттамасы оның тұлғаға айналуы болып табылады. Көбіне адамның биологиялық табиғатына негізделетін индивидпен, индивидуалдықпен салыстырғанда тұлға мінезінің ерекшелігі оның әлеуметтік қасиеттерге негізделгендігінде. Бірақ табиғи индивидуалдықтың тұлға дамуына өз әсерін тигізетінін ескеру керек.
Әлеуметтік индивидуалдылық, әрине, бос жерде пайда болмайды. Адам нақты тарихи және әлеуметтік кеңістікте, тәрбие мен практикалық әрекет барысында қалыптасады. Сондықтан да тұлға әлеуметтік индивидуалдылық ретінде - бұл әрқашан да нақты нәтиже, өте әр алуан факторлардың өзара әрекеті мен синтезі. Адам неғұрлым үлкен деңгейде әлеуметтік-мәдени тәжірибені бойына жинақтаса, соғұрлым тұлға маңыздырақ және ол өз кезегінде, оның дамуына өзінің индивидуалды үлесін қосады.
Индивидуалдылық (жекелік) - бөлек, жеке адамның қайталанбас өзгешелігі, яғни тек қана оған тән ерекшеліктердің жиынтығы. Психологияда индивидуалдық ерекшеліктерге түйсік, қабылдау, ойлау өзгешеліктері, жеке адам бойындағы мінез-құлық, темперамент, қабілет, қызығушылық, әдет, көңіл күй, ерік, сұраныстары т.б. жатқызады.
Мұғалім күнделікті оқу-тәрбие жұмысының үрдісінде оқушылардың дара ерекшеліктерін бақылап, есепке алып отырады. Осындай нақты зерттеу жұмысының нәтижесінде мұғалім балаларда кездесетін әр түрлі жағымды және жағымсыз дара ерекшеліктерді байқайды. Оларға: кейбір баланың оқу материалын тез ұғуы немесе баяу ұғуы, берілген тапсырманы мезгілінде бұлжытпай орындауы немесе түрлі сылтауларды айтып бас тартуы, іс-әрекеттерінің барысындағы белсенділік немесе енжарлық, бір баланың байсалды, ұстамды болуы, екіншісінің жеңілтек, қызба болуы, баланың ұжымшыл болуы немесе ұжымнан оқшау ұстауы т.б. Осы сияқты әр түрлі дара айырмашылықтарды мұғалім тәрбие жұмысын жоспарлауда еске алады, оларды іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасап, нақты шаралар белгілейді.
3. Мұғалім балалардың жеке ерекшеліктерін, типтік сипатын мінез-құлқына сәйкес жете білуі қажет. Мәселен, жүйке жүйесіне байланысты темперамент типтерін басшылыққа алмай, тәрбие үрдісін психологиялық негізде ұйымдастырып іс жүзінде асыру мүмкін емес. Жеке адамның дүниені сезгіштігі және қабылдағыштығы, іс-әрекеті темпераментке тәуелді. Темпераменттің негізгі төрт типінің өкілдері бір қалыпты жағдайдың өзінде өздерін түрліше ұстайды екен. Бірде, темпераменттері әр түрлі төрт дос театрға кешігіп барады. Мұндай жағдайда олардан қандай мінез байқалған?
Холерик билет жыртушымен айтысып, партердегі өз орнына барып отыруға әрекеттенеді. Ол, театрдағы сағат ілгері кеткен, жұртқа кесел келтірмей орныма барып отыра қоямын деп салғыласып, билет тексерушіні итермелей бастайды.
Сангвиник партерге жіберілмейтініне көзі жеткен соң, балкондағы отырғыштарға барудың мүмкіндігі бар екенін сезіп, баспалдаққа қарай жүгіріп кетеді.
Флегматик залға жіберілмейтінін көріп: «Алғашқы көрініс онша қызық болмайды, сондықтан буфетке бара тұрайын» деп антракт болуын күтеді.
Меланхолик: «Менің әркез жолым болмайды. Өмірімде бір рет театрға келген едім, ол да сәтсіз болды» деп жабығып үйіне кеткен.
Тәрбиедегі жекелік тұрғы принципі мұғалімнен мыналарды талап етеді:
- тәрбиеленушілерді әрдайым зерттеп олардың темпераментінің, мінезінің белгілерін, көзқарастарын, әдеттерін т.б. жеке ерекшеліктерін жақсы білуге тиіс;
- диагностикалаудың әдістемесін меңгеріп, оқушыларды өмірге, еңбекке қатынасын, өмірлік жоспарларын т.б. білгені абзал;
- тұлғаны прогрессивті дамуын қамтамасыз ететін іс-әрекетке тұрақты түрде тарту, оның түрлерін және мазмұнын күрделендіре беру.
Әдебиет.
Божович Л.И. Личность и ее фрмирование в деском возрасте. М., 1968.
Қоянбаев Ж.Б. Семья және балалар мен жеткіншектер тәрбиесі. А., 1900.
Қоянбаев Ж., Қоянбаев Р. Педагогика. А., 1998.
№25 дәріс тақырыбы: Тәрбиенің негізгі құралдары
Тірек ұғымдар: қарым-қатынас, оқыту, таным кезеңдері, білім беру.
Жоспар
Қарым-қатынас тәрбиелеу құралы ретінде.
Оқыту тәрбиелеу құралы ретінде.
Жеке тұлға дамуындағы білім берудің рөлі.
1. Адамның қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі - адамдар арасындағы қарым-қатынас. Белгілі психолог А.Н.Леонтьевтің пікірінше, туылған сәтінде нәресте адамға кандидат қана, ал оқшау жағдайда кандидат та бола алмайды: ол адам болуды адамдармен қарым-қатынас барысында үйренеді. Басқаша айтқанда, әлеуметтік жағдайлардан тыс, тек биологиялық қана адамды тұлға ретінде қалыптастыра алмайды. Индивидтің қарым-қатынастан, таңдау мүмкіндігінен, белгілі бір дәрежеде еркін қимылдаудан айырылуы да тұлғаның дамуына кері әсер етеді. Адамды қоғамнан және қарым-қатынастан бездіру әрдайым ең қатал жазалардың бірі болып саналады, өйткені ұдайы оқшаулану мен жалғыздық тұлғаның өз мәніне қайшы келеді.
Қарым-қатынас - әлеуметтік-психологиялық құбылыс, кейде оны психологиялық категория ретінде қарастырады. Ол адамдардың өзара әрекетінің үрдісі, оған қатысатын адамдар бір бірінің ұмтылыстарына, ойларына, күйлеріне және сезімдеріне әр түрлі дәрежедегі күштермен әсер етеді.
Қарым-қатынаста өзара байланысты үш жағы бөлінеді: коммуникативті (ақпарат алмасу), интерактивті (қарым-қатынасқа түсетін индивидтердің белсенді өзара әрекетін ұйымдастыру), перцептивті (қарым-қатынасқа түсушілердің бірін-бірі қабылдау үрдісі, осы негізде өзара түсіністікті орнату).
Қарым-қатынас баланың қоршаған ортаға қатынасының бастапқы, негізгі формасы болады. Баланың психикалық дамуының басты шарты ересектермен қарым-қатынас болып табылады. Бастауыш сыныптарда оқушыларға мұғалімдермен қарым-қатынасының ролі өте үлкен болады. Орта сыныптың оқушыларына құрдастарымен қарым-қатынастың маңызы өте зор. Жеткіншектердің қарым-қатынасының нәтижесінде өмірлік мәнге, адамдардың қатынастарына, өздерінің болашағына деген көзқарастары құрылады. Міне, осындай қарым-қатынастарда іс-әрекеттердің алдына жаңа міндеттер және мотивтер қойылады.
Соңғы жылдардағы қарым-қатынастардағы өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдарының және компьютерлердің дамуымен шартталып отыр.
2. Оқушылар іс-әрекеттерінің ең басты және жетекші түрі - оқу. Ол алдын-ала жасалған жоспар және бағдарлама бойынша мұғалімнің басшылығымен жүйелі түрде іске асырылып отырылады. Сондықтан оқу басқа іс-әрекеттеріне қарағанда оқушылардың таным қабілетін дамытады, дүниеге адамгершілік көзқарасын бірте-бірте қалыптастырады. Оқудың барысында сыныптан сыныпқа көшкен сайын оқушының ой-өрісі кеңиді, білімі тереңдейді, жауапкершілігі артып, ол алдына қойған мақсаттарын орындауға талпынады. Оқушы он екі жылдың ішінде бірінші сыныптан он екінші сыныпқа дейін даму жолынан өтіп, нақты білім, саналы тәрбие алады. Міне, осының нәтижесінде еңбек етуге, ізденушілікке, келешекте арнаулы оқу орындарына түсуге қабілетті болып шығады. Бұдан шығатын қорытынды: оқыту - баланың рухани жағынан жетілуін қамтамасыз етеді; оқыту - бала дамуының алғы шарты. Демек, оқыту мен дамудың арасында тығыз байланыс туындап отырады. Л.С.Выготский баланың дамуынан ілгері жүретін, оны жетекке алатын оқытуды айтады. Ол баланың кешегі күнгі дамуына емес, ертеңгі күнгі дамуына қарау керек деп ескертеді, осыған орай, бала дамуының «екі зонасы» болатынын айтады. «Бірінші зона» - бала дамуының қазіргі қол жеткен сатысы, осыған қанағаттанып қоймай, мұғалімнің оқушыларды болашақтағы дамудың ең жақын сатысына («екінші зонаға») жеткізуге міндетті екендігін айтады.
Оқыту – қоғамдық қатынастарды, қоғамдық сананы, мәдениетті және өнімді еңбек тәжірибесін, қоршаған ортаны белсенді өзгерту және қорғау туралы білімді ересектерің мақсатты бағытталған, ұйымдасқан, жүйелі түрде беруі және оны өсіп келе жатқан ұрпақтың меңгеруі. Ол ұрпақтың сабақтастығын, қоғамның толықтай қызмет етуін және тұлғаның дамуының сәйкесті деңгейін қамтамасыз етеді. Оқыту үрдісінде оқушылар адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесінен белгілі бір жақтарын меңгереді: идеологияны, саясатты, ғылымды, мораль, еңбек, әдебиет және өнер, жалпы және денелік мәдениетті. Оқыту тұлғаның жан-жақты және үйлесімді дамуының негізін салады.
Оқытудың ғылыми танымнан айырмашылығы бар. Ғылыми зерттеу адамзатқа белгісіз білімді ашып берсе, оқушы адамзатқа белгілі тек өзіне белгісіз білімдер жүейсін меңгереді.
Оқыту мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті ретінде екі өзара байланысты үрдіске бөлінеді: сабақ беру мұғалімнің іс-әрекеті ретінде және оқу оқушының іс-әрекеті ретінде. Мұғалім қоғамның мүддесін көздейді, ол оқушы меңгеруге тиісті адамзаттың тәжірибесін өзінде алып жүргенге іспетті. Сабақ беру бірнеше жақтың қосындысы болады: мұғалімнің өз пәнін білуі, оқыту-тәрбиелеу үрдісін ұйымдастыра білу іскерлігі, қазіргі оқыту әдістерін білуі, оқушының танымдық мүмкіншілігін, оның ақыл-ой дамуының терең түсінуін, шәкірттің тұлғалық белгілерін қалыптастырудың жолдарын білуі. Оқу – белсенді танымдық үрдіс, онда оқушының ақыл-күштері, мінезінің моральдық және еріктік белгілері, тұлғаның белгілері және темпераменті қалыптасып, көрініс табады.
Оқыту өзіне үш функцияны енгізеді: білім берушілік (білімдерді меңгеру үдісі, оқу дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру), дамытушылық (оқушыларды психикалық және денелік дамыту), тәрбиелеушілік (оқу іс-әрекеті оқушыны тәрбиелейді, онда патриоттық, адамгершілік сапалар, көзқарастар, сенімдер, мұраттар, эстетикалық сезім, тәртіптілік, еңбексүйгіштік т.б.).
Оқытудың білім берушілік, дамытушылық және тәриеленушілік функцияларын жүзеге асыру оқушының тұлғасын қалыптастыру үрдісіне кешенді тұрғыны қамтамасыз етеді.
Белгілі бір оқытушылық әсердің психикалық дамудың барысына барынша септігін тигізетін жастық кезеңдер болады. Оларды психологияда дамудың сензитивтік кезеңдері деп атайды.
Оқыту үрдісінің методологиялық және философиялық негізі диалектикалық материализмнің таным теориясы болып табылады, онда таным үрдісінің диалектикасы, ойдың бір кезеңнен екінші кезеңге қозғалысы ашып көрсетіледі.
Адамның танып білуі бірнеше кезеңнен өтеді:
1) Ең алдымен сезімдік тану болады, ол арқылы бала өзін қоршаған табиғи және әлеуметтік құбылыстары, оқиғалар, заттар туралы түрлі елес алады. Осы сезімдік образдар барынша жүйеленсе және жалпыланса, балаға мектепте оқу жеңіл болады. Бірақта сезімдік тану жүйесінде бала қоршаған дүниенің заңдылықтарын көрсете, айыра алмайды.
2) Дерексіз (абстракталық) танып білу, ұғымдар жүйесін меңгеруі. Мұнда мектептік оқыту қажет. Оқушының танымдық іс-әрекеті бір жақты болады. Ол қоршаған дүниенің белгілі бір жақтарын оқу пәндерінің мазмұны арқылы зерттеп біледі. Оқушының танымдық іс-әрекетіндегі нақтылық және дерексіздік қарама-қайшылықты күш ретінде болып, оның ақыл-ой дамуында әр түрлі үрдістерді құрастырады.
3) Танып білудің жоғары кезеңі, яғни жоғары дамыған абстрактылық ойлаудың негізінде қоршаған дүние туралы жалпыланған елес қалыптасып, ал ол өз кезегінде көзқарастарды, сенімдерді, дүниеге көзқарастарды қалыптастырады.
3. Білім беру мен дамудың арақатынасының мәселесі тек қана методологиялық емес, сонымен қатар практикалық жағынан да мәні бар.Оның шешімдерінен білім беру мазмұны,таңдау формалары және оқыту әдістері тәуелді. Білім беру түсінігі мұғалімнен оқушыға дайын білім беру үрдісі емес, оқушылардың арасындағы кең түрдегі өзара әрекеттесу. Бұл оқушының ішкі және сыртқы белсенділігін басқару және стимулдау үрдісі, оның нәтижесінде адамзат тәжірибесін меңгеру жүзеге асырылады. Даму түсінігін білім беруде екі түрлі, бірақ бір-бірімен тығыз байланысты құбылыс категорияларын қолдануға болады: өзіндік биологиялық ми органының жетілуі, анатомия-биологиялық құрылымы және оның белгілі-бір деңгей динамикасы ретінде өзіндік ақыл-ой жетілуі кезіндегі психикалық даму. Ақыл-ой дамуы мидың биологиялық жетілуіне тәуелді екені белгілі және бұл фактіні педагогикалық үрдісті жүзеге асыру барысында ескеру қажет. Американ психологы Дж.Брунер пікірінше, оқыту мидың, ағзаның жетілуіне кедергі келтірмеу керек. Психологиялық педагагика ғылымында оқыту мен дамудың арақатынасы туралы 3 көзқарас қалыптасқан: біріншісі,ең көп таралғаны, ол бойынша оқыту мен даму бір-біріне тәуелсіз үрдістер ретінде қарастырылады, бірақ оқыту мидың жетілуіне бағытталады. В.Штерн оқыту дамытудан кейін жүріп, оған бейімделеді деп жазды. Екінші көзқарасты ұстанған ғалымдар (Джеймс, Торндайк) оқыту мен даму бірдей үрдістер ретінде қарастырылады. Теорияның үшінші тобы (Коффка, т.б.) алғашқы 2 көзқарасты біріктіріп, жаңа жағдайлармен толықтырады: оқыту дамудың соңынан теңбе-тең жүруі мүмкін, және жаңа қалыптасуларды тудырып оны әрі қарай қозғап, даму алдында жүруі де мүмкін. Бұл идеяны ұсынған Выготский, ол баланың ақыл-ойының дамуының 2 кезеңін көрсеткен: біріншісінде, бала үй тапсырмасын өз бетімен орындайды. Ал,екіншісі жоғарғы кезең, мұнда бала үй тапсырмасын өз бетімен орындай алмайды, ол сондықтан үлкендердің көмегіне сүйенеді.Әртүрлі бағытталумен тұлғаның дамуы осылай жүреді. Қазіргі таңдағы отандық педагогика оқыту мен жеке тұлға диалектикасының өзара байланыс көзқарасында тұрады. Оқыту мен даму - бұл екі параллелді жүріп отыратын үрдіс емес, олар бірлікте болады. Оқытудың жеке тұлғалық толық дамуы болмайды.
Оқушылардың оқу танымдық іс-әрекетін басқаруға үйрену үшін, олардың білімді меңгеруінің кезеңдерін жақсы білу керек. Негізгі кезеңдері: қабылдау, оқу материалын ұғынуы, бекіту, практикалық іс-әрекетте білімді қолдануы.
І - кезең – қабылдау. Психологияда қабылдауды мақсатты бағытталған танымдық процесс ретінде қарастырады. Ол таңдаушылық сипатта болады. Сондықтан оқушыларға ең алдымен тақырыпты хабарлау керек, яғни олар нені оқитынын білуге тиіс. Міндет қойылып, ол түсіндірілуге тиісті. Егерде оқушылар оқу міндетін ұғынбаса материалмен таныстыра бастауға болмайды.
Сосын мұғалімнің жетекшілігімен оқушылар даярлық жұмыстарды орындайды. Оқу материалымен бастапқы танысу жүзеге асырылады. Онда шынайы немесе суреттелген заттармен, құбылыстармен, жағдайлармен жұмыс жүргізіліп, таныстырылады, тәжірибелерді жүргізу іске асырылады.
Бірінші кезеңде оқушылар қандай құбылыстарды, уақиғаларды, заттарды т.б. оқитын туралы ұғымдары болады және оқу міндетін түсінеді.
ІІ – кезең – оқу материалын ұғыну. Оның мәні: білімдегі теориялық астарларды бөлу және талдау. Басты ойды тауып, ұғымдарды бөліп шығарып, олардың белгілерін негіздеу, түсіндіретін материалдың сипатын ұғыну, мысалдардың жиынтығын және түсіндіретін фактілерді танып білу. Мұнда оқушының білімінде жүйе қажет, онда ол басты екінші қатардағы қосымшаны түсіндіретін элементтерді көріп отырғаны абзал. Оқып жатқанды екі түрде негіздей дәлелдей алатын болуы керек, яғни репродуктивтік түрде: мұғалімнің түсіндіру логикасын қайталайтындай және шығармашылық түрде: сөйлеуінде өзінің мысалдарын, фактілерін, шешу тәсілдерін қосуы.
Бұл кезеңді орындалды деуге болады, егерде оқушылар оқу міндетінің шешу тәсілдерін түсінсе және білімдегі жүйені ұғынса.
ІІІ-кезең – еске сақтау немесе бекіту. Мұндағы міндет ұзақ уақытқа алған білімді сақтау. Осы кезеңде танымдық іс-әрекет жаттығу, дербес репродуктивтік және шығармашылық жұмыс түрінде көбірек сипат алады. Теориялық материал, ұғымдар, ережелер, дәлелдеулер әр түрлі жаттығуларда қайталанады. Ұғымдардың белгілері берік бекітіледі,ережелер, теоремалар, заңдар жақсырақ есте қалады.
Мұғалім оқушылардың жаттығуларды саналы орындағанын қадағалап отыру керек. Мұғалім еске сақтаудың әр түрлі тәсілдерін оқушыларға үйретіп отырады.
Үшінші кезеңнің қорытындысында оқушылар теориялық материалды білулері қажет және оны жаттығуларды орындағанда, есептерді шығарғанда, теореманы дәлелдегенде және т.б. қолдана білуі керек. Оларда оқу іскерліктері және дағдылары қалыптасқан.
ІҮ кезеңде оқушылар алған білімді, іскерлікті және дағдыны практикалық іс-әрекетте қолдана білу қажет.
Әдебиет.
Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. А., 2004.
Бабанский Ю. Педагогика. М., 1988.
№26 дәріс тақырыбы: Тәрбиенің жалпы әдістері мен тәсілдері
Тірек ұғымдар: әдіс, тәсіл, құрал.
Жоспар
Тәрбие әдістерінің мәні және оларды жіктеу.
2. Тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері.
3. Іс-әрекеттерді ұйымдастыру және қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру әдістері.
1. Әдіс дегеніміз - алға қойылған мақсатқа жетудің жолы, амалы, тәсілі, айласы. Тәрбиелеу әдістері - тәрбиелеушілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыстағы іс-әрекетінің тәсілдері. Бұл іс-әрекет тәрбиелеудің міндеттерін шешуге бағытталған.
Тәрбие тәсілі, амалы (прием) - жалпы әдістің бөлігі, жеке дара әрекет (әсер ету), нақты жақсарту. Тәсілдер, әдетте, әдістерді белгілі бір жағдайларда нақты пайдалануды қамтамасыз етеді. Мысалы, жазалау тәсілдері - ескерту, айыптау, сөгіс; сендіру, нандыру тәсілдері - иландыру, түсіндіру, баяндамалар; мадақтау тәсілдері - мақұлдау, мақтау, сыйлық беру т.б.
Тәрбие құралдары - іс-әрекеттің түрлері, көрнекі құралдар, көптеген коммуникация құралдары, педагогикалық ықпал жасау құралдары (мұғалім, ата-ана, ересек адамдардың сөзі, олардың өнегесі т.б.) жатады. Оқушы тұлғасы қалыптасуының бас-қарылуын қамтамасыз ету - тәрбиенің негізгі құралдарын толық және тиімді пайдалану, яғни тәрбиедегі шешуші роль атқаратын нәрсе оқшауланған құралдар емес, керісінше, олардың үйлесімді құрылған жүйесі екенін практика көрсетіп отыр. Тәрбие құралдары - бұл тәрбиелеу тәсілдерінің жиынтығы. Мысалы, еңбек - тәрбие құралы, бірақ еңбекті көрсету, бағалау, жұмыстағы қателіктерді көрсету бұлар тәсілдер болады.
Әдістердің жіктелуі (классификация) - бұл анықталған белгілерге қарай құрылған әдістер жүйесі. Жіктелуге сүйене отырып, педагог тек әдістер жүйесін анық көріп, танып қоймай, ол әр түрлі әдістерінің өзіне тән белгілерін, орнын жақсы түсінеді.
Кез келген әдістің жіктелуі олардың жалпы негіздері мен белгілерін анықтаудан басталады. Қазіргі педагогикада ондаған жіктеме белгілі, себебі әдістер жүйесінде жіктелудің логикалық негізі анық емес.
Қазіргі кезде классификацияның негізіне бағытталғандық - интегративті сипаттама алынуда. Ол өзіне тәрбиелеу әдісінің мақсаттық, мазмұндық және процессуалдық жақтарын бірлікте енгізеді. Осыған орай тәрбие әдісінің үш тобын бөлуге болады:
Тұлғаның санасын (ұғымы, түсінігін, пікірін, нанымын, баға беру) қалыптастыру әдістері (баяндау, түсіндіру, дәріс, иландыру, пікірталас, өнеге, баяндама, әңгіме).
Іс-әрекеттерді ұйымдастыру және қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін (іскерлік, дағды, әдет, ерік, мінез) қалыптастыру әдістері /жаттығу, үйрету, педагогикалық талап, қоғамдық пікір, тапсырма, тәрбиелеушілік жағдаяттар/.
Іс-әрекетті және мінез-құлықты ынталандыру (стимулдау) әдістері (жарыс, мадақтау, жазалау).
Тәжірибеде үнемі тұратын міндет - әдістің біреуін ғана қолданбай, тиімдісін, нәтижелі болатынын таңдау. Тиімді деп - қойылған мақсатқа көп күш-қуат жұмсамай жететін неғұрлым пайдалы жолды айтамыз.
Тәрбиелеу әдісін таңдауды анықтайтын жалпы жағдайлар: тәрбиенің мақсаттары және міндеттері, мазмұны; тәрбиеленушілердің жастық ерекшеліктері; ұжымның қалыптасқан деңгейі; тәрбиеленушінің жекелік және тұлғалық ерекшеліктері; тәрбиелеудің жағдайы; педагогикалық шеберлігінің деңгейі; тәрбиелеу уақыты; күтілетін нәтиже, қорытындылар.
2. Көзқарастарды, ұғымдарды, сенімдерді қалыптастыру үшін тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері деп жалпы атпен аталатын әдістер қолданылады.
Этика тақырыбындағы баяндау - бұл адамгершілік мазмұны бар нақты деректер мен оқиғаларды эмоционалды түрде айтып беру.
Түсіндіру - тәрбиеленушіге эмоционалды-сөзді әсер әдісі.
Мектеп тәжірибесінде түсіндіру адам психикасына еніп, іс-әрекеттің себептерін тудыратын және тұлғаға жалпы әсер ететінін сендіруге сүйенеді. Түсіндіру адамдардың қатынасын және мінез-құлқын дұрыс бағалауды оқушыда қалыптастыруға көмектесуі керек.
Сендіру (внушение) тәрбиеленушіге белгілі бір шешім қабылдату жағдайында пайдаланылады. Сендіру басқа тәрбие әдістерінің әсерін күшейту үшін қолданылады.
Иландыру (увещевание) өтінішті түсіндірумен және сендірумен қатар қолдану арқылы жүзеге асырылады. Иландырудың тиімділігі мұғалімнің беделіне көп байланысты. Иландыру өз мақсатына жету үшін жақсы жақтарға сүйеніп, мақтауды қолданып, абыройына сұраныс жасаған дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |