Бала тәрбиелеудің он ережесі:
Халықаралық балалар жылында қабылданған, Песталоццидің, Фребельдің, Черньнің педагогикалық ұлағаттарынан құрылған бұл ережелер қазіргі заманғы да талаптармен үндеседі: .
1) Балаңды сүй. Яғни оның қасыңда барына қуан,ол өзі қандай болса, солай қабылда,оны қорлама,оны жәбірлеме,оны өзіне деген сенімділігінен айырма,
оны нақақтан жазалама,оны өзіңнің сеніміңнен мақұрым етпе,сені жақсы көруіне жағдай тудыр.
2) Балаңды қорға. Яғни оны жаны мен тәніне қауіпті нәрселерден сақта,тіпті-егер қажет болса жеке мүдделеріңді құрбан етіп,басыңды қатерге байлай отырып қорға.
3) Балаңа жақсы үлгі бол. Оның бойына дәстүрлі құндылықтарға деген құрмет сезімін дарыт,өзің де сол құндылықтарға сәйкес өмір сүр,балаға жауапкершілік сезіммен қара.Балаға үй іші тату,қарттарын құрметтеп,жақсы көретін барлық туған-туысқандарымен және дос-жарандарымен етене жақын әрі шынайы байланыста болатын отбасы,ошақ қасы керек. Бала адалдық, кішіпейілдік,жарастық ұялаған семьяда өмір сүруге тиіс.Ата-ананың ерлі-зайыптылық адалдықты бұзуы,көре алмаушылық, арсыздық жолмен баю,балаға принципсіз байланыстар арқылы қандай да болсын пайда келтіру және т.б.- осының бәрі елдің ертеңгі азаматының моральдық бейнесіне мейлінше ұнамсыз әсер ететін «үлгі»құрайды.
4) Балаңмен ойна!Яғни балаңа қажет уақыт тап,оған қалай сөйлеп,қалай ойнау ұнаса,солай сөйлеп,солай ойна, оның ойындарына шындап ден қой,оның ұғым-түсініктер әлеміне бейімдел.
5) Балаңмен бірге еңбектен! Балаң жұмысқа қатысқысы келгенде,оны демеп жібер (үйде,бақта,бақшада).Балаң өсіңкірегенде шаруашылыққа қажетті барлық жұмыстарға қатыстырып үйрет.Қолы бос кездері мен каникул уақытында ол мектеп ұйымдастырған іс-қызмет түрлеріне қатысуға тиіс.
6) Баланың оңай болмаса да,өз бетімен өмірлік тәжірибе алуына жол қой!
Бала өз басынан өткерген тәжірибені ғана мойындайды.Сенің жеке тәжірибелігің балаң үшін көп жағдайда құнсыз болып шығады.Оған өзінің жеке тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік бер,тіпті бұл белгілі бір тәуекелмен байланысты болған күн-де де солай істе.Шамадан тыс қорғаштаған,қауіптің қай-қайсысынан да «қамсыздандырылған»бала көп жағдайда әлеуметтік мүгедекке айналады.
7)Балаға адамдық бостандықтың мүмкіндіктері мен шектерін көрсет! Ата-анасы баланың алдымен әрқайсысының дарындары мен ерекшеліктеріне сәйкес адамның жеке басының дамуы мен тұлғалануының тамаша мүмкіндіктерін ашуға тиіс.Сонымен бірге оған кез-келген адам семьяда, коллективте. және жалпы қоғамда өзінің іс-әрекеттерінің белгілі бір шектерін мойындауы және сақтауы тиіс екенін көрсету қажет(заңды ұстану және өмір салты ережелерін сақтау)
8)Баланы тіл алғыш етіп үйрет! Ата-анасы баланың мінез-құлқын қадағалап отыруға және оның іс-қылықтарын оның өзіне де,басқаларға да нұқсан келтірмейтіндей етіп бағыттап отыруға міндетті.Баланы белгіленген ережелерді сақтағаны үшін қолпаштап отырған жөн! Алайда қажет болған жағдайда жаза арқылы ережелерді құрметтетіп отыру керек.
9) Баладан пісіп-жетілу сатысына және өзіндік тәжірибесіне сәйкес шама-шарқы жететін пікірлер мен бағаларды ғана күт! Бала осынау соншама күрделі дүниеде бағдар жасап үйренгенше,оған ұзақ уақыт қажет.Оған қолыңнан келгенше көмектес және де жинақтаған тәжірибесі мен өзінің пісіп- жетілу сатысына сәйкес өзіндік пікірін немесе қорытындысын айта алатын кезде ғана баладан оларды талап ет.
10)Балаға еске түсіруге болатын құндылыққа ие әсерлерді басынан кешіруге мүмкіндік бер! Бала да, үлкендер сияқты, әсерлермен «қоректенеді», олар балаға басқа адамдардың өмір- тіршілігімен және айналадағы дүниемен танысуға мүмкіндік береді.
Артық етпес білгенің...
Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» деген тұңғыш туындысын әйел-ана тақырыбына арнаған. Сол кезде Мұхаң 20 жаста екен.
«Адам баласы, - депті ол, - тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ал балаларының бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген. Соған қарағанда адамды хайуандықтан адамшылдыққа кіргізген – әйел». Болашақ ұлы жазушы осы сөзімен әйелдің қоғамның ұйтқысы екенін, еркек түзде жүргенде әйел төңірегін уыздай ұйытып, балаларын бірлікке, ұйымшылдыққа баулитын, әйел еркіндікке жетпесе, адамшылдық та күрмеулі болатынын қадап айтып, егер қазақ мешел болып қалмайын десең, бесігіңді түзе, әйелдің халін түзе,» – деген мәңгілік идея ұсынған еді.
Өмірінде көп күнә жасадым деп ойлаған жан имамға келіп:
Күнәларымнан арылтып, Алланың кешірімін әперші,– депті.
Сонда имам:
Сенің жаның бес арықтан лай суға ағып құйылып жатқан бір тоғанға ұқсайды екен.
Біріншісі – сенің көздерің, көрінгенге орынсыз көз сүзбе;
Екіншісі – сенің аузың, ораза ұстап, дұға оқып жүр, жақсы сөз айт. Шариғат қаламағанды ішіп-жеме.
Үшіншісі – сенің миың, әділетсіздік пен зұлымдықтан, менмендік пен өркөкіректіктен арыл;
Төртіншісі – сенің аяқтарың, көргенсіз жолға баспа;
Бесіншісі – сенің құлағың, өсек пен кеселді сөзді терме, естімеген бол.
Тек сонда ғана сенің арықтарыңның суы тұнықталады, сенің жаның мен жүрегің тазарады, сені күнәларыңнан мен арылта алмаймын, өзің арылтасың, – депті.
Түйін: баласы нашар болып өскен әке баласына әсер ететін барлық тәсілдерді таусылған соң, есік алдына бір бағана орнатып, баласының әрбір нашар ісі үшін оған бір шегеден қаға беріпті. Біраз жылда бағана әбден шегеге толыпты. Бұл балаға әсер етіп, түзеле бастапты. Енді әке баласының әрбір жақсы қылығы үшін бір шегеден суыра беріпті. Ең соңғы шегені суыратын мерекелік сәт келгенде бала жылап жіберіпті. «Неге жыладың?»– дегенде, «Шеге жұлынып таусылғанмен орындары үңірейіп тұр ғой,» – деген екен.
Кемел Мырзагелді. Абзалдық әліппесі. Алматы, Әл-Фараби, 1998, Б. 15, 22.
Достарыңызбен бөлісу: |