«Психология» пәнінің дәрістік кешені Дәріс №1 Тақырып: Психологияның пәні, міндеттері және әдістері Сағат: 1



бет1/8
Дата15.03.2020
өлшемі0,74 Mb.
#60217
  1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Дәрістер кешені
русский, русский, 12.1 и 12.3, 15.1
«Психология» пәнінің дәрістік кешені

Дәріс № 1

Тақырып: Психологияның пәні, міндеттері және әдістері

Сағат: 1

Дәріс мақсаты: Тақырып бойынша теориялық білімдерді қалыптастыру.

Міндеті:

    • студенттерді тақырып бойынша ғылыми психологиялық теориялармен таныстыру.

    • өзекті мәселелерді мысалға келтіре отырып, студенттердің белсендігін арттыру.

    • тақырып бойынша незізгі ғылыми психологиялық ұғымдарды бекіту.



Жоспар:


  1. Психология пәні, міндеттері, әдіснамалық принциптері.

  2. Психика тіршілік иелерінің объективті болмысты бейнелеу формаларының бірі екендігі жайлы жалпы түсінік.

  3. Тірі және өлі дүниені бейнелеу формалары.

  4. Психиканың негізгі функциялары..

  5. Психология пәні жайлы түсініктердің дамуының негізгі сатылары.

  6. Психологияның зерттеу әдістері


Әдебиет тізімі:


  1. Ананьев Б.Д. Избранные психологические труды: в 2-х томах. –М., Педагогика. 1980 г.

  2. Асмолов А.Г. Психология личности. – М., Изд-во МГУ, 1990 г.

  3. Божович Л.И. Личность и ее формирование в детском возрасте. – М., 2003 г.

  4. В.С. Мухина. Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы. Алматы, 1986.

  5. В.С. Мухина.Возрастная психология: феноменология развития. – 14 е изд.- М., «Академия» 2012 г.

  6. Выготский Л.С. Собрание сочинений.: в 6ти томах.- М., Педагогика, 1983 г.

  7. Грэйс Крайг. Психология развития. Санкт-Петербург. 2002.

  8. Жарықбаев Қ.Б. Жалпы психология. Алматы. 2004.

  9. Казанская К.О. Возрастная психология. Конспект лекций. – М.: «А-Приор», 2007. – 160 с

  10. Леонтьев А.Н. Проблемы развития психики. – М.: Изд-во МГУ, 1981 г.

  11. Намазбаева Х.Т. Психология. Алматы. 2005.

  12. Обухова Л.Ф. Возрастная психология. – М., 1999 г.

  13. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. – СПб , Питер. 2005 г.

  14. Столяренко. Л.Д. Основы психологии. – Ростов –на –Дону, Феникс, 2004 г.

  15. Эльконин Д.Б. Детская психология. – М., 2004 г.


Дәріс № 1. Тақырып: Психология пәніне кіріспе.
1. Психология ғылымының пәні, міндеттері, әдіснамалық принциптері

Психология пәні 1) іс-әрекет субъекті ретіндегі адам, 2) өзін өзі реттеуіне қажет тұлғаның жүйелі өз сапалары; 3) адам психикасының қалыптасуы мен әрекеттік қызметке келу заңдылықтары; 4) адамның болмысты бейнелеу қабілеттері және оны тануы; 5) соның нәтижесінде өзінің сырттай дүниемен өзара ықпалдасты байланыстарын реттей алуы.

Психология нысаны: психиканың пайда болуы мен оның дамуы; психикалық іс-әрекеттің нейрофизиологиялық негіздері; психиканың ең жоғары формасы – адам санасы; сырттай болмыстың ішкі жан дүниелікке ауысу заңдылықтары; адам психикасының әлеуметтік- тари­хи жағдайларға тәуелділігі; психикалық әлем бейнелерінің қалыптасуы мен сол бейнелердің адамның сырттай тұрмыстық, тәжірибелік іс-әрекеттерінде көрініп, іске асуы; биологиялық және әлеуметтік жағдаяттардың адамның өзін өзі реттеуіндегі бірлігі; адам психикасының құрылымы; тұлғаның танымдық, еріктік және көңіл-күй үдерістері мен жеке-дара психологиялық ерекшеліктерінің бейнелеу-реттеушілік мәні; адамның әлеуметтік ортадағы қылық - әрекетінің психологиялық ерек­шеліктері; адамның нақты іс-әрекет түрлерінің психологиясы.

Психологияның негізгі міндеттері:

- психикалық құбылыстарды сапалық тұрғыдан зерттеу;

- психикалық құбылыстардың қалыптасуы мен даму барысын талдау;

- психикалық құбылыстардың физиологиялық тетіктерін зерттеу;

- психологиялық білімдерді адам өмірі мен іс-әрекетіне жоспарлы ендіруге жәрдем ету.

Психология зерттеулерінің міндеттері мен әдістері қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарының тоғысынан туындайды.

Психологияның негізгі әдіснамалық принциптері: 1) заттасқан болмыстағы психикалық құбылыстардың себеп-салдарлылығын мойын­дау; 2) психикалық құбылыстарды танудың генетикалық бағытын ұстану және оларды даму үдерісінде зерттеу; 3) психика мен іс-әрекеттің ажы­ралмас бірлікте болатынын қолдау; 4) адам психикасын биологиялық және әлеуметтік жағдаяттардың бірлігін ескерумен зерттеп бару.

XX-ғасырдың соңына қарай психология адами ғылымдар жүйесінде өзекті пәнге айналды, ал оның қолданбалы салалары адамзат тір­шілік әрекеттерінің барша тарауларындағы тиімділіктің кепілі ретінде қолданылуда.



Психологиялық ғылымның әдіснамалық принциптері

Ғылыми таным және әрбір ғылым әдіснаманың бірқатар қағидаларына негізделеді. Әдіснама (грек. methodos – зерттеу жолы, теория, ілім) – 1) ғылыми таным әдісі; 2) теориялық және практикалық іс-әрекетті ұйымдастыру принциптерінің жүйесі, тану ережелері мен нормативтері жүйесі, теорияларды құру тәсілдері; 2) ғылымда қолданылатын негізгі принциптер; 3) дүниенің, қоғамның объективтік заңдылықтары мен құбылыстарын практика және теория жүзінде игертуге және өзгертуге бағытталған таным принциптерінің жиынтығы. Әдіснама - әдістер туралы ілім, әдістер теориясы. Зерттеліп отырған объекті жөнінде мәліметтерді және ғылыми жаңалықтарды бір ізге келтіру тәсілдерінің жүйесі. Әдіснамада дүниені танудың барлық адамзаттық тәжірибесі нақтылы түрде көрсетілген. Білімдер, теориялар, ұсыныстар әдіснама қағидаларына негізделген жағдайда ғана ғылыми, жан-жақты дәлелденген, дұрыс тексерілген деп есептелінеді. Әдіснамаға сүйену жаңаны тану стратегиясын және дұрыс бағалау мен шешімдерді анықтайды, ақыл-ойдың тұйыққа тірелген шиеленістері мен өмірдегі қиындықтардан шығуға мүмкіндік береді.



Себептілік (детерминизм, каузалдық) принципі. Себептілік принципі психиканың өмір салтымен анықталатындығын, өмірдегі өзгерістермен өзгеретіндігін білдіреді. Жануарлар психикасының дамуы табиғи сұрыпталумен анықталса, адам санасы – қоғамдық даму және өндіріс тәсілдерінің даму заңдылықтарымен анықталады.

Детерминизм принципі психикалық құбылыстар табиғаты, олардың маңызы жайлы мәселелермен байланысты.

Детерминизм принципі психикалық құбылыстардың себептерін меңзейді, психикалық құбылыстар сыртқы шындық факторларымен анықталады (психика объективті шындықты бейнелеу формасы болып табылады). Бірақ кез келген сыртқы әсер ішкі дүние жағдайларымен өзгере, өңделе отырып, жаңа психологиялық эффект тудырады (мәселен, көңіл-күй, оның бағдары, қажеттіліктер, тәжірибе).

Детерминизм принципінің біртіндеп іске асуына мына жағдайлар мүмкіндік жасады: біріншіден, Л.С.Выготскийдің мәдени-тарихи концепциясын жасауы; Аталған мәдени-тарихи концепцияда психикалық процестердің табиғи механизмдері адамның өзге адамдармен қарым-қатынасы барысында, адамзат мәдениетінің жемісін игеруі нәтижесінде, қоғамдық-тарихи факторлардың әсерімен адамның онтогенездік дамуы процесінде өзгеретіндігін нақтылы тұжырымдайды.

Екіншіден, детерминизм принципінің жүзеге асуына кеңестік психологиядағы мына бір идея себепші болды: адам қоршаған ортамен өзара қарым-қатынаста ғана болмайды және қоршаған ортаны саналы адам ғана қабылдамайды, адам объективті шындықты белсенді қабылдайтын және өзгерте алатын әрекетшіл. Әлеуметтік әсерлерді қабылдау, мәдениетті игеру адамның сыртқы ортамен өзара әрекеті процесінде, оның іс-әрекеті барысында жүзеге асады. Психикалық құбылыстардың қалыптасуындағы іс-әрекет рөлінің маңызына С.Л.Рубинштейн, А.Н. Леонтьев және т.б. ерекше көңіл аударды.

50-ші жылдарға дейін детерминистік көзқарас кеңестік психологияда арнайы принцип ретінде қаралмады. 50-ші жылдары С.Л.Рубинштейн детерминизм принципі рөліне айрықша назар аударып, оның методологиялық мәні бар екендігі жайлы қағиданы тұжырымдады. Детерминизм принципін С.Л. Рубинштейн психикалық құбылыстардың табиғаты мен маңызын талдау үшін қолданды, ғалым оларды материалистік дүние құбылыстарымен жалпылай өзара байланыста қарастырды.



Белсенділік принципі. Психика – бұл белсенді бейнелеу болып табылады. Белсенділік арқасында психика субъектіні қоршаған жағдайлар мен құбылыстарға бағдарлау қызметін (бұл субъектінің сыртқы әсерлерге таңдамалылығынан, құмарлығынан, мәселен, жоғары сезімталдығынан немесе қандай да бір стимулдарды қажеттіліктері мен бағыт-бағдарына байланысты елемеуінен көрінеді) және мінез-құлықты басқару қызметін (әрекетке, индивидтің қажеттіліктері мен қызығуларына итермелеу) атқарады.

Белсенділік принципінің практикалық маңызы зор. Себебі, психологиялық экспериментті өткізетін зерттеуші белгілі бір берілген жағдаятта адамның мінез-құлқы тек сыртқы жағдайлармен ғана емес, сондай-ақ сол жүріп жатқан үрдіске адамның қатынасымен де анықталатындығын ескеруі керек. Осыған орай, орыстың көрнекті психологы В.Н. Мясищев «адамның кез келген мүмкіншіліктері оның жасалып жатқан іс-әрекетке жағымды қатынасымен анықталып, зерттелінуі мүмкін» деп тұжырымдаған.



Сана және іс-әрекет бірлігі принципі. Сана және іс-әрекет ұғымдары психологиялық ғылымның басты категориялары. Бұл принцип кеңестік психологияда 30-шы жылдары жүйелі пайдаланылды (С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, Б.Г.Ананьев, Б.М. Теплов және т.б.).

С.Л. Рубинштейн сана және іс-әрекет бірлігі туралы қағиданы алғаш жасаған ғалым. Бұл қағидада іс-әрекеттің санасыз, сананың іс-әрекетсіз болмайтындығы тұжырымдалған. Сонымен қатар, іс-әрекет арқылы сананың зерттелетіндігі және психика мен сананы объективті зерттеуге жол ашылғандығы жайлы қағидалар айтылған. Сондықтан да, сана және іс-әрекет бірлігі принципі психологиядағы барлық объективті әдістердің негізіне айналған.

Сана және іс-әрекет бірлігі принципі индивидтің санасы мен барлық психикалық қасиеттері іс-әрекетте көрініп қана қоймай, қалыптасатындығын алға тартады: тұлғаның психикалық қасиеттері оның мінез-құлқының алғышарты мен нәтижесі.

С. Л. Рубинштейннің анықтауынша, іс-әрекеттің өзі сыртқы және ішкі дүниенің бірлігі болып табылады. Сана және психика іс-әрекеттің ішкі сипаты болады, ал іс-әрекет қасиеті – сырттан байқалған мінез-құлық түрінде өтіп, психиканың сипаты ретінде қарастырылады. Осы орайда, психика өз алдына жеке құбылыс емес, ол іс-әрекеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Сана және іс-әрекет бірлігі принципі ғалымдарға мінез-құлық, іс-әрекетті зерттей отырып, іс-әрекет мақсатына жету табыстылығын, яғни психиканың объективті заңдылықтарының ашылуын қамтамасыз ететін ішкі психологиялық механизмдерді анықтауға мүмкіндік береді.

Сана және іс-әрекет бірлігі принципін психикалық процестерді, психикалық қасиеттер мен жай-күйлерді зерттеуге қолдану көптеген құбылыстарды, соның ішінде адамның психикалық дамуының кейбір маңызды заңдылықтарын айқындауға мүмкіндік берді. Аталмыш принцип негізінде психологияның ұғымдық аппараты және нақты-ғылыми зерттеу әдістері жасалды.

Жүйелілік принципі. Жүйе деп бір-бірімен байланысып, тұтастықты, бірлікті түзетін элементтер жиынтығын айтады.

Адам шындықпен қатынастың әр түрлі байланыстарына түседі (тану, шындықты зерттеу, жағдайларға бейімделу, қарым-қатынас т.б.). Адам осындай көптеген байланыстарға сәйкес көптеген психикалық қасиеттерді бойында қалыптастырады. Сөйтіп, бірлікте, тұтастықта өмір сүреді.

Психологияның әр түрлі мамандандырылған бағыттары белгілі бір психикалық құбылыстарды немесе психикалық қасиеттер тобын зерттейді. (мәселен, когнитивті психология танымдық процестерді, адамның ақпаратты қайта өңдеуін зерттейді, мінез-құлық психологиясы мінез-құлықтың сыртқы ортаға т.б. байланысты екендігіне баса назар аударады). Бұл қасиеттерді қажеттілігіне қарай басқа қасиеттерден бөліп, абстракциялайды. Дегенмен, шын объектінің бір-бірімен өзара байланысу, бір-біріне өзара ықпал ету қасиеттері болғандықтан, олар бір ғана негіздемемен бөлініп, көрсетілмейді (мысалы, тек биологиялық немесе тек әлеуметтік). Жүйелі тәсіл адамның психикалық дамуының қайнар көздері мен қозғаушы күштерінің байланысын, олардың бір-біріне ықпалын есепке алады.

Даму принципі. Даму категориясы психологиялық ұғымдар жүйесінде басты ұғым болып табылады. Даму принципі адамзат тарихынан, әрбір адамның өмірі мен әрбір психологиялық актыдан көрінетін дүниеге және психикаға органикалық тән динамизмді, өзгермелілікті бейнелейді.

“Даму” ұғымы жайында С.Л.Рубинштейн былайша тұжырымдайды: “Біз үшін психиканың дамуы зерттеудің тек ерекше саласы ғана емес, сондай-ақ психологияның барлық проблемаларын зерттеудің жалпы принципі мен әдісі. Барлық құбылыстардың, соның ішінде психикалық құбылыстардың заңдылықтары тек даму үстінде, олардың қозғалысы мен өзгерісі, пайда болуы мен жойылуы процесінде танылады”.

Психология үшін даму принципі айрықша маңызға ие. Б. Ф. Ломовтың айтуынша, “даму аса жоғары динамизмімен ерекшеленеді. Психикалық құбылыстар пайда болады, жасайды және даму процесінде өзгереді” (Ломов Б.Ф. Методологические и теоретические проблемы психологии. М., 1984. С. 101.).

Даму принципі – ғылыми және практикалық жарқын жолдың негізі, әсіресе жас ұрпақтың болашаққа сенімі, өзін дамыту мүмкіншілігі.



Психологияның даму тарихы (негізгі кезеңдері)

Психологияның негізгі даму кезеңдеріне сәйкес оған берілген анықтамаларды қарастырайық.

1-кезең психология жан жөніндегі ғылым. Психологияға мұндай анықтама бұдан екі мың жылдай бұрын берілген. Ежелгі адамзат жан бар деген ұғыммен өзіне түсініксіз барша өмір құбылыстарын дәйектеуге тырысқан.

II-кезең психология сана жөніндегі ғылым. XVII-ғасырда жараты­лыстану ғылымдарының өркендеуімен пайда болды. Адам өзінің ойлау, сезу және ниеттеу қабілеттерін сана категориясымен баламаластырған. Ал сананы зерттеудің негізгі әдісі адамның өзін өзі бақылап (интроспек­ция), одан алған деректерін баяндау болған.

III-кезең психология әрекет-қылық жөніндегі ғылым. XX ғасырда пайда болды. Психология бұл кезеңде өз міндетіне эксперимент жасап, тікелей нақты көруге мүмкін болғандарды ғана, яғни адамның мінез әрекеттерін, қылық-қимылдарын, сыртқы әсерге жауап қозғалыстарын зерттеуге алды, бірақ оларға себепші болған мотивтерді ескеруді қажет деп білмеді.

IV-кезең психология шынайы заңдылықтарды, психика көріністері мен тетіктерін зерттеуші ғылым ретінде танылды.

6. Психологияның зерттеу әдістері

«Әдіс» сөзі ғылыми білім жүйесін түзу мен негіздеудің жолын біл­діреді, сонымен бірге болмысты тәжірибелік және теориялық тұрғыдан игерудің тәсілдері мен қимыл-әрекеттер тобын танытады.

Психологияға орайластыра әдісті психика жөніндегі деректерді алудың және оларды талдап түсінудің жолы деп білеміз.

Кейбір басқа да ғылымдардағыдай, психологиядағы зерттеу әдістерінің негізгілері – бақылау және эксперимент.

Бақылау зерттеудің ғылыми әдісі – деректі суреттеп баянда­удан оның ішкі мәнін түсіндіруге өту үшін қажет. Бақылау әдісінің негізгі тиімділігі – психикалық үдерістерді табиғи жағдайларда зерттеу мүмкіндігінің мол болуы.

Араласа бақылау зерттеушінің зерттелуші топпен етене жақын қатынастар әрекетінде болуы.

Сырттай бақылау әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды шеттен, зерттелуші адам не топпен қарым-қатынасқа түспей-ақ зерттеп, мәліметтер жинақтау.

Өзіндік бақылау (интроспекция) – адамның өзін-өзі бақылап, өзінің ішкі жан дүниелік үдерістерін тану жолы.

Дегенмен, психологиялық зерттеу әдістерінің арасындағы ең басты­сы – эксперимент - психологиялық деректердің ашылуына жағдайлар жасау мақсатында зерттеушінің сыналушы адамның не топтың іс-әрекетіне белсенді араласуы.

Психологиялық эксперименттің негізгі міндеті жан дүниелік іш­тей психологиялық үдерістердің мәнді ерекшеліктерін шынайылылықпен сырттай бақылауға жағдайлар жасап, мол нақты деректерге қол жеткізу.

Зертханалық эксперимент – арнайы жағдайларда жүргізіледі, арнайы жабдықтар пайдаланылады, сыналушының әрекеттері нұсқаулармен белгіленеді, сыналушы экспериментке түсетінін біледі, бірақ оның толық мәнін аңғармауы да ықтимал.

Табиғи эксперимент еңбек, оқу, қарым-қатынастың әдеттегі жағдайларында жүргізіледі, ал адам өзінің эксперименттік сыналуда екенін сезбейді.

Тестілеу әдісі адамның белгілі психикалық сапаларын сынақтан өткізіп, анықтау.

Психологиялық тест сыналушының жеке басының кейбір ерек­шеліктерін анықтау үшін орындалатын, әдетте, қысқа мерзімді шағын стандартты сынақ тапсырмалары беріледі. Бұл күнде психологияда адамның ақыл-ес даму деңгейін, кеңістікте бағыт-бағдар аңдау қабілетін, психикалық әрекетке келу мүмкіндіктерін, жадын, кәсіби іс-әрекеттерге қабілетін, тұлғалық сапаларын анықтаушы тестер жиі қолданылуда.

Құжаттарды талдау әдісі – адамның қызмет, іс-әрекеттік өнімдерін талдауға арналған жалпы психологиялық әдістердің бір түрі. Құжаттарды талдау әдістері сапалық және сандық болып ажыралады. Сапалық тал­дауда баяндалған мәтіндік ақпарат сандық көрсеткіштерге келтіріліп, кейін математика-статистикалық өңдеуге түседі. Бұл ғылымда контент-талдау атауын алған.

Құрастырып жобалау әдісі – осы күнгі психологиялық зерттеулер­де кең қолданымдағы жалпы ғылымдық әдіс. Оның мәні – психикалық құбылыстарды таңба күйіне келтіру немесе адам іс-әрекеттерінің әрқилы түрлерін жасанды құрастырылған ортада ұйымдастыру. Осы жолмен қабылдаудың, жадтың, қисынды ойлаудың кейбір қырларын қолдан жобалап жасауға, сондай-ақ психикалық іс-әрекеттің бионикалық модельдерін тұрғызуға болады.

Сауалнама әдісі – әлеуметтік-психологиялық зерттеулерде кең қолданылатын әдіс. Оның мәні – объектив не субъектив деректер жөнінде сауалға тартылған адам аузынан ақпар топтау.

Өмірнамалық әдіс – кейінгі уақыттары тұлғаны зерттеуде көп қолданылатын әдістердің бірі. Мұнда жеке адамның қалыптасуындағы өзекті жағдаяттар, оның өмір жолы, дамуындағы дағдарысты кезеңдер, әлеуметтенуіндегі ерекшеліктер анықталады. Адам өміріндегі күнделікті оқиғалар талданып, болашақта кезігер жағдайлар болжас­тырылады, өмірлік кестесі түзіледі, каузометриясы жасалады.

Каузометрия (лат. causa-себеп, грек. metro-өлшем) –оқиғалар арасындағы қатынастардың себептік сарабы, тұлғаның психологиялық мерзім –кезеңдерінің талдауы беріледі, оқиғаларға қатысы бар жағдайлар анықталады, тұлға дамуының не тоқырауының кейбір кезеңдерінің бастау оқиғалары айқындалады.

Жас ерекшеліктері психологиясында салыстырмалы-генетикалық әдіс қолданылуда. Бұл әдістің мәні – психикалық заңдылықтарды жеке адамның психикалық дамуының әр кезеңдерін салыстыру арқылы зерт­теу.



Социометрия – әлеуметтік психологиядағы зерттеу әдісі – бірлікті іс-әрекетке не оқиғаға араласу (араласпау) мүмкіндіктерін анықтау мақсатында шағын топтың әрбір мүшесін жеке сауалға тарту әрекеттері. Бұл әдіс нәтижелері топтағы қатынастар құрылымын гра­фикпен бейнелейтін соц иометриялық кесте, социограмма, сондай-ақ топтағы психологиялық қатынастарды сандық көрсеткіштермен танытуға болатын социометриялық индекстер күйінде өрнектеуге болады.

Жеке тұлғаның бағыт-бағдарына әлеумет ықпалын зерттеу үшін жасақталған топ әдісі қолданылады.

Тұлғаның мәнді әлеуметтік сапа-қасиеттерін диагностикалау мақсатында эксперттік бағалау және тұлғаны топпен бағалау әдістері пайдаланылуда.

Тұлғаны топпен бағалау әдісі – адам мінездемесін топ мүшелерінің өзара бағалауы арқылы алу. Бұл әдіс топтағы адамдардың өзара таныстығы мен бірлікті іс-әрекеті және қатынасы нәтижесінде топтың әрбір мүшесі жөнінде қалыптасқан топтық санаға негізделген.

Қандай да психологиялық проблеманы зерттеуде сол мәселеге сәйкес зерттеу тәсілдері мен ережелері, яғни нақты зерттеу әдістері қолданылады. Олар: болжам ұсыну, эксперименталдық тәсіл мен соған сай материал, сыналушылардың бастапқы бақылау және экс­перименттік топтарын айыру, эксперимент серияларын анықтау, эксперименталды материалдарды статистикалық және теориялық өңдеуден өткізу және т.б.



Дәріс № 2

Тақырып: Психика мен сананың пайда болуы мен дамуы.

Сағат: 2

Дәріс мақсаты: Тақырып бойынша теориялық білімдерді қалыптастыру.

Міндеті:

    • -студенттерді тақырып бойынша ғылыми психологиялық теориялармен таныстыру.

    • өзекті мәселелерді мысалға келтіре отырып, студенттердің белсендігін арттыру.

    • тақырып бойынша незізгі ғылыми психологиялық ұғымдарды бекіту.



Жоспар:


  1. Психиканың объективті ақиқатты бейнелеу ретінде жалпы түсінік.

  2. Психология тарихындағы психиканың критерийлерің іздеу.

  3. Психиканың объективті және субъективті критерийлері.

  4. Психиканың даму кезендері.

  5. Туа біткен және жеке дара өзгермелі мінез –құлық. Жануарлардағы инстинкт, үйрену және иителлект ұғымдары.

  6. Жануарлардың іс-әрекеті, оның құрылымы мен заттық мазмұны.

  7. Жануарлардың бейнелеу формалары, мінез –құлықтың топтық формалары мен коммуникация үрдісі.

  8. Сананың пайда болуы мен дамуы. Сана психика дамуының жоғары сатысы ретінде.

  9. Сананың әлеуметтік мәні. Сананың түрлері, типтері мен формалары.

  10. Сананың туындау шарты: ұжымдық еңбек іс-әрекеті және тіл.



Әдебиет тізімі:

  1. Ананьев Б.Д. Избранные психологические труды: в 2-х томах. –М., Педагогика. 1980 г.

  2. Асмолов А.Г. Психология личности. – М., Изд-во МГУ, 1990 г.

  3. Божович Л.И. Личность и ее формирование в детском возрасте. – М., 2003 г.

  4. В.С. Мухина. Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы. Алматы, 1986.

  5. В.С. Мухина.Возрастная психология: феноменология развития. – 14 е изд.- М., «Академия» 2012 г.

  6. Выготский Л.С. Собрание сочинений.: в 6ти томах.- М., Педагогика, 1983 г.

  7. Грэйс Крайг. Психология развития. Санкт-Петербург. 2002.

  8. Жарықбаев Қ.Б. Жалпы психология. Алматы. 2004.

  9. Казанская К.О. Возрастная психология. Конспект лекций. – М.: «А-Приор», 2007. – 160 с

  10. Леонтьев А.Н. Проблемы развития психики. – М.: Изд-во МГУ, 1981 г.

  11. Намазбаева Х.Т. Психология. Алматы. 2005.

  12. Обухова Л.Ф. Возрастная психология. – М., 1999 г.

  13. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. – СПб , Питер. 2005 г.

  14. Столяренко. Л.Д. Основы психологии. – Ростов –на –Дону, Феникс, 2004 г.

  15. Эльконин Д.Б. Детская психология. – М., 2004 г.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет