II. ЗИЯТЫ ЗАҚЫМДАЛҒАН БАЛАЛАРДЫ САУАТТЫЛЫҚҚА ДАЙЫНДАУ КЕЗЕҢІ
2.1. Дайындық сыныпқа келген балаларды алғашқы тексеру
Мұғалім баланы тексерудің алдында ол туралы құжаттармен, медициналық-педагогикалық комиссияның (сарапшылардың) берген деректерімен танысып алу керек. Ең маңыздысы баланың өзі айналасындағы дүние болмыстарды бағдарлауын, оның кейбір қызметтерінің ерекшеліктерін және оның тұрақтылығын, саналылығын, нәтижелілігін бағдарлай алатынын; оның сөйлеу тілінің ерекшелігін, білімі мен дағдысын анықтау керек. Мұғалім баланың көмекші мектепке қайдан келгенін, жай мектепке қашан келіп, онда қанша жыл оқығанын және ол мектептің оқу бағдарламасын қандай қиыншылықтарға байланысты игере алмағаны жөніндегі мағлұматтармен тиянақты түрде танысу керек. Медициналық құжаттарды тексеріп қараған кезде есту қабілетінің, көруінің, қимыл ерекшеліктерінің және соматикалық (денесіндегі) ауруларының, жағдайларымен танысады.
Мектепке келгеннен кейін алғашқы апталардың ішінде мұғалім балаларды бұрынғыдан толығырақ тексеріп, бала өзінің үй іші туралы және қанша жан тұратынын, олардың туыстық қатынастарын анықтайды.
Баланың ата-анасына қалай қарайтынын, олардың қандай жерде, кім болып жұмыс немесе қызмет істейтіндерін қаншалықты білетінін анықтау қажет.
Танысып-білудің осы кезеңінде балалардың өсімдіктер, жануарлар, жыл маусымдары туралы қаншалықты және қалай білетіндерін, топтағы заттарды (көкөністер, жемістер, ағаштар, үй жануарлары және тағы басқалары) және өсімдік тектестердің құрамына кіретін заттардың аттарын (көкөніс, қияр, сәбіз, жуа, шалқан, т.б.) жалпы және жеке атаулы сөзбен қаншалықты атай алатындықтарын анықтайды, қарапайым талдау қорытындысының деңгейін көрсетеді. Бұдан бұрын айтылғандай, оқу жұмысы жеке түрінде емес, сыныптағы сабақ үстінде бәріне бірдей жүргізіледі.
Бұл көріністер әңгіме барысында айқындалады, мысалы, бейнелі сурет бойынша өткізілетін әңгімелер тақырыптары: «Жанұя», «Біздің отбасы», «Бақ», «Бақша». Мұғалім баланың назарын бейнелі сурет бойынша өткізіліп жатқан әңгімеден олардың отбасы туралы әңгәмеге оңай аударады. Ой-өрісінің ауқымын кеңейтетін қызықты әрі көңілді әңгіме саяхаттан немесе серуеннен қайтып келген соң жүргізіледі. Бейнелі суретті пайдалану оқушылардың табиғат ғажайыптарын және олардың түрлі құбылыстарын өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстап байқауларына, естерінде жаңа бейнелердің тууына және оларды жадында тұрақты сақтауларына көмегін тигізеді. Осы мақсатпен бейнелі суреттердің жіктелуі бойынша жаттығулар (өзі білетін жануарларды, өсімдіктерді іріктеп ал; үй жануарларын бір жағына, жабайы жануарларды екінші жағына бөл, т.б.). «Төртінші артық» ойынын жүргізуді ұсынады. Домино,лото сияқты үстелдің үстінде ойнайтын әр түрлі ойындарды қойылған мақсатқа бейімдеп пайдалануға болады. [15]
Жазу дайындығы бірнеше жүйелі сәттерден тұрады. Алдымен оқушыларды жазу кезінде партаға дұрыс отырғызып үйретіп, дәптерлерін парта үстіне дұрыс қоюын талап еткен соң ғана жазу талаптары орындалады. Мектептің алғашқы күндері мұғалім мектепте балаларға жазу кезінде партада қалай отыру тәртібін үйретіп, түсіндіре бастайды:
1.Тік отыру. 2. Аяқты партаның астындағы тақтайшаға қою. 3. Оқушы көкірегі мен парта қырының ортасынан қол жұдырығы өтетіндей етіп отыру. 4. Басты кішкене оң жаққа еңкейту. Осы аталған отыру ережелерді мұғалім үнемі сыныпқа көрсетіп, үйретіп отырады. Мұғалім мезгіл-мезгіл оқушылардың дұрыс отыруын қадағалап, көкіректің парта қырына тимей, басты қатты еңкейтпеуге үйретеді.
Содан соң жазу кезінде балаларды қаламсапты дұрыс ұстап оған көп салмақ салмағанды да ескеру қажет. Балаларға қаламды дұрыс ұстатып үйрету мақсатында мұғалім балаларға олардың алдымен оң қолының үлкен саусағын, одан соң сұқ саусағын, ортаңғы және кіші саусағын көрсетуді сұрайды. Балалар қаламды ұшталмаған жағын үлкен және нұсқаушы саусақтарының ортасына шығып тұратындай етіп ұстауы тиімді. Мұғалім балаларға үлкен және ортаңғы саусақтармен қаламды оңға да, солға да бұрып нұсқаушы саусақты үстіне еркін жатқызып көрсету арқылы қаламның қолдан түспейтіндігін көрсете алады. Осылайша балалар мұғалімнің көмегімен қалам ұстауды үйренеді.
Жазу кезінде қаламға салмақ салу да үнемі қадағалауды талап етеді. Зияты зақымдалған балалар қаламға едәуір күш салса жазуы түзу болатындығына сенімді болады. Қаламның жеңіл жүруіне көп септік тигізу қажет. Бұл үшін балалармен дидактикалық ойын ойнаудың орны ерекше әсер етеді. Мысалы: “Қаламды кім тез жинайды?”, “Сақина іспеттес ойыншықты жинау”, “Түрлі-түсті доптарды домалату”, “Ғажайып қалташа”. Аталған ойындар қимыл, іс-әрекеттің тез әрі епті етуге көмектеседі. Балалармен жұмыс жасау барысында қиылған суреттер де қсынылады. Алғашында суреттер 3 – 4-ке бөлінеді, соңында 5 – 7-ге дейін қиылады. Ойынның бірінші кезеңінде суреттің үлгісі беріледі, кейінгі кезеңінде берілмейді. Едәуір мағыналы болып саусақтың ұсақ қимылдарын дамытатын шырпы, өрнекпен ойнау ұсынылады.
Саусақтардың ұсақ қимылдарын дамыту мақсатындағы жаттығуларды затсыз да орындауға болады. Балалар мұғаліммен бірге қалам ұстауға арналған саусақтарын біресе жұмып, біресе ашып жаттығады. Бұл жаттығуда қол білезігі қимылдамайды. Сонымен қатар нұсқаушы саусақты да көтеріп – түсіріп жаттығады.
Жазу жетістігіне ұмтылыс дәптер сызықтарына бағдар алу арқылы шешіледі. Дәптер сызықтарын үйрету зияты зақымдалған балалар үшін ауыр, олар жиі түзу сызықтарды шатастырады. Сызылған сызықтармен танысу үшін жазылған, жайылған екі беттік дәптер парағына тең тақтайша бөлшектерін пайдалану ұсынылады. Аталған парақ беттің шеттерінде бір жағында ірі қисық торлармен сызылған сызықтар, екінші жағы түзу торлар болуы қажет. Түрлі – түсті ұсақтарын пайдалана отырып, балалар фанерлі бетке таяқшалар, сопақ фигуралар жазады. Содан соң мұғалім таза парақ бетіне ұсақ сызылған сызықтар арқылы фанерлі беттегі сызылған сызықтарды тексереді. Балалар көрсетілген бетте түрлі жаттығулар орындайды. Келесі күні таза парақ беттері және дәптерге қарағанда үлкенірек сызылған сызықтары бар парақ беттері таратылады. Осы тұрғыда балаларды сызылған парақ беттерде жұмыс жасап, жаттығулары әлдеқайда тиімді әрі жеңіл екені көрсетіледі. Сынып тақтасында сызып, мұғалім балаларға сызықтарды үйрете бастайды. Балалар дәптердің алғашқы бетін аша отырып, бірінші жолын іздеп тауып, қаламның ұшталмаған ұшымен тиер – тимес етіп жол үстімен және астымен солдан оңға қарай жүргізеді, сосын екінші жолдың екі бағытында осы қимылдарды қайталайды. Сонан соң мұғалім тақтадағы көлбеу сызықтарды көрсету арқылы балаларға сол сызықтардың бағытымен ауада қайталайды. Дәптердегі көлбеу сызықтарды ұшталмаған қаламның көмегімен жаттықтырады. Кейінгі жұмыс барысында бағыт атауы мен бағдары қатая түседі.
Жазуға дайындық міндетті түрде әртүрлі бағыттардан тұратын сызықтар салу арқылы, сонымен қатар оларды пайдаланып түрлі фигуралар салуды талап етеді.
Алғашқы күннен бастап-ақ балалар түзу горизонтальды сызықты солдан оңға қарай жазуды үйренеді, сосын сол сызықтың асты-үстіне мұғалім қиған әрқилы фигураларды жапсырады. Содан соң балалар вертикалды, тік сызықтарға көшіп, кейіннен қиылысқан горизонталды және вертикалды сызықтармен жұмыс жасайды.
Балалар барлық бағытта түзу сызып үйренген соң, өздеріне таныс заттарды (тепкішек, лента, қалам, қоршау сияқты заттар) салып жаттығады.
Уақыт өте жұмыс қиындайды. Балалар үлгіні пайдаланып жаза бастайды. Мұғалім шектеулі сызықтар, алдын-ала салынған зат үлгілерін пайдалана бастайды. Көрнекі құрал ретінде геометрикалық пішіндер тіктөртбұрыштар, үшбұрыштардан құралған бейнелер тиімдірек. Бастапқыда мұғалім жай қаламмен сызып, артынан балалар түрлі-түсті қаламмен үстінен жазады. Жұмыстың ең қиын бөлігі, кезеңі бейнені дайын үлгі арқылы сызбалау және кескіндеу. Бұл орайда маторикасы бұзылған балалар үшін дәптерді емес, қаламды қажет бағытта қозғалту қиын түседі. Үлгі бойынша сурет салудан соң, пішінмен салуды үйрену кезегі туады.
Балалар түзу сызықтарды салып, сызып жаттыққан соң қисық сызықтардың кезегі келеді. Сонымен қатар, балалар өздеріне таныс дөңгеленген пішінді заттарды қағаз бетіне түсіреді. Дөңгеленіп біткен қисық сызықтарды меңгерген уақытта, балаларға схема түрінде қисық және түзу бағыттағы сызықтардан тұратын заттарды салу тапсырмасы беріледі.
Кез-келген жаттығулардың тәртібі мынадай :
1. Берілген үлгіні мұғаліммен талдау;
2. Оқушының келесі жаттығулары: үлгіні анықтап қарау, оқушының жұмыс барысын тақта алдында көрсету, дәптерде жұмыс жасау, мұғалімнің анализ жасауы. Жұмыс осындай жүйелілігі, реттілігі, бақылау барысында керемет нәтижелер әкеледі.
Дайындық кезеңінде балалар негізгі жазудағыдай жаттығады. Орыс алфавитіндегі әріптердің кескіні өз ретінде ұқсас. Оларда барлығы шектеулі сандардан тұратын құрамдас бөліктерден – түзу сызықтар, сопақшалар, жартылай сопақшалар, дөңгелекшелерден және нүктелерден тұрады. Бірдей құрамдас бөліктер шексіз қайталана отырып бір-бірімен түрлі байланысқа түседі. Балалар үшін ең қиын жазу – сопақша, сондықтанда бұл құрамдас бөлікті соңынан үйренген жөн.
Әріп құрамдастарын үйрену тәртібі келесідей:
1. Түзу таяқша;
2. Түзу таяқшамен байланысқан көлбеу таяқша;
3. Төменгі жағы дөңгеленген түзу таяқша;
4. Төбесі дөңгеленген (ілмек тәріздес) түзу таяқша;
5. Асты да, үсті де дөңгеленген түзу таяқша;
6. Астында ілмегі бар ұзын, тік таяқша.
Әрбір құрамдас бөлікті жазу жаттығуларының әдістемесі мынадай:
1. Дайын үлгіні мұқият қарап және талдау, мұғалімнің нұсқауымен қоршауы.
2. Жазу реттілігін көрсету және түсіндіру.
3. Балалардың түрлі-түсті борлармен үлгіні қоршап бояу.
4. Оқушылардың тақтаға бормен жазып, қай жерде басталып – аяқталатынын түсіндіру.
5. Фанерлі бетке жазу түсіру.
6. Өздігінен, дербес дәптерге жазу.
Осындай жұмыс реттілігі зияты зақымдалған балалар үшін құрамдас бөліктерді тез әрі тиімді меңгеруге септігін тигізбек.[16-20]
2.2. Оқуға ынталандыру
Сынып оқушыларының құрамы әр түрлі болуына, олардың керекті оқу дағдылары мен біліктілігі әр түрлі деңгейде, жүйесіз болып келуіне байланысты әліппеге дейінгі кезеңде балалардың оқуға ынтасын арттырудың маңызы өте зор. Оқу және жазу сабақтарын балалар өз күштеріне сенімділігін сезінетіндей етіп, олардың оқуға, мектепке деген ынта-ықыластарын оятып, қызықтыратындай етіп ұйымдастыру қажет.
Бұндай жұмысты балалар мектепке келмей тұрып, 1 қыркүйекке дейін ең алдымен ата-аналардан бастау керек. Баласының жай мектепте оқи алмауы, содан кейін оның зияты зақымдалған балаларды оқытатын мектепке жіберілуі – ата-ананың қай-қайсысының болмасын жанын күйзелтетін үлкен қайғы-қасірет. Олар балалардың осылай бақытсыз болып туғанына қайғырады, олардың енді келешегі қандай боларына көздері жетпей уайымдайды. Мектепке жаңадан келген баралардың ата-аналарымен жұмыс жүргізу, тек балаларды оқытатын мұғалімнің ғана емес, жалпы мектептің міндеті. Мектептегі ата-аналармен кездесуді мереке күндеріндей салтанатты түрде ұйымдастыру керек, оларға бұндай мектепте қандай балалар оқитынын, ол балалардың жай мектепте не себептен оқи алмайтындарын, ал егер де бала сол жай мектепте әрі қарай жүре берсе оған қандай зиян келетінін өте абайлап (жандарын жаралапалмай сақтықпен түсіндіріп) жеткізу керек. Ең бастысы, ата-аналарға мектеп балаларға не үйрететінін, қалай тәрбиелейтінін іс жүзінде көрсету үшін олардың өздері жасаған қол өнерлерінен көрме не балалардың күшімен концерт ұйымдастыру керек. Ата-аналарға мектепте еңбектің қандай түрлері оқытылатындығын айтып, кәсіптік бағыт беру кабинетін, балалар еңбегімен істеліп жатқан мектеп жанындағы тәжірибелік-бақшалық жерді, үй жануарларын күтіп-баптаудың тәжірибелік қалпын, тәтті тағам дайындайтын шеберханаларды міндетті түрде көрсету керек. Мектепті бітіргеннен кейін мамандықтар бойынша және қай бағытта жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар екенін айтып беру керек. Арнайы мектепте балалардың күшімен, мұғалім-тәрбиешілердің жетекшілік етуімен ән-күй, хор, фото бейнелеу, сурет-сызу, спорт, табиғаттану, жол ережелерін сақтау, тағам дайындау, үй ішін, өз бойын күтіп ұстау және тағы басқалар сияқты әр түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, олардың арнайы ереже кестесі бойынша жаттығу – сабақ ретінде жүргізіледі. Ата-аналарға осы үйірмелердегі еңбектің жемістерін, сонымен бірге үздік оқитын балалардың жазу дәптерлерін, күнделіктерін көрсететін үлкен көрме ұйымдастырылады. Мектеп ұжымының жалпы күшімен ұйымдастырылатын бұндай оқу-тәрбие жұмысы ата-аналардың аз да болса көңіл-күйін орнықтырып, баласының келешегінен сенім жүрегіне жылу беретіні сөзсіз.
Бірінші талап, әліппеге дейінгі кезеңдегі оқуға ұсынылатын мағлұматтар мен дағдылар зияты зақымдалған бірінші сынып оқушыларының меңгеруіне сай болуы керек.
Орындауға әлі де болса шамасы келмейтін тапсырманы оқушыға беруге болмайды. Оқушының білімін және соған дағдылануын, сондай-ақ оларды меңгеру мүмкіндігін тексеру әліппе оқуына дейінгі кезеңде бірінші міндет болып есептеледі.
Келесі талап – сабақты дұрыс ұйымдастырудың қажеттілігі. Алғашқы сабақтар көбінесе ойын түрінде жүргізілуі керек.
Осыған байланысты әліппе оқуына дейінгі кезеңге, ал одан кейін жазып-оқып үйрену кезеңіне қойылатын үшінші талап – көрнекі және дидактикалық құралдарды пайдалану. Бұндай оқу құралдарына табиғи заттар, ойыншықтар, үлгілер, нұсқаулар, бейнелі суреттер (заттың, жағдай барысындағы, оқиға желісіндегі), үстелдің үстінде ойнайтын ойындар (домино, суреттер, лото, нақышты әшекей), кейбір техникалық құралдар (фильмоскоп, күйсандық, кинопроектор және басқалар) жатады. Сабақта көрнекі құралдарды пайдаланған кезде төртінші дидактикалық талапты сақтау қажет – барлық көрнекі құралдар қойылған мақсатқа сәйкес болуы керек. Сондықтан көрнекі құралдарды пайдаланған кезде олардың тұратын орнына, санына және көрсету уақытына өте көп көңіл бөлу керек. [21-26]
Арнайы мектептің талабына сай тәлім үйрететін ойындар, бейнелі суреттер, диафильмдер, зияты зақымдалған балалар түсіне алатын кинофильмдер, сондай-ақ мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың, қамқоршылардың күшімен жасалып дайындалған басқа да көптеген көрнекі құралдарды қолдануға болады. Жай мектептердегі қолданылып жүрген көрнекі құралдардың барлығы арнайы мектептің пайдалануына жарай бермейді.
Сонымен, мұғалім зияты зақымдалған оқушыларына олардың мүмкіншілігін еске алып түсінікті құралдарды ойын түрде ұсынады, сөйтіп, олардың оқуға ықыласын, дұрыс сезінуін жетілдіре отырып, жаңа жағдайға үйренуге мүмкіндік туғызады, олардың мінез-құлқындағы оқу мен тәрбиенің қолайсыз жағдайларына байланысты қалыптасқан көп жағымсыз қылықтарын түзетеді.
2.3. Ауызша сөйлеу тілін анықтау
Зияты зақымдалған балалардың сөйлеу тілінің белсенділігінің ұзақ уақытқа дейін қалыптаспайтындығы, өзіне қарата айтылған сөзді толық түсінбейтіндігі қарым-қатынасында және тіл әрекетінің қызметінде қиындық туғызады.
Сондықтан тілді іс-жүзінде меңгеру тәсілінің негізіндегі сөйлеу тілін жетілдіру мәселесі әліппе оқуына дейінгі кезеңнің ең басты міндеттерінің бірі болып есептеледі.
Балаларды ең алдымен жеңіл нұсқауларды түсінуге және орындауға үйрету қажет: “Тұр”, “Отыр”, “Тақтаға кел”, “Дәптерді үстелдің үстіне қой” (портфельдің ішіне сал) және басқалар. Осындай жағдайда ересектің сөзі баланың мінез-құлқына жөн сілтеуші болып шығады, оның әрекеттерін жөнге салып отырады.
Келешекте, мұғалім жағдай жасай отырып, сөйлеуге талабы бар зияты зақымдалған оқушының сөйлеу тілі қызметін қалыптастыруға, сөйлеу тілі құрылысының дұрыстығын қамтамасыз етуге тиісті. Ең алдымен жасалған саяхаттың, зерттеп-бақылау барысының, өсімдіктерді баптап-күту жұмысының, үйді жинастырудың, бейнелі суреттерді қарап шығудың, диафильмдерді қараудың, т.б.негізінде әңгіме өткізеді. Сонымен диалогтық немесе сұрақ-жауап сөйлеу тілі, сұрау білуі, түсіндіруді таңдай білуі, мұғалімнің нұсқауын, кеңесін орындай білуі қалыптасады.
Әңгімені өткізу кезінде мұғалім ең алдымен өзінің сөйлеу тіліне, оқушыларға қойылатын сұрақтарға қатысты бірқатар дәстүрлі талаптардың тәртібін сақтау қажет. Қалай дегенмен мұғалімнің сөйлеу тілі еліктеу үшін үлгі болады, сондықтан мұғалім дұрыс және асықпай анық сөйлеу керек, дауысы аса қатты немесе тым жай шықпау керек.
Тым жай сөйлегенді оқушылар есту қабілетін ширықтырып күш салып тыңдайды, ал аса қатты сөйлегенге олар тез үйреніп кетеді де, сосын оны тыңдамай қояды. Осы екі жағдайда да балалар тыңдаудан шаршайды, жалығады, олардың ойлары тұрақтамай шашырайды, мұғалімнің сөзі жетекшілік міндетінен айырылады.
Сұрақтардың қойылуына ұсынылатын жалпы дидактикалық талаптың тәртібін әсіресе зияты зақымдалған балаларды оқытудың ең алғашқы кезінен бастап сақтау қажет:
1.Сұрақ сыныпта отырған балалардың барлығына бірдей қойылады. Балалардың назарын өзіне аудару үшін және қойылатын сұрақты тыңдап, оны түсіну үшін бұның үлкен маңызы бар.
2. Жауапты ойлануға уақыт беру қажет.
3. Сұрақтар “бар” немесе “жоқ” деген сияқты бір буынды жауаптарды талап етпеу керек.
4. Екі жауапты талап ететін сұрақтарды қоюға болмайды (“Қандай жабайы және үй жануарларын білесіңдер?”). [27-29]
Арнайы мектептегі оқушылардың дұрыс сөйлеуін қалыптастыру үшін қойылатын сұрақтардың тиісті талабын сақтай отырып алғашқы кезде оқушының жауабына кіреді-ау деген сөздердің барлығын сұрақтың құрамына енгізу қажет.
Бұл балаға сөйлемді дұрыс қалыптастыруға көмектеседі.
- Мына баланың есімі кім?
- Бұл баланың есімі Болат.
- Біз кеше қайда бардық?
- Біз кеше баққа бардық.
Бұндай қысқа сөйлемді сұрақтар сол қысқа сөйлемнің өзін жауап түрінде беруді талап етеді. Қысқа сөйлем түрінде қойылған сұраққа жауапты бір сөзбен келте қайыруға болмайды (Болат, баққа). Жауаптың толық әрі дұрыс берілуін талап ету дұрыс сөйлей білуге үйретудің қажетті шарты болып есептеледі.
Келешекте де толық жауапты талап ететін осындай сөйлем түріндегі сұрақтар жиі-жиі қойылуы қажет. Сөйтіп, сөйлеу тілінде әлі жүйелі сөзі жоқ болса да, оны қалыптастыру тәсіліне дайындаламыз. Саяхаттан көргендерін, ойларына түйгендерін білу үшін қойылған сұраққа оқушы кем дегенде екі-үш сөздің тіркесуімен қысқа сөйлем түрінде жауап берсе, ол – үлкен жетістік.
Мұғалім балалармен өткізілетін бұндай былайғы әңгімесінде олардың көріп-біліп, байқағандарын нақтылы сұрақтарды қоя отырып анықтайды. Әңгіменің соңында міндетті түрде тағы да сұрақтардың жәрдемімен немесе сөз қағыстырып сөйлесу арқылы білген мағлұматтарын толық талдап қорытындылауға әрекет жасайды.
Балалардың сезімдерінің оянуы бірінші сыныпта анық байқалады. Сезімдері оянған бірінші сынып оқушыларының талпынулары олардың тілдерін ашып, анағұрлым шешіліп және де өздерінің татымды ойларын қосып еркін сөйлеуіне мүмкіндік туғызады.
Арнайы мектептің оқу жүйесінде қолданылатын дұрыс сөйлеуге үйретудің басқа да тәсілдік амалдарына қосарланып (хормен) сөйлеу және қайталап сөйлеу жатады.
Қосарланып (хормен) сөйлеуде мұғалім өзінің айтқан сөз тіркестерін оқушымен қосылып бірге қайталайды. Қайталап сөйлеуде оқушылар мұғалімнің сөзін ол айтып болған соң қайталайды. Сөйлеу тілінің бұндай түрлері балалардың асықпай ырғағымен сөйлеуін, артикуляциясының және дикциясының, сөз аралығындағы үзілістердің дұрыстығы, екпін қоюды қалпына келтіруге мүмкіндік туғызады.
Әндетіп сөйлеу сөзді асықпай ырғағымен айтуға өте үлкен пайдасын тигізеді. Бірақ әндетіп сөйлеуді жиі қолдану сөзді анық айтуына және мәнерін көтеріп созып айтуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан әндетіп сөйлеуге сыныптағы барлық оқушыларды қатыстырмай, жеке шағын топтармен айтқызу пайдалы. Әндетіп сөйлеудің бұндай түрі мұғалімге әрбір баланың даусының ерекшелігін тыңдауға мүмкіндік береді. Әндетіп сөйлеу, жеңіл, жатық, анық болып және өзінің айқындылығын сақтау керек.
Денесін қимылдап сөйлеу көп қолданылады. Бұндай сөйлеу тілдің барлық жағынан дағдылануын тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады, одан басқа баланың қимылына жағымды әсерін тигізеді. Әдеттегідей бұндай қимылға қысқа буынды желдірме өлеңдер, қолдың, дененің, аяқтың қимылдарын келтіріп айтатын өлең сөздер жатады.
Біз жазамыз, жазамыз,
Таусылғанша сиямыз.
Саусақтар да шаршады,
Сиямыз да қалмады.
Біз тынығып алайық,
Тағы жаза бастайық.
Қыздар менен балалар,
Допша қарғып орғытар.
Аяқтары тыпырлап,
Күлкілері сыңғырлап.
Шаттанады қол бұлғап,
Ұшынан басып аяқтың.
Тік тұрайық жығылмай.
Өкшесін баспай аяқтың,
Отырайық қисаймай.
Қолды жайып қанатша,
Жұдырықты түйелік.
Саусақтары талғанша,
Ашып, жұмып көрейік.
Белімізді жазайық,
Демімізді алайық.
Бұл жаттығулар әдеттегідей мектепте дене шынықтыру сәтін өткізу кезінде орындалады.
Сөйлеу тілінің көрнекі құралы ретінде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ертегілерді, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды, мұғалімнің ауызша айтқанынан жаттап алу үшін төрт жолды қысқа өлеңдерді әңгіме сабақ өткізу үшін әліппе оқуға дейінгі кезеңде кеңінен пайдаланады. Ертегі мазмұнының желісі бойынша қағазға көркемдеп суреттер салу және оны сахнаға шығарып ойнау жеңіл болады. Ертегіні макеттер арқылы сұраққа жауап бере отырып айту қажет. Бұндай ертегілерге “Тоқаш”, “Шалқан”, “Шіл мен тауық”, “Үш аю”, “Маша және аю”, “Түлкі мен қоян” жатады.
Ертегіні мұғалім кітаптан оқымай, өз сөзімен мәнерлеп қызықты етіп айтып беру керектігін ескерту қажет. Макет жасау жұмысы онша қиын емес (шал, ата, әже, қоңыз, мысық, тышқан). Өздері жасаған қуыршақ – макеттер заттарды, болған жағдайды оқушылардың көзбен көргендей түсінуіне жәрдемін тигізеді. Сонымен бірге мұғалімге олардың негізгі мағынасын түсіндіріп, дәлелдеп беру жеңіл болады.
Балаларды қарым-қатынаста сөйлеуге үйрету, ойын дұрыс жеткізу бойынша сөйлеу тілімен істелетін жұмыстың нәтижесі олардың жалпы даму деңгейінің көтерілуіне мүмкіндік туғызады. Сонымен бірге мұндай жұмыс сөйлеу тілі толық жетілмеген,сөзіндегі кемістіктері көп байқалатын балаларды анықтауға жәрдемін тигізеді. Осындайда ойлау жүйесінің даму деңгейі едәуір төмен деп болжамдауға болатын оқушылар айқындалады. Басқа балаларға қарағанда бұларды бірінші жағдайдағы сияқты тек сөйлеу тілінің қалыптасу құрылысының келеңсіздіктері ғана емес, ең маңыздысы – ойлау жүйесі барысының бұзылуы қинайды. [30-34]
Олар ең алдымен нұсқаулар бойынша іс-әрекеттерді орындау кезінде қиналады. Бірақ оларды іс-әрекеттің орындалуы қинамайды, оның қалай орындалуын анықтап, жағдайды талдау, нұсқаудың талаппен ара-қатынасы, істі неден бастау керектігі және тағы басқаларды ойлау жүйесі қызметінің күрделілігі қинайды.
Бұндай оқушылар көбінесе топтастыру бойынша жаттығулар, артық төртіншісін таңдап алу және танымдық қызметінің ерекшеліктерін анықтау үшін ұсынылған басқа тапсырмаларды орындау кезінде қателеседі.
Жалпы қимылдаудың жетілмегендігі, қозғалуының қиындығы анық байқалатын балаларға да назар аудару қажет болады.
2.4. Фонематикалық есту және дыбыстық талдау қабілетін анықтау
Зияты зақымдалған балалар, әдетте сөздің дыбыстық жағын жетік меңгеріп, дұрыс сөйлей алмайды. Олардың басым көпшілігі жеке дыбыстарды (“с”, “з”, “ш”, “ж”, “р”, “л”, “қ”, “ғ”) дұрыс айта алғанымен, сөз ішінде дыбыстарды алмастырып айтады. Әсіресе, ұяң, үнді дыбыстарды ажыратқанда, айтқанда қиналады. Бұл мәселе жөнінде арнайы зерттеулер мен әдістемелік құралдарда айтылған (Г.А.Каше, М.Е.Хватцев, Н.И.Орлова). Арнайы мектептің бірінші сыныбына келген оқушылар дыбыстық талдау жасауды, сөзді дыбысқа талдауды мүлдем білмейді.
Сауат ашу (оқу мен жазу) дыбыстық талдау-жинақтау әдісі арқылы жүргізілетіні баршаға мәлім. Сондықтан әліппеге дейінгі кезеңнің басты бір талабы – балалардың дыбыс есту қабілетін дамытып, тіліміздегі түрлі дыбыстарды ажырата білуге, дыбыстық талдау жасауға үйрету.
Сөздің дыбыстық құрамын таныту қарапайым жұмыстардан басталып, бірте-бірте күрделене жүргізіледі. Баланың ең алдымен айнала қоршаған табиғаттағы түрлі дыбыстарды естіп, оларды бір-бірінен ажыратып, “дыбыс” деген ұғымның өзін түсіне білуге жаттықтырады. Мұндай жұмысты әннің ырғағы, түрлі көңіл-күйдегі адамның даусы, құстың үні, жануарлардың дыбыс шығаруы, заттың сыңғыры, ағаштың сыбдыры, т.б. дыбыстарға балалардың назарын аудару арқылы жүргізуге болады.
Балалар әуелі дыбысты ажырата білуге, одан соң дыбыс шыққан бағытты мөлшерлеуге үйренеді. Ол үшін әр түрлі ойын түрлері пайдаланылады. Мысалы: “Еденге не түсті?”, “Қай аспапта ойнадым?”, “Кім атыңды атады?”, “Қай жануар үн шығарады?”, “Дыбыс қай жақтан шықты?”, т.б. дыбыс есту қабілетін жетілдіру үшін қолданылатын ойындармен қатар дидактикалық қысқа әңгімелердің де пайдасы зор. Мұғалім әр түрлі жануарлармен, құстармен кездесу, не болмаса оркестр, орман, т.б. туралы қысқа әңгімелерді өзі-ақ құрастырады. Мысалы:
Басында отырып бұтақтың,
Көк-көк-көк-көк – деп
Не шақырады өз атын?
Малшы жігіт Хамиттің
Таң атпастан жайылымға,
Өк-өк-өк – деп
Өріске айдап шығатын,
Кешке қарай ауылға,
Не ме-ме-ме – деп қайтатын?
Қарны ашса қақаңдап,
Не ға-ға-ға – деп шулайтын?
Тойып қалса қаңқылдап
Тістеймін деп қуатын?
Тойып алса пырылдап,
Ұйқыдан көзін ашпайтын,
Не екен ол мияулап,
Алдыңнан бір сәт шықпайтын?
Шілде айы келді деп,
Ызыңдап әнді салатын,
Не екен ол аямай
Қаныңды сорып алатын?
Жерден алтын тапқандай,
Қаңқылдайды бір тынбай.
Бір жұмыртқа тудым деп,
Ол не сонша, ойпырмай?
Таң атса да ку-ка-ре-ку
Сағаттың тілі секілді
Жаңылмайтын қандай қу?
Қарқылдайтын біреу бар,
Ол қар-қар десе – қар жауар.
Тілеуі жоқ одан басқа,
Ол не сонда, балалар?
Баспалдақ
Аулада баспалдақ тұр. Бірінші баспалдаққа шығып ап әтеш шақырады: “ку-ка-ре-ку”. Екінші баспалдаққа мысық шығып мияулайды: “мияу-мияу”. Үшіншісіне ит отырып ырылдады: “р-р-р”. Төртіншісіне ара келіп отырып өлең айтты: “з-з-з”.
Ауылда
Сара жазғы каникулда мамасымен ауылға барды. Әжесі оны тамақтандырып, ұйықтатты. Таңертең ерте Сара “ку-ка-ре-ку” – деген дауыстан оянып кетті. Оған балапандар “пи-пи-пи” – деп қосылады. Ағашта отырған торғайлар “шиқ-шиқ” – деп әндетіп Сараны далаға шақырғандай болды.
Мұғалім әңгімесін айтып болған соң, сұрақ арқылы балаларға кім қалай дыбыстағанын анықтатады. Мұндай әңгімелер сөз қорын молайтып, оқушылардың тілін дамытуға да көп себебін тигізеді.
Айналадағы дыбыстарды ажырата білуге дағдыланған соң, балалар сөздегі дыбыстарды естіп, біліп айтуға үйренеді. Ол жұмыс сөздегі өздігінен жеке буын жасайтын дауысты дыбысты бөліп айтудан басталады.
Дыбысты ерекшелеуде артикуляциясына, яғни дыбысты айтуда ерін, тіс, тіл, мұрын, т.б.дыбыстау мүшелерінің қандай қалыпта болатынына баланың назарын аудару қажет. Керекті дыбысты бөліп айтуға жаттықтыру үшін төмендегідей тапсырмаларды орындатуға болады.
1. Мына суреттегі кім? – Ата.
- Қайталап айт. Бұл сөз – ата.
Сөзді қандай белгімен белгілейміз?
Белгілеңдер.
-Ал мына суреттегі не? – Ара.
Ара – бұл да сөз. Дұрыстап белгілеңдер.
Ата, ара деген сөздердегі бірінші дыбысты созып, күшейтіп айт: ааата, ааара. Қандай дыбыс басқа дыбыстарға қарағанда анық естіледі. Сол дыбысты айт.
2. Мына сөздерді (оқушы, оқытушы, орындық) мұғалім өзі айтады да, балалардан атаған сөздердің суреттерін көрсетуін өтінеді. Осы сөздердегі бірінші дыбысты созып айтыңдар. Қандай дыбыс естіледі? “О” дыбысын ерінді дөңгелетіп, әндетіп те, созып та айта аламыз, тіл мен тіс ешқандай кедергі жасамайды. Дәл осылайша айтылытын дыбыстарды қалай атаймыз?
3. Мына суреттегі адамдарды (әже, әке, апа, ата) бір сөзбен қалай атаймыз? (Отбасы.) “Әже”, “әке” деген сөздердегі ”ә” дыбысын созып, күшейтіп айт: әәәже. “Ә” дыбысын айтқанда ауызды қалай ашамыз.
4. Мұғалім суреттерді (маса, мақта, май) атағанда “М” дыбысын созып айтады да (мммаса), балалардан қандай дыбысты созып айтқанын сұрайды. Сонан соң оқушылар “м” дыбысын созып, суреттерді атап шығады. [35-46]
Әліппеге дейінгі кезеңде арнайы мектеп балалары дыбысты тек сөз басынан бөліп айтуға жаттығады. Ол дыбыстар естілуі мен айтылуы жеңіл және әліппеде ең бірінші өтетін дыбыстар болуы керек.
Дегенмен дыбысты талдау тәсілдерінің түрлеріне, кезектілігіне тоқтала кетейік. Ол мыналар:
1.Сөздегі өздігінен буын жасайтын дауысты дыбысты бөліп алу (а-та, а-ра, о-рақ, т.б.).
2. Сөздегі бірінші дауысты дыбысты бөліп айту(лақ, мысық, сағат, т.б.).
3. Сөздегі соңғы дауыссыз дыбысты бөліп айту (қалам, қаз, қар, тарақ).
4. Сөздегі соңғы дауысты дыбысты бөліп айту (алма, ине, егеу, т.б.).
5. Сөздегі дыбыстардың саны мен орнын анықтау.
Балаларды дыбыстық талдауға үйретудің тиімді тәсілдері ретінде төмендегідей әр түрлі жұмыс түрлерін ұсынуға болады:
1. Мына сөздердегі “а” дыбысын созып айтып қайтала: бақ, қар, тас, қияр, тырна. “А” дыбысын айтқанда аузыңды кеңірек аш, даусыңды қаттырақ шығар.
2. Мына суреттерді (кітап, пенал, қалам) мұғалім ретімен орналастырып, өзі атайды да, балалардан дұрыс көрсетуін сұрайды. Кітап, пенал, қалам – бұл сөздер. Осы сөздерді белгілеңдер. Енді осы сөздердегі “а” дыбысын басқа дыбыстардан ұзағырақ естілетіндей етіп айтыңдар. Мысалы, кітааап. Бұл суреттерді бір сөзбен қалай атауға болады? (Оқу құралдары).
3. Суреттегі заттарды анықтап айтыңдар (қуыршақ, аю, ат, доп). Енді “а” дыбысын созып, дауыстарыңды көтеріп айтыңдар. Қай сөзде “а” дыбысы кездессе, сол суреттің үстіне қызыл текше қойыңдар. Осы суреттерді бір сөзбен қалай атаймыз? (Ойыншықтар).
4. Оқу құралдарын тегіс айтып шығыңдар. Қандай оқу құралдарының атында “а” дыбысы естіледі? Суреттен көрсет те, “а” дыбысын созып айт.
Сөзден жеке дыбысты бөліп айтуға жаттықтырған соң, дыбыстарды ажырата білуге үйрету керек. Ол үшін де жаттығуларды пайдалануға болады.
1.А-надеген сөздегі бірінші дыбысты созып айт. Сөздің басында қандай дыбыс естіледі?
О-тан деген сөздің бірінші дыбысын созып айт. Сөз қандай дыбыстан басталады?
2. Сурет бойынша балалар дене мүшелерін атап айтады. Қас, мойын, сөздеріндегі “о”дыбысын созып айт.
3. Мен сендерге бірнеше сөз айтамын. Егер “а” дыбысын естісеңдер үшбұрыш белгісін, “ә” дыбысын естісеңдер төртбұрыш белгісін көтеріңдер. Мұғалім мына сөздердегі (апа, әже, бала, ата) “а”, “ә” дыбыстарын созыңқырап айтады.
4. Мына суреттерге анықтап қараңдар (ат, ара, әтеш, әке, оқушы). “а” дыбысынан басталатын сөздерді тауып атаңдар, сосын “ә”, “о” дыбыстарынан басталатын сөзді табыңдар.
5. Мына суреттерді дұрыс атап шық: қас-қаз, парта-балта, бас-тас, бала-дала, апа-ата. Осы суреттер бойынша тапсырманы өзгертіп беруге де болады. Мысалы, мұғалімнің айтуы бойынша балалар суретті тауып көрсетуі керек.
Жұмыстың келесі кезеңі – айтқан сөздерін талдау. Арнайы мектептің табалдырығын енді аттаған балалардың сөйлеу сөздерінің байланыстары дұрыс қалыптаспағандықтан, бұл мәселені бірінші кезектегі міндетке қоя отырып, оқыту жұмысын бір-бірімен мағыналары сәйкес келмейтін сөздердің айтылуындағы орындарын анықтап, олардың атқаратын қызметін, мағыналарын меңгеруден бастайды.
Мұғалім ең алдымен үстелдің үстіне қойылған заттардың (ойыншықтар, оқу құралдары) аттарын атауды, оларды санап шығуды ұсынады. Содан кейін қанша заттың атын, қанша сөзді атағандарын анықтайды. Аталған сөздерді айтылу кезегі бойынша қайталап шығады. Алдымен әдеттегідей екі-үш сөзді, яғни балалардың өздері қанша сөзді айтады, соншасын алады.
Осы кезден бастап графикалық жазуды шартты түрде енгізеді – алдымен сөзді, сосын сөйлемді, буынды, дыбысты. Бұндай жазуды ұзындығы және түстері әр түрлі тілекше қағаздармен, ал дыбыстарды дөңгелек түрлі-түсті текшемен белгілейді. Қызыл текше – дауысты дыбыс, көк текше – дауыссыз дыбыс, жасыл – жіңішке дауысты дыбыс.
Қанша сөз айтылса, сонша тілікше қағазды тақтаға іліп жапсырады. Әр оқушының алдына сонша тілікше қағазды жайып қояды.
Осыдан кейін заттардың өз нұсқауларының орнына олардың көшірме көріністерін пайдаланады. Бейнелі суреттердегі заттар шартты түрде аталады да, сөз графикалық болып жазылады.
Тек осындай алғашқы жұмыстан кейін ғана көрнекі құралдың жәрдемінсіз балаларға «сөз» деген ұғымның мағынасын ұғыну үшін кез келген сөздерді (әзірше тек заттардың аттарын) ұсынуға болады. Мұғалім сөздерді айтады, олардың мағыналары мен мәндерін оқушылар қаншалықты түсінетінін анықтайды, сосын бұл сөздерді шартты-графикалық белгімен жазып алуды ұсынады.
Мен қанша сөз айттым?
Партаның үстіне қанша тілікше қағазды қойдық?
Бірінші, екінші, үшінші сөздері қандай?
Балаларға өздері жазғысы келген сөздерін өздері атауға ұсынуға болады. «Сөз» деген ұғымның мағынасын анықтау сөздің мәнімен жұмыс істеуге байланысты. Мұндай жұмыс әліппеге дейінгі кезеңде айырмасы тек бір немесе екі дыбыста ғана болатын дыбыстық құрамы ұқсас сөздерді естуінде және айтылуында ажырату жоспарымен жүргізіледі.Бейнелі суретте көрсетілген заттардың атын атау (мысалы: балта, орындық), суреттен балға-балта, сабын-шыбын(ды) көрсетуді және бұл сөздерді анық айту ұсынылады.
Бір-бірінен ажырату үшін мынандай сөздерді ұсынуға болады: үй-күй, қол-көл, тал-төл, мал-мол, т.б.
Одан кейін балаларды сөйлем құрастыруға, сөйлеуге үйретеді. Жұмыс балалардың тікелей өздерінің жасаған іс-әрекеттерінің, суреттегі көрсетілген бейнелердің, тақырыпқа құрылған сөйлемдердің, мұғалімнің бергенінің негізінде жүргізіледі.
Алма не істеп отыр? Әсет не істеп отыр?
Алма сурет салып отыр. Әсет жазып отыр.
Мұғалім сөйлемдегі айтылған ойдың мазмұнын түсіндіреді. Сөйлемнің басын жәнесоңын белгілеп, ________ ұзын түзу сызықпен көрсетеді.
Сөйлем сөзден тұрады. Құрастырылған сөйлемде қанша сөз бар екенін анықтайды, сосын оларды оқып шығып, _______ ұзын түзу сызықтың бойына, санына сәйкес белгі соғады.
Сөйтіп, оқушылардың сөз туралы түсініктерін қалыптастыру жұмысын жалғастыра отырып, сөзге заттың атын білдіретін сөзді ғана емес, сонымен бірге іс-әрекетін білдіретін сөздерді қатыстырады. Сөйлемді алдымен екі сөзден, сосын үш сөзден құрастырады.
Жеке өз алдына бір мағынаны білдірмесе де, сөз ретінде сөйлем құрамында тұрып мүше бола алатындығын тексеріп, жалғаулықтарды да сөйлем құрамына енгізуге болады. Оны белгімен жазғанда да бөлек көрсету керек. Мысалы: «қыздар доп ойнап жүр» деген бейнелі суреттегі көріністі _______ түзу сызықтың бойына белгілейді. Ақырында, мұғалім берген сөйлемін, оны алдын ала шамалап құрастырудан бұрын, талдауға кіріседі. Бұл едәуір қиын жұмыс. Мұғалім сөздердің араларында үзіліс жасай отырып сөйлемді асықпай айтып шығады.
Шартты графикалық жазу оқушылардың сөйлемнің сөздік құрамын неғұрлым көрнекі түрде түсінуіне және оны талдауына жәрдемін тигізеді.
Оқу жұмысының келесі кезеңі – сөзді буынға бөлу, сөзді талдау.
Буын сөйлеу тілінің табиғи бөлігі болып табылады. Оқуға үйрету дыбыстан жасалған буын түріне негізделеді, балаларға алдымен сөзді буынға бөліп, сосын ол буындарды қайтадан қосып оқуды үйренеді. Сондықтан арнайы мектепте балаларды дыбыстық талдауды қалыптастыруға ыңғайлы кезеңдердің бірі ретінде қаралатын сөздің бір бөлігі – буынмен таныстыруға болмайды.
Алғашқы кезде «буын» деген сөздің орнына «сөздің бөлігі» деп аталатын сөзді қолданады. Әңгіме немесе балалардың есімі, тап осы жағдайда буын сайын естілетін сөздер бар бейнелі суретті пайдаланып балалардың өмірінің бір көрінісінен әңгіме шығарып айтуды ұсынуға болады.
“Қыздар қозықұйрық теруге орманға барды. Орманның ішінде жан-жаққа тарап кеткен кыздар: “Ал-ма!”, “Ша-ра!”, “Сә-ли-ма!” – деп бірін-бірі дауыстап шақыра бастады”.
Қыздар бірін-бірі кім деп шақырды?
“Ал-ма!”, “Ша-ра!”, “Да-на!” – деп шақырды.
Балалардың назарын аудару үшін сөз бөліп-бөліп айтылады, әрбір сөз бірнеше бөліктен тұратынын, бірінші, екінші бөліктері қайсысы екенін анықтайды. Шартты-графикалық жазумен буындық құрылысы үлгіленеді.
Талдауға жататын келесі сөздер сыныптағы балалардың есімдері, сосын екі-үш буыннан тұратын (ша-на, бал-та, ма-ши-на) басқа сөздер болуы мүмкін.
Бұдан былай сөзді буынға бөлу кезінде «сөздің бөлігі» деген сөз қатар қолданылады. Бірақ оны мұғалімнің де, оқушылардың да сөйлеу тіліндегі айтылуының біртіндеп ығыстырып, кейін толық алмастыратын «буын» сөзі пайдаланылатын болады.
Сөздің мағынасын тұрақтандыру үшін бірінші буынға, екінші буынға сөз ойлап табыңдар дейтін ойындар ұйымдастырылады. [47-51]
-Бірінші буыны – «ма»-дан келетін бір сөз ойладым. Мен қандай сөз ойлағанымды кім бұрын табады?
Бұдан кейін оқушылардың өздері бір сөзді ойлап алады да, кез келген бір буынын айтады, ал қалған оқушылар мұғаліммен бірге ол қандай сөз екенін іздейді.
Оқуға дайындық жұмысының соңғы кезеңі сөйлеу тіліндегі дыбыстарды бөлуге арналады. Әліппеге дейінгі кезеңде сыныптағы оқушылардың дайындығына байланысты 3 немесе 5 (а, о, л, т, м) дыбыс бөлінеді. Бұл дыбыстар оқудың алғашқы кезеңінде үйретіледі.
Балаларды дыбыспен таныстыру құрамында бір «а» дауысты дыбысы бар буынды бөлуден басталады. Сөздің басындағы екпін түсіп тұрған дауысты дыбыстың сөзден оңай бөлінуі жағдайды жеңілдетеді.
Балаларға «Бізге қонаққа қуыршақ келді. Оның есімінің кім екенін тек қана мен білемін. Ал, айтыңдаршы, мүмкін оның есімін біреу білетін шығар?» - деген сұрақты ұсынуға болады.
Егер сыныпта Алма деген қыз немесе Әсет деген бала болса, онда қуыршақтың есімін солардың есімдерімен атау оңай болады, Әрі қарай жұмыстың барысы таныс жолмен жүреді. Сөз буынға бөлінеді, бірінші буын бөлініп алынады. Бұл буынның бір ғана дыбыстан тұратындығын мұғалім түсіндіреді. Бөлінетін дыбысты дауыс ырғағымен баса айтып сөздегі естілуінде, сосын оны жеке бөліп алуына оқушыларға жәрдем береді. Дыбыстың шартты-графикалық жазылуы дөңгелек шеңбер немесе тең қабырғалы төртбұрышпен көрсетіледі.
Бұл кезде мұғалімге дауыстыларды қызыл, ал дауыссыздарды көк түспен белгілеу өте тиімді.
Келесі тапсырмада оқушылардың әр түрлі дыбыстарды күрделігіне байланысты бөлуді меңгеруін қалыптастыру ұйғарылады.
Ұсынылған бір топ суреттердің арасынан атауларындағы бөлінетін дыбыстар алғашқы буындарында кездесетін сөздерді іріктеп оқуды байқап көруге болады. Бұндай оқу жұмысына дидактикалық амал ретінде керекті дыбыс керекті жерінде тұрған жұмбақтардың жауабын шешу қолданылады.
Сонымен, зияты зақымдалған оқушылардың айтылған сөзді ұғынуы үшін естігенін ықыласпен тыңдауға машықтануын дайындай отырып, сауат ашу барысында дыбысты талдау дағдысын қалыптастыру жұмысы одан әрі жалғастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |