Сүттің емдік қасиеті Аштықта адам үнемі бір ғана азықпен ұзақ уақыт қоректенсе, ауруға ұшыратып, тіпті, өлтіріп тынады екен. Оған керісінше аштықта тек қана сүт ішкен адам, мұндай күйге түспейді. Өйткені сүт аштық пен шөлді басатын, ағзаға қуат беретін құнарлы тағам. Орыс ғалымы И.П. Павлов сүттің емдік қасиеті туралы былай деп жазады: «Адам ішетін тамақ түрлерінің ішінде сүттің алатын орны ерекше, бұған күнделікті тәжірибеде қандай көз жеткен болса, медицина да нақ солай деп қуаттап отыр. Барша жұрт әркез де сүтті ең жеңіл, жұғымды тағам деп атайды және ол әсіресе асқазанның ақауы бар адамдарға, сондай-ақ толып жатқан өзге де ауыр науқастарға, мысалы, жүрегі, бүйрегі, т. б. ауыратын жандарға аса пайдалы. Табиғаттың өзі дайындап берген тағамдардың ішінде сүтке не жетсін!»
Атақты Шығыс ғалымы Әбу-Әли ибн Сина (Авиценна) өзінің «Дәрігерлік ғылым қағидасы» атты еңбегінде сүттің емдік қасиеті туралы да айтады. Сүттің, одан әзірленген тағамдардың кәрі-жасқа бірдей пайдалы екенін баяндап, жасы ұлғайған адамдар үшін өте бағалы ас санайды. Әрі ешкі мен есек сүтінің емдік қасиетіне ерекше тоқталып, оған тұз салып, бал қосып ішуге кеңес береді.
Ежелгі гректердің Абдерах қаласында бір атақты адамның баласы ауырып, емдік шөптердің де, дәрі-дәрмектердің де шипасы болмайды. Хабар Гиппократқа жетеді. Ол науқас балаға бір апта бойы таңертеңгілік, күндіз, кешке қарай үш мезгіл сұйытылған есек сүтін беруге, апта өткеннен кейін оны сиыр сүтімен алмастыруға кеңес беріп, соны орындаса, сырқаттың жазылатынын айтады. Расында да әлгі емді бұлжытпай орындауымен, науқас бала айығып, басын көтереді.
Зерттеушілердің жазуынша, Гиппократ сүтпен емдеудің қай ауруға ем болғанын, қай науқасқа шипасы тимегенін үнемі бақылап, мал сүтінің емдік қасиеті әртүрлі болатынын анықтапты. Ол бие мен ешкі сүті көкірек ауруын (туберкулез) жазады, есек сүті көп ауруға шипалы деп жазып та кетіпті. Гиппократтың айтуынша, жүйкесі тозып, ашуланшақ болған адамға сүт ішу қажет.
Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда Италияда емдік мол сүт алу үшін сиырға әртүрлі шөптерді (ақбас жусан, бидайық, куманиха, ешкіат) араластырып беру дәстүрге айналып, жайылымның ботаникалық құрылымын жақсартқандарды арнайы медальмен марапаттап та отырыпты. Белгілі ғалым С. П. Боткиннің дәлелдеуінше «сүт жүрек пен бүйректі емдеуге аса бағалы зат». Орыс микробиологы И. И.Мечников та ХХ ғасырдың басында сүт тағамдарының шипасын зерттеп, айран ішкенде ішектердегі шіріткіш-микробтарды неғұрлым пайдалы ұйытылған сүт бактерияларының ығыстырып шығатынын дәлелдеп берді. Және де сүт қышқылы асқазан сөлінің бөлінуіне де көмектесіп, кейбір ұйыған сүт өнімдерінде болатын аздаған спирт адам тәбетін де ашып, астың қорытымын жақсартады екен. Бұл да ғылыми тұрғыда анықталған мал сүтінің шипалық қасиеті.
Ең ғажабы, сүт өнімдері радиация зардабынан ағзаны айықтырады. Жапон ғалымы С. Хигуши бірқатар дәрі-дәрмектермен бірге айранның бір түрі – йогуртты да атом сәулесімен ағзасы зақымдалған 7 адамға беріп, нәтижесін бақылайды. Сонда үш айдан кейін үзбей йогурт ішкендер радиациядан жазылып, қатарға қосылған. Күніне бір литр йогурт ішкен 50 адам жыл бойы радиоактивті сәуле түсірілсе де зақымданбайды. С. Хигуши мұны сүтте бар кистин мен глутатионның атом сәулесінен болатын зардаптан ағзаны қорғай алатындығынан дейді.
Австралия мен Ұлыбританияның дәрігерлері де сүттің шипалық қасиетін тексеріп, бала кезінде сүтті үзбей ішіп, жиі сүт тағамдарын пайдаланған балалардың жүрек талмасымен ауыра қоймайтынын байқапты. Жалпы, әлем ғалымдарының сүт және сүт өнімдерінің жүрек ауруларының алдын алуға тигізетін игі әсерін зерттеуі 1948 жылдан. Сол жылы дүниеге келген 45 бала бақылауға алынып, 2005 жылы шамамен олардың жасы елу бестен асқанында зерттеу нәтжиесін қортындылағанда, 35 пайызға жуығының жүректің каронарлы ауруынан және инсульттан қайтыс болғанын, марқұмдардың 4–11 жас аралығында сүт және сүт тағамдарын өте аз тұтынғанын анықтапты. Қалған балалар сүт, айран, қаймақ, йогурт шіп, сүт өнімдерін жеп өмір сүрген екен, көбісінің денсаулықтары жақсы болып шығыпты. Соны сараптай келе дәрігерлердің айтқаны: «Ағзада кальцийдің көп болуы адамды жүрек ауруынан сақтайды. Кальций сүтте көп, әрбір адам тәулігіне бір стақан сүт ішіп, 50 грамм ірімшік жеуге тиіс. Бұл ағзаға 400 мг кальций сыйлайды».
Қазір белгілі болып отырған деректер, Шығыс Африкадағы кейбір халық тайпалары өмір бойы сүт өнімдерімен қоректенетін болғандықтан, жүрек, қан тамырлары, инфаркт дертімен ауырмайды. Енді сүт және сүт тағамдарын күнделікті тұтынбайтындар туралы айтсақ, олардың ағзасында лактоза жетіспейді. Мамандар тайландықтардың 97, эскимостардың 88, кипрліктердің 82 пайызының сүт іше алмайтынын айтады. Ең сорақысы сол, эскимостардың ағзасында қант, өсімдік майларын бөлшектейтін ферменттер мүлдем жоқ, бірқатар африкандықтардың, лаостықтардың сүт ішпейтін себебі – олардың ағзасы сүтті үзілді-кесілді қабылдамайды, егерде олар сүт ішіп, сүт тағамдарын жеп қойса, дереу ауруға шалдығады...
Ғалымдар Еуропадағы дамыған елдер, ұрпақтарына сүтті қанша ішсе де пайдасы зор, тек олардың 1–7 пайызына ғана сүт жақпайды, дейді. Бұл күндері дәрігерлер сүт және сүт өнімдері арқылы семіздікті, бауыр, ұйқы безі, жүрек дертін емдеп жазуда. Адамның салмағын жеңілдету үшін де сүт өнімдері пайдаланылады. Данагөйлер ежелден-ақ сүтті «Денсаулықтың қайнар көзі», «Өмір шырыны», «Ақ қан» деп атаған. Ғалым Нильс Густавсон: «Егер сіз 1200 ай бойы күн сайын бір литрдей сүт ішетін болсаңыз, 100 жасаймын дей беріңіз!» – деп жазады.
Медициналық өлшем бойынша, егде тартқан адамдар тәулік ішінде азық пен бойларына сіңіретін белоктың кем дегенде үштен бірі сүт, ақ ірімшік, сыр белогы болуға тиісті. Жүкті және емшекте сәбиі бар аналардың күніне басқа тағамдармен бірге бір литр шамасында сүт ішуі қажет. Әрбір адам өз өмірінде орташа есепте он мың литрдей сүт ішсе, кейбір өндіріс саласында кәсіби сырқатқа шалдықпауы үшін адамдарға арнайы түрде сүт те беріледі.