Қылқан жапырақтылар жапырағының анатомиялық құрылысы. Қылқан жапырақтылардың көбі орман зонасының құрылық бөлігін алып жатқан қылқан жапырақтылар орманын (тайга) түзеді. Орман аймағының бұл бөлігінің табиғат жағдайы қатал. Сондықтан солтүстік ендіктерде өсетін қылқан жапырақтылар қыстың аязына, ал оңтүстікте таралған қылқан жапырақтылар ауа мен топырақтың құрғақтығына (ылғалды субтропиканы есептемегенде), ауаның жоғары температурасына төзімді болады. Осыған байланысты қылқан жапырақтылардың солтүстік, сондай-ақ оңтүстік ендіктерінде таралған өкілдеріне жапырақтардың ксероморфтық құрылымы тән. Мысалы кәдімгі қарағай қылқанының анатомиялық құрылысын карастырайық. Қылқанның сыртын қалың қабырғалы клеткалардан тұратын эпидерма жауып тұрады. Эпидерма клеткаларының қабықшасы сүректенеді және кутикуламен жабылады. Устьицелер эпидерманың гиподерма қабатының деңгейіндегі ойыстарда жапырақтың екі бетінде түгел таралған. Эпидермадан төмен склеренхима талшықтарынан тұратын гиподерма қабаты бар. Бұл қабат механикалық қызметпен қатар, судың көбірек булануынан сақтайды.
Мезофилл бөлігінің ерекшелігі — оның бірыңғай паренхималық клеткалардан тұруы. Бұл клеткалардың қабырғалары клетка жолағына енетін ерекше қатпарлар түзеді. Цитоплазма мен хлоропластар осы қатпарлардын ұзына бойына орнасалады. Қатпарлы паренхима клеткаларының мұндай құрылысы қылқан мезофилінің ассимиляциялық бетін едәуір ұлғайтады.
Мезофилде шайыр жолдар бар. Мұнда эпителийдің тірі клеткалары орналасқан. Бұл клеткалары склеренхима талшықтарынан тұратын қабатпен қапталған.
Қылқанның ортасында өткізгіш трансфузионды паренхимамен қоршалған екі коллатералды шоқ орналасқан. Трансфузионды паренхима клеткалары трахеидалар арқылыы көтерілген минерал заттарын қатпарлы паренхимаға, ал катпарлы паренхимада пайда болған органикалық заттарды сүзгілі түтіктерге жеткізіп, өткізгіш шоқтар мен мезофилл арасындағы байланысты жүзеге асырады. Осы байланыстың нәтижесінде шоқтар орталығында қылқанның қар жабынының салмағына қатты жел екпініне төзе алатын механикалық тірек пайда болады. Қылқанның орталық бөлігі мезофилден оны қоршап тұрған эндодерма арқылы бөлінген. Эндодерма клеткаларының қабықшасы да қалындаған және сүректенген.
Достарыңызбен бөлісу: |