Сабақтың тақырыбы: Сөйлеу шеберлігі және тіл мәдениеті Сабақ жоспары


Сабақтың тақырыбы: Шешендік даудың түрлері



бет26/39
Дата07.02.2022
өлшемі331,5 Kb.
#87122
түріСабақ
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   39
Байланысты:
stud.kz-12821 (1)

Сабақтың тақырыбы: Шешендік даудың түрлері
1. Сабақтың жоспары:

  1. Жесір дауы»

  2. «Ер дауы»

  3. «Мал дауы»

  4. «Ар - намыс дауы»

2. Сабақтың мақсаты: Шешендік даудың түрлерімен таныстыру
3. Қысқаша теориялық мәліметтер:
Жесір дауы
Ұлға тұсау, қызға бұғау болған рушылдық- феодалдық қоғам жағдайында қазақ қауымында дау – шардың көзі болған бір желеу - әмеңгерлік әдет, жесір дауы. Ақсақалдар бас мүжіп, бата оқып отырып әлде кімге «әумин» деген қыз, қалыңмал төленген әйел берісі ағайынның, әрісі рудың меншігіне айналған. Ауыз әдебиетінде сүйгенімен қашқан қызға, жесір қалған әйелге дәмегөй әмеңгерлер арасында болған қиян-кескі айтыс-тартыстарды көрсететін нұсқалар көп.
Ертеде ұлы жүздің бір жесірін кіші жүздің бір жігіті алып қашып, содан барымталасып ел арасы ығыр болады. Осы дауды шешу үшін үш жүздің белгілі билері бас қосады. Сонда ұлы жүз Төле би тұрып:
- Мен ағаның баласымын, жасым үлкен, билікті мен айтамын, - дейді.
Кіші жүз Әйтеке:
- Мен атаның қара шаңырағындағы кенжесімін, жасым кіші болғанымен, жолым үлкен, билік менікі, - дейді.
Орта жүз қаз дауысты Қазыбек би күледі.
- Жылағанды сұрама, - мұңы бар, күлгенді сұра – сыры бар деуші еді. Қазыбек, неге күлдің? – дейді Төле.
- Сендер атадан туысыңды білесіңдер де, өсиетін ұмытқан екенсіңдер, - дейді Қазыбек. – Аталарың ұлы жүзді қолына қауға беріп малға қой, кіші жүзді қолына найза беріп жауға қой, орта жүзді қолына қамшы беріп дауға қой дегені қайда?! Сүрінсем сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік жөні менікі емес пе?
Бұл сөзге екі жағы да тоқтап төбе билікті Қазыбекке береді. Сонда қаз дауысты Қазыбек шешен былай деп төрелік айтады:
- Уа, Төле! Сен атадан үлкен туасың. Ініңнің бір еркелігін көтермей, жылқысын неге қуасың?
- Уа, жарқыным, Әйтеке! Сен қара шаңырақта қалған еркесің, ағаңның көзі тірісінде жеңгеңді неге ертесің? Сен - Әйтеке, жесірді қайыр! Сен – Төле, жылқыны қайыр!
Бұл мысалдан ағайын арасын ащы, ел арасын ығыр қылған қалың мал - әмеңгерлік әдет қазақ жастары үшін қандай қырсық болғаны аңғарылады. Ұл сүйгенінен, қыз тигенінен ажырап ру салтының құрбаны болғандығы байқалады.
Қазақ халқы «Малым - жаным садағасы, жаным - арым садағасы» деп еркіндігін еш нәрсеге айырбастамаған, ешкімнің құлдығына көнбеген. Атысқанмен атыса, шабысқанмен шабыса жүріп, асты кен, үсті мал, ұлан байтақ жерін жаңа заманға жеткізіп, сенімді қолға, жаңа қоғамға тапсырып тыныс алды, қылышын қынабына салды.
* * *
Жесір дауы күшті ру басылары аз, әлсіз руларды талап-тонап, кейде қонысынан қуып, бейғам елді бүліншілікке ұшыратуға желеу болған. Барымташы батырсымақтар ушықтыратын ондай даулардың аяғы кісі өліміне ұласатын. Балаби елінің бір жігіті Досбол бидің руынан қыз алып қашып елдің тынышы бұзылады. Досбол күш көрсетіп, Балаби жағы Нұра бойына қашып тығылады. Әбігершілікте бір бала суға кетіп өледі. Осы жерде Досбол қуа келіп қызын қайыруды және алып қашқаны үшін айып төлеуді талап етеді. Оған Балаби былай деп қарсы дау айтады:
- Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді. Артымнан сен қумасаң, алдымнан Нұра бумаса, менің Нұрада нем бар, Нұрадан аққан жырада нем бар? Суға кетіп балам өлді, алдымен адамымның құнын бер!
Бұл арада, біріншіден, жесір дауы жазықсыз елге қандай ауыртпалық болғанын аңғарсақ, екіншіден, дау үшін қандай тапқырлық, шешендік қажет екенін сезінеміз. Қалай болғанда бұл мысалдан өмірдің шындығы, ойдың жүйелілігі және қыз сүйген ұл, сүйіп тиген қыз айыпталмасын деген халық тілегі байқалады.
Қыз туса бата ғып бірер мал өткізіп басын байлап қою қазақ байларының ежелгі салты болған. Бір баласына екі-үш жерден қыз айттырып қою, тіпті салтанат пен байлықтың белгісіне есептелген. Үлкен баласы өлсе, кіші баласының ер жетуіне қаратып бой жеткен келінін уақтылы алмай, малымның өсімі кетеді деп қалың малын да өтемей байлар кедейлерге қысастық жасайтын. Тарақты Таубай шешеннің Сәмекейге айтқан сөзі сондай бір уақиғаны елестетеді. Сәмекей бай Орымбек деген кедейдің қызына құда түсіп «балам жас» деген сылтаумен бой жеткен келінін уақтылы алмайды, не басына рұқсат бермейді. Сонда Орымбектің ағайыны Таубай шешен Сәмекейге былай депті:
- Ей, Сәмекей! Екі бай құда болса арасында жорға жүреді, екі кедей құда болса арасында дорба жүреді. Бір бай, бір кедей құда болса бір дорба зорға жүреді. Қатық ішіп сен жүрсің, қатып – семіп мен жүрмін; ал жесіріңді, тарт кесіріңді. Баламның бағын байлама, жолын бөгеме!
Бұл сөзден бай мен кедей арасындағы таптық қайшылықты, әйел қауымының аянышты халін бағдарлауға болады. Ілгері тілеумен өніп-өсем деп бауырындағы баласын алайын деп отырып атасын сыйламаған байлар матап, мал беріп алған әйелдің қадіріне қалай жетпек?!
Байлардың баласы кедей қыздарын менсінбесе алмайтын, алса да кемсітіп үйге отынмен кіріп, күлмен шығатын күң ғып ұстаған. Ағайын бол, құда бол мал-мүлкі тең емес адамдар арасындағы қарым-қатынас осындай болған.
Елді руға, руды атаға бөліп ру басылар мен ақсақалдар билеп – төстеген елде бірлік, ынтымақ болмады. Бір атаның балаларын екінші атаның тұқымына айдап салу билер мен байлардың өз руларын төңірегінде топтап ұстау үшін қолданған негізгі бір тәсілі болған. Мұның өзі қараңғы халықтың, еңбекші шаруаның назарын таптық күрестен басқа жаққа аударып, теңсіздікті жасырып-жауып келген перде еді.
Оның үстіне ана күндестігін көрген бала да араз болып, күндестікке бейім өседі. Осындай ала ауыздық, рушылдық салдарынан елде адам өлімі жиі болып тұрған. Әдетте, ру тартысы, бай малының барымтасы үшін алдымен кедей-шаруалар күйетін. Күшті ру басылар берешек болса теңдік бермей, алашақ болса, әлсіз рулардан құн алуға құнығып кететін.
Ер дауы
Кіші жүз Жараспай елі Қыпшақ Хангелді батырды өлтіріп, құн төлемейді. Ысмайыл деген қарт би тіл мен жағына сүйеніп қыпшақтарға теңдік бермейді. Бір жолы қыпшақтың талапкерлеріне ілесіп жас Балаби барады. Сонда Ысмайыл:
- Бұл – келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес; ердің құнын, нардың пұлын даулайтын, ердің арысын, елдің намысын қорғайтын, үлгілі би, үнемді жүйрік айтысатын жер емес пе! Түйенің тайлағы, баланың ойнағындай мыналарың кім? – дейді.
Сонда Балаби тұрып:
- Үш жүздің баласы бас қосқанда Орманбет би айтқан екен: «Ердің құнын жастың жайсаңы даулайды, кәрінің сайтаны даулайды» деп. Сен кәрінің сайтаны болсаң, мен жастың жайсаңымын… деп сөзден тоқыратыпты.
Бұдан дауда ұту үшін ру күші ғана емес, жүйрік ой, жүйелі сөздің де маңызы зор болғандығы сезіледі.
Шешендік дау ұзын сүре айтыс, немесе төрелік-билік сөз болуы шарт емес. Шешендер айтыс-дауда ұзақ сөзбен ұтпайды, бір ауыз тапқыр оймен ұтады. Шешендік дау дегеніміз айтыс үстінде тауып айтылған сол бір ауыз ұтымды сөз. Ол – кейде толғау, кейде төрелік, тіпті кіріспе сөз де бола береді.
* * *
Ертеде Бәсентиін жағынан біреулер Керейдің жылқысын алады. Оған қарсы Керей жағы барымтаға барғанда екі арада жанжал болып, Бәсентиін жағынан кісі өледі. Керейлер ұзақ уақыт теңдік бермейді. Осыған байланысты болған бір жиында Бәсентиін жағының биі Қазанғап Керейдің биіне:
- Ей, Тоқсан би! Менің сөзім пұлсыз, ерім құнсыз болатын не жазығым бар? – дейді. Сонда Тоқсан би:
- Сөзің пұлды, ерің құнды болсын! Әуелі наза кімнен, қаза кімнен? – дейді. Осы бір ауыз сөзден Қазанғап жеңіліп, кінәсін мойындап, құн алудан бас тартады.
Мұнда пәлені кім бастаса, оның салдарына да сол кінәлы деген ой бар. Сонымен қатар Бәсентиінге Керейдің көптік, күштілік көрсетуі де ықтимал. Бәлкім «сөзің пұлды болсын...» деген қарсы бидің қос қыртысты, астарлы сөзіне қарағанда Бәсентиіннің биін керейліктер параға сатып алып қоюы да мүмкін. Өйткені даудың басында-ақ Қазанғап: Не сөзім пұлды болсын, не ерім құнды болсын, екеуінің біріне тынамын дегендей емеурін білдіреді. Бас пайдасы үшін ел мүддесін шеңге, ердің құнын тоңға айырбастап кеткен хандар мен билер де аз болмаған ғой.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет