Ал енді бір мұсылман баласы мыналарға қайғырмауы керек,керісінше, болса жақсы болар еді, болмаса да ештеңе етпейді, өмірдегі мақсатымыз емес қой дей алуы тиіс. Яғни, бір телефон, компьютер, киім ала алмау, бояулы сусындар іше алмау мен быршылдатып тамақ жей алмау, жер, үй ала алмау мен жұмысқа тұра алмау т.б осы секілді нәрселер «мұсылманмын» деген адамды қайғыртпау керек. Бұлар болса жаман ба? Әрине жаман емес. Бірақ, біз мынаны білуіміз керек, бұл дүние бәріне бірдей беріле бермейтіңдігін және тек қана ақылдылық пен қабілеттің арқасында да бола бермейтіңдігін. Арабтың бір ақыны: «Рызық ақылға қарай берілгенде еді, ол кезде хайуандар аштан өлетін еді» - деген екен. Шындығында өмірде қаншама ақылды, қабілетті жігіттердің дүниеден бір несібесі болмағандығын, қаншама ақымақ, қабілетсіздердің де дүниеден несібесі мол болғандығын көресің. Әлбетте бұл жерде ақыл мен қабілеттің рызық табуда үлесі бар, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Тек қана бұл жерде ақыл мен қабілеттің рызық табуда негізгі себеп емес екендігін білуі керек. Әуелгі себеп негізгі беруші Алла Тағала болғанын, ақыл мен қабілет Алланың әмірінде екенін білуі тиіс. Осы айтылғандарды мына бір оқиға айқындай түсетін секілді. Бір күні Шақиқ Балһи деген дана кісі шәкірттерімен қабірлердің жанынан өтіп бара жатып, шәкірттеріне сабақ бермекші болып, « Мына жерде жатқандардың барлығы, алданғандарына көздері жеткен адамдар» - дейді. Сонда шәкірттері таңырқап, – неге олай айттыныз ұстаз? - деген кезде, ұстаз ғибратты түрде былай деп жауап береді: Бұлар көздері тірі болып,өмір сүріп жүрген кезде үй де менікі, жер де менікі, бау-бақша, бала-шаға да менікі, мақам, билік, мансап та менікі, осылайша анау да менікі, мынау да менікі деп жүретін еді! Енді сендер де көріп тұрған жоқсындар ма, олардікі болмағанын» дейді. Мінекей, бұл оқиғадан түйетініміз – адам баласы дүниеге шыр етіп аяқ басқан кезде, құр алақан келген болса, дәл сол секілді дүниеден өтер кезде де құр алақан кететінін, өмір мен өлім арасындағы бізге берілген мүмкіндіктер мен нығметтер Алла Тағаладан екенін, әрі еншіміздегілердің иелігі тек қана Оған тән екенін білу. Олар біздің қолымызда аманат болып, оларды қалай қолданумен сыналамыз. Алла Тағала біреуге өмір берген болса, ол оны қалай қолданады, менің қалауыма сай қолдана ма немесе нәпсісінің қалауына сай қолдана ма? - деп емтихан ету үшін береді. Біреуге мал-дүние берген болса, ол оны қалай қолданады, менің қалауыма сай қолданама,әлде нәпсісі не бұйырса, соны орындап адаса ма?- деп; біреуге мақам, билік берген болса, ол оны қалай қолданады, ол жерге отырып алып, халыққа қызмет жасай ма әлде әкесінен қалған мұра секілді көріп халықты құлы сияқты езе ме? - деп; біреуге бала-шаға берген болса, ол оларды қалай тәрбиелейді, менің айтқандарыма сай тәрбиелей ме, әлде нәпсілерін жандарына жолдас қылып жүгендерін сыпырып, басын бос жібере ме? – деп, қысқасы бүкіл өміріміз, қолымыздағы мүмкіндіктер мен нығметтер бізге, қалай қолданатындығымызды көру үшін, сынақ ретінде берілген.