Шах Зада Есалы Шежірелер шындығы



бет2/11
Дата28.01.2018
өлшемі7,18 Mb.
#34887
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Шежірелер шындығы
Алдыңғы шежіре-деректерде Сайбек ханның әйелдері, балалары туралы келтірілген сәйкессіздік – рұқсатсыз қонып қалған қорық, біресе қалмақтыкі, біресе Жәнібек хандыкі болуы, сол уақытқа дейін өзі билік иесі Сайбек ханның отыз ұлдың бірде біреуін үйлендіре алмауын қандай қисынға сиғызамыз. Отыз ұлдан басқа ешкімі жоқ, жасауыл, қорғаушысыз шабындыдан қашып жүрген қандай хан? Қисынсыз қиыстырған аңыз емес пе?

Сайбекті барлық шежіреде Тоқтамыс ханның бірі баласы, бірі немересі, бірі шөбересі етіп көрсетеді. Алайда бұл шындыққа саяма?

Жошы ханның бір баласы Тоқай Темір, одан Өзтемір, одан Сарыжа, одан Көншік, одан, Тоққұлы қожа, одан Тойқожа, одан Тоқтамыс. Мұның сегіз баласы: Жалалиддин, Жапарберді, Көпек, Керімберді, Ескендір, Абусағид, Көшек, Қадырберді.

Баяғыда Тоқтамыс ханға нөкер болған Едіге би (ел қамын жейтін Едіге дейтін де осы. Ш.Е.) өлді дегенде «Еділ қатса кім өтпес, Едіге өлсе кім кетпес» деген осы Қадырберді еді, сол сөз мақал болып қалған. Бұл балаларының ішінде Сайбек атты жоқ.

Екіншіден, Тоқтамыс хан жаңағы Едігенің ұлы Нұраддиннің қолынан қаза тапқанынан кейін сегіз ұлдың бірде біреуінің хан тағында қалмауы.

Атамыз Тоқтар қожа Шайбан ханнан дегендегі сөз төркініне терең үңіліп, тексере мән берелік..

Қытайдағы Зейнолла Сәнік ағамыздың «Хан батыр Қабанбай» кітабында: «Біздің қазақ төрені Шыңғыс ұрпағынан, қожаны араб әулетінен қабылдағаны анық. ...кейін келе Жошының бесінші (?) ұрпағы өздерін Шайбанилер деп атады. Оның негізін салушы Абылқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани болды. Шайбани хан, Мауреннахр, Қорасанды билеумен бірге үнді жерін де өзіне қаратып, үнді патшасының қызын алған. Сол үнді қызынан Тоқтар қожа туады. Найман елі Арқа жеріне қоныс аударған кезде (?) Боранбай би бастаған тоғыз би Тәуке хан (1680-1718) ұрпағы Абылпейізді төрелікке қалап әкетумен бірге Тоқтарқожаны қожалыққа әкеледі. Әрі Байыс бидің орнына Ташкенге билік жүргізу үшін Нарынбай биді қалдырады». Осы жердегі түсінікке қараңыз: Бұл жерде Тоқтарқожа Арқаға Байыс бимен бірге келген сияқты. Ал келесі сөзі мүлдем керісінше ұғым береді: «сонау Төлегетай заманынан бері қожалармен болған сүйек шатыс Байыс би заманында қайта жаңғыртылып, Тоқтар қожадан туған Жанжігіт әкесімен бірге Ташкен жаққа кетіп, Байжігіт нағашы атасы Байыстың бауырында өсіп, қазақ құрамында қалады». Не ұқтыңыз?

Тоқтар қожа қожа текті болды ма? «Ташкент өңірін мекендейтін Жанжігіт ұрпақтары да мол ел болып, нағашы жұртының қазақ екенін қазіргі әулеті тамсана отырып, әңгімелейтінін Қазақстан ғалымдары көп ұшыратыпты» деп жазды. (46-47бет.)

Осы жерде екі қайшылық бар. Байыс Мұхаммед Шайбани (Сайбек) хан тұстас адам. Байыстың бесінші ұрпағы Тоқабай (1617-1720) ХҮІІІ-ғасырдың 20-жылы қайтыс болғанда Сыр бойында, қазіргі Қызылорда маңында жерленген. Екіншіден, ХҮІ-ғасыр ортасында Наймандар Арқаға қоныс аударды ма? Тоғыз би кімдер? Нақты дерек жоқ!



Бізге керегі Шайбани хан Үнді патшасының қызын алып, одан Тоқтар қожаның тууы. Ендеше Тоқтар қожа Мұхаммед Шайбанидің үнді қызынан туылған баласы болса, шежіре бойынша аталатын Сайбек хан – Шайбани хан! Бұл біздің ата-текті таратудағы Тоқтар қожадан Шыңғыс ханға дейінгі тізбеге дәлел. Тоқтар қожа Ұлы Қаған Шыңғыс ханның он үшінші ұрпағы (кестеге қараңыз).


Саты

Төре тегі

Найман

Арғын

Тарақты

25

Шыңғыс хан










24

Жошы хан










23

Шайбан хан










22

Бахадұр










21

Жошы Бұқа

Найман (Ақ сопы)




Тарақты

20

Бадақұл

Белгібай

Арғын

Темір

19

Мыңтемір

Сүгірші

Қотан

Айт

18

Болат

Төлегетай

Дайырқожа

Даменқара

17

Ибраhим

Қытай

Қарақожа

Бекмұхамед

16

Дәулетшайх

Қаракерей

Мейрамсопы

Аллаберген

15



Абылқайыр

Байторы

Жалықпас

Досымбек




14

Шах Бұтақ

Мейрам

Түгел

Қаракелімбет

13

Шах Мұхаммед – Сайбек

Байыс

Бұйдалы

Қармыс

12

Тоқтар қожа

Сарымырза, Мақта апай

Құрман


Әлі


11

Байжігіт

Жолымбет

Аман

Баянқарт

10

Мәмбет

Назар

Боқан

Бөкей

9

Өмір

Жанболат

Тоқсанбай

Бекболат

8

Сопақ

Тоқабай

Долтай

Шобай

7

Ақтамберді

Атаң

Қырғызбай

Нұр

6

Есалы

Көтебай

Бекайдар

Бердібек

5

Қызайбай

Айдарбек

Танаш

Биқожа

4

Күндерал

Дос

Мұңсызбай

Күйебай

3

Өтеп

Жүніс

Тәукіш

Құсатай


2

Құдагелді

Төлеген

Сүлеймен

Тельман

1

Шах Мұхаммед

Файзрахман

Сламбек

Ербол


Байжігіт және байжігіттер
Байжігіт бабамыз туралы әртүрлі дерек-аңыздарды келтірмес бұрын сәл шегініс жасайық.

Мұхаммед Шайбани – Сайбек хан өлген соң оның ұрпақтары билік үшін ішкі күреспен айналысты. Орта Азия өзара қырқысқан феодалдық топтар – шайбанилармен Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы кескілескен күрес майданына айналды. Қазақ ордасының Қасым ханы осы алауыздықпен қиян-қырқыстарды дер кезінде пайдалана отырып, оңтүстікте Қазақ ордасының жер көлемін кеңіте түсті.

Шайбани ханның өлімінен кейінгі ұзақ жылдар мерзімінде (1598ж. дейін) «шайбанилар» өзара келіспеушілік пен алауыздыққа қарамастан Орта Азиядағы (Бұхара, Самарқан) билікті бермеді. Ең соңғы Бұхара ханы Абдолла-ІІ (1557-1598) Шайбанилардың ақырғы билік иесі болып қалды.

(мәлімет – А.З.Уалиди «Түрік-татар тарихы». 124-бет.Қазан.1915ж.

алынды)

Біздің бабамыз Байжігіттің әкесі Тоқтар қожа Сайбек ханның 30-35 жасында дүниеге келген деп шамаласақ, әкесі өлген жылдары 25-30 жас аралығындағы білім-ғылымнан толық мағлұматы бар жігіт ағасы болар жастағы адам болуға тиіс. Өйткені, шежірелерде Тоқтар қожаны Байысқа келіп жылқы баққанда оның астрономия және әр түрлі ғылым саласынан білімдар, оқымысты екені айтылады. Тоқтар атамыздың Байыс байға, қалың Найман арасына тұрақтауын екі себептен қарастыру керек. Бірінші: Шайбан хан өлген соң оның інісі Махмұд султан балаларымен арадағы келіспеушілік, тақ таласы мен сыртқы күштердің арандатуларының ықпалы болуы да мүмкін. Екінші: Шыңғыс ханның аманаты, бұлжытпай орныдауға тиісті өсиеті бойынша – «Шыңғыс ханның басына іс түскен, қиянат көрген немесе жат елде жүрген «артық» ұрпақ-заузаты, бала-шағалары Тоқболаттың Тойтұман тобына әкелініп «өз үйір тобына қосылып» отырылды. Және керісінше ұзақ жылдар бойы Тойтұман ішінен еркек кіндікті, көзінде оты бар баланы ұзақ (басқа) елдерге әртүрлі билік тұтқаларын ұстатуға алып келіп отырды. Бұл құбылыс шамамен 1880 жылдарға дейін де созылды».



(мәлімет: Хамза Көктәндінің «Шыңғыс ханның шындығы, қазаққа жасырған құпия» кітабынан. 2003ж. алынды).

Тоқтар қожаның Найман ішіне келуі – осындай мақсаттың орындалуы да мүмкін. Сайбектің төрт ұлының (кейбір шежіреде екі ұлының, кейбір шежіреде үш ұлының) – Толым қожа Керейге, Шыңғыс (Асыл)қожа Байсиыққа, Берді қожа Қызайға, Тоқтар қожа Байысқа сіңісті болды дейді. Бірақ олардың осы есімдері нақты азан шақырылып қойылған аттары ма, әлде жасырын-жанама есімдері ме?

Тарихи бастаухаттардың өзі де осы мәліметтердің растығына, болған оқиғалардың шындығына кепілдік бере алмайды.

Біздің қазақи шежірелерде негізінде аталар арасы арқарай алыстаған сайын сол кезде болған, өткен оқиғаларды әсірелей көрсетіп, кейде шындықтан алшақ әкетіп жатады. Кейбір аталар сол замандағы хан, батыр, бек, бай, билермен, ол кезде туып өмір сүрмесе де, солармен қатарлас, не керісінше өз тұстастарынан әлдеқайда бері ғұмыр кешкен болып саналады. Не болмаса, келіні атасының әйелі болып, әйелі келіні болып (мысалы Байыстың әйелі Мұрын) айтылып, келеңсіздікке бой ұрып, кереғар түсінік береді. Осының бәрі «түрік құлақтардың» өзім ғана білемін деген зейінсіздігінен, сол кезде жазу-сызу болмағандықтан, ал болса да уақытында хатқа түсірілмегендіктен болған іс. Ал ауызша біреуден біреуге айтылып келген ата-тектер, тарихи оқиғалар уақыт өткен сайын ауыздан құлаққа замана ағысында жаңарып, жаңғырып отырады.

Кейбір кейіннен жазба тарихқа түсірілген баян хаттарда бақилық болып кеткен атаның қайта тіріліп кетіп өмірге араласып жүргені тіпті де қисынсыз.

Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садықан деген ағаларымыздың Шинжияңда 1989жылы басылған «Қабанбай батыр» атты кітабы 1991жылы «Жазушы» баспасынан «Қаракерей Қабанбай» деген атпен 40 мың дана тиражбен қайта басылып шықты. Осы кітаптағы аңыз, зерттеу, қиссаларды оқи келе қисынға келмейтін жерлеріне өз пікірімізді білдіре кеткенді жөн деп білдік. Әрине, кіналап қаралаудан аулақпыз. Бірақ ақиқатты ертелі-кеш жұрт мойындайды.

Кітапта: «...бұл жерде осыған қатысты мынадай ата жөнін бұтарлай кету лайық сияқты. ...Қаракерейден Тоқтар қожа тарайды, (?) одан Байжігіт, Байжігіттен Жұмық, Тоғас, Мәмбет тарайды. Ал Тоғастан: Шерубай (1), Дәулет (2), Қайып (3), Жайлау (4), Жақсығұл (5), Медет (6), Байбарақ (7), Қабылан (8), Айтбай (9), Шүрек (10) аталар тарайды. Ел ішінде бұларды «тоғыз тоғас» деп атайды». Ары қарай «Қатаған ханның (?) тұсында құба қалмақ батыры Босмойынды өлтіріп, Тоғасты хан тағына отырғызған осы Тоғастың ұрпағы Анар батыр екен (Тоғас шежіресінде Назарқұл деп жазылған. Ш.Е.) Мәмбеттен Өмір, Қожағұл, Күшік, Ақтайынша (Қарақұрсақ) тарайды. Күшіктен Есір, Дәулен туады. Күшік те батыр болған адам екен. Сайып келгенде жұмық Дәулетбай батыр, тоғас Қосай батыр, мұрын Боранбай батыр, Абылайхан алтын тонын жапқан айтулы ер – Еспембет батыр, тума Шыңғожа батыр, дәулен Күшік батыр, өмір Шағалақ батыр, байғана Шөрек батыр, тоқпақ Қасабай батыр бәрі де Қабанбайдың туыстары дейді».

Бұл жерде бірінші жаңсақтық: Тоқтар қожа Қаракерейден тарамайды. Бұл бір. Екінші, «тоғыз тоғас» деп он атаның аты көресетілуі. Үшінші, шындығында Мәмбеттен: Өмір, Күшік, Сатан (ұрпақсыз), Қожағұл тарайды. Күшіктен Дәулен туады.

Қабанбайдың туыстары деп көрсетілген батырлар тізбесіндегі Дәулен, Күшік батыр деп көрсетілуі өте қате кеткен. Күшік Дәуленнің әкесі, Қабанбайдың әкесі Қожағұлдың туған ағасы. Жоғарыда З.Сәнік ағамыздың тоғасы он болып тұрғанын көрсетіп едік, 2008 жылы Шәуешекте басылған, өзі де тоғас ұрпағы Қабден (Зейнелғабиден) ағаның «Тоғас шежіресінде»: Байжігіттен – Жұмық, Тоғас, Мәмбет делініп, «үш байжігіт» деген ұғым қалыптасқан. Осы бойынша алғанда Жұмықтан: Болат, Сайболат, Қараша. Қожан, Саты, Тәуке сынды алты ұл болған. Мәмбеттен: Өмір, Дәулен, Қожағұл сынды үш ұл туған. (Бұл жерде Қабден аға да қателесіп отыр Ш.Е.) Тоғастан: Назарқұл (1), Базарқұл(2), Ырысқұл(3), Қасай (4), Қожай (5), Тоқай (6), Жаманай (7), Қалматай (8), Киікбай (9) сынды тоғыз ұл туған. Бұларды «тоғыз тоғас» дейді» деп келтіреді.

Міне енді З.Сәнік пен Қабден ағамыздың тоғастарын салыстырып көріңіз. Бірінде он, бірінде тоғыз болғанымен де аталардың аты-жөндері де бір-біріне сәйкес келмейтіндігіне не дейміз? Руы Қожағұл Зейнолла ағаныкінен гөрі руы Тоғас Қабден ағамыздың жазғаны дұрыс деп қабылдайтын шығармыз.

«Қаракерей Қабанбай» кітабының 73-бетіне келейік. «Бір реткі соғыста Қабанбайдың ағасы Күшік (?) жау қолында кетеді. Бір күні Әмірсана, Күшік Қабанбайдың ағасы екенін естиді де, бұл істің насырға шапса өзіне осал тимейтінін межелеп, оны қоя бермесе жанына тыныштық жоқ екенін сезеді. Сонымен Әмірсана Күшікпен шарт жасасады. Серт бойынша Күшік батыр бөрдегін бөктеріп қайтып келе жатса алдынан Қабанбай шығады. Ақберенін киіп, ақ найзасын қолға алып, ашулы айбынымен шыққан батыр иен далада ағасымен еңіреп көріседі».

(Әмірсана – Ойрат тағының мұрагері. Жоңғар қолына түскен Күшік емес, Өмір батыр. Ол тайжы, Әмірсана емес.Ш.Е.)

Бұл жердегі жаңсақтық: Күшік батыр бұл кезде өмірде жоқ адам. Шамамен 1663 жылы Қабанбай батыр туардан жиырма сегіз жыл бұрын жиырма бес жасында қайтыс болған. Осы жерде тағы бір еске сала кететін нәрсе: Күшік батыр өлім халінде жатып, ағасы Өмірге әйелі Қолаң мен ұлы Дәуленді өз қамқорлығыңа ал деп тапсырады ғой. Өмір алған Қолаңнан Жарылғап, үшінші әйелінен Соқыр, Тоқбай, Есір туады. «Өмір Шағалақ батыр» дегендегі Шағалақ Өмірдің ұлы Сопақтан (келіндері Ұзынша атап кеткен) туады. Сопақтан Ақтамберді, Сәдібек, Ботияр, Шағалақ болып тарайды.

Байжігіт бабамызға қайта оралайық. 1518-1520 жылдар аралығында өмір есігін ашқан бабамыз тумысынан сұңғыла шешен, ақын, күйші, дарын иесі болып жаратылған екен. Не бары 14 жасында Төртуыл – Найманға ұлыс биі болған қасиетті бабамыздың өлеңдері мен күйлерінің осы күнге тамтығы ғана жеткен.

1999жылы Алматыда басылған Қазақтын Ұлттық энциклопедиясының ІІ-томында: Байжігіт Тоқтарқожаұлы. Шамамен (1758-1845) би, шешен. Найман тайпасының Төртуыл тармағынан. Түркістан маңында дүниеге келген. Шешесі Найманның Қаракерейінен шыққан Байыс батырдың қызы Мақта (кейбір деректерде Ақмақта) деп жазылған да, екінші Байжігітті: (1705-1795) күйші, композитор. Бостандық жолындағы күрескер. Сарынияз төренің шәкірті. Оның күйлері Шығыс Қазақстан облысында, Семей өңірі, Шұбартау, Аягөз, Абай ауданы және Шығыс Түркістанда кең тараған деп жазыпты. Мәссаған! Байжігіт туралы келтіріліп отырған мына екі деректің барып тұрған өтірік ақпар екендігінен соң, Зейнолла ағамызға кешіріммен қараймын ба деймін.. Себебі Қазақтың Ұлттық энциклопедиясында бір Байжігітті екі бөліп жазып, өмір сүрген уақытын екі ғасырға шегеру және тегін тексермей, теріс жазуға ешкімнің қақысы жоқ еді. Қателік?! Орасан қате басылымға бір адам ғана емес, қаншама академик, ғылым докторлары, ең азы 20-30 адамнан құралған баспагерлер алқасы ауыздарын ашып, аспанға қарап қалған ба? Ұят та, түсініксіз.

Байжігіт бабам 85, кей деректе 90 жасаған дейді. Оның терме, толғау, шешендік сөздері көп десе де бізге жеткені:

Әділ бидің алдынан іс кетпейді,

Жәбірлікті бекерге істетпейді,

Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп

Абыройын кісінің еш төкпейді.

Қылар жақсы түймеден түйедейді,

Жөнін тауып, әр істі жүйелейді,

Жаман болса төреңіз ептей алмай

Ақ ісіңді қаралап күйелейді.

Дұшпандарды әділ би дос қылады,

Жаман би дауына дау қос тұрады,

Бұл бір мақал – киікті ата алмаған

Атамын деп киікті бостырады.

Ұрысқанды жақсы би табыстырар,

Ақылымен жапсарын жабыстырар,

Жақсыларға жақсылық оздырады

Жамандарға жаман сөз қоздырады.

Жақсы менен жаманның нарқы басқа

Айта берсек бірталай сөз болады...


Қараша үй екен деп көп ауылдан қашпаңыз,

Тамаша үй екен деп бай отауына қадам баспаңыз.


Берекесі кеткен ауылдың

Баққаны өсек болар,

Жатқаны төсек болар.

Берекелі ауылдың

Айналдырғаны шаруа болар,

Еккені тары, бидай

Жегені жарма болар.

«Аңыз болып айтылуынша дейді, - «Хан батыр Қабанбай» кітабының 46-47-бетінде, Мақта апайдың ағасы Жолымбет би Байжігітке Матай Бақберді байдың Бүрлен деген қызын айттыруға барады.

Өмірінде 107 жас жасап, 115 отау көтерген киелі қарттың ықыласын алу үшін Бақберді өзі бата сұрапты. Сонда Жолымбет би:
Әмин десең қойға

Жеткізсін Алла тойға!

Кәрілер құрып кеңес

Жастар, күліп ойна!


Әмин десең малға

Жарылқасын Алла,

Дүниеде зор қуаныш

Одан қызық бар ма, - деп бата беріпті.


Ал енді талдап көрейік, Мақта апамыз – Байыстың қызы, Сарымырзаның қарындасы (кейбір шежіреде апайы).

Жолымбет – Сарымырзаның ұлы, Мақтадан бір саты төмен тұр. Мақта апай Сарымырзадан көп болса 5-10 жас қана кіші болсын-ақ. Сарымырза ол кезде 55-60 жаста, Мақта 45-50 жаста, Байжігіт 25-30 жаста болуға тиіс. Жолымбет неше жаста деп ойлайсыз?

Аңыз бойынша Жолымбет Мақтаның ағасы деп тұр. Жолымбет би – Сарымырзаның ең үлкен баласы, әрі 15-20 жасында туған десек, оның жасы 107 де емес, небәрі 40та ғана болмай ма?! Егер Жолымбет 107 жасында қыз айттыруға барғанда Байжігіт ол кезде 97 жаста болады да шығады.

Күлесіз бе, жылайсыз ба? Енді бұл аңызға сенесіз бе, сенбейсіз бе, ерік сіздікі.. Ал, шежіре шындығы қайда?!



Күйші Қайрақбай Шалекен ұлы. (1828-1877)
Арғы атасы – Байжігіт Тоқтарқожа ұлы. 1993 жылы Алматыда шыққан «Қазақтың би-шешендер» деген кітапқа енгізілген. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген «Арқа күйлерінің атасы» атанып, соңғы ұрпаққа 300ден артық күй мұрасын қалдырған адам.


Шежірелер шеруі

Шежірені тек қана ата тарату деп тар мағынада түсіну әрине сауатсыздықпен тең болар еді. Сонау ерте-ертеден бері, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан шежіре ру-тайпалар құрылымы бұтағын жайған бәйтерек іспетті. Ол түп-тамырына балта шауып, біржолата қуратып, құртып жібермесе, көктем сайын көгеріп, жапырақ жайып жаңара түсетін жасыл желек сияқты.

70 жыл бойы өткен тарихымызды жоққа шығарып, ұлттық үрдістерімізді мансұқ еткен коммунистік үгіт-насихат енді біраз өмір сүргенде атымызды қойып, затымызды «көк көз, сары» қылып шығарып кетер ме еді, кім білсін?! Аллаға шүкір, Тәуелсіздіктің таңы атты, дербестік пен демократия!!

Өшкен, өшірілген, бары болса күлді-көмеш тарихымызды жаңғыртып, жаңартып Ұлттық санамызбен қаз-қалпына келтіру ұлтжанды азаматтардың әрқайсының да міндеті, өтейтін парызы. Тек өзіміздің мысықтай мауығып жатып алып, кері тартып, аяқтан шалып, етектен жұлқитын «қара орыстарымыздан» құдай сақтасын!

Туған халқының төл қасиетін, ұлттық санасын, әдет-ғұрпын бойына сіңірген, ғылым, білімге кемел толысқан, жаны жайсаң азамат – Қазақ елінің ертеңі.

Бұл саған да айтылған сөз, менің балалары, немерелерім, ұрпақтарым!

Ата тарихың – кешегің. Кешегіңді білмеу – тарихыңнан мақрұм қалу. Өткеніңнің артық-кемінен ғибрат алмау, ол мәңгүрттіктің белгісі. Тагы да бүгініңе бұлдыр көзбен қарап, ғұмырыңды артыңа қалар белгісіз сарп етсең, алдың ор ма, оппа ма, опасыз тобырдың біреуі боп қайда қалғаныңды білмей кетесің. Артқы әулет осыдан сақ болуың керек.

Шежіре атты кітап қолыңа түссе, «ай, осы қара шалдар тізбесінің қажеті қанша?» деп лақтырып тастар болсаң, сол жазбадағы аттары аталып өткендердің рухына қиянат жасағаның. Олар – сенің түп-тұқияның, арғы тегің, ата-бабаларың! Рухтарды ренжітуге ешкімге ерік берілмеген. Атаң Қазақ сол үшін де «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді бекерге айтқан жоқ. Сондықтан шежірені өзіңнен кейінгі ұрпаққа жеткізіп, жалғастыру да сенің борышың.


* * *
Сонымен, барлық шежірелерде Тоқтарқожа атамыз Байыс байдың қызымен отасып екі ұлды болады. Бабамыздың Байыс байдан кетіп, Байжігіт атамыз әкесінен қалай ажырап қалғаны туралы білу үшін шежірелерді қайта парақтап көрейік.


1-шежіре. Тоқтарқожаның екі ұлы Байжігіт пен Жанжігіт ат жалын тартып мінуге жараған соң, Тоқтар ата Мақтаға: «ер туған жеріне, ит тойған жеріне » деген бар. Біз елге қайтайық дейді. Бұл жерден не зиян көрдің? Құдайға шүкір, көшпейміз дейді Мақта. Ендеше екі баламды алып өзім кетемін, бармасаң қал! – дейді. Тоқтарқожа екі ұлын ертіп, келе жатса мамыр айында екі жағындағы жар көрінбей қатты тасып жатқан өзенге кез болады. Тоқтарқожа мен Жанжігіт арғы жағаға малти өтіп шыққанда Байжігіт өтпей тұрып қалады. Өт, өт дегенге: Мен шешемді тастап кетпеймін деп кері қайтады. Байыс бай қуана қарсы алып, ықыласын берген екен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет