Шах Зада Есалы Шежірелер шындығы


Анаң жүр жылауменен таң атырып



бет8/11
Дата28.01.2018
өлшемі7,18 Mb.
#34887
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Анаң жүр жылауменен таң атырып,

Қозым-ай, төбең қайтіп көрінбеді.
Жыл болды Алмагүлден айрылғалы,

Қанатым топшысынан қайрылғалы,

Талайсыз тағдыр неткен қатал едің

Соғар деп ойлап па едім қайғы мұңы.
Бір қаскөй көзеп әлде қарғады ма,

Жетпедің құлыным-ай, арманыңа,

Ешкімге еш жамандық тілемеуші ем

Қайғының қалай түстім қармағына.
Көндік қой бір Алланың салғанына,

Кім жеткен мақсат, мұрат, таңдауына,

Айласыз өлмей ғана жүрміз шыдап

Қайғының қара жартас салмағына.

қаңтар.2010
Шах Мұхаммедке
Бауырым, неге жылайсың,

Сабырлық неге қылмайсың,

Найзағай отын ойнатқан

Қайғыдан тұнған сұр аспан.

Иықтан басқан зіл батпан,

Айырып бізді жылатқан,

Алмагүл мен Айдардан

Тағдырдан нені сұрайсың.

Бауырым, неге жылайсың,

Көзіңді неге бұлайсың,

Тағдырдың таппай қалауын

Тірліктің жыққан жалауын.

Жастықтың жақпай алауын,

Жыртылған жүрек жамауын,

Жырым-жырым көңілдің

Жыртыған немен құрайсың.
Бауырым, неге жылайсың,

Төзбесең бір күні құлайсың,

Тоқтатшы көңіл наласын

Емдеші жүрек жарасын.

Қия ма адам баласы,

Көзінің ақ пен қарасын,

Қайырсыз қатал жалғаннан

Несіне қайыр сұрайсың.
Жылайсың ғой, жылайсың,

Бәріне бекем тұрғайсың,

Кейбіреу жолдан жаңылар

Кейбіреу оңнан табылар.

Өлгенді тірі сағынар,

Тағдырдың таймас заңы бар

Сол тағдырға бағынып

Жылайсың да шыдайсың.

Сіләшқа
Он тоғызы сәуірдің,

Таусылар дәм күн жетіпті,

Екі мың төрттен сырғанап

Он жыл да міне өтіпті.
Көңілге қимас Сіләмбек,

Азамат еді, нар еді,

Ішінен тынған арыстың

Бір перзент зары еді.
Қабыл ғып Алла зар-мұңын,

Кеңітіп дүние тарлығын,

Жібітіп жарлы көңілін

Сыйлыққа берді Назымын.
Жүруші еді жайраңдап,

Айдарынан жел есіп,

Баламен де құрдас боп

Қалжыңдасып егесіп.
Жанары жарқын жайдары,

Туысқа жүрер демесіп,

Алаңдаушы едік екі, үш күн

Көрсетпей кетсе төбесін.

Жас орнына қан ағып,

Тырнақтың сөгіп көбесін,

Кете барды бақиға

Ажалдың мініп кемесін.
Елу екі жасында

Арманда кетті демесең,

Жұмақта болып тұрағы

Рухын Алла демесін!

* * *
Сезімді селт еткізбей қиял ғалам,

Сұрғылт бұлт торлап алған қиян далам.

Жайлаудай елі көшкен көңіл құрысын

Шашырап шар тараптан жия алмаған.
Өкініп ойға батса кінәлі адам,

Тәңірге тәуба қылып сый арнаған.

Кемірген жегі құрттай өзегіңді ой

Сол қиын кең дүниеге сыя алмаған.
Дүниеге қожамын деп қиялдаған,

Талайлар көздің жасын тия алмаған.

Түнекке алтын беріп қамасаңда,

Бір күнгі жарығыңды қияр ма адам.
Көрсоқыр көкірегіне түйе алмаған,

Жақсыны жан жадырап сүйер адам.

Шіріткен бір құмалақ бір қарын май

Отына ар сотының күйер жаман.

IV бөлім

Оралу

Оралу
Ертоқымын сыпырып алғаннан кейін арқасы кепкен айқасқа жиренді өзен жағасына таман, тасбастаудың жиегіне жақын арқандап, шашалығын құрым киізбен қапталған ауыр кісенмен бекітіп, енді жарқабақтан көтеріле берген Сәдудің аяғы тайып кетті. Қос қолымен жер тірей төрт тағандап қалған ол бойың жазып тіктеместен отыра кеткен.

«Биссмиллә, биссмиллә!. Осы бүгін маған бірдеңе болды. Ауырып қалмасам жарар еді» - деп ойлады. Манадан бері көңілін күпті қылған бір күдік кетпей жүр. Шөлдеп келседе дастархан басында шай батпай қойды да, үйдеде байыз тауып отыра алмай, шумақталған арқаны мен кісенді қарына ілген ол жирен атты жетелеп қараңғылықта біраз жүріп алып еді. Таңертеңгісін Қамысты жаққа, Қарашіліктегі шөпшілерге барып, хал-жайларын біліп, Бараққазғандағы сауын сиырдағылардың да мұң-мұқтажын тыңдап ертерек қайтып келемін ғой деп ойлаған.

Қарашілік сайын құлдай келе жазық шаппада қаңтарылып тұрған шөп шабатын мәшинаны көрді де, атын желдірте бастырып жетіп барды. Шөп мәшинаны сүйрейтін қос атанды қосарымен қоя беріп, шалқадан түсіп жатқан Боранбайды көргенде алғашында «Мынау өліп қалған ба?» - деген жаман ой сап ете түскен. Қасына жетіп қақырынып дыбыс бергенде ғана, басын көтерген Боранбай, «Сәләмәлик...» - деп мұрнынан мыңқылдады да, тіктеп бір қараған соң қайтадан төменшіктей қалды. Өзі де жаратылысынан ұясынан шығып кетердей болып тұратын томпақ көзі одан әрмен ісіп кеткен екен. Ұйқының «әкесін тантып» жатқаны айтпай-ақ белгілі болып тұр.

-Әкеңнің үйінің төрінде жатқандай бұл не жатыс. А? Неге жүргізбейсің мынаны - деп, шөп мәшинаның отырғышын бұзаутіс қамшысымен бір тартты. Қамшысын қайта көтергенде «Мені ұрады екен» деп ойлап қалды ма Боранбай басын қос қолдап қалқалай беріп, «Маған не қыл дейсің? Мына шарқышыңа кәсөгөн шақ келмесе жоқты жонып салам ба?» деген шыр-пыр болып.

-Ой иттің ғана баласы! Оттапсың. Оттама деген соң оттама – деген Сәдуге қанталаған қызыл көздерімен ақшия қарап, қолына сынды деген кәсөгөннің сынығын ұстай атып түрған ол талтайып тұра қалды.

-Оттамасаң, оттама,

Қамзағали соққан баттама.

Кеше ғана майлағам,

Бір-екі рет айналған

Қалқоздың құрау дүниесін

Кім сынат деп ойлаған - деп аңырып қалған Сәдуге тап берген. Оқыс қимылдан жирен ат орнынан орғып кетті. Айылын бос тартып еді. Ертоқымымен қоса аударылып қала жаздап әрең оңалған. «Тайталасып тұрған мына қызылкөз пәлемен айдалада береке таппаспын » деп аттың басын Бараққазғанға қарай бұрған. Былай шыға әлгінің айтқан сөздері есіңе түсе берді. «Оттамасаң оттама,Қамзағали соққан баттама...» қайталап қаталай берді де жападан жалғыз қарқылдап күлді. «Рас ей. Расында да Қамзағалидің баттамасы». Тағы күлді. «Әй ит-ай! Әй қарақасқа, өзінің айтқышың-ай...»

Бараққазғанға келгенде нағыз айғай-шудың үстінен түсті.

Аягөз стансасына жақын ескі қала Сергөпілді айнала ұйымдастырылған- «Сталин», «Комунар», «III Интернационал», «Каганович» сияқты колхоздардың бірі осы «Буденый». Осылардың бәрі дерлік сүт сауып, май шайқап, брынза қайнатумен айналысады.

Бараққазғандағы таңертеңгі сауында сауыншылардың бірі, өр мінезділеу Әсия деген жесір қатын сауыннан қайтқанда үйіндегі аш-құрсақ балаларына шелек түбінде бір-екі кеседей сүт қалдырып, әкетіп бара жатады. Қатындарды қарауылдап қалт жібермей тұрған «запперме» әлгі әйелдің ұрлығын ұстап алады. Онымен қоймай тілдеп,жер-жебіріне жетеді. Бұған шыдамай кеткен адуың әйел қолыңдағы шелекті «запперманың» басына кигізе салыпты. Ақыр аяғы алыс-жұлыспен аяқталған осы шудың үстіне келген Сәду, жиналыс ашып, «жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып» барып атқа мінді.

Күн де кешкіріп көз байлана бастаған кез. Жол-жөнекей Қарамойылға соғып, тыңайуға жіберілген күш-көліктердің жай-күйін біле кетпек болып ат басың солай бұрған еді.

Қалың шілікті жағалап шарбақтан тоқылған қораға жақындап қалған. Оның аржағында кұйған кесектен салынған жер үй. Жалғыз кәрі төбет «е сен екенсің ғой » дегендей бір мыңқ етті де қойды. Шарбақ қораның сыртындағы шіліктің ішінде елеусіздеу жерде ер-тұрмандары алынбаған өңшең бір қара түсті үш ат қаңтарулы тұр. Қоршаудың ішінде мүйіздері шаңырақтай оншақты өгізді қамап қойыпты. Жұмыс аттары мен ондаған тай,байтал аралас жылқылар жайылымда болса керек.

Атынан түсті де қаңтарулы аттардың қасына бір басып, екі басып барып бұл жақтың ер-тұрманына ұқсамайтын қазақ ердің қасың сипап көрді де ішпек астына қол жүгіртіп еді алақанына ащы тердің табы білінді. «Алыстан келген жолаушылар болды» деді ойы. Өне бойың өз-өзінен бір діріл басып, денесі қырық құмырсқа жүгіріп өткендей шымырлап кеткеніне қайраң қалды. «Қой, үйге кірмей-ақ қояйын. Есің барда еліңді тап» деп үйіне, орталық ауыл Бозайға тартып кеткен.

Ендігі отырысы мынау.

Әр уақытта әр тараптан өкіметке қарсы дүмпулер болып жатыр дегенді ұзынқұлақтан естіп қалатын. Кей жерлерде қалқоздардың қоймасың жарып, егіндерің өртеп кететін жағдайлар болып тұрады екен. Анау Шыңғыстау, анау Шұбартау жақтан ескен жаманаттан құдай сақтасын деп шүкірлік етуші еді. «Неге ғана үйге кіріп кімдер екенің білмедім. Бөтен біреулер болса мені жеп қояр ма еді. Оның үстіне Қаби бүкіл отбасымен бар емеспе? Әй осы ақылдың түстен кейін келетіні -ай».

Арқанда тұрған жирен ат пысқырды. Шабыс тілегендегі әдеті. Тәк-әй жануар!

Үйге келді де шала шешініп төсекке қисайған. Көзі ілініп кетіпті.


  • Сәду, әй Сәду бармысың ойбай! Қабидің дауысы. Атып тұрды. Тамыздың таңы атса да үй іші ала көлеңке. Түн баласы есік ілінбейтін. Ауызғы үйдегі леген бе шелек пе бірдеңені салдыр-гүлдір қағып-соғып Қаби кірді.

  • Құдай ұрды Сәду! Бар жылқыдан айырылдық. Айырылдым – деді жыламсырап.

  • Үйіңе сырттан бөтен біреулер келмеп пе еді ?

  • Өлләхи,билләхи ешкімді де көрген жоқпыз.

Түндегі атты қонақтарын айтайын-айтайын деп оқталып тұрды да тоқтай қойды. «Ертең бір шый шықса, анау қызыл жағалылар көріп тұрып өзін не қарадың десе не дейді». Артың баққан жөн. Сонда да кісі жинап жер шолып, із кескені дұрыс.

Қойма қарауылы мен көлем күзетшіні ауылдағы бар бұтартарға мінгізіп Қаби төртеуі жолға шықты. Жандарбектен өтіп Ақбиіктің тұсына барғанда жосылған жылқы ізінің сорабы кезікті. Бет алысы оңтүстік. Ерғашты болған көбен жылқылар аса ұзай қоймас деген оймен атқа қамшы басысты. Біраз далақтаған күзетші екі шал далада қалды. Күзеген құнан мінген Қаби тапырақтатып ілесіп келе жатыр еді темір жолға таяғанда оның да қарасы көрінбеді. Арқанда тұрып өзін-өзі таңасырған жирен ат көлдеңен жатқан қос жолақ темір жолдан қояндай орғып өтті.

Жер апшысы қуырып желдей ескен жануар-ай, өлеріне көріндіме екен. Бүгінгі болар ала шапқынды білдің-ау жануар!

Қарақатың – Шәумеңге барғанда барымташылардың қарасы көрініп те қалған еді. «Тоқта, тоқта» деп айғай салған бұл қамшысын білеп.

Отызшақты жылқыны айдап бара жатқан үшеудің біреуі қолына ұстаған карабинін ердің қасына көлденең салып, мұның алдынан ойқастап қарсы алды. Құсқоңыр ат мінген, екі жеңі қарына дейін түрілген сұсты қазақ Кәрім еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын інісі екеуі Қытай асып кетіпті дейтін. Бірден таныды.

-Әй Сәду қайт! Қызыл өкімет үшін жан беріп қайтесін! Ақылға кел, артына қайт –деді Кәрім. Жылқы айдап бара жатқанның теңбіл қаракөк ат мінген біреуі қайта бері салды. О тәуба! Сырым ғой мынау. Ұялас қос бөрі. «Үшіншісі кім болды екен». Бұрыңғының заманы болса дауға да жауға да салатын арыстандай арыстардың нағыз өзі.



  • Уа Сәке ! Аман-сау барсың ба ? –деді Сырым. Бұл не десін.

  • Сенің қуа жететінінді білдік. Түнде сен келіп біздің аттарға қарап жүргенінде қалтарыста тұрғанмын. Мына астындағы жиренді қасқасынан таныдымда сен екеніңді білдім. Қайран жиренім-ай. Құлынынан құрулап құндақтаған бөпемдей мәпелеген тұлпарым-ай! Жүзден суырылып жүйткіп шығар Аягөздің айқасқасы атандырып едім. Күндіз-түні кісеннен босатпай, жан баласына жалынан да сипатпайды деп Қаби айтқан. Мына бар малыңды алып қал да жирен атымды қайтар! Басқа біреу болғанда сол жерде…- деп сөзін аяқтамады. Жиренге қарай ұмсына берген Сырымның көзінен екі тамшы жас домалап түсті.

  • Жоқ болмайды - деді бұл. Малды қайтарындар! Ол халықтікі, ортақ мал.

  • Әй Сәду, мал қайтпайды. Ал ана Қабиға қиянат жасап, залалыңды тигізуші болма! Оның жазығы жоқ. Біз, ана астыңдағы айқасқа үшін басымызды бәйгеге тігіп шыққан жандармыз. Жауым болсаң жаныңды жаһаннамға жіберіп жиренді жетекке алар едім. Туыстығымды бұлдап түрғаным жоқ Сәду, қайт дегенде қайт!

  • Қайтпасам қайтер едіндер?

  • Онда – деді Кәрім – астындағы атынды атып, өзіңді жаяу тастамыз. Осығанда риза боласын. Окружнойға қарай екі бел ассаң Ыбырайдың үйі отыр. Одан әрі ауылыңды табасын – деді де атының басын бұрып сырғи берді. Сәдуде тақымын қысып соңынан ұмтыла берген, бұрылып қараған Кәрімнің қолындағы бесатар шаңқ етті. Шыңғырып жіберген қайран жирен кескен теректей гүрс етіп құлады. Алдарындағы жылқыны шоқтай үйіріп баражатқан үшеудің артынан аса бір өкінішпен, өшпенділікпен қараған. Бір аяғы жығылған аттын астында қалған Сәду дәрменсіздікпен ызадан жылап жіберді.

Артынан әзер жеткен Қаби екеуі өлген аттын ертұрманың сыпырып алып, жаяу жалпы ауылдарына әрен жеткен.
Арада ширек ғасыр уақыт өтті.

Сталин о дүниеге кеткен кейін Совет үкіметінің кешірім саясаты бойынша Қытайдағы орыс қазақтың ерік-қалауына қарай паспорт таратылған. Сондай паспорттары бар Кәрімнің әйелі мен баласы Қалыбек шекара асып, Сергиопольға келді. Туған жерінен топырақ бұйырмаған екен. Кәрімнің сүйегі Қытайда қалды. Сырымда үй-орманымен әлі күнге сол колхоз кезіндегі атын жоймаған Буденыйға келіп қоныстанды. Бұл кезде Сәду де, Қабида осы ауылда аман-есен жүріп жатқан. Кешегі өткен сұрапыл соғыстан кейін күн көрістеріде бір арнаға түсіп, ес жиып, етек жауып қалған кез. «Ат айналып қазығын табады». «Бет көріскен соң жүз ұялады». Өткендегі оқиғаның шындығын ешкімге тіс жармай жабулы қалдырған Сәду мен Қабидің ауыз бірлігі арқасында олардың өздері де, қайтып келген Сырымғада, Кәрімнің бала шағасынада үкімет тарапынан ешқандай қысым болған жоқ. Әйтпегенде, шындықты білсе қылышынан қан сорғалаған кекшіл қызыл империя кешірмейтін еді.


Арада тағыда үш жылдай уақыт өткен. Бір күні Сырым Кәрімнің баласы Қалыбекті қасына ертіп, іңірде Сәдудің босағасына айқасақасы бар күзелген жирен тайды әкеліп байлады.

Көсем атаның әңгімесі
Төрт тарапта төрт биік – Ақирек, Ешкібай, Қызыладыр, Ақшоқының ортасында қаз-қатар сап түзегендей он екі үй Сәмен ауылы қайсы биіктен қарасанда көк бояулы көктемде көлде жүзіп бара жатқан аққулардай көз тартады. Бұлбұлы сайрап, қарала қарлығаштары сылаңдай сусып ұшқан мамыр айында маужыраған күннің нұры көзіңді қытықтаған керемет бір күндер өтіп жатты. Дала төсі көк масатыға оранып, көктен құйылған нұрдың жылуымен гүл даланың хош иісі жанынды жадыратқан осы шақты ештеңемен айрыбастығың келмейді.

Шаруалар егін егіп, енді қыстың қамы мал азығын дайындаудың айғай-шулы науқанына кірісер алдында сәл тыныс алып, малшылар болса малдын төлдетіп болған соң көң сасыған қорадан көктемеге көшіп шығып, енді жаз жайлауға шығудың әлегімен ат терлетіп жүрген кезі.

Ақшатауға қарай ауылдың үстімен өтетін «газиктердің» анда-сандағы гүрілі, көтерілген тозаңымен жағымсыз бензин иісі болмаса елең еткізер ештене жоқ. Ауыл тым-тырыс тыныштық құшағында.

Қос пәтерлік үйдің екінші жағындағы аядай қос бөлменің ауызғы үйінде грузиннің ашты шайын терлеп-тепшіп тартып отырған Көсем шалдың терісі кеңіп, терлігі жібігендей бөртіп отыр. Отырған жоқ ау, қос жастықтай екі күпәйкені қолтығының астына умаждай тығып алып, қисайып жатқан қарияның онсызда ұзын тұрқы одан арман созылып, шай құйып отырған шүйкедей кемпірінің бөксесінен айналып, арғы жақта оратылып жатыр. Шайдан босаған кесесін кемпіріне қарай қайтарғанда, салалы саусақты ұзын қолы кейуананың алдынан ары асып кетеді.

«Япырай – деймін ішімнен – мына апаның бойы, мына атаның кіндігіне де жетпейтін шығар. Жас кездерінде қандай болды екен». Екеуін салыстырмалап кезек қарап отырғанымды аңғарып қалдыма «Әй сарыбала, мына шал сырықтай болып, оқтаудай ғана бойы бар мына кемпірге қалай тап болды екен деп отырсынғой. Ә» деп ойымның үстінен дәп түсті.


  • Жо, жоқ ата! – сасып қалдым.

  • Жә, жарайды қызарма. Әлі жассың, әрі арғы беттен келдің. Бұл жақтағы бастан өткізген нәубетті сендер біле бермейсіндер ғой. Асықпасан бір әңгіме айтайын. Менінде әкетіп баражатқан шаруам жоқ. Ықылас қойып, сөзімді бөлмей тыңда, қарағым.

Біз Лекерден көзі тірі жүрген баласы екеуміз. Әнеу күні келіп кеткен інім Асқарды көрдің. Кітап жазады. Соғыстан алған жарақаты жиырма жылдан асса да жанына маза бермей жүр. Өзі де бала кезінен нәзік жан еді. Мен ғой. Құдай тағала маған ой бермей бой бергені. Асқар әйелді орыстан алды да Алматыда тұрақтап қалды. Аллаға шүкір. Бір-екі қарғасы бар қарайған. Қанша дегенменде өз қаныннан болмаған соң белгілі ғой. Қайтсе де өзіне тартып, бөлектеніп тұрады екен. Келінімді айтамын да. Жар дегендегі жалғыз бауырыма құдайдан қуат бер деп тілегеннен басқа не келеді менің қолымнан. Жә, өз жырымды жырлай бергенше саған айтайын деген әлгі әңгімеме көшейін. Шет жағасын естігенде шығарсың. Естімесең әлі талай естисің. Естірсің де жағаңды ұстарсың.

Осынау жалпақ елдегі малы барды « бай » , « манап » деп кәмпескелеп, көзіңде оты бар еркек кіңдіктінің бәрін ит жеккенге айдаған жиырма сегізінші жылдардан кейін, бұл жақтағы қазақ атанның құт-берекесі кетті ғой, қарағым. Соның аяғы қызыл қырғын аштыққа алып келді.

Топырағыңнан, суыңнан, тау-тасыңнан айналып кетейін осы Аягөздің өңірі ондай апаттан әупірімдеп аман қалды. Ол да ел мен жердің қасиетінен болар.

Отыз екінің күзі мен қысына қарай Арқаның төрінен ауып, азып тозған аш-арық осы мына Сергөпілдің көшесіне толып кетті. Өздері де шылқа майда отырмаған халық барымен бөліссе де, үздік-создық өтіп жатқан ауған елдің қайсысын асырайтындай халы бар. Өкімет тарапынан ортақ қазан ұйымдастырған болғаныменде күн жылынып қар кете бастағанда әр көшенің қалтарыстарында құшақтасып-құшақтасып қатып қалған өліктерді қөргенде, кешегі қалың елім – қамсыз қазағымның тартқан қасіретіне еңіремеген есі бар адам жоқ шығар. Темір жолы түсісімен сұлбасы қалқайып қалған қаладағы кеңестің бастықтарының тапсыруымен Сергөпілден алты-жеті адамдық топ ұйымдастырылды. Соның бір адамы мен болдым. Таң ертесімен қолымызға қайла, күрегімізді ұстап шығып, көшеден табылған мүрделерді жақын төбенің үстіне арбамен әкеліп жерлеген боламыз. Жердің тоңы әлі жібімеген. Қаһарлы қыстан жілік майымыз ұзілердей болып шыққан өзіміздің де қауқарымыз шамалы. Жарты метр тереңдікте жерді әрең қазамызда жарықтықтарды жаба саламыз. Құдай өзі кешірсін!

Алдыңғы жылы ғой. Совхоздың МТМ-сың өзен бойынан қыратқа көшіріп салғаны. Соған қатар биіктеу жотаның үстіне «нептебаз» дегенің орнатамыз деп трактормен топырақ итерген екен, асытнан шыққан адам сүйегі саудырап қалыпты. Оған қараған, аруақтан қорыққан кім бар дейсін. Аштықтан өлгендердің моласы жатыр дегенге де қарамапты. Мынау заманың ба заңың ба өсер ұрпақ құдайсыздыққа қарай бет бұрып барады ғой. Оның да бір зауалы бар шығар. «Елге ел қосылса – құт » деп , мына сендер көшіп келгенде тәуба дедім. Міне дастархан. Себебі, қазақи сыйластық, салт – дәстүр дегеннің ұмытылмағаның, ұмытылмайтының сендерден көріп тәуба қылдым. Кешегі өткен қырғын соғыс не көрсетпеді. Ең бірінші қазақты улы заһар – араққа құмар етті, бір. Ұлтымызды, ұятта болса айтайын некесіз былапыт қатынасқа үйір етті, екі. Айта берсем ... Жә, қоя – ақ қой!

Мен өзім соғысқа барғаным жоқ. Отан, отан деп ұрандап, орыстың жері үшін қаншама боздақ ажал құшып туған топырағынан алыста қалды. Қаншама ер-азамат мүгедек болып жарты жанымен оралды. Бұлардың артында қалған біздің де «өз жерінде,өлең төсегінде » демесең көрешегіміз шаш-етектен болды. Әйтеуір арты қайыр осы күнге де жетіп отырмыз. Алла тағала келер ұрпаққа бұндай нәубетті басына бермесін!

Бірді айтып бірге кетем. Анау бір жылдары аштықтан болған тағы бір жәйді айтайын деп отыр едім. Бұл жердің ой-шұңқырың әлі біле бермейсің ғой. Батпақтың бойындағы Сталин қалқозының орнынан ары Діңгектастан өтіп тарта берсең Тұмарбай деген жер бар. Ертеде Тұмарбай деген кісінің қыстау қорасы болған. Өзі бір орман-тоғайлы сулы өлке. Сол Тұмарбайға жақын «балалар» деген жер бар. Жаңа айттым ғой. Арқаның төрінен ауған жұрт сонау Досқаңа, Арсалаңды басып, елсіз иенмен Саңдықтастан бергі үстіртпен Тұмарбайға жетіп жығылады. Бір шеті Қараөткел, Күлтөккенге құлаған сулы өлкеге келіп аздап ес жинаған болады.Бірнеше ауылдың жұптасып, топтасып, бала-шағасын арқалап жетелеп әзер жеткендерінің әл-қуаты бары суыр, тышқан аулап бір күн еру болыпты. Ұстаған тышқанның сүйегіне дейін кеміріп жеп, қалжыраған ел өзара ақыл қосады. «Аягөзге жетуге әлі қанша жер бар құдай білсін. Мына балалар өз аяқтарымен жете алмайды. Ересектердің өзін не күтіп тұр ? Бұлардың өлгенін көріп өлгенше тірідей айырылып тастап кетейік » дейді. Ұзын саны жиырмадан асқан баланы бір тас қораға кіргізіп, есік-тесігін аша алмастай таспен қалап бекітеді. «Өлседе ит-құсқа жем болмасын » деседі.


Өткен жылдары Қарасуда малмен отырған Бекзат айтады. «Бір күндері күн батып қараңғылық қоюланғаннан кейін, сол тасқора жақтан шулап жылаған балалардың дауысы естіліп тұрды » деп. Содан бері Бақырқалған мен Қарасу жаққа бірде бір малшы аяқ баспай келеді.

Өңшең кілең қыршың, періште сәбилерді ажал аранына қолдан тастап кеткеннің несі жақсы. Аруақтарда тыныш жата алмағаны ғой. О, Алла! Жаратушы ием, өзің тәупық бер! Ал енді мына ауызың қайсы десе мұрның көрсететін апанды қалай алғанымды кейін айтып берейін – деп күлген Көсем ата әңгімесін аяқтады. Кесесін де төнкерді.



Оңашадағы ойлар
Өмірді өзенге теңеп жүруіміздің де қисыны бар шығар. Сол өзеннің иірілген иірімінде шыр айналып қалмай, не тереңіне батып түбіне кетпей, толқынымен таласып ағысымен жүзе берсең түбі, аққу-қазы тойлаған айдыны шалқар көлге ме, балығы тайдай тулаған шетсіз теңіз бар жерге ме, әлде бір су аяғы құрдым шөлге ме жетерін анық.

Пешенесіне жазылған көресісін көрмей көрге түспейтін адамзаттын ғұмыры – жағаға ұрған толқындай, алдыңғысының орнын артқысы басып, өлгені өшіп, туғаны өсіп жататыны ұлы Жаратушының жазмышында. Осы келте ғұмырды «қамшының сабындай» ғана деген екен дана қазақ. Расында артына қарасаң күні кеше ғана, алдына қарасаң бәйгеден келер жүйріктің көмбесіндей жерде көрініп тұр. Талқаның таусылар сәт таяп қалғанда, ұйкың қанбағандай құрысып, аузыңдағы сусыныңды біреу қағып жіберіп шөлің қанбай қалғандай жұтынған күй кешесің бе? Жоқ па? Шіркін-ай, әттең-ай, қайран дүние-ай деп өкінеде аласыңба? Жоқ па?

Жер бетіндегі миллиардтаған адам баласымен сансыз түрдегі жан иелері мен табиғат жаратылыстарының тағдыр – тауқыметін өз дегеніндей дәргейіне келтіріп, он сегіз мың ғаламды орын-орнына қойып, бір өзінің алақанында ұстап бақылап отырған Жаратушы ие – Аллаһтың керемет құдіреті!

Өзіне деген сенім мен жүрек жылуынан жұрдай, құлқынының құлы болып жүрген пенделеріне де рахымы мен мейірімін аямаған кешірім иесі де бір Аллаһ. Ол – ұлы! Ол – жалғыз! Ол – мәңгілік жеке, дара!

Ұлы қаған Шыңғыс хан - құдай әркімнің жүрегінде болуы керек. Жан дүниен мешітің болсын. Одан артық мешіт жоқ - деген екен. Расында Аллаһтың есіміне, оған деген сенім, сенің жүрегіннің тереңінен орын алмаса, онда ұстаған оразан, оқыған намазын, бар болмысың сахына төрінде ойнап жүрген әртістің кейіпіндей ғана. Сондағы алар сауабын қане?

Бәрі де көзін көріп, көңілге түйгеніңнен шығады.

Біреулер бар, ораза кезінде «ауызым берік» деп әлдеқандай діңдәрсіп қалатын. Ал қарап тұрсаң түрегеп сіиіп, алған бойдәретте жоқ, жәйнамазға бас қоюға ниеті де жоқ,намазды былай қойып бисмилләсі жоқ аузына не келсе соны көки салып – осылай жүріп парыз өтегенсіп көрінеді. Онымен кімді алдайды? Жаратушы иені ме? Қоршаған ортасын ба? Өзін бе? Тым құрыса Абай айтқандай «жер ұшық тиген кісідей тоңқаңдайда» білмейді-ау. Біреулер жүреді : «денсаулықты түзеу үшін ораза ұстап жүрмін» деп. Деңсаулығыңды ойласаң жылдың 365 күні бар. Қашан ұстасаң да кім қой деді. Бес парызға араластырып нең бар? Білімдәрсіп, діңдәрсіп!

Жер бетіндегі барлық халық қандай тілмен, қандай түрмен, қалай табынса да сонау шексіз әлем төрінде тұрағы белгісіз бір ғана Жаратушының бар екенін мойындайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) діннің апаты үшеу: Аллаһтың жолын бұзушы пасық ғалым. Залым патша (әкім). Шешім айтушы шаламолла – дей келе «Дінге тереңдеп кетпеңдер. Себебі сіздерден бұрынғы қауымдар дінге тереңдеп кеткендіктен апатқа ұшырады. (Бұл мәселеде ақырына жетемін деп адасып кетуініз мүмкін) деп ескертеді. Мағынасына терең бойла. Күпірлікке барма.

Қазіргі күні кейбір молдалар уағызға ұйыған жұртты Алланың беретін жазасымен ғана қорқытып, қасиетті құран сүрелерімен шариаттан жаттап алған тәмсілдерімен қауымды тозақ отымен үрейлендіріп уағыз айтқанды ұнатқандай. Алланың кешірімділігін насихаттау жағына келгенде оны ұмыт қалдырғандай.

Адамзатта әрбір мұсылман баласы Алладан қорқуға, оның барлығын, бірлігін, туғанда туылмаған да екенін, мәңгілігін мойындауға міндетті. Соның өзінде ақыл, сезімімен, жан-жүрегімен беріліп кәлимаға тілі келгенде ғана мұсылмандық сатыға көтеріле алады. Олай болмағанда, «мен мұсылманмын» деп жүрген адамның жеке өмірімен қоғамдық өміріндегі діни жора-жосықтарды мінсіз атқарып жүрген сияқты көрінуі түкке тұрмайды. Ондай адамның сырты көз бояу, іші толған күнәһар пендешілік қана.

Кері кеткен кеңестік замандағы коммунистік идеалогияның күштеуі мен «дарвинизм» атты материалистік көзқарастың қалыптастырылуы, қалыптасуының зардаптарының түп тамырына балта шауып, отанды, ұлтты қауыпты да қатерлі дерттен айықтырамыз десек, ең басты күш - әрбір адамның ұлттық патриоттық сезімін оятып, жастардың, болашақ ұрпақтың діни сауаттылығын арттыруда. Оқыған – тоқыған білімді адамдардың өзін мұсылманшылықтың негізгі қағидаларымен сусындатуда деп білуіміз керек. Оның өзінде ұлттық болмысымыздан, салт – санамыздан ажырап қалмай, дін жолы деп жүріп рухани байлығымызды жоғалтпау басты нысана болуға тиіс. Біздің ұлттық тәрбиемізде, құран-каримдеде берік дәріптелетіні - ата мен ананы, үлкенді сыйлау қалыптасқан заңдылық-екені. Қазақ айтады «үлкен тұрып сөйлеген кішіден без...» деп. Неге? Оның негізі адамды, ұлтты көргенділікке, сыйласымдылыққа тәрбиелеуде. Той-томалақта болсын, азалы дастарханда болсын ниет қайырып, бата беру ежелгі салтымыз бойынша ақсақалды қарттарымыздың, аузы дуалы инабатты үлкендеріміздің еншісінде еді.

Соңғы бір кездері бір емес бірнеше мәзірде ата сақалды үлкендер былай қалып, өрім жастың (әрине молда сымақ) бата бергенін көргенде, осы біз ұлттық дәстүрімізден ауа көшіп адасып бара жатқан жоқпыз ба деген оймен тарасатынымызды жасыра алмаймыз. Сол жерде отырған молданың өзі бұндай келеңсіздікке ләм демей, керісінше қостап отырғанына таңымыз бар. Сонда сол молла ұлт дәстүрінен хабарсыз, шала сауатты дүмшенің өзі болғаныма?

Соңғы кезде көңілге қонбай жүрген, дәстүрге айналып бара жатқан жағымсыз бір әдет: мархұмдар мен мархұмалардың артынан берілетін жоралар – жылы, қырқы, жетісі, тіпті жерлеу рәсімін орындап келгеннен кейінгі дастарқан мәзірінде бата сұрауға кәмелетке толмаған жеткіншектерді жетелеп әкелетінімізге не жорық. Оу, ағайын. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші жаны таза күнәдан пәк жас ұланымызды өлім-жітім жорасына неге араластырамыз.

Жас өркенге, ерте-ертеден бергі ата-бабамыз салған із бойынша қонақта, тойда не ұлы сапар алдында ел құрметтеген даналардан ақсақалды абыздар мен жаны жайсаң ағалардан ғана бата сұратушы едік қой. Одан қалса ақ пейілді әжелер мен ақ жаулықты аналар тұр ғой.

Ал енді жасы үлкен ғой деп біреуге бата бер десе, оның өзі қайда, не үшін бата беріп отырғанынан жаңылып басқа жаққа лағып, арасында өзін не қайдағы бір қысыр сөзін қыстырып мыжып тұрып алғанын көргенде «әй саппас-ай» деп жігеріңнің құм болатыны-ай. Тағы бір жаман әдетіміз – мархұмды соңғы сапарына жөнелтіп келгеннен кейінгі хатым-құран түсірілетін дастархан үстінде бір-бірімізді жәңа көргендей әлдеқашан өткен, сан қайталап тозығы жеткен бірдеңемізді қоқсытып, араның ұясындай гуілдеп отыратынымыз. Орынсыз ыржалақтап тап бір тойда отырғандай талайсыз мінезімізге не дейміз? Өлім үстінде ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз десе де әрқайсысының шегі бар. Осы үш арсызда шамадан асып, ыңсап жасамаған пенденің өзі барып тұрған арсыз болып көрінбей ме? Оның үстіне қаралы күнді бастарынан кешіріп отырған хақы иелерінің көңіліне келмес пе екен деген ой басымызға кіріп шықпаса, онда кім болғанымыз? Сезім қайда? Төзім қайда?

Одан кейін, өркениетті елдердегі қабірстандарды көріңізші. Түрік бауырларымыздың жерлеу тәртібі қандай?! Қабір аралары тас төселген жолдармен жасыл желекке оранған. Дәл бір саябақ тәрізді. Тіршілік тұрақтарынан, ағылған жолдардан аулақта. Бізде ше? Бізде Қазақстанның қай түкпірін көрсеңіз бір облысына бір Белорусия сиып кететіндей жері жетпегендей күре жолдардың шетіне жиектете өлгендердің үйін тұрғызуға құштармыз. Сол күре жолдардан бір-екі шақырым қиыс қабірстан тұрғызсақ өлілер риза болмай ма? Жоқ! Олар үшін басына алтыннан сарай тұрғызсанда оларға келер сауап жоқ. Олар үшін жыл сайын белгілі мерзімде моласын күтіп артынан құран-каримнен білгеніңді шын адал ниетінмен бағыштап отырсаң, соған риза. Артында қалған ұрпағы жаман атын шығармай, өзінің адамдық қасиетін қастерлей алып жүрсе соған риза. Бәленшенің баласы бәленшеге тұрғызған мазарын-ай. Батылдығы-ай, байлығы-ай, барлығы-ай деген жалған, бәтуәсіз мадақтан дәме етіп, тірліктегі бәсеке – бақталастықты өлілер арқылы жарнамалап, жарыстырып даңғойлығыңды дәріптегеніңнен басқа не сауапқа жеттім деп ойлайсың?

Айт пен жұма күндері жақын жуықтарыңның басына барып құран бағыштап қайтайын десең, қалай болса солай қиқы-жиқы орналасқан зираттардан арасынан жол тауып әзер жүресің. Тіпті кейбіреулерінің басы теріс қаратылып, құбыланың қай жақта екенін де ескермеген. Осы кемшілікті айтып, тәртіпке шақырған не билік орындары не діни өкілдерден кімді көрдік?

Ойланайықшы, ойға қалайықшы ағайын! Бар тілегіміз де зар тілегіміз де Аллаһ ұлтымызды тілінен, халқымызды дінінен, салт-санамыздан айырылып қалудан сақтасын!



Орайы келгенде ой бөлісіп, көңілде жүрген осы бір күрмеулі күдікті ортаға салғым келді. Бізден кейінде заман өзгерер. Дүниеге жасық емес, асыл дінімізбен ата-баба салған сара жолмен бұра тартпай жүретін жасың ұрпақ келер. Соған жеткізсін! Ел де аман, жер де аман, ер де аман болсыншы.
Ш.Есалы


Әкем Қойгелді.


Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет