Советтер елінде
Осыдан төрт күн бұрын шекарадан өткеннен бастап алаң көңілім бір орныққан емес. Адасқанның алды жөн, арты соқпақ. Бәрі де жаратқанның жазмышынан десекте, бір үміт, бір күдік ұялаған жан-дүниемді әлде бір өкініш, әлде бір қимастық сезім құрсауынан шығармай, сонау артта, алыста қалған туған жерге жалтақтатып, жаутаңдатып мойын бұрғыза бергенін несіне жасырайын. Бала емеспін. Бақандай он төрттемін. Қазақ он үштегі отау иесі дейді. Жақсы атаның баласы он үшінде баспын дер, жаман атаның баласы отызында жаспын дер дегенді құлаққа құйып өскен мен үшін он төрт дегенің боз бала жастың ес жияр шағы көрінетін.
1962 жыл 22 көкек.
Совет одағы шекара торының жарты шақырымдай жерін жинап тастаған екен. Қаракітәт өзенінен бұра тартқан, шекара сызығын бойлай ағып жатқан терең арыққа әр жерден ағаш өткелдер салынып,арғы беттен өткендердің жүгін өткел аузында қатарласа тұра қалған машиналарға лақтыра тиеп жатқан адамдар. Араларында автомат асынып ары да бері де сабылысқан орыс солдаттары. Ызың-қию біреуді біреу білместей қалың қарбалас.
Баяу жылжыған өмір ағысын алып біреу тиірменнің тасындай зыр айналдырып жібергендей.
Босқын жұрттың айкайымен маңыраған мал, кісінеген жылқы дауысы қосылып, әлемде не болып, не қойып жатқанын білместей аласапыран, толассыз бір уақыт өтіп жатты. Лайбұлақ атты кең сайдың ішіне әкеліп төгіп жатқан халықтың біреулері итарқа тігіп, біреулері керегені кере салып ықтырма жасап, кейбіреулері аспан астында жүктерін ықтап отырған осынау қалың нөпірдің алдында қандай тағдыр күтіп тұр, ол Жаратқан иенің жазмышында ғана мәлім еді.
Мал біткенді бағана осы сайдың бас жағында жинап жатқан жерге айдап апарып өткізіп бергенбіз. Енді бұтартар бір қылқұйрықсыз қалған, өзін қоярға жер таппай сенделіп жүрген әкемнің қабағы тым қатулы. Анам байғұстың ұстамды да, мейірім төккен жанарымен әр қайсымызға бір қарағаннан басқа қолынан не келсін. Әкемдікі мал ашуы-жан ашуы ма? Бұйырмағыр-өзі де бұйырмады ғой-анау кеткен мал кейінгі екі-үш жылда өсіп-ақ кетіп еді. Шығасыға көрінгені де. Оның үстіне шекара бойында машиналарға жүктерімізді тиегенде біздің екі бума тең қайсы машинаға кеткенің ешкім білмейді. Қалың елдің арасың жаяулап байқастаған мен ылдым-жылдым. Қайдан табарсың? Кімнен сұрарсың?
Еру болғанымызға екі күн. Әр жерге үстел орындық қойып алып жазғыштар жан басын тізімге алған соң тағы бір күн аял болдықта түстен кейін жүктерімізді тиеп кеш қарая жолға шықтық. Қабылдаушы үкіметтің әдейі істеген әрекеті-ау күннің жарығында емес тас қараңғыда жолға шығарғаны.Бақтыда жан басына 10-20 сомнан ақша таратып бергеннен соң тура жолға түскен машина қараңғылықты қақ жарып бір ырғақты ызылмен сырғи жөнелді. Жүргізушіміз орыс жігіті. Шер Зада ағам кабинаға отырды да қалғанымыз үстіне жайғасқанбыз. Інім Шах Мұхаммед әкем мен шешем бар біз төртеуміз. Бөлелерім Мұратжан мен Бәтіш, анамның туған апайы Нүрила тәтем бар олар үшеу. Кішкене Айтмұхаммедті бауырына басқан Қалиман шешем мен Қыдырмолла ағам бар онымыз машина үстінде ырғала шайқалып, қалғи-шұлғи Үржарға да жеттік. Атымды Гена деп атай беріңдер деген шопыр жігіт өз үйіне алып келіпті. Жас келіншегі, әлде шешесі, әлде енесі жасамыс тағы бір әйел таң атпай зыр жүгіріп шәй қойып, оны-мұнысын қуырып бәйек болып жатыр. Діні де тілі де басқа болса да ниеті бір осындай мейірман бауырмал жандардың кез болғанына көңіл тоғайып қалды. Бастарының сақинасы бар әкем мен шешем ашты шәйді қанып ішкен соң қабақтары ашылып, жадырап әйбәт болып қалды. Сағат оңға дейін әбден тынығып болды-ау деген кезде Гена бізді еркектерді ғана шұбыртып жаңа ашылып жатқан дүкендерге алып барды. Өзі бастап керекті шәй, қант, нан, күріш, тұз қыл аяғы сіріңкеге дейін алысып қара тер болып жүр.
Қажетімізді түгендеп болдық-ау дегеннен кейін үйіне келдік. Жолға шығар шәй дастарқаны үстінде Гена әкеме қарап: аға, егер сіздер қарсы болмасаңыздар мен сіздерді апар деген жерге апарғым келмей отыр. Осы бетте шығып кетсек ертерек Аягөзге жетіп қаламыз. Қалаға жақын бір совхозға апарайын. Өздерінізде қалада,қалаға жақын жерде тұрған екенсіздер. Әлі алдағы уақытта балаларыңыз үшінде жақсы болады деді.
Бейтаныс та беймәлім бөтен жер, бөтен ел біз үшін қайда барсақ та бәрібір еді. Ақ пейілі, жанашыр көңілімен айтқан Генаға разылықпен мақұл мақұл дескеннен кейін үй иесі әйелдерге қощ айтысып жолға шыққанбыз.
Буылған теңдерді айнала жинап ортадағы ойыққа он адамды отырғызып алған қаракөк машина солтүстікті бетке алып зырлап келеді. Сонау шекарадан бері оң жақтан қапталдасып келген Тарбағатайдың таулы жоталары енді аласарып, күнде екінтіге таяп қалған кезде қарсы алдымыздан түтіні будақтаған қаланың сұлбасы көрініп те қалған еді. Қала шетіне жетіп сәл еңкіш ылдидан түсе бергенде көлденең керілген қызыл ала ағашқа тұмсық тіреген машинамыз кілт тоқтады. Басымызды көтеріп жан-жағымызды бағдарлап отыр едік сәлден соң сол жағымыздан жер дүниені солқылдата қара түтінді будақ-будақ лақтырған қара паравоз сүйреген ұзын состав тақ-тұқ, сарт-сұрт өтіп жатыр, өтіп жатыр. Кинолардан көрген пойызды дәл қасында тұрып алғаш көруіміз. Пойыз өтіп болысымен орнынан қозғалған машинамыз маңдайшасына маслозавод деп жазылған қақпа алдына келіп тоқтады да, Гена ары ішке кіріп кетті. Көп кідірмей бір мескей толы кілегей алып келіп тұр. Бізге ішкенімізше бір кеседен, жарты кеседен ішкізді де қалғанын біздің ыдысқа қотарып беріп босаған мескейді апарып қайтып келді. Асықпай осы жерде түзге (туалетке деген ағаш үйшікті көрсетіп) отырып алыңыздар. Баратын жерге келіп те қалдық деп тұр сабазын. Аягөз өзенінің көпірінен өте салып екі шақырымдай жүрдік пе жүрмедік пе аумақты ауылдың көшесін аралай келіп клуб деген жазуы бар үлкен үйдің ауласына кіре тоқтадық. Бізден бұрын да келгендер баршылық екен. Клубтың іші-сырты толған адам. Кіріп-шығып жатқан жол жүріп шаршап шалдыққан өңшең бір жүдеубас адамдар.
Дауалдан бастарын асыра мойын созып таңырқай тамашалаған ірілі уақты балалар. Бірен-саран үлкендер де бар. Адамдар емес цирктің маймылдарың көргендей ауыздары ашылып, көздері бадырайып қарайды. Бұлардың өзі қазақпа әлде қытайма деп анығына жете алмай аңырып тұрған жайлары бар сияқты.
Әлде қайда кетіп қалған Генамыз бір уақытта ырғала басып,ыңырана сөйлейтін үш-төрт кісіні ертіп келді. Әуелі қабағы тырысқан біреуі машинаның кабинасы жақтан шығып үстіндегі бізге көз салып, дәл бір базарға сатуға әкелген малды қарағандай бір-бірден қадала қарап шықты.
Хал жайларыңыз қалай, қалай жеттіңіздер дейтін жан болсашы. Өздері өңдері қазақ болғанымен тілдері орыс. Генада олармен тәжікелесіп-ақ тұр. Арасында әй ағалар сіздерде қызық екенсіздер деп қояды қазақша.
Сонымен іңір түсіп, көз байланғанша келісім болды-ау деймін. Бірақ түңгі он бірге дейін тосып төзімі таусылдыма Генада сағатына қарағыштай берді. Бір заматта гүрс-гүрс жөтелгендей дырылдай келіп тоқтаған машинаның шопырымен сөйлескен соң ол кузовқа кузовты жақындастырып машинасын қойды. Тас қараңғыда жүгімізді екінші машинаға аударып тиеп алдық.
Біз қашан қозғалып кеткенше Генада орнынан тапжылмады. Неткен абзал жанды азамат еді! (Бір ай өткенде Аягөзге жүкке келген ол әдейілеп іздеп тауып алып, жағдайымызды қөріп,асықпай отырып шәй ішіп кеткен. Қайтып бет көрісуді жазбапты. Азамат қашанда аман жүрсінші деп үлкендеріміз еске алатын.) Кепкен кебеже тиеп алғандай мына машинаның жүрісі-ай! Тас қараңғыға көмескі түсетін жарығының кеселінен жолдың ой-шұңқырың байқамай қалама, болмаса осы қаңғыбастарға обал жоқ дейме ішек-бауырымызды солқылдатқандағы көрген қорлықты айтпаңыз. Кешеден бері Генаның жұмсақ жүрісті машинасына үйреніп қалған бізге мына жүрісі ұнап келе жатқан жоқ. Мазасыз жүрістен қанша уақыт өткенің де байқамаппыз, ағараңдағаң үйлері бар бір жерге келіп тоқтадық-ау. Алдына келіп тоқтаған үйге кіріп кеткен шопырға ілесе бағана клубта көрген кісінің біреуі ала дамбал, ала көйлек киіп алған екен, шықты да осы үйдің екінші жағындағы есікті нұсқап жүкті түсіруді бұйырды.
Үйдің іші бос емес. Кәресін иісі сасыған шамның күңгірт жарығы түсіп тұрған бұл үйде бірталай адам бар сияқты. Үй төрт бөлме. Түпкі екі бөлмесін бізге деп босаттырып қойса керек. Ауызғы кіреберісте ұзын көйлегінің етегі аяғының басына түскен өзі де ұзын бойлы орыс кемпір және екі жас әйелдер үрейлі үркек көзбен төргі үйге жүк кіргізіп жатқан бізге ары өтсек те, бері өтсек те қалт жібермей қарап тұр. Бүйірдегі бөлмеден сыбыр-күбір еркек дауыстары естіліп тұрды.
Таң атып, жарқырап күн шыққанша ешбіріміз ұйықтаған жоқпыз. Ұйқы қайдан келсін. Айнала жарық болып анық көрінгенде қарасақ төрт жақтан төрт жол түскен ойпандау жазықта алты-ақ үй бар екен. Анау жарты шақырымдай шығыс жақта тастан қаланған үймен тағы бір шатырлы үй көрінеді.
Төрт тараптан құлаған төрт жолдың қайсысымен келдік, оған әзірше зердеміз жетіп тұрған жоқ . Таңертеңгілік шәйімізді ішейік деп судың қайда екенің көршіден сұрастырып едік анау көрінген тас үйдің қасында бастау бар деді.Су әкеліп,ауыл - үйдің айналасынан кепкен жапа теріп, іргелес үйдің алдындағы жерошаққа рұқсатын алып от жағып таңғы несібемізді ішкен болдық. Біз түскен осы үйде үш семья орыстар тұрып жатыр екен.Үш еркек, үш жас әйел, бір кемпір мен үш жас бала. Кірсек те шықсақ та сезіктене қарайтын сол баяғы ұзын кемпір. Діріл қағып кішкене немересін бұтына қысып, етегімен бүркеп тұрғаны. Артынан білдік, қарсы үйде тұратын, аузындағы насыбайын шырт түкіріп тастап, сыздықтап сөйлейтін Сәбихан деген кісі осы орыстарға біз келерден бұрын кісі етің жейтіндер келе жатыр деген екен. Немересін біздің қазанға түсіп кетуден сақтанған сақтығы екен де кемпір байғұстың. Сары орыстың бәрі орыс дегендей бізге бәрі орыс болып көрінгенімен олар украиналықтар көрінеді. Жергіліктілердің айтуынша тың көтерудің дабылымен келіп қалған хахолдар. Бірақ біз келісімізбен олар көп тұрақтаған жоқ . Арты бір-екі айдың ішінде-ақ кетіп болды.
Ірге тепкенімізге екінші күн дегенде, сонау тасбастаудың суағарындағы көкжайдаққа,тас үйдің маңына, өр жақтағы қасқа жолдың қасындағы бұлақ басына тоқтаусыз ағылған машиналар легі Қытайдан өткен елді төкті де тастады. Бір күннің ішінде ауылдың айналасы кигіз үйлі қараша ауылдармен толықты да қалды. Абыройы болған да осы келгендердің бәрінде дерлік баспана боларлық қазақүйлері бар екен де. Әйтпесе кеше келген біздің әрен қыстырылып отырған жайымызбен мынау қалың елге қайдан басқалқа тауып берсін. Осының ертеніңде бізге іргелес үйдің қожайыны осы ауылдың опырап атты бастығы Шер Зада ағам екеуімізді қасына шақырып алып, біздің хат танитынымызды, жазу сызу білетін-білмейтінімізді сұрады. Сауатымыздың барлығын айттық .
-Қағаз, қалам алып екеуін мына келгендердің бала шағасымен аты-жөндерің, фамилиясымен туған жылдарың жазып әкеліңдер деп тапсырма берді.
Бастау басындағы бес-алты үйден бастап тізімдеуге кірістік. Көбі аты жөндерің айтқанымен фамилия дегенге келгенде кібіртіктей береді. Фамилия - әкенің әкесінің аты деп түсіндіретін болдық. Тас үйдің қасында жекелеу отырған қараша үйге келдік. Онда аласа бойлы сары әйел адам мен көзі бақырайған жуанбас ұл, кішкене қара қыз отыр екен. Отағасы мен үлкен ұлдарың келіп жатқандардың арасынан таныс іздеп аралап кетті деді. Отағасының атын сұрап едік әлгі апай әй Дәулет ахун дадаң атын айтып бер деді. Дадам Тұрды ахун деді бала.Дадаңның дадасы кім дегенге бала басын шайқады. Апай өзіңіз айтып беріңізші деп жалынғандай болған соң ол кісі өзімізге сұрақ қойды.Әлгі мұсылманша біздің дінді қалай атаушы еді деді. Дін – Ислам ғой деді Шекен. Дәл солай, дәл солай, Юсуп ахунның үлкен дадасының аты деді ол кісі. Ислямов деп жаздық. Кейбіреулері кейде сұрағымызды түсінбей қарақтарым біз Жүнгуден келіп отырмыз, ондайды біле бермейміз дейтіндерің қайтерсің. Бізде сол жақтан келгенбіз дегенімізге сеніңкіремей күдікпен қарайды-ау.
Бәрін аралап болып, үйге келгеннен соң Шекен ағам таза қағазға сызғышпен сызып, өзінің әдемі жазуымен тізімді реттеп жазып шықты. Бастыққа дайын тізімді апарып қолына бергенде: мынаны біреуге жаздырдыңдар ма ? Кім жазды деп қалды. Өзіміз, мен жаздым деді Шекен. Түріне қарасам аржағынан әлде бір ашу мен ызаның ызғары шығып келе жатқандай өңі өзгере қалды. Кеше ғана хат тани аласыңдар ма дегені есіне түсті ме өзіде ыңғайсызданып қалған бастық ағамыз жақсы жақсы деп айнала берді.
Жылқы баласы кісінескенше, адам баласы сөйлекенше дейді ғой. Күн өткен сайын жергілікті тұрғындармен танысып білісе бастадық. Опыраптың аты-жөні Кенжетай, фамилиясы Ережепов, сол үйдегі ақжарқын мінезді ашық та жұмсақ сөйлейтін апаның аты Ажар. Ажар Кенжетайдың жеңгесі. Келінінің аты Тұрған , Базар атты бойжеткен қыздары, он-онбірдегі Жақан атты ұлдары бар. Қарсы үйде тұратын әлгі орыстарды бізбен қорқытатын ағаның аты Сәбихан, ол кісінің жәмәғаты Үмітқайша, Көкеш, Болат, Гүлжанат деген кішкентай балалары бар. Олармен іргелес Төлеуғазы ақсақал, Қалибай атты тракторшы ұлы келінімен бір топ жан. Қытайдан 1955 жылы келген, жергілікті тұрғынға айналып-ақ қалыпты.
Құрылысы былтырдан бері ғана басталып жаңадан салынып жатқан бұл ауыл – Сергиополь совхозының 3-фермасының орталығы Сәмен деп аталады екен де , совхоздың егістік жері дерлік осы бөлімшенің үлесінде, онымен қоса үш табын сауын сиыр, үш-төрт қора тайынша-торпақ, жеті отар қой, жеті жүздей жылқысы бар дейді. Күзге дейін өзіміз тұрып жатқан үйлерге қарсы екінші қатардан тұрғын үйлер салына бастады да қыс түскенше барлығы да бітіп пайдалануға берілді. Әр жақтан көшіп келіп орналасқан шаруашылық мамандары, шофер, тракторшы, жай жұмысшылар ауылымыздың ажарың кіргізіп, толықтырып-ақ тастады.
Бұл кезде Мұратжандар бөлек үйге шығып, Қыдырмолла ағалар мал бағуға қыстамалардың біріне кетті де төрт бөлмелі үйде өзіміз ғана қалдық.
Көктемде босып келген елдің ауылда қалғанынан басқасы түгелдей сырттағы мал қыстамаларына шопан, сиыршы, жылқышы не солардың көмекшісі болып таратылып кеткен-ді. Жыл он екі ай малдан шыға алмайтын жергілікті ағайындардың арқабастары босап бір ер ай жырғап қалды.
Күз де келді. Шах Мұхаммед інім ауылдағы бастауыш мектепте қалды да мен Сергиопольдағы мектеп-интернатқа қабылдандым. Нешінші класста оқыдың дегенге сегізінші деп нем бар еді. Сол сегізіншіге қайта түстім. Күзгі жиын-терін аяқтап жұмыс көлемі саябырсығаннан кейін, совхоз басшыларының шешімімен Шекен ағамда Сергиопольдағы тракторшы-механизаторлар дайындайтын курсқа келіп түсті. Сол жылы сол курсанттардың барлығы Қытайдан келгендер болды.
Шынымды айтсам , Ашылдай жеміс-жидегі мәуелеген, қалың талды бас-аяғы ат шаптырым ауылда тұрып, Шәуешек сияқты қаланың еңселі үлкен мектебінде оқыған маған бұл жақтағының бәрі де алғашында тым қораш көрінді. Себебі, біздің I – қазақ ерлер мектебінде аты айтып тұрғандай қыз балаларды оқытпайтын. Кілең ұлдар еді. Мектептің орналасқан аумағы осы Сергиопольдың жартысындай көлемді алып жатыр. Мектептің ішкі екі басында екі спорт залы , сыртта екі волейбол, екі футбол алаңы, мектепті айнала үш-төрт жерде фифаншур (теннис) столдары қойылған. Таңертең сабақ басталардан бұрын мектеп алдындағы алаңда радиодан берілген команда бойынша кезекті номерлі гимнастика орындалатын.
Қыс кезінде мектеп берген жылтыр бәтеңкелі темір шаңғымен (жүгіруге, хоккейге арналған екі түрімен) түнде халық клубындағы мұз айдыны жабылғанша сырғанап қайтушы едім.
Мен келіп түскен Сергиопольдың орта мектебі ол кезде тым аласа үйде
ішкі бөлмелері, залдары қараңғы ескі құрылыс нысаны болатын. Бір күні «физкультура» деп аталатын дене тәрбиесі сабағында далаға шықтық.
Дене тәрбиесі сабағының оқытушысы Мұсатаев Самат ағай отан соғысына қатысқан, әлі сол әскери киіммен жүретін негізі жақсы адам еді. Қолына ұстап алып шыққан добын бізге қарай сермеп лақтырып қалған соң, ұстай алып аяғыма салып бір-екі қақпақылдап, мектеп қабырғасына қарай бір теуіп қайта ұстап алғанымды көрді де «Ей – саусағымен самай тұсын бұрандалап – мынау қолмен ойнайтын доп, аяқ добы басқадай болады» деп білместігімді бетіме басып-ақ тастағаны. Басқа балалардың алдында «білімсіздігіме» қатты ыңғайсызданып қалдым. (Қандай күйде тұрғанымды ішініз сезіп тұрған шығар). Ішімнен «әй енді осы физкультурасына қатыспай-ақ қойғаным жөн шығар» деп түйдім.
Сол жылғы оқу маусымының екінші тоқсанын аяқтап оқуды тағдыр маған жазбапты. 11 айдың 21 күні кешінде қар аралас жауған жаңбырдан аяғы көктайғаққа айналған көшеде жүгіріп келе жатып жығылып, қыр жіліншігімді тасқа соғып сындырып алдым. Сол құлағаннан аудандық ауруханадан 6 март күні бірақ шықтым.
(Ұшына тидіме осы аяқтың бейнетін он тоғыз жылдай тартып, ақыры Семейде отаның білгірі, атақты Илизаровтың шәкірті, жақында Қорғаннан ауысып келген Аманғазы Мәсәлімұлы Жанасбаевтың шипалы қолынан жазылып кетті. Медицина ғылымының докторы, абыройы асқан азамат еді. Аллаһ ғұмыр берсін оған.)
Аудандық ауруханада жатқан үш жарым айдың ішінде талай кітапты аударып шықтым. Екі күннің бірінде халымды біліп тұратын Шекен ағам Сергиопольдың ауылдық кітапханасынан кезекті кітапты әкеліп беретін. Бір сәт аяғым қақсап ауырғанда, ем қабылдау кезінде, не тамақ ішкенде болмаса кітаптан бас алмаймын. Қатарлас төсекте дөңгелек қызыл жүзді дембелше кісі, қуығы тұтылған аурумен жатқан атақты Әріп ақынның бел баласы Файыз ақсақал, оның арғы жағындағы төсекте бауырына ота жасатқан өзіміздің қарақұрсақ Төстікбай аға жатты. Саныма дейін гипстеп тастаған аяқпен түрегеп көп отыра алмайтындықтан кітапты көбіне жатып оқитынмын. Кейде бір күлкілі, әсерлі жерлеріне келгенде күліп жіберем, не өнім өзгеріп кете ме екен мені бағып жататын Файыз ата «Әй ұлым дәл сол жерін қайталап оқып жіберші» дейтін. Болған оқиғаға қаныққан соң рахаттана күліп алып, әлде бір әсерлі әңгіменің тиегін ағытып жіберуші еді. Ондайда оқып отырған кітапты жауып тастап Файыз атаның аузына қарайтын едік. Күнде кешкілік Сара апа шалына қарабұрыштап кеспе көже әкелетін. Рахмет дегенімізге қарамастан бізге де бір-бір кесе көже құйып береді. Файыз атаның дәрігерлік оқуды оқып жатқан ұлы Болатты да алғаш сонда көрдім. Кейін Аягөздегі білімді де білікті хирург Болат Арипов ертерек марқұм болып кетті. Сол кездегі Аягөздегі дәрігерлер шетінен жоғары санаттағы ығай мен сығайлар еді-ау. Хирургия бөлімінің меңгерушісі Марта Эдуардовна Лаутеншлегер, Н.Аносова, жас хирург Балтабек Оразбаев, аурухананың бас дәрігіері Т.Құсымжановтар нағыз адам жанының арашашылары еді. Дүйсенбі сайын «генеральный обход» жасайтын Т.Құсымжанов бүкіл аурулардың ауру тарихын білетін десем артық емес. Және ол кісі аралағанда кәрі жас демей бәрінін хал-жәйін тәптіштеп сұрайтын. Ол жүрген кезде аурухана іші былайда тып-тыныш болғанымен ұшқан шыбынның дауысы естілердей жым-жырт болар еді.
Бірде Файыз атаның қалыс ағайыны Бейсенбі деген кісі келіп көңілін сұрап, азырақ отырып кетті. Кешкісін Сара апа көже әкелген ыдысының қақпағын аша алмай жатқан. Файыз ата «Әй сендер мына Сара апаларынның өлең шығарытынын білмейсіңдер ғой» деп екі жағына кезек қарап:
Біздің қайын Бейсенбі,
Подгорная көшесі,
Тоқсан бірінші үйге келсеңші.
Тоғыз қойдың терісін
Приемдап көрсенші.
Ағаң болса қартайды,
Келіп-кетіп жүрсеңші – депті.
Бәлекет-ей өзі деп, сылқылдай күлді. Сара апа көзінің астымен шалына жақтырмай бір қарады да қойды. «Өзіңіздің ақындық желігіңіз ұстап отыр ғой. Әйтпесе мына жеңгей олай дейтін кісі емес» деді Төстікбай аға ақырын күліп.
Бір күні палатаның мен жатқан жақтағы терезесінен біреулер көлеңкелеп дыбыстап тұрғандарға қарасам, бір класста оқитын Бахытқайша деген сары қыз айғайлап халымды сұрап жатыр. Қасында қыздар интернаты жанындағы үйден көрген, 4-5- інші класста оқитындай ботагөз қара қыз тұр.
Сол күннен бастап айналып есіме түсе беретін сол қара қыз менің құдай қосатын жарым болатынын білмесемде өзімеде белгісіз сезімнің жетегімен жүрегімнің теренінен мәңгілік орын алып еді. Жаратушы иенің түбі бір тоғыстыратының ол кезде екеуімізде білмедік десекте арада он жыл өткен соң тағдырымызды ғұмырлық қосақтадық. Сол үшінде тағдырыма тәуба қылып, Жаратушыға ризамын. Жарты ғасыр өтсе де сол бір сәтті жүрегіме ыстық қан құйылғандай рахат сезіммен еске алатыныма өзімде таң қаламын.
***
Сынған аяғым құлантаза сақайып кетпегендіктен мектептегі үзбей оқу жәйіна қалды. Ара-арасында ферманың шөп дайындайтын бригадасында есепші болып жұмыс істеп жүрдім. Есепке отырғанда қытайдың есепшоты – сәньфәньды ұстайтын едім. Аралап келетін бастықтар мәлімет сұрай отырып, менің сәньфәньмен жұмыс істегеніме таң қалысып, есепшотты ары-бері аудара қарап, тіпті сұрап отырған мәліметті де ұмытып кетуші еді.
Алланың берген дарыны бала жасымнан сурет салатын өнерімнің арқасында Сергиопольдың орта мектебін сырттай бітірді деген куәлік – аттестат алдым. Ондай аттестат болмаса жоғарғы оқу орындарына қабылдамайды екен. Ендігі мақсат Алматыға кету. Алматыда Гоголь атында көркем сурет училищесі бар, қазақстанда одан басқа оқу орны жоқ. Одан жоғарғы оқу тек Москвада бар деп естимін.
Совхоздан ақырғы есебімді айырысып, еңбек кітапшамды алып Алматы кетпек болып дайындалып жүрген күндердің бірі. Күн сенбі. Кешке қарай апақ-сапақта біздің үйдің дәл есігі алдына совхоз директорының жеңіл газ-69 машинасы келіп тұра қалды. Машина рульінен директордың өзі, қасынан совхоз парткомының секретары түсті де сыртта жүрген әкеме қол алысып амандасып жатқаннан кейін,үлкен кісілерге барып сәлем бердім.
Аға, рұқсат болса бүгін сіздің қонағыңызбыз. Бірақ осы бастан айтып қояйын, біздің үстімізге ауылдағы бастықтардан ешкімді де қоспаңыз – деді Қабдеш аға әкеме.
Балам апаңа айт. Кісі келді де – деген соң олардан бұрынырақ үйге жеттім де шешеме директормен парторг қонуға келіпті дедім.
Анам саса қойған жоқ. Төр алдына таза көрпелерін жайып, бірер жастық тастады. Шамның білтесін көтеріп, жарығын молайтты. Қалбалақтаған әкем директор мен партком хатшысын бастап үйге алып кірді. Төрге жайғасып отырған соң қонақтарға «қастарыңда мына інілерің бола тұрсын, мен шаруаларды жайғастырып келейін» деп әкем шығып кетті. Ауызғы үйде анам шәйін дайындап әлекке түсіп жүр. Оңаша қалғанда қонақтармен не деп сөйлесерімді білмей мен отырмын. Шаруа барысында анда-санда бір келгенде бұл кісілермен «бар» , «жоқ» дегеннен басқа сөз қайырысып көрмегендіктен болар.Тек солардың ыңғайына қарай жығылып отырмақ ойдамын. Директор – Анатолий Федорович Пфлаумердің ұлты неміс. Секретарь аға Қабдеш Абдуллин. Екеуі ара оны-мұны айтысып отырды да арасында менің қайда оқуға бармақ ойымды сұрады да қойды. Анам шай дастарханын дөңгелек үстелге жайып, май сүзбесін, қант кәмпитін қойып бәйек болып жатыр. Шәй дайын болғанда әкемде үстін қағып, қолын шәйіп дастархан басына жайғасты. Сол кездегі бір өрескел әдет дастархандағы қойылатын астың төресі арақ еді ғой. Бір тоқтысын жәукемдеп тастап, әкем сатушы Сабыржаннан ақ пен қызыл арақтанда әкеліп үлгеріпті. Қонақ біреулер келгенде ішкілік әкелуге әсте бізді жұмсамайтын әкем де анам да арақ-шарап деген пәлеңді өмірінде ауыздарына алып татып көрмеген адамдар. Құмыраларды ашып қырлы стақандарға толтыра құйып қонақтардың алдына қойдым. Мұрнын тыржитып көзін сығырайта күлімдеп қарайтын директор Анатолий Федорович:
Аға, сіз ішпесеніз біз қалай ішеміз, алыңыз сізде – деп әкеме қолқа салды. Бір жақтан Қабдеш аға да «тәтем де алсын» деп кояды.
Әй қарақтарым-ай ауызға алып көрмеген нәрсе, бізді қинамаңдаршы - деп жалынады екеуіде.
Әкемді тіпті тер басып кетіпті. Үй ішінен бір адам ішпесе мыналар өкпелеп қалар деді ме сасқалақтаған әкем «бізді әуремелемендерші, енді ана інілеріне рұқсат бердім, сол ішсін» деп салғаны. Ептеп ұрлап ауыз тиіп қоятын маған құдай берді. Әйтсе де, қызыл шараптан стақан түбіне тамызып құйып қана ана кісілерге демеу жасаған болып отырдым. Қабдеш аға қазақ емес пе. Ұлты неміс директор да еркін отырып, арасында орысшалап тілі жеткенше әңгімені жалғастырып отырды. Көбіне арғы беттегі күн-көріс, салт-дәстүр туралы сұрастырып, екі жақтың әдет-ғұрыптарын салыстырмалап отырғанда түн жарымына барып қалыпты. Төргі бөлмеге екеуіне қатар төсек салып берген. Сағат онға дейін күн көтерілгенше ұйқыны соқты. Бір қызығы сол күні сағат сегізге дейін созылып жүріп алатын шофер, тракторшы, жұмысшылар таң бозынан тұрып жан-жаққа кетіп сап болды да ферманың меңгерушісі, мамандары үлкен бастықтар аяқастынан іздеп қалар ма екен деді ме, аттарын ерттеп қойып, аңысын аңдап ешқайда кете алмай бас бағып сығалап жүрді де қойды. Ауыл-үйдің иті де үрмей тым-тырыс болды да қалды. Ұйқылары қанып, еркін демалған қонақтар асықпай жуынып, таңертенгі дастарханға отырды. Домаланған құмыралар дөңгелек үстел астына ертерек келіп жайғасып жатқан. Біреуін ашып екі стақанға құйып едім, «жарайды бір-бірден ғана алайық» деп бір рет қана алды да ыдыстарын төңкеріп қойысты. Анам түннен қалған етті жылытып та, суықтайда мүшелеп дастарханға қойған. Екеуі асықпай тамақтана отырып сөз бастаған Қабдеш аға әкеме «аға, тәте сіздер бұйымтай сұрамайды екенсіздер» деп бір тоқтады. «Бұйымтайды аттанарда бірақ сұраймыз ғой деп отыр едім. Енді өзін бастаған соң айта бер» деп әкем күлді. Парторг директорға қарап иек қақты. Директор мені нұсқап «бізге мына жігіт керек» деді. «Барлық документтерін мына Қабдеш ағасына берсін. Бұл кісінің Алматыдағы нархозда танысы-туысы бар. Сол нархоздың экономистер дайындайтын факультетіне өткізіп келеді. Осы бір-екі күнде Алматыға жүргелі отыр. Біз совхоз атынан жолдама береміз. Степендия да төлеп тұрамыз. Төрт жыл. Бітіріп келеді, жұмысы дайын» - деді. Мен үшін күтпеген шешім. Біле білгенге бұдан артық қандай жақсылық болсын. Әкем де жасай алмайтын жақсылық. Бірақ, бірақ мен өмірімде есеп жұмысымен айналыспаймын деп шешкенмін. Бар арманым суретші болу. Осы жағдайды ескертіп рахмет айтып едім, екеуі де «мұндай мүмкіндік бола бермейді. Ойлан. Екі күн. » деді. Олар аттанып кетті.
Ал ойлан. Қалай ойласамда суретші болу арманы жеңе берді. Кейіннен ғой кейде сол мүмкіндікті жіберіп алғаныма өкінішпен еске алатын болдым. Өмір бойы есеп қуалаған мамандықта жұмыс істеймін деп кім ойлапты. Тағдырдың жазмышы деген сол шығар... «Жазмыштан озмыш жоқ» деп текке айтылды дейсіз бе!
Менің алдымда тағдыр тәлкегіне түсер сүрлеу ме соқпақ па сорабы белгісіз жол жатыр еді...
* * *
Мен міне Шұбартау ауданының М.И.Калинин атындағы совхозының Бақанас ауылындағы бірінші фермасының кеңсесінде отырмын.
Осыдан біраз ғана бұрын Калинин совхозының кеңсесіне келіп келісім шартпен сурет салғызама деп директорына кірдім. Төрде отырған бұйралау шәшті келісті сары қазақ жөнімді білген соң «ой, сен әлгі Сегізбаев Желдібайдың балдызы екенсің ғой, салған суретіңді көргенмін. Давай, сен былай істе. Мент саған бірінші фермаға бухгалтерлікке приказ берейін. Қызметті де атқарасың, суретіңді де саласың. Сол ферманың кеңсесінің іші адам көргісіз, бір ретке келтірші» деді де менің келіскен, келіспегенімді керек те қылған жоқ, алдындағы жез қоңырауды екі-үш тыңқылдатып еді хатшы қыз (әлде келіншек) кіріп келді. «Маған тез бас бухгалтерді Шақпақбаевты, кадр бөлімі Қауияны шақыр» деді.
Сәлден соң бір әйел адам, одан кейін ұзын бойлы аққұба, өңді кісі келді. «Жәке – деді директор – Бақанасқа мына жігітке бухгалтерлік қызметке бұйрық беремін. Және подотчетына 500 сом, командировочный деп 50 сом ақша қазір босатып беріңіз» деді. Сол кезде ғана маған көз тоқтатып, сынай қараған басбух « Теме-ау, бұрын бухгалтерлік жұмыс істемесе, және еңбек кітапшасында өткізбеген адамға қалай болар екен – деді сенімсіздеу – бірден қомақты соманы қолына ұстата салғанымыз...?» Осы кезде не түрткенін «ағасы – дедім – сіздің бухгалтерлік есебіңіз высший математика емес қой, бар-жоғы «1» мен «0»дің ортасы ғана емес пе». Қарқылдап күлген директор «Жәке, баланың аяқ тастасын көрдіңіз бе? Сондықтан жұмысты ақсатады деп саспаңыз, үйреніп кетеді, үйретеміз. Ал ақшаны алып қашып кетеді деп сенбей отырсаңыз, мына мен қашпаймын ғой, менен ұстарсыз. Бітті.» деді де столды сарт еткізіп, «Қауия, сіз анкетасын толтырып алыңыз да бұйрық дайындаңыз» деп бәрін бір өзі шешті де тастады.
Менің бағытымды 180 градусқа бұрып жіберген бұл кісі Телман Құсатаев еді.
Сонымен бар ақшаны салып алып, директордың отырғызып жіберген «бензевозымен» Аягөзге жетіп, одан Алматы тартып кеткенмін. Алматыдағы суретшілер шеберханасына келіп едім бұрыңғы мұғалімім, кітап көркемдеудің шебері – суретші Исабаев Исатай ағаның кездесе кеткені. Келген жағдайымды айттым. «Әй бауырым-ай сол Киевке кетуін керек-ақ еді ғой. Енді сонау бір жердің түкпірінде не табам деп жүрсің» деп ренжіді. «Қазір осы сыртта тоса тұр» деп менің үлкен порфелімді алды да ішке кіріп кетті. Шеберханаға пропускасыз бөгде адамдарды кіргізбейтін. Көп айналмай шыққан Исекен «мә, сиғанынша краска салдым, 2-шіден бастап бірталай кистілер салдым» деді. «Аға ақшасы қанша?» деп едім, «ей, сенен кім ақша сұрады» деп түйіп тастады. Ыңғайсызданып қалған мен «онда аға мен сізді «Аққуға» апарайын» дегенім.
«Аққу» - Алматыда қос аққу жүзіп жүретін хауызы бар шағын кафе еді ғой.
«Менің тілімді алсаң, аққуды да гәккуді де қой да қазір барып пойызға билетіңді алып ауылыңа қайт!» деді қоштасуға қолын беріп. Тілін алдым.
Бір жағына пошта үйі, бір жағына клуб жапсарылас салынған шағын кеңсе іші шыныңда да «адам көргісіз» екен. Төрде көлденең қойылған ферма меңгерушісі отыратын тозығы жеткен кеңсе столы, оған тірей мамандарға арналған , аяқтары айқастырылып шегеленген, сол кездің дала қостарының асханасында ғана тұратын ұзын ағаш үстел қойылған. Үстін қызыл матамен жауып қойғанымен оның өзі кір басқан, сыя төгілген, алғашқы түрінен оңып, шет-шеті жыртылып ұнамсыз күйге түскен-ақ екен.
Ферма меңгерушісі аласа бойлы Сартымбетов Мақан,адамды ежелден білетін танысындай бірден баурап алатын кісі еді. Жылдың төрт мезгілінде де көбінесе аспаны бұлтсыз жарқырап тұратын Бақанастың халқыда шетінен бауырмал, сырттан келген кімді болса да бірден ішке тартып, туыстырып жіберетін қасиеті бар. Бұның өзі құйқалы қонысты топырағымен қыстада маужыраған мамыражәй тәбиғатынан дарыған болар.
Жатын үйім Заид ағанікі. Көп сөзге жоқ, ауыр мінезді, бетінде шешектен қалған дағы бар шомбал қара кісі. Зайыбы жатсаң тұрсаң бәйек болған бір ақжарқын жан Мінәш апай. Үлкен ұлдарындай көрсеткен сый-құрметтеріне, татқан дәм-тұздарына осы күнге дейін мың рахмет айтамын. (Заид аға Аягөздегі мектеп директоры Рифхаттың әкесі, айтыскер ақын, айтулы азамат Ринаттың атасы).
Қыркүйек айының аяғы. Ерттеулі жирен жорға атымды кеңсенің алдына байлап қойып, енді ғана Ақши қыстауындағы жәнә ғана көшіп келіп жатқан апа-жездемнің үйіне барып келейін деп отырғанымда, есік алдына жеңіл газ-69 келіп тоқтай қалды. Директордікі емес. Кім болды екен, аудан басшыларының біреуі келіп қалдыма деп терезеден қарай беріп едім еңгезердей әскери адам машинадан түсті де мен бұрылғанша кіріп те келді. Ассалаумағаләйкум деп сәлем бердім. Уағаләйкумассалам, сәлемімді жарқын ықыласпен көңілді алды. Қол бердім де төрді нұсқадым. Келген Аягөз ауданының әскери комиссары еді. Отырған соң ол кісі кім болып істейтінімді сұрады. «Айналайын, сендердің Шұбартау аудандық комиссариаты бізден бөлініп, Ақперов деген майорды креслосына отырғызып келе жатырмын. Бүгін үйге қонақта шақырып қойған едім. Бірақ қазағымызша қонаққа тартатын бас жоқ болған соң көлденең жолмен бұрылып кетіп, әйтеуір бір малды ауыл кездессе бір бас тоқты торым сатып аламын ба деп әлі келеміз, әлі келеміз, ақыры осы ауылға келіп тірелдік. Ауылдың басшысы үйінде болса шақырып бересін бе» деді. «Ферма меңгерушісі кезекті еңбек демалысын алып бір жаққа кетіп еді. Орнында зоотехник бар, шақырайын» деп жүгіріп кеттім. Зоотехник Кенжеғазы үйінде екен. Оған осылайда осылай военком полковник Қалтаев келіп отыр дедім. Кеңсеге келдік. Аман-саулықтан кейін зоотехник: Сіздің бұйымтайынызды мына жігіт айтты. Бірақ бізде былай мал сатылмайды. Бұйрықсыз бір бас мал босата алмаймыз – деп көйіткенің қайтейін-ай! Айтты да кетіп қалды. Тез сыртқа шықтым да, ана кісінің шоферына «тез, жүріңіз кеттік» дедім. Военком өзі жіберді деп ойлаған шығар тез қозғалып кеттік. Ауыл іргесіндегі қыстауға көшіп кірген Бұланбай нағашыма жеттім. Малын даладағы шарбаққа қоралағалы жатыр екен. «Аға маған тоқтыдан төмен емес бір бас мал керек» деп едім, сөзге де келместен бір ірі қызыл ісекті ұстады да берді. Аяғын буып салып алдық та кеңсеге жеттік. Арасы бір он-он бес минут қана өтті ғой деймін. «Аға ренжімеңіз, машинаңызды рұқсатсыз мініп кеттім. Сізге бір бас мал алып келдім. Жолдарыңыз болсын» дедім. Асығып отырған кісі енді менің жөнімді тәптіштеп сұрай жөнелді. Әскерге бармағанымды, баруға міндетті екенімді де біліп алды. Әке-шешемнің Аягөз іргесіндегі Сергиопольда тұратынын, Алматыдағы оқудан қол үзіп кеткенімді де білгеннен кейін «өте қателік жасаған екенсің, өнерлі адам мынау алыс дала түкпірінде не іздеп жүрсің» деп ренжігені анау күнгі Исатай ағаның ренжіп айтқан сөзін айна қатасыз қайталап тұр еді.
Рахмет інім, мынау малдың ақшасы – деп екі жиырма бес сомдықты қалтама салып жатыр.
Мұныңыз болмайды. Мал сатылмайды. Сыйлық деп қабылдаңыз. Күн кешкіріп кетті, қонақтарыңыз күтіп қалады – деп азарда безер болып жатыр едім, «Әй жігіт, онда мұны екеуіміз бөліп алайық» деді де жиырма бестіктің бірін қалтасына салды да біреуін үстел үстіне тастап кетті де қалды.
Жиырма бес сом сол кездегі менің айлық еңбек ақымның үштен бір бөлігі.
Он бес күннен соң Аягөз әскери комиссариатынан «міндетті әскери міндетімді» өтеуге шақыру қағазы келді. Күнделікті ұшатын Ан – 2 самолетымен ұштымда жеттім. Екі-үш күн дәрігерлік комиссиядан өттік. Өмірі ұстара тиіп көрмеген шашымды алдырмай жүр едім, бір офицер мен сияқты жалбырбастардың бес-алтауын тізіп алып теміржол вокзалындағы шәштаразға алып барды. «Мен сендерді Амангелдинский солдат жасаймын» деп Әділ ақсақал шетімізден шәшімізді сыпырды да тастады.
Соңғы комиссия. Комиссариаттағы кең кабинет. Жағалай жеті-сегіздей комиссия мүшелері отыр. «Әскери міндетті атқаруға дайынмын» деп честь беріп тұрмын. Ортада отырған полковник оң жағына бір, сол жағындағы кісіге бір қарап ақырын бірденелерді айтып жатты. Комиссияның шешімі бойынша ертеңгі «отправкадан» қалдырылдым. Үш күннен кейін 4-інші кабинетке келуім керек екен. Айтылған күні келдім. Қызыл книжканы қолыма ұстатқан офицер «боссың бара бер» деді. Далаға шыға сала аударыстырып қарап жатырмын. Ортаңғы бір бетке 38 – статьяның «б» пунктімен «запасқа» шығарылған штаб қызметкері екенімді жазып штамп басып қойыпты. Сонымен Шәкен запастағы «специалисты штабной службы» болды да әскери міндеттің қызығын да шыжығын да көрмей-ақ кетті. Кейде біреулер әскерге барған бармағанымды сұрай қалса «Ковпактың партизан отрядында болғанмын» дей салатын болдым. Сол кезде аты-жөнімді де жазып алмаған еді, комиссар неге бұлай етті екен деп ойлап жүретін едім.
Шұбартаудың әскери комиссариаты бөлініп шыққаннан кейін көп ұзамай Бақанастың қойын бағатын, бұл күнде үйленген жиен Тоқанға да шақыру қағазы келді. Төрт класстан ары оқымаған, бір ауыз орысша білмейтін даланың нағыз жабайы қазағы еді. Оны әкелері Бораш ата мен Желдібай жездем «сен анау әскербастыққа барып айтсаншы, мынау әскерге барып мәрқадам таппайды. Бір жерде өліп қалады. Бұдан тірідей айырыламыз ғой» деп жылағандай болды.
«Бір көрген-біліс...» деп, беттің арын белбеуге түйген мен ұшып Аягөзге келдім. Қалтаевтың қабылдауында бар жағдайды айттым. «Жақсы, мен Ақперовқа телефон соғамын. Қайта бер.» деді.
Қашанда бір жақсы адамдар болады-ау! Асқақ та ер тұлғасымен, баламасыз бай мінезі, азаматтық ары, ұжданымен айналасына шарапатын тигізіп жүретін ондай адамдар жасаған жақсылығын бұлдамайды да ақы да дәме етпейді. Керісінше өтеуін немен қайтарамын деп өзің дал боласын. Сондай жанның бірі Н.Қалтаевта ерекше бір дара тұлға еді. «Необученные годные к нестроевой службе» деген айдар тағып Тоқанда әскерден босатылды.
1969 жылдың маусымы. Ел жайлауға көшіп, тракторшы – механизаторлар дала қосымен ақтық шабуға Ақдалаға шыққан. Аспаны ашық шуақты күндердің бірінде төбеден жәй түскендей жеткен қаралы хабар – бірге туған ағатайым, алдымдағы ақылшым, шекеден шертпек түгілі жүзіме тіктеп қарап көрмеген арыстай ағадан айырылыппын.
Есінен айырыла жаздаған басын тоқпақтап әкем қалды, ботасы өлген бозінгендей боздап анам қалды. Адам баласы бәріне де көнеді екен. Үш арсызға – ұйқыға, күлкіге, тамаққа тоқтау жоқ екен. (Осыдан қырық бір жыл өткенде, аяулы ақботам, кенже құлыным әбден жеткен жиырма бестен асар шағында Алмагүлім бақилық болғанда еріксіз көндіккенімнен көзім жеткен.)
«Тас түскен жеріне ауыр», «Басқа елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деген нақылдың да бір негізі бар шығар. Әйтпесе, «өзі жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын бар» деген ғой халық даналығы. Мың айналып кетейін Сергиопольдың – Мамырсудың халқынан. Туған-туысқан, қалыста болса ағайын, сыйласқан үлкен кішісінен. Үлкендеріміздің басын сүйеп кішілеріміздің көңілін жұбатып ақылын айтқан қалпынан!
Шекен ағайымның жетісі берілгеннен кейін де біраз күн жұмыс орныма қайтпай жүріп қалдым. Қырық күндігін қымыз ауылда, Сергиопольдің арғы жағындағы Қотырбұлақ деген жердегі биебаудың басында үй тігіп өткіземіз дескен ағайын-жұрт. Ел аяғы басылып, келімді кетімділер саябырсыған бір күні совхоздың директоры қасында малшаруашылығының мамандары, ауылдық кеңестің төрағасы Есбол аға Сәрсекеев бар тағы да қөніл жұбата келіп отырды. Сөз арасында Анатолий Федорович маған қарап «сен енді қайт. Қай жерден болсын жұмыс беремін» деді. Отырғандардың бәрі де қостап жатыр. Аз ойландым да әрі күре жолға жақын, әрі үлкен өзеннің бойы Бозайдан жұмыс беруін қаладым. Екі күннен кейін совхоз кеңсесіне келіп, «№2 фермаға бухгалтер болып тағайындалсын» деген бұйрықтың көшірмесін қалтаға салып алып Калининге жеттім. Маған қарасты туыстардан төрт-бес үйді бірақ көшіріп аламын деп жүрген Телман ағаның босатқысы келмеді. Мен қолымдағы бұйрықтың көшірмесін көрсеттім. «Ой-бой, болмайды екен» деп арызыма қол қойды. Бас бухгалтер Жанғали ағайды шақырып алып, «толық есебіне бір айлық еңбек ақысы көлемінде қосып бер» деп тапсырды.
1969 жылы шілде айының 17-сі күні Бозай (ол кезде Буденный деп бұрыңғы колхоздың атымен аталатын) ауылындағы қызметіме кірістім.
Бозайдағы бірге қызмет атқарған жасы үлкен ағалар: Бакенов Оразбайды, Керімбаев Рамазанды, Алиев Дүйсенді, Санкешов Мұханды, Қайраханов Төкенді, Ұзақов Төлеубекті, замандастарым, құрдастарым – Төкенді, Сіләмбекті, Кәдіржанды басқа да малшы – бақташы, сауыншы, механизаторларды жәй жұмыскерлерді қалай ұмытайын. Шетінен сыйластыққа таптырмайтын, жандары жайсан ұйыған орта еді.
Достарыңызбен бөлісу: |