Бабалар буыны Тұқиян
Төркін
Тек
Баба
Аталар буыны Әзата
Ата
Әке
Немере, ағайын буыны Бала
Немере
Шөбере
Шөпшек
Өбере
Қалыс ағайын буыны Туажат
Жүрежат
Жекжат
Жұрағат
Жамағат
Өркен
Әулет
Зәузат
Жаран
Қалыс
(монғолиялық Шынай Рахметұлынан)
Жыл атаулары – 12 мүшел
Қазақша Өтей бойдақтан
Тышқан Сумақы
Сиыр Маңғаз
Барыс Айбар
Қоян Секем
Ұлу Иіртек
Жылан Сумаң
Жылқы Тұлпар
Қой Шопан
Мешін Мешін
Тауық Шақырауық
Ит Айтақ
Доңыз Қорысқы
Жеті қат көк
1. Ай Қамар – Сома
2.Меркурий Бота – Ғұтарад
3. Шолпан Зухра
4. Күн Шамсы
5. Марс Маррих – Аңарақ
6. Юпитер Есекқырған, Мүштари, Қарақұс
7. Сатурн Зухар - Шаншар
Аптадағы күн аттарының жеті қат көкпен байланысы
1. Дүйсенбі Ай Күміс
2. Сейсенбі Меркурий Сынап
3.Сәрсенбі Шолпан Мыс
4.Бейсенбі Күн Алтын
5. Жұма Марс Темір
6. Сенбі Юпитер Қалайы
7.Жексенбі Сатурн Қорғасын
Адам жаратылысы
Ана құрсағында жеті қат көктің әсері
40 күн – Сатурн, судан қанға айналу кезеңі
40 күн – Юпитер, қаннан етке айналу кезеңі
40 күн – Марс, еттен сүйек пайда болу кезеңі
40 күн – Күн, жан біту кезеңі
40 күн – Шолпан, адам пішіні пайда болу кезеңі
40 күн – Меркурий, сезім пайда болу кезеңі
40 күн – Ай, толып жетілу кезеңі
(40 х 7 : 30 ) = 9 ай 10 күн.
Бала дүниеге келгеннен соң жеті қат аспанның әсері
1 - Ай.
4 жасқа дейін тез түрленіп өсу кезеңі
2 – Меркурий
12 жасқа дейін құйындай ұйытқыған шақ
3 – Шолпан
20 жасқа дейін бозбала, қыздың сауықшыл кезі
4- Күн
30 жасқа дейін ғылым, өнерге талап кезеңі
5- Марс
40 жасқа дейін қайратқа мініп толған кез
6-Юпитер
60 жасқа дейін салмақты ақыл-парасат толған кез
7-Сатурн
60-тан асып, қарттық қазына, даналық, кәрілік, екінші балалық
7 қат көк 12 мүшел
1. Ай – (Қамар - Сома)
Құсы – жапалақ, балығы – скат, жануары – қоян, металы – күміс, тасы – су тас. Адам мүшесінде: сол аяқ, сол көз, өкпе.
Күні – дүйсенбі, түсі – жасыл, айы – Шаян, жылы – Қоян.
2. Меркурий (Бота- Ғұтарад )
Құсы – көкқұтан, балығы – виун, жануары - маймыл, металы – сынап, тасы – агат. Адам мүшесінде : сол қол, ауыз, асқазан. Күні – сәрсенбі, түсі – көк, айы – Егіз, Бикеш, жылы – Барыс, Ұлу.
3. Шолпан (Зухра)
Құсы – көгершін, балығы – жайын, жануары – ешкі, металы – мыс, тасы – изумруд. Адам мүшесінде: жыныс мүшесі, сол жақ танау, бүйрек. Күні – жұма, түсі - ақ, айы – Сәуір, Таразы, жылы – Сиыр, Жылқы.
4. Күн (Шамсы)
Құсы – аққу, балығы – итбалық, жануары – арыстан, металы – алтын, тасы – карбункул, түсі – сары. Айы – Арыстан, жылы – Жылан.
Марс (Маррих-Аңарақ)
Құсы – лашын, балығы- шортан, жануары – қасқыр, металы – темір, тасы – алмаз. Адам мүшесінде: оң қол, оң жақ танау, өт. Күні – сейсенбі, түсі – қызыл, айы – Қошқар, Бүйі, жылы – Тышқан, Қой.
Юпитер (Муштари)
Құсы – бүркіт, балығы – дельфин, жануары – бұғы, металы – қалайы, тасы – сапфир. Адам мүшесінде: бас, сол жақ құлақ, бауыр. Күні – бейсенбі, түсі – күлгін, айы – Қауыс, балық, жылы – Мешін, доңыз.
Сатурн (Зухар Шаншар)
Құсы – сақаукөк, балығы – муреккер, жануары – көртышқан, металы – қорғасын, тасы – оникс. Адам мүшесінде: оң жақ құлақ, оң аяқ, көкбауыр. Күні – сенбі, түсі – қара, айы – Серке, Көкек, жылы – Тауық, Ит.
12 мүшел адам жаратылысы мен 7 қат аспанныңи әсері ғұлама ғалым Ақыжан Машанидің «Қадір түнгі ойлар» кітабынан алынды.
Ақыл- жан 5 ашық сезім: көру, есту, иіскеу, сипау, тату.
Әл-Фараби
Қытай халқының Жу (тоғыз) есебі
1. Жу 23.ХІІ – 31. ХІІ 9 күн
2. Жу 1. І – 9. І 9 күн
3. Жу 10. І – 18. І 9 күн
4. Жу 19. І – 27.І 9 күн
5. Жу 28. І – 5.ІІ 9 күн
6. Жу 6.ІІ – 14.ІІ 9 күн
7. Жу 15.ІІ – 23.ІІ 9 күн
8. Жу 24.ІІ – 4.ІІІ 9 күн
9. Жу 5.ІІІ – 13.ІІІ 9 күн
Амалдың ұзақтығы 81 күн
14 ІІІ – отамалы (Әбдекей) амалы
22.ІІІ – және 22.ІХ – күн мен түн теңелісі
22.ІІІ – наурыз той
25.ІХ – сабан той – жиын-терін мейрамы
22.XII- күнің ең қысқа батқан кезеңі
-------------- * * * --------------
Хикаят
ІІ – бөлім
Жұң Го жерінде
Хикаят
Жұң Го жерінде
Балалық шақ
Тарбағатай тауының Етікші биігінен Отаутіккен шоқысына дейінгі созылып жатқан тау қырқаларының дәл күнгейіндегі Ашылы ауылы шаңқай түсте қалың талымен толқынды көк мұнарға бөленіп, ерекше көрінер еді. Одан әріде биік-биік үйлерінің төбесіне жапқан қаңылтырлары күнге шағылысып, сағым теңізде жүзіп бара жатқан Шәуешек қаласы. Оң жақ батыста жалпақ жондарына егін салып тастаған Бақтының тауы – Сабет шекарасы. Сол жақта түстікте өркештеніп келіп тік біткен Орқашар тауы.
Мамыр айында шұғынық теруге шыққанда Асусайдың не болмаса Шүкеннің биігіне шығып алып, сонау көз жетер жерге дейінгі көсіліп жатқан кең далаға қарасаң, Қараүңгір мен Абдыра атты екі өзен Шәуешектің шығысына дейін қос жолақ болып жарқырап жатар еді, Сағымға оранған Шәуешек қаласынан әріде көгілдір мұнарға бірде батып, бірде шыққан Барлық тауының сілемдері созылып жататын-ды.
Мен қашан ес біліп, етек жиғанға дейін осы аумақтан артық жерге көз жеткізіп көрген емеспін. Елдің айтуынша сонау арыдан да арғы жақта Іле аймағы бар дейтін. Қытай үкіметіне қарсы Ұйғырлардың 1863 жылғы көтерілісінен кейін Орыс пен Қытай арасында жасалған «Петербург шарты» Іле аймағындағы халықтың орыс шекарасына өтіп қоныстануына ерік берген көрінеді. Соған дейін «Іле сұлтанаты» деген құрылған аймақта 100мың адам болса, оның 38мыңы ұйғырлар, 22мыңнан астамы қазақ-қырғыз. 13 мың Торғауыт Қалмақтар. 16 мыңдай Солаң, Сібелер, 5мыңнан астамы дүнгендер және басқа ұлттар болған дейді тарихаттарда.
Ал Тарбағатай мен Алтай аймағындағы қазақтардың сандық үлесі бұдан әлдеқайда жоғары болды. Мен білетін Тарбағатай тауының іші-сыртындағы (бөктеріндегі) барлық елді-мекендердің тұрғындарының бірен-саран басқа ұлт: ханзу, ұйғыр, солаң, сібе өкілдері болмаса, барлығы дерлік қазақтардың үлесінде болды. Тек Ашылыда ғана Солаң ұлты көбірек орналасқан. Бірақ қазақтарға қарағанда олардың саны ондаған есе аз еді. Сондықтан да болар, солаңдар тілі жаңа шыққан баласынан бастап, еңкейген кәрісіне дейін қазақша ағып тұрады. Өздерінің ұлттық тілдерін ұмыта бастаған сыңайлы, тұрмыстық тіл болмаса, әдеби тілі жоқ, ұлттық жазуы да болған жоқ.
Мемлекеттік қызметтегі, ауыл шаруашылығындағы іс жүргізетін қызметкерлердің өзі арабша төте жазумен ғана жазатын.
2009 жылы туған жерге Шәуешекке барғанда Ашылыны да араладым. өзімнің тұрған, әкем салған үйді, су ішкен тұманы көріп, жұбайым Марияшқа туған жерімді таныстырып қайттым. Қабден ағам балаларымен қоса, қанша күн бірге жүрді. Балалық шағымды бірге ойнап, бірге өткізген сол кездегі Солаң балаларына – қазіргі тұстастарыма жолықтым. Бақ солаңның ұрпағы Линжыбадты, жетпісіт желкелеп қалған Миндибай балуанды, Инжудың ұлы Минтайды, Ламбуктың ұлы Люсанды көрдім. Өткенді еске түсірдік, үйлерінде болдық. Олардың қазақша мақалдай сөйлеп, өлең-жырларды нақышына келтіре айтқандарына Марияш таң қалды. Қазақшаға бір мүдірмейді-ау?!
Ашылы – бастау көздері мол, сулы бұлақтардан жиналып аққан, ағынды арнаны жағалай бау-бақшамен көмкере орналасқан ырысты мекен. Кезінде шекара қызметіне әкелінген Қытай императоры әскерлерінің өздері мен ұрпақтарына бөліп-бөліп берген бас-аяғы ат шаптырым аумақты алып жатқан ауыл. Қараүңгірдің таудан шығар аңғарынан тартып, Шомбат, Базбат, Сая, Амбы, Ноқа, Бақ, Шаркок, Жаншауия, Бужунханың кора-жайларымен, Асылжан, Рахымжанның бақша-бақтары, Ғани Қари, Қожа Ахмет имамның мешіттерімен толысып тұрған құйқалы қоныс. Абдыра, Қараүңгір, Ластай өзендері бойындағы Солаң. Сібелердің өздері де бірталай жерге иелік еткен екен. Жаңа үкімет келген соң, барлығы да иеліктерінен айрылды ғой.
1949жылы 1 қазанда жарияланған Жұңхуа Халық республикасы, оның Маузыдұң бастаған Гұңсаңдан – коммунистік партиясынан аз санды ұлттарға теңдік беру саясаты негізінде Ашылы 1954жылдан «Ғуарбыншыр дағұр автономиялы районы» болып аталады. Солаң-ханзу тілінде «сұр қасқыр» деген мағына білдіреді. Бір ұлтты қасқыр атау заңға «томпақ» келеді. Солаң ұлтының Жангобат деген азаматы ішкеріге барып келіп, «біздің тегіміз Хилұңжаңдық (Манжуриялық) Дағұр деп аталады екенбіз» деп келген соң өзгертілген екен. Ғуарбыншырдың мағынасы «үштұма».
Осы үштұмадан жиналып аққан өзен-судың бойында Ашылының бас-аяғына дейін төрт су диірмені болды. Сұңжаның, Тамашаның, Қауғаның, Қаусылдың деген төрт диірмені тоқтаусыз жұмыс істеп тұрушы еді. Ғуарбыншыр дегенді өкіметтің іс-қағаздарында жазбаса, былайғы жұрт, тіпті солаңдардың өзі де Ашылы деп атаудан басқаны білмей кетті ғой.
Осы Ашылыда менің балалық шағымның базары басталған еді.
Ашылының бас жағында Нұраның етегіне таяу салынған қора-жайға мен туғаннан кейін Шаркок шаңияның қасындағы үйді сатып көшіп келген екенбіз. Егіндікке жақын, қолда ұстайтын малға беті ашық кең қойнау болғандықтан әкем осы жерді таңдаса керек.
1948жылы мамыр айының 21-інде туған мен, айналамадағы жарық дүниеге көз тоқтатып, көңілге түйе бастағаным – осы үйде тұрғанымыздан бастап есімде қалыпты.
Жаңа үкіметтің бай ауқаттыларға қарсы жазалау науқаны жүріп жатқан кез. Қанаушылар деп аталған бір топты «зомогер», «муштумгер», «жуан жұдырық» деген атпен жұрт алдына шығарып, кедейлерге бас игізіп, өш алып жатқан «күрес» жиналысын шетте қарап тұрған апамның (анамызды апа дейтінбіз) мойында отырып көргенім әлі көз алдымда. Сол күресте көргенімді үйге келген соң, әлі құйрығын да басып отыра алмайтын кіп-кішкене ініме жасағанымды айтсаңшы.
Біздің үйдің шаруашылығына біржағынан бас-көз болып жүрген Ақынжан бөлемнің аяғы сынып, қалың кигізден қабаттап салған жер төсекте жатқан. Апам Шах Мұхаммедті көрпеге орап, шығып кеткеннен кейін-ақ мен жұмысқа кірісіп кетейін. өзі әрең отырған інімді «көпшілікке басыңды и» деп желкесінен итеріп қалып едім құлады да қалды. Сол мезетте апам да кіріп келді. Бәрін көріп жатқан Ақынжан аға апама бірдеңелерді айтып жатыр, шегі қатқанша күліп те жатыр, оған апам қосыла күлді. Бұлар «несіне күледі екен?!» деп таң қалғаным есімде.
Қоражайымыздың алдыңғы жағы түйе бойламайтын ши еді. Ши арасымен жағалаудағы ойпаттан шөп шапқызып жатқан әкеме келдім. Оразғали деген кісі шалғы тартып, Мұратжан бөлем де аша ұстап сол жерде тұр екен. Дәл сол мезетте сырт-сырт сирағы сықырлап, есектің бір қара тақайы келе қалмас па? Азамат болған Мұратжанға «ананы ұстап, мінгіз» деп қиғылық салайын. Өзі үйірсек, жуас хайуан ба, мойнынан құшақтап тез ұстап алды. «Ал, кел!» дейді. Қарасам құлағы мұндай үлкен, ұзын болар ма, қорқынышты көрінді. Сиырдың, жылқының құлақтарын көріп жүрмін ғой, дәл мынадай құлақ көрсемші.. «алдымен мына құлақтарды байла» дедім. Мұратжан әйтеуір жан қалтасынан бір шүберек алып, әлгі «пәлелі» құлақтарды біріктіріп байлады. Ал, мін! – деп қолтығымнан алды да, есектің үстіне бірақ қонжита салды. Басы бос есек кісі мінсе жыны бар ма, мені жығып тастап, жайына зытып кетті. Ат емес, нең бар есекте? деп әкем ұрсып жатыр.
Бір күні ойнап жүріп, жағалап Оразғали ағаның үйіне барып қалыппын. Жаңыл апа әлгі кішкене інімнің «кіндік шешесі» жаңа сойылған қойдың ішек-қарнын аршып отыр екен, бір бүйрегін сүртіп-сүртіп маған берді, «мә, апаңа апарып, көмгізіп же! ». Отқа көмген бүйректі бұрын да жеп көргенмін. Үйге келдім, апам көрінбейді. Ошақтағы қоламта әлі өшпеген екен, өзім-ақ пысырайын деп, көсеулеп-көсеулеп көмген болдым. Үшке енді аяқ басқан інімнің арт жағымда қарап тұрғанын қайдан білейін. Бір айналып келіп, көзім түсіп еді, қоламтаның ойран-ботқасы шығып қапты. Бүйрек жоқ. Қораның арт жағында қаздар қаңқылдап шулады да қалды. Айналып барсам, бір қолында шыбық, бір қолында шикі бүйрек, аузы-басы қан-қан, үсті-басы салтақ күл бауырым қаздарды айдап жүр. Мен бүйректі көміп кетісіммен-ақ ол қайта қазып алып кеткен ғой. әйтеуір жейтін нәрсе екенін білгенін қарашы.
Тағы бірде, ары-бері өткенде келіп-кетіп араласып жүретін орыстардың бірі келіп шай ішіп отырды. Ауланың бір жақ шетіндегі лапастың асты көлеңке, кәңнің бойындай жерден көтеріңкі жасалған жазда ас-су ішетін орын. Сол орыс мініп келген түйедей жирен атын байламай-ақ бос қоя салды. Шай ішіп отырған иесінің қасына келіп, иегімен иығынан түрткілеп тұрып алып еді, орыс дастарханнан бір шақпақ қант алып аузына тосты. Атына өзінше бірдеңе деп, маңдайынан сипап еді, қантын күтірлете шайнап, ары қарай кетіп барып тұрды. Менің аузым ашылды да қалды. «Тіл білетін ат қой!». Сол жерде-ақ мына атты алып бер! деп әкеме жалындым. Қайран менің, асқар таудай алып көрінетін әкем-ай, сәби көңілімді қалдырғысы келмеді-ау, Қыдырмолла ағаны жұмсап жіберіп, өзінің көкпарға ғана салатын жарау керісін алдырды. Орыс екеуі аз-кем саудаласты да, орыстың ертоқымын алып, кер атқа салды. Жиренді апарып көлеңкеге байлады. Қуанышымда шек жоқ. Жануар-ай, өмірімде сондай жылқы көргем жоқ. Жат десен жатады, тұр десең тұрады. Бауыры тұрмақ, борбайынан өтіп жатсаң да, ұзын мойнын кербез иіп, көз қиығымен мейірлене қарап тұра береді. Жылқы малының төресі еді.
Сол жазда біздің үй Шаркок шаңияның жерімен қатарлас салған егін-жайға көшіп барып, кигіз үймен отырды. Үйдің артында су ағып жатқан арық бар екен. Көшіп бара салысымен, айнала жүгіріп асыр салып жүрсем, арық бойы жағалай әр жерде тенкиіп-тенкиіп жатқан дарбыз, қауын. Мұндай таң қалмаспын?! Сөйтсем, ерте егін салған кезде үнемі су ағып жататын арық бойына әкем күрекпен бір-бір басып, қауын-қарбыз ұрықтарын тастай салады екен.
Қарсы бет тақта-тақта егілген ақ бидай, ор бидай, тары, зығыр дей ме, жотаны асып жатқан арғы шеті маған көрінбейді. Төменгі сай табаны неше түрлі шөп өскен гүлжайдақ. Жұпары аңқыған ауа, сай табанында жирен аттан басқа мал жоқ. Көзімді тырнап ашқаннан іздейтінім – жирен ат. Сол ат үшін таңертең әке-шешемнен қалыспай, ерте тұрып алып, кигіз үйдің көлеңкесіне жасалған дөңгелек үстелден табыламын. Дастарханға отырдық болды, жылжи басып жирен ат та жетеді. Ол келгенше әкем үлкен шақпақ қант пен мұзқантты шағып ұсақтап қояды. Ат келісімен әлгі қанттан алақаныммен аузына тосамын. Ерні қандай жұмсақ. Менің алақанымды ауыртып алмайын дегендей ақырын жыбырлатып, ернімен қантты қыстырып алады. Сол бір рет берген қантқа разы болып, қайта айналып келмейді. Бас-аяғы бос, жайқалған егіннің шетінде жүрсе де, егінге басын бір салмайды. Не деген ақылды, қасиетті жануар десеңші?!
Бір күні әкем ойға түсіп, ұн алып келемін деп кетті де, өзінің «трашмонкесімен» келді. Ғазиза, Сағила апайларыммен қоса, Салима деген ноғай қызы бар, үшеуін ала келіпті. Үшеуі бірін-бірі қуалап, шықылықтай күліп, әй, асырды салды-ай кеп! Қуалайтындары алуан түрлі гүлді көбелектер.
Екі-үш күннен соң апам інімді шомылдырып отырып, «сендер Шаңияның үйіне барып келсеңдерші» деді. Оған дейін де жирен атты түйеше шөгергендей жатқызып, мініп-түсіп көрген олар «атпен барайықшы» деп отырып алды. Жаяу барып қайтса да таяқ тастам жер. Жирен атты тізерлей жатқызып, үш қыз мінгесті. Мойнына мен мініп, арық бойын жағалаған жалғыз аяқ жолмен жүріп келе жатырмыз. Сықылықтаған үшеуінің күлкісі басылмай келе жатқан, жирен ат су орған арнадан аяғын кере аттап өткенде «үш апай» құшақтасқан күйі жерге домалады. Мені де ала кетті. Әйтеуір бәріміз аманбыз. Қайта мінуге бет жоқ, үш бойжеткен шаңияның үйіне жаяу барды. Шаңияның кіші әйелі шайын қойып, сәйін қуырып, әңгірлеп сөйлеп жүр. Қыздардан құлап калдық дегенді естіп: «Әй, сендер мына сарыбастың атына жолаушы болмаңдар, жігіттің атына қыз бала мінуге болмайды» деді. Мақтаған мен жақтағанды кім жек көрсін. Маған жағып-ақ барады. Қайтарда түйенің үстіне қонған қарғадай жалғанды жартысынан басып жалғыз келгенімнің өзі бір мақтаныш!
Сол жаздың егінді орағы басталмай, әкем мектепке жақын үштұманың кең жазық, көгалды, қолаты тұсынан салған жаңа үйді бітірген еді.
Астық бастыратын қырманды да сол үйдің артынан шыңдап жатыр екен. Бұрынғы үйіміз қара жолдан қиыс еді. Жаңа үйіміз тура жол үстінде. Көгалды кең алқап, жалбыз иісі аңқыған, бірнеше тас бастау. Тік-тік жарқабақтардың астымен иіріле аққан тұнық су. Бір қора қазымыз да қиқулап бір жасап-ақ калды!
«Қызбейітінен» Шәуешекке қатынайтын орыстар, ары-бері жүргенде аттарын доғарып, бастау басында демалып жатады екен.
Қазағы бар, солаңы бар топ бала суға түсіп, ойнап жүріп солардың қасына барып қалыппыз. Үш арба доғарулы тұр. орыстар әйелдері, балалары бар бастау басында тамақтанып отыр. Топты қарадомалақтарға қарап дабырласып қалған орыстардың біреуі тұрды да, мені нұсқап қастарына шақырды. Бұлар мені қайтеді десем де, бір басып, екі басып жандарына бардым. әлгі шақырған орыс бір бөлке нанды үлкен пышақпен тілді де үстіне уыстап, құмшекерден сеуіп, үш-төрт жұмыртқаны қосып маған ұсынды. Аларымды да, алмасымды да білмей мен тұрмын. «Бери, бери» дейді. Маған өзі беріп тұрып «бері» несі деп мен тұрмын. «Ал, ал!» деді әлгі мұртты орыс. Тұнжыраған көк көзі тереңнен аса бір мейіріммен қарап тұр екен. Айтқан рахметім де жоқ, бергенін алып, үрпиісе тосып тұрған жайсаңдарыма жеттім. Бір жұмыртқаны өзіме қалдырып, қалғанын соларға бере салдым. Орыстар неге бүйтті екен деп ойлайтынмын. Кейін ойласам, мен сол кезде өзім сары, мұрнымның үсті секпіл-шұбар, шашым ұзын, ақ сары орыс баласынан аумайды екенмін ғой. Арпа ішінде бір бидай сияқты мен сарыбасты көккөздер қазаққа қалай қисын?! Асыранды орыс баласы деп ойлауы да мүмкін ғой. Сол орыстарды келесі 1955 жылдың көктемінде біздің үйдің тұсынан ханзу мектебіне дейін тізіліп, жасыл туымызды желбіретіп тұрып шығарып салдық. Жүктерін пыс-пыс еткен үлкен машиналарға тиеп, өздерін сүйір тұмсық сарыала жабық машиналарға отырғызып әкетіп бара жатты.
Сол жылдары «сабетке» кететін «граждандарды» үйлерінен жүк машианаларымен тиеп алып кететін еді.
Терезеден бастарын шығарып, қол бұлғап, қош, қош! деп кетіп бара жатқан орыстар көздеріне жас алып бара жатты. Кәдімгідей жылап кетіп барады.
Совет Одағына келген соң, солардың екі үйінің басын бір жерге қоспай, таратып жіберіпті деп естідік. Кекшіл қызыл империя кешірмеген гой.. Не десе де кеше гана өкіметке қарсы оқ атқан «ақтар» - солардың ұрпақтары, сене де қоймаған шығар-ау?!
Мектеп демекші, менің мектепке баруым да аяқастынан болған еді. Қазақ мектебінде төрт кластық бастауыш қана бар екен. Онда Ғазиза, Сағила апайлар оқып жүрген. Шерзада (Шекен) ағам үшінші сыныптан бастап қалада «Фимагуңсыда» кейінгі І-қазақ ерлер мектебінде оқитын. Басында жатақханада жатты да, артынан туыстардың үйіне шығып кетті. Жазғы демалыста ғана үйге келетін, оны қашан келгенше қатты сағынатын едік.
Біздің үйге Дүрімбай деген кісі Маужида деген сымбатты, сәнді киініп жүретін әйелі бар ерлі-зайыпты мұғалімдер жиі келіп кететін. Мектептегі сабақ басталғалы да айдан асып кеткен. Бір келгендерінде шимайлап, жазу жазып, бояу қарындаштармен сурет салып отырғанымды көрді де, екеуі жатып жабыссын. «Аға, тәте – дейді, Мына балаларыңызды оқуға беріңіздерші, әлі кеш емес, оқуды алып кетеді». «Әлі жасы жеткен жоқ» деп әкемнің жібергісі келмеді. Анам менің бетіме қарап отырды да: «Барса барсын, әкесі, ертең-ақ жіберейік!» - деді әкеме қарап. Анам түнде қара көк шүберектен «боқша» (сөмке) тігіп, ішіне екі дәптер, бір қарындаш салып, ертеңінде апайларыма қосты да жіберді.
Менің алғашқы ұстазым Тоқтаған деген кісі. Сол Маужида апайдың өзі жетелеп әкеліп тұрған маған қарап таңдана қарсы алды. Арабша төте жазу әріптері маған таныс. Сабақты меңгеру қиынға түскен жоқ. Бірінші сыныпты мақтау қағазымен бітірдім. Бір күні менің есеп дәптеріме «бауырым ішімдегі тәуірім» деп ұстазымның жазып жібергенін артынан көріп, үлкендеріме оқып беріп едім маз болысты. Әріп танытып, төрт амалды үйреткен соң, ары қарай өз білімі де шамалы болды ма, Тоқтаған ағай ұстаздықты біржолата тастады.
(Кейін 1962 жылы Аягөздің Қарағаш совхозына келді деп естідім.) Ал Дүрімбай аға, Маужида апай – мұғалімдерім 1955 жылы «советке» кетіп қалды. Қазақстанның қай түкпіріне келді, ұрпақ бар ма, олардың тағдырларынан бейхабармын, бірақ анда-санда болса да оралып ойыма түседі де тұрады.
Мен сурет салуды төрт жасымнан бастадым. Түрлі-түсті бояу қарындаштар, әр түрлі сиялы кәмби-қаламды базарға барған сайын әкем, демалысқа келгенде Шекен ағам да әкеліп беретін. Біздің үйдің арбасын айдап, кіре тартып келетін Арабай деген жігіт болды. Бауырмал, балажан адам еді. Бір сапардан оралғанда маған деп бір басында көк, бір басында қызыл сиялы алтындай жарқыраған сап-сары темір майкәмби (шарикті қалам) әкеліп,«бұл сия құймайтын қалам, суретті осымен сал» деп берген еді. (Шарикті автоқалам Қытайда сол кезде қолданылатын).
Қайыстан түйін түйетін қолы шебер әкемнің жүген, ноқта, өмілдірік, құйысқан, айыл, өрметартпа, қайыған тоқым, тебінгі, жуан тобылғы сапты «бұзаутістер» мен жез ораган сары ала қамшы, сабы да өрме қайыс жеңіл қамшылар қолынан шығып, өз иелерін тауып кетіп жататын.
Анам Майсаруар да (ағайын туыс, былайғы жұрт Шөкен атап кеткен) мен ес білгеннен білетінім, өзінің бір тоқтамайтын «Зингар» машинасымен іс тігетін. Той-томалақта суырып салма ақындығымен де жеңіліп көрмей, айтыста жол алып жүрген ақындық өнері де бар еді. Бүкіл ауылдағы сәбилердің емшісі де сол кісі, қолының ерекше емсек қасиеті бар болатын. Менің бойымдағы өнерге деген құштарлық шебер қолды ата-анамның туа бітті қасиеттерінен ғана дарыған десем күпірлік болар, сүт анам Қасымбай қызы Нұрғайша тәтемнің ақ сүтімен де бойыма сіңген деп сезінем. Себебі ол анам да шебер қолды, сымбатты да сұлу өңді, күміс білезік, алтын сырғалары жарқылдап кербез жүретін ерекше жан еді.
Әкем Құдагелді екі-ақ ағайынды болған ғой. Ағасы Бәйеш әкеміз ертерек қайтыс болып, бір қыз қалған екен. Аты Қалижан. Айдарбек бидің Ес деген баласының немересіне күйеуге берген екен. Абдырада қора-жайлары бар, «төрт Тоқабай» аталаған – Боранбай, Желдібай, Бұланбай, Бұлантай деген ағайындылар. Соның Желдібайы жездем еді. (Қалижан апайым тоқсанға келіп домалаңдап әлі шауып жүр). Сол Айдарбек би нағашымыздың Дос деген (Еспен туысқан) баласынан Жүніс, Жүністен Майсаруар- Шөкен туады. Әкем ағасы өлген соң менің анамды әмеңгерлікпен алған екен. Оған дейін екі әйелі болыпты. Біріншісі – қарақұрсақ Сақатайдың Қасымбай атты ұлының Ажархан деген қызы екен. Екіншісі – Мұрын қызы Забиға, екі шешеміз де мен тумай аурудан, баладан қайтыс болыпты. (Марқұмдардың жаны жәнната болсын!).
Әкем Өтеп атамның барлығының арқасында жасынан серілік құрып, қайда той, қайда көкпар болса сонда кетіп, отыздан асқанша қолына «аша-күрек» ұстамай кеткен адам. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жан еді. 1956 жылдың көктем айы болу керек, Құрбан айтта топ балалармен Ашылының көшесінде шаң-шаң болып айтшылап келе жатыр едік, үстімізге жирен атты мінген әкем келіп қалды. «Әй, мына түрің не?» деп ана балаларға жақтырмай қарап, үзеңгісін шіреп тұра қалды. Мінгес дегені. Жалп етіп жарбия мінгесіп алдым. Үйге беттеп келе жатыр едік, оң қолда Нұраның бетінен дүниені дүбірлетіп, будақ-будақ шаң қалдырған қалың нөпір көкпаршылар ойға қарай еңкейе жөңкіліп келеді.
Әкем атын ұшыртып үйге жетті. Қақпа сыртындағы керме ағашта байланған көп аттар тұр еді, оларға қараған да жоқ. Сыртқы қашадан атын секіртіп кірген әкем мені сол білектен алды да тастай салды. Аңдаусыз отырып, екпетімнен тақыр жерге құлап түскен менің аузымның қанап-ақ қалғаны. Үй толған кісілер. Құрманғали, Құрманхан ағалар бар, (әкемнің немере інілері ғой) тағы біреулер. Апам да жетті. «Ой, көкпарда басың қалғыр» деп шешем ойбайды салып жатыр. Үсті-басымды қағып, су алдырып, бетімді жуып та жатыр, «дүлей-дүлей» деп ұрсып та жүр. «Әй, ағатайым-ай, әй, ағатайым-ай!» деп Құрманғали ағам қайта-қайта басын шайқап, әкем кеткен жаққа мойнын созып қояды. Әне-міне дегенше тақымында көкпар, атын секірте бастырып келіп, ағалардың табанының астына көкпарды тастай салды. Бар айтқаны «терісін сыпыр да, қазанға салдыр» деді де, өзі қора жақтан қара серкені алып шығып, жерге ұрып жығып, тіземен басып отырып, «қашқар» бәкісімен кеңірдектен бірақ орды. Көкпар, көкпар деп айғайлап тұрған қалың топқа «міне, көкпарың!» деп алдыңғы қатарда тұрған Елемес балуанға бір бұтынан көтеріп ұстата салды. (Елемес әкемнің інісіндей көретін қайратты балуан кісі еді, ұлты Солаң).
Бір жылы Кәріапамыз қатты аурып қалды. Анамыздың шешесі Жүніс атаның әйелі Мақыш апаны біз Кәріапа дейтінбіз. Себебі өз анамызды апа деп атап үйрегендіктен ана кісіні ажыратып атау үшін Кәріапа деп атап кеттік. Кәріапа көп жатқан жоқ о дүниелік болып кетті. Ол кісінің мәйітін бір бөлмеге шымылдық құрып, оң жаққа салып, кеудесін үлкен таспен бастырып қойды. Соны көріп қалған кішкене інім Шах Мұхамед «тасты таста, тасты таста» деп қиғылық салғаны әлі есімде. «Кәріапамды неге таспен бастырасындар алып тастандар» дегені. Сол Кәріапамыз біз ес білгеннен біздің үйде. Өйткені баласы Төлеген нағашым мемлекеттік қызметке кіріскеннен кейін не ауылда, не қалада тұрақтап тұрмай ары-бері қоныс аударумен болды да қартайып қалған шешесін сүйрей бергісі келмеді. «Қыз күтімге» деп менің анам анасын ерекше қамқорлыққа алған еді. Бір жағынан Кәріапамыз әкемнің жақын апайы, Құрманғали ағамның туған әпкесі. Ал Құрманғали ағамның әйелі Қатыш менің туған бөлем. Жүніс атамның Нүрила деген қызының қызы. Сүйегі Тоғас Бекібайдың Кәден деген ұлынан туады. Ата жағынанда қуалап келгенде бір Байжігіттің ұрпағымыз. Біз көрмеген Нұрғали деген нағашымыздан Алиша, Сағила деген екі қыз бала қалған екен. Жесір отырған Жібек шешеміз денсаулығы кем Алишаға қарап жүрдіде ол қызы бақилық болған сон жаңағы Бекібайдың бір баласы әйелі өлген Дүйсенбайға тидіде сол босағада бертінде өмірден озды.
Төлеген нағашым Жаңыл нағашы жеңгем түскен жылы біздің үйде тұрды. Жаңыл нағашы жеңгеміздіңде руы Тоқабай, Әубакірдің Қапасының қызы. Бірге туған апайы Күләш аймақ көлемінде мемлекеттік қызметтегі тұнғыш әйел кадр еді.
Бір күннің кеші. Қыс мезгілі, түн қою қараңғы. Бұталған отыннан ошаққа анада-санда тастап қойып отырған Жаңыл тәтеміз «отында бітіп қалды» деп жалтақтай берді. Бұталған үшқат, тобылғы қараңғы қорада текшеленіп жиналып тұрғанымен оны әкелуде бір жұмыс. Әлде Ғазиза апайым әкеп берсе деп отырма тәтеміз орнынан қозғала қоймай енесіндей силайтын менің анама қарап еді шешем «барда бір құшағын әкелде отқа сала бер» деді бұйрықты раймен. Осы сәттің боларын алдын ала білген Ғазиза сып беріп білдірмей далаға шығып кетіп, қараңғы қораның түпкіріне барып тығылып тұрады. Қап-қараңғылыққа «Бисмиллалап» әрен кіріп кележатқан Жаңыл тәтемізді отын алуға еңкейе бергенде үндемей келіп белінен сипап ұстай алады. Жан дауысы шыққан тәтеміз қараңғылықтан атып шығып үйге қалай кіргенінде білмейді. Іле шала кірген Ғазиза апайым сыбырлап қана «әй қорқақ екенсіз ғой» дегенде ғана Жаңыл тәте «бұл недеген бала еді-ай» деп боздап жіберді. Істің мәнің біле қойған анам Ғазизаға ал кеп ұрыс.
Тағы бір күні Мұратжан бөлем біздікінде қонақ болып отырған. Темекені жиы тартады. Бір шығып қайта кіріп кележатқанда жер ошақта от жағып отырған Жаңыл тәтенің артынан өте береді. Сол кезде әлде қалай сезіктенген тәтеміз жүрелеп отырған аяғын жинай бергенде хром етіктің жұлығы жерге жанығып жағымсыз дыбыстай анық естіледі. Сол замат Мұратжан жерге гүрс етіп құлап түсті. Үй іші не болғанын түсінбей үрпиістіде қалды. Тез ес жиып қасына жетіп барған апам «құдай-ау не болып қалды бұған» деп жыламсырап еңкейе бергенде әлгі «өліп» жатқан Мұкеңе тіл бітіп «тәте, мына келінің мені атып түсірдіғой, атып түсірді» деп жатыр. Жаңыл тәте ұяттан өртеніп далаға безді. Әкем мырс-мырс күліп «ой ақымақ оның не» деп жатыр.
Тағы бір есімде қалған оқиға:
1954 жылдың жазында Шәуешектегі Шекен ағам демалысқа келген. Ол сол кездің өзінде-ақ он жаста болғанына қарамай салмақты мінезді салқынқанды еді. Маған бір үлкен кісідей көрінетін. Біз ағайындылар бала болып бір-бірімізбен шығысып көрген жан емеспіз. Аса бауырмалдығымыз ата-анамыздың тәрбиесінен де болар.
Егін орағы басталып алғашқы бау-бау бидайлар үйдің артындағы қырманға айнала маяланып үйіліп те қалған. Екі-екі тастан біріктіріліп, үштен ат жегетін шаңтастар жерді дүрс-дүрс солқылдата қырман соғу басталып кеткенінеде бір енеше күн болып еді. Қырманда шаңтастың атына мінетін Рахымқалидың баласы Қалибек бар Шекен ағам үшеуіміз түскі ыстықта суға барып түсіп жүргенімізде қасымызға Тойжан Қыдырмолла деген кісінің Көбеген деген баласы келе қалды. Оны мұны айтып соңы Көбегендердің қауын-қарбыз салған бақшасынан бірақ шықтық қой. (Қыдырмолланын Көбегеннен басқа Тілеген, Төлеген, Мәуітқан деген ұлдары, Гүлжахан деген қызы болды) Төртеуіміз бір-бір сары қауыннан жұлып алып, «Кебекенің дауалы» дейтін кең қоршаудың ішіне апарып, жерге бір-бір қойып жарып жеп отырғанбыз. Қолында бүктей ұстаған бишігі бар Қыдырмолла қасына Гүлжаханмен тағы бір туысының Жаңыл деген қызын ертіп үстімізге жетіп-ақ келгені. Қалибек пен оның ұлы Көбеген қашып кетті. Ағайынды екеуіміз қолға түстік. Шекен де маған қарайлап қашпады, әйтпесе онында құйындай жүйткіп зырылдап тұрған шағы.
- Қанеки, оңбаған ұрылар! Ұрдық қылғанды көрсетейін. Түсіңдер алдыма! Кент бастығына апарамын, - деді. Бишігін білеп тұрған соң алдына түстік. Екі қыз қауын шапақтарын етектеріне салып алды. Айғақ зат қой. Қайтсын-ай! Содан кент бастығынын үйіне келдік. Кент бастығы анамыздың бірге туған сіңілісі Қалижан тәтеміздің күйеуі Жақсыбайдың Жұмабегі деген қияқ мұртын шиырған ұзын бойлы адам еді.
Аман-сәлемнен кейін Қыдырмолла: Міне мыналар ұрдық жасап бақшамды шәт-шәлекей қылып кетті. Бұлардың шәшбауын түзеп бер-деп тұр. Ұзын өрген шәшіміз жоқ мына кісі шәшбау деп нені айтып тұрғанына аузымды ашып мен тұрмын. Екі қыз етектеріндегі қауын шапақтарын жерге тастады. Бізде ақталар үн жоқ. Сәл уақыт өтті ме, өтпеді ме кішкентай інім Шах Мұхаммедті сүйрей жетелеп анам да жетті. Қалибек барып жеткізген ғой.
-Әй, сен -деді Қыдырмоллаға –алдымен бақшаңа ертіп апарып түсірген өз ұлыңды лақша бақыртып неге әкелмейсің? Ордаңды ойраңдап, тасошағыңды талқандағандай көргенің менің екі ұлым ба? Мынауыңды біздің үйдегі (әкемді айтады) естімей-ақ қойсын. Ол естісе кірерге қара жердің жыртығын таба алмассың! Сен неғып салбырап тұрсың – деп Жұмекеңді тықсырды. Жоқ, олай емес екен, Қыдекеңнің жүні жығылды да қалды. Ойбай-ау, тәтетай-ау, ғафу ет, ғафу ет дейді. Көздері бақырайып тұрған екі қыз зытып берді. Дабырлаған дауысқа үйден Қалижан тәтем шығып, апайына басу айтып тоқтатқаны. Ақыры сол үйдің бір шәугім шайын ішіп үйге қайттық қой. Сондағы Жаңыл қыз менің Нұрғайша сүт-анамның ұлы Биахмет ағама тиіп, жеңге болды да шықты. (Биахмет аға көп жылдар Шәуешек І-қазақ-ерлер мектебінде ұстаздық етті). Кейін бір отырыста Жаңыл жеңгеме өткендегі қауын шапақтарын етектерін су-су қылып айғаққа апарғандарын есіне салып едім, «үйбай-ай, ұят-ай, ұят-айдан» басқа ештене айта алмады. Қазір көп балалы ана, ардақты әже. Ағам екеуі Ертіс жағасындағы бір ауылда тұрып жатыр. (Нұрғайша тәтемді еске алғаным, ол кісі әкемнің бірінші әйелі Ажархан анамыздың туған әпекесі. Қасымбайдың қызы).
Ашылының бастауышын бітіріп, енді Шәуешекке барып оқимыз деп жүргенде өз ауылымыздан толықсыз орта ашылатын болып қалды. 7-сыныпқа дейін өз отымыздың басында, ата-ананың ыстық құшағында асыр салып жүргенге не жетсін?! Ғазиза апайымыз 4-сыныпты бітірген соң Қызбейітіндегі Қимади деген кісінің Қажыгерей деген ұлына ұзатылып кеткен. Оқу аяқталысымен жазғы демалысты шұбырып барып, апа-жездеміздің үйінде өткіземіз. Бес биенің сабасындай дейтіндей толық, қызыл шырайлы Сейілхан апа (Қажыгерей жездеміздің анасы) кең пейілімен мейірлене қарап, бала болсақ та бәйек болып барын тосатын. (Жаны жанната болсын!)
Бір жақ шеті Абдыра өзенінің басы Көкбұлақтан, бір шеті Талдыбұлақ, Қараүңгірдің Арасанды басына дейін атпен аралап, ел қыдырып, қымыз ішіп, бүлдірген теріп қарқ болып қайтушы едік. Талдыбұлақтың бір кішкене сайында теріскейі таңқурай, күнгейінде тощала, төріндегі биік – қалың қарақатқа бітіп тұрар еді. Қарақатқа шығарда бір аттың ер-тоқымын алып тастап, өзімізбен бірге биікке жетелей шығатын едік. Себебі ойда жоқта аю шапса, сол атты тастап құтыламыз дейтінбіз. Расында қарақат бұталары біреу сыдырғандай сынып, түбінде кепелеген боққа дейін көрдік. Сақтықта қорлық жоқ. Жазғы демалысты тауда сайраңдап өткізіп келіп, оқуға кірістік. Бұл 1959 жыл. Біздің үйдің қасында көктепсеңнен қыраттау жерге трибуна-арка жасап, қызу дайындық басталып кетті. Ала шапқын қарбалас. Ертең 1-қазан – Жұң хуа Халық Республикасының құрылуының он жылдығы. Ағаш ұсталары бар, кеңсе қызметкерлері бар, жазу жазылған ұзын, қызыл шүберекті көлденең керіп, сахна маңдайшасына шегелеп жатты. Қызықтап жүріп қасына барып оқып көрейін. «Мелекеттік мерекеміздің 10 жылдығы жасасын!» деп жазылыпты. Сонда жүрген кадрдың біреуіне «Ағай, анау неге мелекеттік деп жазылған» деп едім, ол оқып көрді де, көзі алайып кетті, қазақша айтқанда «бұтына тышып жібере жаздады», масқара қателік. Сөйтсем мұның өзін сонау Шәуешектен жаздырып әкелген екен. Ертең мереке, қайта үлгермейді. Және саяси қателікке кешірім жоқ, не істеу керек?! Қызыл шүберек қайта сыпырылып алынды. Жазатын ақ бояу да жоқ, ақыры тіс пастасымен әлгі құрып кеткір жалғыз әріп «м»-ді сыйғызып жазып, рахмет те алған жоқпын-ау.
1-қазан – Октябрьдің он жылдығы, мереке. Жұң Гоның жарияланғанынан бергі ең алғашқы аталып жатқан атаулы күн.
Көгалды алаң аттылы, жаяу халыққа толды. Біздің үйден жалғастыра төмен қарай жағалата жайма сауда, ұсақ-түйек, арақ-шарап сатылып жатты.
Сахнаға шыққан райком, район бастықтары айтарын айтып, халықты құттықтап, ұрандатып, «жасасындап» бітірген соң, ең бірінші балуандардың күресі басталды. Ортаға Құрманғали аға шықты. Екінші жақтан қара шомбал ырғала әрең жер басып, Қауға Солаң шықты. Екеуіне де ұзын, қара шүберектен белбеу буылды. Төрешінің (Елемес балуан) ысқырығымен екеуі айқаса кетті. Екеуі де жауырындарынан қолдарын асыра белбеуден ұстап алып, бойларын тіктеп шалқайыса бергені сол еді, қалай болғанына көз ілеспей де қалды, Құрманғали ағам Қауғаны тік көтерді де, сарт еткізіп жерге бірақ ұрды. Ұрды да басынан аттап жүре берді. Орнынан атып тұрған қауға балуанның штанының бауы үзіліп кеткен болу керек, дамбалы аяғының басына сыпырылып түскенде ұят-ай бар абыройы жұртқа жария болды да қалды. А дегенде онысын байқамаған Қауға байғұс «арманым бар, арманым бар» деп ағаның артынан ұмтылғанда, аяғына оратылған іш киіміне шалынып, құлап түсті. Ел қыран-топан. Жағдайын жаңа білген Қауға жалпақ құйрығын жабуға да шамасы келмей тоңқаңдап, көрермен жұрттың арасын еңбектей қашып кіріп кетті. Сол Қауға балуан кешкісін той тарқағанда, үсті-басы қап-қара балшық, удай мас болып, жан-жағын сабалап айғайлады да жатты.
Одан кейін сонау жоғарыдағы Қоқымбай ауылынан жіберілген жаяу жарыстан бірінші болып Қыдырмолла аға келді. Күн екінті болмай Қарақабақтан ары тұстан жіберілген бәйгелер де көмбеге келіп қалды. Бірінші болып Жылқыбайдың көгі, екінші болып Демесін-Қоңыр өтті. Үшінші, сенесіз бе, сенбейсіз бе, Ғазиза апайымның қалыңмалына келген, әлі сол торықұнан аты қалмаған жеті жасар біздің торы ат келді. Әкемнің жиені Кәрібай аға баптап қосқан еді. Астымдағы жорға көкпен ұмтыла берген маған алабедеудің үстінде отырған әкем барма деп басын шайқады.
Өкімет тарапынан ұйымдастырылған ұлы дүбірлі тойдың басы да, аяғы да осы болды.
Былтырдан бері мектепте ең негізгі пәндердің бірі болса да, бірегейі болып саяси сабақ енгізілген еді. Қара бұқара арасында коллективтендіру кооперативтері құрылды. Аттары қандай десеңші?! «Жаңа талап», «Жаңа өмір», «Жаңа нұр», «Мәңгі нұр», «Бірінші август». Еңбек ақыға ақша емес, ен жоғарғысы 10 еңбек күн жазылады. Жақсы істегендер жиналыс сайын құр сөзбен мадақталып, кеудесіне ұзыншақ қызыл шүберек лентадан біреуін жапсырып береді. Осыған да риза бол, жүре бер. іле-шала «стиль түзеу», «ашылып сайрау» науқаны жүріп кетті. «Барлық гүлдер шешек атсын, барлығы да үн қатсын» дейме-ау, жыл өтпей жатып, «ашылғанның бәрі гүл емес, сайрағанның бәрі бұлбұл емес» деген сұрқия сұрыптаудан соң «үш қызыл ту» ұраны айғайлай жетті. Бұлар – партияның сара жолы, секіріп ілгерілеу, халық коммунасы еді. «Көктөбеде күнде жиын».
Сара жол демекші, менің анам Ашылыдағы жалғыз әйел коммунист. «Сіз өтесіз партияға» деген соң өтті, жоқтан ілік іздейтін жүйеге жоқ деп айту қайда? Әкем болса жаңа жүйеге жаны қас, коммунисі мен партиясын қоса боқтап жүрсе де, шешемнің күн-түн болатын жиналыстарына баруға тыйым салған жоқ. Түнгі жиналыстарға мен ілесіп барып жүрдім. Бұның өзі менің «саяси санамның» ерте жетілуіне қатты әсер етті. Лян ха шаңның кеңсесіндегі кезекті бір партия жиналысында темір пештің түбінде қалғып-шұлғып отырып, қабырға сағатқа қарасам, түнгі үшке таяп қалыпты. Шешемді түртіп, апа, неге қайтпаймыз деп едім, партияның сара жолын ешкім айтып бере алмай отыр дейді сыбырлап. Мен мектептегідей қолымды көтердім. Ұлты солаң Шерен секретарь да, басқалар да аңтарылып маған қарайды. Аға, партияның сара жолын мен айтып берейінші дедім жан-жағыма қарап. Айт, айта ғой деді секретарь. «Партияның сара жолы – қарқынды қайратпен өршелене өрге жүзіп, әрі тез, әрі жақсы және үнемшілдікпен социализм құру» деп тоқтадым. «Міне, болашақ коммунист» деп, бұдан былай партияның жаңа саясаттарына хабардар жүріңдер. Болады, тарай беріңдер деп кісілерді қайтарды. Сол коммунистердің бәрі дерлік сауатсыздар еді ғой. Газет оқымайды, үйді үйге радио да тартылғанмен, соның концерті болмаса, басқасын тыңдап жатқан олар да жоқ. Таңнан кешке дейін сүрініп-жығылып жүрсе қай уақытта тыңдасын. Түн жылы болып тұр екен. Көшеге шығысымызбен өзі балуан Құрманғали ағам «келші, қарғам!» деп қолымнан ұстап алды да арқасына бірақ салды. «Түсем аға, түсем!» деп басқалардан ұялып барамын, оған қарайтын ағам жоқ. Менің арқамда тез тарағандарына риза болып кетсе керек..
Әкемнің қиқар характері туралы төменгі буындағы басшылар-дүйжаңдар район, коммуна бастықтарына ол кісі туралы сөз қозғай алмайтын болды. Оның да себебі былай болған еді. Әкем бір күні атына міне салып, әлдеқандай бір жұмысымен Ляң ха шаңның кеңсесі жаққа барса, ортақ қазанға (коммуна асханасына) деп, семіз сиыр сойып жатыр екен. Сол жерде басқарып жүрген Сейіт деген белсендіге мынадан 5-10 келі ет бермейсің бе дейді. Сен үйіңнен ішетін буржұйсың (буржуй дегені ) саған ет берілмейді деп салады сызданып. Аттан қарғып түскен әкем Сейіттің кеңірдегінен сыға көтеріп, аяғын жерге тигізбей қабырғаға тіреп тұра қалады. Қылқынып бара жатқанда басқалар әрең арашалап алыпты. Есін жия сала коммуна бастығына, әрі райком хатшысына шағым айтып барса, «кінә өзіңізден, неге ол кісінің бала-шағасына ет берілмейді дегенсіз? Қазір барып өз қолыңызбен 10 келі ет өлшеп беріңіз» деп қоя беріпті. Осы жағдай басқаларына да сабақ болған ғой деймін. Әкемдікі де қысастық. Әйтпесе біздің үй етсіз отырған күні жоқ десе де болады. Өйткені мал шаруашылығы басқармасының бастығы Сүлеймен аға өзінің сенімді деген кісілерінен араға аздаған уақыт салып, құйрықты құнан қойлардан түнделетіп жеткізіп тастайтын. Түнімен сойылып, терісі ертемен иге де түсіп кететінін ешкім де білген емес.
Бүкіл Октябрь коммунасы (Шы Гуң ше) ның қысқы-жазғы қайыстан жасалатын жабдық-саймандары әкемнің қолынан шығатын. Жұмыс көлеміне қарай қыс пен жазда екі адам, кейде үш адамнан көмекші ұстайтын. Сайман жасауға керекті қайыс үйдің артында арнаулы орында, шаруашылық басшылары (дүйжаңдар) жеткізіп беретін мал терілерінен иленіп, кептіріліп, өңделіп дайындалынылатын. Жағалай тері илейтін үлкен-үлкен ағаш бөшкелер, тері өңдейтін темір қырлы талқы, ұзын бөрене бастырық тұратын. Әкемнің түнде де бірталай уақытқа дейін сырт-сырт, тық-тық еткізіп, қай уақытта жатып, қай уақытта тұратынын білмейтінбіз.
Ортақ қазанға қарайтын сол бір жылдары әкемнің абыройлы еңбегінің арқасында асханадан тамақ ішпейтінбіз. Киер киім, ішер тамаққа кенде болмай бұла болып өскеніміз асқар таудай қорғанымыз, қормалымыз әкемнің маңдай тері, абыройының жемісі еді. Сонау бір кездері болған, толған небір адамдардың мұржасынан түтін де шықпаған күн болды ғой, не дерсің?!
Ескі өкімет кезінде бүкіл Ашылы аумағын уысында ұстаған Шаркок шаңияның жай-күйі де соның бірі еді. Біздің үйге келсе болды, анам байғұс құрақ ұшып, барын салып, шайын беріп кетерінде бір-екі нанды, не қарманы бүктеп қойнына тығып алмасына қоймай жолға салатын. Бала да болсақ байқампаз едік қой, риза көңілмен қараған шаңияның көзінен бір тамшы жас домалап түскенін де көрдім. Көрсетпегенсіп бет-жүзін алақанымен қалқалай беретін. Бір күн бетін, бір күн сыртын берген дүние-ай.. Менің алғаш есім кіргеннен бастап, бірі қазақ, бірі солаң, діні де бөлек екі жан «солаң-сопақ бір туысқан» деп шексіз сыйластықпен жүрер еді. 1962 жылы біз советке ауарда алпысты алқымдаған шаңия (атаман) Шаркок ата еңіреп жылап қоштасып қалғаны көз алдымда. Осыны көріп тұрған көршіміз Жыңшүмбүк шалдың күйеу баласы Шеріндуа бізді шекараға жеткізіп қайтқаннан кейін үш күннен соң жас әйелі мен үш баласын тастап, бері өтіп кетіпті. Абай ауданының Қайнар совхозына келген оған он жылдан кейін ғана барып, сәлемдесіп аман-саулығын білдім. Кейін үй болып, қазақтан әйел алды. Бір қызы біздің Мамырсуда тұрмыста. Сельчуков Анатолий деген ханзудың ұлына күйеуге тиген. Құдағиы да ханзу қызы Люся. Бір құдасы менің өте сыйлас көршім Милосердов Николай-Гау Гошуа. Анатолийға арғын ішіндегі қытай руынансың ғой десем, жоқ қытай ішіндегі арғынмын деп дауласады. Өйткені ол арғындардың ішінде он жылдан артық тұрды ғой.
Бесінші сыныптан бастап саяси сабақ өтетін болдық. Сол кездегі сабақтың төресі де, төбесі де саяси сабақты миымызға құятын мұғаліміміз Қызыр ағай. Ол кісінің жары Бақтыхан апай, математикадан сабақ беретін. Ерлі-зайыпты екеуінің де жүздерінен жылылық нұры төгіліп тұратын. өте инабатты мейірбан жандар, нағыз педагогтар еді. Қызыр ағай саясатпен қоса әдебиеттен де сабақ берді. Көркем әдебиетке деген құмарлығым сол кісінің ықпалымен болды десем, артық емес. Сәбит Мұқанов, Жәрдем Тілеков, Әбділда Тәжібаев басқа да қазақ жазушыларының шығармаларымен таныса бастадым. Кириллицаны өз бетіммен оқып үйрендім. «Жұлдыз» журналын жаздыртып, алғызатын едім. Ол кезде журнал жұқалтаң еді. Үрімжіден шығатын «Шұғыла» журналын да алып оқып жүрдім. Ақыл-сананың ерте толысып, айналама зерделі көзбен қарауға, адам жаратылысын ұғынуға кітап оқудың пайдасы ұшаң-теңіз болды десем артық болмас.
Мектебіміздің айналасы биік-биік көлеңкелі ағаштармен, қолдан түйіп соғылған дауалдармен қоршалған, үш бөлек ғимараттардан тұрғызылған бұрыңғы Бақ деген бай солаңның қора-жайы еді. Төбесі жабық қақпаға қарсы ғимаратта ханзу тілінде оқитын сыныптар мен мұғалімдер бөлмесі. Төрдегі үлкен биік үйде екі сынып, қақпаның сол жағындағы күзетшінің үйімен жалғас бір сынып, осы үшеуінде 5-6-7 сыныпта қазақ балалары оқыды. Мектеп директоры (мүдірі) бұрын Хайдар деген кісі еді. Оның орнына Нияз деген ағай мүдір болып келді. Ауыр мінезді, ұзын бойлы қарасұр адам. Оқу бөлімінің меңгерушісі И жыгау деген солаң. Жалтақ мінезді, жеңілтек адам көрінетін. Мектептің сыртқы қабырғаларына әртүрлі ұранды суреттер салып жүруші еді. Сол И жыгау аймақтық арнайы мекемеден Маузыдұң мен Құрбантолым деген ұйғырдың тоқсанға келген бағбан шалының қол алысып, күліп тұрған суретін салуға рұқсат алып келіп, сол суретті маған езбе бояумен (акварель) үлкейтіп салғызған еді. Мен Шәуешекке кеткенше мектепте тұратын.
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенде ақын Абай небары 54 жаста екен. Мен қазір одан мүшел жасқа үлкенмін. Ой тереңіне түссем малтығып шыға алмай, қиял қанатына мінсем қайрылып жерге түсе алмай қалатын бір сәттер өтеді. Бастан өткен жаманыма күйініп, жақсыма сүйініп, жас дәуренімді, балалық шағымды сағынып, өткен өмірімнің елестері көзімді жұмсам да кино көріп отырғандай сырғып өтіп жататын күй кешкелі қа-ша-ан! Қайран қимас балалық шақ-ай! Балғын дәуренімнің бала куәгерлері қайсың қайда жүр екенсің?! Мынау жұмыр жер бетінде, дөңгеленген дүниеде барсыңдар ма деп айғай салғың келеді.
Иә біздің ұлдардың ішіндегі бойшаңы да, үлкені де Құрманғали ағаның ұлы Құрманғазы еді. Оған тете жалпақ табан Қоқайдың Елтайы, қуышкеш қылжақ Сағымжанның Кәкімсейіті, тоқты-қошқардай мұрны пысылдаған Тоқтахұнның Тұрсынбегі, тойған қозыдай Молдаштың Молдабегі, осқыра қарайтын Саңқайбайдың Оспаны, жарғақ құлақ Ғарыптың Шәрібі (Ды су), Қаусылдың Сіләмжаны, керқұнанын қос өкпеге тепкілеп сонау Жаңбырзадан жететін Бармашықтың Шаймұраты, жылмиған жылтыр Камазының Исхары, шертетін домбырасының шанағынан басы әрең көрінетін Сағатбектің Төкеші, Уәлханның Мақсұтханы, қиқар Ыдырыш пен Дәлелхан, жұқа құлақ Жұмағали, «Шауда» аталған мен, жастарымыз әрқалай болса да бір ұяның балапандары сияқты едік. Қыздарымыз: ақкербез Жәкен, «сүйгенім менің қалада» деп жағы танбай ән салатын көккөз сары қыз Ақыл, үндемес қыз Нұрзия, домалақ қыз Нұрия, солаң қызы Лаңхуал, Шәмтіктің тәжи-қызы Фариха, бүркітші Мұқажанның Кәмашы, Нұрсағаттың бауырмал монти Үміті, Хамзаның бұралған Бұлбұлайы.
Сол Жәкенді бір күні қатты өкпелеткен «иттігіміз-ай». Ақсарының өңдісі, үлкен тұнық көздерімен айналасына байсал қарайтыны оны өз жасынан ересек көрсететін еді. Октябрь коммунасының статистика бөлімінде, сонау Базбат ауылынан Исахан баласы Төлеубай деген жас жігіт пен үйлі-баранды болған Бәкен деген жігіт келіп-кетіп қызмет істейтін. Сол Төлеубай Жәкенді кездесуге шақырып айналдырып жүрді. Оны бізге жеткізген әлгі Елтай қу. Жәкен оқушы демесең, бойжетіп те қалған қыз. Бір үйдің әлпештеп отырған әздегі. Өзі домбырашы. Ал енді олардың кездесіп жүргеніне біздің неміз күйіп кеткенін бір құдай білсін. Аңдып не көрінді десеңізщі. Бір күні түрлі-түсті бормен озіміздің кластың қабырғасының жоғарғы жағына үлкен әріптермен баттитып «Төлеубай, Бәкен, жылама әкем, шыдаңдар, тосыңдар, келеді Жәкен» деп жазып қойдық. Ақымақтарға сөз шығындап не десін, Жәкен өшін өзінің көз жасынан алды. Сол иттігімізге осы күнге дейін өкінем. Сөйткен Төлеубай өзімнің бөле апайым Бәтішті алып қашып алды да, ақыры жезде болды. Екеуі де тоғас руынан. Ағалы-қарындас қалай үйлендіңдер деп қалжындап Жәкенді де есіне салып қоямын.
Сыныптың жетекшісі, «меншік» мұғаліміміз жаңағы Бәтіш апайдың немере ағасы Дүйсенбайдың Бейісханы. Бейісханның біздің үйден сүт әкетіп бара жатып, жан-жағына қарап, көріп тұрған көз болмаса сүттің жартысын ішіп алып, бергені осы деп, қалғанын үйіне апаратын Абай атты інісі бар. Бейісхан мұғалім жазуды тура баспадан шыққандай етіп жазушы еді. Мектептегі оқушылардың табелін, мақтау қағаздарын «шипаграф» дейтін құралмен қолдан басып шығаратын. Алдымен қатты пленка сияқты материалға патефонның инесіндей қаламұшпен жазып, сызып түсіріп алатын да, шет-шетін өрнектеуге мені жегетін. Содан кейін майлы көк бояуға роликті жүргізе ме, домалатып басып шетінен шығара беретін. Бекеңнің қасында Қызырхан, Қазытай деген жас мұғалімдер де жүретін. Бағила, Зейнеп атты екі қыз мұғалімдер де сабақ бере бастады. Мен Шәуешекке толық орта мектепке ауысқан кезде сол Қазақ орта мектебін бітірген Шекен ағайым да Ашылы мектебіндегі мұғалімдердің қатарын толықтырып сабақ беріп жүрді. Оған сол кезде-ақ әке-шешем Қамдаудың (кооператив) дүкенін ұстайтын Сымайылдың қызы Нұрханға құда түсіп айттырып қойған болатын. Ел ауып, аласапыран, аумалы-төкпелі заман болды да, екеуін тағдыр қоспады. Сол Нұрхан Ашылыдағы ауа-райын бақылайтын станцияда жұмыс істейтін-ді.
Ойды ой қуалап, қай қайдағы еске түседі екен. Сол ауа-райын бақылайтын метерологиялық пункттің жанында ауылшаруашылығына мамандар даярлайтын қысқа мерзімдік «қызыл мамандар» курсы ашылды.
Қауғаның диірменінің қасындағы алаңға көшпелі кино қоятындар келіп, біздер кино басталғанша сол жерде топырлап жүргенбіз. Әлгі «қызыл маманға» әр жерден келген жігіттер де тобымен киноға келіпті. Сол арада қандай қара мысық жүгіріп өткенін, төбелес басталды да кетті. Біздің ұлдар да олардың үлкен жігіттер екеніне қараған жоқ. Бір кезде әлгілердің бірі шар етіп жерге құлады. «Пышақ, пышақ» деп бақырып жатыр. Құлақ түбінен қан ағып тұрған сияқты. Қарасам Тұрсынбектің қолында бәкі жүр. Білегінен жұлқылап «тез, суға, суға лақтырып жібер» деймін. Оның өзі де аң-таң боп тұрып қалыпты. Қанды көріп шошып кетсе керек. Бәкіні алып, суға лақтырып жіберіп, қолына қол прожекторды ұстата қойдық. Халық жинала кетіп қоршап алды. Қызметкерлердің біреуі не болғанын тергеп жатыр. «Өздері тиіскен соң, Тұрсынбек прожекторды сілтеп қалып еді, құлағын жырып кетті» деп біз шулап тұрып алдық. Сол көлиган Тұрсынбектің, бүкіл ауылдың жігіттерінің көзқұрты түсіп жүрген Зейнепхан деген бұйрашаш апайы бар еді. Ауылдық емханада Қалыкеш доктордың көмекшісі болып істейтін. Тұрсынбекті желкелеп үйіне алып кетті. Ертеңінде метепте тағы тергеу жүріп, ақыры Тұрсынбекті он бес күнге қырман соғуға қара жұмыспен түзетуге апарып салды.
Тағы да бір күні таңертең үш-төртеуіміз мектепке ерте келіп алыппыз. Мұғалімдер бөлмесіндегі сағатқа терезеден қарасақ, сабақтың басталуына талай уақыт бар. Баяғы сол аңғал Құрманғазы, қылжақбас Кәкімсейіт, мен, үшеуіміз «Қарақыздың» (Смайылдың жанама аты) қамдауына барып келе қояйық деп көшеге шықтық. Көлденең көшеден райкомның хатшысы (Ха Шужи) алдыға түсіп, 40-50метрдей жерде аяңдап кетіп бара жатты.
Әдетте мұғалімдеріміз бізге «темекіге әуес болмаңдар, ол денсаулыққа зиян, ол – ажалдың ұрығы» дейтін ғой. Жол шетінде махорканың жыртылған қапшығы жатыр екен, Құрманғазы жерден көтеріп алып: «әй, мына ажалдың ұрығын қараңдар!» деп әңгірлеп келе жатқанда қарсы алдымыздан Оспан жолыға кетті. Бұрыннан киіп жүрді ме, жоқ бүгін ғана киіп келе ме, бұтында сол кездегі өкіметтік кадрлар киетіндей түсті көк шалбармен келеді екен. Кәкімсейіт «ой, мынау кадр болып кеткенбе-ей, мынау кадр ғой» деп айғайлап, көзін көлегейлеп, аузын қисаңдатып, Оспанды мазақтай қалғаны. Бізге бәрі күлкі. Жамырай жырқылдап Оспанды да қосып алдық. Алдыда кетіп бара жатқан секретарь тоқтап тұр екен. Жапырлай сәлем беріп жатырмыз. өңі түтігіп кеткен, сәлем алып тұрған ол жоқ. Жанынан өте беріп едік, «тоқтаңдар!» деді. Дауысы тым зілді естілді. Менің мойнымдағы қызыл галстуктен жұлқи тартып қалып, бетіме шапалағымен сүйкеп жіберді, «мынаны сен қалай тағып жүрсің, мақұлық» дейді. Орынсыз көрген жәбірге мен де шыдай алмадым. «Тарт қолыңды, қол жұмсауға қандай қақың бар? Мені сен тұрмақ, әкем ұрып көрген жоқ» деп шап ете түстім. Ха шужи мүлде булығып қалды. «Түс, алдыға, сенің қандай мықты екеніңді идараға барған соң көрейін» деген соң айыбым жоқ, неден қорқамын «жүрсең жүр» дедім де алдына түсіп алдым. Басқалардың енді оған керегі болмай қалды ғой деймін, жалғыз күнаһар мен болдым. Жолда қарсы келе жатқан Еңсе атаның қызы Гүлгайшаға «мектеп мүдірі, оқу бөлімі және мынаның мұғалімі тез жетсін» деп нығарлап тапсырды. Коммунаның кеңсесіне келдік. Секретарь бір есікке кіріп кетті. Дәлізде тұр едім Бәкен мен Қабден ағам келді. Олардың да таңертең қызметке келген беті. «Ой, таң атпай мұнда неғып жүрсің?» дейді. «Секретарь алып келді» деймін есігін нұсқап. «Қызметке тұратын болдың ба ей?» деп Бәкен қылжақтады. Бір уақытта екі өкпесін қолына алып, оқу бөлімінің меңгерушісі И жыгау келді. Секретарьға кіріп кеткен еді, іле мені ішке шақырды. «Айт, қане, мені қалай мазақ қылғаныңды!» дейді секретарь ежірейіп. «Не деп мазақтаппын сізді? Жала жауып, қол жұмсадыңыз маған!». «Сенің тілің келмей тұрса мен айтайын» деді де, И жыгауға қарап: «мынау менің артыма түсіп алып, мына кетіп бара жатқан кадр ме, садыр ме, ажал ма, тажал ма деп жырқылдай күліп мазақ етті, аудандық сақшыдан кісі алдырамын да, мынаны алдарына салып берейін деп тұрмын» дегені. И жыгаудың көзі бақырайып кетті. Арине іс насырға шапса, мектептің атына, мұғалімдердің атына жағылатын күйе жақсы емес. «Біз шара қолданайык, өзіміз қатал шара қолданамыз» деп мені алып қайтты. Менен қалай болғанын сұраған да жоқ. Мектептің кең ауласы. Бүкіл оқушылар пионер отрядын тізіп қойды. Топ алдында мойнымдағы галстук кетті. Иықтағы командирлік белгі сыпырылды. өзім мектептен шығарылдым. Міне, керек болса «қатаң шара! «Төбеден жай түсті» деген осындай-ақ болар. Ызадан булығып, кеудемді ерекше бір өшпенділік керіп барады. Масқара-ай, бұған дейінгі абыройдан, ең жақсы оқушы атынан жұрдай болып, сөмкемді арқалап үйге келдім. Әке-шешеме ләм деген жоқпын. Күні кешке дейін үйге жоламай, дала безіп өшімді ойыннан алдым да, кешкісін тамақ ішуге де шамам келмей жастыққа қылжидым. Ертеңінде таңертең шешем мектепке кешігетінімді айтып, оята бастады. Мектепке бармайтынымды, болған жағдайды түгел айттым. Анам байғұс ауыр күрсінді де, «болады қарғам, артын күтейік» деп жұмысына кетті. Күйініп, ренжіп, бір ауыз сөз айтпаған, балапаны үшін жанын, жүрегін жұлып беретін қайран анам-ай. Ол кеткен соң көзімнен ащы жас төгіліп жатыр, төгіліп жатыр. Төрт күн болды, мектеп босағасын аттағам жоқ. Төртінші күні түстен кейін бір бала жүгіріп келіп, мектеп мүдірі Нияз ағай шақырып жатыр деді. Ұшқаннан да жылдам жеттім-ау деймін. Ентіге басып, қақпадан кірсем, оң жақтағы ағаш көлеңкесіндегі отырған Нияз аға қолын бұлғады. «Ассалаумағалейкум» дегенше «кел, отыршы, қалқам» деп биязы даусымен қасынан орын нұсқады. «Ал айтшы бәрін, түгін қалдырмай!» деген соң, болған істі бас-аяғына дейін тәптіштеп жеткіздім. Үнсіз тыңдады. Бәрін түсінді. Балалық таза сезіміме риясыз сенді. «Бара гой, бара ғой, ертең келіп сабағыңды жалғастыр, басқаша алаң болма» деп арқамнан сипап қоя берді. Өз ортама келдім. Содан кейін екі күн өтті, таңертеңгі уақыт, алаңда тұрмыз. И жигау келіп галстугімді байлап, командирлік белгімді тақты. Кейін білдім. Мектеп мүдірі Нияз ага мен анамның талабы бойынша коммунистердің жабық жиналысы шақырылады. Әңгіме мен туралы болған. Жан-жақтан жабыла сойлеген партия мүшелерінен райкомның хатшысы кешірім сұрап, әрең құтылыпты. Іс сонымен жабылып, мен оқуымды жалғастырдым ғой.
Қаяусыз, жарқын көңілімнің түкпірінде мәңгі дық болып қалған осынау бір әділетсіздік жүрегімнің тереңінен орын алып қалған ба, ұмытылмай-ақ келеді. Ең жаманы, сол күндерден бастап, темекі тартып кеттім. Он бір жастағы жас өрімге әрине зиян-ақ, құрғырды елу бес жылдан кейін әрең тастадым.
Ашылы райондық комитетінде кадр боп істейтін Қабден (Зейнелғабиден) ағам мен Көкен жеңгемнің отасқандарына бірнеше жыл өтсе де перзент болмады. Бастауышта сабақ беретін Көкен талдырмаш денелі, үйректің балапаны секілді ақ сары еді. Әке-шешемнің алдында жібектей есіліп, сызылып тұрған біреу, обалы қане. өзі үй шаруасын сылтау қылып кейде оқушылардың есеп дәптерлерін маған тексертіп қояды. Бір қате болса «4», екі қате болса «3», одан арғысына «2-ні» қойып, орындап қоямын. Сол сызылған жеңгеміз аяқ астынан «құралайды көзге атқан» мерген болды да шықты. Жаздың басында Ашылыға Тұрсынбай деген майор шеніндегі әскери кісі келді. Өзімен бірге бірнеше жапон карабинін оқтарымен ала келген екен. Біздің мектептің жанындағы ойпаңдау жерге нысаналар орнатып, ауыл азаматтарына қарудан атуды үйрете бастады. Оқ ұшатын жақтың беті құладүз еді. Ә дегенде сол Тұрсынбайдың өзі оққа ұша жаздады. Оған кінәлі Тұрсынғали деген туысқанымыздың Шеризат деген баласы. Оқтаулы карабинді көтерген беті аударылып шынтаққа салатын жастықшаға жата бергенде мылтық атылып кетті. Оқ қатарлас тұрған Тұрсынбайдың балағын тесіп өтті. Шеризаттың өзі де шошып дірілдеп тұр. оны қайтіп бұл маңайға жолатқан жоқ. Сол күндердің бірінде кіші калибрлі винтовкалардан ату, нысана көздеуден сынақ өткізілді. Бір адамға бар-жоғы үш оқтан берілді. Осы сайыстан Көкен жеңгеме үш оқтан үш рет әдейілеп берсе де, бірыңғай ондыққа ғана тигізіп, елді аузына қаратты. Онысына өзі мәз, сақ-сақ күледі. Ағам бастаған жігіттердің жүндері жығылып-ақ қалды. Оған енді амал не?
Қабден аға 1961 жылдың аяғы, желтоқсанда Көкен жеңгеммен заңды түрде ажырасты да, Шағантоғай ауданының қазына-сауда бөлімі және жоспарлау комитетінің төрағасы Тұрсынғали ағаның қарамағына қызмет ауыстырып, кетіп қалды. Төрт айдан кейін шекара асып біз кеттік. Қабден аға ол жақта үйленіп, Қалима атты дүнген қызы жеңгемізден алтын асықтай төрт ұл, бір қыз бала сүйіп, 71 жасында бақилық болды. 2009 жылы барғанда балалары мен өзі Үрімжіге дейін өз машианаларымен қыдыртып, ағамыздың 70жасын Шағантоғайда тойлап, қимас сезіммен қоштасып кетіп едік. Шекарадан шығарып салып тұрып, жылап қалды. Жол ашық, қалаған уақытта көрісіп тұрамыз ғой дегеніме де қоймап еді. Қайтып көріспейтінімізді білген екен-ау.
Соңғы жылдары Шәуешекте І-Қазақ ерлер мектебінде оқып жүрдім. Бұл мектепте бір ауылдан Төкеш екеуіміз ғана. Қытай базарының басындағы ауылшаруашылық техникумына Шәріп келіп түсті. «Спан» мектебі деп аталатын Қыздар мектебіне Жәкен, Ақылдар келіп түсті. Біздің Ашылыдағы сыныптастарымыздың көбі оқуды тастап кетті. Қаладағы І-ұн магазинінің қасында «ой базар» аталған, көшеден түрмедегі тұтқындарды айдап жүріп салғызған аймақтық астық мекемесіне тиесілі ұзын үйде Төлеген нағашым тұратын. Ол кісі үлкен бастық, аймақтық астық мекемесінің бастығы, лауазымы – То жүй жаң. То-сы Төлегеннің басқы екі әрпі, жуй жаң – астық, бастық. Шо ха деген арнайы бөлінген тілмаш-таржиманы бар. Қақпаның көшеге шыға беріс оң жағындағы үйде тұрды. Сол жақтағы үйде атақты Икім, шешесі Ауахан, інісі Абук және қарындасымен тұратын еді. Ол өз алдына бір әңгіме...
1962 жылы наурыз айынан бастап қаланың ол шетінен бір, бұл шетінен бір үй есік терезесін шегелеп советке қашып өтіп кетіпті деген сыбыс жиілеп кетті. Әуесқойлық қой, кетіп қалды деген үйлерді барып, көріп қайтқан күндеріміз де болды. Сәуірдің тура 20-сы күні қаладағы қазақ метептеріндегі барлық оқушыларды Халық клубына жинады. Қыз балалар іште, ұлдар сыймайтын болғандықтан жаздық орынға жайғастық. Радио репродуктор тартып тастапты. Жиналысты аймақтың Уәлиі Қасымбектің өзі ашты (Қасымбек Сейітжанұлы Аңдабаев таяуда ғана тарбағатай аймағының әкімі болып келген болатын). Әрине әңгіме Отанды сүю, азаматтық парыз жөнінде болып жатты. «Үйді-үйлеріңе, әке-шешелеріңе айтып жеткізіңдер, совет үкіметі барған елдің бәрін де қайтарып тастайды, ұяттың атасы сонда болады» дегендей сөздер естіліп тұрды. Бір тыңдап, бір тыңдамай отыр едім, Төкешке «жүр, кетейік» дедім. Тұрдық та жүре бердік. Бір-екі мұғалім қарап тұрған еді, ештеңе де айтып тоқтатқан жоқ. Соңымыздан жалтақ-жалтақ қарады да қалды. Екеуіміз көшеде келе жатсақ, қос ат жетекке алған Жәкеннің әкесі Төлеуғазы ағай салып ұрып келеді. Сәлем бердік, маған: «әкең Төлегендікіне келді, тез жет, саган ат әкелді» деді. Бұны ести сала Төкеш те өз тұрағына жүгіріп кетті. Үйге келсем, Жаңыл тәтемнің бір-екі шыны шайын ішіп алып, мені тағатсыз тосып әкем отыр. «Кеттік балам, ертең ел түп қотарыла шекара асқалы жатыр, тездетіп ауылға жетейік» деді. Дәл сол мезетте өзгеше бір қимастық сезім бойымды шарпып өтті. Тілім жетпейді. «Аға, (әкемді аға дейтінбіз) мен артынан да барармын, паспорт та бар емес пе» деп сырғақтатып көріп едім, «болмайды, қазір кетесің» деп бірақ кесті. Амал жоқ, әке сөзі заң. Екеуіміз ауладан шығып, «шөп көшеге» айнала бергенде мектебіміздің кожаңы (зав.хоз – шаруашылық бастығы) Ниязбек-Ни кожаң ағай кездесе кетті. Әкемді танымаса да мені көрген ол: «әй, сен қайда кетіп барасың?» дегені. Мен не дейін, өтіп кеттік. «Әкеңнің ауызын...осы қазақтар тыныш жүргеніне ақы ала ма» деп бұрқ еткен әкем атқа қамшыны салып қалды.
Салып ұрып Ашылыға да жеттік. Үй толы қонақ. Қазақ, солаң, көрші-қолаң. Ауыл-ауылдың арасы шаңдатқан шапқыншылар. Біреуді біреу іздеген сапырылысқан бір дүние..
22-сәуір күні қос ат жеккен арбаға жүкті тиеп, сиырлар мен қойларды алға салып, жылқыларымызды салт мініп, «шекара қайдасың» деп жолға шықтық.
Алда не күтіп тұр, оған ешкім де болжау айта алмайтын еді. «адасқанның алды жөн, арты соқпақ..»
Достарыңызбен бөлісу: |