Шах Зада Есалы Шежірелер шындығы


Мұрын Кәрмен мырза шежіресінде



бет3/11
Дата28.01.2018
өлшемі7,18 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

2. Мұрын Кәрмен мырза шежіресінде. Тоқтарқожаның кетуінің бір себебі: сол тұста ердің құнын шешер бір үлкен дау болады. Соның билігін Байыс Тоқтарқожаға айтқызыпты. Байыстың бәйбішесі Мұрын: «Дау қалай шешілді, билікті кім айтты» - деп сұрапты. «Тоқтарқожа айтты, әділдікпен шешілді» дегенде «өздерің айтпай, Тоқтарқожаға айтқызғандарың қалай?!» дегенін естіп, Тоқтарқожа «бұл елге қанша сіңісті болсам да, келімсек атым қалмайды екен, есің барда еліңді тап дегені шығар» дейді де, еліне қайтуға жиналған екен.
3. Лұқман Зиядаұлынан. Тоқтарқожа түс көреді. Түсінде біреу атын атап шақырады. Жалт қараса өз әкесі Сайбек хан. «Тез арада елге қайт» деп ақырады. Ояна келе түсі екенін білсе де ойға кетті. «Әке аруағын ренжіткен екенмін» деп Байыс байдан рұқсат алған екен.


  1. Қарақұрсақ шежіресінен. Мақта апамыздан Байжігіт, Жанжігіт деген екі ұл туады. Бір күні Тоқтарқожаның елінен іздеп елші келеді: «Ел тынышталды, тағың бос тұр. Сенен басқа отыратын лайықты адам жоқ. Елің шақырып, тосып отыр» дейді. Тоқтарқожа кетуге жиналады. Мақта анамыз танымайтын, білмейтін ел-жұртқа бармаймын деген соң, билер жиналып екі баланың бірін Тоқтарға, бірі Мақтаға тән болсын деген шешім қабылдайды. Солк кезде Жанжігіт: «мен әкемнен қалмаймын» деп Тоқтарқожаның етегінен ұстап түрегеліп, әкесімен бірге Ауған кеткен дейді. Содан хабар жоқ. Мүмкін бір күн табармыз деген үміттеміз.

Жоғарыдағы төрт дерек төрт түрлі себеп айтқанымен де, бір нәрсе анық. Ол Тоқтарқожаның қалайда еліне жетуі керек болғаны.

Тоқтарқожаның әкесі Сайбек хан (Мұхаммед Шайбани) атасы Абылқайырдың 39 жасында, әкесі Шах Бұтақтың 20жасында дүниеге келген еді. Мауренахрға өз билігін (Шайбанилар династиясын) орнатқан оның барлық саналы ғұмыры парсы билеушілері мен Ақсақ Темір ұрпақтарымен, үшінші жақтан, Қазақ ордасымен шайқаста өтті. Осы жерде менің ойымнан кетпейтін бір күдік: шежіре біткен Тоқтар атамызды Тоқай Темір ұрпағы – Тоқтамыс ханның баласы, немересі деп те, Сайбек ханнан туғыза беретіндігінде қандай сыр бар? Меніңше себеп: Шайбақ хан кезінде қазақ ордасы – Қазақ хандығы құрған билікке – Керей мен Жәнібек, Қасым хандарға қарсы ымырасыз соғыс жүргізіп келгендігі. Түп негізі бір Жошы ханның ұрпақтары туыс болса да, кейін қазақ ішіне кеп сіңген «шайбаниларға» кесірін тигізбесін деген сақтықтан ба екен?!

Түп атасын Шыңғыс хан деп келіп, Сайбекті Тоқтамыстан туғызудың сыры осы шығар. Тоқтарқожа мен Жанжігіт аталарымыздың тағдыры бізге мүлдем белгісіз. Үзік-үзік деректердің біреуі Жанұзақ ақынның Ташкент, Самарқанд өңіріне барып, «Бахтиярдың қырық бұтағын» жырлап, «Ферғана қызына» өлең арнауы.

Тағы бір дерек. Тоқтарқожаны Кеңтүп, Тартүп деген жерге барып орналасыпты деседі. Аңызда бұл кең түбек, тар түбек деген сөз екен. (Кеңтүб, Тартүп деп Каспий теңізін атаған. Ауған жерінің оңтүстігіндегі шығанақ, түбектер дегенге қисыны келмейді. Өйткені ол жақта не теңіз, не көл жоқ. Ш.Е.)

Шыңжаңнан қажыға барған Құрбан деген адам қажылыққа сол жақтан (Ауған) келгендермен сөйлесіпті. Жанжігіт ұрпағы бар дегенді естіпті дейді. Ал Шағантоғай ауданынан Долда деген ақсақал 2006 жылы Қазақстанның Бақты ауылындағы ағасы Түсіпжан ұлы Айдарханға туысшылап барып кездескенде Айдархан: «Ауған соғысы кезінде әскер болып Ауғанстанға бардық. Сол кезде малшыларға кездескенімізде руымыз Жанжігіт дегенді айтты» дейді.Осы орайда айта кетейін, 1970 жылдары Ташкент-Новосибирск пойызының купесінде сәнді киінген инабатты Өзбек қартымен сапарлас болғаным бар. Қадірменді ақсақал Көкпектідегі қазақ құдасына туысшылап бара жатыр екен. Сөз арасында есімде қалғаны бойынша Өзбекстанда Жанжігіт деген ру-тайпа бар-жоғын сұраған едім. «Олардың қайсысын сұрайсың, көп қой» деген еді. Арқарай қазбалауға ол кезде менің де білерім шамалы болған соң әңгіме өрбімей қалып еді.

Біздің жастық шағымызда Соғыс өртін көрген әке буын мен соғыстың алды-артында туған тұстастарымызды айтпағанның өзінде кейінгі буынның да ата-тек туралы шежіреде ісі де болған жоқ. Кеңестік идеологияның басқаның сал-дәстүрін, тарихын, дінің, ділін, тілін де жоққа шығарған шырмауынан шыға алмайтын еді. Одан, бұдан, көнекөздерден естігендерін ойға түйген бірен-саран ғана адамдардың өзі көсіліп ештеңе айта алмайтындай жағдайда сияқты көрінетін. Сол кездегі біздің жайымыз астында не барын білмей, алтын көмбенің үстінде отырғандай күн кешкен сыңайлымыз. Солай дегенмен де қандай да бір идеологияның жетегінде жүрсе де халқымыз ұрпақтарына тегін білу тектілік, білмеу жетесіздік екенідігін дәстүрлі тәрбие есебінде жалғастырып келді. Әрбір ұлт, ру-тайпаның өзіне тән шежірелері әлем халықтарының бәрінде де өз деңгейінде жазу мәдениетінің өркендеуіне қарай жалғасып, сақталып қалды. Арықарай да солай болмақ.

Шексіз ұлан-байтақ даланы, асқар таулы, тасқын сулы ну өлкені «ақбілектің күші, ақ найзаның ұшымен» сақтап қалған бабалар рухына бүгінгі де, келесі ұрпақ та мәңгі қарыздар. Сол бабалардың ерлік істерін, аты-жөндерін, ата-тектерін бізге жеткізген шежірелердің орны бөлек.

Байжігіт руының таралымы жөніндегі әр кезде жарық көрген басылымдардағы көптеген сәйкессіздіктер көңілге күдік, ойға сенімсіздік ұялатады. Сол үшін де аталмыш шежірелердегі ақиқат пен аңыздың аражігін ажыратып, тиянақты бір тұжырымға келу үшін себіміз тие ме деп талпыныс жасап, қолға қалам алуға ықыласты болдық.

* * *
Жарке молда жазып, Туматай Айткунде ұстаған, тағы басқа да шежіреде Байжігіт Үйсін Жылқышыбайдың қызын алыпты. Ол әйелінен Мәмбетәлі, Мәмбетқұл деген екі бала туыпты. Осы екі баладан кейін әйелі қайтыс болыпты. Байжігіт балдызын аламын деп барса, атасы Жылқышыбай: «қызым әлі жас, інім Сиыршыбайдың қызы бар, соны ал, мен қызымды бойжеткен сон беремін» дейді. Содан Сиыршыбайдың қызын алады. Одан Жұмық пен Тоғас туады. Ал енді Жылқышыбайдың қызы бойжеткен соң тағы да Байжігіт алып, одан Мәмбет туады. Мәмбеәліден ұрпақ жоқ. Мәмбетқұл бір қиссада «қарақұрсақ» аталады. Осымен «төрт байжігіт» дейтініміз осы.

Мәмбеттен Өмір, Күшік, екінші әйелден Қожағұл, Өмірден Сопақ жалғыз. Күшіктен Дәулен туады. Күшік өлген соң, оның әйелі Қолаңды Өмір алып, одан Соқыр, Тоқбай, Жарылғап туады. Ал Жарылғаптың бәйбішесінен: Мұратәлі, Мұратқасқа, Жанқара, Дәуқара, Шүрек, Бесбала, екінші әйелі Үпелектен: Қаңтарбай, Тоқсанбай тағы бір ұл, үшінші әйелі Жырғалдан: Оразбақ, Кедей екі бала туады. Жарылғаптың он баласы осы дейді.

Тұрысбек Құдайберген ұлының 2002 жылы Новосибирскіде басылған

«Байжігіттен тараған Мәмбет елінің шежіресінде» Байжігіттен Ақбура, Жұмық, Тоғас, Мәмбет. Бұл шежірені Мәмбеттен бастайық. Мәмбеттің Өмір, Күшік, Есір (?), Жәнібек (?) Қожағұл атты бес ұлы болған. Мәмбеттен тараған үлкен-кіші рулар осы аталардан таралады. Бірақ Жәнібек ұрпақтары мыналар дегенді естімедім. Мәмбеттің үлкен ұлы Өмір батырдың ұрпақтары: Сарғазы атты бәйбішесінен: Сопақ. Шағалақ (?) деген 2 ұл. Сопақ руы туралы шежіре кезікпеді. Мәмбет балалары Өмір, Күшік екі батыр Есім ханның сарбаздары болған екен. Қатаған – Шанышқылы елін билеген Тұрсын хан мен Есім ханның соғысында (1627) Тұрсын ханды Күшік өлтіріп, басын алған деген сөз бар. Әкесінің кегін қуған үш қызы жолын тосып Күшікпен соғысады. Ақыры Күшік жеңіп 3 қызды еліне алып келеді. Күшік батыр еліне жеткенде, улы найза кірген ішіне қан толып үш күннен кейін өліпті. Өлерінде ағасы Өмірге «Қолаңды өзің ал, балам Дәуленді асырап, жеткіз! Әйелім Қолаң мен балам Дәуленді қиямет мақшарда өз қолыңнан аламын» депті. Дәулен бір жасқа да толмаған бесікте екен. «Өзің әкелген мына 3қызды кімдерге бұйырасың дегенде үлкен қызды Тоғас, ортаншы қызды Жұмық, кіші қызды әкем Мәмбет алсын деп 25 жасында Күшік батыр көз жұмған екен. Тоғас алған қыздан Байбарақ, Башық деген екі ұл, Жұмық алған қыздан Тәуке жалғыз, Мәмбет алған қыздан Қожағұл туған. Қожағұлдан Есенаман, Есенбай, Ерасыл үш ұл туған. Күшіктің өсиеті бойынша Өмір алған Қолаңнан бір ұл туып, Күшіктің артын құдай жарылқады деп Жарылқап қойған екен. Жарылқаптан 7 ұл: Мұратәлі, Мұратқасқа, Жанғара, Дәуқара, Кедей, Шырғал, Соқыр.


Енді Лен (Лұқман) ағаның таратуы бойынша: Болат, Саты, Сайболат, Қараша, Қожан, Тәуке – бұл «алты жұмық». Тоғастан: Қалматай, Киікбай, Ырысқұл, Базарқұл, Назарқұл, Тоқай, Қасай, Қожай, Жаманай – «тоғыз тоғас». (осы жерде Тұрсын ханның қызынан туды деген Байбарақ пен Башық қайда қалды? Ш.Е.)

Мәмбеттен: Өмір, Күшік, Сатан, Қожағұл – «төрт мәмбет». (Сатаннан ұрпақ жоқ). Өмірдің Сарғазы бәйбішесінен Сопақ жалғыз. Қолаң тоқалынан: Жалылғап, Соқыр, Тоқбай. Сопақтан: Ақтамберді, Сәдібек, Ботияр, Шағалақ – төрт ұл (бұл дұрыс таралаым. Ш.Е.)

Осы үш шежіредегі аталардың таралымына зер салсаңыз қаншама айырмашылықты көрер едіңіз. Қайсысы шын, кімге сенеміз? Жалпы осы ата таратуда бір ізділік неге жоқ? Қайталап айтайын, оның басты себебі, мезгілінде хатқа түспеуі, екіншіден ауыздан ауызға көшкен шежіре айтушылардың аталардың аты-жөндерін ауыстырып алып, тек менікі ғана жөн деп шындыққа дес бермеуінен.

Байжігіт атамыздың алдыңғы үш әйелі – Үйсін Жылқышыбай мен Сиыршыбайдың қыздары. Ал Матай Бақбердібайдың қызы Бүрлен шешеміз қайда қалды? Осының бәрі ойдан құрастырылған аңыз сияқты болып көрінеді. Мысалы, Өмір, Күшік екі батыр 1627 жылы (шындығында 1628жылы болған оқиға. Ш.Е.) Есімханға сарбаз болып, Күшік Тұрсынханның үш қызын алып келіп үш әкесіне тарту еткені шындыққа келе ме? Қалихан Алтынбаевтың «Ақсуат» кітабында 1628жылы Есім ханның Қатаған елін шапқаны, сол елдің көп қыздары осы шапқыншылықта қазаққа қолға түскені айтылады. Олжа қыздарды үлестіргенде 5 бике Арғын еліне, Тойбике Терістаңбалыға, Жанбике Жолымбет ұлы Назарға, Нарбике Мәмбетке, Қызбике Жұмыққа, Асылбике Тоғасқа бұйырыпты. Олжа қыздардың саны 10 екен. Бірақ олардың Тұрсын Мұхаммед ханның қыздары екені ашып айтылмайды. Қатаған руының қыздары екені анық.

«Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында Қазыбек бек: «Ерасылдың бабалары ол туғанда Сыр бойын мекендейді екен. Ерасыл Сырдың жағасында Ұғырық деген өзеннің Сырға құяр жерінде дүниеге келген. Ерасылдың түп нағашысы Қатаған Тұрсын хан болса керек-ті». Ерасыл есін білген кезде Есіл, Нұра өзендерінің арасында, Арқада, Аңқай төңірегінде өмір сүрген»...

Мәмбет бабаның алғаны Тұрсын ханның қызы болсын-ақ, алайда 1628 жылғы сол соғысқа Мәмбет өзі қатыспаса, балалары Өмір мен Күшік қалай қатысады, қатыспақ түгілі олар әлі өмірге келген де жоқ қой.

Дәлел: Өмір батырдың Қабанбай батырға: «Еліңе қорған болу енді сенің міндетің» деп туын тапсыруы 1716 жыл. Одан кейін бір мұшел өмір сүріп, 1728 жылы 92жасында бақилық болады. Осы 1728-ден 92-ні шегеріп тастасақ, 1636 болмай ма? Бұл Есім хан мен Тұрсын хан соғысынан 8 жылға кейін тұр ғой. Өмірдің тетелес інісі Күшік батыр 1638 жылы туған боп шығады да, оған 25-ті қоссақ 1663-жылы қайтыс болған болады.

Саралап келгенде 1628 жылғы соғысқа Тоғас, Мәмбет батырлар өздері қатыспаса, Өмір мен Күшік батырлар қатысты деу шындыққа үзілді-кесілді жанаспайды. Болмаса жоғарыда айтылғанның бәрі «қиял-ғажайып» ертегі. Осындай келеңсіз деректерді келтіріп отырғаным, қайталап айтқанда, талғамы терең, сыншы оқырман қауымға қандай да бір шығарманың тереңіне үңіліп, саралай қабылдаса деген ой.

Өткен тараулардың бірінде Әмірсананың қолына Күшік батырдың тұтқынға түскені туралы деректі келтірген едік. Және ол деректің қисынға сыймайтындығын да айтқанбыз.


Ойраттарға аңдаусызда қолға түскен Өмір атам туралы естігенімді келтіре кетейін.

Өмір батыр туралы аңыз-әңгіме
Қаhарман қайратымен Өмір де өтті,

Ақ пейіл, батыр адам ақниетті,

Қолына Қоңтажының қарсы тұрып,

Жасанды жау дегенде бұрмай бетті

Қорғанып, қолға түсіп көрген емес,

Тоқсан екі жасында тағдыр жетті.

Өмір де бұл дүниеге келіп-кетті,

Ақ туын Қабанбайға беріп кетті.

«Ұлына үш Байжігіт ие бол», - деп
Алаңсыз арт жағына сеніп кетті, - деп жырланған Өмір атамыз 1636 жылы туып, 92 жыл ғұмыр кешкен екен. ОЛ Мәмбет елі ғана емес, иісі Қаракерей Найманның бетке де , шепке де ұстар қорғаны, батыры болған адам. Апайтөс, кең иықты, жалпақ жауырынды, орта бойлы батыр екен дейді бұрынғылар.

Естияр кезімде үлкендердің өзара әңгімесінде өзі де батыр тұлғалы балуан, айналасындағы ел-жұрты «дәу» атап кеткен әкемнің немере інісі Құрманғали ағамның аузынан естігенім: «Бірде қару-жарақ, сауыт-саймансыз өріс шалып жүрген Өмір атамды Ойраттардың шағын қолы тап болып, қоршауға алып, еліне алып кетеді. Қоңтажының алдына келтіріледі. Тергеу басталады. Кімсің дейді ғой. Мен Өмірмін дейді. Әй, сен Өмірдің атын жамылма, ол батыр, сен болсаң, қойшы, жылқышының бірі боларсың, шыныңды айт дейді. Шыныңды айтсаң да, айтпасаң да шынжырлап екі күн күн астына тастаймын. Өлмесен қой соңына саламын. Бірақ өлме, маған да малшы керек деп күледі Тайжы. Ей, Тайжы, шынымды айтсам қызыңды берейін деп пе едің? – дейді Өмір батыр. Апарыңдар да, қандай батыр екен «сый көрсетіңдер» деген соң, жасауылдар батырды жеке үйге апарып қамап, күзет қояды. Қоңтажының бұйрығымен бір құнан қой сойылып, ішек-қарынына дейін қазанға салынады. Етті сүйегінен сыдырылғанша пысырып, еті сыдырылған сүйекті ұсақтап шауып сорпаға салып қайта қайнатады. Сорпа қызыл күрең қоймалжыңға айналады. Содан кейін барып, құнан қойдың сұрпы етін астауымен Өмір батырдың алдына қояды. Қасиетіңнен айналайын бабам-ай, астаудағы етті түйірін қалдырмай жеп болғанда әлгі қоймалжың сорпаны берсе, оны да тауысып ішіп алып, әй, мынаны басатын қымыз әкеліңдер деген екен. Көздері бадырайып таң қалған жасауылдар көргендерін Қоңтажыға жеткізеді. Таңға дейін далаға шығып түзге отырса, отырған жеріндегіні көріп, маған айтыңдар. Мешкей болса біраз жерді бүлдірер дейді Тайжы. Таңға жақын түзге шығам деген батырды күзетшілер апарып қайтады. Қараңғыда көрінбейтін болған соң, шидің басын буып белгілеп кеткен жерге жарық түсе барып қараса, түйенің құмалағындай ғана нәжіс жатқанын көреді. Ести сала Тайжы осыдан кейін батырға арнайы үй тігіп, өзі келіп сәлемдесіп кешірім сұрапты. Бізден бір білместік болды деп, біраз күн қонақ бол, қыз құшып, қызық көр, айып, айбана мойнымызда деген екен. Оңай олжа, терсіз табыс менің жолым емес, мен қайтамын деп орнынан тұрған бабамды Қоңтажы ел шетіне дейін жеткізіп салыпты. Ауылына келсе, жасанған жарақты қол жиналып, Ойратқа қарай ойран саламыз деп дайындалып жатыр екен. Дүрліккен елдің аптығын басып, тоқтатқан көрінеді. Ол кезде бейбіт уақыт бола қалса, қазақ-қалмақ өрістес отырып, қыз алысып, қыз берісе беретін кездері де болыпты. Әй қазақ бол, қалмақ бол, ұлы даланың дархан заңы-ай, сол кездегі адамдардың мәрттігі-ай деп қарқылдай күліп әңгімесін аяқтап еді, қайран ағам.




Қарақұрсақ туралы бірер сөз
Байжігіттің үлкен ұлы Ақбура жас кезінде өліп, Ақтайынша деген бір ұл қалады. Ол да жас өліп, Алыс пен Айтымбет деген екі ұл қалған. Осылар қиыр жайлап, шет қонып жүргенде қырғыздар шауып, қырып, мал-мүлкін түгел олжалап алып кетіпті. Мәмбеттің үлкен ұлы Өмір батыр келгенде жайрап жатқан жұртты көріп: «Ойпырым-ай, бірде бір ұрпақ қалмаған ба деп қамығыпты. Ат үстінен бір төңкерулі қазанды көтерсе, астынан күйелеш-күйелеш, қарақарын бір баланы тауып алып қатты қуанады. «Қарақұрсағым» деп, еркелетіп өсіріп, үлкен ұлы Сопақпен еншілес, бөлек ауыл қондырып, Сопақ - Қарақұрсақ егіз атандырыпты. Сол Қарақұрсақтан Әлібек, Қалтай деген екі бала туған. Қарақұрсақтардың Өмірден тараймыз дейтіні сондықтан деп Мәмбеттің шежіре қарттары – Сыздықбай молда, Түргенбай, Қара Ыбырай, Мошан, Тоқтағандар айтатын дейді Тұрысбек Құдайбергенұлы.

Ақтайлақ би шежіресінде Байжігіттің бірінші әйелінен: Алыс пен Айтымбет екі ұл туған, екінші әйелден: Жұмық пен Тоғас, үшінші әйелден: Мәмбет. Бұларды «Бес Байжігіт» дейді. Қалмақ шапқыншылығында Алыс өліп, екі баласы қазанның қасында қарыны күйе-күйе болып, қазанды құшақтап жүргенін біреу көріп, қалмақтың найзасы ұшында кетпесін деп тайқазанның астына төңкеріп кетеді. Артынан Мәмбет келіп тауып алады.

Әлібек, Қалтайды «қарақұрсақ» атандырып, Мәмбет бала қылған. Қарақұрсақтардың «мәмбетпіз» дейтіні осы дейді аңыз. (Алдыңғы екі нұсқада қарақұрсақтарды біресе Өмір, біресе Мәмбет тауып алды десе, «Ер Қабанбай» жырында Қабанбай тауып алды дейтіні қарам-қайшы түсініктер береді.Ш.Е). 1992жылғы «Ақтайлақ би» шежіресіне қарақұрсақтарды түгендеп берген Азанғали Тұраров ағамыз екен. Осы Азекең жиырма жылдан кейін «Қарақұрсақ шежіресін» жазып, баспадан басқызып шығарды-ау.

«...біз Алыс, Әйтімбеттің бел баласы болғандықтан, руымыздың ішіндігі басқалар біле бермейтін нәзік иірімдерді білетінімізді айтпақшымыз. Әркім өзінің атасын өзі жақсы біледі. Ал басқалардың атасына қол сұғып, араласпаймыз» - дей келе, «Ақтайлақ би» шежіресінің 100-бетінде «Алыс, Айтымбет, Жұмық, Тоғас, Мәмбет, бұларды «бес Байжігіт» дейді» деп қадап жазған» дегенді келтіреді. Және қарақұрсақ болып қалай атандық дей келе, Алыс пен Әйтімбеттің шешесі ерте өліп, Байжігіт екінші әйел алады. Жетім балалар өгейлік көріп, қарындары ашып, қазан жағалап жүріп, екеуінің қарындарына күйе жұғып қалады. Даладан келген Байжігіт бабамыз шешесі жоқ балаларына жаны ашып, қарындарындағы күйесін көріп, «қарақұрсақтарым-ау» деп құшақтайды. Ауызы дуалы Байжігіт бабамыз өзі бізді «қарақұрсақ» атандырған соң бірауыз сөзі бізге азан шақырып қойған ат болып қалды. ....Қарақұрсақтың бір азаматын танымайтын ақындар естіген аңыз-әңгімелерді жаңсақ жырға қосып, тіпті жала жапқан дәрежеге дейін барады» деп күйзеле жазыпты. Бәрі де жөн-ақ. Байжігіт: Ақбура, Тоғас. Жұмық, Мәмбет – төртеу ме, жоқ Алыс, Айтымбет, Жұмық, Тоғас, Мәмбет болып бесеу ме, нешеу болса да бір Байжігіт. Оған сонша өзеуреп, жүз қайталаудың қажеті жоқ. «Қарақұрсақ шежіресі» отыз жыл ойланып, жиырма жыл толғанып, бұлай емес еді ғой деп дау туғызар көнекөздердің қарасы өшіп, енді талассыз дәріптелетін шежіре екеніне сенімділікпен шыққаны айдан анық. Бірақ, «ертеректе Тоғас пен Мәмбеттің ақсақалдары екінші әйелі мен үшінші әйелінің аражігін ажыратып, Тоғастар біз екінші әйелдің баласымыз, біздің шешеміздің некесі бұрын қиылған десе, Мәмбеттің ақсақалдары қарсы уаж айтып, біздің шешемізге бата (құда түсу) бұрын жасалған дейді екен».

Біз мұны айтқанда Байжігіттің үш әйел алғанын, одан «бес Байжігіт» туғанын айтқымыз келіп отыр деп екі атаның ұрпақтарына мысқыл мен тіс батырудың Азанғалиға не керегі болды екен?! Айтарын айтып алып, артынан «жай Байжігіттің үш айел алып, бес балалалы болғанын айтқымыз келген еді» деп мүләйім мәймөңкелеудің де қажеті жоқ еді. Осындайда «жақсы атаның балалары бірін- бірі батыр дейді.. деген мақал еске түседі екен де.

Байжігіт бабамыздың «тоқалынан туса да» қарақұрсақтарды Мәмбет ұрпағы адам қатарына қосып, жеткізіп тәрбиелегені анық. Есікте тұрып, төр менікі деудің қисыны жоқ шығар?!

Көңілге қонбайтын қыңыр бірнәрсе: Байжігіт бабамыздан бірінші әйелінен қалған екі балаға екінші әйелі (бірінші әйелдің туған немере сіңлісі) апайынан туған балаларға аш-жалаңаштық, жетімдік көрсетеді. Ұлыс биі ұлы бабамыздың екі сәбиін ішіндіруге, киіндіруге дүние-малы болмаса күші жетпеді ме? Байжігіт бабамыз «қарақұрсақты» өзі қойған деп қиялдан қисындырудың жөні жоқ. Әрі екі жетімекке өгейлік көрсетіп, үсті-басына қарамаған деп аруаққа жала жабу рухқа жасалған қиянат емес пе?!

Сонау бір жылдары руың кім, өзің кім мән бермеуші едік, орта жасқа келген екі адам (біреуі Қарекең, біреуі Әлекең дейін) қарақұрсақтар туралы сөз таластырып отырды. «Қарақұрсақ алай болған, қарақұрсақ бұлай болған. Байжігіттің бәйбішесінен туған үлкені, Байжігіттердің ағасы» деп есе бермей отыр еді, екіншісі шыдай алмай атып тұрып: «әй, сен өзі мынаны айт, ата-тегің шабылған ауылдың төңкеріліп жатқан қазан астынан табылған баладан тарамайсың ба? Сол бала өзі нағыз сенің атаң болса, оның арғы атаң Байжігіттен туған бала ма, әлде құл-құтан біреудің баласы ма, кім екенін қайдан білесің? Ал, байжігітпін дейсің, мүмкін ел шапқан қырғыздардың әдейі тастаған баласы шығарсың, Мәмбет, Өмір батыр тауып алмағанда, кім боларыңды бір құдай біледі..» деп салды. Айтыс «қой, қоймен» әрең тоқтап еді.

Азекең сияқтыларға айтарым, бір атаның балаларына бірлік керек-ақ. «Бірліксіз тірлік тұл» дегенді естен шығармаған абзал-ау, қашанда?! Жымиып тұрып, жымысқы сөйлеу – жат бауырдың белгісі.

1992 жылы желтоқсан айы. Аяғым мертігіп, аудандық ауруханаға түстім. Сол жерде Жамантаев Төстікбай деген кісімен таныстым. Ол кісі менен қай елсің, кімнің баласысың деп сұрады. Өмірмін, Құдагелді деген кісінің баласымын дедім. Мен де өзіңнің қаныңмын, бәріміз де Өмірміз, оның ішінде Қарақұрсақ, Төстікбай деген ағаң боламын деп еді.

Самтыбаев Әзібай ақсақал Қарақұрсақпын, Өмірмін дейтін. Баласы Ақылай да Әкем біз Өмірден тараймыз деуші еді деп еске алады.

Аруақты сыйлағандары ғой. Аруақ аттаған оңбайды деуші еді-ау бұрынғылар.

* * *
2001 жылы «Құлтегін» баспасынан шыққан қазақтың үш бірдей азаматтары М.Жолдасбеков, Қ,Салғарин, марқұм А. Сейдімбектің аттарынан шыққан «Ел тұтқа» кітабында: Қожағұл ұлы Қабанбай (1703-1781) бас қолбасшы, Қаракерей руынан. (?) Ел азаттығы үшін күрескен киелі батырлар әулетінен. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлары болған. Күшік батыр Еңсегей бойлы ер Есімханның Ташкентті алатын соғысына қатысып, сол Тұрсынхан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады деп жазылған. Осы «Ел тұтқада» Қабанбай атамыздың өмір сүрген уақыты да қате көрсетілген. Шындығында 1692жылы туып, 1770 жылы 78 жасында бақилық болғаны әлемге аян.

1991 жылы Мақаншыда Қабанбайдың 300жылдық дүбірлі тойы өткенін бүкіл Қазақ елі біледі. Екіншіден, Күшік батырдың Есімханның Ташкентті алатын соғысына қатысуы. Оған осы кітаптын өткен тарауында толық дәлел келтіргенбіз.

Қаракерей руынан деудің де жөні жоқ. Жоңғарларға қарсы жорық жылдарында әрбір тайпа-рулардан шыққан батырлар: Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Көкжарлы көкжал Барақ, Мүйізді Өтеген, Шақшақ Жәнібек, Басентин Малайсары дегені сияқты Қабанбай атамызды даралап атау үшін Қаракерей Қабанбай атандырған. Өйткені оның артында нағашы жұрты, қалың Найман Қаракерей елі тұрды. Сондықтан қадап айтарымыз: Байжігіт Найманға тек жиен ғана. Байжігіт «байжігіт» руы болып қана аталады, мойындау керек! Қияға тартып, қисыннан кетудің керегі жоқ.

Баспагерлерден бе, баспадан ба, теріс түсінік беретін деректерді арқарай жалғастыра берейік, ендігі кезек Бәйдібек би туралы.


Бәйдібек би
1999 жылы Алматыда басылған Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясының 2-кітабында: «Бәйдібек Қараша ұлы ҮІ-ҮІІ ғасырда өмір сүрген. Ұлы жүз Үйсін бірлестігіне кіретін Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, ысты, Ошақты тайпаларының түп атасы (530-604) жылдары Қытай жылнамасында жазылып, билік жүргізген жылдары нақты көрсетілген» деп жазылыпты.

2011жылы Алматыда «Кітап» баспасынан шыққан «Тарихи тұлғалар» (5-басылым) атты кітапта: «Бәйдібек Қарашаұлы (шамамен ХІ-ХІІ ғасыр) Туған, өлген жылдары белгісіз. Бұдан 900 жыл бұрын ХІ-ХІІ ғасыр тұсында Шығыс Қаратау өлкесінде өмір сүріп, дүниеден өткен. Балабөген өзенінің жағасында жерленген. Ежелгі кезде орнатылған мазар–күмбезі сақталған» деп жазылған.

2003 жылы Шымкенттің «Қасиет» баспасынан шыққан Хамза Көктәндінің «Шыңғысханның шындығы қазаққа жасырған құпия» атты еңбегінде: «Құлағу ханның әйгілі қолбасшысы Байдж-ноян (Байдж-бек) қабірі Қаратау ішінде тұр, hәм ұрпақтары осы күнде сол жерде отыр және Құлағу ханның оған сыйға тартқан жайлауы тарихи ұрпақтары жадынан осы күні де шықпаған» дейді. (Құлағу хан Төленің үшінші ұлы. 1256 жылдан 1265жылға дейін Иранды басқарып, Құлағу хан династиясын құрған).

Қазыбек бек Тауасар ұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабының 68-71-беттерінде: «Қараштан Бәйдібек, Жәнібіек, Мәдібек. Бәйдібек бабамыз хижра жыл санауынан 13 жыл бұрын туыпты да, 86 жасында өз ажалынан Қаратауда Бөген өзені бойында қайтыпты. Оған міне 1081жыл болыпты. (Бұл біздің жыл санауымызша 609-695жыл. Қазыбек бек 1081жыл болыпты деп жазған мерзімі 1776жыл. Ш.Е) ....Домалақ-Нұриладан Бәйдібек бір ұл көріпті. Оның атын Тілеуберді қойып, Жарықшақ атандырған. Жарықшақтың бес баласы, уш ұл, екі қызы болған. Олар: Албан, Суан, Дулат, Қызай (Күнбүбі), Мұрын (Ақбүбі). Хижраның жыл санауының жүзінші жылдарынан бері ғұмыр сүретін жарықшақ тұқымы – бұл кезде Үйсін ішіндегі ең көп ел. (Хижраның жыл санауының жүзінші жылы дегені 622-722-жылдары. Ш.Е.)».

1991 жыл. Алматы. «Мұраттас» ғылыми-зерттеу орталығының баспасы. Даниярбек Дүйсенбаевтың «Домалақ ана» кітабынан: «Ұлы бабамыз Бәйдібек 1356-1419 жылдары өмір сүрді. Оның туған жері Ташкент қаласы. Ел-халқына жайлау таңдау мақсатымен Қаратаудың құйқалы күнгейіне көшіп келеді, Боралдай тауы өңірін иемденеді. ....Нұрила 1378-1456 жылдары өмір сүрді. Бұл есім парсы тіліндегі шежіре-деректерде «Бибі мерилі» деп көрсетілед. 1397 жылы 19 жасында Бәйдібекке күйеуге шығып, ақ некесі қиылады. Нұриладан туған Жарықшақ (Тілеуберді) араб,парсы тілдеріндегі шежірелер тарихында «Шарықшақ» деп көрсетілед. Қазқшаға аударылғанда «шығыс патшасы» деген мағына береді. Бәйдібек би 1419 жылы қайтыс болып, сүйегі Балабөгеннің орта аңғарындағы дөңгелек төбенің үстіне қойылады. Басына күмбез ескерткіш орнатылады.

Жарықшақтың үш баласы болды. Бәйбішесі Тәуекелбибіден Албан, Суан дүниеге келді. Кіші әйелі Бибіфатимадан Дулат туды. Нұрила кешікпей тағы құрсақ көтеріп, 1402жылы бір перзент тапқан болатын. Оған Қызайым деп есім қойылады.

Дамолла Аққұстың шежіресінде: «Найманның бір бұтағы Төлеқытайдан, Қаракерей, Садыр, Матай, Аталық аталары тарайтыны айтылады. Аталық өзінің үлкен ұлы Шағырға Бәйдібектің Нұриладан туған қызы Қызайымға құда түсіп алып береді. Қызайымнан: Дербіс, Бегімбет, Ителмен, Меңіс деген 4 ұл дүниеге келеді. Бұл ұрпақтар шеше есіміндегі Қызай Найман аталды. Олардың негізгі бөлегі Қытай жерін мекендейді.

...Балабөгеннің төменгі аңғарында күнес жағалаудағы гүл көмкерген тепсеңде ұлы әже – қасиетті әулие әйел, рахымды ана – Нұрила 1456 жылы мамырдың 28-жұлдызында бейсенбінің кешінде қайтыс болды.»

Үйсін Бәйдібек би және Домалақ ана Нұрила туралы деректерді неге келтіріп отыр, не үшін керек болды екен деп ойларсыз. Бұл дерек керек екен. Бәйдібектің Нүриләдан туған қызы Мұрынды (Ақбүбіні) қаракерей Байыс (бай, би, батыр) алып, одан «Мақта апай» аталған апамыз туады екен. Олай болса, Тоқтар қожа бабамыз алған осы Мақта ападан арғы атамыз Байжігіт туып, Бәйдібек би ұрпақтарымен қанымыз араласып отыр.

Кейбіреулер келтірілген деректерге осы күнгі географиялық көзбен қарайды. Ол дұрыс емес. Байжігіт атамыз Түркістанда туылғаны былай қойғанда оның шөбересі Қабанбай (Ерасыл) атамыздың өзі Сыр бойында туған екен де. Ал аталар көші сонау Түркістаннан шығып, Есіл, Нұраны жағалап, Арқаны басып өтіп, Шығыс Түркістанға (Қытайға) дейін созылып жатса, оған таң қалмай-ақ қойыңыз. Өмірде бәрі де мүмкін. Сол бір салқар көш жолында қанша бабаларымыздың сүйегі жатыр десеңізші?! (Жандары жанната болсын!) сол аталарымыздың аты өшпесін!

Жоғарыда келтірілген бес деректің екеуі ұлттық энциклопедия мен Қазыбек бек кітабындағы ғана бір уақытқа сәйкес келгенімен, қалған үш деректің мерзім аралықтары тым алшақ жатыр.

Осы арада тағы бір сәйкессіздікке көз жеткізіп, ой толғап көрейік. Ұлттық энциклопедия ҮІ-ҮІІ ғасырға апарып тастаған Бәйдібек Қарашаұлының өмір сүру уақытын «Тарихи тұлғалар» 900 жылға шегеріп, ХІ-ХІІ ғасырға келтірсе, Қазыбек бек Тауасарұлы 1776 жылдан 1081 жылға арыға жіберіп, 695-нші жылы қайтыс болған дейді. Шымкенттік жазушы Хамза Құлағу ханның әйгілі қолбасшысы Байдж бектің ХІІІ ғасырда Қаратауда жерленгеніне сілтеме жасайды. Ал Даниярбек Дүйсенбаев «Домалақ Ана» кітабында Бәйдібек 1397 жылы Домалақ ана – Нұрилаға үйленіп, 1419жылы қайтыс болғанын жан-жақты дәлелдейді.

Енді қараңыз: наймандардың, оның ішінде «Мұрын шежіресінде» Бәйдібектің Нұриладан туған қызын Байыс бай алып, одан Мақта апай туды. Байыс би де Шах Мұхаммед – Сайбек хан тұстас ХҮ-ХҮІ ғасырда өмір сүрген. (Жоғарыдағы Аталар тізбесіндегі кестеге қараңыз).

Бұл Д.Дүйсенбаевтың Бәйдібек би өмір сүрді деген ХҮ – ғасыр мерзімімен деңгейлес тұр. Демек, Найман шежірелерінде келтірілген қисынға дәл келеді екен. Сонымен, сонау ҮІ-ҮІІ ғасырда бір, ХІ-ХІІ ғасырда бір, ХҮ-ХҮІ ғасырда бір Бәйдібек – Нұрилалар өмір сүрген бе?! Қалай ойлауға болады?

Сонда деймін, біздің тарихшыларымыз, ғалым-ғұлама деген бетке ұстарларымыз ұлтының, ата-бабаларының тарихи тұлғаларына немқұрайды қарайтыны болғаны ма?! Бір тұлғаны бес түрлі дерекпен, әр түрлі ғасырларда өмір сүргізіп көрсету келесі ұрпақты қандай ойда қалдырарын бір құдай білсін..

Әсілі, шежіре жинау, оны ұрпақ кәдесіне жарату жақсы-ау, аңыз болса да оның өзі сол шын болған оқиғалардан жүлгесі үзілмей жетсе мақұл. Шежіре жинауды, тарихи деректерді келсін, келмесін қаламмен сүйкей сала баспаға ұсыну, ол енді жауапсыздықтың ғана жемісі деп білемін.


* * *
Кезінде көптеген әлем тарихшылары мен оларға қосыла, біздің қазақ тарихшылары да Шыңғыс ханды Мұңғыл даласынан шыққан жабайы, қанқұмар, жауыз, жаулаушы түрінде бейнелеп келді. Жаулаған елдердегі «әсем қалаларды, өркениетті» қиратушы деп Кеңес заманында тарихқа, тіпті мектеп оқулықтарына дейін тәптіштей жазып, сол замандағы ұрпақтың зердесіне сіңіріп отырды. Екі мыңыншы жылдардың басы болу керек, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов қолын қос қолдап көтеріп, «Шыңғыс ханнан өткен жауыз жоқ» деп тамағы қырылдағанша жар салып шыға келді.

Аллаға шүкір! Тәуелсіздігіміздің арқасында ойын еркін жеткізетін қаламгерлер жан жағына жалтақтамай-ақ Шыңғыс хан жөніндегі шындыққа қалам тартты. Солардың басында тарихшы ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин аға, бар ерік-жігерін, жиырма жылдық ғұмыры мен маңдай терін «Шыңғыс ханның шындығына» арнаған бейнетқор бауырымыз Хамза Көктәнді тұр. Алла жар болсын оларға! Әрине қашанда жеңілген елдердің тарихшылары жеңіліс дәмін тата отырып болса да, жеңуші жақты қанша қаралай жазғанымен, әйтеуір бір шындықтың бетін бүркей алмайды. Бұл табиғи болмыс. Керісінше кейбіреулер (елдер) Шыңғыс ханның жеке басын ерекше әсірелей дәріптеп, халықаралық мүдделерінің мұраты жөніндегі мақсаттарына пайдалануға тырысады.

Ең бастысы, әлі Шыңғыс хан жорықтарының себеп-салдарын әлем мұрағаттарындағы жазба қорлардан терең зерттеп, бұрмасыз дәлелдеп түсіндіру өлшеусіз еңбекті керек етеді. Қалай дегенмен де Шыңғыс хан «оқымаған да, тоқымаған да» болса да, әлемде теңдесі жоқ, болмаған да дара тұлғасымен арғы-бергі дүниені таңдандырған дала перзенті. Көшпенділердің ұлы көсемі! Бізше (өзімді айтамын) айтқанда, ұлы прогресстің ең төрінде тұрған адам.

Әлемде бұл фәниден талай-талай қанды қырғындар жасаған талай жаулаушылар өтті. Батыста солардың бәрінде дерлік күні бүгінге дейін ауызының суы құрып отырып, мақтап, мадақтап атына шаң жұқтырмайды. Неге? Өйткені олар «өркениет тек бізден ғана шығып дамыған» деген өркөкірек сеніммен басқаға жақсылықты қимайтын іштарлықтың құлы болудан. Ондайлар өзінікін қойып, сенікін өзіңе қимайды.




Шах зада есалы
Шежірелер шындығы
Бабалар буыны тұқиян
Советтер елінде
Жылжып жеткен жетпіс екінші жыл.
Анаң жүр жылауменен таң атырып,

Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет