2. Сыбайлас жемқорлықтың экономикалық-әлеуметтік дамуына келтіретін зияны.
Жемқорлықтың экономикаға тигізетін әсерінен «көлеңкелі» экономика ұлғаяды. Бұл өз кезегінде салық төлемдерінің төмендеуіне және бюджеттің әлсіреуіне әкеледі. Бұдан мемлекет экономиканы басқарудағы қаржы тетіктерінен айырылады және әлеуметтік мәселелер мен басқа да мемлекет дамуы үшін аса қажет шешімдердің орындалуы қиындайды. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, 2000 жылдардың бас кезінде «көлеңкелі» нарықтың үлесі барлық Қазақстан экономикасының 30-40%-ды құраған. Осы бағытта жүргізіліп жатқан, соның ішінде мүлік пен капиталды заңдастыру шараларына қарамастан, аталған салада жемқорлықтың кеңінен тарап кетуіне байланысты айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болмады.
Нарықтың бәсекелестік механизмі бұзылуда, өйткені көп жағдайда бәсекеге қабілетті тауардың орнына, сыбайластық байланыстары бар, пара беріп ебін тапқандар алға шығуда. Бұл нарықтың тиімділігінің төмендеуі мен нарықтық бәсеке идеясы жөнінде теріс түсініктің қалыптасуына әкеліп, кәсіпкерлердің таза бизнес жүргізуге деген ынтасын айырады. Қазақстан жағдайында мұндай құбылыстарды жиі байқауға болады, олар көбіне тауарлар мен қызмет түрлерін мемлекеттік сатып алу барысы мен кен орындарын игеруге қатысты ұйымдастырылуы кезінде кездесіп тұрады. Нәтижесінде елдің экономикасы жыл сайын жүздеген миллион теңге жоғалтуда.
Тиімді жеке кәсіп түрлерінің даму қарқыны шектелуде, бұл әсіресе шағын және орта бизнес саласында ерекше байқалуда. Осы саланың дұрыс бағытта дамымауы, жалпы барлық экономиканың тиімділігі мен халықтың жұмыспен қамтылуына жағымсыз әсер етуде.
Бюджет қаржысы тиімсіз пайдалануда, әсіресе – мемлекеттік тапсырыс пен несиені үлестіруде көптеп кемшіліктер кетуде, бұдан ел бюджеті жапа шегуде. Халықаралық бағалауға сай, осы салаға сыбайлас жемқорлықтан келетін шығын көбіне 30%-дан асып түседі. Еуропалық комиссияның даму жөніндегі бұрынғы бас директоры Дитер Фриштың айтуынша, елде жемқорлықпен сыбайласқан экономикалық әлсіз жобалардың салдарынан шығындар артып, тиімсіз және қажетсіз жобалардың құны белгіленген көлемінен 10-20%-ға жетіп, қаржы түкке тұрмайтын жұмыстарға жұмсалып, мемлекеттік бюджетке орасан зор шығындар келеді. Мысалы, Италияда «таза қол» жемқорлыққа қарсы жүргізілген операциясының нәтижесінде мемлекеттің жол салуға деген жыл сайынғы жұмсайтын қаржысы 20%-ға азайған.
Сыбайластық – қолдан жасалған «қосымша шығындардың» есебінен бағалар шарықтайды. Нәтижесінде қарапайым тұтынушы зардап шегеді. Гарвард университеті мамандарының бағалауынша, АҚШ-та сыбайлас жемқорлықтың нәтижесінде тауарлар мен қызмет көрсету түрлеріне баға 5-15%-ға артқан. Бізде де ара-тұра жемқорлықтың шығындары бағаға қосылып тұрады, Қазақстанда бұл көп жағдайда тұрғын үй-жер қатынастарында кездеседі.
Биліктің таза және әділ нарық ойындарының тәртібін сақтай және орната алмауы қабілетсіздігінен нарық агенттерінің сенімдері жоғалуда. Нәтижесінде, инвестициялық ахуал нашарлап, өнеркәсіптің дамуы мен негізгі қорлардың жаңаруы мәселелері шешілмейді. Сонымен қатар, кейбір жағдайда капиталдың «қашуы» басталып, өнеркәсіп орындары жабылып немесе басқа орынға көшуі нәтижесінде, осы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді.
Бейүкіметтік ұйымдарда жемқорлықтың ауқымы артады (фирмаларда, кәсіпорындарда, қоғамдық ұйымдарда). Бұл өз кезегінде, олардың жұмысының тиімділігінің төмендеуіне әкеледі, ал ол жалпы мемлекеттің экономикасының өсуіне кедергі келтіре отырып, құрдымға жетелейді.
Экономиканы сыбайлас жемқорлық және қылмыстық әрекеттерден түскен ақшалармен тығындау қарқын алады, бұдан баға шарықтап, «сабынды көпіршіктері» (мыльные пузыри) пайда болып, басқа да жағымсыз жәйттарға соқтырады.
Сыбайлас жемқорлықтың елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына келтіретін зиянын талдайтын болсақ, онда оны экономикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретін басты қатерлердің біріне жатқызуға болады.
Жемқорлықтың нәтижесінде мемлекеттің әділ әлеуметтік саясат жүргізу қауқары мен халықтың аз қорғалған тобын қолдау мүмкіндіктері айтарлықтай әлсірейді. Кейбір «мүдделі» билік органдары өкілдерінің араласуының нәтижесінде түсетін салықтың қоры азайып, осының салдарынан әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуы тежеліп қана қоймай, әлеуметтік наразылықтың өсуіне әкеледі, бұл өз кезегінде кей жағдайда елдегі жағдайдың тұрақсыздануы мен ашық қақтығыстарға жеткізеді.
Халықтың басым бөлігі кедейленіп, мүліктік теңсіздік жылдам ұлғаяды. Сыбайластық мемлекет байлығын қарапайым халықтың есебінен шағын олигархиялық топтардың пайдасына әділетсіз және теңсіз түрде үлестіреді. Нәтижесінде әлеуметтік теңсіздікке жол беріліп, қоғамдық-саяси тұрақсыздық пен әлеуметтік жарылыс қаупі күшейеді. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттік қызметтегі саясаткерлердің заңсыз әрекеттер, яғни сыбайлас жемқорлық арқылы келген байлығын халық мойындамайды, бұл өз кезегінде экономикалық қатынастардың негізгі принциптерінің бірі болып табылатын жеке мүлік құқығының заңдылығына үлкен күмән туғызады.
Мемлекет пен қоғам өмірін реттеудегі негізгі құрал ретінде қолданылатын құқықтың беделі түседі. Көпшілік санасында азаматтардың қылмыс пен билік алдындағы қорғансыздығы жайында түсінік қалыптасады. Бұл өз кезегінде, құқықтық негилизм мен жауапкершіліктен қашудың түрлі формаларының қалыптасуына ықпал етеді. Ал осы үлкен «жетістіктерге» қол жеткізіп жүрген жемқорларды жастардың басым бөлігі заң бұзушылар ретінде қарастырудан гөрі, керісінше үлгі тұту жағынан қабылдауда. Сыбайлас жемқорлық олардың түсінігінде «бизнес жүргізудің» бір түрі ретінде қабылдануда.
Құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлықпен жең ұшынан байланысуы, ұйымдасқан қылмыстың нығаюына әрекет етеді. Қылмыстық топтар сыбайласқан мемлекеттік қызметкерлер және кәсіпкерлермен байланыстарын күшейте отырып, саяси билікке қол жеткізу арқылы заңсыз жолмен келген қаржыны сыртқа шығару мен оны заңдастыруға сияқты зор мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Нәтижесінде мемлекеттіліктің құқықтық негізінің құлдырауын білдіретін, биліктің қылмыстануына әкеледі.
Білім сапасының күйреуі орын алады, ол өз алдына елдің интеллектуалды қуатынын және кадрлық деңгейінің төмендеуіне жетелейді. Сайып келгенде, жемқорлық мемлекеттің өмірлік маңызы бар барлық саласына, яғни экономикадан бастап мемлекеттік басқару жүйесіне дейін кері ықпал ететіні белгілі.
Медициналық қызмет көрсету сапасы төмендеп, елдің экологиясы күйзеліске ұшырайды, бұдан халықтың денсаулығы нашарлап, ауру түрлері артады, ал бұл өз кезегінде экономикалық шығындар мен демографиялық жағдайды жақсартпайтыны белгілі.
Қоғамның рухани ұстанымдары ыдырап, оның адамгершілік мінез-құлқы бұзылады, бұл өз алдына әлеуметтік кесел мен жағдайдың ушығуына әкелері сөзсіз.
Нәтижесінде, осының барлығы келіп, экономикаға ауыр соққы беріп, елдегі саяси тұрақтылыққа қауіп төндіріп, әлеуметтік жағдайдың шиеленісуне әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |