XIX ғасырдың II жартысындағы Қазақстан мәдениеті
Орыс демократиялық мәдениеті
П.П. Семенов-Тянь-Шаньский (1827-1914) - Қазақстанды көп зерттеген орыс ғалымдарының бірі. Жетісу, Алтай өлкесіне бірнеше рет ғылыми саяхаттар жасаған.
Қазіргі Семей, Алматы қалаларында тұрып еңбек еткен. Қазақстан туралы "Түркістан өлкесі", "Қырғыз өлкесі" атты еңбектер жазған.
В.В. Радлов (1837-1918)-Жетісу өлкесін көп зерттеген тарихшы, саяхатшы. Қазақ тарихы, мәдениеті, музыка өнері және тілі туралы көптеген мәліметтер қалдырған.
Т.Г. Шевченко-Украинаның ұлы ақыны. 1847-1857 жылдар аралығында қазақ жерінде болған. Қазақтардың тұрмыс тіршілігімен етене танысқан ол қазақ, украина халықтарының өмірін салыстырып, "Менің ойларым" деген өлеңін жазған.
М. Красовский қазақ этникасының қалыптасуы туралы "Сібір қырғыздарының облысы" атты еңбек жазған.
Л. Мейер Кіші жүз тарихы жайында "Орынбор ведомствосының Қырғыз даласы" атты тарихи еңбек жазған.
А.Н. Добромыслов Қазақстанның Ресейге қосылуының саяси тарихы жайында "Торғай облысы. Тарихи очерк" атты еңбек жазған.
Бұдан басқа В. Виткевский, Н.А. Макшеев, И.И. Крафт сияқты тұлғалар Қазақстан жайында еңбектер жазған. Омбы, Орынбор, Семей қалаларындағы орыс географиялық қоғамының филиалдары өлке тарихының зерттелуін жолға қойды. XIX ғасырдың II жартысында қазақ өлкесінің тарихы, географиясы, этнографиясы, мәдениеті жайында "Облыстарға шолу жасау" жинағы жарық көрді. XIX ғасырдың II жартысынан бастап Петербург, Омбы, Қазан университеттері Қазақстан жайында зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Халыққа білім беру ісі
XIX ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап Қазақстан жерінде оқу-ағарту ісі жолға қойыла бастады. Ағарту ісін дамыту үшін және ғылыми-зерттеу мақсаттарында қоғамдар мен мекемелер құрылды. 1868 жылы Түркістан статистикалық комитеті, 1878 жылы Семей статистикалық комитегі құрылды. Орыс географиялық қоғамының қазақстандық бөлімдері Қазақстан жерін зерттеу мақсатында көптеген экспедициялар ұйымдастырды. 1883 жылы Семей қаласында қоғамдық кітапхана ашылды. XIX ғасырдың аяғына қарай Қостанай, Торғай, Орынбор қалаларында ақысыз пайдаланатын қоғамдық кітапханалар ашылды. Патша үкіметінің мүддесіне қызмет ететін шенеуніктерді даярлау мақсатында оку орындары көптеп ашыла бастады. 1861 жылы Троицкі мен Қазалыда осындай мақсатпен орыс-қазақ мектептері ашылып, жұмыс істей бастаған. 1867 жылы Орынбор губернаторы Крыжановский мұсылман діні бағытындағы оку орындарына шек қою туралы қаулы шығарды. 1883 жылы Орск қаласында алғашқы қазақ мұғалімдер мектебі ашылды.
ХІХ ғасырдың соңындагы Қазақстанның білім беру жүйелері
1. Бастауыш оқу орындары:
- приход мектептері,
- толықтырылмаған гимназия,
- орыс-қазақ аралас мектептер,
- ауылдық мектептер.
2. Орта оқу орындары:
- реалдық училищелер,
- ер балалар мен қыздар гимназиясы,
- мұғалімдер семинариясы.
3. Арнайы маман даярлайтын оқу орындары:
- мұғалімдер мектебі,
- ауыл шаруашылық мектептері,
- Торғай қолөнер мектебі,
- Орал қолөнер мектебі,
- Атырау теңізшілер мектебі.
XIX ғасырдың аяғында Қазақстан жерінде көптеген гимназиялар ашылды. Олар:
- екі 8 класты ер балалар гимназиясы,
- екі 7 класты қыздар гимназиясы,
- Орал реалдық училищесінің 8 класты ер балалар гимназиясы,
- Верныйдағы 8 класты әскери гимназия,
- Семейдегі 4 класты ер балалар гимназиясы,
- Семейдегі 5 класты қыздар гимназиясы.
XIX ғасырда Қазақстанда ислам бағытындағы оку орындары да жұмыс істеді. Бұл оқу орындарына патша үкіметі тарапынан қысым да күшейді. Мысалы, 1870 жылы 26 наурыздағы патша үкіметінің ағарту ісі туралы қаулысы бойынша медреселерде орыс тілін оқыту міндеті енгізілді. Медреселерде оқытылған негізгі пәндер:
1. Фараиз - байлықты мұраға қалдыру;
2. Усул - фиких-ислам заңдарын зерттеу;
3. Хикмет - тарих, пәлсапа ғылымдары;
4. Наху - араб тілі грамматикасы;
5. Акаид - логика, догматика.
Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің нашар дамуының бірнеше себептері болды. Мысалы, қаржы тапшылығы, маман оқытушылардың жетіспеушілігі т.б.
Бейнелеу өнері және қолданбалы өнер
XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ халқының тіршілігін, тұрмыс-салтын, негізінен, орыс суретшілері өз туындыларында бейнелеген. Қазақстан тақырыбына туындылар жасаған суретшілер: Н. Хлудов, Б. Смирнов, О. Федченко, В. Верещагин, П. Кошаров.
Н. Хлудов Қазақстан турасында "Мал айдау", "Отанға бару" сияқты картиналар жасаған.
В. Верещагин қазақ жерінің керікті табиғатын "Лепсі алқабын қоршаған таулар" картинасында салған. Өз шығармаларының біраз белігін Қазақстан тақырыбына арнаған. Қазақстанда қолданбалы өнердің туындылары, зергерлік бұйымдар жасау ісі жақсы дамыды. Зергерлік бұйымдар көптеген көрмелерге қойылды. 1868 жылы Париж көрмесіне қазақ зергерлік өнерінің туындылары да қойылды. 1872 жылы Мәскеу көрмесінде көпшілік назарына қазақ музыкалық аспаптары ұсынылды. 1876 жылы Қызылжар, Көкшетау көрмелерінде қазақ зергерлік өнерінің көптеген туындылары көрсетілген. 1896 жылы Нижний Новгород көрмесінде қазақ шеберлерінің зергерлік туындылары да болған.
XIX ғасырдың II жартысында Қазақстанда қолөнердің өте көп түрі дамыған. Олар: ағаш пен суйекті өндеу, киізден бұйымдар жасау, әшекей заттар мен музыкалық аспаптар жасау т.б.
Музыка өнері
Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889)
1818 жылы Бөкей Ордасындағы Жиделі деген жерде туған күйші, сазгер. Музыка өнеріндегі алғашқы ұстазы Ханбазар болған. Құрманғазы артына көп күйлер қалдырған (60)
«Кішкентай» күйі Исатай Тайманұлына арналған.
«Сарыарқа» күйі қазақтың кең өлкесін, халық өмірін сипаттайды. «Қызылкайың», «Балбырауын» күйлері би күйлері болып есептеледі. Құрманғазынын, бұдан басқа «Адай», «Көбік шашқан», «Түрмеден қашқан», «Ақсақ киік», «Ақбай» т.б. күйлері бізге жеткен. Құрманғазы жаламен Иркутск, Орынбор, Орал түрмелерінде отырған. Өмірінің соңы Астрахань жерінде өткен. Оның Дина, Ерғали, Сүгірәлі, Шора, Көкбала, Мендіғали сияқты белгілі шәкірттері болған.
Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887)
1820 жылы дүниеге келген күйші, сазгер. Бөкей Ордасының жерінде өмір сүрген. Исатай Тайманұлы басқарған шаруалар көтерілісі оның шығармашылығына әсер етеді. Дәулеткерей Мәскеу, Петербург, Орынбор қалаларында болады.
Дәулеткерейдің 40-қа жуық күйі бізге жеткен.
Күйлері: «Желдірме», «Құдаша», «Жүмабике», «Ысқырма», «Косалқа», «Тартыс», «Ақбала қыз».
Орыс әскери маршы әсерінен туындаған күйлері:
«Ващенко», «Топан», «Қоңыр», «Қосішек».
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862)
1815 жылы дүниеге келген күйші. Күйлерінін, саны 40-тан астам. Тәттімбет «Бестөре» күйінде қарапайым халықты езген ақсүйектерді сынайды.
Күйлері: «Балбырауын», «Сал қоңыр», «Былқылдақ», «Алшағыр» т.б.
1855 жылы Петербург қаласында ұйымдастырылған өнер сайысында Тәттімбет күміс медальға ие болады.
Ықылас Дүкенұлы (1843-1916)
1843 жылы дүниеге келген күйші, қобызшы, сазгер. Қобызда ойнауды жақсы көрген.
«Жарым патша» күйі - патша үкіметі шенеуніктерін сынайтын туынды. Оныңкүйлері: «Қорқыт», «Қоңыр күй», «Ықыластың күйі» т.б.
Жаяу Мұса Байжанұлы (1835-1929)
1835 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасында туған. 1851 жылы Петропавлға (Қызылжар) келіп, орыс тілін меңгеріп, скрипкада ойнауды үйренеді.
1852 жылы Омбы қаласына келеді.
1854 жылы Омбыдағы орыс мектебіне оқуға қабылданады.
1856 жылы Баянауылға қайта оралады. Жаяу Мұса Баянауыл жерінде үстем тап өкілдерімен көп айқасады. Жаяу Мұса Баянауылдың ірі феодалдары Мұса және Мұстафа Шорманұлдары тарапынан қуғындала бастайды. Өзі аттас болғандықтан, Жаяу Мұса атандырған Мұса Шорманұлы болды. Жаяу Мұса қазақ әдебиеті мен ағарту салаларының ірі өкілдері Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсаринмен қарым-қатынаста болған.
1860 жылы ақын Тобылға жер аударылады.
1862 жылы Жаяу Мұса әскер қатарына барады. Черняевтың басқаруымен ұйымдастырылған жорыққа қатысады. Жаяу Мұса қуғындалып Полына, Литва жерлерінде, Петербург, Қазан қалаларында болады. Атақты ақын 70-ке жуық ән шығарған. Ол әндерінің сөздерін де өзі жазған.
Әндері: «Сұрша қыз», «Баянауыл», «Толғау», «Шорманұлына», «Хаулау» т.б.
Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897)
1834 жылы Көкшетау жерінде дүниеге келген ақын, әнші, сазгер. Оның 40-қа жуық әні сақталған. 1865 жылы Біржанның Абаймен кездесуі оның әншілік, сазгерлік өнерінің дамуына әсер етеді.
Біржан әндері: «Жанбота», «Айтбай», «Ғашығым», «Біржан сал» т.б. Біржанның суырыпсалма ақындық өнерінің дәлелі - оның Сарамен айтысы. Біржан шәкірттері: Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ т.б.
Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлы (1843-1913)
1843 жылы Көкшетау жерінде дүниеге келген әнші, сазгер, ақын. Ол өзінің қасына әнші, өнерпаз адамдарды жинай білген. Сонысымен ол сері атанған. Әншілік өнері 16 жасынан басталды. Ақан өмірінің соңы трагедияларға толы. Ақын өзі заманының үстем тап өкілдеріне батыл қарсы шыға алатын тұлға болды.
Ақанның әндері: «Маңмаңкер», «Құрагер», «Бал қадиша», «Сырымбет», «Сұрағанға», «Көкшетау», «Шағырмаққа», «Смағұлға» т.б.
Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Естай, Біржан сал сияқты әншілермен дос болған.
|