Гидромедузалар тек жынысты жолмен көбейеді, олар - дара жыныстылар. Жыныс бездері (гонадалары) радиальды түтікшелер астында (Тһесарһога отряд тармағында), немесе ауыз сабақшасында (Athecata отряд тармағында) орналасады.
Жетілген жыныс клеткалары су ортасына шығып, сырттай ұрықтанады. Зигота толық біркелкі бөлшектеніп сопақша келген бластуланы түзейді. Бластуланың гаструлаға айналуы, оның вегетативтік полюсіндегі клеткаларының біртіндеп бластоцелъ қуысына көшуі (иммиграция әдісі бойынша) арқылы жүзеге асады. Ең соңында бластоцель қуысы, энтодерманы түзейтін бір текті клеткаларға толып, ұрық осы күйде паренхимула деп аталатын личинкасына айналады. Ол - губкалардың паренхимула личинкасына ұқсас
Кейін паренхимуланың энтодермальды клеткаларының бір бөлшегі ыдырап, сол жерде келешек гастральды қуысының бастамасы шұңғыл пайда болады. Осы сатыда паренхимула, ішекқуыстыларға тән - планула личинкасына айналады.
Планула сопақша келген, денесі кірпікшелермен қапталған, соның көмегімен суда біршама уақыт еркін жүзіп жүреді де, су түбіндегі субстрактқа бекінеді. Оның ауыз тесігі, қармалауыштары, гастраль қуысы қалыптасып, кос қабатты құрылысты жас гидрополипке айналады. Ол өсіп, жыныссыз көбеюдің нәтижесінде гидрант және медузалық бүршіктерді беріп колония құрайды. Сөйтіп теңіз гидроидты полиптер ұрпақ алмасу (метагенез) жолымен, яғни жыныссыз көбею мен жынысты көбеюдің кезектесіп отыруы арқылы дамиды. Осындай даму кезінде құрылысы мен көбею әдісі жағынан ерекшеленген екі түрлі ұрпақ алмасады. Біріншісі гидрополиптер, бекініп тіршілік ететін, тек қана жыныссыз жолмен көбейіп полиптер мен медузаларды қалыптастыратын формалар. Екіншісі - гидромедузалар, еркін тіршілік ететін, тек қана жынысты жолмен көбейіп гидрополиптерді қалыптастырады. Осыған орай гидрополиптік ұрпақ жынысты жолымен пайда болады да, өзі жыныссыз көбейіп гидромедузаларды қалыптастырады, ал жы¬ныссыз жолымен пайда болған гидромедуза жынысты жолмен көбейіп гидрополиптерге бастама береді
Ұрпақ алмасудың биологиялық маңызы - түрлердің таралуына мүмкіндік береді.