Гидрозоа класының 2700 түрлері белгілі, теңіздерде, тұщы суларда тіршілік ететін қарапайым құрылысты жануарлар. Олардың полиптер мен медуза формалары - гидрополип және гидромедуза деп аталады. Жыныссыз, жынысты жэне ұрпақ алмасуы арқылы дамиды. Личинкалары - планула деп аталады.
Гидрозоа класы екі класс тармағына бөлінеді: гидроидтылар - Hydroidea және сифонофоралар - Siphonophora.
Гидроидтылар класс тармағы жеке немесе колония құрып тіршілік ететін гидроидты полиптер жатады. Гидра - қарапайым құрылысты полиптің бірі. Биіктігі 1 см-ге жуық, ұзына бойы созылған қапшық тәрізді, табанымен субстратқа бекініп өмір сүреді. Өзендер мен шалшық суларда жиі кездеседі.
Құрылысы мен физиологиясы. Гидраның денесі эктодерма және энтодерма қабатынан құралған. Олардың арасындағы мезоглея қабаты өте жұқа құрылымсыз қоймалжың заттан тұрады. Денесінің бос жағында (алдыңғы) 6-12 қармалауышпен қоршалған ауыз тесіп орналасқан. Ол, энтодермалық клеткаларымен астарланған гастральдық қуысына ашылады.
Сифонофоралар жылы теңіздерде еркін жүзіп тіршілік ететін ерекше колониялы жануарлар. Колония құрайтын особьтары құрылысы мен физиологиясы жағынан әр түрлі, оларды зооидтар деп атайды.
Зооидтар колонияның полиптік және медузоидты особьтары, атқаратын қызметіне қарай гастрозоид, цистозоид, гонозоид деп аталады. Олар шоғырланып кормидия деген топтарды түзейді, әрқайсысының арасында буын аралығы болып, оларды түрі өзгерген тақта жауып тұрады.
Құрылысы мен физиологиясы. Сифонофоралардың көпшілігінің колониясы ұзын сабақша тәрізді, особьтары оның бүкіл бойында реттескен (Physophora туысында), қалғандарының сабақшасы қысқа, особьтары (зооидтары) оның астыңғы жағына бекінген (Physalia туысында).