Түсінік беру.
Қазақ әдебиеті тарихында ең алғаш жазба әдебиетінің негізін қалаған Ы.Алтынсарин болса, оны ары қарай жалғастырған Абай болған. Ыбырай Алтынсарин көркем сөз әдебиетінің атасы болса, Абайдың қара сөздері ғақлиялық даналық сөздері болған. Абай өз қара сөздерін 1890-1898 жылдар арасында жазған. Қарасөздерін жазуды бастағанда Абай 45 жаста болған. Ақыл-ойы толысып, жасы кемелденген, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, сараптар жасқа жеткен кезінде қара сөздерін жазуды қолға алған. Бұған дейін Шығыс ойшылдары Әл-Фараби, Фирдоуси, Бабыр, Батыс философ, ғалымдары Галилей, Коперник, Спенсер, Дарвин, Ньютон, Пифагор еңбектермен танысып, үлкен дайындықтан өтіп келеді.
Өзінің қарасөзді жазуды қолға алғандағы мақсатын Абай бірінші қарасөзінде атап көрсетеді: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Абайдың қарасөздерінің саны 46. Бірақ қырық алтыншы сөзі қазақтардың шығу тарихы жайлы жазылған «Біраз сөз қазақтардың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген қарасөзін өз алдына жеке тарихи шығарма, очерк ретінде қарастырып жүрміз.
Абай қарасөздері – өмір тәжірибесінен туған ой толғамының қорытындысы.
Абайдың қарасөздері туралы бауырына салып тәрбиелеген немересі, Мағауияның қызы Уәсила былай дейді: «Әкем балаларын 7-8-ге шыққанда оқуға беретін, балалармен қабат, қыздарын да оқытатын, қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан, балалардың ойы, дүние тануы кемшін болады деп әкем көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Молдаға қарап: «Балаларға мына кітапты әкелдім. Осыны көшіріп, көбейтіп бала басына бірден таратып бер, бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт» деді. Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас салып оқыды, кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып оқи бастадық. Өйткені, бұл жаңа кітаптың тілі ұтымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейін байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қарасөзбен жазған кітабы екен».
Қарасөздерінде Абай әңгіме-сұхбат жанрының өзіндік ерекшелігін пайдаланады.
Абай қарасөздері туралы мүмкіндігіне орай батыл, ірі негізді пікірлер айтқан М. Әуезов еді. «... Абайдың осы қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді». (М. Әуезов. 20-том).
Қарасөздері тақырып жағынан алғанда ақынның өлеңдерімен астасып жатады. Абай адал еңбек ету, егін салу, саудамен айналысу, өнер үйрену, білім-ғылымды игеру, қоғамдағы әр түрлі топтардың қылып жүрген харекеті, мінез-құлқы, адамгершілік, имандылық секілді, бірталай мәселелерді қарасөздерінде кеңінен толғайды, үлкен көрегендікпен көптеген құнды пікірлер түйеді.