Антонимдер (грек anti қарсы, onyna ат, атау) — өздеріне тән сапалық белгілерін сақтап, бір – біріне қарама – қарсы мағынада қолданылатын сөздер. Антонимдерге бір – біріне қарама — қарсы мағынадағы өзара шартты қарым – қатынастағы сөздер (пайда – зиян, биік – аласа, ащы – тұщы, ыстық — суық), қимыл — әрекетінің қарама – қарсы бағытын білдіретін сөздер (ашу – жабу, айырылу – қосылу, бату — шығу) жатады. Антонимдер көркем әдебиетте антитеза сияқты әр түрлі стильдік фигураларды жасап, экспрессия үшін қолданылады.
Айтылуы, дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары бір — бірінен мүлде басқа сөздерді омоним дейміз. Бірақ кейбір сөздер сөз тіркесіндегі қолданылуына қарай, біріне–бірі байланысты ұғымдардың атаулары болады. Әрине, олар да жеке мағынада қолданылады, бірақ омоним бола алмайды, өйткені олардың мағыналары әлі бір – бірінен алыстап кете алмаған жақын мағыналар болады.
Омонимдердің мағынасы контексте айқындалады, яғни омонимдік қатар құрайтын сөз жеке – дара қалпында емес белгілі бір сөздермен қатынасқа түскенде ғана оның лексика – семантикалық мағынасы белгілі болмақ. Мысалы «жай» сөзінің контексте келуіне байланысты мынадай бірнеше мағыналары бар:
Жай І (зат есім). Аспан кеңістігіне жиналған электр зариядтарының шағылысуынан пайда болатын жарқыл, найзағай. Лағынет бұлты шатырлап, жай түсіп неге қатпаймын (С. Т.).
Жай ІІ (зат есім). Тұрмыстағы хал – ахуал, жағдай, күй. Қамардың жайы мұндай болған соң… араздық, пәленді қойып, Омар да күні – түні қасында болды (С.Т.).
Жай ІІІ (зат есім). Белгілі бір орын: мекен – тұрақ. Ызғарлы аяз жан иесінің бәрін де жауратып, жүдеу тарттырып, жылы жайды іздеткендей (М.Ә.).
Жай ІV (етістік). Таратып ыдырату, жазу. Бұлар үндемеген соң Ыбырайым үйілген шөпті айырмен қозғап, жайып тұрды (А.Ж.).
Жай V (сын есім). Қатардағы, қарапайым, жұпыны. Көбі майданға кеткен. Майданға кетпегендері осында шахталарда жай жұмыста жүр (І.Е.).
Жай VІ (сын есім). Жайлы, қолайлы, малға жай, егінге бай, топырағы май (Қ. Ә.).
Жай VII (Үстеу). Жайымен ғана, ақырын, баяу. Алтын артқан бір есек солармен келеді. Ол жай жүрсе, жұрт та жай, ол желсе жұртта желеді (С.Г.).
Жай VIIІ (Үстеу). Құр – бекер, тектен – тек, бостан – бос. Екі байдың аядай жерге арқа тіресіп қонып жатқандары жай да емес сияқты (Ғ.М.).
Көріп отырғанымыздай «жай» сөзі контексте келуіне байланысты түрлі мағынада келіп, зат есімнің, сын есімнің, етістіктің, үстеудің және шылау сөздің мағынасында келуі мүмкін екен. Ал енді жай сөзінің синонимдік ұя жасауына байланысты мысалдар келтірсек.
І. Жай, жасыл, найзағай, найжағай, жасын. Жауын – шашын кезінде аспан кеңістігініне жиналған электр зарядтарының соқтығысуынан пайда болатын күшті жарқыл. Жай дегеніміз – шын мәнісіне келгенде, екі бұлттың арасындағы электр заряды (Шолпан серігі). Естілді ат дүбірі тасырлаған, кем түспей жазғы жайдың жасылынан (С. Мәуленов). Бертін келе найзағайдың электрден келіп шығатынын көптеген ғалымдар түсіне бастады (Қ. Әбдіғапаров). Кенеттен қою қара бұлт аспанды қаптап, нажағай шатырлап, нөсер құйып береді. (М. Мырзағұлов). Нөсерлеп құйған жауында, Қызығушы ем жасынға. (Қ.Аманжолов).
ІІ Жай, баяу, сылбыр, ақырын, марғау, самарқау, мимырт, солбыр. Асықпай – саспай ыбылжып қана, ілбіген шабан қимылмен, ат жай ғана басып жүріп келеді. (М. Әуезов). Жас әйел Игіліктің күтіп тұрғанын көрсе де, асықпай баяу басып келеді. (Ғ. Мүсірепов.). Салт адам көзіне шалынған үш кісіге сылбыр аяңмен жақындады. (С. Мұқанов.). Ақырын басып Лиза лабараторияға кірді. (С. Ерубаев.). Ырысжамал орнынан марғау түрегелді. (С. Талжанов.). Ерғожа біраздан соң ғана самарқау бұрылып, екеуімізге алма – кезек қарады. (Ғ. Сыланов.). Әжімгерейдің келіні мимырт, өнімсіз кісі көрінгенмен, тыңғылықты еді. (Т. Нәжімеденов.). Соғысқан соң шығын шықпай тұра ма ? Осы өледі мен білсем, салбыр шығар басын күте білмейтін. (Ә. Тәжібаев.).
Жоғарыда келтірілген «Жай» сөзінің омонимдік және синонимдік қатарларындағы сөз мағыналарындағы ұқсастық пен ерекшіліктері туралы айтсақ, біріншіден, «жай» сөзінің көптеген сөздермен тіркесіп, контекістегі лексика – семантикалық мағынасының құлпыруына өте бейім екендігі, екіншіден, оның грамматикалық қызметі мен сөз таптарына қатысы жағынан әр түрлі болып келеді.Ерекшеліктеріне байланысты айтсақ, синонимдік бір ұяға жататын сөздер бір ғана сөз табына қатысты болады. «Жай» сөзі бірінші топтағы мысалдарда барлық сөздер зат есімге қатысты болса, екінші топтағылар үстеу сөздер. Бұл жағын алып қарағанда, «жай» сөзінің омонимдік қатар жасағанда ол бір емес бірнеше сөз табына қатысты болуға қабілетті болып отыр.
Екінші топтағы «жай» сөзінің синонимиялық ұядағы сөздердің антономиялық жұп құрау мүмкіндігін қарастырсақ