Тұрсеке! Сізді өз басым нағыз алаштанушы ғалым ретінде танимын. Қазіргі кезде екінің бірі алаштануды меншіктегісі келіп, оны сәнге айналдырып алғандай көрінеді. Олар жан-жаққа тарап жүргендей
Сұрақ: Тұрсеке! Сізді өз басым нағыз алаштанушы ғалым ретінде танимын. Қазіргі кезде екінің бірі алаштануды меншіктегісі келіп, оны сәнге айналдырып алғандай көрінеді. Олар жан-жаққа тарап жүргендей. Неге бәрінің басын біріктіріп сіз басқармайсыз? Мысалы, сіз қызмет ететін Еуразия университетінің өзінде сіздің орталық бар, Сартқожаның орталығы және Диқан Қамзабектің алаштану институты дей ме, тағы бірдеме бар. Бір оқу орнындағы екі-үш мақсаты ортақ ұйымдарды біріктіруге болмай ма?
Мұратбек
Қадірлі үлкен-кіші, ағайын, ел-жұрт! Заманына сай жабдықтың тілін білмегендіктен де болар, осы сұрақтарыңызға жауапты толық жазып, енді жолдағалы отырғанда, білгесайырдың тінтуірінен адасып қалып, барлығын өшіріп алдым. Міне, үшінші күні тағы да қайталап теріп отырмын. Сондықтан да жауаптың әдеттегіден кешігуін жат ойға баламаңыздар. Барлықтарыңызға шын жүректен рахмет. Мен мұндай ықылас бөлінеді деп ешқашанда ойлағамын жоқ. Өткен жолғыдай еркін емес, жауапты қысқа қайырсам, қоңылтақсып қалмаңыздар. Екіншіден, интернеттің тәртібі солай ма, сұрақтардың көбінің соңында аты-жөндеріңіз жазылмапты. Бұдан кейінгі байланыста ондай сауалдарға жауап бермейтін шығармын. Бұл – өзіңді және сұхбаттасыңды сыйлау мәдениеті болса керек және кеңестің үндеместер мекемесінің штаттағы салпаңқұлақтарына тән қалыптасқан теріс ғадет. Сонымен...
Жауап: Мұратбек мырза! Барлық жағдайды өзіңіз де жақсы біліп отыр екенсіз. Менің білуімше, тікелей алаш атын иемденген немесе зерттеуге тақырып етіп алған жүзден астам орталық пен жоба бар. Тіпті Халық ассамблеясы алаштың толеранттық идеясы туралы фильмге мол қаржы бөліп отырған да сияқты. Бұл өзі қабыспайтын, абсурд, жалған идея, жалған тақырып емес пе? Ғылыми күшті бір мақсатқа жұмылдыру керек деген ұсынысыңыз өте орынды. Әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасында бірін-бірі қайталау өте көп. Ал түпкі нәтиже біреу.
Біртұтас алаш идеясын тұжырымдау –тарих және мемлекет тарихы ғылыми зерттеу институттарының тікелей міндеті. Жазушының міндеті – соларға дем беру, ой салу.
Ал олардың басын қосып, жетекшілік ету мәселесіне келсек, бұл мен үшін үлкен құрмет, бірақ кеш ұсыныс. Ендігі қалған ғұмырда жиған, тергенді бір жүйеге түсіріп, жинақтап кетуге мұршам келсе, соның өзі үлкен олжа болар еді.
Алаш идеясының бас-аяғы қымталмай, тәуелсіздіктің тұғыры да түбегейлі негізделмейді. Әсіресе, саяси экономика мәселесі жиын, терінсіз, бей-берекет кетті. Бұл, сөзсіз, қайтадан экономикалық, рухани тәуелділікке алып келеді.
Сұрақтар: 1. Сіздің ұлтыңыз кім? 2. Мыңдаған жылдар бұрын болған "Қаңлы", "Үйсін", "Найман", "Қыпшақ" сиақты т.б. мемлекеттердің жалғасы болып келген ҚАЗАҚ мемлекеті қайда қазір, бар ма?! 3. мемлекетіміздің "Қазақстан Республикасы" деп аталуын дұрыс деп есептеп, қолдайсыз ба? 4. Егер менің бірінші сұрағыма "қазақпын" деп жауап берсеңіз, қателесесіз! Сіз де мен сиақты және ҚРдағы 16 000 000 астам азаматтар сиақты "казахстанец" - қазақстандықсыз!!! Өзіңіз сиақты көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың перзенттері ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ үшін қашан "АЛАШ" деп атқа қонады? Жоқ әлде, сіздің ойыңызша, қазір АЛАШ пен ҚАЗАҚСТАНДЫҚ сөздері синоним болып қалды ма?!
Құрметпен Наурызбай.
Жауап:
Наурызбай қандас!
Сіз өзіңіздің сұрақтарыңызға өзіңіз түгелдей жауап беріп қойыпсыз. Қазақстандық деген терминді тек қазақ елінің азаматы деген мағынада қабылдаймын.
Алаш – ұранды, атойлы атау. Атойды қазір атпен емес, біліммен, намыспен, мәдени бәсекемен салу керек. Құнанбайдың: «Мықты болсаң – бопсаға шыда» – деген заманы енді туды.
Қазақ елі – мәңгілік ел қатарында өмір сүреді деп сенемін. Әйтпесе, тіршіліктің мағынасы жойылып кетуі де мүмкін.
Сұрақ: Біздің мемлекеттік қызметкерлерде ұлттық мүдде болмайтыны, дүбаралардың кешегі кеңес мейрамдарын тойлап, құлдық санадан құтылғысы келмей жүргені, әрдайым "орманға" қарап ұлитыны бізде отарсыздану яғни неоколонизация жүргізілмеуіне (жалғыз біздің елде ғана)байланысты емес пе? "Жас қазақ үні" газетіндегі "Ерікпесе, Ерімбетов бола ма?" мақаласы туралы www.qazaquni.kz сайты,не дейсіз? Маханбет.
Жауап: Маханбет мырза! Біздің үкімет құрамындағы Ғылым мен Мәдениет министрінен басқа үкімет мүшелерінің жетпіс пайызы қазақ тілін Мәсімовтің деңгейінен төмен мөлшерде меңгерген және бәрі де түрікше айтқанда «дөлмәлар», дүбаралар. Бір ұрпақ ауыспай және үкімет басына алыпсатарлар мен алпауыттардан ада «қара қазақ келмей», түзелмейді.
Деколонизациялау бағытын ұстану туралы жазушылар тоқсаныншы жылдары ұсыныс жасаған болатын. Ол аяқсыз қалды. Соның зардабын қазір тартып отырмыз. Бұл жер астынан сүзіліп шығатын ыза суы сияқты қазір қоғамның бетіне шықты. Енді коррозия басталады. Сол ұлттық коррозиядан, яғни, тоттанудан сақтау жолындағы ұлттың өзін-өзі сақтау түйсігі қалай қозғалысқа түседі, елдің келешек сапасы соған тікелей байланысты.
Ал мақаланы оқымаппын. Сондықтан да пікір айта алмаймын.
Сұрақ: Отарсыздану – деколонизация. Сіз «неоколониализм» деген ұғымды дұрыс пайдаланбай отырсыз. «Нео» деген «жаңа» деп аударылады. Яғни неоколониализм – ақпараттық қару, деструктивті культтар «идеясы» және т.б. негативтер арқылы қазіргі заманғы «бейбіт» түрде отарлау формасы. Деколонизацияны мектептерде «алаштану» факультативтік пәнін енгізу, БАҚ-тарда қазақ тарихы (бұл кең ұғым)туралы көптеп жазу, принципті түрде қазақ тілінде сөйлеу және т.с.с. тактикалар арқылы жүргізуге болады.
Жауап: Пікіріңіз орынды. Қосыламын.
Сұрақ: Армысыз,аға!Мен соңғы кездері бір үлкен мәселе көтеріп жүрмін.Ол мынадай,менің ойымша Әлихан БӨКЕЙХАН атамызды тарихта АЛАШАТА (АЛАШ-АТА,Алашата) деген атпен қалдырсақ дұрыс болар,сіз алаштанушы ретінде қалай қарайсыз?Бұл мәселе жайлы жақында мақала жазатын ойым бар.