Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп



бет35/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   64

Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,

Кешегі Кенекемнің тартып туған.

Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,

Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!).

Бекхожин бұл арада ұлттық қасиетті дәріптейін деп отырған жоқ, «Кенекең кекті кеткен еді, соны ұмытпа»,– деген сияқты бұлдыр бірдеңені бықсытып отыр.

БК(б)П Орталық комитеті «Драма театрларының репертуарлары туралы» қаулысында: «біздің кейбір жазушыларымыз өз заманымыздың кейіпкерлерін көрмей, патшалардың, хандардың, вельможалардың өмірлерін жазуды әдет қылып жүр»,– делінген. Осы қаулыны Бекхожин оқыды. Жданов жолдастың баяндамасын да оқыды. Сөйтіп отырып не істеді десеңіздерші: «Сабалақ» (Абылай хан) деген поэма жазды. Оған «заказ» беріп жаздырып жүрген «Пионер» журналы редакторының орынбасары Боранбаев сол поэманы журналға баспақ та болды. Бірақ ҚЛКЖО Орталық комитетіндегі жолдастар ол зиянды поэманы алдырып тастады. Бұған қарағанда, Бекхожин жолдас өзінің теріс бағытқа түсіп кеткендігін күні бүгінге дейін мойындағысы келмейтінін көреміз. Кемшілікті большевикше мойындау – совет адамдарының қағидасы. Бұл қағиданы Бекхожин бойына жуытқысы келмейді. Ал, бірақ басқаның кемшілігі туралы айқайлағанда Бекхожиннің тамағы жыртыла жаздайды.

Сонымен, Шыңғыс хан – Жошы хан – Абылай хан – –Кене хан... дегендердің Бекхожин тартқан желісінің ұзын-ырғасын аралап шықтық. Бұл шірік арқаннан тартылған желіні өмір шындығының күшті қолы үзіп тастауға тиіс. Бекхожин жолдасқа өзінің творчестволық жұмысындағы қателіктерін көрсетумен қатар, шығармасының бағытын тез арада заманымыздың тілегіне сай арнаға бір жола бұру керек екенін ескертеміз» («Соц. Қазақстан», 1947, 7-наурыз).

Иә, осы ретте таяу арада Мәскеу мұрағатынан табылған «бүкілодақтық ақсақал» М.И.Калининге арнап жазылған: «Михаил Иванович! Топорами, вилами, воруженными силами, на нас напали, кровожадные есенцы!»,– деген арыз хат еске түседі. Бұл қандай ұлттардың арасындағы шайқас екенін білмей, зәресі ұшқан «ақсақал»: «Есенцы (чеченцы деп ұқты ма, кім білсін) деген қандай ұлт? Табыңдар»,– деп бұрыштама соғыпты. Ал тура сол хат Ж.Шаяхметовке де жолданыпты. Тек «есеннің» орынына «бегістің» атын қойыпты. Шұғыл тексеріп, іздестіре жүріп әрең табады. Сөйтсе, шалғайдағы, тіпті қазақы ұғымның өзінде түкпірдің түкпірі болып саналатын ауылдағы шалғынға таласқан он үйден тұратын бір елдің екі бұтағы екен. Демек, екі арызды да орысша жазып беріп тұрған бір адам болды ғой. Бауыржан Омаров пен Рақымжан Отарбаев бауырларымнан естіген осы қазақы тапқырлыққа таңданарымызды, не Ә.Тәжібаев пен Қ.Аманжоловтың мына сөздеріне таңданарымызды білмей біз де дағдарып қалдық. Екі ақиық ақынның бірінің сөзі екіншісінен айнымайды, тек айтушылардың аты ғана басқа. Уақыт арасын екшей келе Ә.Тәжібаев бұрынырақ шыққан Қ.Аманжоловтың мақаласын орысшаға аударып пайдаланған – деген уәжге тоқталдық. Қасым Аманжоловтың өзі сол жолы:



«Маған тапсырма берген халық жауы Е.Исмаиылов пен Х.Бекхожин»,– деп райынан қайтты.

Х.Бекхожинді әшкерелеген «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жазғанын желеу етіп, партия жиналысының алдына өзінің атын қаулыдан сызып тастауды өтінді. Белсенділер оның өз «айыбын жуғанын» ескеріп, Қ.Аманжоловтың атын партия ұйымының қарарынан алып тастады.

Қ.Бекхожин: «Қасымның ақталғанына ішімнен қатты қуандым. Сыртымнан мысымды бастырғым келмей, мен де мақала жаздым. Көпшілік алдында ақталды. Енді оған сын батпайтын және күні кешегі бірге жатып, бірге тұратын, бір күн көріспесек заманақыр орнайтындай сезілетін досыма қыр көрсеткім келді. Екеуміздің де мінезіміз жетісіп тұрған жоқ еді. Оның тез сөзге ергені шамыма қатты батты. Ал ақшаның айтылуының себебі, Кенесары туралы жинақ шықпай қалған, ал қаламақысын Қасым екеуміз алып қойғамыз. Соны қайтартама деп зәресінің ұшқаны ғой. Ол үкіметтің қаулысымен бөлініп, төленгендіктен қайтаруға жатпайды. Мен шарпысып қалғанда соны еске салғамын әдейі. Әттең, қандай тату едік, екеуміз де мінезіміздің еркінде кеттік»,– деді арыстан жалды ақын.

Ал жиналыста Қ.Бекхожин, бәрібір жазадан құтылмайтынын біле тұрып, өзінің «соңғы сөзін»:



«Осы партия жиналысында: Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауға, оның реакциялық мәніне қатысты қателіктерімді түзету жолында адал еңбек ететініме уәде беремін»,– деген үмітті тілекпен аяқтады.

Жауап сөзінде «келісімді орындап» Е.Исмаиылов Х.Бекхожиннің атын атамайды. Бірақ астарлы емеуірінді екеуі де, өзгелер де түсінген.



Е.Исмаиылов: «Бізде Кенесары Қасымов туралы арнайы мақала жазбаған, алайда оң баға берген әдебиетші-тарихшылар бар. Олардың аттарын атамай-ақ қояйын, өзімнің кінәмды өзгеге аударғым келіп тұрған жоқ, алайда Қазақстан тарихы ғылымындағы қайшылықтарға және Кенесары Қасымовқа қатысты әдеби мәселелерді зерттеуде жіберілген қателіктерге, олардың белгілі мөлшерде тарихшыларға ықпал жасағанына қарамастан, кейбір жолдастар өзін-өзі ақтауға тырысты. Бұл – шындық. Алайда мынадай сұрақ қойғым келеді: Мұқанов пен Жұмалиев жолдастар өзінің оқулықтарының тұтас бір тарауын шынымен де Исмаиыловтың ықпалымен жазды ма? (Республиканың) жиырма жылдығына арналған тезистер де Исмаиыловтың диктовкасымен жазылды ма? Тимофеев-Федоровтың мақаласын да Исмаиылов жазып беріп пе? Иә, мен қатты қателестім, нағыз табанды кенесарышыл болдым, алайда осының бәрін, барлық пәлені Исмаиыловқа үйіп-төгіп, оның жалғыз өзін кінәлі деп мәлімдеуге болмайды.

Мына бір жай еріксіз есіме түсіп тұр. Бірде Бекхожин маған: «Сен ЦК-ның қаулысына ілінген адамсың, сондықтан да үндеме. Сен соғылған (битый, мәселесі шешілген) адамсың, ешқашанда оларды сынап қарсы шықпа, күйіп кетесің. Сені кінәлау оңай, өйткені сенің атың қаулының барлық жерінде көрсетілген»,– деді.

Әдебиетшілердің арасында өзгелердің қателігін көрсетуге шебер, ал өздері ештеңе істемей, «тыныш қысып» отырғанды жөн көретін сыншысымақтар бар. Ешқашанда да ештеңеге араласпайтын, ештеңе жазбайтын жолдастар да бар. 5-6 жыл бойы қолына қалам ұстамағандар да кездеседі. Әрине, ол жолдастар ешқашан қателеспейді (күлкі).

Әрине, ішінара қателіктер кетуі де мүмкін, партия мен үкімет талап етіп отырғанда табанды түрде еңбектену керек.

Мен принципті шығармашылық сынды қашанда қабылдаймын, алайда, өзің баяғыда бас тартқан ескі қолжазбаларыңды ақтарып, қояңды шығаруға бағытталған сыңаржақ сынды қабылдамаймын. Мұндай кемшіліктерді, соның ішінде Қ.Жармағамбетов жолдастың баяндамасында айтылған сындарды мойындаудан бас тартамын, менің жақсы істерімді жасырып, жаманаттың барлығын маған жапсырған мұндай сынды жоққа шығарамын. Лайықты, орынды сынды өзім де жақсы көремін және ондағы қателерді түзетуге тырысамын. Партия ұйымы тарапынан айтылған сынды да қабылдаймын. Партия жиналысында мен Кенесары Қасымовтың қозғалысына, оның реакциялық мәніне баға беруге қатысты кеткен өрескел қателерімді түзеймін, адал еңбек етемін деп уәде беремін».

Жанталасты талқылау аяқталып, енді қаулы қабылдауға қарай ойысады. Ұлтшылдығы әшкереленіп, қаулыға ілініп бара жатқан Қ.Бекхожин оны жұмсартуға ұмтылып:



«Мен бір анықтама бере кетейін, менің мақалам ешқайда талқыланған жоқ. Ал Қ.Аманжоловтың мақаласы 1948 жылы 12-ақпанда талқыланған, оны Жароков пен Жұмалиев жолдастар біледі»,– деп бір қате үшін екі рет жазалауға болмайтынын еске салады.

Алайда оған Ә.Тәжібаев: «Қазоты» – дегеніміз дастан. Ол бұл арада талқыланған жоқ. Мен қайталап айтамын, біріншіден, бұл қате туынды, екіншіден, «Ақсақ құлан» туралы сөз қозғағанда, ондағы бейнелі образдарды мен түсінбей отырғамын жоқ. Сіздің: «Оның (Тәжібаевтың – Т.Ж.) менен қарымта қайыруы үшін оның мақаласына «Ленинская смена» газетінің орын беруі өрескелдік,– деген пікіріңіз дұрыс емес»,– деп қарсы уәж айтып, қаулыны күшінде қалдыруды ұсынған.

Жалпы мерзімі үш жылға созылған осы арпалысты, жанталасты, әшкерелеуші бағыт ұстаған талқылауларда өзінің пікірін ашық білдірген және қарсы уәж айтқан тұлға Есмағамбет Исмаиылов қана.

Е.Исмаиылов: «Қаулыда мен туралы жеке бап бар. Менің ойымша бұл тым қатаң ұстаным. Неге «Көптеген қателері» деп жазылған? Бұл дұрыс шешім емес. Қандай «көптеген қателік»? Бұл ойдан шығарылған жала. Менің атымды өзге жолдастардың қатарындағы тізімге қосуларыңызды өтінемін.

Неклюдов: Исмаиыловтың мұндай ұсыныс жасауының басты себебі, ол Ғылым Академиясындағы жиналыстағы сияқты осы арада да өзінің қателіктері мен кемшіліктерін барынша терең ашып берген жоқ. Бұл арада өзінің көзқарасы арқылы шәкірттеріне тигізген зиянды әрекеттерге де баға берілуі тиіс. Сондықтан да мен қарарда көрсетілген формулировканы қалдыруды ұсынамын және оған: Исмаиыловтың сөзінде сын аз болды, өзінің қызметі арқылы тигізіп отырған саяси зиянкестігіне баға бермеді,– дегенді қосып жазу керек.

Мұстафин: Тәжібаев жолдас қабылданған қаулыға қанағаттанбай отыр. Сондықтан да бұл пункті дауысқа саламын.

Тәжібаевтің: Бекхожин өзінің қателеріне сын көзбен қараған жоқ және жеткіліксіз мойындады,– деген ұсынысы дауысқа салынды. Оны қостап бір ғана дауыс берілді».

Сол тұстағы айдарынан жел есіп тұрған Қ.Жармағамбетов, әрине, өзіне қарсы пікірге өктем үнмен жауап берді:



«Енді, Исмаиылов жолдасқа жауап берейін, ол мені: жақсы істерін жасырып, жаманаттың барлығын жапсырған» жалақор сыншы деп айыптады, жалақорлық сынмен айналысқамын жоқ, айналыспаймын да, ал сіздің еңбегіңіз баршаға мәлім, мүмкін мен Кенесарыға мінездеме беретін барлық еңбектеріңізге толық тоқталмаған шығармын. Егерде дұрыстап қараса, сіздің еңбектеріңізден бұдан басқа да кемшіліктерді табуға болады. Сіздің өзге еңбектеріңізге баға беру – менің міндетіме жатпайды.

Ал Нұрпейіс Байғаниннің қолжазбасына қатысты айтарым, мен оның редакторымен 25 күн бірге отырып қарап шықтым, баспасөзде сілтеме жасалған бұл кітаппен менен басқа сіздердің ешқайсыларыңыз таныс емессіздер. Қабдолов (Ғабдуллов) қолжазбаны маған берді де, редакция жаса! – деді. Менің айтарым, демек, халық ақындарының шығармаларына жасалған редакторлық та сіздің еңбегіңіз жоқ.

Сөзімді аяқтай келе айтарым, көптеген жолдастар осы партия жиналысында өздерінің қателіктерін мойындады. Қатені мойындау – қатені түзетуге жасалған қадам, сондықтан да біздің жиналысымыздың қорытынды қарарында: қатесін мойындап сөйлеген жолдастар – өздерінің Кенесарыны бағалауда жіберген қателіктерін мойындады және оны өздерінің еңбектерінде, шығармаларының жаңа басылымында түзететін болады,– деп жазуымыз керек. Міне, менің бар айтайын дегенім осы».

Қарама-қарсы пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі.

Мұндай саяси-көркем мағынаға ие емес Жазушылар Одағының қорындағы және баспасөз беттеріндегі жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдыққа, өкінішке ұрындыратынын ескерте кетуді жөн көрдік. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі ғана жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді.

Бұл да келешекке сабақ.

6.

Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесарының, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!»,– деп ұран тастағанын Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған идеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болатын. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.



Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:

«Идеологиялық жұмыста қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар болатындығының себебі мынада: Орталық комитеттің бюросы және Орталық комитеттің бірінші секретарымен, саяси және шаруашылық жұмысты ұштастыру туралы Сталин жолдастың нұсқауларын ұмытып, идеологиялық жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмедік, кейбір тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің, кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде көрмедік және партиялық принциптік жағынан сынамадық, сонымен бірге «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген белгілі мақаласын талқылауда және бұл мақалада көтерілген мәселелер жөнінде республиканың партия ұйымдарында түсінік жұмысын жүргізуде үлкен шабандық істедік.

Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді.

Орталық комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды» («Әдебиет және искусство», 1951, № 10) деп «мойындады».

Айтылған пікірлерге орай Жазушылар Одағының партия ұйымы:



«Сұлтан Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысы революцияға дейінгі және кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тауып келді: ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің реакциялық романтизм ағымындағы өкілдері Нысанбай, Досқожа т.б., сонымен қатар буржуазияшыл-ұлтшыл алашордашылар Кенесарының қозғалысын – ұлт-азаттық қозғалыс, ал Кенесарының өзі мен оның айналасындағыларды – ұлттық батырлар деп жырлады. «Қаншайым», «Жасауыл қырғыны» атты халықтық дастандарда және жазушы-демократ Мұхамеджан Сералиннің «Топ жарған» дастанында суреттелгеніндей, қалың бұқара Кенесарының қозғалысына қарсы болғанына қарамастан, қазақ әдебиеттанушылары сарай ақындары Нысанбай мен Досқожаның туындыларын қазақ әдебиетінің тарихына қатысты көптеген еңбектерінде мадақтап келді. Кенесарышыл алашордашыл-жаршылардың сартабан соқпағымен жүрген жазушылар Әуезов, Бекхожин, Аманжолов, Тоқмағамбетов және тағы да басқалар Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысын мадақтайтын көркем шығармалар жазды.

Партия жиналысы, әсіресе, Есмағамбет Исмаиыловтың Кенесары Қасымов қозғалысының «прогрессивті» екені туралы жазған кітаптары мен мақалаларында контрреволюцияшыл-алашордашылардың кеңес өкіметіне жаулық сыпатындағы идеясын жүйелі түрде насихаттап келгенін ерекше атап өтеді. Е.Исмаиыловтың осы партия жиналысындағы сөйлеген сөзі коммунистерді ешқандай да қанағаттандырмайды, өйткені Е.Исмаиылов өзінің сөйлеген сөзінде өзінің қателігін толық мойындамады, оның әдебиеттану және сын саласындағы еңбектеріне қаратыла айтылған әділ сыннан партиялық принципті қорытынды шығара алмады.

Партия жиналысы сонымен қатар Әуезовтің, Мұқановтың, Жұмалиевтің қазақ әдебиетінің тарихына байланысты еңбектерінде жіберілген қателер мен бұрмалаушылықты да атап өтті.

Бірқатар әдебиеттанушылардың қазақ әдебиетінің тарихына байланысты бірқатар еңбертерінде және жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығында қарақшы және қалың бұқараның жауы Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктері мен бұрмалаушылықтарын жою үшін Қазақстан Кеңестік Жазушылар Одағының партия жиналысы Қаулы қабылдады».

Талқыға салынған пікірталастары мен әшкерелеудің негізінде «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты мақаласын және ҚК(б)П Орталық комитетінің осы мақала туралы қаулысын басшылыққа алып, бұлжытпай орындау үшін»:



«1. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысының мәнін ашып бере алмаған жазушылар мен әдебиеттанушыларды әшкерелеуде жетекшілікке алынсын. 2. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысы қатаң сынға алынып, Жазушылар мен әдебиеттанушылар көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. 3. «Әдебиет және искусство» журналында Кенесарының қозғалысын суреттеген әдебиеттерді әшкерелеу бағытында сыни мақалалар жарияласын. 4. Әдебиеттанушылар – Қазақ әдебиеті тарихының көп томды тарихы мен мектеп оқулықтарында кеткен қателіктерді түзету үшін әдебиеттанушылар Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиеттану институтына және Қазақ ССР оқу ағарту министрлігінің жұмысына белсене атсалыссын. 5. Жұмалиевтің, Бекхожиннің, Әуезовтің, Мұқановтың өзінің қателіктерін мойындағаны ескеріліп, оларға шығармаларында, оқулықтарында, қазақ әдебиеті тарихында кеткен қателіктерін тез арада түзету тапсырылсын. 6. а/ Қазақ ССР тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихы мәселесі бойынша жазушыларға арналып лекция оқылсын. б/ Осы қаулының орындалуының барысы туралы ай сайын партия жиналысына хабарланып отырсын»,– деген (сонда, мазмұндалып беріліп отыр) қаулы қабылданды.

Алайда бұл қаулы көпшіліктің назарын жай ғана алдарқату еді. Мұндай қаулыны көні кеуіп барып, жібіген былғарымен ғана салыстыруға болатын.



Өйткені Қ.Жармағамбетов жазып, қолын қойған осы жиналыстың қорытындысы бойынша Кенесарыға қатысты әдебиет саласындағы барлық айып Есмағамбет Исмаиыловқа тағылды. Жоғарыдағы Е.Исмаиыловтың «азсынған еңбегін көпсінтіп», бас-басына талдап көрсетіп шықты. Соның ішінде мына мәселелерді батыра айтты:

«ҚК(б)П Орталық комитетінің осы қаулысында БАК-қа: ұлтшылдықты насихаттаған ғылымға жат, тарихи шындықты бұрмалаған, зиянды еңбегі үшін профессор атағын, ғылым докторы және ғылым кандидаты дәрежесін Бекмахановтан алып тастауды өтінген шешім бар. Орталық комитеттің бюросы Қазақ ССР Ғылым Академиясының партия ұйымына: Бекмахановтың өзінің қателігін мойындауға селсоқ қарағандығын, «Правда» газетіндегі мақаланы теріске шығаруға ұмтылғандығын ескере отырып, Бекмахановтың партиялығы мәселесін қарауды тапсырды. ҚК(б)П Орталық комитеті өзінің қаулысында Қазақ ССР Ғылым Академиясының төралқасын: «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын қайтадан қарап шығып, Қазақстан тарихының кеңестік кезеңін кеңінен қамтуға міндеттеді. Орталық комитеттің бюросы бізді, әдебиет майданының қызметкерлерін: қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап шығып, ондағы Кенесарының қозғалысына қатысты қателіктерді түзетуге міндеттеді. ҚК(б)П Орталық комитеті бюросының бұл нұсқауы: әдебиет майданы қызметкерлерінің Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктерді түзетуді талап етеді.

Кенесары Қасымов қозғалысы революцияға дейін де, кеңес жылдарында да қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тапты. Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысының революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі көрінісін бағалауда екі бағыт орын алып келді.

(Бірінші): революция қарсаңындағы демократиялық бағыттағы М.Сералин бастатқан зиялылар мен халықтың қалың көпшілігі Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық жағын басым көрсетті (бұдан кейін Қ.Жармағамбетовтің баяндамасындағы «халық өкілдерінің» «Топжарған», «Жасауыл қырғыны» дастандары мадақталып, Досқожа, Нысанбай, Көкбай сияқты «халық жауларының» дастандары мысалмен аталып өтіп, әшкереленеді – Т.Ж.).

Кенесарының және оның айналасындағылардың жалған ерлігін желеу еткен қазақ ұлтшылдары – феодализм мен Қазақстандағы хандық билікті әшекейлеушілер, социализмнің қас жауы, алашордашылар бұлардан да асып түсті. Алашорданың контрреволюцияшыл ақындары Жұмабаев, Дулатов, Байтұрсынов Кенесарының дәуірін алтын ғасыр деп бағалады, Кенесарының өзін қайталанбайтын батыр және халық бақыты үшін күрескен соңғы хан деп жырлады. Өздерінің контрреволюциялық насихаттарында халық жаулары – ұлтшылдар өздерінің алдына Кенесарының хандығын қайтарып әкелуді мақсат етіп қойды. Алашордашылардың Кенесарыны насихаттауы 1930 жылға дейін жалғасты. Алашордашылардың уағызының ықпалымен және олардың қолпаштауымен ақын Иса Байзақов «Қойшының әңгімесі» дастанын жазды, онда Кенесарының қарақшыларының бірі Ағыбайды әспеттеді. 1928 жылы Әуезов «Хан Кене» пьесасын жазды, онда автор ұлтшылдардың ұстанымымен Кенесарының қозғалысын және оның қырғыз халқына шапқыншылығын басынан бастап аяғына дейін ақтап шығады»,– дей келіп абайтану және Абайдың ақындық мектебіне жанай шолу жасап, қаулының түсініктемесіне енгізе кетеді.

Оның бұл пікірін осы мәселеге қатысты тұста пайдаланатын болғандықтан да бұл арада назардан тыс қалдырамыз. Оның есесіне баяндамада қамтылмаған, әсіресе, Е.Исмаиыловтың мұның пікірін «жалақор» деп мойындаудан бас тартқанына шамданған Қ.Жармағамбетов оның «жаулығын әшкерелейтін тың деректер» келтіреді.



«ҚК(б)П Орталық комитеті бюросының нұсқауын орындау барысында: әдебиет майданының қызметкерлері оқулықтар мен қазақ әдебиеті тарихының көп томдығын Кенесары Қасымовтың жалған қаһармандығы мен ерлігін мадақтайтын пікірлерден тазартуы тиіс, Кенесары Қасымов қозғалысының ұлтшылдық және реакциялық-монархиялық сипатын әшкерелейтін мақалалар жазып, баяндамалар жасауы керек, бұл мәселе жөніндегі өздерінің де қателерін партиялық салиқалы сын мен өзара сын тұрғысынан бағалауы тиіс.

Бұл реттен алғанда алғашқы істер жүзеге асып жатыр. 1951жылы 4-көкек күні (яғни, мәжілістен он төрт күн бұрын – Т.Ж.) «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Ғұмарова жолдастың «Кенесары қозғалысының әдебиеттегі әспеттелуіне қарсы» атты мақаласында Кенесары қозғалысын бағалауда және зерттеуде қателіктер жіберген әдебиеттанушылардың қателіктері дұрыс сыналған. Ғұмарова жолдас Исмаиыловты: ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы 21-қаңтар күнгі «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел қателер туралы» қаулысындағы тікелей Исмаиыловтың өзіне қаратыла – өзінің буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымын мектептегі оқулықтар мен әдебиет теориясы туралы және басқа еңбектерінде енгізіп, насихаттағаны үшін партиялық ескерту жасағанын, алайда оның партия-кеңес жұртшылығының мұндай батыл ескертуінен қорытынды шығармағанын – орынды сынаған. Мұның барлығына қарамастан қаулы шыққаннан кейін сол қатесін тағы да қайталап, «Қазақ әдебиетінің тарихының» бірінші томында Кенесарыны әспеттеді.

Менің ойымша, коммунистер мен жазушы жұртшылық Исмаиыловтан бір нәрсені сұрауға: ол буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттауын қашан доғарады?,– деп сұрауға толық қақы бар. Біз бұл сұрақты оның бетіне тура қарап тұрып: қазақ әдебиетінің тарихы мәселесін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғысынан көрсететін өзіңнің ұстанымыңнан түбінде бір қол үзесің бе, жоқ па?,– деп сұрақ қоюға міндеттіміз.

Ғұмарова жолдас өзінің мақаласында: біздің әдебиеттанушыларымыз өздерінің оқулықтары мен өзге де еңбектерінде – Кенесарының қарақшыларының тонаушылық шапқыншылығын тікелей немесе жанама әшкерелеген революцияға дейінгі шығармаларды қасақана айналып өткенін дұрыс көрсеткен. Мысалы, «Жасауыл қырғыны», «Топ жарған» дастандары талданбады, оның есесіне Кенесарының қарақшыларының қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын суреттеген Нысанбайдың дастанын талдау барысында оның өмірлік шындығы ашылмады».

Осы арада Қ.Жармағамбетовтің «бармағының астына басып отырған бір қулығын» ашуға тура келіп тұр. Сол Есмағамбет Исмаиыловтың тапсырмасымен торғайлық халық ақыны Нұрхан Ахметбеков те «Жасауыл қырғыны» атты дастан жазып, Кенесары – Наурызбайдың жасағының қырғынға ұшыраған қасіретті оқиғаны толғайды. Мұны білетін Қ.Жармағамбетов халық ақынына сол дастандағы оқиғаны мүлдем өзгертіп, «бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан» қайтадан өңдеп жаздырады да өзі басқарып отырған «Әдебиет және искусство» журналына жариялап, сол шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Қылышының жүзі Кенесары мен Наурызбайдан бетер қылпып тұрған Қайнекей Жармағамбетовтің бетіне кім қарсы шыға алсын, әрине, халық ақыны лауреат атанды. Сондай шеберлікпен орындалған дастанды қадағалап оқыған адам соның ішінен Наурызбайға қаратыла қолданылған сүйсіністі теңеулерді қазір де аңғара алады. Міне, осы арада бұрын халыққа таралмаған дастанды халықтық нұсқа етіп көрсетуінің астарында осындай бір «қазақы күрес тәсілі де» бар еді.

Қ.Жармағамбетов (қаулының түсініктемесінің жалғасы): «Осы жылдың 19-көкек күні (яғни, мәжілістен бір күн бұрын – Т.Ж.) «Ленинская смена» газетінде Ә.Тәжібаевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін бағалаудағы өрескел қателіктерді жояйық» деген мақаласы жарияланды. Автор Кенесары қозғалысын бағалауда жіберген әдебиетшілер мен жазушылардың өрескел ұстанымдары мен қателіктерін партиялық позиция тұрғысынан сынайды. Менің ойымша, Тәжібаев ақын Бекхожиннің шығармашылық әрекетін дұрыс сынаған. Менің ойымша, Бекхожин жолдас өзінің сөзінде ол: хандар мен сұлтандарды жырлаумен өзгелердің бәрінен бұрын әуестенгенін және өлеңдері мен дастандарында алашордашыл Жұмабаевтің теңеулері мен жолдары кездесетінін – мойындауы тиіс болатын. Рас, Бекхожин жолдастың 1946 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Буржуазияшыл ұлтшылдардың қорғаушысы (адвокаты)» атты мақаласында Кенесарыны буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарына жатқызған болатын. Соған қарамастан ол сол кезде Кенесарының атасы – Абылай туралы дастан жазып жүрді.



М.әуезов: үлгермедім.
Марабай мен мергенбайдың нұсқасында қобыланды орақ батырмен бірге оның ағасы мамайға қарсы соғысады.
Сонымен, менің осы сөзімдегі ең басты міндетім, жоғарыда атап көрсетілген үш сұраққа жауап беру болып табылады.
Кейін бір кездескенде мұхаңнан: абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе?,
Мұхтардың «дос – бедел досы» туралы берген телеграммамды алған боларсың. онда: «хат та жазам»,

Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   64


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу