Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет36/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   64

...Біз, коммунистер және Қазақстан жазушыларының ұжымы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық қозғалысын тура немесе жанамалай насихаттағандардың барлығын да қатаң да қатал сынға алып, сол арқылы партиямызға идеология саласындағы буржуазияшыл-ұлтшылдардың әдебиет майданындағы қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартуға көмектесуге тиіспіз, алдыңғы қатарлы кеңес әдебиетіне кеңестік құрылысқа зиян идеялардың сіңіп кетпеуінен сақтандыруымыз керек»,– деп жауапты хатшы қаулының соңына өзінің қолын қойды.

«Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, және хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында Қ.Жұмалиевтің өзі де қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.

Ал басты кенесарышыл Е.Бекмахановтың тағдыры туралы сөзді тағы да оның шәкірті Ә.С.Тәкенов дегдарға береміз:

Ә.Тәкенов: «Бекмахановтың репрессияға ұшырауы да осыдан басталды. Ол барлық қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды, барлық атақ-дәрежелерінен айырылды. 1951 жылы ол мектеп оқытушысы болып Алматы облысының Нарынқол ауданына, кейін Шу ауданына жіберілді. 1952 жылы 5-қыркүйекте қамауға алынып, 4-желтоқсанда 25 жылға сотталып, алыстағы ГУЛАГ-қа айдалды. Ең дарынды ғалым кезіндегі үлкен тарихшылар тобына ортақ көзқарасты жақтағаны үшін құрбан болды. Ол тұста оған ешкім ара түсе алмады.

1951 жылы ҚК(б)П Орталық комитеті арнайы комиссия құрып, «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы негізінде шаралар белгілеп, 10-көкекте қаулы алды. Кейін партияның V съезінде И.Храмков комиссия жұмысы барысында I.Омаров Бекмахановты қорғаштады деп сынға алды. Ал Орталық комитет бюросында Бекмахановты партиядан шығару туралы ұсынысты Ж.Шаяхметов өзі енгізіпті. I.Омаров хатшылық қызметінен босатылды. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы саяси зиянды деп табылып, барлық дүкендер мен кітапханалардан алынды. Тарих, әдебиет саласында кадрларды қудалау басталды. 1951 жылы тіпті КСРО Ғылым академиясының тарих институтында Т.Шойынбаев – Х.Ғ.Айдарова – Якуниннің мақаласы талқыланып, бұрынғы Бекмахановпен пікірлес ірі ғалымдардың өзі (Панкратова, Вяткин, Дружинин) «әшкерелеушілікке» ұшырап, қателерін «мойындауға» мәжбүр етілді.

1951 жылы 31-шілде де ҚК(б)П Орталық комитеті өзінің 1945 жылғы 14-тамыздағы қаулысында Кенесарыға берген бағасын өзгертіп, ол бастаған қозғалысты феодалдық-монархиялық, реакцияшыл деп біржақты бағалап шықты. Сол қаулыда Кенесарыны дәріптеген материалдар кіргендіктен қазақ әдебиетінің барлық оқулықтарына тиым салынды. 1952 жылы мамырда Тарих, археология және этнография институтында Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаты туралы пікірталас өтті. Бірақ бұрынғы екі ұдай пікір болмады. Пікірталастың қорытынды құжатында XVIII-XIX ғасырлардағы көтерілістердің бәрі, Сырым мен Исатай-Махамбет көтерілісінен басқасы реакцияшыл деп жарияланды. «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы барлық оқу орындарында, кәсіпорындарында да талқыланды. Талқылау біржақты, сөзсіз мақұлдау, ұлтшылдықты әшкерелеу сарынында ғана жүргізілді».

Ал Д.А.Қонаевтің естелігінде: бұл науқанды өршітуге ұйытқы болған және осы мәселеде дұрыс бағыт ұстамаған – Ж.Шаяхметов басқарған Орталық комитеттің өзі,– деген емеуірін танылады. 1951 жылдың желтоқсан айында Ж.Шаяхметов шақырып алып өзіне Ғылым Академиясының президентінің орынын ұсынған. Соған орай Қ.Сәтбаевтің орынынан алынуының себебін Д.А.Қонаевқа:

«– Орталық комитеттің сегізінші пленумында «Республика партия ұйымдарындағы идеологиялық жұмыстардың жайы және оны жақсарту туралы» мәселе қаралды. Ігерілеу аз. Әсіресе, Ғылым Академиясында. Сонымен қатар, Академияның президиумы мен оның президенті Сәтбаев бұқараның сыни ескертпелерінде көрсетілген қателерді түзету үшін ешқандай шара қолданбады, тіпті, нольге тең. Академияда барып тұрған берекесіздік анықталды, онда феодальдық-байшылдық қарым-қатынас орнаған, кадрлар жершілдік сыпаты бойынша жұмысқа алынған, мемлекет қаражатын үлкен мөлшерде шығындаған. Академиянының президиумының қолдауымен президенттің көмекшісі Оспанов пен іс басқарушысы Садықовтың тарапынан үлкен қателіктер жіберілген. Олар сотқа тартылды. Мұның барлығына қоса, Сәтбаев кезінде «Алашорда» үкіметінің насихатшысы болған. Сәтбаевтің әрекетіндегі осындай аса ірі қателіктердің барлығын ескере келе Бюро оны атқарып отырған міндетінен босатуды ұйғарды»,– деп түсіндіріпті.

Саяси қайраткерлердің, оның ішінде кеңестік идеология мен коммунистік этика мектебінен өткен тұлғалардың мемуарларының дені – сол тұстағы қаулы-қарарлардың, хаттамалардың негізінде жазылатын жазылмаған дәстүр бар. Д.А.Қонаевтің пікіріне де БК(б)П Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушылары П.Апостолов пен Б.Н.Митрейкиннің және партия, кәсіподақ пен комсомол ұйымдары бөлімінің инструкторы А.Петровскийдің БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Маленковқа жазған «Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы ұлтшылдықтың орын алуы және саяси тұрғыдан жат мамандармен былықтырылуы (засоренности – Т.Ж.) туралы» мәлімхаты, «Правда» газеті және оның Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченко ұйымдастырып, оның бас редакторы Ильичев арқылы М.А.Сусловқа жолданған айыптау мағлұматы және жоғарыдағы «домалақ арыздың классигінің» формулировкалары сөзбе сөзге жуық негіз етіліпті. Әдетте, уақыттың ыңғайына бейімделе баяндауға әдеби өңдеушілер жиі жүгінетін бұл тәсіл – мемуар иесінің шынай көзқарасын білдіре бермейді.

Осы жолдардан кейін Д.Қонаев өзінің көзқарасын:

«Бұл хабарды естігенде үстіме суық су құйып жібергендей болды. Сәтбаевті аса ірі геолог ретінде білетінмін, оған үлкен құрметпен қарайтынмын. Енді, аяқ астынан оны босатпақшы. Біраз үнсіздіктен кейін Шаяхметов: Орталық комитеттің боросында ақылдаса келіп, республика Ғылым Академиясының президенттігіне мені ұсыныпты. – Сіз бұған қалай қарайсыз?,– деді. Мен: – Сенімдеріңізге рахмет, бірақта мен бас тартамын,– дедім. Сонымен тарқастық. Екі айдан кейін мені Орталық комитетке Шаяхметов тағы да шақырды. Ол тағы да маған Академияны басқаруды ұсынды. Сол кезде Орталық комитеттің екінші хатшысы (Круглов – Т.Ж.) кірді, ол да Шаяхметовтің ұсынысын толық қолдады, ұзақ әңгімеден кейін мен келісім бердім. Жиырма күннен кейін мен Мәскеуге бардым. БКП(б) Орталық комитетінің ғылым бөліміндегі Ю.А.Жданов (А.А.Ждановтың ұлы) менімен ұзақ әңгімелесті, кеңес берді, Сәтбаевті сынады, әңгімелесу сәтті өтті»,– деп білдіріпті.

Қаныш Сәтбаевқа қарасты: «кадрлар жершілдік сыпаты бойынша жұмысқа алынған»,– деген арызға орай комиссия мынадай анықтама берген: 1951 жылы академияда 1785 адам қызмет еткен, оның 289 адамы қазақ, яғни, 14,5%. Батыс Қазақстаннан – 33, Павлодардан – 29 , Семейден – 28, Алматыдан – 20, Ақтөбе мен Қызылордадан – 13, Қостанайдан – 12, Гурьевтен – 11, Ақмола мен Оңтүстік Қазақстаннан – 10, Жамбылдан – 8, Талдықорғаннан – 7, Шығыс Қазақстаннан, Көкшетаудан – 5, Солтүстік Қазақстаннан – 4, сондай-ақ республикадан сырт жерден келгендер – 18 қазақ.

Сонда Кремль мен домалақ арызқой осы 14,5%. қазақты қазақтың Ұлттық Ғылым Академиясына қимай отыр ма? Сондықтан да бұл арыз дәлелденбегендіктен де Қ.Сәтбаевқа мүлдем басқа кінә таққан, яғни, жаңадан ашылған маманы тапшы академияға 1937-1938 жылдары саяси қуғынға ұшыраған, мерзімін өтеп келген 42 ғылым докторы мен кандаидаттарын, сирек маман иелерін қызметке алғанын айып ретінде таққан. Сонда әлгі «жершілдік дерті» мен «ұлтшылдық пиғыл» қайдан туындап отыр? Біздің пайымдауымызша БКП(б) мен ҚК(б)П Орталық комитеттеріне де, Министрлер кеңесіне де, әлгі домалақ арыз иесіне де Сәтбаев пен Тәжиевтің төмендегі ұсынысы «жершілдік пен ұлтшылдық» болып көрінген сияқты.

Ш.Шокин: «Қырық сегізінші жылы Алматыны Қарағандыға не Ақмолаға ауыстыру туралы мәселе республика деңгейінде талқыланды. Бастаманың иелері Сәтбаев пен Тәжиев (Қазақ ССР Жоспарлау комитетінің сол кездегі төрағасы) астананы көшіру туралы ұсынысты – тек соңғы екі қаланың Алматыға қарағанда жағырафиялық тұрғыдан республиканың орталығы болып есептелетіндігінен ғана жасаған жоқ. Орталық және Солтүстік Қазақстанда минеральды-шикізат қоры (темір, жез, боксит, сирек металлдар, көмір) аса мол мөлшерде орналасқан еді. Шикізаттарды кеңінен игеру тек қана республиканың ғана емес, бүкіл елдің өндіргіш күштерін еселеп өсіруге мүмкіндік беретін. Астананың Алматыдан көшірілуі Орталық және Сотүстік Қазақстанның өндіргіш күшіне ерекше екпін береді – деп жобаланды».

Иә, мұндай жалаң патриоттардың жаласының дәйексіздігі, сонау 1905 жылы Потанин мен Бөкейханов ұсынған бұл идеяның тарихи қажеттілігі тәуелсіздік тұсында жүзеге асырылды. Шындығында да, бұл сол кезде партия мен кеңес үкіметінің құқына қол сұққан өте одағай, «менменшіл ұсыныс» болып табылатын.

Ал өзіне төнген қауіпті сезісімен Қаныш Сәтбаев тікелей Сталинге:



«Осы күндері бір топ адамдар, менің жас кезімдегі кейбір деректерге теріс түсініктеме беру арқылы басымды саудаға салып, мені арандатумен айналысып жүр. Рухани сергелдеңге ұшыраған сәтімде, сізден: тиісті деңгейде байыппен тексеру үшін мен туралы материалдарды Мәскеуге алдырту туралы тікелей өзіңіздің нұсқау беруіңізді қатты өтіне сұраймын»,– деп жеделхат жолдады.

Іле өзінің жеке басына жабылған жала мен Ғылым Академиясындағы қалыптасқан қауіпті бағытты және оған саяси астар беріілген, арандатушылардың қаскүнем пиғылдарын тиянақты баяндап хат жазды. Бұл жеделхат пен хаттың Қ.Сатбаевтың тағдырына қандай ықпалы тиді, оны нақтылап айтатын дерек кезікпеді.

Сөйтіп, М.А.Суслов жетекшілік еткен БК(б)П Орталық комитеті мен «Правданың» дегені жоспарлы түрде жүзеге асырылып, 1951 жылы 23-қараша күні Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бюросы:

«Қ.И.Сәтбаев жолдастың түсініктемесін тыңдап, талқылай келе Қазақстан К(б)П Орталық комитеті мына мәселелерді анықталған деп есептейді, Сәтбаев жолдас:

а) Партияға кірген кезде өзінің әлеуметтік жат тегін жасырған. Жолд. Сәтбаевтің әкесі бай шаруашылыққа ие болған;



б) КБП(б) Орталық комитетінің «Татар партия ұйымындағы көпшілік-саяси және идеологиялық жұмыстың барысы және оны жақсартудың шаралары туралы» қаулысы шыққаннан бастап соңғы кезге дейін 1927 жылы шыққан «Ер Едіге» кітабына жазған алғысөзіндегі өзінің ұлтшылдық қателерін мойындамай, оған сын көзімен қарамай келді, Сәтбаев жолдас онда Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттаған және Едігенің өзін мадақтаған.

в) Қазақ ССР Ғылым Академиясын саяси сенім артуға болмайтын және ғылымға кездейсоқ келген адамдарға толтырып жіберді, Қазақстан К(б)П Орталық комитеті тарапынан Ғылым Академиясын бұл адамдардан тазарту және Академияның ғылыми жұмыстарының дәрежесін көтеру туралы берілген нұсқауларға орай тиісті шара қолданбады.

Қазақстан К(б)П Орталық комитеті қаулы етті:

1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.

КБП (б) Орталық комитетіне бекітуге жіберілсін.

2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.

3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы – Ж.Шаяхметов»,– деген шешім шығарды.

Сол күні «Ерекше істегі аса құпия»:

«3. Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Фитин жолдасқа: «Алашорданың» Семейдегі комитеті Қ.И.Сәтбаев жолдасты үгітші ретінде пайданғаны туралы материалдарды тексеріп шығып, оның нәтижесін Қазақстан К(б)П Орталық комитетіне хабарлаңыз»,– деген қатынас та тиісті мекемеге жолданды.

Қазақстан Орталық Комитетінің және жеке Ж.Шаяхметовтің бар қолынан келгені, академиктің кейінгі өміріне тікелей қатысы шамалы: тегін жасырды, 1927 жылы кітаптың алғысөзінде қателік жіберді, «халық жауы» болып ұсталып, мерзімін өтеп қайтып келгендерді жұмысқа алды деген сияқты Қ.Сәтбаев тәрізді ірі ұйымдастырушы ғалым үшін бір үшкіруден қалмайтын «айыпсымақтарды» тағумен шектелуі еді. Осыдан кейін Қ.Сәтбаев СССР Ғылым Академиясының кезекті сессиясын желеу етіп Мәскеуге баспаналап кетуге мәжбүр болды. Онда барған соң Сталинге хат жолдады, бірақ оның жауапсыз қалатыны әу бастан белгілі болатын.

Мәскеудегі одақтық деңгейдегі министр Тевосян мен СССР Ғылым Академиясының президенті Несмеянов Қ.Сәтбаевқа қамқорлықпен қарап, лауазымды қызметтер ұсынды. Анығында, БК(б)П Орталық комитетіне қалтқы тастап, қармақтың сабын ұстатып, астыртын ұйымдастырып отырғандар империялық өктем пиғылдағы, ұлы отан соғысы жылдарында он оқтың тоғызын шығаруды қамтамасыз еткен геолог-акдемиктің мәскеулік бақталастары еді.

М.-Х. және Ж.Сүлейманова: «Мәскеулік он академик, тау кен істерінің генералдары СССР Министрлер Кеңесіне: «академик Қаныш Сәтбаев халық шаруашылығына зиян келтіретін жалған болжаулар жасаумен шұғылданып жүр» – деген арыз жазған кезде, Ілияс Омаров тікелей байланыс арқылы Қара металлургия министрі Иван Тевосянға хабарласып, тағдыры тек Мәскеу арқылы шешілетін академик Сәтбаевті қорғауды өтінеді. Тевосян арызға қол қойғандардың барлығын өзінің кеңсесіне шақырып алып, оларды сол сәтте бөлмесінде отырған Қаныш Имантайұлынан кешірім сұрауға көндіреді. Ілияс Омаров телефон арқылы Сәтбаевқа Мәскеуде қала тұруға кеңес береді».

Бұл деректің шындығын академик Шафик Шокиннің мына естелігі растайды:

«Осыдан бұрын Сәтбаев пен Әуезовті Республикадан қудалап шығарған оқиғаның орын алғаны әркімнің есінде шығар. Ол елден кеткеннен кейін біраз уақыттан соң мен Қаныш Имантайұлымен Мәскеуде кезіктім. Ұстазым арандатуларды өте ауыр қабылдапты. Басшылар мен баспасөздің оған неге осыншама жабыла шүйіліп алғанын еш түсінбепті. Мен академиктің осыншама дәрменсіз, осыншама шарасыз күйге түскенін соған дейін де, содан кейін де көргемін жоқ. Сөйлесіп отырған сәттерімізде ол менен өзін демейтін қандай да бір сүйеніш, тым болмағанда, өзінің көңілін орнықтыратындай жұбату іздеп отырғандай сезілді. Қуғындалған ғалым маған: СССР Ғылым Академиясы екі қызмет – Академик-хатшының орынбасары мен СССР ҒА-ның Урал филиалының төрағалығын ұсынып отыр,– деді. Жалпы алғанда өте жоғары қызметтер, бірақ та мен оны осы екі ұсыныстан да бас тартуға көндірдім. Өйткені Сәтбаев – халықтың ортақ сүйіктісі. Оған ешқандай да жала дақ түсіре алмайды. Егерде ол осы екі ұсыныстың бірін қабылдай қалса, онда халықтың сенімі мен құрметіне кірбің түседі. Яғни, академик өзі құрмет тұтқан осы өмірдегі ең қымбатынан айырылады. Мен оған Жезқазғанға баруды ұсындым. Өмір жолын сонда бастады, ондағылардың бәрі мұны біледі әрі бағалайды. Сонда жұмыс істедіңіз, – дедім мен ойымды жалғастырып, – уақыттың өзі бәрін де орынына келтіріп, сізді Қазақстан ғылымына қайта алып келеді. Сәтбаев менің ұсынысыма қатты қуанды. Әңгіме «Москва» қонақүйінің бөлмесінде өтті. Әйелі Таися Алексеевна қосалқы бөлмеде желтанау болып ауырып жатқан. Қаныш Имантайұлы әйеліне: «Сенде ішетін бірдеңе бар ма? Жақсы ұсынысты жуу керек», – деп оны орынынан тұрғызды. Академиктің жұбайы да: «Несі бар, онда Жезқазғанға кеттік», – деді көңілденіп».

Қаныш Сәтбаевтің тағдыры ғылым мен мәдениет, әдебиет саласынағы көзқарас иелерінің бүкіл тағдырын анықтап беретін шешуші нысана боғандықтан да, қайта оралып жатпас үшін, оның кейінгі көрген қысымын келтіре кетеміз.

Ғылым Академиясының Жарғысы бойынша Орталық комитет орынынан алғанымен де, оның Президенті жалпы жиналыста сайлануы тиіс болатын. Бұл мәселе Орталық комитетті қатты алаңдатқан. Ақыры Қ.Сәтбаевті Сессияға шақырды. Қандай да бір ауызша уәдеге қарамастан басына төнген қатердің сейілгеніне сенбей Мәскеу мен Ленинградта жүріп күні кеше қол астында баяндама жасап жүрген, қазір Орталық комитеттің ғылым бөлімін басқарып отырған Н.Жанділдинге:

«15-көкекке белгіленді деген Ғылым академиясының мәжілісіне қатыса алмаймын... Егерде Орталық комитет қолдайтын болса, онда Академияның жалпы жиналысында жаңа президентті сайлардың алдында мына хатты оқып берулеріңізді өтінемін»,– деп хат жазды. Онда:



«Қазақ ССР Ғылым Академиясының дамуы мен өркендеу жолының күрделеніп бара жатқандықтан да, менің егде тартқан жасым мен сыр бере бастаған денсаулығыма байланысты бұрыннан бері жоғарғы жақтан мені Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті сияқты жауапты жұмыстан босатуды өтінген болатынмын.

Әділ сынның нәтижесінде: Ғылым Академиясының басшылығы мен Академияның президенті ретінде менің: кадрларды таңдау, қоғамтану институттарындағы ғылыми жұмыстарды қадағалау барысындағы елеулі идеологиялық бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер жібергеніміз анықталғаннан кейін мен үшін бұл қадамның дұрыс екендігі тіпті анық бола бастады.

Сондықтан да мен Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысынан мені президенттік міндеттен босатуды қатты өтініш етемін, сөйтіп менің бұдан былай өзімнің сүйікті геология ғылымы саласында бірыңғай қызмет етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.

Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенттігіне өз тарапымнан – кен орындарын өңдеудің ірі маманы, қазақстанның ауыр өнеркәсібінің даму мәселелерінің білгірі, мемлекеттік және ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол, жас, денсаулығы жақсы, қуатты Димаш Ахметұлы Қонаевтің кандидатурасын ұсынамын әрі қолдаймын, оның жоғарыдағы қасиеттері Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми өмірі мен қызметін тиісті деңгейде басқаратынына үмітпен қараймын. Академик Сәтбаев»,– деп жазылды.

Сөйтіп, төрт жылға «өндірістік демалыс» алды. Әрине, мұның астарында үлкен жүректің үлкен күйзелісі жатты. Оған Ғылым Академиясының жаңа президенті Д.А.Қонаевтің:



«1952 жылы 16-17 көкек күні республика Ғылым Академиясының жалпы жиналысы өтті. Сессияның бірінші күні М.П.Русаков пен А.Қ.Жұбановты – академияның толық мүшелігінен, Қ.Ж.Жұмалиевті – мүше-корреспонденттік дәрежесінен айыру туралы мәселе қаралды. Русаков – Қазақстанның геологиялық ғылымына ерекше үлес қосты. Оны академияның құрамынан: «Кеңестік социалистік республикалар одағына қарсы бағыталған зиянкестік әрекет үшін» – деген айыппен шығарды. 1952 жылы мұндай айыптың тағылуы соттың үкімімен тең еді. Өз саласындағы ірі ғалымдар Жұбанов пен Жұмалиевті – «Қазақ ССР Ғылым Академиясынан қол үзгені үшін» деген желеумен шығарды. Орталық комитет пен Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы М.Сужиковтың тікелей басшылығымен қабылданған бұл шешімді мен мүлдем қате, әділетсіз деп есептедім және солай деп есептеймін. Ол күндері мен әлі академик емес едім, сондықтан да ағысқа қарсы жүзе алмадым, алайда мен, өз кезегінде бұл шешімнің күшін жоятынымызды білдім. Солай болды да. Әрине, жіберілген қатені осы бір тамаша ғалымдардың бұрынғы құқын белгілі бір қиыншылықпен қалпына келтіруіме тура келді. Ашығын айтқанда, соғыстан кейінгі кезеңде де Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен мәдениет қайраткерлеріне қарсы орынсыз қуғын жүргізу тоқтатылған жоқ. Тарихшылар Ермұхан Бекмаханов пен Бекжан Сүлейменов тұтқындалып, ұзақ мерзімге сотталды. Сонымен қатар ғалым-әдебиеттанушылар Есмағамбет Исмаиылов пен Қайым Мұхамедханов та сотталды, соңғысына Абайдың әдеби мектебін зерттеу мәселесінде жіберген «ұлтшылдық қателері үшін» деген айып тағылды». Өкінішке орай, Орталық комитеттің басшылары бір қатар ғалымдарға негізсізден негізсіз жағымсыз көзқараста болды», – деген естелігі дәлел.

Сөйтіп, Д.А.Қонаев Ғылым академиясының Президенті ретінде өзінің №1 бұйрығымен: кеңес өкіметіне зиянкестігі үшін, академиямен байланысты үзгені үшін М.П.Русаковты, А.Қ.Жұбановты, Қ.Жұмалиевті Ғылым академиясының толық мүшелігі және корреспондент-мүшелігі атағынан айырды.

Жеме-жемге көшкенде Қ.Сәтбаев сияқты ірі ғалымнан айырылу – республиканың беделін түсіретін және ондай тәуекелге бара да алмайтын. Сондықтан да 1952 жылы Ж.Шаяхметов «Мәскеу» қонақүйінде сонда жатқан Қ.Сәтбаевпен оңаша кездесіп:

«Орталық басылымдардың мақалаларынан кейінгі аласапыранды оқиғадан соң сізді президенттік қызметте алып қалудың еш мүмкіндігі болмады. Алайда мен сізден Қазақстанға қайтып келуді табанды түрде өтінемін. Геология институтының директоры боп істеңіз. Егерде ол қызмет сізді қанағаттандырмаса басқадай орын табамыз. Қазақстан Компартиясының басшылығы сізге бұрынғыдай сеніммен қарайды. Сөгісті де алып тастаймыз, тек сабыр сақтаңыз. Бюрода қараймыз»,– деп ұсыныс жасаған болатын.

Ол өзінің бұл уәдесінде тұрды. Қазақстан коммунистерінің Ү сьезінде өнеркәсіптік маңызы зор кен орындарын барлаудың геологиялық картасын жасау міндеті Геология институтына жүктеліп, ғылыми жетекшілік ету академик Қ.Сәтбаевқа тапсырылатынын коммунистердің құрылтайына мақұлдатып алды. Сөйтіп, Д.А.Қонаев партияның қарарын орындау мақсатында шартты түрде өзінің №2 бұйрығымен Қ.Сәтбаевті геология институтының директоры қызметіне тағайындады.

Бұл кезде Мұхтар Әуезовтің де жеке басы таразыға тағы да тартылып жатты. Үш жылға созылған үлкен науқанның алғашқы талқысы, міне, осылай аяқталды.

Иә, бәрі де амалсыздың ырқы еді.

БЕСІНШІ ТАРАУ: КЕРАЗУЛАР КЕРГІСІ

(немесе «Абайдың атын бетқап етіп жамылған ... Әуезов»)

1.

Кенесары қозғалысының дауыл толқыны көтеріліп басылар деген үмітте болды ма, әлде Абайдың рухына сенді ме, кім білсін, сол көктемде Әуезов ағысқа қарсы жүзді. 1951 жылы 9-наурыз күні Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми Кеңесі Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыптағы диссертациясы туралы мәселе қарады. Қ.Жұмалиев пен С.Нұрышевтің ашық қарсылығына қарамастан, 6 адам – жақтап, 1– адам қарсы болып, Тарих, этнография, археология институтымен біріккен кеңесте қорғауға жіберілді.



Диссертация 7-көкек күні қорғалды. Кеңестің төрағасы М.Сауранбаев, оппоненттері Сильченко мен Әуезов, талқылауға қатысқандар: Қ.Жұмалиев, Тастанбеков, С.Нұрышев, Е.Бекмаханов, С.Аманжолов, Балқашев, Усанович, Тұрғамбаев, Б.Сүлейменов, М.Ғабдуллин т.б. Оппоненттердің пікірінен соң сөз алған Қ.Жұмалиев:

«Қызық, диссертант Әуезовтің бұл қателігін қатты сынаудың орынына оның жетегінде кеткен. Ал Әуезов жас ғалымға дұрыс бағыт берудің орынына, ғылыми Кеңестің алдында оған ғылыми дәреже беруді ұсынады... Бұл диссертация ғылымға қарсы ұстанымда жазылған. Мұнда Кенесары Қасымовты әспеттеген ақындардың шоғыры топтастырылған, пантүркизмнің, панисламизмнің идеяларын жаңғыртады, өзінің көзқарасы жағынан халыққа қарсы, жат ақындарды ақтауға тырысады»,– деп диссертантты да, оппонентті де, Көкбай, Әріп, Тұрағұлды да да жерден алып, жерге салды.

Ал әйгілі керазу С.Нұрышев тура Әуезовтің өзінің жағасына жармасты:



«Сонымен, Әуезов, Абай мектебі дегеніміз – бұл негізінен араб-парсы әдебиетінің ықпалының негізінде қалыптасқан шығыстық софылық мектебі деп қарайды»,– деп сыңарезулей жөнелді.

Н.Сауранбаевтің: «Сөйлеушілерді Мұхтар Әуезовтің жеке басы туралы емес, диссертация жөнінде пікір білдіруге шақырамын. Ғылыми мәселені талдауға көшейік»,– дегеніне жоғарыдағы екі адам ырық бермей, диссертацияның беталысын басқа арнаға – әшкерелеуге бұруға ұмтылды.

Оларды сыналап кіріп сөз алған Тұрғамбаев, Б.Сүлейменов, С.Аманжоловтың пікірлері көзге ілінбей қалды. Ақыры М.Әуезовтің өзі екінші рет мінбеге көтеріліп, диссертацияның ғылыми мәнін түсіндіре келе:

«Сіздерді бұл қырқылжыңға итермелеп отырған ғылыми мүдде емес, 12 жыл бойы адал және байыпты зерттеу жүргізіп, бүгін ғылыми Кеңестің алдында қорғауға шығып отырған жас ғылыми қызметкерді мұқату пиғылы. Ол сөзсіз алғыр ғылыми қызметкер, талантты және ұқыпты зерттеуші. Оның қатесі де бар шығар, бірақ оны сіздер түзете білулеріңіз керек, біздің партиялық принцип дегеніміз қайда, ғылымның мүддесіне обьективті түрде қарайтын ғылыми көзқарас қайда? Сіздер Абайды шәкірттерінен бөліп тастағыларыңыз келе ме, сіздер Абайда ешқандай шығыстық нышан мен қайшылық жоқ дейсіздер ме?... Жоқ, сіздердің бұл әрекеттеріңіз ешқашанда жүзеге аса қоймас! Сіздердің бұл сыңарезулеулеріңіз ғылыми мәселені, диссертацияны талқылаудың шегінен шығып барады. Сіз екеуіңіз, осы диссертацияға зиян келтіру арқылы Әуезовті мұқатқыларыңыз келіп, алдын-ала қамданып келгенсіздер, ал бұл дегеніңіз барып тұрған жікшілдік, одан басқа ештеңе де емес!»,– деп олардың бетін қайырды.

Дауысқа салғанда: 10 адам – қостап, 7 адам – қарсы дауыс берді. Сөйтіп, шартты түрде М.Әуезовтің ұстанымы уақытша үстемдік құрды. Алайда «Абайдың ақындық мектебі» мәселесінің нағыз талқысы алдағы күндерге қалып еді.

Бұдан кейін Абайтану ілімі мен Абайдың ақындық мектебі мәселесі Жазушылар Одағының партия ұйымы мен қалалық партия ұйымының 1951 жылғы 13-маусым күнгі біріккен мәжілісінде және 20-маусым күнгі Ғылым академиясы мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген жиналыста шұғыл да шөгел талқыланды. Ол үшін сол тұста «Абай» романының орысша аудармасы мен журналдық басылымын өңдеу үшін Мәскеуде жүрген М.Әуезовке 15-мамыр күні Қ.Сәтбаев:


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет