Дәріс№9
Дәрістің тақырыбы: Өсімдіктің көбею жолдары.
Қарастырылатын сұрақтар:
Көбею туралы жалпы түсінік
Вегетативтік жолмен көбею
Жыныссыз көбею
Жынысты көбею
Дәрістің мақсаты:
Өсімдіктердің көбеюі Өсімдіктердің көбеюі туралы жалпы түсінік беру. Жынысты, жыныссыз, вегетативті жол мен кобею олардың бір-бірінен айырмашылығы. Спора, гамета туралы түсінік беру. Изогамия, гетерогамия, оогамия көбею жолдарын түсіндіру мысал келтіру. Вегетативті көбею жолдарын атап айтып түсіндіру. Жуашып, тамырсабақ, қалемше, көзше мұртша, түйнек арқылы көбею.
Барлық тірі организмдер сияқты өсімдіктерге де қоректену, тыныстау, қимыл, тітіркену, өсу, даму және көбею сияқты қасиеттер тән. Бұл қасиеттер бір-бірімен өте тығыз байланысты. Осының ішінде көбею өзінің биологиялық мәні тұрғысынан басқа қасиеттерден ерекше. Өйткені көбею кезінде негізінен аналық особьке ұқаса жаңа организмдер пайда боладыү
Көбею – тірі организмнің жеке санының артуы, өзінен кейін ұрпақ қалдырып, түрдің сақталып, табиғатта таралуын қамтамасыз ету қасиеті. Көбею барысында өсімдіктердің кейбір түрлерінде особь сандарының артып, өз ортасында кең таралып, жаңа кеңістіктерді қамтиды. Бұл прогрессивті түрлерге тән. Ал кейбіреулерінде особь саны тұрақты, олардың таралукеңістігі, ареалы көлемін ұлғайтады не кемітеді.
Көбеюдің үш кейпін ажыратады: жынысты көбею, жыныссыз көбею және вегетатитвті көбею. Жынысты көбею кезінде жаңа организм әр түрлі жыныс клеткаларының қосылуынан пайда болады. Жыныссыз көбеюде жаңа организм жыныс тұрғысынан жіктеле қоймаған бір клетканың өзінен жетіледі. Вегетативті көбеюде жаңа организмге бастаманы вегетативтік мүшелер, олардың бөліктері және түр өзгерістері (метаморфоз) береді.
Вегетативтік жолмен көбею
Вегетативтік көбею деп вегетативтік денеден тіршілікке қабілетті бөліктер бөліну арқылы түрдің жеке санының артуын айтамыз. Вегетативтік көбею алуан түрлі және өсімдіктердің барлық топтарында кең таралған. Бір клеткалы балдырлар мен бактерияларда вегетативтік көбею клеткаларының екіге бөлінуі арқылы жүзеге асады. Колониалды балдырларда, олардың клеткаларының вегетативтік көбеюінен жас колониялар пайда болады.
Көп клеткалы балдырларда вегетативтік көбею, олардың талломдарының кездейсоқ бөліктерге бөлінуі арқылы жүреді. Жіпшелі көк-жасыл балдырлардың кейбір түрлері (носток, анабена) гетероцисталары арқылы көп клеткалы гормонияларға бөлінеді. Көбеюдің мұндай қарапайым тәсілі тек төменгі сатыдағыларға ғана емес, суда тіршілік ететін кейбір гүлді өсімдіктерге (сужапырақ, мүйіз жапырақ, егеушөп) тән. Осылай көбею нәтижесінде ХIХ ғасырда Еуропаға енген Канада сужапырағы су қоймаларында кең таралғандықтан, жергілікті тұрғыдан «су чумасы» деп атаған.
Саңырауқұлақтарда вегетативтік көбеюдің қарапайым жолы мицелийдің жеке учаскелерге бөлінуі, бүршіктенуі (ашытқылар) арқылы жүзеге асады. Оидийлер мен хламидоспоралардың пайда болуы көбеюдің вегетативтік жолынан жыныссыз жолында өтпелі түрі ретінде қарастырылады.
Вегетативтік көбею кезінде аналық өсімдіктен пайда болған жас особьтар жиынтығы клон деп аталады. Гүлді өсімдіктерде клонда тамырсабақтың бұтақталған ескі бөліктерінің біртіндеп бұзылуынан, каудекс, кіндік тамырдың партикулдануынан, сол сияқты жер беті және жер асты столондарының ұшындағы түйнектер мен жуашықтардан жас өсімдіктер бастамасы ретінде жетіледі.
Жыныссыз көбею
Жыныссыз көбею споралары немесе зооспоралар арқылы жүзеге асады. Споралар құрлық өсімдіктеріне тән, олар өз бетінше қозғала алмайды, салмақтары өте жеңіл болғандықтан, ауа толқындары арқылы таралады. Зооспоралар суда, ылғалды қаныққан топырақта өсетін өсімдіктерге тән, бұлар талшықтармен жабдықталған, соның көмегімен өз ортасында қозғала алады. Споралар арқылы төменгі сатыдағы өсімдіктердің басым көпшілігі (балдырлар, саңырауқұлақтар), жоғарғы сатыдағы мүк тәрізділер мен папоротник тәрізділер көбейеді. Бұл кеійнгілерін тұқым арқылы көбейетіндерден ажырату үшін жоғарғы сатыдағы споралы өсімдіктер деп атайды. Өсімдіктерде споралардың пайда болуын споралану дейді.
Споралар – митоз немес мейоз жолымен пайда болатын арнаулы клеткалар. Митоз жолымен пайда болған спораларды митоспоралар, мейоз жолымен пайда болғандарын мейоспоралар деп атайды. Митоспоралар балдырларға ғана тән, ал мейоспораларға жоғарғы сатыдағы өсімдіктер жатады. Спора және зооспоралар бір клеткадан, сирек жағдайда екі клеткадан тұрады, пішіндері: шар, элипс немесе цилиндр тәріздес. Көпшілік жағдайда гаплоид ядролы, кейбір өсімдіктерде ғана диплоидты немес дикарионды. Споралар цитоплазмасы қоректік заттарға, әсіресе май мен витаминдерге бай.
Жынысты көбею
Жынысты көбею кезінде физиологиялық қасиеттері тұрғысынан айырмасы бар гаметалар қосылып, зигота пайда болады. Ядролардың қосылуынан жыныс процесінің негізгі кезеңі ұрықтану орындалады. Мұнда гаметалардың цитоплазмасы мен ядросы қосылады да хромосомдары қосылмай даралығын сақтап қалады. Зигота ядросы диплоид хромосомасына ие болады. Зигота ядросының диплоидты хромосомында генетикалық тұрғыдан алғанда әр түрлі ұрпақтың тұқым қуалаушы қасиеттері бірігеді. Пайда болған жас ұрпақтардың тіршілікке бейімділігі, ортаның қолайсыз әсерлеріне төзімділігі артады. Жынысты көбеюдің биологиялық мәні, көбеюдің басқа жолдарынан артықшылығы осында. Өсімдіктерге гаметалардың әр түрлі болуына байланысты, жыныстық көбеюдің қарапайым түрі – хологамия. Кейбір бір клеткалы қатты клетка қабықшалары болмайтын балдырларда тіршілігінің белгілі бір кезеңінде, бір клеткалы организмдер гаметаларының қызметін атқарып, өзара қосылады. Қосылған екі клетка сырт көрінісі бойынша бірдей.
Жынысты көбеюдің бір түрі – изогамия, мұнда қосылған гаметалар пішіні, көлемі жағынан бірдей, физиологиялық ерекшеліктері жағынан айырмасы бар. Аналық гаметалар «+», аталық гаметалар «-», таңбасымен белгіленеді. Изогамия балдырларда және кейбір саңырауқұлақтарда кездеседі.
Гетерогамия жынысты көбею кезінде қосылатын гаметалардың пішіні, көлемі жағынан әртүрлі. Аналық гамета аталықтан ірі болады және баяу қимылдайды.
Жынысты көбеюдің оогамия түрінде гаметалардың біреуінің көлемі үлкен, қор заты мол, қор заты мол, талшықсыз, қозғалмайтын болып келеді. Мұны жұмыртқа клеткасы немесе аналық гамета деп атайды. Екінші гаметаның көлемі кіші, талшықтары арқылы қозғалады, ядросы ірі, цитоплазма мөлшері шамалы болады. Бұл аталық гамета немесе сперматозоид. Тұқымды өсімдіктердің басым көпшілігінде эволюция барысында аталық гаметалары талшықтарын жоғалтқан, қозғалмайды. Олар спермия деп аталады.
Төменгі сатыдағы өсімдіктерде жұмыртқа клеткасы пайда болатын гаметангийлер оогинийлер деп, ал жоғарғы сатыдағыларда архегониялер деп аталады. Аталық гаметангийлер екеуінде де антеридий деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |