Танаудан шыққан ауаны зерттеу. Танаудан шыққан ауаны зерттеу кезінде ауаның еркін күшін және қызуын малдың танау тесігіне алақанның сырт жақ бетін жақындату арқылы анықтайды. Шықкан демнің шірік иісі органикалық заттар ыдырағанда, өкпе гангренасы ( сасық жағымсыз иіс) кезінде пайда болады. Кетозда ацетонның иісі сезіледі. Уремияда аммиактың иісі байқалады.
Тыныш тұрған мал тыныс алған кезде, түрлі шуылдар естілуі мүмкін, ол біраз жүргеннен кейін, бір танауын қолмен жапқаннан кейін байқалады. Мал бөгде заттарды көрген кезде пырылдауы немесе пысқыруы мүмкін.
Патологиялық шуылдарға мыналар жатады: пырыл, стридор, стенотикалық шуыл және ысқырғанға, шытырлағанға ұқсас дыбыстар: танау жолдары, көмей, кеңірдек жөне бронх тарылғанда пайда болады. Дыбысы өзгерген малдарда қырылдаған (мал құтырғанда, көмей қабынғанда), үзіліссіз ыңырсыну тәрізді дыбыстар (сиырлардың нимфоманиясында), дыбыстың жоғалуымен афониясы (көмей салданғанда және ісінгенде, мал құтырғанда білінеді).
Танау қуысының кілегейлі қабығын зерттеу. Алдымен танау тесігіне және ондағы байқалған өзгерістерге назар аудару керек, өйткені терінің ісінуінен, танау сүйектері сынуынан олардың өзгеруі мүмкін. Танау қуысының кілегейлі қабығын зерттеу, жәй қарау тәсілімен немесе танау айнасымен, (Кумсиевтің немесе Дугининнің) көз айнасымен және рефлектордың, риноскоптың, ларингоскоптың көмегімен жүргізіледі.
Танаудың кілегейлі қабығын қарау үшін саусақтардың көмегімен танау тесігін керіп, малдың тұмсығын жарық түсіп тұрған жаққа бұрады (жарық неғұрлым тереңге түсетін болсын). Танау қуысына жарықты жақсы түсіру үшін электр шамдары немесе арнаулы жарықтандырғыштар қолданылады. Жылқының танау қуысының кілегейлі қабығы ірі қара малмен салыстырғанда тереңірек көрінеді, өйткені ірі қара малдың танау қуыстары қысыңқы келеді, сондықтан жарықтандырғыш қолданбаса тек қана танау қуысының жақын бір бөлігі ғана көрінеді. Танау қуысының кілегей қабығын қарау арқылы тексерген кезде оның түсіне, ылғалдылығына, жарақаттарға және басқа өзгерістерге назар аударады. Дені сау жылқы танауының кілегейлі қабығы ылғалды, ашық қызғылт түсті, тегіс емес (бұршақ дәні сияқты) көкшіл тартқан дақтар болады. Ал ірі қара малда ашық-қызғылт. Патологиялық өзгерістерде кілегейлі қабығының түсінің қызаруы (гиперемия немесе гемморрагия), көгеруі (цианоз), бозаруы (анемия), сарғаюы мүмкін. Кілегейлі қабығының ісінуі, яғни беткі жағы айна тәріздес жарқырап тұруы қабынғанда байқалады. Ылғалдылығы бұзылғанда кілегейлі қабығының кеуіп (безгекте) немесе ылғалдылығы жоғарылап кетуі мүмкін. Кілегейлі қабықтың жарақатына мыналар жатады: жырылуы, жара, ойықжара, бөртпе, күлдіреу, жалқыаяқ.
Достарыңызбен бөлісу: |