Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесінің композициялық құрылымына талдау жасаңыз.
«Шұғаның белгісі» - қазақ прозасының шоқтығы биік туындыларының бірі. Бейімбет Майлин – "қазақ әңгіме жанрының атасы" деуге болады.
«Повестегі бас кейіпкер – Шұғаның бейнесі әртүрлі іс-әрекеттің даму барысында айқындалады. Кейіпкер арқылы тағдырына ата-анасын да емес, бауырларын да емес, өзін қоршаған әлеуметті де емес, тек қана ата салтын кінәлап, шарасыздыққа, өлімге барып тірелген қыз тағдырының өкініші, арманы көрсетіледі. Суреткер қайғылы Шұғаға бейтарап қарамайды, оған аяушылық сезім білдіреді. Қиянат көрген, өмірден түңілген қаһарманына жаны ашиды. Ал басқа кейіпкерлерге пайда болған тұсында мінездеме беріп кетеді».
Повесте ең өткір мәселе – әйел теңсіздігі сөз болған. Шығармада бірін бірі сүйген екі жастың – Шұға мен Әбдірахманның арманына жете алмаған трагедиялық халі айтылады.
«Шұғаның белгісі» - қазақ прозасының шоқтығы биік туындыларының бірі. Мұнда кейіпкер образдары біртіндеп, оқиға желісі бойынша, басынан өткен істердің арқасында анықталып, көрініп отырады. Махаббатқа деген адалық, ақылдылық, сезімнің нәзік тұстары қазақ жастарына тән әдеп пен иба салт-дәстүрге сіңіріле отырып баяндалған.Жазушы Шұғаның ажарлығымен қоса мінезінің салмақты, ұстамды, ақылды екенін көрсетеді. Өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді. Әрине, бұл көпке күйе жағу емес. Ал «Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді» деу арқылы Шұғаның зеректігінен, білімпаздығынан хабар береді.
Шығарманың композициялық құрылысы.
VI.1. Шығарманың басталуы. Бейімбет пен жолдасы – Қасымжан ауылдан шығып, келесі бір ауылды бетке алады. Кең даланың табиғатын суреттейді. Қасындағы жолдасының аты малшылардың малға мінетін аты болған соң кейін қалып қоя береді. Жол қысқарсын деген мақсатпен жолдасы Шұғаның белгісі туралы сөз қозғайды.
VI.2. Шығарманың дамуы. Есімбек деген байдың ортан қолдай 4 ұлы, арасында бұраңдап өскен жалғыз қызы – Шұға болады. Шұғаның келбетін суреттейді.
VI.3. Шығарманың байланысы. Есімбектің ауылына Әбдрахман деген Қазақбайдың баласы келеді. Шұға Әбдрахманды көріп ғашық болып қалады. Әбдрахманда Шұғаны сүйеді. Ауылда алтыбақан болып кездеседі.
VI.4. Шығарманың шиеленісі. Айнабай деген ауыл адамы қызы Күлзипаны Әбдрахманға қоспақ ниетте болады. Әбдрахманның әкесі үйінде шөп болмай Айнабайдың үйіне барғанда Айнабай қос қазыны бұзбай асып, бір арба шөпті тегін беріп жібереді.
VI.5. Шығарманың шарықтау шегі. Әбдрахман Күлзипаға қарамай қойған соң, әрі Шұға мен Әбдрахманның махабаты елге мәлім болып, Айнабай «Түріктерге жасырын ақша жинап беріп жүр» деген сылтаумен Әбдрахманды жер аудартып жібереді.
VI.6. Шығарманың шешімі. Содан Шұға құсалықпен ауырады. Шұғаның ауруы жанына батқан әкесі Әбдрахманды алдыртады. Бірақ Әбдрахман жеткенше Шұға қаза болып кетеді. «Шұғаның белгісі» деп отырғаны Шұғаның басына орнатылған тас.