Алпысыншы жылдардағы жаңа ізденістер негізінен деректі өмірбаяндық шығармалардың дүниеге келуімен сабақтас. Халқымыздың көрнекті перзенттері - Шоқан Уалиханов туралы С. Бегалиннің «Бала Шоқан» («Шоқан асулары»), C. Бақбергеновгің Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев жайында «Қайран шешем», «Дина», «Бозторғай» повестері жазылды. Балаларға Ұлы Отан соғысы жайында әңгімелеген Ә. Шәріповтің «Партизан қызы», Қ. Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», «Жас партизандар» секілді туындылары да осы жылдардың жемісі.
Сапарғали Бегалин - қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген жазушылардың бірі. Тіпті жазушыны қазақ балалар прозасының негізін қалаушы алғашқы классик жазушылардың бірі деп атасақ та болады. Жазушының шығармашылық лабораториясына көз сала отырып, оның балаларға арналған шығармашылығын бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа аң аулауды, мергендерді суреттейтін: «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген»деген әңгімелерін атасақ, екінші топтағы:«Будан», «Қозышы Нұрман», «Жылқышы» атты поэмалары мал шаруашылығында жұмыс істейтін еңбекшілерді қиын да қажырлы өмірін паш етеді. Ал табиғатты қорғау, балалардыңжан-жануарларға деген қамқорлығы, қоршаған ортаға деген жақсы көзқарас қалыптастыратын «Жас бұтақ», «Қант бұршақ», «Мектеп бағында», «Хат», «Есеннің кірпісі» деген әңгімелерітағы бір топқа жинақталған. Жазушының көтерген күрделі тақырыбы ұлы отан соғысы жылдарындағы отан қорғаудағы қаһармандық күреске арналған. Бұған автордың «Тағы кездесті», «Машинист», «Жеткіншектер», «Киіксор» атты әңгімелері енеді. Жазушы Бегалиннің тағы бір үлкен тақырыбы жас жеткіншектердің кейбір ұнамсыз мінез-қылықтарын, есірткен еркелердің олпы-солпы ұрыншақ мінездерін әшкере етеді, өмірге икемсіздікті мінейді, соларды түзу жолға, жөнге салуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Бұған автордың «Ойламаған жүріс», «Ұрыншақ»,«Жершіл шымшық», «Бес батыр»,«Сымбатты Сима» әңгімелері жатады.