|
ҚРДСМ «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы» ШЖҚ РМК
Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер кафедрасы
|
044 -39/15-( 15 )
100 беттің -беті
|
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша дәріс комплекстері
|
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ФАРМАЦЕВТИКА
АКАДЕМИЯСЫ
Кафедра: ҚОҒАМДЫҚ ПӘНДЕР
ДӘРІС КОМПЛЕКСТЕРІ
Пәні: «Қазақстан тарихы»
Пән коды: КТ 1101
Мамандықтары: 5В110100 «Мейіргер ісі»
5В110200 «Қоғамдық денсаулық сақтау»
051103 «Фармация»
5ВО74800 «Фармацевтикалық өндірістік технологиясы»
Оқу сағатының (кредиттің) көлемі: 135 (3 кредит)
Курсы: 1
Оқу семестрі: 1,2
Шымкент 2013
Дәріс комплекстері қоғамдық пәндер кафедрасының мәжілісінде бекітілді
Хаттама №_____ «_____»_________2014 ж.
Кафедра меңгерушісі, филос.ғ.к. доцент __________ Қ.Б Кемелбеков
1) Тақырып №1. Кіріспе. Қазақстан аумағындағы тас ғасыры және қола дәуірі.
2) Мақсаты: студенттер жастардың тарихи санасын қалыптастырудағы ҚР тарихының орны мен ролін игеруі тиіс. Сонымен қатар Қазақстан территориясындағы тас және қола ғасырларын ашып көрсету, студенттердің назарын дәуірлердің ерекшеліктеріне бейімдеу.
3) Дәріс тезистері
Тарих – адамзат қоғамының өткенін зерттейтін ғылым. Ол жер бетіндегі барлық халықтардың материалдық және рухани өмірі саласындағы сан ғасырлар бойындағы тәжірибесінің жиынтығы, бүгінге дейін өткен мыңдаған ұрпақтардың кейінге қалдырған мұрасы. Қоғамның әрбір мүшесі ұрпақтар зердесінің, бір сөзбен айтқанда, тарихи зерденің негізінде қалыптасады. Тарихи сана қоғамдық сананың жеке бір бөлігі болып табылады және дүниеге көзқарас жүйесінде маңызды орын алады. Тарихи сананы қалыптастыру жас ұрпақты өз халқының рухани өмірімен етене жақындастыруға, оның мәдениеті мен тарихының бастауларын түсініп өсуіне көмектесуі тиіс.
Қазақ халқының тарихы дүниежүзілік тарихтың маңызды бөлігі болып табылады. Түрік халықтарының қатарына жататын қазақтар саны жағынан олардың ішінде төртінші орын алады, ал территориясы жағынан дүние жүзі халықтарының ішінде алғашқы ондыққа кіреді. Тарихта әртүрлі этнонимдармен белгілі болған қазақтардың арғы ата-бабалары әрқилы қиын-қыстау жолдардан өтті, жат елдік басқыншыларға қарсы өз тәуелсіздігі үшін күрес жүргізді және дүниежүзілік өркениетке өздерінің лайықты үлесін қосты.
Алайда ғасырларға созылған орталық езгі кезеңінде үстемдік етушілер халықтардың бостандығын, жерін, табиғи байлықтарын, мәдени ескерткіштерін тартып алып қана қоймай олардың тарихи зердесін де өшіруге тырысты. Жаулап алынған елдердің халқын өздерінің тарихи дәстүрінде тәрбиелеу отарлық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақ халқының тарихын революцияға дейін де, одан кейін де Ресей тарихшылары жазды және империялық ұлы державалық идеология тұрғысынан түсіндірілді. Өз халқының тарихын шындық тұрғысынан қарастыруға ұмтылған ұлттық тарихшылар жазалауға ұшырап отырды.
Бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымының алдында үлкен де жауапты міндеттер тұр. Көпғасырлық орталық бұғауынан құтылған ол халықтың шындыққа негізделген тарихи санасын қалыптастыруы, жас ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеуі тиіс. Өткенді қайта жаңғыртуға тарихи деректер көмектеседі. Олар мынадай топтарға бөлінеді:
Заттай ескерткіштер (еңбек құралдары, қолөнер бұйымдары, үй тұрмысында қолданылатын бұйымдар, ыдыс-аяқ, киім-кешек, әшекей заттар, металдан жасалған ақшалар, қару-жарақ, тұрғын үйлердің қалдықтары және т.б.). Ежелгі замандардан қалған заттай ескерткіштерді зерттеумен арнайы тарихи ғылым-археология айналысады. Жер қыртысының қабаттарында заттай деректердің бай қорлары сақталған. Олар қазба жұмыстары арқылы бізге жетеді. Археологиялық ескерткіштер әлі жазу болмаған өте ерте дәуірлерді зерттеуде баға жетпес деректер болып табылады.
Этнографиялық ескерткіштер, яғни халқымыздың ежелгі тұрмыс бүгінге дейін жеткен қалдықтары: салт-дәстүрлері, діни сенім-нанымдары. Оларды зерттеумен этнография ғылымы айналысады.
Лингвистикалық ескерткіштер немесе халқымыздың тілінде сақталған тарихи деректер. Географиялық атаулар, жеке адамдардың есімдері, басқа тілден кірген сөздер, ескі тілдердің қалдықтары халқымыздың шығу тегін анықтауда, миграциялық үдеріс пен ежелдегі қоғамдық қатынастарды зерттеуде көп көмегін тигізді.
Фольклорлық материалдар, яғни халқымыздың ауыз әдебиетінің ескерткіштері-әртүрлі аңыз әңгімелер ертегілер, мақал-мәтелдер, тарихи жырлар, шежірелер.
Жазба деректер: тасқа, металлға, сүйекке, керамикаға жазылған ежелгі жазулар мен қағаз бетіне түскен әртүрлі қолжазба және баспа құжаттар. Қазақстан тарихы жөніндегі мәліметтер түрлі тілдерде: көне парсы, көне грек, латын, қытай, көне түрік, араб, парсы және орыс тілдерінде жазып қалдырылған.
Кино-фото-фотоқұжаттар деректердің ең жаңа түрлері болып табылады. Бұлар бізге және келешек ұрпақтарға ХХ ғасырда болып өткен аса ірі тарихи оқиғалардың тынысын, тарихи қайраткерлердің бет-бейнесі мен көрінісін жеткізді.
Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыс.
Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріне жатады. Ежелгі адамдардың тұрақтары табылып, зерттелуде. Археологиялық деректер бойынша Африка, Үндістан, Жұңғо жерлерінде адам мекендеген кезде бүгінгі Қазақстанның оңтүстігінде де адамдар тіршілік еткен. Археологиялық қазбалардың нәтижелері көрсеткендей, оңтүстік өңіріндегі Қаратау жоталары мен Сыр бойындағы Бетпақдаладағы қаптаған аңдардың, қажетті тамақ пен су көздерінің, өзеңдер жағасындағы жақсы орындардың көптігі мұндағы адамдардың күн көруі үшін мейлінше қолайлы болды. Арыстанды, Шаян, Боралдай өзендерінің басынан тас дәуірінің құралдары табылған мекендердің санының өзі қазір отыздан асып отыр. Адамдардың шығуы, оның дамуы мен еңбек қызметінің тарихы жер бетінде бір-біріне ұқсас жүрді. Тас ғасырының палеолит, мезолит, неолит кезеңдеріне байланысты өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсетін археологиялық деректер мен қоныс тұрақтар еліміздің оңтүстік аймақтарынан табылды.
Жер бетіндегі ең алғашқы адам қалдықтары Кениядағы Олдувай шатқалынан табылды. Бұл ежелгі адамды зерттеушілер оның тұрпатына және жанынан табылған тас құралдарға қарап оны «епті адам» деп атады (Homo habilis). Олардың еңбек құралдары, негізінен бір жағы сүйірленіп келген, ал екініші жағы қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін әдейі доғалдандырылған жұмыр тастан болған.
Адамдардың келесі даму кезеңіндегі жандарды ғалымдар «тік жүретін адам» (Homo erectus) деп атады. Олардың ғылымға белгілі өкілдері питекантроп және синантроп.
Адам дамуының келесәі сатысы – неандерталь адамы. Бұл адамды «қазіргі адам» (Homo sapiens) деп атайды.
Қоғамның дамуы баяу жүрді. Өйткені адамдар көп уақытын тамақ іздеумен өткізді. Дегенмен, адамзаттың жетілу құбылыстары да жүріп жатты. Әр ұрпақ өзінен бұрынғылардың тәжірибесіне сүйене отырып, тамақ табу әдістерін жетілдіріп отырды.
Тас ғасыры және оның кезеңдері.
Алғашқы қауымдық құрылыс табылған материалдарына қарай үш кезеңге бөлiнедi. Олар: тас дәуiрi, қола дәуiрi, темiр дәуiрi. Тас дәуiрi үш кезеңге бөлiнедi: палеолит (ерте тас дәуiрi), мезолит (орта тас дәуiрi), неолит (жаңа тас дәуiрi).Палеолиттiң өзi үшке бөлiнедi: ерте палеолит, орта палеолит, кейiнгi палеолит. Палеолит дәуiрiнiң еңбек құралдары алғаш рет Оңтүстiк өңiрде (Жамбыл облысындағы Қаратау қаласының солтүстiк шығысында), Талас ауданы орналасқан жерде Бөрiқазған және Тәңiрқазған деген тұрақтардан табылды. Оны 1958 жылы археолог Х. Алпысбаев зерттедi. Оңтүстiк Қазақстан облысының территориясындағы Қошқорған, Шоқтас, Қозыбай деген тұрақтардан палеолит ескерткiштерi табылды, оны зерттеуде археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Таймағамбетов ерекше үлес қосты. Бұл жерлерден табылған көне тас дәуiрiнiң еңбек құралдары тастан жасалған екi қырлы және бiр қырлы шапқылар, ауыр тас сынықтары, iрi ұра тастар-нуклеустер болып бөлiнедi.
Кейiнгi палеолит б.з.б. 35-30 мыңжылдықтардан б.з.б. 12-10 мыңжылдықтардың аралығын қамтиды. Бұл уақыт жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңiнен тарай қоныстануымен және нәсiлдер мен нәсiлдiк топтардың прогрестiк құрылуымен, рулық қауымның қалыптасу үрдiсiмен, адам ұжымының қоғамдық ұйымдасуының өзiне тән алғашқы нышаны ретiнде рудың шығуымен тiкелей байланысты болды.
Осы кездерде рулық ұйым барлық жерлерде ана тектес және шеше жағынан топтасты, ал әйелдер қауымда үстем жағдайда болды деп топшыланды.
Б.з.д. 12 мыңжылдықтан 5 мыңжылдық аралығын қамтыған орта тас дәуiрi болып саналатын мезолит кезеңiндегi жетiстiк садақ пен жебенiң кең қолданылуы болып табылады. Еңбек құралдарының жетiлдiрiлуi өндiргiш күштердi өркендетiп, қоғамның алға жылжуына жол ашты.
Жаңа тас дәуiрi деп аталатын неолит кезеңi шамамен б.з.д. V-III мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Бұл дәуiрдiң негiзгi жетiстiгi болып жер және мал шаруашылығын игеру болды. Сондай-ақ неолит кезеңiнде басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың шығуы, атап айтқанда кен өндiру, қыш құмыра iсi қоғамның дамуына өз ықпалын тигiзбей қоймайды. Энеолит дәуiрi б.з.д. II-I мыңжылдықтар арлығын қамтиды. Энеолит дәуiрiнде климат ылғалды болды. Сол арқылы iрi сүтқоректiлер санының күрт өсуiне жағдай жасалды. Энеолиттiк кешендер оңтүстiк өңiрлерде неғұрлым көп кездеседi. Оларда мыс құралдарының енгiзiлуi егiншiлер мен малшыларға өндiрiстi дамытуда елеулi табыстарға қол жеткiзуге мүмкiндiк бердi. Қазiргi кезде Қазақстан жерiнде 500-ден аса неолиттiк және энеолиттiк ескерткiштер табылды. Неолит тұра?тары орналасу сипатына қарай 4 түрге бөлiнедi: бұлақ бойындағы, өзен жағасындағы, көл жиегiндегi және үңгiрдегi тұрақтар. Қазақстан жерiнде көбiрек тарағаны бұлақ бойындағы тұрақтар. Неолиттiк тұрақтар: Оңтүстiк Қазақстан облысының Түлкiбас ауданындағы Қараүңгiр тұрағы., Батыс Қазақстандағы Шатпақкөл, Құлсары II –IV, Шаңды ауыл, Қайнар, Жыланқабақ, Сарықамыс, Шаянды т.б.
Адамдардың металл қорыту iсiн меңгеруi қоғамның алға басуына жол ашты. Қола дәуiрiнде егiншiлiкпен бiрге мал шаруашылығы пайда болды. Археологтардың мәлiметi бойынша қола дәуiрiнде мыс, алтын, қалайы, күмiс қорытылып одан әрi түрлi қару-жарақ, зергерлiк бұйымдар жасалды.
Қола дәуірінде Қазақстанды, Орта Азияны және Сібірді тегі бір Андронов мәдениетіне жататын туыс тайпалар мекендеді. Алғашқы ескерткіштердің табылған жері Сібірдің Оңтүстігіндегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосының атына қарай бұл археологиялық мәдениет ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениеті» деп аталады. Андронов мәдениеті үш кезеңге бөлінеді. Ерте қола дәуірі-б,з,д, ХVІІ- ХVІғ.ғ. Орта қола дәуірі ХV –ХІІғ.ғ. кейінгі қола дәуірі-б.з.д. ХІІ-VІІІғ.ғ.
Орталық Қазақстанда Андронов мәдениетінің 180-нен астам ескеркіштері табылған. Нұра ескерткіштері ерте қола дәуіріне, Атасу ескерткіштері орта қола дәуіріне, Беғазы-Дәндібай ескерткіштері кейінгі қола дәуіріне жатады. Қазақстанның солтүстігіндегі Арқайым, батысындағы Тастыбұлақ, Оңтүстік пен Жетісуда Тамғалы.
Қарақұдық, Таутары, Тегіскен және Шығыс Қазақстаннан табылған көптеген ескерткіштер осы қола дәуіріне жатады.
Андронов тайпалары мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысты. Металл қорытуды үйрену үлкен алға басқандық болды Олардың еңбек құралдары мен қару-жарағы негізінен мыс пен қалайының қоспасы-қоладан жасалғандықтан бұл дәуір қола дәуірі деп аталады. Металлургияның негізгі орталықтары Шығыс және Орталық Қазақстанда болды.
Андроновтықтар көкке, күнге және отқа табынды, о дүниелік өмір бар деп сенді. Өлгендерді арнайы молаға жерлеп, олардың қасына ыдыс-аяқ, қару-арақ және тағам қойды.
Андронов мәдениеті. Шаруашылығы, қолөнері және үй кәсіпшілігі.
Археологиялық деректер андроновшылардың басым көпшілігі отырықылық өмір сүргенін көрсетеді. Олардың мекен-жайлары өзен, жылға, көлдердің жағасына орналасқан. Өйткені, мұндай жерлерде шөп қалың шығады, ал топырағы жұмсақ болды. Олар негізінен бидай, қарабидай және тары өсірді.
Егін шаруашылығына қарағанда андроновшылар өмірінде мал шаруашылығы маңызды рөл атқарды. Малдың еті мен сүті тамақ болса, терісі мен жүні киім, сүйегінен әр түрлі заттар жасалып, тезегі от жағуға пайдаланылды. Андроновшылар негізінен қой сиыр және жылқы өсірді. Дамыған қола дәуірінде жылқы тек тамаққа емес, міну үшін де пайдаланылды. Жылқыны көлік ретінде пайдалану даладағы және биік таудағы жайылымдарды игеру мүмкіншілігін молайтты. Қола дәуірінің әуелгі кезеңіндегі елді мекендерден жиналған сүйектер бұл уақытта Қазақстан жеріндегі адамдардың негізгі кәсібі үй маңында мал өсіру болды деуге мүмкіндік береді. Үй маңындағы жайылымдар бірнеше жылдан кейін жарамсыз болып қалған кезде бақташылар малымен бірге жаңа жайылымдарға көшіп отырады. Сөйтіп, үй маңында мал өсіруден бірті-бірте мал үшін жайлауға көшу салты шықты.Көшпелі мен жартылай көшпелі мал шаруашылығына байланысты малдың құрамы өзгерді. Ірі қара азайды, ал қой мен жылқының саны көбейді.
Ыдыстардың көпшілігі таспалық әдіспен жасалған. Сонымен қатар құмыраларды қалыпқа салып пішіндеу әдісі болды (б.з.д. XVII-XVIғғ). Мұндай қалып үшін атың қылынан тоқылған немесе жүн матадан тігілген дорбалар пайдаланылды. Ыдыстардан су ақпас үшін күйдіруден бұрын, көбі сырт жағынан, кейбіреулері іш жағынан қызған кішкене таспен тегістелді. Содан кейін күйдірілетін болды. Қола дәуірінің алғашқы кезеңінде ыдыстардың көпшілігі – бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойыны сыртқа қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар болып келеді. Орта қола дәуірінде мойыны мен бүйірінің арасы жіңішкеріп келген, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Ал қола дәуірінің соңғы кезеңінде ыдыстардың дені дөңгелек пішімді, бүйірі шығыңқы юолып жасалды.Олардың өрнеуіне балшықтан таспа тәрізді және сиырдың емшегіге ұқсас бүршік бұдырлар жапсырылып, әшекейленді.
Қола заманында тоқыма кәсібінің болғанын елді мекендерден табылған тоқыма станогінің ұршық бастары, сүйектен, тастан және балшықтан жасалған шүйке орғыштар дәлелдеп отыр. Киім қойдың жүні мен ешкінің түбюітінен тоқылды. Сонымен қатар олар жабайы қара қурайдан, зығыр және қалақай талшықтарынан иірілген жіптерді де қолданды. Бұлардан шаруашылыққа қажеті арқан, балық аулайтын тор тоқылды. Олар өкшелері жоқ аяқкиім киген. Еркектер мен әйелдер басына жүннен тоқылған немесе теріден тігілген құлақшын киген. Сыртқы киімдері де жүн матадан, көбіне теріден тігілген.
Андроновшылардың қоғамдық құрылысы.
Қола дәуірде тайпа мүшелрі арасынан қолөнершілер, металл құюшылар шыға бастады. Қоғам мал және жер шаруашылығымен айналысатын қауымдар бөлінді. Ер адам еңбегінің маңызы арта түсті. Бұл құбылыс әкелік әулетті (патриархалдық) руды дүниег әкелді.Әкелі әулет бірнеше үлкен отбасыларынан тұрды. Оған ру басының бүкіл ұрпағы кірді. Олар бірге тұрып, ортақ шаруашылық жүргізді. Туысқандық енді әке жағынан қарай бастады. Әр рудың өз жері, өзіне тән аты болды. Рудың бар байлығы – еңбек құралдары, аңшылыққа арналған заттары, үй мүліктері және қолға үйретілген мал ру мүшелеріне ортақ болды. Оларды бірлесе пайдаланды. Ұжымдық еңбектің өнімі теңдей бөлінді. Барлық істі халық жиналысы шешіп отырды. Жиналы ру басшыларын сайлап, орнынан босатты және салт-дәстүрлерінің қатаң сақталуын қадағалады.
Еңбек құралдарының жетідірілуі шаруашылықтың дамуына әкеп соқты. Енді жеке отбасы өзн-өзі асырайтын халге жетті. Адам еңбегі өнімдірек бола бастады. Артық қор құралды. Біреулер байып, басқа біреулердің еңбегін пайдалануға мәжбүрлік туды. Рулық ұжымдық меншіктің орнына жеке меншік келді. Бұл мүлік теңсіздігінің шығуына алып келді.
Қола дәуірдегі дін және өнер.
Қола дәуірінің адамы өздерінің жануарлар және өсімдік әлемінен өзгешелігін саналы түрде түсіне бастады. Андроновшылардың арасында өлгендерге табыну ғұрпы ерекше болды. Қайтыс болған туыстарының жаны мәңгі жасайтындығына о дүниенің бар екендігіне сенген адамдар қоғамның салт-дәстүрлерін барынша сақтай отырып, қайтыс болған руластарын жерлеу ғұрпын күрделі де салтанатты түрде өткізді.
Жерленген адроновтық адамдардың басы батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылған. Мәйітті қабірге қол-аяғын бүгіп, ана құрсағындағы сәби қалпында жатқыл\зу үшін жіппен байлайды.
Көптеген салт-дәстүрлер андроновшылардың күнделікті тіршілігін құдайларға, ата-баба әруақтарына деген сеніммен толықтырып отырды. Сонымен қатар оларда ошақ қатты құрметтелді. Ол отбасы үшін қасиетті орын болып саналды. Ошақтың бұзылуы ең масқара іс болып есептелді.Ошақтың күлін желге шашуға болмайтын еді. Сондықтан үй жанынан күл төгетін арнайы орындар жасалды.
Өнердің дамуына діннің көп ықпалы болды. Қола дәуірінің тасқа салынған суреттері таңғаларлық аса бір ерекше құбылыс. Ежелгі адамдар күнге күйген жылтыр тау жартастарына қаты тас сынығымен жануарларды, адамдарды, арбаларды, соғыс көріністерін қашап салды. Бұл адамзатың рухани мәдениетін, оның дүние танымын білдіретін аса маңызды деректер жиынтығы болып саналады. Қазақстан тасқа салынған суреттердің (петроглифтердің) саны мен әр алуандығы жағынан бай өлке болып табылады. Осындай суреттер көп табылған Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау, Маймақ, Тарбағатай, Бөкентау сияқты жерлер археологтар арқылы зерттеліп, дүниежүзілік мәдениетің қорына қосылды. Жабайы бұқа бейнесі андроновшылардың тасқа қашап салған суреттерінде жиі кезедседі. Қазақстан жартастарына салынған суреттердегі бұқалардың мүйізі қайқы, шоқтығы биік, мығым денелі болып келеді. Тасқа қашау өнеріндегі көп кезедсетін суретердің бірі қос өркешті түйе бейнесі. Сондай-ақ ұрыс алаңдарын, шоқпармен, балтамен, садақпен қаруланған жаяу әскерлердің шайқасын бейнелеу көп кездеседі.
Андроновшылардың сәндік бұйымдарының ішінде жиі кездесетіні – екі жағы бірігіп келген сақина тәріздес дөңгелек сырғалар
4) Иллюстрациялы материалдар: презентация, карта
5) Әдебиеттер:
Қазақстан тарихы. А. Т. І. 1996ж.
Қазақстан тарихы. Очерктер. А. 1993ж.
Қазақстан көне тарихы. А. 1993ж.
Қазақстан қысқаша тарихы. А. 1994ж.
Х. Маданов Ч. Мусин. Ұлы дала тарихы. А. 1991ж.
Қаражан Қ.С. Қазақстан тарихы. А., 2011
6) Қорытынды сұрақтары:
1. Қазақстан тарихын оқытудағы негізгі мақсаттар мен міндеттерді атаңыз?
2. Қазақстан тарихын зерттеуде археология қандай роль атқарады?
3. Алғашқы адамдардың дамуының негізгі сатыларын көрсетіңіз?
4. Ежелгі Қазақстанның табиғатын қазіргімен салыстырыңыз?
5. «Өндірістік еңбек» ұғымын түсіндіріңіз?
6. Тас дәуірінің негізгі тұрақтарын көрсетіңіз?
7. Кейінгі палеолитте адамдарда еңбек құралдарының қандай түрлері пайда болды?
8. Мезолит кезеңінде табиғаттың өзгеруі адам өміріне қандай өзгерістер енгізді?
9. Қазақстан тарихында ежелгі кезең қалай сипатталады?
10. Андроновшыларда шаруашылықтың аралас түрі болғандығын дәлелдеңі?
1) Тақырып №2. Ерте және дамыған ортағасырлық мемлекеттер (VI-ХІІІғғ. басы)
2) Мақсаты: Қазақстан территориясындағы тайпалық одақтар мен ерте мемлекеттерге сипаттама беру және ашып көрсету, сақ-сармат дәуірінің ерекшеліктеріне студенттердің назарын аудару.
3) Дәріс тезистері
Сақ тайпалары б.з.д. ҮІІ-ІҮ ғасырларда қазіргі Қазақстан территориясында мекендеген. Сақ тайпалары бізге жеткен деректер бойынша үш топқа бөлінді Парадарий сақтары Қара теңіздің солтүстігінде, Амудария Сырдарияның төменгі ағысында, Арал теңізі жағаларында шашыраңқы жағдайда өмір сүрген. Тиграхауда сақтары Сырдарияның орта ағысында және Тянь-Шань аудандарында мекендеген. Хаомаварға сақтары Мұрғаб өңірінде орналасқан сақтар непзшен мал шаруашылығымен ішінара егін шаруашылығымен айналысты.
Сақ деген сөз парсы “ержүрек” деген мағына білдіреді. Сақтарды грек авторларының шығармаларнда скифтер деп атаған Скиф деген сөз барлық көшпенділерге ортақ ат.
Сақ тайпаларында бейнелеу өнерінің «аңдық стил» ерекше дамыды. Сонымен қатар аң стилінде бейнелеген суреттер сақ тайпаларының дүниетанымы мен мифалогиялық түсініктерінен хабар береді.
Ассирия, Индия мемлекетiнiң патшалары сақтарға қарсы үнемi шабуыл жасап, бiрде жеңiп, бiрде жеңiлiп отырған. Сақтар парсылармен соғысып Грецияға дейiн жеткен. Ассирия, Индия мемлекеттерiн жаулап алған Александр Македонскийдiң Шығыс?а қарай шабуылын тойтарған. Сақ тайпасының оның iшiнде көсемдерiнiң қорғандары, Талас, Шу, lле өзендерiнiң бойында Алатау бойында кездеседi. Алматыдан шығыс?а қарай 50 шақырым жерде орналасқан Есiк обасынан табылған ''Алтын адам'' ескерткiшi сақтардың өмiрiнен мол мағлұмат бередi. Қорғанның диаметрi 60м, биiктiгi 6 метр. Қорғанға екi адам көмiлген. Оның ортадағысы ерте тоналған, жанындағысы аман қалған. Қорғаннан әр түрлi алтын бұйымдар, ыдыс-аяқ, күмiс қасық, 26 әрiптен құралған жазу бар кiшкене кесе, өлген адамның қолында алтынмен күптелген садақ ұшы, алтын оқ, қамшы т.б. көптеген дүние мүлiктер табылған. Сақ тайпалары металл өндiрген. Оның iшiнде қола, алтын қорыту кәсiбiмен шұғылданған.
Сақ тайпаларында бейнелеу өнерiнiң аңдық стилi ерекше дамыды. Аң стилiнде қой, түйе, жолбарыс, барыс, қыран т.б. аңдардың бейнесi сомдалып жасалды. Сонымен қатар аң стилiнде бейнеленген суреттер сақ тайпаларының дүниетанымы мен мифологиялы? түсiнiктерiнен хабар бередi. Сақтар мифологиясында сәйгүлiк ат күнмен, отпен байланысты болған. Сақ тайпаларының мәдениетi сол кездегi көшпелiлердiң идеологиялық көз?арасын да көрсете бiлдi. Сақтар арсында зергерлiк өнер мейлiнше жетiлдiрiлген. Зергер шеберлер алтын, к?мiстi балқытып әртүрлi бұйымдар жасай бiлген. Есiк обасынан табылған бұйымдар сақтардың зергерлiк өнерiнiң жоғары деңгейде болғандығын әлемге паш етедi. Археологтар зерттеулерi Қазақстанның әртүрлi аймақтарынан сақтардың байырғы мәдениетiн ашуға мүмкiндiк жасады. Б.з.д. VII-III ғғ. Орталық Қазақстан жерiнде Тасмола мәдениетi қалыптасқан. Мұны зерттегендер Ә. Марғұлан мен М.Қ. Қадырбаев болатын. Шығыс Қазақстан сақ тайпаларының мәдениетi үш кезеңдi басынан өткiзген: Мәйемир кезеңi(б.з.д VII-VI), Берел кезеңi (б.з.дV-IV) және де Қүлажүргiн кезеңi (б.з.д. III-I). Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстанда сақтардың тиграхауда тайпалары мен массагеттер өмiр сүрген.
Үйсін мен қаңлы мемлекеттерінің саяси тарихы мен мәдениеті.
Үйсіндер б.з.д. ІІ ғасырда Жетісуды мекенді және сақтардың мұрагерлері болды. Астанасы Чигучен (қызылалқал қаласы Ыстықкөлдің жағасына орналасты. Мемлекет билеушісі «гуньмо» (Күн бегі) деп аталады. Үйсіндердің билеушілерінің қытай ханшаларына үйленуі бұл мемлекеттің қуатты болғандығын дәлелдейді. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Ежелгі қытай деректерінде үйсіндер тарихынан мәліметтер мол. Олар біздің заманымыздың V ғасырына дейінгі кезеңді қамтиды.
Шудағы үйсіндердің баспанасы қам кірпіштен соғылды. Кеген үйсіндердің үйлері тастан жасалған төрт бөлмелі және мал қамайтын бірнеше бастырмалы болды. Бір ауылда бес-алты үйден болды. Ауыл маңында ру қорымы болды. Оларда жерлдеудің жаңа түрі болды: қабір шұңқырының бүйірінен үңгіп қуыс қазылды. Мәйіттің басын батысқа бұрып шалқасынан осы қуысқа жатқызды. Өлген кісінің қасына тамақ, оның жеке заттарын: қару-жарақ, бағалы мүліктер, сәндік бұйымдар қойды.
Мал шаруашылығы үйсіндердің өмірінде маңызды рөл атқарды. Қыстау мен жазғы жайылымының ара қашықтығы ұзақ емес – 30-100 шақырым аралығында болды. Сондықтан да үйсіндер қыстау мен жайлауда, сонымен қатар тау бөктеріндегі жайылымдарында ұзақ уақыт отыра алатын. Ол жерде тұрақты баспана салды, егін, бақша екті. Елдің көп бөлігі жайлауға шығып кеткенде, қалған тұрғындар егінді күтіп, оны күзде жинап алатын.
Қытай деректеріндегі Чжан Цяннің хабары бойынша қаңлы тайпалары халқының жалпы саны-600 мың, жауынгер жасақтарының саны-120 мың адам. Орталығы Сырдария өзенінің бойында орналасқан Битән қаласы. Қытай деректеріне қарағанда, қаңлы тайпаларының иелігінде Сусе, Фуму, Юени, Ги, Югень деп аталатын 5 аймақ болған. Бұл жерлерді қазіргі кезеңдегі аудандармен салыстырып қарайтын болсақ: Югень-Хорезм; Ги-Сырдарияның сағасы; Фуму-Жаңақорғанның солтүстік батысынан Қазалыға дейін; Сусе-Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің аңғары, Қаратау беткейі; Юени-Ташкент аймағы.
Қазақстан және Орта Азия жерінде қаңлы тайпаларының ескерткіштеріне жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, олардың қалдырған материалдары шартты түрде 3 мәдениетке бөлінеді. 1. Қауыншы. 2. Жетіасар. 3. Отырар-Қаратау мәдениеті.
Бірінші-Қауыншы мәдениеті, Ташкент маңындағы кенттерден табылған заттармен байланысты, оның бірі Қауыншы қаласының атымен аталған. Бұл мәдениеттің тарихи тұрғындарының өмір сүрген кезеңдері б.з.б. 3-ғасырмен б.з. 1-ғасыр арасы. Қазақстан ғалымдары бұл мәдениетке Ташкент аймағына жақын орналасқан Шардара су қоймасының жеріндегі ескерткіштерді де жатқызады. Олар Ақтөбе 1, Шаушықұм қалашықтарының орындары. Бұлардан керамикалық ыдыс-аяқтар, егіншілік кәсібіне және мал шаруашылыған қажет құрал-жабдықтар мен қару-жарақтар табылған.
Екінші-Жетіасар мәдениетіне Сырдарияның төменгі ағысындағы және Арал бойындағы қаңлы тайпаларының тарихи ескерткіштері жатады. Бұлардың қатарына-Алтынсар, Томпақасар, Бидайықасар, Үңгірліасар, Жетісар қалашықтары кіреді. Мұндағы табылған заттар б.з. 1 мың жылдығының алғашқы жартысында өмір сүрген қаңлы тайпаларының тарихы туралы мәлімет береді.
Үшінші – Отырар-Қаратау мәдениетіне Сырдарияның орталық ағысы, Отырар аймағы мен Қаратаудың солтүстік және күнгей бетіндегі ескерткіштер жатады. Жазба деректер бұл жерлердегі қаңлы тайпаларының негізгі өсіп-өнген, этникалық ата-мекені болғанын көрсетеді.
Ғұн мемлекеті және оның Евразия аумағындағы алатын ролі.
Б.з.д. IV-III ғасырларда Қазiргi Моңғолия мемлекетiнiң территориясында, Қытайдың батысында және Оңтүстiк Сiбiр жерлерiнде көшпелi ғұн тайпаларының күштi саяси бiрлестiктерi қалыптасты.
Ішкi қайшылықтардан ғұндар солтүстiк және оңтүстiк болып екiге бөлiндi. Солтүстiк бөлiгi Қытай империясының қол астына өтiп, оңтүстiк бөлiгi тәуелсiздiгiн сақтап қалды. Ғұндардың екiншi қоныс аударуы б.з.д.93 жылы басталды. Олар жолдарындағы тайпалардың бiрiн өздерiне ертiп, ендi бiреулерiн тiзеге салып батысқа қарай жөңкiдi. Олар Сырдария Арал маңайына Орталық және Батыс Қазақстанға сыналай кiрдi. Алайда Ғұндар бұл жерлерде бiржолата тұрақтап қалған жоқ.. Олар орыстардың далалы аймақтарын басып өтiп, Дунай арқылы Батыс Европаға дейiн жеттi. Сонымен б.з.д. ІІ ғасырдан бастаған ғұн тайпаларының шығыстан батысқа қарай жылжуы бiздiң заманымыздың ІУ ғасырына дейiн созылған.
Ғұндардың жоғары билеушiсi шаньюй деп аталды. Егер патриархтық-рулық құрылыстың кезiнде шаньюйдi ру ақсақалдары сайлайтын болса, ал патриархтық-феодалдық жаңа қатынастың дамуына байланысты Шаньюйлiк ендiгi жерде мұрагерлiкке көштi. Шаньюй өлсе оның орнына iнiсi не үлкен баласы билiктi өз қолына алатын болды.
Ғұндардың экстенсивтi мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Олардың отырықшылары егiн шаруашылығымен айналысты. Сонымен қатар аң шаруашылығымен де шұғылданды. Деректемелерге қарағанда ғұндар 24 руға бөлiнген, оларды ру басылары, ақсақалдар басқарған. Рулық құрылыстың ақсақалдар кеңесi және халық жиналысы сияқты институттары сақталды. Халық жиналыстарында ру басылары мемлекеттiк iстердi талқылап шешiп, құрбан шалып, ол ойын сауыққа айналып ат, түйе жарыстарын тамашалайтын болған. Ғұндар соғыста тұтқынға түскендердi құл етiп жұмсады. Ал, ел iшiндiгi тұрмысы төмен адамдар үй қызметтерiнде, бақташылық, жер шаруашылық және қолөнер салаларында жұмыстар атқарды.
Ғұндар киіз үйлерде тұрды. Киіз үй еденінен текемет, кілем төселді. Төсек ағаштан жасалып, киізбен қапталды.
Сарматтар.
Сарматтар тайпалар одағы Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген. «Сармат» деген атау көне деректерде б.з.д. ІІІ ғасырдан белгілі. Сол уақыттан бастап сарматтар скифтер еліне кіре бастайды. Сармат тайпалар одағының бірі роксаландар б.з.д. Іғ. Сонау мидия шекараларына дейін жетсе, кейін олардың осы ізін Арал теңізінің солтүстігін жайлаған аландар да басып өткен. Сарматтар жаулап алған елдердің саяси өміріне өз ықпалын жүргізіп отырған. Ғұндар батыс Қазақстанды мекендей бастаған тұста сарматтар олармен біте қайнасып, бірігеді. Сарматтар иран тілді ел болған. Ғұндардың келуімен олар түркіленіп, түркі тілінің ықпалына біржола көшкен.
Хронологиялық тұрғыдан сарматтар мәдениеті үш кезеңге бөлінеді:
ертеректегі сарматтар – прохор мәдениеті
ортаңғы сарматтар – суслов мәдениеті
кейінгі сарматтар мәдениеті.
Басқа тайпалар сияқты сарматтар да көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Жылқы мен қой малы басым болды.
Археологиялық маңызды және бай сарматтардың жерлеу орындары Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында табылып, зерттелді. Ғалымдардың айтуынша бұл мола біздің дәуіріміздің ІІ-ІУ ғасырларына, яғни сармат мәдениетінің соңғы кезеңіне жатады.
Сармат тайпалары Еуразияның саяси-экономикалық және мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған одақтар мен мемлекеттер құрамына кірді.
Достарыңызбен бөлісу: |