«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет4/13
Дата25.12.2016
өлшемі3,2 Mb.
#4856
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Мешітбай Сүгірұлы
Бисмиллаһир рахманир рахим «Мың өліп, мың тірілген» қазағымның маңдайына біткен біртуар, даңқты перзенттері аз болмаған. Ел басына күн туып, ар мен намыс, елдік пен ерлік, азаматтық пен мәрттік, кісілік пен адамшылық сынға түскен сәтте суырыла шығып қол бастап, белсене шығып, сөз саптап, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, күндіз-түні бел шешпей, тебінгіден қан кеше жүріп, қара қазан, сары баланың қамы үшін елін, жерін басқыншы жаудан қорғап, сақтап қалуға саналы ғұмырын арнаған бірегей тұлға, айтулы ер – Мешітбай Сүгірұлы 1660 жылы дүниеге келген. Мешітбайдың әкесі Сүгір, атасы Шора да дәулетіне кісілігі сай, халық арасында беделді, құрмет иесі адамдар болған. Бізге жеткен деректерге қарағанда Мешітбайдың ат жалын тартып мінгеннен өз замандастары Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер санатында, қазақ елін сыртқы жаудан қорғап, ел тұтастығының, береке-бірлік, ынтымағының нығаюына күш-жігерін, ақыл-парасатын, мал дәулетін аянбай жұмсаған ержүрек батыр, қабырғалы би, уәлі ауыз, батагөй абыз болғаны байқалады. Әсіресе, Мешітбайдың даңқын асырып, есімін аңызға айналдырған тосын оқиға – 1710 жылы Қаракерей Қабанбай батыр қосынында жауға аттанып, бағын сынағалы тұрған жас өрен Шақшақ Жәнібекке бата беріп, ақ жол тілеуі еді. Сол ұрыста жас жолбарыс Жәнібек ерен ерлігімен көзге түсіп, қалмақтың бас батырын жекпе-жекте өлтіріп, қанжығасына басын байлап, әруағы басым, мерейі үстем болып жеңіспен оралады.

Міне, осы оқиғадан бастау алған екі арыстың арасындағы туыстық, сыйластық, татулық, жанашырлық олар дүние салғанға дейін жалғасып, кейінгі ұрпақтары арасында да осынау үрдіс ұзақ жылдарға шеру тартады. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған. Небір қиын-қыстау сұрапыл ұрыстарда екеуінің жұбы жазылмаған. Мешітбай Шақшақ Жәнібектің рухани дем берушісі, батагөй, сәуегейі болған, Һәм қолы ашық, жомарт, сақилығымен Жәнібек батырдың жасағын сойыстық мал, мінер ат, тағы басқа қажетті жабдығымен қамтамасыз етіп, атадан қалған иен дәулетін осынау игілікті жолға сарп етеді.

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған қасіретті жылдарда Шақшақ Жәнібектің қасында үзеңгілес, жорықтас батырлар – Қарабалуан, Құдайберлі Сүгір, соғыс қаруын соғатын ұстасы, пері дүкенін иеленген Қалмамбет екі бірдей інісі – Құлан, Досанмен, ақыл қосар биі, һәм батагөйі Мешітбай да болыпты. Сол сапарда Досан батыр Жәнібектің жорықта жүргенде мәжіліс құратын қара қосын Қаратаудан Арқаға дейін жаяу арқалап келіпті.

Сайыпқыран Жәнібек Досан батырдың еңбегін бағалаған болу керек, ел қонысқа, жер бөліске келгенде ойы – балық, қыры – киік, қара қазан қаспағынан арылмайтын, қара бала шұбырып қаңғымайтын, жері шұрайлы нулы да сулы Қара Науырзымды Досанға беріп, қандыкөйлек жолдасы Қарабалуанды Обаған бойына қоныстандырып, өзі Торғай-Тосынды иемденіпті. Жәнібектей ел қамқорының мейірім етуімен Мешітбай, Досандай ел қорғаны кемеңгерлердің тер төгуімен Сүгір атты байтақ ел Қара Науырзымға қоныс теуіп, өсіп-өніп, мың жарым үй шаңыраққа жетіп, береке бірлігімен, бауырмалды кеңпейілімен, қонақжай меймандостығымен көп аузына ілігіп, ел құрметіне бөленеді.

Дамылсыз жорықтан, үдере көшуден әбден ығыр болған ел құт мекенде ес жиып, мамыражай тірлікке көшеді. Бұл кез Мешітбайдың ұлғайып қалған шағы екен. Осы қоныста 97-ге қараған шағында, 1757 жылы дүние салады. Дүниеден өтер алдында ел-жұртымен, ұрпақ-өрендерімен қоштасып, ақтық өсиетін айтады. Дүние салысымен ақ жуып арулап, былғарыға тігіп, қарағайдың басына сақтауын, қар кетіп, күн жылығасын, күз болып жылқыға жал, түйеге қом біткенде, былғарыны сөгіп, мәйітін қарауын, егер ақыретінде тырнақтай дақ болса сол жерге жерлеуін, бірақ тәнінің азбайтындығын айтқан. Сондай жағдайда Түркістандағы Әзірет-Сұлтан кеснесіне жеткізулерін өтінеді. Аталмыш уақытта ел жиылып, мәйіттің бұзылмағандығын көргесін, баласы Қосназар бас болып, қырық шақты адам жүз жылқымен аза тұтып, баба мәйітін Түркістанға апарып, жерлеп қайтысады. Бабаның ғазиз тәніне бірнеше ай тұрақ болған сөре қарағай әлі күнге міні құрымастан сақталған. Оған тез арада ескерткіш белгі қою – баба ұрпақтарының зор міндеті екендігін еске салғым келеді.

Әке алғысын алған Қосназар, оның кейінгі ұрпақтары да ел ілтипатына бөленіп, Мешітбайдың батагөйлік үрдісі Қосназарға көшеді. Дүйім жұрттың Қосназар әулетін батагөйге балап, Мешітбайдың көзіндей көріп, қастерленгендігін төменгі жайттан аңғаруға болады. Шақшақ Жәнібектің Дәуітбайынан туған Мұсаның Шегенін қазақ «Ойда – Шеген, қырда – Беген тұрғанда, қазақты жау ала ма?» – деп айрықша қадірлеп, дәріптеген. Шеген балалары Қазыбек пен Бірімжанға енші бергенде Арғын, Қыпшақтың небір аузымен құс тістеген жақсы-жайсаңын місе тұтпай, Мешітбайдың Қосназарының ұрпағы Қуандықтың Жаманкөзіне көңілі ауады. Құдай сәтін салып, Жаманкөз дәм айдап, ауылына келе қалғанда құдай жолына атаған боз қасқасын шалдырып, екі қорғасын алдырып, игі жақсылардың алдында Жаманкөзден бата тілейді. Жаманкөздің түр-тұлғасына, кісілігіне көңілі толмай тәкапарлықпен қолын самарқау жайған Қазыбекке «Қазижан-ай, сенің ақырың, сірә да оңбас» деп кейістік білдіреді. Жаманкөз бата бергенде қолын шапанының етегімен қоса жайып, айрықша ілтипат көрсеткен Бірімжанға «Бектік те, байлық та бір өзіңде қалды-ау, ағаңа обал жасадың-ау» деп көрегендікпен Бірімжан әулетінен бар қазаққа мерей болғалы тұрған небір жақсы мен жайсаңның қаулап шыққалы тұрғанын дөп басып, дәл таныған Шеген бидің ұлығатына қалай таңданбассың?



Өз заманының теңдессіз ұлы перзенті, уәлі ауыз, батагөй, сәуегей абыз болуымен бірге Мешітбай елдің ырысы, құты да болған киелі адам. Бұл жайында бабаның көзі тірі ұрпағы, 95-ке келсе де сөйлеп кетсе, көне әңгіменің кебесін сөгетін, тірі тарих, абыз қартымыз Нұрсейітұлы Ғабдысәбит қария «Е, шырағым-ай, киіз туырлықты қазақтың айтыспай, тартыспай, дау-дамайсыз жүретін күні бар ма? Кешегі ер Жәнекемнің тұсында Қыпшақ пенен Арғынның арасында бір дау туындап, оның арты шырғалаңға айналғасын, екі жақтың сөз ұстаған билері мәмілеге келу үшін Жәнібек батыр алдында маңайласады. Жайсаңдар жиылып болса да Жәнібек батыр «Күтіп отырған адамым бар» деп мәжілісті бастатпай қойыпты. Жәнібектей ел тұтқасының қателеспейтінін біліп «Бұл кім болды екен?» деп жұрт дал болысады. Сол мезет күттірген Мешітбай атамыз да жетіп, Жәнібек өзі бас болып қарсы алып, ақ киізге салып, өзі де бір шетінен ұстап, ақ ордаға алып жүрген екен. Қыпшақтың төбе биі Ізбасты деген кісі «Бұл кім болды екен? Жай-жапсарын ұғып кел» деп сыншысын жұмсапты. Сыншысы «Жәнібек бағаласа, бағалағандай, елдің құты, маңдайындағы ырысы екен» деп келіпті. Сонда Ізбасты би:

Олай болса, ертең мәжіліс басталысымен сол құт адамның жанына барып жайғас. Мәжіліс қызып, жұрт сусар. Сол уақытта қымыз келер. Мешітбай қолындағы аяғын «Бұйырыңыз» деп саған ұсынар. Сол мезетте аяқты ал да «Құрайт, Құрайт» деп үстіңе төңкере сал, деп кеңес береді.



Ақыры айтқанындай, қымыз дастарханы жайылады. Мешітбай атамыз ақкөңіл, аңғал адам болса керек. Осылай боларын алдын ала болжап білген Жәнібек батырдың «Аяғыңды ешкімге ұсынба» деген ескертпесін дереу ұмытып, қолындағы аяғын «Бұйырыңыз» деп ұсынғанда жанында отырған сыншы ілезде аяқты ала салып, төбе бидің айтқанындай үстіне ақтара салады. Сонда Жәнібек батыр:

– Қап, бекер болды-ау. Жылқыдан айрылдық қой, – деп бармағын шайнап, өкінген екен. Сүйтіп, Арғынның жылқысы Қыпшаққа ауып, қазақтың бата бергенде:

Алтайда Аққошқардай айбатты бол,

Шақшақта Жәнібектей сәулетті бол.

Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол,

Қыпшақта Кенебайдай биелі бол.

Төмен Шекті Балуандай киелі бол, – деуінің осындай сыры бар екен.

Осы тұста басы ашық бір ақиқатты айтпасқа болмайтын сияқты. Атақты Абылайды үш жүздің баласы ақ киізге көтеріп, хан сайлағанда Қарауыл Қанай би бастаған 90 адаммен Абылай Шақшақ Жәнібектен келіп бата алғандығын қазақ тарихының білгірі, оқымысты, ғұлама Мәшһүр Жүсіп растайды. Сән-салтанаты, сыр-сымбаты келіскен, қаһарлы Абылайдай ұлы ханның өзі бас иіп құрметтеген. Қарадан шыққан хан, белгілі бекзат, аруақты хас батыр Жәнібектің Мешітбайдай абыздан бата алуы, «Ұста да ұстазсыз болмайды» деген қағиданы берік ұстанып, өмір бойы Мешітбайды қадірлеп қастерлеуі, сондай-ақ кейінгі ұрпаққа Мешітбайдың батырлығы, шешендігі, көсемдігімен танылмай Жәнібектің батагөйі деген атпен аян болып, бар қазақтың жүрегіне жол табуы, дүние салғаннан кейін де рухтары тоғысып, Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде қатар жатуы көп жайттардан хабардар қылса керек-ті.



Бұл кесененің Жәнібөк, Қаз дауысты Қазыбек, Қарабалуан, Мешітбай сынды ел ардақтылары жатқан бөлігі ежелден Арғынның Ақсарайы деп аталады. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп: «Арғын Бұхарада Ғабдолла ханмен тізерлесіп жүрген жан. Ғабдолла оны ақыл баба дейді екен. Сол Ғабдолла хан Әзіреттің жанынан бір күмбез жасатқан. Сонда Арғын көп дүниені Әзірет Сұлтанға нәзір қылып, күн шығысынан екі бөлек үйдің ішін Ғабдолла ханның жарлығы бойынша, сол заманның қазы сопыларының мөрін бастырып, өзіне арнап сыбаға қылып алыпты. Және ұрпақтарыма отау болсын депті. Сол күннен бері қарай Арғынның ұрпағынан қадірлі би, қадірлі байлардың сүйегін жүз жылқымен Әзіреттің күмбезіне қоятын болған деп келе Арғын атадан қойылған бірқыдыру тарихи тұлғалардың атын атап өтеді.

Мешітбай атаның ұрпақтары мейлінше өсіп-өніп, көшелі елге айналған. Мешітбайдың Ерназар, Байназар, Қосназар, Сейітқұл атты ұлдарынан тараған төрт рулы ел бұл күнде 450 шаңырақты құрайды. Баба әулетінен елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмей, біртұтас болуын көксеген Тоқсан, Досмағамбет, Әжібайдай ел баққан би, болыстар, Алдаберген, Үркімбай, Ақболат, Тоқсан, Есмағамбет, Есенғали, Бірке, Хам­за сынды құдай жолына мал бұлаған қажылар, маңайындағы жарлы-жақыбайға қарасып, жаяуға ат, сусағанға сусын берген, сабасына құт дарыған Саңырық, Астаубайдай ақпейіл байлар, өле-өлгенше мешіт ұстаған. Елге имандылық жол көрсеткен Бекмағамбеттей имамдар Түркістанға жыл сайын барған.

Сонымен, алдымыздағы алаш ұранды қазақ баласының мерейін тасытар ұлы мереке Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы қарсаңында баба рухына тағзым жасап, қариялардан естіген, білгенімді көп назарына ұсынып отырмын.

Ошақбай Аққойұлы


Бабаға тағзым

(Түркістанға Әулие Мешітбай Сүгірұлының басына бару

сапарынан жолжазба)
2001 жылдың шілде айының 18-і, сәрсенбі күні Қостанай облысының Бас имамы Ертай қажы Исламұлының бастауымен Ер Түріктің бесігі қасиетті Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде мәңгілікке тыныстап жатқан қасиетті бабамыз Мешітбай Сүгірұлының рухына құран оқытып зиярат ету мақсатымен құрамында Науырзым аудандық мешітінің Бас има­мы Кәкімбек Бектемісұлы, баба ұрпақтары – Хамза қажы, Махмет Қисықұлы, Аққойлы Жұмабек, Әмірғалиұлы Ғабдолла, Диханұлы Сапаш сынды азаматтар бар зияратшылар Аллаға сыйынып сапарға шықтық.

Поезда бір түнеп, шілде айының 19-ы, бейсенбі күні таңға жуық Астанаға келіп түстік. Біздер поездан түсе бергенде Аллатағаланың нұры нөсерлеп құйып, біздерді ерекше қуантты. Иншала, сапарымыз сәтті болады екен деп іштей шүкіршілік еттік. Біздерді Астанадан Хам­за қажының баласы Сапар қарсы алды. Теміржол вокзалында таң намазын оқып, бірер сағат тынығып, таңертеңгі сағат 9.50-де Астана-Түркістан поезына жайғастық. Келесі жұма күні (20.07.2001) Шымкент қаласына келіп түстік. Бізді Сапардың жолдасы руы Қоңырат Өмірзақ есімді азамат нөкерлерімен құшақ жая қарсы алып, үйінен қонағасы беріп, ықылас көрсетті. Азаматтың кісілігіне, меймандостығына, кішіпейілдігіне риза болысып, батамызды бердік. Күн жұма болғандықтан, Шымкенттің Абдул-Хамит Хаттани атындағы орталық мешітінен жұма намазын оқыдық. Жұма уағызын белгілі ғұлама Абдолла қажы жолдас сөйлеп, имамдыққа Шымкент облысы­ның Бас имамы Әміреев Эли Хайдар қажы өткендігін айтты. Намаздан шыққасын сәл-пәл тыныстап, сусын ішіп, Аллаға сыйынып Өмірзақтың біздерге бөлдірген жеңіл автокөлігімен Сайрамды бетке алып жүріп кеттік. Жүргізушіміз біздің бағымызға орай қарапайым да елгезек Жүнісәлі дейтін жігіт екен. Өзі жергілікті болғандықтан ба тез арада Сайрамға келіп Ибраһим атаға (Қожа Ахмет Иасауидың әкесі) Қожа Ахметтің бабасына, анасы Қарашаш анаға құрын оқып, зиярат еттік. Аллаһ қабыл еткей, Әмин!

Ендігі бет алысымыз – Арыстанбаб. Арыстанбаб – Пайғамбарымыз Мұхаммед ғаллейһиссаламның сахабасы, Қожа Ахметтің ұстазы, сондықтан да зиярат етуді мақсат еткен адам әуелі Арыстанбабқа тәу етіп, сол арада түнеуге міндетті. Біздер де әуелі Арыстанбаб кесенесіне барып шам намазын оқып, әулиеге құран оқып, сол жерде Алла ризалығы үшін, сауабын Мешітбай атама бағыштап құрбан шалдық, құрбан етінен дәм татып, сол жерде қонып шықтық.

Ертесіне (21.07.2001) таң намазын оқып алып Түркістанға жүріп кеттік. Арыстанбабқа келер жолымызда аяулы анамыз Домалақ ана кесенесіне арнайы бұрылып құран оқыдық. Бұл кісінің шын аты – Нүрила. Нүрила анамыз Қарашаұлы Бәйдібек батырдың жамағаты. Бәйдібек даңқты батыр адам болған. Руы – үйсін, Ұлы жүз. Домалақ анадан Жарықшақ, Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат атты үш рулы ел тараған. Ана ұрпақтары өсіп-өніп Шымкент, Алматы, Талдықорған өңірлеріне таралған. Дулат Қостанай облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің руы, Өмірзақ Дулаттың Шымырынан тарайды.



Түркістан сапарында жолай Қожа Ах­мет Иасауидің қызы Гауһар ананың мазарына бұрылдық. Шырақшысына құран оқытып, ана аруағына тәжім еттік.

Мінеки, аңсаған Түркістанға да жеттік. Әзірет Сұлтан кесенесі анадайдан мен мұндалайды. Жаяулап барып кесенеге кіріп Тайқазанға садақа салып, Қожа Ахмет Иасауидің басына құран оқып, қазақтың небір марғасқалары мәңгілікке жай тапқан Ақсарайға кіріп, Мешітбай атамыздың, ондағы барлық әруақты бабалардың рухына тағзым етіп, құран оқып бағыштадық. Кесенені зиярат етіп болғасын «Әзірет Сұлтан» мұражайының директоры Рыскелдиев Темірханның қабылдауында болдық. Қырықтан асқан жігіт ағасы жылы жүзбен қабылдап сапарымыздың мәнісін сұрап, өз тарапынан жол болсын айтысқаннан кейін әңгімеге көштік. Меймандарды таныстырып өткесін Темірхан кесенесінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөйлеп, алдағы міндет-мұраттар жайлы әңгімелесті.

Ошақбай аға баба ұрпақтары атынан 50000 (елу мың) теңге қаржылай көмек жәрдемді Темірханға табыс етті. Біздердің ілтипаттарымызға, көрсеткен азды-көпті жәрдемімізге Темірхан ризалығын білдірді. Осы қаладағы Қожа Ахмет Иасауи атындағы қазақ-түрік университетінің жатақханасына барып жайғастық. Қаланың сәулет орындарын, базарын аралап, кешқұрым Гауһар ана басына барып екінді намазын оқып, құдығынан су алдық. 22 шілде, жексенбі күні Ғақаша атаның басына жол тарттық. Әулиенің зираты тау ішінде орналасқан жолы қиындау болса да, аман-сау жетіп шырақшысына құран оқытып, Ғақаша-Мұхаммед Пайғамбарымыздың сахабасы, белгілі дін таратушы ғұлама, ержүрек батыр адам болған. Ғақашаның зиратынан әудем жерде құдығы бар. Біздер сол құдыққа баспалдақ арқылы көтеріліп, шырақшымен жүздесіп, құран оқып, құдыққа шелек салуға ыңғайландық. Бәріміздің де жүрегімізде күдік бар, көңіліміз күпті, себебі Ғақаша әулие құдығы кез-келгенге су беруі неғайбыл. Себебі, бұл құдықтың бір ұшы қасиетті Меккедегі зәмзәм бұлағына ұласады. Аллаға сыйынып, ішіміздегі үлкеніміз Хамза қажы шелек салды. Хажының шелегінің түбінен су жылтырайды. Бәріміздің қуанышымызда шек жоқ, бөлісіп ішіп мәз болыстық, келесі кезек менікі, орта шелек деңгейінде су ілікті, көңіліміз жайланғандай. Сөйтіп Алла тілегімізді қабыл қылды ма, әлде Мешітбай атаның шарапаты ма, бәрімізді де құр тастамай су ілініп, бәріміз де қуанысып қалдық. Мұндай жағдайдың сирек болатындығын айтып шырақшы да аң-таң. Алланың бергеніне шүкіршілік қылып жүріп кеттік. Түркістанға келгесін баба басына барып, құран оқып, естелік үшін суретке түсіп, түс қайта сағат 17.50-де Түркістан-Астана поезына отырып, елді бетке алып жүріп кеттік. Шымкентте Өмірзақ күтіп алып, біздерді қауын-қарбызымен, риясыз көңілмен сәт-сапар тілеп жолға салды. Біз де осынау ақжарқын азаматқа ризашылығымызды білдіріп қош айтыстық.

Сәлім МЕҢДІБАЙ
Бекбаулы Өтейұлы
Алты Алаш жиналған,

Жан бабаның асына.

Қайран атам қойылған,

Ахмет Әулие қасына.

(«Бекбаулыны жоқтау»

жырынан).
Облыстық «Қостанай таңы» газеті 1999 жылғы 17 тамыздағы санында Әуликөл ауданы Шобанкөл ауылынан қарт ұстаз, көргені мен түйгені мол, жады мықты, зейіні зерек ағамыз Аңсаған Хұсайынұлының «Терең тамыр» атты мақаласын жариялады. Автор Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында өткен, ата-бабалардың осы Алакөл бойына қоныстанғанына 350 жыл толу тойына арналған мерекелік шараларға ризашылығын білдіре отырып, осы құт мекендегі ұрпақтың да арғы атасы Бекбаулы баба жөнінде тарихқа сүңгіген еді.

Бекбаулы Өтейұлы өз тұрғыластары арасында сыйлы, еліне қадірлі адам екен. Орта жүздің түменбасы батыры Шақшақпен бірге Бекбаулы да ел басына күн туғанда сол елінің қорғаны болыпты. Бекбаулы көшпелі елге егін егіп, диқаншылық құруды да үйретіп, осы іске өзі басшы болса керек. Кезінде Бекбаулы баба қалдырған шығыр, суармалы егісті халқымыз «ақтабан шұбырындыға» дейін пайдаланып келіпті. Бекбаулы Самарқанд, Бұхарадан арнайы білімді адамдарды алдырып, ұрпағын, ауыл балаларын білімге бастапты.

Данагөй бабамыз айтты деген бірер сөзі әлі ел аузында. Ол өзінен туған балаларға баға бере келіп былай деген екен: «Сатайым ақпан-қаңтардың үскірік желінде жүзін бір бұрмайды, түбі батырлық қонар, Шақа болса көпшілік жиналған жерге үйір, қашан көрсем топтың ортасында отырады, бұдан тарайтын ұрпағым да көп болар. Ал Жанбайдың аузынан шыққан әр сөзі қасындағы жұртты үйіріп алып кетеді, түбі бұған аруақ қонып, ырыс енер...»

Қазір зейіндеп қарасақ, баба болжамының шындыққа айналғанын көреміз.

Мақаланың басындағы «Бекбаулыны жоқтау» деген жырдан үзіндіні біз текке келтірген жоқпыз. Бекбаулы баба қаза жетіп, дүниеден өткен шақта ұрпақтары оны Түркістандағы Қожа Ахмет Әулие кесенесінің іргесіне жерлепті. Жыр да солай дейді. Бірақ осы уақытқа дейін басында белгі жоқ еді. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында да қасиетті орынға жерленген асылдар ішінен біз Бекбаулы Өтейұлының есімін кездестіре алмадық.

Бұл тарихқа қиянат, – деді бұл күндері сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Мағауия Жүнісұлы.

Баба есімін жаңғырту керек, – деді бизнес және басқару институтының ректоры Кәрбоз Жапаров.

Расында да, қасиетті Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында бұл өзінен өзі сұранып тұрған іс еді. Сөйтіп, бастамашыл топ құрылып, тарихи әділеттікті орнықтыруға кірісті. Алдымен мәселенің мән-жайын айтып, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа хат жолдады:

«Қазақстан Республикасы Мәдениет,

ақпарат және қоғамдық келісім министрі

А. Сәрсенбаевқа

Құрметті Алтынбек Сәрсенбайұлы!

Бүгіндер ЮНЕСКО-ның шешіміне орай қазақ халқының ежелгі астанасы, рухани орталығы – Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына дайындық жүріп жатыр. Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді. Ежелгі уақыттан бері сол кесене қасына әйгілі хан, би, батырлар жерленіп, бұл жер халқымыздың зиярат ететін қасиетті орнына айналды. Қостанай, Торғай өңірінен елімізге белгілі Шақшақ Жәнібек, Алдиярұлы Қарабалуан, Бабасұлы Мерген, Сүгірұлы Мешітбай, Өтейұлы Бекбаулы батырлар Түркістанға арнайы апарып қойылған. Бұл бабаларымыздың алғашқы төртеуін жұртшылық жақсы біледі.

Олардың аты-жөні де кесенеге жазылған. Ал Бекбаулы бабамыздың аты ұмытыла бастағандай. Шындығына келсек, Бекбаулы бабамыз да Шақшақ батырмен бірге ел қорғаны, оның ар-намысы мен айбыны болған.

Бекбаулы бабамыз қаза жетіп, дүниеден өткен шақта ұрпақтары ол кісіні Түркістандағы Қожа Ахмет Әулиенің кесенесінің іргесіне жерлепті. Бұған сол кезден келіп жеткен аңыз-әңгімелер, баба ұрпақтарының қолындағы шежіре деректері негіз бола алады. «Бекбаулыны жоқтау» деп аталатын жыр күні бүгінге дейін ел аузында айтылып та жүр.

Бекбаулының асы Қызылорда облысы жеріндегі өзі аттас темір жол бекетінің жанында өтіпті деген де дерек бар. Бұл бекет жайлы Қазақ кеңес энциклопедиясының 2-ші кітабында жазылған.

Құрметті Алтынбек Сәрсенбайұлы! Біз осы хатты жаза отырып, Бекбаулы Өтейұлы бабамыз ұмыт қалмай, Түркістанның 1500 жылдық тойы қарсаңында есімі кесе­неге жазылса деген ой айтамыз. Бұл тарихи әділеттік болар еді.

Осы хатпен бірге Бекбаулы бабамыз туралы облыстық «Қостанай таңы» газетінде жарияланған «Терең тамыр» атты мақаланы да қоса жолдап отырмыз. Одан даңқты баба туралы мәліметтер алуға болады.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет