Жел арқылы айқас тозаңдану немесе анемофилия. Жел арқылы тозаңданатын өсімдіктердің гүлдері реңсіз, майда хош иіссіз, олар шырын бөлмейді. Бұл өсімдіктердің гүл құрылымында мынадай морфологиялық бейімделушілік байқалады:
Жел арқылы тозаңданатын өсімдіктердің тозаңдары өте жеңіл, шамалы ауа толқыны арқылы алыс қашықтыққа (3- 5 км) таралады.
Тозаңдар тым көп мөлшерде пайда болады да, аналық ауызына аздап та болса түсу мүмкіндігін арттырады. Мысалы, жүгерінің бір данасында 50 000 000 тозаң дəндері бар.
Жел арқылы айқас тозаңданатын өсімдіктердің басым көпшілігінің гүлдері сырға гүл шоғырын түзеді. Сырға гүл шоғыры төмен қарай иіліп, желге теңселгенде тозаңы ұша бастайды. Сол сияқты кейбір өсімдіктерде, мысалы, қара бидай гүлінің тозаңқаптары ұзын тозаң жіпшелеріне ілініп тұрады да, жел соққанда қозғалып тозаңдарын шашады.
Бунақденелілер арқылы айқас тозаңдану немесе энтомофилия. Бунақденелілер гүлден шырын, тозаң жинап бір гүлдің тозаңын екінші гүл аналығының аузына тасымалдайды. Сөйтіп өсімдіктерді айқас тозаңдандырады. Кең тараған тозаңдандырушы бунақденелілер-бал аралары. Бунақденелілермен тозаңданатын өсімдіктердің бейімделу ерекшеліктері өте алуан түрлі:
Бунақденелілермен тозаңданатын өсімдік гүлдерінің гүл серіктері алыстан көрінетіндей ашық түстерге боялады, кейде күлтелері барқыт тəрізді болады.
Көптеген энтомофильді өсімдіктердің гүлінде шырын бөлетін ерекше
бездер бар. Ол шырындық гүлде дербес дене түрінде, кейде гүл бөліктерінде қосымша ретінде жетіледі. Шырын бөлетін ұлпа айлаулықтарда күлте түтікшелерінің негізінде, лала гүлділерде аталық жіпшелері мен жатын қабырғаларында, раушан гүлділердің гүл табанының айналасында, сол сияқты тегеурін гүлдердің күлте тегеуріндерінде жетіледі. Көптеген өсімдіктердің шырындықтарының пішіні құс тұмсығы тəрізді. Сүттігендердің шырындықтары құрылысында өзіндік ерекшелік бар. Олар гүл бөліктерінің сырт жағында көлемі едеуір, өзі аласа тостағанша тəрізді. Шырынға бай өсімдіктер балды өсімдіктер деп аталады.
Бунақденелілермен тозаңданатын өсімдік гүлдерінің тозаңқаптары ірі, тозаңдары жабысқақ бұл ерекшеліктер тозаңның бунақденелілер денесіне жабысуын жеңілдетеді.
Көптеген энтомофилді өсімдіктердің гүлдері хош иіс беретін эфир майларына бай. Гүл серіктері ашық алуан түсті болып келетін гүлдер бунақденелілерді жақын жерлерден еліктіретін болса, гүлдің хош иісі алысқа тарап, бунақденелілерді өзіне тартады.
Өсімдік түрлерінің өзіне тəн хош иісті болады, ол өсімдіктегі эфир майларының кұрамына байланысты өзгеріп отырады. Жағымды хош иісті- эфир майларының терпен тобы, жағымсыз иісті индол тобы береді. Жағымсыз иісті гүлдер шыбындар, қоңыздар, тағы басқа Бунақденелілер (ырғай, кирказон, долананың кейбір түрлері жəне т.б.) арқылы айқас тозаңданады. Тропикте өсетін паразитті өсімдік Раффлезияның диаметрі 0,5 м-ге дейін жететін ірі ашық қызыл түсті бір гүлі болады. Одан өлексенің иісі шығады, бұл тек шыбынмен тозаңданады.
Кейбір гүлдердің- Ммагнолия эфир майларының құрамында улы заттар болады. Сол сияқты нарғыз гүл, цинния жəне тағы басқа күрделі гүлділер иісі басты ауыртады. Кейбір өсімдік жұпар-темекі гүлдерінің хош иісі түнге қарай күшті сезіледі.
Табиғатта тозаңдандырушы бунақденелілер мен тозаңданушы өсімдіктер арасында өзара күрделі бейімдеушіліктер өте жиі кездеседі. Мысалы, інжірдің гүлі бластофага арасымен тозаңданады. Бластофаганың тіршілік кезеңі інжірдің гүлдеу кезеңімен тікелей байланысты.
Інжір ағашының екі түрін ажыратады. Жеміс беретін ағаштарды фигалар деп атайды. Бұларда ұзын мойынды аналық гүлдер жетіледі. Ағаштардың екінші түрінде аналық жəне аталық гүлдерінің екеуі де болады. Олар каприфигалар деп аталады. Каприфигалар-жеміс бермейді, олар фигаларды тозаңмен қамтамасыз етеді. Бластофага каприфигалардың гүл шоғырында көбейеді.
Каприфигалар гүл шоғырында аталық жəне қысқа мойынды аналық гүлдер болады. Фига гүл шоғырларында ұзын мойынды аналық гүлдері болады да, аталық гүлдері редукцияланады. Каприфигалар аталық гүл шоғырының, ал фигалар аналық гүл шоғырының қызметін атқарады. Інжір гүлдеген кезде бластофага аралары каприфигалар ішіне еніп, қысқа мойынды аналық гүлдердің жатынына жұмыртқаларын салады. Жұмыртқадан личинкалар шығады олардан қанатсыз еркек жəне қанатты ұрғашы бластофагалар
жетіледі. Ұрғашы бластофага ұрықтанғаннан кейін, еркектері өледі, ал ұрғашы ара каприфигалардан сыртқа шығарында аталық гүлдермен жанасып, өздерінің аяқтарына тозаңдар жабыстырып алады. Бұлар ұшып шығып, басқа каприфагалардың гүл шоғырларының қысқа мойынды гүлдерінің жатынына жұмыртқаларын салады, одан ары араның жоғарыдағы дамуы қайталанады. Осы мерзімге фигалар гүл шоғырындағы ұзын мойынды гүлдер жетіледі. Үстілеріне тозаң жабысқан аралар ұшып келіп фигалар гүл шоғырына енеді де, гүл мойнының ұлпасына жұмыртқаларын салады жəне гүлдерді тозаңдандырады. Гүл мойнынан жұмыртқалар жатынға жете алмай, сол жерде өледі. Тозаңданып, одан кейін ұрықтанған фига гүл шоғырының өсіп- өнуін көп тұқымды етті шырынды салқын жеміс жетіледі. Каприфигаларда дерлік тұқым пайда болмайды. Сөйтіп араның даму кезеңі жəне інжір гүл шоғырының əр түрлі пішіндерінің гүлдеу ырғағы сəйкес келеді.
Орхидейлердің кейбір түрлерінде гүлдерінің тозаңдандырушы бунақденелілерге ұқсайтындығы байқалады (1-сурет).
1-сурет. Бунақденелілерге ұқсас офрис гүлі, ТЕ-төменгі ерін
Мысалы офрис орхидеясы гүлінің ашық түсті еріні, денесіндегі жолақтары мен дақтары, гүл серіктеріндегі тағы да басқа өзгерістері, сыртқы көрінісі оны бунақденелілерге (ара, шыбын) өте ұқсас етеді. Офристің гүлдеу мерзімі оны тозаңдандырушы аталық бунақденелілердің ұрғашысын іздеп ұшып жүруімен сəйкес келеді. Ұрғашы бунақденелілер саны көбейген кезде, олардың аталықтары орхидеяларға ұшып келуін азайтады. Жабық тұқымды өсімдіктердің гүлдері жануарлар дүниесіндегі бунақденелілер арқылы ғана емес, омыртқалылар арқылы, əсіресе құстар, жарқанаттар арқылы тозаңданады.
Құстар арқылы тозаңдануды орнитофилия деп атайды. Бұл, əсіресе тропик аймағының өсімдіктеріне тəн. Мысалы, Америка тропикасында кольриби, Австралияда бал сорғыш құстары өсімдіктерді айқас
тозаңдандырады. Орнитофильді өсімдіктердің гүлі ашық түсті, құрылымы мықты, серпімді жəне шырынды болып келеді.
Су арқылы айқас тозаңдану немесе гидрофилия. Су арқылы суда өсетін өсімдіктердің гүлі тозаңданады, мұнда өсімдіктердің көбісінің гүлі суға толығынан батырылып тұрады (мүйіз жапырақ, теңіз шөбі) ал кейбіреулерінің гүлдері су бетінде орналасады (элодея, су жұлдызы, ширатылған су таспа). Ерекшеліктері: гүлдері суға батырылып тұратын өсімдіктер гүлінің тозаңқаптарының эндотецииі өзгерген немесе мүлдем жоқ.
Тозаңдарында оны кеуіп кетуден сақтайтын экзина қабықшасы болмайды. Тозаңқаптары көбіне жіп тəрізді, құрт тəрізді болады, ол тозаңдануды жеңілдетеді.
Көптеген су өсімдіктерінің тозаңдануы суға байланыссыз жүреді. Мысалы, шыландарда масақ тəрізді гүл шоғырлары су бетінен жоғары көтеріліп тұрады да, жел арқылы тозаңданады.
Дихогамия. Өсімдіктердің айқас тозаңдануына олардың кейбіреулерінің гүл құрылысындағы ерекшеліктер себеп болады. Соның бірі-дихогамия, ол өте кең тараған.
Мұнда гүлдердің тозаңқабы мен аналық аузы бір мезгілде пісіп жетілмейді. Гүлдің аталық тозаңдары бұрын пісіп шыққанымен, аналық аузы кешігіп жетілетіндіктен оны қабылдай алмайды, мұны протерандрия дейді.
Ал, керісінше гүл ішіндегі аналық аузы бұрын жетіліп, аталық тозаңының жетілуі кешіксе, оны протерогиния деп атайды. Протерандия қалампырлар, қазтамақтар, құлқайырлар, күрделі гүлділер жəне көптеген лала гүлділер де жиі кездеседі, ал протерогиния көптеген айқыш гүлділер, раушан гүлділер жəне қияқөлеңдерге тəн.
Гетеростилия. Кейбір өсімдіктердің бір даналарында ұзын мойынды гүлдер, екіншісінде қысқа мойынды гүлдер жетіледі. Сол сияқты тозаңқаптары да бірінде төмен, екіншісінде жоғары, ал үшіншісінде аналық аузы деңгейінде орналасуы мүмкін. Бұл құбылыс гетеростилия немесе əр түрлі мойындылық деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |