Істі соттың талқысына тағайындау. Іс толығымен дайын деп танылған соң судья сот мәжілісінде істі қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады. Істі сотта қарауға тағайындау туралы ұйғарымда сот мәжілісі өтетін уақыты, орны, сотқа іске қатысушылардың келуін қамтамасыз ету бойынша шаралар көрсетіледі. Судья істі сотта қарауға дейін, егер істі қарау кейінге қалдырылған жағдайда – жаңа сот мәжілісінің басталуына дейін әзірлеу әрекеттерін жүзеге асыруға құқылы. Іс бойынша қабылданған шешімнің күшін апелляциялық және қадағалау тәртібінде жойып қайтадан қарауға жіберілген жағдайда әзірлеу жаңартылуы мүмкін.
Белгіленген үлгідегі сот хабарландырулары арқылы іске қатысушы адамдар мен өкілдерге істі қарау орны мен уақыты туралы хабарлайды. Осындай әрекеттер арқылы куәлар, срарпшылар, аудармашылар сотқа шақырылады. Сотта іс қарау белгіленген азаматтық істер санаттары үшін заңмен белгіленген мерзімін ескере отырып, іске қатысушыларға істі сотта қарау уақытын және соттың жұмыс істеу кестесі туралы судья хабарлайды.
Хабарландырулар мен шақырулар хабарландырылған немесе шақырылған тұлғаның сотқа уақтылы келуі және іске әзірленуі үшін жеткілікті мерзімі болуы есептеле отырып жолдануға тиіс. Хабарландыру немесе шақыру хабарландырылған немесе шақырылған адамға тарап немесе іске қатысатын басқа да адам көрсеткен мекен-жай бойынша жолданады. Егер сотқа хабарланған мекен –жайда азамат іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орнына жолдануы мүмкін. Қажет болған жағдайда іске қатысушы тұлғалар, өкілдер, куәлар, сарапшылар, аудармашылар телефонаграмма арқылы хабарландырылуы немесе шақырылуы мүмкін (ҚР АІЖК 129-бап). Шақыру қағазымен бірге судья жауапкерге талап арыздың көшірмесі мен арызға қоса берілген құжатттардың көшірмесін жібереді. Шақыру қағазы пошта немесе курьер арқылы жіберіледі. Сот хабарламалары немесе шақырулар туралы ҚР АІЖК-де көзделген тәртіпті орындамау заңды өрескел бұзу болып табылады. Азаматтық істерді соттың уақытылы және заңдылықпен қарастыруы көбінесе осы тәртіпті сақтауға байланысты болады.
Осыған қатысты көптеген азаматтық істер бойынша келісілген шешімдер шшығару бойынша ағылшын сотының тәжірибесі қызығушылық тудырады. Бұл жағдайда іс жүргізу тәртібі қарапайымдандырылған және былай жүзеге асырылады: құқық туралы дауды жою шарттарын көрсете отырып тараптардың өздері шешім жобасын өзара ерікті түрде бірігіп жасайды да, оны сотқа береді; одан кейін ерекше жағдайларды (тараптардың бірінің әрекетке қабілетсіздігі, кәмілетке толмаған баланың мүддесін қамтамасыз ету және т.б.) қоспағанда, істі сотта қараусыз өзара келісілген шешімді тіркеу жүзеге асырылады. Сот осы істер бойынша белгіленген мөлшерде өзара келісілген шешім шарттарының заңдылығын тексереді.
Кейбір азаматтық талап қою санаттары бойынша соттың тарапынан ешбір бақылаусыз өзара келісілген шешімді шығаруға жол беріледі. Бірақ, бұл жағдайда келесі үш шарт сақталуы қажет: тараптар әрекетке қабілетті болуы керек; олардың мүддесін адвокат білдіруі керек; өзара келісілген шешім олардың адвокаттарының қол қоюымен куәландырылуы қажет (құқықтық дау бойынша өзара келісімге келу мәтіні). Өзара келісілген шешім сот кеңсесіне жіберіледі, олар еш тексеріссіз реестрге тіркеледі, одан кейін мәжбүрлі орындалуға тиісті сот актісі болып есептеледі.
Бірінші сатыдағы сотта ағылшын сот өндірісіне азаматтық-құқықтық дауларды реттеудің басқа да бейбіт нысандары тән, олар сот практикасында кең таралған. Құқық туралы дауды тараптар арасында өзара рһортақ келісімге келе отырып шешуге қатысты ағылшын сот өндірісі ресей ғылыми әдебиеттерінде жан-жақты көрініс тапқан. Монографиялық зерттеулерде ағылшын азаматтық сот өндірісінің оң және теріс жақтары көрсетілген.
Азаматтық істерді тараптар үшін тиімді болып келетін жағдайларды қарастыра отырып шешу – бұл көптеген еуропа мемлекеттеріне тән азаматтық сот өндірісіндегі кең тараған процессуалдық құбылыс болып табылатыны туралы атап өткен жөн. Бұның бастамасы бұрын Рим империясы кезеңінен басталады. Легисакциондық іс жүргізудің бір түрінің ережелеріне сәйкес - бәстесу арқылы дауласу – магистратқа тараптарды өзара келістіріп табыстыру міндеті жүкғтелді. Егер магистрат тараптарды өзара келісімге көндіре алмаса, іс жүргізу әрі қарай жалғасты. Мысал ретінде, Францияны атауға болады, оның іс жүргізу заңдарында судьяның тараптарға дауды бейбіт келісіммен шешуіне көмектесу міндеті қарастырылды.
Америка және ағылшын азаматтық іс жүргізуіндегі әзірлеу бөлімінің басты процедуралары бойынша сайысушылық құжаттармен алмасу, дәлелдемелерді ашу және судьяның тараптармен, олардың адвокаттарымен кеңесуі қазақстандық азаматтық сот жүргізуді жетілдіру мақсатында сөзсіз қызығушылық туындатады.